Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Көне ескерткіштердегі кейбір дауыссыздардың қазіргі түркі тілдеріндегі қолданылуы

Көне түркі тілінде 16 дауыссыз дыбыс болған [1; 66].

Қазіргі түркі тілдеріндегі дауыссыз дыбыстардың саны да, сапасы да көне ескерткіштер тілімен салыстырғанда ерекшеленетіні белгілі. Себебі өзгеріс тілдің даму, қалыптасу кезеңдеріне байланысты көрініп, дыбыстық алмасу, сөздің басы, ортасы, соңына қатысты дыбыстардың қолданылуынан да көрінеді.

Сондай айырмашылықтардың бір тобы көне түркілік й, ш, ч дыбыстарымен байланысты болып келеді. Бұл дыбыстардың даму, қалыптасуына қатысты көне тіл мен қазақ тілі немесе қазақ тілі мен басқа түркі тілдері арасында көзге түсер айырмашылықтар бар. Н.А.Баскаков та қыпшақ-ноғай топшасының басқа қыпшақ тілдерімен ерекшеленетін көрініс ретінде де осыны айтады.

Басқа түркі тілдеріне қарағанда, қазақ тіліндегі ж-ның өзіндік ерекшеліктері бар. Қазақ тілінің қыпшақ-ноғай тобына жататын басқа тілдерден фонетикалық ерекшеліктерінің бірі ретінде Н.А.Баскаков: «Преимущественное употребление ж в начале слов из чередующихся й/ж/ж, например: «жол» (вместо йол или жол в каракалпакском и ногайском языках) — «дорога» и т.д.,» — дейді [2; 24].

Қазақ тіліндегі ж қазіргі түркі тілдерінің бірсыпырасында сөз басында айтылатын й-дің, сондай- ақ көне түркілік й-дің көрінісі екенін жазба ескерткіштердегі йана (жəне), йол (жол), йаш (жас), йүз (жүз), йер (жер), йүкүн (жүгін) сияқты мысалдардан да көруге болады. Ерте кездегi орхон-енисей, сондай-ақ көне ұйғыр жазба ескерткiштерiнде й дербес дыбыстық бiрлiк ретiнде кездескенiмен, ұяң ж бұл сипатта орын алмаған [3; 117].

А.М.Щербактың пікірінше, көне түркілік й алтай тілінде д (дос, док), тува хакас, шор тілдерінде ч (час, чок), якут тілінде с (сас, суох), қарашай-балқар, қазақ, қарақалпақ, ноғай, татар тілдерінде ж (жаз, жоқ), қарашай-балқар тілінің малқар диалектісінде з түрінде дамыған [4; 159].

Келесі бір зерттеушілер де сөз басындағы й-дің кей түркі тілдерінде сол қалпында сақталғанымен (түрік, түрікмен, өзбек — йол, йок), енді бір тілдерде өзгеріске енгенін айтып, ал қазақ тілінде й-дің ж екеніне «жол, жоқ» сөздерін мысалға келтіреді [5; 53].

Кей түркі тілдерінде көне й дыбысының дауыстылардың алдында дж аффрикатына айналатыны белгілі жəне бұның түсіріліп айтылуы да кездеседі жіңішке — ингичка, жылан — илан, жіп — ип, жылы — илиқ, жүзім — узум, жібек — ипак (өзбек тілінде), ил — жыл, илан — жылан, үрəк — жүрек (əзербайжан тілінде) т.б.

Бұлай ж-ның түсіріліп айтылуы қырғыз тілінде де орын алған. И.А.Батманов кей сөздер құрамындағы сөз басындағы ж дауыссызының түсіріліп қолданылуы қырғыз тілінің ерекшелігі деп көрсетсе [6; 98], енді бір ғалымдар бұл туралы: «В киргизском, алтайском языках аффриката ж перед узкими гласными отсутствует, ср. кирг. и алт. ыр «песня», но казах. жыр, кирг. и алт. ырақ «далеко», но казах. жырак. В действительности аффриката ж не может утрачиваться перед узкими гласными. Утрачивался здесь фактически перед узкими гласными типа ы, и, у (ил — жыл, илон — жылан). Следова- тельно, кирг. ыр — песня возникло в ту эпоху когда в этом языке еще существовал начальный і», — дейді [5; 52].

Осы тілдегі ж-ның басқа тілдермен салыстырғанда түсіріліп қолданылуына байланысты зерттеушілер Б.А.Серебренников пен Н.З.Гаджиевалар көрсетіп отырған екі түрлі ерекшелік те қырғыз тілінде орын алған. Мысалы: Бала ыйын басты (Бала жылауын қойды); Бала ыйлап турат (Бала жылап тұрады). Бұған қоса ыйлаак (жылауық), ыр (жыр), ылдам (жылдам), ырак (жырақ) сияқты сөздерді мысалға алуға болады.

Сөз басында кездесетін көне түркілік й дыбысының қазіргі түркі тілдеріндегі көрінісі төмендегідей:

Й — дж: қырғыз, қарашай-балқар, қарақалпақ — (д) жер, (д) жуз; якут — (д) жон-жан, (д)жыл-жыл;

Й — ж: түрік, əзербайжан, түрікмен — йол, йоқ; қазақ, қарақалпақ — жоқ, жол;

Й — ч: татар — йақа; қазақ — жаға; хақас, тува — чаға; түрікмен, түрік, ұйғыр — йер; қазақ —жер; хақас, тува — чир; шор — чер; өзбек — йыл; қазақ — жыл; хақас, тува, шор — чыл;

Й — д: татар, башқұрт — йақа; қазақ — жаға; алтай — дақа; ұйғыр — йəр; түрік — йер; қазақ— жер; алтай — дер; түрік, құмық — йол; қазақ — жол; алтай — дол;

Й — н: йан — жан, йомшақ — жұмсақ, йағмур — жаңбыр сөздерінің хақас, шор тілдеріндегі қолданысы — нан, нымзах, нанмыр;

Й — с: татар — йақа; қазақ — жаға; якут — саға; түрік — йол; татар — йул; якут — суол; түрік, түрікмен — йоқ; якут — суох.

Қыпшақ тіліндегі сөз басындағы дж көп жағдайда оғыз тобындағы тілдердегі й дыбысына сəйкес келеді: əзербайжан — йүрүмəк; ноғай — джурмек; түрік — йаймак; ноғай — джаймақ [7].

Чуваш тілінің басқа түркі тілдерінен ерекшелейтін сəйкестіктер ретінде түркітанушылар ш, с-л, з-р сəйкестіктерін айтады жəне бұл мəселе бұлғар тобының басқа тілдерден айыратын критерий сипатында да қолданылады. Бұған басқа түркі тілдеріндегі буз/муз/боз сөздерінің, чуваш тілінде пар, қадың/қазың/қайың, хуран, қыс/қыш, хел, есік/ешик, алак, бес/беш сөздерінің бел түрінде қолданылуы мысал бола алады [7].

Түркі тілдері фонетикасына тəн дыбыстық ерекшеліктердің ішінде елеулі орын алып жүргені — с, ш, ч фонемаларына байланысты алмасулар. Бұл дыбыс сəйкестіктері қазақ тілін басқа түркі тілдерімен салыстыру барысында да байқалады.

Н.А.Баскаковтың түркі тілдеріне жасаған классификациясында қыпшақ-ноғай тобына енетін тілдердің қыпшақ-бұлғар, қыпшақ-половец топтарынан фонетикалық айырмашылықтарының бірі туралы: «… отсутствием фонемы ч и заменой этого звука звуком ш, а звука ш звуком с, например: қаш-қач «убегать», қыс-қыш «зима», — деп жазады [2; 292].

Көне түркі тілінің с фонемасы қазіргі қазақ тілінде сөздің барлық шенінде де сақталған. Оның дəлеліне көне түркі жазба ескерткіштерінің бірі болып саналатын Күлтегін ескерткішіне байланысты зерттеуінде Ғ.Айдаровтың с фонемасына байланысты сабы-сөзі, субча-суша, бас-бас, сү-əскер, сіңлі- сіңлі, улус-ұлыс т.б. көптеген сөзді мысалға келтіргенін айтуға болады [8; 40].

Қырғыз тіліндегі ч, ш, с дыбыстарының қолданылысын И.А.Батманов қазақ, қарақалпақ тілдеріндегідей конвергенция құбылысы еместігін айтады. Себебі қазақ, қарақалпақ тілдерінде ч-ш, ал ш-с болса, қырғыз тілінде ч, ш, с сақталған. Мысалы: чач, бас (тесни), баш (голова) [6; 99].

Түркі тілдерінің тарихын зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, қазіргі қазақ тіліндегі ш көне түркілік ч фонемасының жалғасы болып саналады [1; 68].

Көне түркілік ч-ның қазіргі қазақ тіліндегі ш-ға сəйкес екені чөл — шөл, бічін — мешін, кічіг — кіші, үчүн — үшін, үч — үш сияқты мысалдардан да көруге болады. Бұл жайында түркітанушы- ғалымдар Б.А.Серебренников пен Г.З.Гаджиева өз еңбектерінде: «Переход начального ч в ш является отличительным признаком языков ногайской подгруппы — казахского, каракалпакского и ногайского», — дей келіп, чық — шық, чақ, чағ — шақ, чақыр — шақыр сөздерін мысалға келтіреді [5; 63].

Көне түркілік ч дыбысының қазіргі түркі тілдерінде əр түрлі орныққандығына М.Томанов шын (қазақ), чын (татар), сын (хақас) сөздерін мысалға алады жəне түркі тілдері арасында ч>ш>с дыбыс сəйкестігін көрсетеді [1; 68].

Сондай-ақ сөз басындағы с дыбысының көптеген сөздер құрамындағы біркелкілігімен қоса, с-һ, с-ш, с-з сəйкестіктерін көре аламыз. Мысалы:

С-һ: түрік — сакал, ноғай, қазақ — сақал, башқұрт: һақал; əзербайжан, түрік, қазақ — сары, башқұрт — һары; құмық, татар, қазақ — сүт, башқұрт — һүт; қазақ — сіз, татар — сез, өзбек — сиз, башқұрт — һез;

С-ш: қазақ, қарақалпақ — есен, башқұрт — ишəн; қазақ, қырғыз, ноғай, өзбек — кесек, башқұрт, татар — кишəк;

С-з: қырғыз, ноғай, өзбек — кесек, алтай, тува — кезек, хақас — кизек; қазақ, қарақалпақ —есен, башқұрт — ишəн, хақас — изен, алтай — езен.

Көне түркілік с-ның көрінісі башқұрт тілінде һ арқылы көрінеді. М.Томанов: «Башқұрт тілінде көне түркілік жəне жалпытүркілік с дыбысы екі түрлі сипат алған: сөз басында (кейде сөз ортасында) һ көмей дыбысына ауысса, сөз ортасы мен соңында с(з) тіс аралық спирантына ауысып кеткен. Қазіргі түркі тілдерінің едəуір тобында кездесетін көмей дауыссызы башқұрт тіліндегі көмейлік дыбыстан этимологиялық жағынан басқаша екендігін байқауға болады», — дей келіп, һары (сары), һин (сен), һигез (сегіз), һүз (сөз) сияқты мысалдарды келтіреді [9; 55]. Бұл жердегі с-һ сəйкестігі башқұртпен бір топшаға жататын татар тілімен салыстырғанда да көрінеді: татар — сары, сен, сөз, алса, сатса, сенсіз; башқұрт — һары, һин, һүз, алһа, һатһа, һинһез т.б.

Ш дыбысының түркі тілдеріндегі сəйкестіктері ш-с, ш-з, ш-ж, ш-һ сипатында кездеседі.

Ш-с: ноғай, қазақ, қарақалпақ, якут тілдерінде ш дыбысы с дыбысына ауысқан. Мысалы: шол, шул — сол; киши — кісі; тешик — тесік;

Ш-з: хақас — кизи, тизик, чаза (көптеген тілдерде киши, тешик, йаша);

Ш-ж: татар — кіші, қырғыз — киши, тува — кижи; татар, құмық — аша, тува — ажа (қазақ —аса);

Ш-һ: якут — киһи (көптеген тілдерде киши).

Басқа түркі тілдерін қазақ тілімен салыстырғанда орын алатын ш-ж, ш-с сəйкестіктері де —жеке тілдерге тəн ерекшеліктер. Мысалы: түрікмен, түрік — алтынжы, онунжы; башқұрт —беренсе, икенсе, өсөнсө т.б.

Сонымен қатар қазақ тіліндегі ш-ның кей уақытта ч болып айтылуы жергілікті ерекшеліктерге байланысты диалект сөздерде де кездеседі. Бұл көбінесе басқа тілдердің əсерінен, яғни басқа халықпен іргелес жатқан халықтың тілінде кездеседі. «Қазақ тілінің говорларындағы сөз басында ұшырайтын ч, ш бірінің орнына бірі қолданылып, бірімен-бірі алмасатын дыбыстар болып табылады. Бұл дыбыстардың белгілі бір сөздің басында əдеби тілі мен көпшілік говорларда тш, ч яки ш болып айтылып, диалектілік құбылуы олардың сөз басындағы қызметінің тілімізде əлі дифференцияланып жетпегендігін аңғартады» [10].

Ч дыбысына қатысты түркі тілдерінде ч-ш, ч-с, ч-з, ч-һ сипатында көрінеді. Мысалы: тува, шор, тофалар — чық, қазақ, қарақалпақ, ноғай — шық; қырғыз — чап, чываш — суп; қазақ — ащщы, якут— аһы; қазақ — пышақ, якут — быһах т.б.

Түркітанушы-ғалым А.М.Щербак өзінің «Сравнительная фонетика тюркских языков» деген еңбегінде кей түркі тілдерінде т-ч сəйкестігі бар екенін айтып, оның мысалына чуваш тілінен: чер «колено» (тиз), чік «вставлять, колоть» (тік), чармала «царапать» (тірмала) сөздерін əзербайжан тілі диалектілерінен чіш «зуб» (тіш), чүш «спускайся» (түш) сөздерін келтіреді [4; 164].

Қазақ тіліндегі тышқан, түшкірік сөздерінің қырғыз тілінде чычкан, чүчкүрүк болып келуі, сірə, түбі бір түркі тілінің бір-біріне тигізген əсерінен болса керек. Себебі тышқан сөзі Махмуд Қашқарида сычған болып қолданылған. Мысалы: алымчы — арслан, берімчі — сычған (алушы — арыстан, беруші — тышқан); Арслан қарыса, сычған өтін көзəзур (Арыстан қартайса, тышқанның інін аңдыр).

Сондай-ақ түркі тілдеріне қатысты фонетикалық ерекшелік — з-й сəйкестігі. Мысалы, жылдың төрт мезгілінің бірін білдіретін қазақ тіліндегі жаз сөзі қырғыз тілінде жай түрінде беріледі. Көне түркі тілімен салыстырғанда да осындай сəйкестікті көреміз: жаз — йай. Бұл сияқты ерекшелікті қазақ тілінің өз ішінен де көруге болады: сөз-сөйлем, жаз-жай («көрпені жаз» немесе «жай» десек, бір мағына береді). Бұған М.Томанов: «Қазақ тіліндегі дауыссыз й-дің негізінен үш түрлі архетипі (з, д, г) бар екендігін айту керек,» — деп, қазық-қада, құдық-құй, қозы-қой, қаздию-қайқию сөздерін мысалға алады [1; 72]. Д-з сəйкестiгi башқұрт, түркiмен тiлдерiн түрiк тiлiмен салыстыру барысында да көзге түседi: qid-qid-qiz (девочка), ad-ad-az (мало), tid-did-diz (колено), hud-өоd-soz (слово). Сонымен қатар қазақ тілінде сіз есімдігі қырғыз тілінде сиз түрінде берілгенмен, көптік жалғау жалғанғанда, ерекшеленеді. Мысалы: сіздер — сиздер, сендер — силер, яғни көптік қосымшасы жалғану арқылы сыпайы түрде з дыбысы сақталып, анайы түрінде түсіп қалады. (Биз сиздерди концертке чакырабыз. — Біз сіздерді концертке шақырамыз. Силер качан келесиңер? — Сендер қашан келесіңдер?)

Қазіргі түркі тілдерінде з-р, з-һ, з-с сəйкестіктері де орын алған. Мысалы: түрік, қырғыз — узун, чуваш — въръм, якут — уһун; түрік, татар — кызыл, якут — кыһыл, түрік — йүзүк, чуваш — сірі; көптеген тілдердегі аз, ауыз-ағыз, қаз, сөз, қыз сөздерінің алтай, хақас, тува, шор, тофалар тілдеріндегі қолданысы — ас, аас, хас, кас, сөс, хыс, қыс жəне биз, біз сөздері шор тілінде пис, хақас тілдінде піс түрінде қолданылады.

Қазіргі түркі тілдерінің сөз басында қатаң немесе ұяң дауыссыздардың қолданылуы барлық тілдерге ортақ емес. Қыпшақ тілдері қатаң дауыссыздарды, ал оғыз тілдері ұяңдарды қолданылуымен ерекшелінеді. М.Томанов бұл туралы: «Сөз басында қатаң дауыссыздарды қолданатындар — хақас тілі мен чуваш тілі. Бұл тілдерде сөз қатаң дауыссыздардан басталады да, көпшілік түркі тілдерінде осы позицияда ұяңдап айтылады. Хақас, чуваш тілдері арасында кездесетін сөздің абсолют басындағы қатаң дауыссыздар мен ұяң дауыссыздардың сəйкестігі осылай келіп шығады,» — дейді [9; 59].

Туыстас түркі тілдері арасында көп кездесетін дыбыстық сəйкестіктердің сипаты п-б, т-д, қ-ғ, к-г түрінде болып келеді. П-б ауысуы түркі тілдері тарихында, сондай-ақ қазіргі түркі тілдері арасында орын алғандай, сөз басында қазақ тілінде ауызекі сөзде де болат — полат, бал — пал, бітіру — пітіру, бейнет — пейнет, бану — пану сияқты сөздерде кездеседі.

Көне ескерткіштер тілінде де сөз басында қатаң п ұяң б-ға қарағанда жиі айтылғандығы айқын.

«На разных этапах развития тюркского праязыка начальный п был, по-видимому, довольно распро- страненным смычным согласным. Исторически он предшествует начальному б. Такие слова древних и современных тюркских языков, как баш — голова, балық — рыба, бош — пустой и т.д. когда-то на- чинались с п», — сияқты зерттеушілер пікірлері бұған дəлел бола алады [5; 38].

Қазіргі қазақ тілінің өз ішінде немесе түркі тілдерінде п-б ауысуының болуы да, сірə, түркі тілдері тарихына байланысты сəйкестіктерге қатысты болса керек. Мысалы: бычак (пышақ), бышкан (піскен) /қырғызда/; сабаб (себеп), тортиб (тəртіп), асбоб (аспап) /өзбекте/; төпə (төбе) /ұйғырда/; тобырах (топырақ), пөл (бөл), піл (біл), паш (бас) /хақаста/; пус (бас), пулъ (балық), пул (бөл) /чувашта/ т.б.

Түркі тілдерінің тарихын зерттеушілердің айтуынша, д фонемасы көне жазба ескерткіштерінде сөз басында кездеспейді, көбіне сөз ортасында жəне сөз аяғында ұшырайды: адағ — аяқ, ыдуық — қасиет, будун — халық, бед — тақ, ед — уақыт, мерзім. Ал кей жағдайда көне түркілік т-ның қазіргі көрінісінің д екендігі айқын аңғарылады. Бұған «Күлтегін ескерткіші» кітабынан ірті — қуды, келті келді сөздерін мысалға келтіруге болады. Бұл туралы М.Томанов: «Қазақ тіліне тəн деп қаралуға тиіс ерекшелік -т дыбысына аяқталған сөздерге дауыстыдан басталған қосымша жалғанса да, т ұяңдамайды, сол сапасын сақтайды: ат-ы, хат-ы т.б. Осымен байланысты ескерте кететін бір жай, қосымшаның басындағы т- (əрине, тарихи ежелгілері) түбірдің соңғы дыбысының əсерімен ұяңдап кеткен. Мысалы: ал-ды. Бұл сөздің алғашқы сипаты ал-ты болғаны мəлім,» — дейді [1; 66].

Түркі тілдеріндегі т, д фонемаларына қатысты сəйкестіктер т-д, д-т ауысулары арқылы көрінеді. Сондай-ақ т фонемасының д-мен алмасуы қазақ тілінің жергілікті ерекшеліктерінде де кездеседі: дұз — тұз, тиірмен — диірмен, дүзу — түзу, дозаң — тозаң, дызылдау — тызылдау.

Жоғарыда айтылған түркі тілдеріндегі т, д дыбыстарына байланысты сəйкестіктер жеке тілдерге ғана емес, көптеген тілдерді қамтуымен жəне ол сəйкестіктердің қазақ тілімен салыстырғанда, қатаң- ұяң немесе ұяң-қатаңдығымен ерекшелінеді. Мысалы, қазақ тіліндегі теңіз, терезе, терек, естелік сөздері өзбек тілінде денгиз, дераза, дарахт, эсдамек түрінде болып келсе, даяр, дыбыс, диірмен, доп сөздері қазақ тілінде ұяң, өзбек тілінде қатаң дауыссыздар арқылы беріледі: тайер, товуш, тегирмон, туп. Əрине, ұяң дыбыстарды сөз басында көп қолданатын оғыздардың біздің тілдермен салыстырғандағы қатаң-ұяң сəйкестіктері бұл жерде де көрінеді: тіл-дил, темір-демир, төрт-дөрт, түс-дүш, тас-даш т.б. Бұл ауысулар ұйғыр-оғыз тобындағы тілдерге де тəн: етік — тува, тофаларда — идик; ата — тува, хақаста — ада т.б.

Түркі тілдері табиғатында дауыссыздар сəйкестігінде к-г, қ-ғ-лар көп кездеседі. Бұл ауысулар түбір сөздерге қатысты да, түбір мен қосымша аралығындағы үндестік заңына да байланысты болып келеді. Мысалы: қаз, қол, қарт — газ, гол, гарт (əзербайжан); соқыр — соғур (тува); көл гөл (əзерб., түрік); күріш, күкірт, күлкі, кілем — гуруч, гугурт, гулги, гилам (өзбек) т.б.

Жоғарыда келтірілген мысалдарда қатаң-ұяң дыбыстық сəйкестіктердегі қатаң дыбыстар біздің тілдерге, ұяң дыбыстар, көп жағдайда, оғыз немесе ұйғыр-оғыз тілдеріне тиесілі болса, кей жағдайда басқа тілдердегі қатаң дыбыстардың біздің тілде ұяң болып келетіні кездеседі жəне бұл жағдай сөз басына емес, сөз ортасына қатысты екендігі көрінеді. Мысалы: балға, жаға, таға, алғыс, үңгір, бұғақ, бала-шаға (қазақта); балка, жака, така, алкыш, үңкүр, богок, бала-чака (қырғызда); болға, еқа, тақа, ташаккур, унгур, буқоқ, бала-чақа (өзбекте).

Көне жазба ескерткіштер тілін қазіргі қазақ тілімен салыстырғанда кездесетін с-з сəйкестігі (келмес-келмез, барсын-барзун, айырылмас-адырылмаз) қазіргі тілдерде де орын алып біз сөз етіп отырған сəйкестіктер қатарынан орын алады. Мысалы: аз — алтай, хақас, шор, тувада — ас; қаз — хас (хақас), кас (тува), кас (тофалар), қас (шор, алтай); қыз — хыс (хақас), қыс (шор, тофалар, тува, алтай); сөз — хақас, тува, шорда — сөс; сым-зым, тегіс-тегиз, алаңғасар-алаңғазар (қырғыз) т.б.

Деректерде көне түркілік қатаңдардың кейінгі даму барысында бірсыпыра тілдерде ұяңдағаны, ұяң дыбыстарды сөз басында көп қолданатын топ — оғыз тобы екені айтылады. Ал қазақ тілінің өз ішіндегі кей сөздердің əрі қатаң, əрі ұяң айтылуы олардың арасындағы мағыналық айырмашылықты көрсетпейді. Салыстырып отырған түркі тілдеріндегі қатаң, ұяң дыбыстар арасындағы айырмашылықтар да сол дəрежеде. Себебі қазақ тілінің өз ішінде де сөз басында қатаң не ұяң болуына қарай, бір-бірінен мағыналық жағынан ажырауы мүмкін (күл — гүл).

Қазіргі түркі тілдеріндегі сəйкестіктердің бір тобы м, б дыбыстарына қатысты.

Қазіргі қазақ тілінде б сөз соңында қолданылмағанымен, көне жазба ескерткіштерінде біраз сөздерде болса да кездесетінін көреміз: суб, саб, себ, еб. Бұл мысалдардағы б-ның қазіргі қазақ тіліндегі көрінісі əр түрлі: суб сөзі су түрінде б түсіп қалып ықшамдалу арқылы орнықса, саб сөзіндегі б-ның қатаңданып п-ға айналып, сап түрінде ал себ, еб сөздеріндегі б-ның тіл ортасына жылысып, й-ға ауысқанын байқаймыз: сүй, үй [1; 66].

Айта кететін бір жағдай — көне жазбаларындағы б-ның қазіргі өзбек тілінде в-ға айналып, себ сөзінен севги (махаббат, сүйіспеншілік), аб сөзінен ов (аң, аң аулау) сөздерінің қалыптасқандығын көруге болатыны.

Кей түркі тілдерінде біраз түбір төл сөздердің, сондай-ақ қосымшалар құрамында сөз соңында б кездеседі, бірақ бұл тілде де қатаң п естіледі: чойшаб [чойшап] (төсек жапқыш), касб [касп] (кəсіп), келиб кетди [келип кетти] (келіп кетті), мактаб [мактап] т.б. — өзбек тілінде.

Б-ның м-ға сəйкестігі орхон-енисей жазбаларында да бар: бунча — мұнша, буң — мұң, қайғы, бін -мін.

Қазіргі қазақ тіліндегі бұнда, мұнда тəрізді паралельдер де сол сəйкестікті көрсеткендей.

Қазіргі түркі тілдерінде аталған дыбыстарға байланысты сəйкестіктер м-б, б-м түрінде көрінеді. Мысалы: татар — қобыз; якут — хомус, шор — қомус; татар — кимə, қазақ — кеме, шор — кебə; ноғай, қазақ — төмен, алтай — төбен.

Б-м көріністері қазақ, қырғыз тілдерін бір-бірімен салыстыру барысында да ерекшелік ретінде де көзге түседі. Мысалы: бұрыш — мурч, сабын — самын, буын — муун, бұзау — музоо, табан — таман, бұрынғы — мурунку, шыбын — шымын т.б.

Қырғыз тіліндегі м-ның орнына басқа түркі тілдерінің көбінде б-ның қолданылу ерекшелігі туралы И.А.Батманов: «В основах под влиянием последующих носовых, б, п переходят в м:

  • бунын — мунун (этого);
  • чыбын — чымын (муха);
  • тапан — таман (подошва),» — деп көрсетеді [6; 172].

Түркі тілдеріндегі б-ға қатысты ерекшелік б-п сəйкестігі арқылы да көрінеді. Атап айтсақ, көптеген тілдердегі бас, баш сөзі чуваш тілінде пус, хақас, шор тілдерінде паш, көптеген тілдердегі бай сөзі чуваш тілінде пуй, хақас тілінде пай түрінде қолданылатыны сияқты қыпшақ тілдерінің өз ішінен немесе қыпшақ тобын қарлұқ тобымен салыстырғанда да орын алады. Мысалы: байпақ — пайпоқ, себеп — сабаб, парақ — барак, байқау — пайқамоқ, бейсенбі — пайшанба, бəйге — пойга, жабайы — жапайы, көбелек — көпөлек, шүберек — чүпүрек т.б.

Сөз басында б-п ауысуы қазақ тілінде де ауызекі сөзде болат — полат, бал — пал, бітіру —пітіру, бейнет — пейнет, бану — пану сияқты сөздерде де кездеседі.

Түркі тілдерін бір-бірімен салыстырғанда у-қ сəйкестігі де орын алған. Бұл сəйкестік те тарихи тұрғыдан қарағанда тілімізге жат нəрсе емес. Бұл туралы: «Исторически вторые компоненты сочета- ний j/, /іj/, /uw/, /uw/ восходят к согласным /q/, /k/, /y /, /g/, которые до сих пор в так называемой ста- ротюркской группе языков тюркской системы, а в языках новотюркской группы вместо них употреб- ляются [j], [w]…

До сих пор в казахском языке сохранились оба варианта некоторых слов, например: сұрақ /q/ — сұрау /w / «вопрос»; құрақ /q/ — құрау /w/ «собирать,» — деген пікірді келтіруімізге болады [11]. Бұған қосымша қазақ тілінде қ-у немесе к-у сəйкестігі арқылы беріліп, мағыналық бірлікте қолданылатын қыстақ — қыстау, сынақ — сынау, қамақ — қамау, күзек — күзеу т.б. сөздер кездеседі.

Осы сипаттағы сəйкестіктер көне түркілік азығ (медведь) сөзінің қолданысына байланысты ғ-к, ғ-у, ығ-у арқылы көрініс тапқан. Бұл сөздердің қазіргі түркі тілдеріндегі қолданысы айық, еийқ, айу түрінде болып келеді [5, 44]. У-қ сəйкестігінің сипаты қазақ, қырғыз, өзбек тілдеріне де тəн: бояу- боёк-буеқ, қоңырау-коңгуроо-қунғироқ, қою-коюу-қуюқ, аю-аюу-айиқ т.б.

Қазақ тіліндегі инфинитивтік форма туғызатын жұрнақ болып тұйық етістіктің у қосымшасы саналады, өзбек тілінде бұл тұрғы -моқ жұрнағы арқылы беріліп, у-қ сəйкестігі кездеседі. Мысалы: бару-бормоқ, келу-келмоқ, айту-айтмоқ, ашу-ачмоқ, жүру-юрмоқ т.б.

Қазіргі түркі тілдеріндегі дауыссыз дыбыстардың көрінісін өзара немесе көне түркі тілімен салыстырғанда, көне түркілік сипатты сақтағандары да, жаңаша түрге енгендері де орын алатындығы белгілі жəне бұның барлығы тілдің даму заңдылығынан келіп туындайды. Тілдің даму заңдылығын көне жəдігерлеріміздегі қолданыстар арқылы да, қазір өмір сүріп отырған тілдердегі ерекшеліктер арқылы да тани аламыз. Көне түркілік қолданысты сақтаған тілдер көне тарихымызға жақындатса, кейбір тілдердегі болып отырған ерекшеліктер тілдің дамуын, қалыптасуын, уақыт өзгерісін көрсетеді.

Сондай-ақ кейбір ерекшеліктердің сипаты жеке тілдің ішкі заңдылығына байланысты. Түркі тілдерінің ішінде чуваш тілі басқа тілдерге қарағанда айырмашылығының көп болуы фонетикада да, лексикада да, грамматикада да сезіледі. Бұны зерттеушілер бұлғарлардың мұрагер тілінің қалыптасуы ретінде көрсетеді. Ал кей ерекшеліктердің сипаты, сəйкестіктердің көрінісі əдеби тілде айырмашылық болып кездеспегенімен, жергілікті тілдік ерекшеліктерге байланысты басқа түркі тілдерімен де, көне жазбалар тілімен де жақындастырады.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Томанов М. Қазақ тiлiнiң тарихи грамматикасы. — Алматы: Мектеп, 1988. — 264 б.
  2. Баскаков Н.А. Введение в изучение тюркских языков. — М.: Высш. шк., 1969. — 383 с.
  3. Талипов Т. О звуке й и связанных с ним фонетических явлениях в тюркских языках // Фонетика казахского языка. —Алма-Ата: Ғылым, 1969. — 167 с.
  4. Щербак А.М. Сравнительная фонетика тюркских языков. — Л.: Наука, 1970. — 204 с.
  5. Серебренников Б.А., Гаджиева Н.З. Сравнительно-историческая грамматика тюркских языков. — М.: Наука, — 302 с.
  6. Батманов И.А. Современный киргизский язык. — Фрунзе: Изд. АН СССР, 1963. — 165 с.
  7. Исследования по сравнительной грамматике тюркских языков. — Ч. 1. Фонетика. — М.: Изд. АН СССР, 1955. — С.
  8. Айдаров Ғ. Күлтегiн ескерткiшi. — Алматы: Ана тiлi, 1995. — 40-б.
  9. Томанов М. Түркi тiлдерiнiң салыстырмалы грамматикасы. — Алматы: Қазақ ун-тi, 1992. — 190 б.
  10. Омарбеков С., Жүнiсов Н. Ауызекi тiлiмiздiң дыбыс жүйесi. — Алматы: Мектеп, 1985. — 39-б.
  11. Джунисбеков А. Строй казахского языка. — Алматы: Ғылым, 1991. 

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.