Мақалада 2018 ж. ШЫҰ-ның Үндістан мен Пəкістанның есесіне кеңеюінен кейінгі Ұйымның дамуының жаңа тенденциялары қарастырылған. ШЫҰ-ның кеңеюі оның саяси-экономикалық үлесінің айтарлықтай өскенін көрсетеді. Авторлар қазіргі кезеңдегі ауған шиеленісуін реттеудегі «ШЫҰ-Ауғанстан» Байланыс тобының қызметіне талдау жасаған. Егер, бұрын Ауғанстан орта- азиялық қауіпсіздіктің сыртқы факторы ретінде қарастырылса, ендігі кезекте Ауғанстандағы жағдайды реттеу ШЫҰ-ның болашақтағы жұмысы үшін өте өзекті болып табылады. Мақалада Орталық Азияның аймақтық қауіпсіздік мəселелері өзінің өзектілігін жоғалтпағандығы көрсетілген. Мақала авторлары қазіргі кезеңдегі ауған мəселесін реттеу бойынша «ШЫҰ-Ауғанстан» Байланыс тобы мен мəскеулік жəне ташкенттік келіссөздер форматтарының қызметтеріне салыстырмалы талдау жасаған. Авторлар 2020 ж. 29 ақпанындағы АҚШ пен «Талибан» арасындағы Ауғанстан территори- сынан американдық əскерлерді шығарудың мерзімі жөніндегі келісімшартқа қол қойған АҚШ белсенділігіне байланысты ШЫҰ-ның ауған мəселесін реттеудегі мүмкіндіктері шектеулі деген қорытынды жасайды. Дегенмен, бірқатар себептердің арқасында АҚШ пен талибтар келісімшарт ережелерін орындамау себептеріне байланысты ауғанаралық диалогтың басталуында тежеулер байқалды. Бұл өз кезегінде болашақта Ауғанстанды ШЫҰ-мен ынтымақтастықты нығайтуға итермелейді.
Кіріспе
Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) 18 жылдың ішінде өзінің қызметі барысында аймақтағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосып, достық қатынастардың нығаюына ықпал етіп, халықаралық аренада маңызды жəне айтарлықтай ықпалы бар ұйым ретінде орнықты.
Осымен қатар, 2017 ж. 9 маусымында Астанада өткен ШЫҰ-ның Саммитінде Ұйымға Үндістан мен Пəкістанның толық құқылы мүше мəртебесін алуы ШЫҰ үшін жаңа мүмкіндіктер ашып берді жəне оның беделі арта түсті. Үндістан мен Пəкістанның ШЫҰ-на қабылдануы Ұйымның халықаралық беделінің жоғарлауында қосымша маңызды рөл атқарды. Сондықтан, қазіргі уақытта ШЫҰ-мен ынтымақтастықты дамытуға көптеген мемлекеттер қызығушылық танытып отыр.
Үндістан мен Пəкістанның тұрақты мүшесіне айналуының нəтижесінде жəне Ұйым құрамының кеңеюінің арқасында ШЫҰ тарихының жаңа кезеңі басталды. ШЫҰ-ның кеңеюі жəне 2009 ж. өзінің қызметін тоқтатып тастаған «ШЫҰ-Ауғанстан» Байланыс тобы қызметінің 2017 ж. қайта іске қосылуы ШЫҰ-ғы күштердің жаңадан жайғасуын жəне Ұйымның тиімділігі мен міндеттерінің өлшемдерін қарастыруға мүмкіндік тудырады.
Осылайша, біріншіден, ШЫҰ-ның құрамының кеңеюінің арқасында, екіншіден, «ШЫҰ- Ауғанстан» Байланыс тобы қызметінің қайта іске қосылуы жəне аймақта бөлінбейтін, берік, жалпыға ортақ қауіпсіздік архитектурасын құру бірінші орында екендігі атап көрсетілген. ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі Стратегиясының қабылдануына байланысты Шанхай ынтымақтастық ұйымының жаңа перспективалары айқындалды.
ШЫҰ-ның негізгі мақсаттарының бірі — Орталық Азия мемлекеттерінің ұлттық жəне аймақтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болғандықтан Ұйымның қауіпсіздік саясаты ауған мəселесін реттеуден бөлінбейді. ХХІ ғ. алғашқы он жылдығынан бастап Орталық Азия аймағындағы тұрақтылықтың қамтамасыз етілуі Ауғанстандағы əскери-саяси шиеленіспен тікелей байланысты.
Корреспондент автор. E-mail: serstam@mail.ru (С.Б. Стамбулов)
Қазіргі уақытта Ауғанстандағы жағдай күннен-күнге қиындай түсуде: мемлекетте параллелді екі «президенттің» Ашраф Гани мен Абдулла Абдулланың билігі орнатылды, 2020 ж. 29 ақпанда АҚШ пен «Талибан» арасындағы қол қойылған бейбіт келісімшарт ережелері Кабул тарабынан орындалмай жатыр, коронавирус індетіне шалдыққандар саны өсуде.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы Ауғанстанның болашақтағы əлеуметтік-экономикалық дамуына жəне ондағы жағдайларды реттеуге ықпал етуге мүмкіндігі бар ұйымдардың бірі болып саналады. Мұның дəлелі ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің (Қытай, Ресей) саяси жəне əлеуметтік қуаты, ұйымға мүше мемлекеттердің географиялық жағынан Ауғанстанға жақын орналасуы, Ауғанстандағы жағдайдың реттелуіне деген қызығушылықтың болуы жəне ШЫҰ-ның жаһандық мəселелерді, осымен қатар Ауғанстан ошағы саналатын терроризм мəселелерін шешуге қабілеті бар ұйым ретіндегі ұстанымдары бола алады.
Осындай аталған жағдайларды ескере отырып, қазіргі кезеңдегі Шанхай ынтымақтастық ұйымының дамуының жаңа кезеңін жəне ондағы Ауғанстан мəселесінің алатын орнын зерттеудің маңызы зор.
Зерттеу əдістері
Мақалада көтерілген мəселені зерттеу барысында объективтілік, тарихи ұстанымның жалпы ғылыми принциптері басшылыққа алынды. Бұл қазіргі кезеңдегі саяси, əлеуметтік жəне экономикалық үрдістердің ШЫҰ саясатына ықпал етуін қарастыруға, ұйымның дамуының заңдылықтарын жəне оның қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған тəсілдерінің эволюциясын ашып көрсетуге мүмкіндік берді.
ШЫҰ-ның халықаралық қатынастардағы алып отырған орнын, қауіпсіздік саясатының бағыттарын көрсетуде объективтілік принципі қолданылды. Бұл принцип мақаланың тақырыбына байланысты деректерді жəне тарихи құбылыстарды барлық қайшылықтарымен, күрделіліктерімен, сан қырлылықтарымен қоса жан-жақты зерттеуге негіз болды. ШЫҰ-ның қауіпсіздік саясатын, Ұйымның маңызды құжаттарын саралауда контент-анализ əдісі қолданылды.
Пікір-талас
Өзімізге белгілі, 2001 ж. 15 шілдеде Шанхайда «Шанхай үрдісінің» мемлекет басшылары жəне оған қосылған Өзбекстан, ШЫҰ құру жөніндегі Декларацияға қол қойды Аталған ШЫҰ құру жөніндегі Декларацияда «Ұйымға мүше мемлекеттер арасында саяси, сауда-экономикалық, мəдени, білім, энергетика, транспорт, экология салалары бойынша тиімді ынтымақтастықты дамытуды» мақсат еткен. Біздің ойымызша, бұл «Шанхай үрдісінің» халықаралық мəртебесінің жоғарлауын жəне алты мемлекеттің арасындағы аймақтық ынтымақтастықты дамытудың қазіргі заманғы жаңа жəне берік алаңының қалыптасуының басталуын көрсетіп берді [1].
2001 жылы 14 қыркүйектегі ШЫҰ мемлекеттерінің бірінші Саммитінде мемлекеттер «ШЫҰ шеңберіндегі экономикалық ынтымақтастықты дамытуды, аймақ мемлекеттерінің экономикалық қуатын арттыруды, əлемдік саяси жəне экономикалық құрылымындағы аймақ мəртебесін арттыруды» мəлімдеген болатын. Сонымен бірге осы кезеңде ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің премьер– министрлері аймақтық экономикалық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен сауда жəне инвестиция салаларындағы қолайлы жағдайды құру үрдісін іске қосу жөніндегі Меморандумға [2; 224] қол қойды. Бұл құжат арқылы ұйымға мүше мемлекеттердің арасында өзара сауданы дамытудың іс–шаралары анықталып, алты мемлекеттің экономикасының жақындауын, транспорттық коридорды дамыту, кедендік кедергілерді жеңілдетудің қажеттіліктерін анықтадық.
Ал, 2002 ж. 7 шілдеде ШЫҰ-ның негізгі құжаты — ШЫҰ Хартиясы қабылданды. Бұл құжат алты мемлекеттің ынтымақтастық мақсатын, міндеттері мен принциптерін анықтап, Ұйымның қабылданған Декларациясын нақтылап əрі дамытып, 26 бөлімді құрады [3].
Ал, қазіргі уақытта құрамына Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Қазақстан Республикасы, Тəжікстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Үндістан, Пəкістан кіретін жəне бақылаушы мемлекеттері, Моңғолия, Иран мемлекеттері болып саналатын ШЫҰ Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісі, осымен бірге көпжақты дипломатияның белсенді жəне динамикалық түрде дамып жатқан көрінісін білдіреді.
ШЫҰ өзінің құрылуынан кейін бірден «зұлымдықтың үш түрімен» — терроризм, діни экстремизм, сепаратизммен күресетінін жария етті. 2004 ж. Ташкентте өткен ШЫҰ Саммитінде ШЫҰ-ның Аймақтық антитеррористік құрылымы (ААТҚ) құрылды жəне Ұйымға мүше-мемлекеттер күнделікті түрде бірлескен антитеррористік жаттығулар өткізіп келеді. Осылардың барлығы Ауғанстанмен шекаралас зоналарды қорғаудың жəне аймақ мемлекеттерінің құқық қорғау органдары арасында ақпаратпен алмасу жəне байланыс орнату қажеттілігінен туындаған болатын.
ШЫҰ өзінің құрылуының алғашқы кезеңінен бастап өзінің мүше-мемлекеттері үшін қауіп-қатер төндіретін Ауғанстандағы тұрақсыздық жағдайының дамуына ерекше мəн беріп келеді. Сондықтан, Ауғанстаннан шығатын террористік жəне наркотрафик қауіп-қатері жағдайында ШЫҰ-ның ауғандық реттеулерге деген ұмтылысы өседі. Осымен бірге, 2004 ж. ШЫҰ-ның Ташкентте өткен саммитінде құруға шешім қабылданған ШЫҰ-Ауғанстан Байланыс тобы механизмінің маңызы бар.
2005 ж. 4 қарашасында Пекинде өзара қызығушылық танытатын мəселелер бойынша ынтымақ- тастықтың ұсыныстарын өңдеуді мақсат ететін ШЫҰ-Ауғанстан Байланыс тобын құру жөніндегі Хаттамаға қол қойылған. Бастапқыда Байланыс тобының қызметін ШЫҰ Хатшылығы немесе Пекиндегі Ауғанстан елшілігінің базасында жүргізу жопарланған болатын. Топтың құрамы ШЫҰ мүшелерінің тұрақты өкілдерінен, ШЫҰ Хатшылығы қызметкерлері мен ҚХР-ғы Ауғанстан елшілігінің аға дипломаттарынан құралды.
2006 ж. 15 мамырында ШЫҰ мүше мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері Кеңесінің шешіміне сəйкес Байланыс тобындағы өкілдердің жұмыс регламенті бекітілді. Онда ШЫҰ өкілдерінің отырысында бір ұстанымға келу, ал егер бір мемлекеттің тарабынан белгілі бір ұстаным бойынша келіспеушілік туындаса бұл келісілмеген деп есептеліп, Байланыс тобының отырысына шығарылмайтындығы туралы мəлімделген болатын. Мұндай жағдайлар ауған мəселесін шешудегі ШЫҰ-ның мүмкіндіктеріне тежеу қойды.
Негізінен, Байланыс тобы құрылғаннан кейін барлығы үш отырыс өткен болатын: 1) 2006 ж. ақпанда Байланыс тобы қызметінің рəсімделуіне қатысты мəселелер талқыланды жəне өзара қызығушылық танытатын мəселелер анықталды; 2) 2007 ж. ақпанында ауған тарабы Ауғанстан экономикасын қалпына келтіру үшін ШЫҰ-ның əрекетіне жəне ШЫҰ мүше-мемлекеттерінің көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастығы Бағдарламасына қызығушылық танытты; 3) 2008 ж. қазанында Ауғанстан тарабы мемлекеттің ішкі жағдайы жəне ішкі мемлекеттік құрылысы, 2009 ж. президенттік сайлау жөнінде ақпарат берді, осымен бірге, ШЫҰ-мен экономика саласы бойынша ынтымақтастықтың мəселелерін, ШЫҰ мүше мемлекеттерінің нарығына Ауғанстан тауарларының жеткізілімі мен кеден саласындағы мəселелерді талқылаған болатын. Осы отырыста, Ауғанстан Байланыс тобындағы өзінің өкілдігін экономика мəселесі бойынша Сыртқы істер министрлігі департаментінің директоры деңгейіне дейін көтеретіні туралы мəлімдеді. Бірақ, бұл ұсыныс ШЫҰ шеңберіндегі ауған мəселесін реттеу бойынша көзқарастардың əртүрлі болуына байланысты консенсусқа ие болған жоқ. Яғни, ШЫҰ мүше-мемлекеттері экономикаға қарағанда қауіпсіздік саласы бойынша ынтымақтастықты қажет деп санаса, Ауғанстан тек қана экономикалық көмек алуға ұмтылды. Соңынан, ШЫҰ-Ауғанстан Байланыс тобының қызметін қарастырған ШЫҰ-ның тұрақты өкілдерінің бірнеше отырыстары өтті, дегенмен, бұл отырыстарда ауған мəселесі бойынша консенсусқа қол жеткізілген жоқ. Мұнан басқа, Өзбекстан Ауғанстанмен екі жақты ынтымақтастықты құруға бағыт алып, ШЫҰ-Ауғанстан Байланыс тобының жұмысына қатысудан бас тартты. Осындай себептерге байланысты 2009 ж. бастап ШЫҰ-Ауғанстан Байланыс тобы өзінің қызметін тоқтатқан болатын. Бұл жағдай, Байланыс тобының қызметі 2012 ж. жəне Ауғанстанның ШЫҰ-ның бақылаушы мəртебесін жəне 2015 ж. ШЫҰ-на тұрақты мүше болу туралы өтінішін бергеннен соң да өзгеріске ұшыраған жоқ.
2009 ж. бастап ШЫҰ-Ауғанстан Байланыс тобының қызметі фактілі түрде тоқтағаннан кейін, ШЫҰ мүше-мемлекеттері мен Ауғанстан ауған мəселесін басқа мемлекеттермен бірге уақытша колиция шеңберінде қарастыруға ұмтылды. Мысалы, 2016 ж. Ауғанстан, Пəкістан, Қытай жəне АҚШ-тың қатысуымен жəне «Талибан» қозғалысымен ұзақ мерзімді шиеленісті аяқтау бойынша Жол картасын өңдеу мақсатында төрт жақты координациялау тобы құрылды. 2016 ж. 11 қаңтарда Исламабадта өткен аталған топтың бірінші отырысында Ауғанстан үкіметі мен талибтардың кейбір жетекшілері арасында тікелей келіссөздердің басталуы жөнінде мəлімденген болатын. Бірақ, мұндай келіссөздерді «Талибан» қозғалысы жоққа шығарған болатын. Осы жылдың 19 қаңтарында аталған төрт жақты топтың Кабулда кезекті отырысы өтті. Ал, 2017 ж. қазанда Оманда өткен үшінші отырыста аталған формат деңгейінің төмен екендігі атап көрсетілді жəне төрт жақты топ шеңберіндегі бейбіт келіссөздер үрдісі тоқтап қалған болатын.
Соңынан, Ресей ауған мəселесін реттеу бойынша өзіндік алаңды өңдей бастады. Ресей, Ауғанстан, Қытай, Пəкістан, Иран жəне Үндістан өкілдерінің қатысуымен алты жақты келіссөздің нəтижесінде кеңестің мəскеулік форматын құру жөнінде шешім қабылданды. 2017 ж. 14 сəуірдегі аталған форматтың бірінші отырысы өтті жəне оған 11 мемлекеттің (Ресей, Ауғанстан, Қытай, Пəкістан, Иран, Үндістан, Қазақстан, Тəжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан жəне Түркменстан) сыртқы істер министрлері мен арнайы өкілдері қатысты. Мəскеу форматының бірінші отырысынан кейін Ресей мен Ауғанстан арасындағы қатынастардың салқындалуы байқалып, ауғандар тарабынан туындаған наразылық Ауғанстанға қосарлас төрағалық беру арқылы жеңілдетілді. Дегенмен, бұл əртүрлі техникалық сипаттағы мəселелердің туындауына байланысты ауған шиеленісін реттеуге ықпал еткен жоқ [4].
Осылайша, Мəскеу форматының бірінші отырысынан екі ай өткен соң сыртқы мемлекеттердің қатысуымен Ауғанстан бейбіт келіссөздердің өзіндік форматын іске қосты жəне 2017 ж. 6 маусымында Кабулда келіссөздердің ауғанстандық форматының алғашқы отырысы өтті. Біздің ойымызша, халықаралық кеңестердің параллелді форматтарын іске қосу олардың маңыздылығына кері əсерін тигізді.
- ж. қазанындағы Мəскеуде өткен ШЫҰ мүше-мемлекеттері жетекшілерінің кездесуі барысында Сыртқы істер министрлерінің деңгейінде жəне ШЫҰ-ның Үндістан мен Пəкістанның есесіне кеңеюі көлемінде «ШЫҰ-Ауғанстан» Байланыс тобының қызметі қайта іске қосылды. Осы кездесудің барысында есірткі заттарының заңсыз айналымға енуі, Сириядан Ауғанстанға өтетін боевиктар ағымы жəне Ауғанстанның экономикасын қалпына келтіру үшін көмек көрсету мəселелері қарастырылды. Осымен бірге, ШЫҰ-Ауғанстан Байланыс тобы Ауғанстан байынша жұмыс жасайтын басқа келіссөз алаңдарын қайталамайтындығы жəне Байланыс тобының қызметіне Иран мен Түрікменстанды тарту мəселелері талқыға салынды.
- ж. 9 қарашасында Ауғанстан мəселесі бойынша келіссөздердің мəскеулік форматының екінші отырысы өтті. Бұл келіссөз үрдісіне Ресей, Ауғанстан, Қытай, Пəкістан, Иран, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Тəжікстан, Өзбекстан жəне АҚШ мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері мен арнайы өкілдері, осымен қатар, алғаш рет халықаралық деңгейдегі кездесуге Шер Мұхаммед Аббас бастаған Дохадағы «Талибан» қозғалысының Саяси офисінің делегациялары қатысты. Мəскеу форматының екінші отырысының маңызды нəтижелерінің бірі — талибтардың ауғанстанның саяси партияларымен тікелей келіссөздер жүргізуге дайын екендігін мəлімдеуі болды. Толықтай алғанда, Мəскеу форматының екінші отырысы Ауғанстан бойынша бейбіт келіссөздер бойынша күштердің орналасуына айтарлықтай ықпал етті. Осы келіссөзден соң, ауған мəселесі бойынша аймақтың консолидациясы күшейген кезде АҚШ өз əрекеттерін Ресеймен біріктіретіндігін мəлімдеді жəне Ауғанстандағы ымыраға келу мəселесі бойынша АҚШ Мемлекеттік департаментінің арнайы өкілі Залмай Халилзад бірнеше рет Мəскеуге іс-сапармен келген болатын [4].
2018 ж. 28 қаңтарында кабулдық үрдіс шеңберіндегі екінші кездесу өтті жəне бұл кездесуде қарулы оппозициямен татуласу үрдісін регламенттейтін бағдарлама ұсынылды. Бағдарламада Ауғанстан үкіметі зорлық-зомбылықты тоқтатқан жəне Кабулмен бейбіт келісімге қол қойған жағдайда «Талибан» қозғалысын саяси күш ретінде мойындайтыны, тұтқынға түскен талибтерді босату жəне радикалық топқа қарсы бағытталған санкциядан бас тарту мəселелері қамтылған. Бұл құжатта бейбіт келісімге талибтардың адам құқығын сақтайтындығы, Ауғанстан конституциясын, құқық қорғау органдары мен азаматтық мекемелердің құзыретін мойындайтыны жөнінде бөлімдердің енгізілуі мəлімденген.
ж. сəуірінде Бішкекте ШЫҰ-Ауғанстан Байланыс тобының кезекті екінші отырысы өтті жəне бұл отырыстың шеңберінде Ауғанстандағы əскери-саяси жағдайдың дамуы мəселелері, оның аймақтық қауіпсіздікке ықпалы жəне ШЫҰ мүше-мемлекеттерінің қауіпсіздікті қамтамасыз ету, осымен қатар аймақтық ынтымақтастықты кеңейту мəселелері қарастырылды.
2019 ж. маусымында Бішкекте өткен ШЫҰ Саммитінде «ШЫҰ-Ауғанстан» Байланыс тобының болашақтағы іс-əрекеттері мен қызметі жөніндегі Жол картасы бекітілді. Дегенмен, біздің ойымызша, бекітілген Жол картасының болашақтағы жүзеге асырылуы (Ауғанстаннан АҚШ əскерлерінің шығарылуына дейін) жəне Ауғанстанның ШЫҰ-на мүше-мемлекеттермен ынтымақтастығы түсініксіз. Ауғанстаннан АҚШ əскерлері мен оның одақтастары шығарылғаннан кейін ғана Ауғанстан ШЫҰ алдындағы өзінің міндеттерін орындауы, соның ішінде өз тарабынан Ұйымға мүше- мемлекеттерге деген қастыққа жол бермеуі қажет. Сонымен бірге, біріншіден, ШЫҰ мүше- мемлекеттері аймақтық қауіпсіздік шеңберіндегі интеграциялық бірлестіктің (ШЫҰ-ның) əскери одаққа айналуына қарсы екендігін, екіншіден, ШЫҰ өзінің мүше-мемлекеттері арасындағы өзара шиеленістерге араласпайтындығын, Ұйымның тек қана шиеленісті шешуге қолайлы жағдай тудыратындығын, үшіншіден, Ресей, Үндістан жəне Қытайдың есесіне ШЫҰ-ның жаңа ядросының қалыптасу үрдісінің аяқталмағандығын ескеруіміз қажет.
Қорытынды
ШЫҰ-ның Ауғанстандағы шиеленісті реттеудегі мүмкіндіктері уақытша шектеулі деген тұжырым шығаруға болады. Біздің пікірімізше, қазіргі уақытта Ауғанстандағы шиеленісті реттеу үрдісінде «Талибан» қозғалысымен бейбіт келісімшартқа қол қойған АҚШ айтарлықтай белсенділік танытып отыр. Дегенмен, бірқатар себептерге байланысты Д. Трамп пен талибтар келісімшарт ережелерін орындап отырған жоқ жəне бұл екі тараптың арасындағы диалогтың іске қосылуына кері əсерін тигізіп отыр. Осы себептен, болашақта Ауғанстан ШЫҰ-мен өзінің ынтымақтастығын нығайтуы мүмкін.
2019 ж. АҚШ, Ресей, Қытай жəне Пəкістанның қатысуымен Ауғанстан бойынша келіссөздердің жаңа «3+1» форматы құрыла бастады. Бұл формат басқа мəселелерді шешуге бағытталғандықтан ауған мəселесі бойынша аймақтың бірігуіне ықпал етуі екіталай. Сондықтан, ШЫҰ-мүше мемлекеттерінің көпшілігін құрайтын мəскеулік, ташкенттік форматтары, осымен қатар ШЫҰ- Ауғанстан Байланыс тобы ауған мəселесін реттеу бойынша қызығушылық танытатын мемлекеттердің ұстанымдарын жақындастыруға қабілеті бар деген қорытынды шығаруға болады. Сонымен бірге, ШЫҰ-ның Ауғанстандағы ықпалын бекіту мен кеңейтудің тиімді құралдарының бірі — сауда- экономикалық ынтымақтастықты дамыту жəне ауған бағыты бойынша қалпына келтіру жобаларына қатысу болып саналады. Сондықтан, ШЫҰ-ның күш-жігері ауған мəселесін кешенді жəне тұтастай қамтылған түрінде шешуге бағытталуы тиіс.
Əдебиеттер тізімі
- Декларация о создании Шанхайской организации сотрудничества [Электронный ресурс]. — Режим доступа: http://rus.sectsco.org/documents/.
- Шанхайская организация сотрудничества — десять лет по пути безопасности и сотрудничества // Основные документы: сб. док. ШОС. — Астана, 2011. — 610 с.
- Хартия Шанхайской организации сотрудничества [Электронный ресурс]. — Режим доступа: http://rus.sectsco.org/documents/.
- Евсеев В.В. О роли ШОС в урегулировании афганского кризиса на фоне договоренностей администрации Трампа с движением «Талибан» [Электронный ресурс] / В.В. Евсеев. — Режим доступа: http://www.materik.ru/rubric/detail.php? ID=104500.