Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

І және ІІ Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясының рөлі мен қызметі

Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясының құрылуы мен оның қызметі мұсылмандардың саяси сана-сезімі оянуының және дамуының маңызды көрсеткішіне айналды. І және ІІ Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясы назарында үш негізгі мәселе болды: аграрлық, саяси өмірді демократиялау және ұлттық-діни қатынастар. Осылайша, І және ІІ Думалар қызметінде Мұсылман фракциясы айтарлықтай маңызды рөл атқарды. Мақалада патшалық империяның аграрлық, соның ішінде қоныстандыру саясатына қатысты Мұсылман фракциясы депутаттарының көзқарастары мен І және ІІ Мемлекеттік думадағы олардың қызметі қарастырылған. Мұсылман фракциясының депутаттары Дала өлкесінің жергілікті халықтарының мүдделерін қорғап, жер мәселесін құқықтық тұрғыдан шешуге ұмтылып, аталған мәселелерді талқылауға қатысып отырды. Мақала авторлары думалық комиссиялардағы мұсылман депутаттарының заңшығарушылық қызметі мен жұмысына талдау жасаған. Сонымен қатар, Дала өлкесінің атынан сайланған Мұсылман фракциясының көрнекті мүшелері Ш. Қосшығұлұлы мен Т. Нурекеновтің ұстанымдары туралы айтылған.

Кіріспе

ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихының мәселелерін ұғыну қазіргі кезеңдегі тарих ғылымының өзекті және көптеген жағдайларда қарама-қайшы мәселелердің бірі болып саналады. Қазақтардың тарихында өткен ғасырдың басы ерекше орынға ие.

1905–1907 жылдардағы Ресейдегі революцияның бірден–бір оң нәтижесі ретінде жаңа саяси дәстүрдің (ресейлік парламетаризмнің) пайда болуын және оның қалыптасуын атап көрсетуге болады. Аталған кезеңдегі революциялық толқулар император ІІ Николайды 1905 ж. 17 қазанда өзінің мәні жағынан абсолюттік монархияның ыдырап, парламенттік монархияға өтуін анықтап берген «Мемлекеттік тәртіпті жетілдіру» жөніндегі манифестке қол қоюға мәжбүрледі. Өз кезегінде, бұл манифест халықтардың этникалық сана-сезімінің өсуіне, ұлттық-қоғамдық және саяси бірлестіктердің пайда болуына ықпал етті. Бұл ХХ ғасырдың басында саяси аренада жаңадан пайда болған және Ресей империясының қоғамдық-саяси өмірінде айтарлықтай маңызды роль атқарған Мемлекеттік думада этнотерриториялық немесе этноконфессионалдық негізде ұйымдастырылған құрылымдардың қалыптасуына алып келді. Мұндай құрылымдардың бірі — құрамына Дала өлкесі мен Түркістанның депутаттары кірген Мұсылман фракциясы болып табылады.

Мұсылман фракциясының Мемлекеттік думада, сонымен қатар империяның құрамындағы мұсылман халықтарының қоғамдық-саяси өмірінде атқарған рөлі мен қызметі ерекше. Сондықтан, құрамына Ш. Қосшығұлұлы пен Т. Нурекенов кірген және Дала өлкесінің мүдделерін қорғаған Мұсылман фракциясының тарихын, оның І және ІІ Думадағы қызметін зерттеу үлкен ғылыми қызығушылық тудырады.

Осымен бірге І және ІІ Дума жұмысы кезеңінде Дала өлкесі мен Түркістанда ұлтаралық қатынастарды және әлеуметтік-саяси тұрақсыздықты реттеу мәселесі тұрды. Бұл мәселелер жер иелену және жерді қолдануда, орталық пен жергілікті жерлердегі басқаруды және өзін-өзі басқаруды ұйымдастыруда, осымен бірге білім мен мәдениет, дін салаларында көрініс тапқаны белгілі. Осындай мәселелерді шешуге талпыныс білдірген және І-ІІ Думалардағы маңызды рөл атқарған Мұсылман фракциясының рөлін зерттеудің тек қана ғылыми-теориялық емес, сонымен бірге танымдық және саяси-қолданбалы маңызы бар.

Зерттеу әдістері

Мақаланың әдіснамалық негізін тарихи құбылыстардың дамуын зерттеуге мүмкіндік беретін танымның жалпы ғылыми принциптері, соның ішінде историзм принципі құрайды. Тақырыпты зерттеу барысында хронологиялық және тарихи салыстыру әдістері қолданылды. Хронологиялық әдіс І және ІІ Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясы қызметінің динамикасын зерттеуге, тарихи салыстыру әдісі Дала өлкесіндегі тарихи құбылыстардың ортақ тұстары мен ерекшеліктерін зерттеуге мүмкіндік берді.

Талқылау

Дала өлкесінде І Мемлекеттік думаға сайлау өткізу күрделі жағдайда жүрді. Себебі, Дала өлкесі әскери жағдай жарияланған жергілікті орындар тізіміне кірді және мұндай жағдайдың өзі әкімшіліктің озбырлығы үшін үлкен мүмкіндіктер тудырды. Мысалы, 1906 ж. 24 қаңтарда Ақмола облысының әскери губернаторының қаулысына сәйкес жиналыстар, манифестациялар, т.б. жаппай іс- шаралар жүргізуге тыйым салынды.

Мемлекеттік думаға сайлау кезінде Думаны көшпенділердің құқықтарын қорғау үшін қолдануға шақырған алдыңғы қатарлы қазақ демократиялық интеллигенциясы өздерінің қызметін белсендете бастады. Дала өлкесінің жергілікті тұрғындарын кемсітуге қарамастан, бұл құбылыс Ресейде және оның шеткері аймақтарында парламентаризмнің қалыптасуының бастамасына айналды.

Қазақ даласындағы І Думаға сайлау компаниясы 1906 жылдың сәуір айының аяғында басталды. Бұл кезеңде Мемлекеттік дума өзінің қызметіне кіріссе, ал Семей облысының волостарында тек қана сайлаушылардың тізімін тексеріп үлгерді [1: 40]. Сайлау алдындағы күрес Омбыда, Ақмолада, Семейде, Петропавлда, Өскеменде орын алды және социал-демократтар айтарлықтай белсенділік танытты. Олар Думаның бойкот жариялау тактикасын қателік деп танып, жергілікті социал- демократтарды сайлау компаниясына қатысуға үгіттеді. Социал-демократтармен бірге, Омбыда, Семей мен Өскеменде сайлау компанияларында кадеттердің жақтаушылары да белсенділік танытты.

Жалпы алғанда, қоғамдық өмірдің кейбір жандануына қарамастан, сайлау алдындағы агитация тек қана Дала өлкесінің ауылдық жерлерінде емес, сонымен бірге қалаларда да кеңінен жүргізілген жоқ. Қала тұрғындарының айтарлықтай бөлігі сайлауды елемеген және мұның себебі жергілікті әкімшіліктің жазалау саясатымен байланысты болды.

1906 ж. маусымда Дала өлкесі халықтарының арасынан І Мемлекеттік думаға депутаттарды сайлау өтті. Көкшетауда өткен Ақмола облысы сайлаушыларының жиналысы нәтижесінде Думадағы қазақ халқының өкілі ретінде көкшетаулық молда Шаймерден Қосшығұлұлы сайланса, Семей облысының орыс халықтары тарабынан дәрігер және социал-демократ В.И. Ищерскийді сайлаған.

Жалпы алғанда, революцияға дейінгі кезеңдегі Думаға барлығы 79 мұсылман депутат сайланған: соның ішінде І Думаға — 25 депутат, ІІ Думаға — 37 мұсылман депутат, ІІІ Думаға — 7 депутат сайланған [2: 146–179]. Мұсылман депутаттарының жалпы саны арасынан І Думаға Дала өлкесі мен Түркістаннан төрт депутат: А. Биримжанов, А. Кальменов, Ш. Қосшығұлұлы, А. Букейханов ұсынылса, ІІ Думаға — 10 депутат: Т. Абдухалилов, Т. Аллабергенов, М. Нурбердыханов,

М.Т. Тынышпаев, С.А. Мухамеджанов және А. Кариев, Ш. Қосшығұлұлы, Т. Нурекенов, С.Б. Қаратаев, А.К. Беремжанов сайланды [3: 276–314].

Жалпы алғанда, екі айдың ішінде І Дума қандайда бір заң жобасын қабылдап үлгерген жоқ. Оның негізгі қызметі үкіметтің және оның жекелеген мүшелерінің саясатын сынға алумен, комиссия сайлаумен және патша үкіметіне жауап сөздерін даярлаумен және сонымен бірге, І Думаның көтерген негізгі мәселесі аграрлық саламен тығыз байланысты болды.

Мамыр айының өзінде-ақ Дума депуттаттары арасында «егер, аграрлық мәселе төңірегінде шиеленіс ушықса, үкіметтің Думаны тарататыны» жөніндегі ақпарат тарай бастаған. Патша үкіметі бұл мәселені өзінің игілігіне пайдаланып, «халықтың атынан сайланған депутаттар заңшығару істерімен айналысудың орнына, өздеріне тиісті емес жұмыстармен шұғылдануда» деген сылтаумен І Дума таратылған болатын. І Думаның тез арада таратылуына байланысты Мұсылман фракциясының құрылу үрдісі аяқталмай қалды және фракция ресми түрде тіркеліп үлгерген жоқ еді.

І Думаның 1906 жылдың сәуірінен бастап шілдеге дейін қысқа уақыт жұмыс жасағанына қарамастан, оның қызметі Ресей империясының саяси дамуының маңызды факторына айналып, қоғамдық өмірдің көптеген салаларына өзінің ықпалын тигізді. Думаға әртүрлі саяси партиялар мен халықтардың жарқын өкілдері сайланды. Олар фракцияларды құру, палатаның регламентін өңдеу, үкіметке депутаттық сұраныстарды жіберу т.б. маңызды жұмыстар бойынша өздерінің шеберлігін көрсетіп, ағарту ісіне, мәдени-ұлттық автономияларды дамытуға, ұлттық азшылдықты қорғауға айтарлықтай көңіл бөлді. І Дума қызметі ұзаққа созылмағанымен, парламентаризм идеясы интеллигенция тарабынан қолдауға ие болды.

Осымен бірге, І Думаның таратылуына қарамастан, қазақ даласындағы қоғамдық толқулар тоқтаған жоқ және бұл ІІ Думаға сайлау өткізу іс-шараларының басталуымен байланысты болды.

1907 жылдың қаңтар-ақпан айларында Дала өлкесінде ІІ Мемлекеттік думаға сайлау жұмыстары өтті. ІІ Думаға сайлау қарсаңында революцияның шегінуіне байланысты елдегі жағдай өзгеріске ұшырады. Сондықтан, сайлау алдындағы компанияға тек қана социал-демократтар емес, сонымен бірге эсерлерде қатысты. Биліктің жазалау шараларына қарамастан және І Думаға сайлау кезеңімен салыстырғанда социал-демократтар сайлау алдында үгіт-насихат жұмыстарының заңсыз, сонымен бірге заңды түрлерін қолданып, белсенділік танытты. Мысалы, Ақмола облысында социал- демократтар тек қана үндеухат таратып қойған жоқ, сонымен бірге Думаға қатысты өздерінің тактикасын насихаттау бойынша сайлау алдындағы жұмыстарын жүргізді. Жалпы алғанда, Дала өлкесіндегі сайлаудың нәтижесінде ІІ Думаға Ақмола облысынан Ш. Қосшығұлұлы, Семей облысынан Т. Нурекенов, Семей облысының орыс халықтарынан Н.Я. Коншин, Сібір казак әскері атынан И.П. Лаптев, Ақмола облысының орыс халықтары арасынан социал-демократ А.К. Виноградов сайланды [1: 41].

Осылайша, ІІ Мемлекеттік думаға да, І Думаға сайланған және патшалық Ресейдің әлеуметтік- саяси құрылысының қайта құрылуын қолдаған халық арасында беделі бар депутаттар қайта сайланғандығын көре аламыз.

Жоғарыда атап көрсеткендей, ІІ Думада құрылған Мұсылман фракциясының құрамына Ш. Қосшығұлұлы пен Т. Нуркенов кірген болатын. Аталған фракцияның мақсаты — Ресейдің шеткері мұсылман аймақтарының құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету болды. Осымен бірге, Мұсылман фаркциясының депутаттары аграрлық мәселе бойынша заң жобасын даярлау істеріне белсенді түрде қатысты.

Айта кету керек, ресейлік парламентте талқыланған көптеген мәселелердің ішінде келесілер бірқатар маңызға ие болды:

  • діни заңшығарушылық (жарияланған «ар-ождан бостандығын» жүзеге асыру, діни басқару органдарын қайта құру);
  • халыққа білім беру мәселелері (ана тілінде оқыту құқығы);
  • қоныс аудару саясаты және ұлттық шеткері аймақтардың жағдайы;
  • сот реформасы (ана тілінде сот ісін жүргізу);
  • мерекелік күн жөніндегі мәселе (мұсылмандық мереке күндері демалыс мәселесі) [4].

Комиссияларда, осымен бірге ортақ пікір-таластар кезінде жоғарыда аталған мәселелерді қарастыру барысында Мұсылман фракциясы мүшелерінің біршама белсенділігі байқалады.

Мұсылман фракциясының депутаттары аграрлық мәселе бойынша заң жобасын даярлауда үлкен белсенділік танытты. Депутаттардың талабы бойынша І Думада құрылған және 101 мүшеден, соның ішінде 10 орын Дала өлкесі мен Сібірден шыққан депутаттарға тиесілі болған аграрлық комиссия ІІ Дума тұсында да аграрлық мәселеге көп көңіл бөлді [4].

«Иттифак-аль-муслимин» партиясының бағдарламасына сүйенген мұсылман депутаттар аграрлық мәселені шешудің өзіндік нұсқасын ұсынды. Бірінші нұсқада жерді облыстардың жеке меншігіне беру, соңынан, жерді тек қана диқаншылықпен емес, сонымен бірге көшпелі мал шаруашылығымен айланысатындар арасында әділ түрде шешуге шақырды. Осымен бірге, мұсылман депутаттар Дала өлкесіне ресейлік қоныстанушылар толқынын толық тоқтатуды талап етті. Бұл құжаттарды Думаға жібергеннен соң, мұсылман депутаттары биліктің жоғарғы органына қазақ жеріндегі қоныстандыру комиссиясының заңға қайшы әрекеттері жөнінде сұратым білдірді.

Қазақ халқының атынан сайланған депутаттарға думалық трибунаға шығып сөйлеу мүмкіндігі берілген жоқ, сондықтан олар сайлаушылардың тілегін орындаудың басқа тәсілдерін қолданды. Мысалы, ІІ Думаның жұмыс жасаған кезеңінде депутаттар Ш. Қосшығұлұлы пен Т. Нурекенов қоныстандыру мен егін шаруашылығы Басқармасының басшысы князь Васильчиковқа барып, дала облыстарына қоныстандыруды тоқтату қажет екендігіне үкіметтің назарын аудару мақсатында қазақ халқының жағдайы жөнінде өздерінің ойларын білдірген [5: 85].

ІІ Думаның жұмысы кезеңінде депутаттық корпустың ықпалымен қазақтарды қоныстандыру мәселесі бойынша Үкіметтік кеңес шақырылды. Оның жұмысына Дала өлкесінің депутаттары Б.Б. Каратаев, А.К. Беремжанов, Т. Нурекенев, Ш. Қосшығұлұлы кірген. Бірақ, Ш. Қосшығұлұлы мен Т. Нурекеновтің Торғай, Ақмола және Семей облыстарына қоныстандыру учаскелерін құруды тез арада тоқтату керек деген талаптарына қарамастан, шақырылған Үкіметтік кеңес аталған талаптың орындалуы мүмкін емес деп шешкен [6].

Осымен бірге, мұсылман депутаттарының Думаның заңшығарушылық бастамаларына қосқан үлестері бар. І Думада мұсылмандар өздерінің ұйымдастырушылық жағынан әлі толық қалыптаспаған болатын және енгізілген бастамалардың 80 %–на (барлығы 15 бастама, соның 12–сі кадеттердің бастамасы) ие болған кадеттердің тарабынан шектеуге алынды. Сондықтан, өзіндік жобаларды ұсынбаған мұсылман депутаттар кадеттердің заң жобаларына қол қойды. Мысалы, 18 мұсылман депутат, соның ішінде Ш. Қосшығұлұлы кадеттердің «Діні мен ұлтына байланысты саяси және азаматтық құқықтардың шектелуінен бас тарту жөніндегі негізгі ережелердің Жобасына» өздерінің қолдарын қойған [7: 67].

ІІ Думада заң жобаларын даярлау үшін әртүрлі комиссиялар құрылды. 33 мүшеден құралған жеке адамның дербес құқықтылығы жөніндегі комиссияға Ақмола облысының орыс халықтары атынан шыққан депутат, социал-демократ А.В. Виноградов ұсынылса, жергілікті сот жөніндегі комиссияға Семей облысының атынан шыққан депутат және заң жөнінде білімі бар Н.Я. Коншин кірген [1].

Өзіміз көріп отырғандай, Дала өлкесінің депутаттары өз ортасынан юриспруденция саласы бойынша жауапты және сауатты, оларды ұсынған халықтың өмірін жақсартуға қабілеті бар тұлғаларды ұсынған. Бірақ, Мемлекеттік думаға оппозияцияның қуылуына байланысты Ресейде қалыптасқан сот құрылысы мен заң шығаруды өзгерту бойынша жұмысын бастаған комиссияның қызметі аяқталмай қалды.

І және ІІ Мемлекеттік думаларда аймақ депутаттары Дала өлкесі халықтары үшін маңызға ие болған сот құрылысы мен құқықтық жүйені ұйымдастыру жөніндегі мәселелерді объективті себептерге байланысты шеше алмады. Осымен бірге, қазақ халқы депутаттарға берген өздерінің тілектерінде 1891 жылы қабылданған Дала жинағын өзгертуді талап етті. Өзімізге белгілі, 1891 ж. Дала жинағы енгізілгеннен соң халық соты мен қазақтардың қарапайым құқықтарын шектей отырып, үкімет империялық құқық пен сот құрылысының рөлін нығайтқан болатын.

Дала өлкесінің депутаттары қатысқан І және ІІ Дума қызметін қарастыра келе, Дала өлкесінің жағдайын жеңілдетуге бағытталған бірде бір заң қабылданған жоқ. Әрине, бұған депутаттардың белсенділігінің жеткіліксіздігі себеп болған жоқ. Мұның себебі мемлекеттік құрылыс жүйесінің басқарудың парламенттік формасын қабылдауға дайын еместігі болып табылады.

Барлық негізгі мәселелер бойынша ІІ Дума мен үкімет арасындағы қарама-қайшылықтар шиеленіс сипатына ие болды. Әскери қастандық ұйымдастырды деп айыпталған социал-демократтар фракциясы депутаттарын қылмыстық жауапкершілікке тарту ІІ Думаны таратудың бірден-бір себебіне айналды. Осылайша, 1907 жылы 3 маусымда ІІ Мемлекеттік дума таратылды.

ІІ Дума таратылған соң, үкімет белсенді түрде саяси әрекеттерге көшті, бәрінен бұрын, Думаға сайлау жөніндегі заңға халықтың құқығын шектеген өзгерістер енгізілді. Ұлттық шеткері аймақ халықтарының өкілдер саны қысқартылса, Қазақстан мен Түркістан халықтары (бір депутат ұсынуға құқығы болған Орал әскери казак әскерінен басқа) мүлдем сайлау құқығынан айырылды.

Әрине, Дала өлкесінің атынан Мемлекеттік думаға сайланған Мұсылман фракциясы мүшелерінің қатарында Ш. Қосшығұлұлы мен Т.Нурекеновтің рөлі ерекше.

Қосшығұлұлы Шаймерден (Шахмерден), (шамамен 1869/1874–1932 жылдар) — қоғам

қайраткері. Қазіргі Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданының Қоғам ауылында туған. Науан хазіретінде, Бұқара медресесінде оқыған. 1903 жылы Көкшетау уезінде Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы күреске шақырған үндеу хат таратқаны үшін Сібірге айдалып, 1905 жылы бірінші Орыс революциясы дүмпуімен айдаудан қайтқан. 1906 жылы қаңтарда Санкт-Петерборда өткен Бүкілмұсылмандар съезіне делегат болды. Съезде мұсылмандардың халықтық саяси партиясын құру қажеттігін қуаттаған. Партия бағдарламасын жасау жөніңдегі комиссия құрамына кірген. 1906–1907 жылдары І Мемлекеттік думаға Ақмола облысынан депутат болып сайланған. 1906 жылы Нижний Новгород қаласында өткен Бүкілресейлік мұсылмандардың үшінші съезіне қатысып, оның төралқасына сайланады, съездің ағымдағы саяси ахуал, оқу және дін істері жөніндегі қаулыларын әзірлеуге қатысқан. Съезде құрылған «Ресей мұсылмандар одағы» ұйымының Орталық Комитетінің құрамына сайланған. Екінші Мемлекеттік думаның депутаты болды. Мұсылман фракциясының құрамына енген [8].

А. Бөкейхановтың жерлесі Т. Нурекенов 1859 ж. көшпендінің отбасында дүниеге келген және қазақ бастауыш мектебін аяқтаған. Кейін ол Павлодар облысының Сейтенов волостының волостық басқарушысы қызметін атқарған. Осымен қатар, ол мал шаруашылығы және саудамен айналысқан. Т. Нурекенов «Выборг үндеуіне» қатысқаны үшін ІІ Думаға сайлану құқығынан айырылған А. Бөкейхановты айырбастауға мүмкіндік алған бес үміткердің бірі болған. 1907 ж. 12 ақпанда Т. Нурекенов ІІ Думаға қабылданып, Мұсылман фракциясы мен Сібір тобына кірген, осымен бірге жұмыссыздарға көмек беру жөніндегі пікірталастарға қатысқан. Өкінішке орай, ІІ Дума таратылғаннан соң оның тағдыры белгісіз болып қалған [9]. Әрине, І және ІІ Мемлекеттік думаға сайлаудың нәтижелері Дала өлкесі халықтарының демократиялық өзгерістерге деген қызығушылығының бар екендігін көрсетті. Осы себептен, сайлау құқықтарының шектелуіне қарамастан, ІІ Думаға халық арасында беделге ие болған және әлеуметтік-саяси құрылыстың қайта құрылуына қолдау білдірген Мұсылман фракциясының мүшелері Ш. Қосшығұлұлы мен Т. Нурекенов сияқты жеке тұлғалар сайланды. Олар өздерінің сайлаушыларының тілектерін орындауға тырысып, өздерінің борыштары мен әрекеттеріне адал болды.

Қорытынды

1905–1907 жж. Бірінші орыс революциясы жеңіліс тапқанымен, дәстүрлі қазақ қоғамының сана- сезімінің дамуына үлкен ықпал етті. Ресейдегі революциялық оқиғалардың ықпалы арқасында саяси аренаға қазақ халқының ұлы тұлғаларының ерен жүйріктері шықты.

Ресейдің Мемлекеттік думалары қызметіне қазақ халқының үздік өкілдерінің қатысуы Дала өлкесінің тарихында маңызды әрі шешуші рөл атқарды. Атап айтқанда, Ұлы Даланың үздік өкілдері Мемлекеттік думаның трибунасына шығып, маңызды мәселелер, бірінші кезекте жер мәселесі жөнінде өздерінің ұстанымдарын мәлімдеді.

Жалпы алғанда, Мемлекеттік думаның тиімділігі айтарлықтай төмен болды. Әрине, бұған дәстүрдің толық қалыптаспауы және жоғарғы биліктің депутаттарға деген жағымсыз қатынасы, осымен бірге, халықтың үлкен бөлігінің күмәнмен қарауы себеп болды.

Дегенмен, бұл дамудың маңызды кезеңі және қоғамның саяси өмірінің қажетті элементі болып табылды. Себебі, Дала өлкесі өкілдерінің І және ІІ Мемлекеттік думаның қызметіне қатысуы жергілікті халықтардың азаматтық белсенділігінің өсуін көрсетіп берді.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Буктургутова Р.С. Общественное движение в Степном крае в конце ХІХ – начале ХХ вв.: автореф. дис д-ра ист. наук / Р.С. Буктургутова. — Омск, 2007. — 51 с.
  2. Усманова Д.М. Мусульманские представители в российском парламенте (1906– 1916 гг.) / Д. Усманова. — Казань, 2005. — 584 с.
  3. Ямаева Л.А. Мусульманские депутаты Государственной думы России. 1906–9017 гг.: сб. док. и матер. / Л.А. Ямаева. — Уфа, 1998. — 384 с.
  4. Усманова Д.М. Мусульманские депутаты в Государственной думе (1906–1917 гг.): новая политическая элита в Российской империи [Электронный ресурс] / Д.М. Усманова. — Режим доступа: https://kpfu.ru/portal/docs/F_20998879- 31/155_3_1_gum_11.pdf.
  5. Озганбай О. Казахское представительство в Госдуме / О. Озганбай // Мысль. — 1996. — № 6. — С. 85.
  6. Yuliya A. Lysenko. The Representatives of the Steppe Region and Turkestan in the Russian Parliament: the Experience of Fractional Interaction in Solving Regional Ethno-Social Problems / А. Yuliya // Bylye Gody. — 2017. — Vol. 44. — Iss. 2. Retrieved from http://case.asu.ru/files/form_312–27178.pdf.
  7. Усманова Д. Мусульманская фракция и проблемы «свободы совести» в Государственной думе России (1906–1917) / Д. Усманова. — Казань: Мастер Лайн, 1999. — 164 с.
  8. Косшыгулов Шаймерден. [Электронный ресурс]. Режим доступа: https://www.inform.kz/kz/kosshygulovshaymer- den_a2261979.
  9. Казахи в Государственной думе Российской империи. [Электронный ресурс]. Режим доступа: https://e-histo- ry.kz/ru/news/show/4638/.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.