Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Көне түркі тіліндегі сөйлем мүшелері

Тілдің басқа да салалары сияқты, синтаксистік құрылыс та заман өткен сайын бірден бірге өзгеріп, толығып, жетіліп отырады. Бірақ тілдің синтаксистік құрылымы онша өзгерімпаз құбылыс емес. Қазіргі əдеби тіліміз синтаксисіндегі сөйлем мүшелері, сөйлемнің көптеген түрлері, сөйлем мүшелерінің бір-бірімен байланысу жолдары онша көп өзгеріссіз-ақ сонау көне жазу нұсқаларында да кездеседі.

Көне түркі жазба ескерткіштері — ұрпақ қазынасы. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болған руникалық жазба ескерткіштер (V–VIII ғғ.) қазақ жəне өзге түркі халықтарының көне дəуірде мəдени деңгейінің өте жоғары болғандығын дəлелдейтін баға жетпес асыл қазына.

Қазіргі қазақ тіліндегі сияқты, көне түркі тілінде де сөйлем мүшелері тұрлаулы жəне тұрлаусыз болып бөлінген. Тұрлаулы мүшелерге бастауыш пен баяндауыш жатады. Бұлар — сөйлем құрауға негіз болатын, өзара предикаттық қатынаста жұмсалатын сөйлем мүшелері.

Бастауыш. Тұрлаулы мүшелердің ең басты, негізгі мүшесі — бастауыш. Бастауыштар əр түрлі сөз таптарынан жасалады. Бастауыштардың жасалу жолдарына қарағанда, олардың негізі көне түркі тілінен бастау алатындығын аңғару қиын емес.

Зат есімдерден болған бастауыштар. Атау септігіндегі зат есімдер жекеше, көпше жəне тəуелді тұлғада тұрып бастауыш болады. Мысалы: Сүсі үч бың ерміс — Əскері үш мың екен. Іл йеме іл болты — Ел тағы да ел болды. Йағымыз тегіре учуқ тег ерті — Жауымыз айнала жыртқыш құстай еді. Ескерткіште күрделі бастауыштар да кездеседі. Түрк будун қанын болмайын Табғачда адырылты, қанланты — Түркі халқы ханы болмай Табғаштан бөлінді, ханданды. Білге Тоникуқ бен өзүм Табғач іліңе қылынтым — Білге Тоникуқ мен өзім Табғач елінде тəрбиелендім.

Сын есімнен болған бастауыштар. Сын есімдер заттанған кезде, бастауыш қызметін атқарады. Ондайда сын есімдердің сапалық мағынасы жойылып кетпей, əрі заттық, əрі сапалық мағынада жұмсалады. Йуйқа қалың болсар топлағулығ алп ерміс — Жұқа қалыңдаса, таптайтын алып болар. Сүңүгліг қантан келір йана елтді? — Сүңгілі қайдан келіп айдап кетті?

Сан есімнен болған бастауыштар. Заттық мағынаға ауысып бастауыш қызметін атқаратын сөз таптарының бірі — сан есім. Сан есімнің есептік, реттік, жинақтық секілді топтары бастауыш қызметінде тұрады [1; 633]. Көне жазбаларда жинақтық сан есімдер мен есептік сан есімдер тіркесіп келіп күрделі бастауыштар жасаған. Бу үчегү қабысар қалтачы біз өз ічі — тасыш тутмыс тег біз —Бұл үшеуі біріге қалса, біз өз іші-сыртымызды ұстап қана қаламыз. Екі үлүгі атлығ ерті — Екі бөлігі атты еді.

Есімдіктен болған бастауыштар. Көне түркі тілінде көбінесе жіктеу, өздік есімдіктері бастауыш қызметінде жиі жұмсалады. Бен йырдантайан тегейін — Мен терістіктен тиісейін. Өзүм қары болтым улуғ болтым — Өзім қартайдым, үлкен болдым.

Есімшеден болған бастауыштар. Есімше бастауыш болғанда, қимылдық сапаның үстіне заттық мағына жамап тұрады. Йағмысы мен едім — Ілескені мен едім.

Баяндауыш. Тіл фактілері оның ұзақ жасайтын тұрақты категория екендігін байқатады. Ол жазбаларда да, қазіргі тіліміздегі сияқты, сөйлемнің бастауышы бұрын, баяндауышы одан кейін келіп отырады. Оларда да, қазірдегі сияқты, анықтауыш пен толықтауыш өздеріннің анықтайтын, немесе толықтайтын сөзінен негізінде, бұрын орналасып келген. Мысал: Алтұн қанатлұғ тұлұм қара құшман (Алтын қанатты жыртқыш қара құспын) (Енисей ескерткіштері) немесе: Бұ кітапты оқығлы, бұ бəйтлəрні мағлұм қылғылы кітапдин яхшы, ғазызырақ тұрор (Бұл кітапты оқушы, бұл жырларды мəлімдеуші (таратушы) кітаптан жақсырақ, ұлылырақ болар) «Құтадғу білік». Бұл мысалдың тек лексикалық жағында болмаса, сөйлем құрылысында, сөйлем мүшелерінің орналасу тəртібінде қазіргі тілдегіден ешқандай өзгешеліктері жоқ. Қазіргі əдеби тіліміз синтаксисінде кездесетін жай сөйлемдердің негізгі түрлерінің бəрі дерлік ертеректегі жазу нұсқаларында да қолданылған. Бірақ құрылыстары жағынан олар барлық дəуірде емес: неғұрлым арғы заманға қарай кетсек, соғұрлым сөйлемнің аз сөзді, жабайы, ықшамды жəне бір-бірімен нашар ұштасқан, келте – келте қайтарылып отырылатын сөйлемдер болып келетіні байқалады. Мұндай сөйлемдердің баяндауыштары, əдетте, жақ жағынан да, шақ жағынан да бірыңғай, бір тектес, көпшілік жағдайда бір сөздің немесе бір тұлғалы сөздің қайталап айтыла беруінен болады [2].

Баяндауыш қызметінде барлық сөз таптары жұмсала береді. Дегенмен, өзінің семантикасы жағынан осы қызметке ең бейім сөздер — етістіктер. Анча өтүнтүм — Сонша өтіндім. Інгек көлүкін Тоғлада оғуз келті — Сиыр көлігімен Тоғлада оғыз келді. Біз екі бың ертіміз — Біз екі мың едік. Баяндауыштар қазіргі тіліміздегідей жақтық, сандық жағынан қиыса байланысады. Сү басы Інел қаған — Əскер басы — Інел қаған.

Ескерткіште көмекші етістіктер арқылы жасалған күрделі баяндауыштар да бар. Олар негізінен е-көмекшісі арқылы берілген. Улуғы шад ерті — Ұлығы шад еді. Чуғай қузын Қара қумығ олурур ертіміз — Чұғай құзын Қара құмды мекендеуші едік.

Көне түркі тілінде есімдер мен етістіктерден құралған құрама баяндауыштар да кездеседі. Мысалы: Артқы қырық аз күллүг қағаны йағымыз болты — Артқы қырқ аз қағаны жауымыз болды. Өзүм өк қаған қысдым — Өзімше оны қаған еттім. Е-көмекші етістігі құрама баяндауыштар жасауға да атсалысады. Бізінте екі учы сыңарча артуқ ерті — Бізден екі шеті жартыдай артық еді. Будун боғзы тоқ ерті — Халық тамағы тоқ еді.

Баяндауыштың формалары алуан түрлі, көп болғанымен, олардың көпшілігі бір негізгі мағынаны түрліше білдіру үшін қызмет етеді. Сондықтан баяндауыштарды атқаратын қызметіне жəне білдіретін мағынасына қарай топтап тану керек. Іс-əрекетті, сапаны болмысқа шақ жөнінен қатысын білдіретін баяндауыштар, іс-əрекеттің қарқынын білдіретін баяндауыштар, іс-əрекетті субъектінің қалауы ретінде атайтын баяндауыштар, іс-əрекетті субъектінің бұйрығы ретінде атайтын баяндауыштар, іс-əрекетті міндеттеу, ұсыныс ретінде атайтын баяндауыштар [3]. Көне түркі тілінде де баяндауыштар осы тəрізді мағыналарды білдіре алады.

Толықтауыш. Етістіктен, есімнен болған мүшемен байланысып, істің, заттың, сапаның объектісін білдіретін толықтауыштар да кездеседі. Қазіргі қазақ тіліндегі тəрізді, көне түркі тілінде де табыс септігін қажет ету, етпеуіне қарай тура жəне жанама толықтауыштар ұшырасады.

Ескерткіш тіліндегі табыс септікте тұрған сөздер əр уақыт тура толықтауыш болады. Өйткені тура толықтауыштар заттың қимылын білдіретін сабақты етістіктермен тығыз байланысты болып келеді [4]. Басқа түркі тілдеріндегі сияқты, қазақ тіліндегі тура толықтауыштар меңгерілетін сөзбен табыс септігінің ашық не жасырын тұлғасы арқылы байланысады. Мысалы: Ол сабығ есідіп түн удысқым келмеді — Ол сөзді есітіп, түн ұйқым келмеді. Сүсін анта өлүртім — Əскерін сонда өлтірдім. Мұндағы сабығ (сөзді) жəне сүсін (əскерін) сөздері табыс септігінің -ығ, -н тұлғасында тұр. Ічін, ташын адынчығ бедіз уртуртым, таш тоқытдым — Іші, тысын айырықша өрнектеттім, тасты қойғыздым. Бу сү елт — Бұл əскерді апар. Бұл жерде таш, сү (тасты, əскерді) сөздерінде табыс септіктері жасырын қолданылып тұр.

Ескерткіштер тілінде барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктеріндегі сөздермен келетін жанама толықтауыштар да бар. Жанама толықтауыштар өзін меңгеретін мүшелермен біршама еркін байланыста болады.

Зат есімдер мен заттанған басқа да сөз таптары барыс септік жалғауында келіп іс-əрекеттің жанама объектісін білдірумен бірге, оның орны болатын немесе барып тірелер затын білдіруі мүмкін [1; 653]. Барыс септігінің осы тəріздес мағынасы көне түркі тілінен бастау алған деуімізге болады. Мəселен, Табғачқа йана ічікді — Табғашқа жəне бағынды. Анта етрү қағаныма өтүнтм — Содан соң қағаныма өтіндім. Сантуң балыққа Талуй үгүзке тегүртім — Шантуң қаласына, Теңіз өзеніне жеткіздім.

Жатыс септікті жанама толықтауыштар заттың, іс-əрекеттің орнын, статикалық жай-күйді білдіреді. Бу йерде олтуруп — Бұл жерде отырып. Йандуқ йолта йеме өлті күк — Қайтар жолда тағы да көп өлді.

Орхон-Енисей жазбаларында жатыс септігі барыс, шығыс септіктерінің орнында да жұмсалған. Жалпы көне түркі тілінде септіктердің бірінің орнына бірі алмасып қолданылуы септіктердің дамуындағы ерекшелік болып табылады. Өңре қытанда берійе табғачда Қуруйа қурданта йырайа оғузда Екə-үч бың сүмүз келтечіміз бар му не? — Шығыстағы қытанға, түстіктегі табғашқа, Батыстағы құрданға, терістіктегі оғызға екі-үш мың қолмен келе аламыз ба? Түргес қағанта көрүг келті — Түргеш қағанынан хабаршы келді.

Шығыс септікті жанама толықтауыштар қимылдың шығу орнын, мекенін білдірген. Көне жазбаларла сирек үшырасады. Табғач беріденйен тег — Табғаш түстіктен тиіңдер. Бен йырдантайан тегейін — Мен терістіктен тиісейін.

Көмектес септікті жанама толықтауыштар іс-əрекеттің болып өткен жолын, орнын, іс-əрекеттің болу құралын, ортақтастықты білдірген. Бұл жалғау бірле шылауы арқылы жəне -ын, -ін қосымшалары арқылы берілген. Бу йолын йорысар, йарамачы тідім — Бұл жолмен жүруге болмайды дедім. Алтун йысығ йолсузын астым, Ертіс үгүзүг кечігсізін кечдіміз — Алтын жерін жолсызбен астым, Ертіс өзенін кешпес ізбен кештім. Інім Күлтегін бірле қазғантым — Інім Күлтегінмен бірге қолдандым.

Анықтауыш. Анықтауыш сөйлемдегі зат есімнен немесе зат есім орнына жұмсалған басқа есімдерден болған мүшелерді түрлі жағынан сипаттап тұрады. Анықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер, негізінен, сын есімдер болғанымен, зат есім, есімдік, сан есім, есімше, қимыл есімдер де грамматикалық тұлғалары арқылы анықтауыштық қызметте жұмсалады.

Зат есімнен болған анықтауыштар. Алтун йысығ йолсузын асдым — Алтын қойнауынан астым.

Зат есімдер немесе басқа заттанған сөз таптары ілік жалғауында келіп, анықтауыш қызметінде қолданылады: Табғач қағаның ічрекі бедізчіг ыты — Табғач ханының ішкі жақтағы бедершісі келді. Біздің хан ағаларымыз — Біздің хан ағаларымыз.

Сын есімнен болған анықтауыштар. Негізінен, сын есімнің басты қасиеті зат есімдерді сандық, сапалық жағынан анықтау болғандықтан, оның сөйлемдегі негізгі қызметі — анықтауыш болу. Қызыл қаным төкті қара етрім йүгүрті — Қызыл қанымды төктім, қара терімді ағыздым. Негізгі сын есімдермен қатар туынды сын есімдер де анықтауыш болады. Берійекі будун қурыйақы йырайқы, өңрекі будун келті — Түстіктегі халық, батыстағы, терістіктегі, шығыстағы халықтар келді. Бір атлығ бармыс тійін — Бір аттық жүріс дедім. Сөйлемдердегі берійекі, қурыйақы, йырайқы, өңрекі (түстіктегі, батыстағы, терістіктегі, шығыстағы) жəне атлығ (аттық) туынды сын есімдері де анықтауыш болып тұр.

Сан есімнен болған анықтауыштар. Йеті йүз кісііг удызығыма — Жеті жүз кісіні ерткен. Екінті күн келті — Екінші күн келді. Мұндағы йеті йүз, екінті (екінші) сан есімдері сандық, өлшеулік мағынаны білдіре отырып, анықтауыш қызметінде жұмсалған.

Есімдіктен болған анықтауыштар. Көне жазбаларда көбінесе сілтеу есімдіктері анықтауыш қызметінде жиі қолданылған. Ол сабығ есідіп түн удысқым келмеді — Ол сөзді есітіп, түн ұйқым келмеді. Бу сүг елт тіді — Бұл əсерді өзің баста, деді.

Есімшеден болған анықтауыштар. Есімшенің көне түркі тіліндегі -дуқ, -туқ, -ығма, -ігме тұлғалары анықтауыш ретінде көп жұмсалған [5]. Өтүнтүк өтүнүчүмін есідү берті — Өтінген өтінішімді есітіп. Келігме беглерін будунын ітіп йығып азча будун тезміс еді — Келген бектерін, халқын жиып жатқанда, аздаған халық қашқан еді.

Пысықтауыш. Тұрлаусыз мүшенің бірі болып табылатын пысықтауыш сөйлемде, негізінен, етістіктен болған мүшеге қатысты болып, сол мүшені мезгіл, мекен, мақсат, орындалу амалы жағынан нақтылап, пысықтап тұрады.

Ескерткіштер тілінде пысықтауыш мүше болатын сөздер — үстеулер. Сонымен қатар кейбір мезгіл, мекен мағынада айтылатын сөздер де пысықтауыш бола алады. Пысықтауыштар мағынасына қарай төмендегідей беске бөлінеді:

  1. Қимыл-сын пысықтауыш.
  2. Мезгіл пысықтауыш.
  3. Себеп пысықтауыш.
  4. Мақсат пысықтауыш.
  5. Мекен пысықтауыш [6].

Қимыл-сын пысықтауыш. Өртче қызып келті — Өртше қызып келді. Қытан өңденйен тег —Қытан шығыстан тиіңдер.

Мезгіл пысықтауыш. Түн қатдымыз Болчуқа таң үнтүрү тегдіміз — Түн қаттық Болшыға таң ата жеттік. Ол оқ түн будунын сайу ытымыз — Сол түні халық сыйын елші жібердік.

Себеп пысықтауыш. Анта кісре теңрі біліг бертүк үчүн өзүм өк қаған қысдым — Содан соң тəңрі білік бергені үшін өзімше оны қаған еттім.

Мақсат пысықтауыш. Түрк будун қанын болмайын табғачда адырылты, қанланты — Түркі халқы ханы болмай табғаштан бөлінді, ханданды.

Мекен пысықтауыш. Мезгіл пысықтауыштары мезгіл үстеулерінен жəне мезгіл мəнді зат есімдерден, олардың барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктерде келуі арқылы жасалады. Өңрекі ер йуғуру тегүріп ы бар бас асдымыз — Алдағы ер жоғары шығып бұталы (биік) басынан астық. Бенің будунум анта ерүр тіміс — Менің халқым да сонда болар деді. Табғачғару Қуны сеңүнүг ыдмыс — Табғашқа қарай Құны сеңүнді жіберді.

Көне түркі тілінде сөйлемнің бірыңғай мүшелері де кездеседі.

Қазіргі қазақ тіліндегі сөйлемнің бірыңғай мүшелері — тіліміздің грамматикалық құрылысында ертеден келе жатқан синтаксистік құбылыс. Бұған көне түркі жазба ескерткіштерінде кездесетін фактілер айқын айғақ бола алады. Мысалы, Орхон-Енисей жазуларында сөйлемнің тұрлаулы да, тұрлаусыз да мүшелері бірыңғай түрде кездеседі [7].

Кейбір ғалымдардың айтуына қарағанда, тіл дамуының көнерек заманында сөйлем құрамындағы сөздерді, сол сияқты жай сөйлемдерді бір-бірімен байланыстыратын, қазіргі дəнекерлер, тəсілдер болмаған. Сөздер бір-бірімен көбінесе тұрған орындарына, мағыналарының жақындығына қарай қабыса байланысқан [8].

Ескерткіштер тілінде бірыңғай мүшелердің жалғаулық арқылы байланысқан түрлеріне қарағанда, жалғаулықсыз түрлері жиі кездеседі. Сіз еліме, қунчуйма, оғланыма, будунума, сізіме алтмыш йашымда адырылтым — Сізден, елімнен, ханымнан, ұлымнан, халқымнан, сізден алпыс жасымда айырылдым. Жалғаулықтар арқылы да байланысатын түрлері ұшырасады. Іл йеме будун йеме йоқ ертечі ерті — Ел де, халық та жойылар еді.

  1. Бірыңғай бастауыштар. Сөйлемде екі не одан да көп бастауыштар бірдей синтаксистік қызмет атқаруы арқылы ортақ бір баяндауышқа бірдей қатысты келіп бірыңғайлық тізбек туғызады. Олар əр түрлі сөз таптарынан жасалады.

Бірыңғай бастауышты сөздер зат есімдер болып келеді. Қаны сүсі тірілміс — Ханы, əскері жиналды. Ілтеріс қаған Білге Тоникуқ қазқантуқ үчүн Қапаған қаған түрк есір будун йорыдуқы — Елтеріс қаған, Білге Тоникуқ қызметтері үшін Қапаған қаған түркі есір халқы жасады. Сабымын түкеті есітгіл: улаиу іні-йігүнім, оғланым, бір-екі оғушым, будуным, бірійе шад апыт беглер, йырайа— тарқат буйруқ беглер, отуз… — Сөзімді түгел есіткін: іні-жиенім, ұлым, бір-екі жақын руым, халқым, оңымдағы уəзір ұлық бектер, солымдағы тарқан бектер, отыз… [9]. Бірінші сөйлемдегі Елтеріс қаған, білге Тоникуқ жалқы есімдері, екінші сөйлемде іні-йігүнім, оғланым, оғушым, будуным (іні-жиенім, ұлым, руым, халқым) тəуелдік жалғаулы бірыңғай зат есімдер берілген.

Бірыңғай бастауыштар жалғаулықтар арқылы жəне жалғаулықсыз байланысады.

  1. Бірыңғай баяндауыштар.

Түрк будун өлті, алқынты, йоқ болты — Түркі халқы қырылды, алқынды, жоқ болды. Қарлуқығ өлүртіміз, алтымыз — Қарлұқты өлтірдік, жеңдік. Етістікті бірыңғай баяндауыштар қимылдың бірінен соң бірі болып жатқан мезгілдестігін білдіреді.

  1. Бірыңғай анықтауыштар. Заттың сындық сапасын білдіретін сын есімдер заттанып бірыңғай бастауыштық қызметте жиі жұмсалады.

Едгү білге кісіг, едгү алып кісіг йортмаз ерміс — Жақсы білгіш кісіні, алып (батыр) кісіні қозғамады. Сүчіг сабын, йумчақ ағын ерүр, ырақ будунығ анча йағытур ерміс — Тəтті сөзін, жұмсақ қазынасын беріп, алыс халықты өзіне жақындатқан еді. Мұндағы білге (білгіш), алып (батыр), сүчіг (тəтті), йумчақ (жұмсақ), ырақ (алыс) бірыңғай анықтауыштар анықтайтын сөздерінің алдында келіп, олар мағыналық, грамматикалық белгілері жағынан ыңғайлас болып тұр. Сол сияқты ескерткіштерде бірыңғай туынды сын есімнен болған анықтауыштар да ұшырасады. Ічіре ашсыз, ташра тонсыз, йабыз, йаблақ будунта үзе олуртым — Іші ассыз, сырты тонсыз, əлсіз, нашар халыққа отырдым.

  1. Бірыңғай толықтауыштар.

Берійе табғачығ, өңре қытанығ йырайа оғузуғ өк өлүрті — Түстікте табғашты, шығыста қытанды, терістікте оғызды көптеп өлтірді. Келігме беглерін будунын ітіп йығып азча будун тезміс еді — Келген бектерін, халқын жиып жатқанда аздаған халық қашқан еді. Бұл жерде бірыңғай тура толықтауыштар жалғаулықсыз байланысқан. Он оқ оғлыңа, татыңа тегі буны көрү білің, беңгү таш тоқытдым — Он оқ оғлыңа, татыңа дейін бұны көре білің, мəңгі тас тоқыттым (қалаттым). Сөйлемдегі оғлыңа (ұлыңа), татыңа (туыстық атау) жанама толықтауыштары да өзара жалғаулықсыз айтылып тұр. Бұлардың жалғаулықты түрлері көп кездеспейді.

  1. Бірыңғай пысықтауыштар.

Қапаған қаған …түн удыматы күнтүз олурматы — Қапаған қаған үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Ілгерү күн тоғсыққа, біргерү күн ортусығару, қуырғару күн батсықыға, йырғару түн ортусыңару анча ічрекі будун қоп маңа көрүр, анча будун қоп ітдім — Ілгері күн шығыста оң жақта күн ортасында, кейін күн батыста, сол жақта түн ортасында — соның ішінде халықтың көбі маған бағынды, халықты сонша көп еттім. Мысалдардан бірыңғай пысықтауыштарды байқаймыз.

Көне түркі тіліндегі сөйлемнің тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелерінің жасалу жолдары, олардың сөз таптарына қатысы қазіргі қазақ тілінен алшақтамайды. Бұдан қазіргі қазақ тілі мен көне түркі тілінің синтаксистік құрылымының дамуында сабақтастық бар деуге болады.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Қазақ грамматикасы. — Астана, 2002. — 784 б.
  2. Қордабаев Т. Тарихи синтаксис мəселесі. — Алматы: Ғылым, 1964. — 20-б.
  3. Əмір Р., Əмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 2003. — 124–245-б.
  4. Айдаров Ғ. Күлтегін ескерткіші. — Алматы: Ана тілі, 1995. — 145-б.
  5. Есенқұлов А. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. — Алматы, 1976. — 85-б.
  6. Айдаров Ғ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі. — Алматы: Мектеп, 1986. — 115-б.
  7. Шаяхметова М.Х. Қазіргі қазақ тіліндегі сөйлемнің бірыңғай мүшелері. — Алматы, 1980. — 4-б.
  8. Құрышжанов Ə., Томанов М. Орхон-Енисей ескерткішінің зерттелу тарихы мен грамматикалық очерктері. —Алматы, 1964. — 104-б.
  9. Айдаров Ғ. Тоникуқ ескерткішінің тілі (VІІІ ғ.). — Алматы: Қазақстан, 2000. — 105-б.

 

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.