Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Төре əулеті өкілдерінің жеке шаруашылығы мен экономикасының тарихынан

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж. Тоқаев өзінің халықаралық «Ұлытау – 2019» туризм форумында сөйлеген сөзінде Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханның есімін ұлықтауды міндетті түрде қолға алу қажеттігін атап өткені белгілі. Кейбір зерттеушілер еңбектерінде Жошының хан дəрежесі болмағанын алға тартады. Тарихи əдебиетте Жошының есімін Джучи деп жазу қалыптасқан. Алайда қазақтың қария сөздері, шежірелері мен тарихи жырларында Жошы есімі Жошы хан ретінде жырланады. Оның үстіне Ұлы хан Шыңғыс ханның өзі Жошыға жерлерді Жошы Ұлысы ретінде үйлестіргені де тарихи факт есебінде Жошының мемлекет басқарушы ұлысбасы, яғни Ұлыс ханы болғанын көрсетеді. Хан дəрежесінде Жошы Ұлысы атты ұлан-ғайыр мемлекеттің басында тұрған əйгілі тарихи тұлға, ел билеушісі болғаны бүкіл əлемге белгілі. Алтын Орда мемлекеті ыдыраған соң, кейін Қазақ хандығының мемлекетін басқарған саяси билеуші əулеттерінің өкілдері де Жошы ханнан өсіп өрбіген ұрпақтар еді. Сондықтан, қазақ халқы оларды «ақсүйек» деп аталған əлеуметтік дəрежесіне сай «төре» деп келді. Далалық əдет бойынша хандық мемлекеттің дəстүрлі саяси титулатура жүйесінде чингизид, оның ішінде джучид төре əулеті тұқымдарына тумысынан «сұлтан» атағы таңылатын болды. Көшпелі жеке рулардың ортақ ұлыс-жұрттарын басқарған сұлтандардың ортасынан бұрыннан-ақ қалыптасқан байырғы жол-жоба, салты бойынша, ішінен ең лайықтысын халық кемеңгерлері — рубасы ақсақалдары мен билері, даңқты батырлары төрелік жасауға лайық сұлтанды ақ киізге отырғызып, хан көтереді. Қазақ хандары мен сұлтандары туралы жасалған зерттеу жұмыстары жалғасын тауып, жаңа ізденістер жүргізіліп жатқанымен, бұл мəселеге мемлекеттік тапсырыс ретінде тың мағына берілгендіктен, жаңа қарқынға ие болары сөзсіз. Мақала қазақ қоғамындағы төре əулеттерінің экономикалық-тұрмыстық, шаруашылық ахуалына үңілуге арналған. Нақты айтқанда, төрелер əулеттерінің экономикалық жеке табыс көздері мəселесін талдау арқылы Қазақ хандығы тұсындағы алым-салық жүйесін зерттеу көзделген. Бұл мəселенің қаралуы барысында қазақ əлеуметінің билеуші тап өкілдері мен шаруалардың экономикалық қарым-қатынас жүйесіндегі хан-сұлтандардың халық ортасында табысы туралы көзқарастары зерделеуге алынды. Кеңестік дəуір идеологиясы таптық қайшылық туралы тұжырымды ұстанды. Дəстүрлі қоғам шаруашылығы мен экономикасы мəселелері туралы əлдеқайда шынайы түсінік қалыптастыру маңызды. Бүгінгі қазақ халқы мен өткен замандағы дəстүрлі қоғамдық қарым-қатынастар кезеңінде орын алған алым-салық жүйесі туралы тарихи деректерді салыстыра отырып, жаңа ізденіс жасауға талпыныс жасалды.

Кіріспе

Бұл тарихи мəселені зерделеуде талдауға алу қажет маңызды бір қыры — төре əулеттерінің əлеуметтік-шаруашылық өміріне қатысты əлеуметтік-шаруашылық қарым-қатынастар, оның ішінде экономикалық жүйедегі төре өкілдерінің табыс көздері туралы ізденіс жасау болмақ. Төре институтын зерттеу бағытында қолға алған бұл ізденіс зерттеу объектісін жан-жақты қарастыруды көздейді. Тақырыпты қозғағанда салыстыруға түсетін тарихи дерек көздері мен сүйенетін зерттеулер барын аңғарамыз. Солардың ішінде, Шыңғыс хан мемлекетінің экономикалық тарихи-құқықтық тұрғыда, əлеуметтік-экономикалық, əулеттік-тұлғалық тарих тұрғысынан талқылайтын жағы да бар. Көптеген ғылыми-зерттеу еңбектерде кездесетін тарихи мəліметтерден төре əулеттерінің шаруашылық пен экономикасы тұрғысындағы табыс табу түрлері — салық салу, олжа түсіру, сыйлық алу; шығын жасалу жолдары — қайырымдылық жасау, шүлен тарату, садақа мен зекет беру жəне т.б.

Ханның ордасы тұрақтаған қорық жерлері туралы баяндалып айтылатын тарихи мəліметтер араб-парсы деректемелерінде жиі кездеседі. Хан қорықтары билеуші əулеттеріне тиесілі маңызды экономикалық негізі болғаны да белгілі. Себебі, ханның қамалы мен тұрақтайтын жері құнарлы келетін аймақты, суаты мол, егіншілікке қолайлы, малға жем-шөптің мол қоры бола алатын табиғат байлығына толы өлке болуы тиіс екені де айдан анық. Хан ордасының орналасатын жерлері тек қана геостратегиялық жағынан ғана емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді болуымен əскери-соғыс амалдары тұрғысынан қауіпсіз келетін алқапта болатыны белгілі. Басқа елдердің сапарлап, саяхаттап келетін елшілері жол бойы байқаған қала, шаһарлары мен елді мекен, ауылдарын бақылап отырып, сапарнама жазбаларында да хаттаған. Онда олар елдің егіншілігі мен қалалық құрылысы дамыған өлкелерін де сипаттап өткен. Шаруашылық-экономикалық тұрғыда егіншілік алқаптары мен қалалық өмір дамыған өлкелер сауда мен керуеншілік үшін жəне соған байланысты ұлыстың экономикалық іргелі негізі болып табылатын басты табыс көздеріне де тікелей қатысты.

Зерттеу əдістері

Қазақ хандығы мемлекеті ХІІІ ғасырда əлем тарихының саяси сахнасына келген Шыңғыс ханның түркі ру-тайпаларының басын қосып құрған киіз туырлылықтыларының мемлекетілігінің дəстүрлі жалғасы екендігі мəселесі ғылыми парадигма тұрғысынан басты методологиялық ұстаным бола алады. Жүйелілік əдісі тұрғысынан, бұл саяси-мемлекеттілік құрылымдар хронологиялық кезең бойынша, өзара тарихи-салыстырмалы əдіс тұрғысынан да қарастырылуы мүмкін. Тарих ғылымы аясындағы тағы бір əдіснамалық құрал — əлеуметтік-саяси жəне шаруашылық экономикалық жүйелер мен құрылымдарды, оның негізгі құраушы элементтері мен компоненттері тұрғысынан ұқсастырып салыстыру, ара-жігі мен айырмашылықтарын ашып қарастыру жəне жүйелілік талдауға алу жолымен зерттеу тиімді болып табылады. Мысалы, бұл мемлекеттер экономикалық тұрғыда барлығы көшпелі елдер ретінде танылып келді, бірақ тарихи деректер олардың мемлекеттік- экономикалық жүйесі тек қана мал шауашылығы ғана емес, кешенді экономикаға, оның ішінде қалалар мен отырықшы елді мекендер жəне үлкен көш жолдары мен сауда-керуен жолдарының жүйесі тығыз байланыста болғаны анықталған. Этномəдени тұрғыдағы тарихи сабақтастықпен қатар дүниетанымдық-идеологиялық жүйелердің де жақындығы, біте қайнасқан байланыстылығы да бар. Əсіресе, саяси-басқарушылық, билеуші əулеттердің, сонымен сюзерен-воссалдық қатынастар мен рулық-туыстық жүйелердің өзара тығыз біртұтас туыстық-əлеуметтік құрылым ретінде қоғамдық- қауымдық тұрғыда біте қайнасуы да тұрақты дамуы тарихындағы мемлекеттілік институттың өте əлді құрылым ретінде жасақталуын көрсетеді. Осындай теориялық-методологиялық іргелі негіз ғылыми- зерттеу əдіснамасының берік тұжырымына айналып отыр жəне ғылыми ізденістің маңызды алғышарты болып табылады.

Нəтижелері мен оларды талқылау

Қазақ хандығы Шыңғыс ханның түркі ру-тайпалары құрған киіз туырлылықтыларының мемлекеті деп тарихта атаған үлкен империяның ыдырағанынан соң пайда болған жаңа мемлекет, онда Шыңғыс тұқымдарының саяси билікті жалғастырғанын ескерсек, Қазақ хандығы тарихтағы «Ұлық Ұлыс», «Жошы Ұлысы» мен «Алтын Орда» елдерінің тікелей мұрагері. «Алтын Орда» аталып жүрген кезең мен Қазақ хандығы құрылғаннан кейінгі кезең деп осы екі аралықтағы тарихи дəуірлерді ажыратып алғанымыз дұрыс. Алтын Орда дəуіріне үңілсек, одан əуелгі уақытта билеуші əулет (династия) басында тұрған Шыңғыс ханның кезінде біртұтас Түркі қағанаты болған түркілік ру-тайпалардың ыдырап жатқан күйінен басын біріктіріп, алуан түрлі елдерді бағындырып, оларға салық төлеуді міндеттегені белгілі [1, б. 163].

Шыңғыс ханның мұрагеріне айналған үшінші ұлы Үгедей хан салық жүйесін халыққа ауыр тимейтіндей ретке келтіріп, дегені: «Хақан əкейдің дайын тағын иемденіп, халайықты қинамауды құрмет тұтайық. Ас-су үшін қарасты жұртшылықтың бір қора қойынан жыл сайын бір ісек алып тұрайық...» [2, б. 198]. Бұл мəліметке назар салып, байқап қарасақ, Шыңғыс əулеті көшпелі елдердің мал басынан салық алып тұрғанын түсінеміз, ал отырықшы елдерге келгенде əркім өз кəсібіне қарай салық төлеген. Мысалы, егіншілер астықпен есеп айрысқан болса, Еуропа елдері əр үйден бір балта мен табылған темір рудасынан беріп отырды. Бір елдер монетамен төлесе, енді біреулер қағаз ақшамен де төлей алды. Орыс кнəздары болса ақша орнына əртүрлі бағалы аңдардың терісімен есептесті [3, б. 73–74; 4, б. 191].

Шыңғыс хан ұрпақтарының салықтан тыс тағы бір табыс көзі — олжа болған еді. Олжа екі түрлі жолмен келіп түсті: бірі соғыс жорықтарынан келген олжа болса, екіншісі əртүрлі елдерден сый- сияпат түрінде əкелінген олжалар. Бірақ, түскен олжаның қай түрі болмасын бөліске салынды. Соғыстан түскен олжадан ханнан бастап қатардағы əскерге дейін үлес алған. Шыңғыс хан жорықтан келген олжа үлестіруде ең алдымен шайқаста шаһит болған сарбаздардың үлесін тарататын болған. Əскери соғыс олжасы түрлеріне қолға түскен мал-мүлік, бұйым-жиһаз, қару-жарақ, қатын-қалаш, құл-құтан, жəне т.б. болғаны анық. Олжаның ең жақсысын ел басындағылар иеленген болу керек, яғни жүйрік ат, өткір қылыш, жауһар тас, алтын бұйым, төзімді құл, сұлу қыз, т.б. [2, б. 64, 71, 95].

Cый-сияпатқа келгенде, хан əулеті жанындағы сенімді серіктерімен — олжалы қолбасшылары, жауынгер сарбаздары, ерекше ерлік көрсеткен батырларымен бөліседі немесе көбіне бүтіндей сыйлай салатын [1, б. 68–69]. Мысалы, 1246 жылы Шыңғыс ханның немересі Күйік таққа отыратын рəсімге жер-жерде елшілер келіп, əртүрлі бағалы сыйлық əкелген. Бұл жайлы Плано Карпинидің жазбасында былай таңбалайды: «Сол жерде, тауда, хан қонысынан алшақ емес маңда 500-ден аса күйме тізулі тұрды, олардың бəрі алтын мен күміске жəне жібек көйлектерге толы. Оның барлығы император мен көсемдердің бөлісіне түсті, ал жеке көсемдер өз үлесін өздерінің адамдарына бөліп берді...» [3, б. 99].

Хан əулетінің байлығын арттырып отыратын ханның сауда керуендері де жұмыс жасап жатты [3, б. 110]. Алайда, Алтын Орда дəуірінде шыңғыс тектілердің билігінің күштілігіне қарай кепілді түрдегі басты табыс көзі қоластындағы халықтан жиналатын салық екені даусыз. Қазақ хандығы тұсында төрелердің билігі бірде күшейіп, бірде əлсіреп, нəтижесінде бабалары құрған салық жүйесі жұмыс жасамады. Қазақта Шыңғыс ұрпағы хан сайланғанда оның бар мүлкін «хан талапай» дəстүрімен халық иеленіп, орнына əрбір ру мал жинап беретін əдемі дəстүр кімге де болса мəлім [5,

б. 160–162]. Дəл осындай рəсімді рудың басқарушы төресі етіп қабылданған сұлтанға да жасалатын. Оған рудың төресін де хандай көріп ақ киізге салып көтеруі айғақ болады [6, б. 49]. Демек, қазақтың төрелік еткен хандары мен сұлтандарының осындай дəстүрмен отбасыларын қамтамасыз ететін жеке шаруашылығы болды. Ал шаруашылық ісін алға дөңгелететін төлеңгіттер екені де түсінікті.

Салық мəселесіне келсек, мысалы, 1731 жылы 16 желтоқсанда Ресейдің елшісі Тевкелевтің Бөкенбай батырмен əңгімелесіп білген дерегі береді: «Оларда, қырғыз-қайсақтарда, бұрын қалалары болған, атап айтқанда: Ташкент, Түркістан, Сайрам жəне оларға қарасты қалашықтар мен елді мекендер, оларға қырғыз-қайсақ хандары мен старшындары иелік еткен. Ол қалаларда саудагер сарттар қоныстанған, солардан алым алынатын... Ал көшпелі қырғыз-қайсақтардан хан ешқандай салық алмайды, оған жол берілмейді, егер біреулер өз еркімен беріп жатса, соған ризашылық білдіреді, əйтпесе ешкімнен оның еркінен тыс ешнəрсе ала алмайды» [7, б. 62].

Қазақ хан-сұлтандарының көшпелі ру-тайпалардан салық алмағанын 1762 жылы Нұралы ханның ІІІ Петр Патшаға: «Мұнда далада маған алым беретін əдет жоқ» деп жазған хаты тағы дəлелдейді [8, б. 118]. 1759 жылдағы генерал-майор А.Тевкелев пен коллеж кеңесшісі П. Рычковтың Ресейдің Сыртқы Істер Коллегиясына берген мəліметінде Түркістанда отырған Орта жүздің ханы Əбілмəм- беттің табысы жайлы: «... Ол күнкөрісі мен табысын сол төңіректе қоныстанған жер өңдеушілер (егіншілер — авт.) мен саудагерлерден алады» деп жоғарыдағы мəліметті растайды [7, б. 582]. 1730 жылы Ресейге барған қазақ елшілері Құтлымбет би, Сейітқұл батыр жəне Тоқташ мырза қазақ хандарының қалалық жəне далалық болып екіге ажыратылатынын хабарлады [9, б. 330–331].

Олай болса, қолында қаласы жоқ далалық төрелерде ондай табыс көзі болмады. Кіші жүз билеушісі, далалық сұлтан Əбілқайыр ханның Ресейден өзіне қала салып беруді талап етіп жүрген басты себебі де осында жатыр. Қазақ сұлтандары бірде қалаларға ие болып, бірде ажырап қалған жағдайлары да болатын. Осыған байланысты болса керек немесе қалаға ықпал етіп отырған төре əулеті өкілдерінің саны тым аз болғандықтан Ресей шенеуніктері келесідей қорытындыға келген. П. Рычковтың (1712–1777) сөзін келтірсек: «Хандардың да, сұлтандардың да халықтан жинайтын белгілі бір табысы жоқ. Олар көбіне жеке басының үнемшілдігінен, оларға берілетін ерікті сый- сияпаттармен жəне соғыста түсетін олжамен күн көреді» [10, б. 202].

П.И. Рычковпен қызметтес болған А. Тевкелев «Қырғыз-қайсақтың хандарына өз халқынан үздіксіз ешбір табыс түспейді, сондықтан олар кедейшілікте тұрады жəне əділетсіз істерге баруға мəжбүр, сол себепті азық-түлікке де зəру» деп жазды [11, б. 314–315]. Меніңше сұлтандар «азық- түлікке зəру» болатын күйде болған жоқ. Дала билеушілерінде қалалардан түсетін табыс болмағанымен, олар да құр алақан емес-ті. Біріншіден, олар ұлысынан өткен шетелдік сауда керуендерінен салық алып тұрды [12, б. 398]. Бұл кəдімгі бүгінгі кеден салығы. Оның да өз тəртібі болды. Мысалы, Кіші жүз территориясында сауда керуені Ералы сұлтанның ұлысынан өткенде, оған салық төлесе, қалған ұлыстың жерінен салықсыз еркін жылжитын. Олардан Нұралы хан, Айшуақ сұлтан, Досалы сұлтан қайта салық ала алмайтын [8, б. 307].

Бұл үрдіс ХІХ ғасырда да қалмағанын фактілерден көреміз. Мысалы, ХІХ ғасырдың басында Кіші жүзде Қаратай сұлтан керуендерден салық алса [13, б. 52], 1826 жылы Темір сұлтан Ералыұлы оның иелігінен өтіп Троицк бағытында бара жатқан сауда керуенінен алым алған [14, б. 153]. Ф.К. Зиберштейннің 1825 жылы жазған жазбасында, Ұлы жүз аумағында Абылай ханның немерелері Абылай мен Ералы, Мамырхан мен Төлек Əділұлдары сауда керуендерінен салық алғанын айтады [15, б. 222–228]. Шығыс Қазақстанда 1816 жылы Шама сұлтан Құлжадан келе жатқан сауда керуеніне төлеңгітін жіберіп, ақша төлеуді талап еткен болса, 1834 жылы əйгілі Кенесары ханның ағасы Саржан сұлтан Ажалямов деген татар көпестің тауарынан заттай алым алған [16, б. 153].

XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақ пен Бұхар хандықтарын зерттеген Ж.М. Тулибаева хандар мен сұлтандардың билер мен байлармен қатар саудамен айналысқанын хабарлайды [17, б. 75]. Ол заманда адам саудасы да Алтын Орда дəуірінен жалғасқан əдеттегі жағдай болатын. Қазақтардың Ресей шекарасынан орыстарды ұстап Орталық Азия қалаларына апарып сатуы жайлы мəлімет те жеткілікті. Бір ғана мысал, 1791 жылдың қаңтарында бас старшын Сырым батырдың көмекшісі Мулабдеш Ескендірұлы Орал əскери канцеляриясына Досалы сұлтанның екі орыс азаматын ұстап алып, сатып жібергендігін хабарлайды. Ол тұтқынның біреуі Кулагин бекінісінен əкетілген екен [18, б. 88–92, 105].

Олжа мəселесіне келсек, қазақ хан-сұлтандарының қайсысы болмасын, əдеттегідей жорықтан олжа түсіріп, ең жақсысы оларға тигенімен, олардан қайыр бола қоймайтын. Əдеттегі Шыңғыс хан бабасының дəстүрі бойынша олжаны елге таратып беріп отырған. Ағылшын саяхатшысы Джон Кэстль 1734 жылы Əбілқайыр ханның ордасында болып, оның тұрмысын былай деп баяндайды: «Ру ақсақалдары — текті əулеттен тарғандар,... олардың көпшілігі мал жағынан ханнан əлдеқайда бай кісілер... Ханның еңбегіне алатыны тым аз, олар бұған өмір сүруге ең қажетті мөлшерден артық еш нəрсе бермейді, оның үстіне адамдары өз айтқанынан шықпай беріліп қызмет етсін деп, өз табысын наразы болғандармен бөлісуге мəжбүр [19, б. 83].

1758 жылы генерал-майор А. Тевкелев пен оның кеңесшісі П. Рычковтың Сыртқы Істер Коллегиясына жіберген хабарында Абылай сұлтан (болашақ хан — авт.) жайлы: «Онда барып қайтқан осындағы адамдардың айтуынша, ол соғыс қимылдарында, қырғыздардың (қазақтардың — авт.) дəстүрі бойынша, не өзін, не өзінің қамқорындағыларды аямайды, олжа түсірген жағдайда, өзіне ешнəрсені қалдырмай, халыққа таратып береді, осылайша билігін нығайта түсті...» дейді [7, б. 557]. Бабасының жолынан таймаған Кенесары хан да орыстың отарлау саясатына қарсы көтерілгенде олжадан өзіне ешнəрсе алмаған екен [20, б. 210].

Бөкенбай батыр хабарлағандай, ханға қазақтар өз еркімен арнайы сый-тарту əкелетін əдеттің бар екендігі де расталып отыр. 1738–1739 жылы Орынбордан Ташкенге сапар шеккен К. Миллер Түркістанда Жəңгір сұлтанның үйінде қонақта болып, Жəңгірдің бұрын хан болғанына қарамастан тақыр кедейшілікте өмір сүріп, халықтың қайырымдылық көмегімен күн көретінін жазған [15, б. 34]. Бөкей ордасындағы қазақ руларын басқарушы сұлтандар мен рубасылардың қоластындағы халықтың бақуаттарынан ерікті түрде азын-аулақ мал түрінде табыс алып отыратыны əдеттегі жағдай болған. Жəңгір хан бұл туралы былай түсіндіреді «...барлық қырғыздар (қазақтар — авт.), бай, кедей демей, лауазымды қызметтегілердің халық тарапынан жасалатын көмегінсіз оларды басқара алмайтынына жəне олай өмір сүрмеуі (яғни халықтың көмегінсіз — А.А.) тиістігіне кəміл сенеді» [21, б. 84, 85].

Осы дəстүрді Ресейдің 1822–1824 жылдары қазақ даласындағы хандық институтты жоюына арналған жарғыларынан көреміз. Сібір қырғыздары туралы жарғының 130-бабында «Қырғыздар (қазақтар — авт.) ретімен, қазіргі дəстүрлері бойынша, өздерінің сұлтандарына көмек (тартулар — авт.) жасай алады» деп əдеттегі бұрыннан келе жатқан дəстүрді заңдастырып, сол күйінше қалдырғанын білдіреді [12, б. 411]. Демек, төрелер өздерінің елдегі төрелігі үшін төлем жəне қосымша тартулар алып отырған. Алдымен қызметі үшін алатын ақы деп нені түсінеміз? Оны шартты түрде үшке бөліп қараймыз. Біріншіден, араздасқан тараптар биге емес, сұлтанға келіп жүгінсе, мəселені шешкені үшін арнайы «билік» төлемді алған. Себебі, хандар мен сұлтандар билер сияқты сот істерін қарастырып, альтернативті жəне жоғарғы сот рөлін атқарған. Мысалы, хан мен билер адам өлімін қарағаны үшін 3–4 жасар 40 бас байтал алып отырған [5, б. 132]. Одан кейінгі төлем «хандық айып» деп аталады. Оның мəнісі мынада, бір ру екінші рудан ірі көлемде ұрлық жасаса, мəселе билер сотында шешілгенімен, кінəлі жақ ханға немесе жəбірленген рудың сұлтанына бесті ат немесе бесті атан түрінде айып төлеген [5, б. 63].

Үшіншіден, Ресеймен немесе басқа көрші елдермен шекарада болған мəселелерді шешкені үшін ақы алу дəстүрін жатқызамыз [18, б. 103]. Олар мəселені қазақтың пайдасына шешсе, қазақтан ақы алып отырды жəне дəл сол сияқты мəселені орыстың пайдасына шешсе орыстан ақы алды. Тек орыстардың жеке жəбірленушілері емес пұлды төлейтін, үкімет тарапынан арнайы қаржы бөлініп, хан-сұлтандарға еңбек ақы ретінде үздіксіз жылына бір рет төленді. Орыстар отарлаудың бір механизмі ретінде еңбек ақы арқылы қазақ ақсүйектерін Ресейдің шенеунігіне айналдыруды көздесе, қазақтың билеушілері оған əдеттегідей мəселені шешкені үшін берілетін сыйақы ретінде қарады. Қазақ халқы Ресейдің протекциясына өткенде, екі жақтың келісімі бойынша, қазақ билеушілері шекарадағы тыныштық сақтап, Ресей мен Орта Азия елдері арасындағы сауда керуендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін алған еді [12, б. 185].

Міне, осы келісілген міндеттерді орындағаны үшін қазақтың билеушілері орыстан ақша алып жатырмыз деп түсінген, яғни ақылы қызмет көрсетіп отырды. 1874 жылы Г. Загряжскийдің жазбасына сүйенсек, алғашқыда сұлтандарға қоластындағы рулар əдетте соғымның бір бөлігін беріп отыруы тиіс болған. Ал сұлтандардың үлкені əкелінген соғымды туыстары арасында үлестіретін. Кейінірек, орыс үкіметінің ықпалы қазақ даласына жүргенде, сұлтандар рулардың мəселелерін шешіп, көңілінен шыққанда ғана ерікті түрде соғымнан үлес алды. Пайдасы тимесе, соғымнан құр қалатын [22, б. 81–82]. Сонда ақсүйек өкілдері ретінде сұлтандардың орыс араласпай тұрып соғымнан алған үлесі салық емес, табыс та емес, сыбаға есептелген. Бұны сұлтанға берілетін тарту түріндегі қосымша көмек немесе қайырымдылық деп ұғамыз. Осы жерде Тəттігүл Картаеваның мынадай мəліметі ойымызды толықтырады: «Той-томалақ, астарда төре-төлеңгіт, қожаларды төрге шығарып, оларға арнайы сыбаға тартқан, өліктің жаназасын шығарғанда «аталық» бергенде төреге өз алдына сыбаға берген» [23, б. 142].

Шыңғыс ұрпақтары қоластындағы елден салық алып тұруды міндеттеуге де ұмтылған кездері болған. Мəселен, Кіші жүздің билеушісі болған Қайып хан (орыстар оны сұлтан дейді) шариғат негізінде зекет салығын тұрақты түрде жинап тұруды заңдастыру туралы жарлық шығарған. Бірақ 1789 жылы Орынбор əскери губернаторы барон Игельстром аталған заңға ешкім бағынбасын деп хат жазған [21, б. 64]. Сол 1789 жылы қазан айында Қайып хан ойлағанын жүзеге асыруға үлгермей дүниеден өткен [24, б. 79]. Ішкі Орданың алғашқы билеушісі Бөкей хан да халықтан зекет салығы мен соғым алып тұрған деседі. Жалпы қазақ даласында оның ұлы Жəңгір хан (1803–1845) 1827 жылы бірінші болып қоластындағы (Бөкей Ордасы) халықтан шариғат заңдары негізінде жылына бір рет зекет салығының төленуін жəне міндетті түрде соғым алуды заңдастырған. Жəңгірдің 1829 жылы шекаралық комиссияның төрағасы Генске жазған мəліметінде «қырғыздар (қазақтар — А.А.) баяғыдан келе жатқан заңдар бойынша, екі түрлі төлем төлеуі міндетті: зекет пен қысқы соғымға қой беру... кедейлерден мүлдем ешнəрсе алынбайды...» деген. Хан үшін зекет пен соғым жинағаны үшін сұлтандар мен старшындар да өте аз мөлшерде қызметтері үшін халықтан мал түрінде ақы алып отырған [21, б. 82–85].

Ал, ХІХ ғасырдың ортасынан Ресейдің басқару жүйесі қазақ даласына тамырын жайып, мүлік теңсіздігі еніп, қазақта бай мен кедей табы пайда бола бастағанда, сұлтандар да аталған əлеуметтік топтардан көрінді. Сонда да олардың ішінде қара қазақпен салыстырғанда өте бай адамдар аз болатын. Жалпы тұрмысы төмен болды деп те айта алмаймыз. Мынадай статистикалық сараптамаға мəн берелік. 1850 жылғы мəліметтерден бірнеше округті алайық. Қарқаралы округінде барлығы 43 сұлтан болса, олардың 9-ы — өте бай, 17-сі — бай, 15-і орташа, 2-уі кедей есептелінген. Көкпекті округінде барлығы 19 сұлтан, олардың 9-ы — бай, 5-уі — орташа, 2-уі — ортадан төмен, 3-уі — кедей. Ақмола округінде барлығы 30 сұлтан, олардың 9-ы — бай, 1-уі — өте бай, 5-уі — бақуат, 12-сі — орташа, 3-уі — кедей екен. Көкшетау округінде барлығы 24 сұлтан, олардың 2-уі — бай, 14-і — орташа, 8-і кедей тұрған [25, б. 330–390].

Кіші жүз сұлтандарының да жағдайы осы шамада. Олардың бір бөлігін ғана айта кетелік, Батыс Бөлік қазақтарының ішінде барлығы 26 сұлтан болса, олардың 1-і — өте бай, 5-уі — бай, 8-і — орташа, 10-ы — орташадан төмен, 2-уі кедей болып есептелінген. Ерекше тапсырмалар бойынша В.М. Лазаревский деген шенеуніктің хабарлауынша, өте бай адамда 1000-нан аса жылқысы барлар, айтарлықтай бай адамға 500-ден аса жылқысы барлар, бай адамға 200-ден аса жылқысы барлар жатқызылса, орташа адамдарда жылқы саны 100-ден асса, орташадан төмендерде 100-ге жуық, кедейлерге 25 басқа жетпейтін жылқы малы бар адамдарды есептеген [26, б. 124–135].

Баймағамбет сұлтан Айшуақұлының дерегінше, кедей адамға 20 бас қойы, 5 бас сиыры, 1 түйесі бар қазақты жатқызған. Айтпақшы, дəл осы Баймағамбет сұлтан жылына 1 рубль 50 тиын күміс ақшамен түтін салығын төлеу кедей үйлерге өте ауыр тиетінін хабарлап, оларды мүлдем салықтан босату қажеттігі туралы басшылыққа ұсыныс жасапты [27, б. 229–230]. Осы жылы Орынбор шекара комиссиясының төрағасы М.В. Ладыженскийге линия маңындағы қазақтардың попечителі А.Г. Шершеневич Орал линиясының Нижний дистанциясы бойында көшкен қазақтар жайлы мəліметіне назар аударсақ, линия маңындағы қазақтар тұрмысы нашарларлығынан руларынан бөлініп қамқорлық іздегендер екен. Олардың арасында сұлтандар да болған. Олар жайлы былай дейді: «Сұлтандардың да бірнеше отбасысы тым кедей болғандықтан жан сауғалау үшін тіміскіленіп, барын сақтап қалумен ғана уақыт өткізеді» [26, б. 167].

1907–1910 жылдары жасалған статистика туралы П.П. Румянцев мынадай қорытынды жасаған: «Сұлтандар əулетінің бір бөлігі хал-ахуалы жоғары бай топтардан табылса, енді бір бөлігі кедейленіп, басқа төменгі топтардың қатарына кіріп кетті. Қазір қарапайымдалған бұрынғы сословиелік артықшылықтары қырғыз (қазақ — авт.) даласын жаулап үлгерген товар-ақша қатынасындағы шаруашылықтың бəсекесіне төтеп бере алмады...» [28, б. 57].

Қорытынды

Қарастырған мəліметтерден түйгеніміз, қазақтың хан-cұлтандарында қазақ халқынан міндетті алынатын салық жүйесі болмаған. Олар қатардағы қазақ сияқты əрбірі өзінің жеке шаруашылығын айналдырған. Жылдағы соғымдардан, күнделікті тойлардан оларға халық сыбаға, тарту ретінде өз еріктерімен үлестерін беріп отырған. Төрелер қоластындағы адамдардың мəселелерін шешуге араласқанда, яғни тікелей көрсеткен қызметіне белгіленген мөлшерде ақы алған. Өз ұлыстарынан өтетін шетелдік сауда керуендерден олардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткендігі үшін алым алуды міндет деп есептеген. Қалалар мен оның төңірегіне билігі жүрген төрелерге ондағы тұрғындардан (қазақтар емес, сарттар) жүйелі түрде салық түсіп тұрған. Сараптай келгенде, төрелердің елді қанауы туралы тұжырымның дəйексіз екендігін сенімді түрде жоққа шығара аламыз. Салық салу жəне алым алу жүйесі əлеуметтік тұрғыда əділетті қоғам құрудың бір тетігі болып табылады. Салық салу реті, алым алу мөлшері құқықтық тұрғыда ежелгі дəуірлерден-ақ заңмен реттелетін болғаны белігілі. Қазақ ортасында дəстүрлі салық жүйесі шариғат негізіндегі мұсылмандыққа құққа немесе дала заңы ережелерімен əдет бойынша негізделіп реттелетін болған.

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Лувсанданзан. Алтын шежіре / Лувсанданзан; моңғол тілінен ауд. А. Мауқараұлы. — Алматы: Өнер, 1998.
  2. Моңғолдың құпия шежіресі (XII–XIII ғасырлардағы көшпелілер шежіресі) / ауд. М. Сұлтанияұлы. — Алматы: Өнер, 1998. — 224 б.
  3. Плано Карпини. Путешествие в Евразийские степи / Плано Карпини, Гильом де Рубрук. — Алматы: ИД «Кочевники», 2003. — 240 с.
  4. Тулибаева Ж. М. Сведения о Чагатайском улусе в «Улус-и арба-йи чингизи» [Электронный ресурс] / Ж.М. Тулибаева. — Режим доступа: https://abai.kz/post/15915
  5. Записи Оренбургского отдела Императорского Русского географического общества. Вып. второй. — Казань: Университетская типография, 1871. — 290 с.
  6. Андреев. И. Г. Қырғыз-қайсақ Орта ордасын суреттеу. — 2-ші бас. / И. Г. Андреев. — Астана: Алтын кітап, 2007. — 210 б. (Қазақ этнографиясының кітапханасы, 26-шы том).
  7. Казахско- русские отношения в XVIII–XIX веках: сб. док. и материалов. — Алма-Ата: Наука, 1961. — 741 с.
  8. Эпистолярное наследие казахской правящей элиты. 1675–1821 гг.: сб. ист. док.:[В 2 т .]. — Т. ІІ: Письма казахских правителей. 1738–1821 гг. / Сост. и ред. И.В. Ерофеева. — Алматы: АО «АБДИ компании», 2014. — 1032 с.
  9. Ерофеева И. Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик / И. Ерофеева. — Алматы: Санат, 1999. — 336 с.
  10. История Казахстана в русских источниках XVI–XX веков. Первые историко-этнографические описания казахских земель. XVIII век. — Т. IV / Сост. И. Ерофеева. — Алматы: Дайк-Пресс, 2007. — 368 с.
  11. История Казахстана в русских источниках XVI–XX вв. Журналы и служебные записки дипломата А.И. Тевкелева по истории и этнографии Казахстана (1731–1759 гг.). — Т. III / Сост. И.В. Ерофеева. — Алматы: Дайк-Пресс, 2005. — 484 с.
  12. Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей / А.И. Левшин; под общ. ред. акад. М.К. Козыбаева. — Алматы: Санат, 1996. — 656 с.
  13. Ахмет А. Қаратай хан / А. Ахмет. — Алматы: Арыс, 2007. — 176 б.
  14. Зиманов С. Политический строй Казахстана первой половины ХІХ века и Букеевское ханство / С. Зиманов. — Алматы: Арыс, 2009 — 496 с.
  15. История Казахстана в русских источниках ХVIІІ–XIX веков. Путевые дневники и служебные записки о поездках по южным казахстанским степям XVIII–XIX века. — Т. VI. / сост. И.В. Ерофеева, Б.Т. Жанаев. — Алматы: Дайк-Пресс, 2007. — 516 с.
  16. Зиманов С. Общественный строй казахов первой половины ХІХ века и Букеевское ханство / С. Зиманов. — Алматы: Арыс, 2009. — 400 с.
  17. Лапин Н.С. Деятельность О.А. Игельстрома в контексте казахско-российских взаимоотношений (1780-е – 1790-е годы) / Н.С. Лапин. — Астана: Сарыарка, 2012. — 384 с.
  18. Қият А. Досалы сұлтан Бұлқайырұлы / А. Қият. — Алматы: ЖШС «Полиграфкомбинат», 2015. — 248 б.
  19. Джон Кэстль. 1736 жылы Кіші жүз ханы Əбілқайырға барып қайтқан сапар туралы / Джон Кэстль. — Алматы: Атамұра, 1996. — 96 б.
  20. Казахские чиновники на службе Российской империи: сб. док. и матер. / отв. ред. Г.С. Султангалиева, сост. Г.С. Султангалиева, Т.Т. Далаева, С.К. Удербаева. — Алматы: Қазақ ун-ті, 2014. — 418 с.
  21. Букеевской Орде — 200 лет : [Изд. из 6 кн.]. — Кн. 2. — Алматы: Өлке, 2001. — 232 с.
  22. Из истории казахов / cост. Е. Аккошкаров. — Алматы: Жалын, 1997. — 448 с.
  23. Картаева Т.Е. Сыр өңірі қазақтары: тарихи-этнографиялық зерттеу (ХІХ ғасырдың екінші жартысы — ХХ ғасырдың басы) [Екі томдық]. — 1-т. / Т.Е. Картаева. — Алматы: Қазақ ун-ті, 2014. — 294 б.
  24. Исмурзин Ж.А. Батырұлы Қайып хан жəне оның əулетінің тарихы (1745–1860 жж.): тарих ғыл. канд. … дис. / Ж.А. Исмурзин. — Орал, 2008. — 189 б.
  25. История Казахстана в русских источниках ХVI–XX веков. О почетнейших и влиятельнейших ордынцах: алфавитные, именные, формулярные и послужные списки. 12 ноября 1827 г. — 9 августа 1917 г. — Т. VIII, ч. 1 / сост. Б.Т. Жанаев. — Алматы: Дайк-Пресс, 2006 — 716 с. + вкл. 4 с.
  26. История Казахстана в русских источниках XVI–XX веков. О почетнейших и влиятельнейших ордынцах: алфавитные, именные, формулярные и послужные списки. 12 ноября 1827 г. — 9 августа 1917 г. — Т. VIII, ч. 2 / сост. Б.Т. Жанаев. — Алматы: Дайк-Пресс, 2006. — 962 с.
  27. Материалы по истории политического строя Казахстана. — Т. 1 / сост. М.Г. Масевич. — Алма-Ата: АН КазССР, 1960. — 441 с.
  28. Румянцев П.П. Киргизский народ в прошлом и настоящем / П.П. Румянцев. — СПб., 1910. — 66 с.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.