Авторлар мақалада ғаламдық желідегі электронды кітапханалар ресурстарын жан-жақты талдаған. Қазақстандық электронды кітапхананың тарихына ғылыми шолу жасап, шетел электронды кітапханаларымен байланыс ресурстарын ашып көрсеткен. Электронды кітапханалардың оңтайлы инфрақұрылымдарын негізге ала отырып, жан-жақты зерттеу талдауларын жасаған. Оқырманның сұранысын тудыратын электронды кітапханалардың бүгінгі жай-күйіне тоқталған. Мақалада бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған дәстүрлі кітап пен электронды кітаптардың айырмашылығы мен қажеттілігіне мысалдар келтіре отырып, оқырманның сұранысындағы кітапханалардың ішкі жүйесіне талдау жасаған. Ғаламдық желідегі электронды кітапханалардың даму бағыты мен бағдарына аса мән беріп, ондағы тенденциялық ресурстардың жай-күйіне баса назар аударған. Кітапханалардың алдына қойған өзекті мәселелерінің бірі әрі бірегейі оқырмандарды электронды ақпаратқа және оқу мәдениетіне, кітапқұмарлыққа, білімпаздыққа тәрбиелеу қажеттігін ескертеді. Бұл бағытта электронды кітапханалардың ресурстары жүйелі түрде жұмыс жасап жатқандығына ғылыми зерттеулер мен талдаулар жасалынған.
Кіріспе
Өмірдегі барша құбылыс — уақыттың, мезгілдің билігі мен әміріне тәуелді. Осынау ақиқаттың қисыны, жөнімен алып қарайтын болсақ, ХХІ ғасыр еліміздің кітапханатану ғылымы дамуының жаңа бір кезеңінің басталуы ретінде есте қалғалы тұрғандығы жасырын емес. Себебі адамның жанына аса зор рухани азық беретін бұл саланың бұлайша жаңа міндеттер биігіне көтерілуі уақыт талабы мен замана көші дейтініміз хақ. Егеменді еліміздің өмірлік қажетіне қызмет ететін кітапханалар жүйесі әлі талай кезеңді бастан кешіреді [1].
Бұл жағдайда ақпарат қоғам мен кітапхананы әлеуметтік институттар ретінде дамытудың маңызды ресурсы ретінде, оны жинауды, өңдеуді, сақтауды, таратуды және әлеуметтік қызметтің әртүрлі салалары мамандарының үнемі күрделенетін ақпараттық қажеттіліктерін толық және уақтылы қанағаттандыру мақсатында пайдалануды қамтамасыз етеді.
Телекоммуникациялық технологиялардың қарқынды дамуы, оларды еліміздің кітапханаларына, ақпараттық және медиаорталықтарына енгізудің ауқымдылығы бір жағынан, тұтынушылардың әлемдік ақпараттық ресурстардың барлық түрлеріне еркін қол жеткізу мүмкіндігін негіздейді, ал екінші жағынан, электронды кітапханалық-ақпараттық еңбектің мазмұны мен сипатын өзгертеді. Кітапхана мамандарын рутиндік операцияларды орындаудан босату оларға бұрын кітапхана ісін жүргізудің дәстүрлі мүдделері саласында болмаған проблемаларды тиімді шешу үшін қажетті жаңа кәсіби біліктер мен дағдыларды алуға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты ғылыми-зерттеу жұмысы ғаламдық желідегі электронды кітапханалар ресурстарын бағалаудың және теориялық, әдіснамалық және эмпирикалық зерттеулер жүргізу негізінде оларды шешудің ең тиімді жолдарын іздеудің маңызды құралы болып табылады. Ғылыми зерттеу жұмысын ұйымдастыру және өткізу қызметтің ортақтығы, материалдық-техникалық база, кадрлардың кәсіби-біліктілік құрамы және тұтынылатын ресурстардың сипаты негізінде бірыңғай тұтас біріктірілген экономикалық бірліктердің жиынтығы ретінде электрондық кітапханалар-ақпараттық саланы дамытуға оң әсер етеді [2; 211–211].
Ақпараттың есепсіз көбейген кезінде, кітапханалар елдің бірыңғай ақпараттық және мәдени кеңістігін құруда, өңірлердің шет елдермен тікелей ақпараттық байланыстарын орнатуда, қазақстандық және формациялық ресурстарды Халықаралық ақпараттық желілер мен деректер банктеріне интеграциялауда негізгі буын бола алады және болуы тиіс.
Қазіргі таңдағы ақпараттық технологиялар мен әртүрлі ақпарат алмасу, өңдеу және жинақтау саласындағы сапалы өзгерістер ақпараттық ресурстарды сақтау орындарының құрылуына, олардың ұйымдастырылуына сонымен қатар қолданушылардың қол жеткізуіне байланысты түрлі мәселелердің шешімін табуға және жаңа тәсілдер ойлап табуға әкелді. Жалпылама мұндай тәсілдер «цифрлық» немесе «электронды кітапханалар» ретінде түсіндіріліп, қазіргі уақытта дағдылы әдетке айналды. Бұл тәсілдердің дамуы XX ғасырдың соңынан бастау алды. Электронды кітапханалар күрделі үлестірілген ақпараттық жүйе ретінде әртүрлі ақпаратпен жұмыс істеудің жаңа мүмкіншілігін береді және ғаламдық таратылған білім қоймасының негізі ретінде қарастырылады [3].
Халыққа ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсету жүйесін дамыту саласында Қазақстанның алдында жиырма отыз жыл бұрын неғұрлым дамыған шет елдердің кітапханаларынан озық тәжірибелерді алу мен инфрақұрылымдық деңгейіне жету міндеттері тұр. Бұған қарамастан еліміздегі Қазақстан кітапханаларының даму қарқыны жақсы жағдайда, өйткені осы уақыт ішінде ғылыми-техникалық прогресс пен адам ойы бір орында тұрған жоқ, күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін жаңа мүмкіндіктер ашылды.
Электронды кітапхананың пайда болуы және олардың ортақ тәртібі жайлы алғашқы ғылыми жұмыстарды америкалық В. Буш және Дж.С.Р. Ликлидер жүргізген. Яғни 1945 жылы шілде айында В.Буш «Біз қалай ойлай аламыз («Как мы можем думать»)» атты мақаласында жаңа технологияның ғалымдарға ақпаратты жинау, сақтау, іздеу және өңдеу жұмыстарындағы әлеуетті мүмкіндіктерін жазған. Ол ақпарат пен ғылыми зерттеудің өзара байланысын, сонымен қатар жаңа технологияның жасырын әлеуетін нақты көрсетті [1].
Зерттеудің әдістемесі мен әдістері
Осы ғылыми мақаланың зерттеудің нысаны ғаламдық желідегі электронды кітапханалардың ақпараттық саладағы ғылыми-зерттеу жұмысы болып табылады.
Зерттеудің мақсаты — ғаламдық желідегі кітапханалық-ақпараттық қызметті жетілдіру үшін тәжірибелік электронды кітапханалардың оң жақтарын пайдалану мүмкіндігін анықтау үшін кітапханалық ғылымның, тәжірибенің, білімнің дамуына ғылыми зерттеу жұмыстар әсерін теориялық ұғыну болып табылады.
Зерттеудің әдіснамалық негізіне тоқталатын болсақ, біз жүргізген зерттеу кешенді пәнаралық электронды сипатқа ие. Оны жүзеге асыру барысында кітапханалық-ақпараттық саладағы ғылымизерттеу жұмыстарын зерттеудің көп аспектілі проблемасын қамтамасыз ететін тәсілдер қолданылды.
Жүйелік тәсіл тұтас динамикалық, ашық және өздігінен дамитын жүйе ретінде ғылыми зерттеу жұмыстарын зерттеуге мүмкіндік берді.
Тарихи тәсілдерді алып қарасақ, кітапханалық-ақпараттық салада ғылыми зерттеу жұмысының қалыптасу алғышарттарын анықтауға, оның даму бағытын, динамикасын және басым бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.
«Болашақтағы кітапханалар» («Библиотеки в будущем») атты 1945 жылғы Дж. С.Р. Ликлидер кітабында электронды кітапхана қолданушыларына шынайы достық қарым-қатынасы тарапында зерттеулері мен бағдарлау жұмыстары тізімделген. Дж. Ликлидер Масачусетс технологиялық институтының қызметкері болған және цифрлы есептеудің кітапхана болашағына қалай әсер етерін зерттеген. Ол 1994 жылы электронды кітапхананың 30 жылдан кейінгі болашағын болжауға тырысқан. Жалпы мағынада оның болжауы нақтыланды [3].
2011 жылы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына жолдауында кітапхана жүйесін жаңғырту елдігіміздің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын әлеуметтік жаңғыртуды басты басымдық деп жариялаған болатын. Кітапханаларға және кітапхана ісіне бөлінетін қаражаттың көбеюі кітапханаларда жаңғырту процесін тездетіп, оны кеңейте түседі. Бүгінде қолда бар ресурстар тек республикалық деңгейдегі кітапханаларды жаңғыртуға, сол немесе өзге дәрежеде өңірлік жаңғыртуға жәрдемдесуге және оларға үлгілер жасай отырып, қалалық және ауылдық кітапханаларды жаңғыртуды ынталандыруға кірісуге мүмкіндік береді [4].
Кітапхана мәліметтерін сақтау және өңдеу барысында компьютерлерді қолдану XX ғасырдың 60жылдарында басталды. 1970-жылдары АҚШ кітапханаларында алғашқы электронды каталогтар пайда бола бастады. Ең алғашқы электронды кітапхана пайда болуы 1971-жылы, яғни Майкл Харт бастамасымен жүзеге асты. Майкл Харт «Гутенберг» жобасын бастаған, оның негізгі мақсаты классикалық ағылшын әдебиеті кітаптарын цифрландыру. Бұл бастама ауқымы кеңейіп, кейіннен 1989-жылға дейін кітаптар қолмен терілсе, сол уақыттан кейін арнайы сканерлер және тану бағдарламалары қолданылды. 1990-жылдардан бастап электронды (цифрлы) кітапхана басылым ортасына қарқынды түрде енгізіле бастады. Қазіргі таңда кітапхана ісінде қолданушыларға ақпаратты тек дәстүрлі баспа түрінде ғана емес электронды-цифрлы формада ұсынады. Баспа түріндегі ақпарат пен электронды формадағы ақпарат арасында өзара артықшылықтары және кемшіліктері бар. Электронды кітапхананың артықшылығы бұрынғы уақыттағы ақпарат жеткізуге қарағанда әлдеқайда ілгері. Сондай-ақ электронды кітапханалар мына әлеуетті артықшылықтарға ие:
Кітапхананы қолданушыға «жеткізеді», яғни ақпарат тікелей қолданушының «жұмыс үстеліне» түседі.
Қолданушы үй жағдайында немесе жұмыс орнында отырып электронды кітапхана қызметін пайдалана алады. Қазіргі кезде электронды кітапхана желіге қосылған компьютер бар жерде қол жетімді;
- Электронды құжат іздеу және талдау жұмыстарына қатысты баспа құжаттарымен салыстырғанда ыңғайлырақ, себебі құжаттағы әр сөз іздеу өрнегі болуы мүмкін;
- Басқа қолданушы алған кітапты сіздің ала алмау мәселесін жояды, желіде кітап саны маңызды емес;
- Қаржылай үнемділікке жол береді. Баспа түріндегі мәліметтерге қарағанда электронды мәліметтерді сақтау және керек жағдайда шығарып алу ыңғайлы;
- Электронды мәліметтерді сақтау және оған қажетті, жаңа ақпарат енгізу мүмкіншілігі;
- Электронды кітапханадағы мәліметтер басқа қолданушыға берілу жағдайы, кітаптың реставрацияға немесе қайта өңдеу жұмыстарына жіберілуі сияқты қолжетімсіз қызметтерден сақтайды;
- Электронды кітапхана қызметтері бойынша әртүрлі ақпарат түрлері (видео, аудиоматериалдар, 3D-жобалар) қолжетімді;
- Электронды кітапхана қарапайым кітапханаға бару мүмкіншілігі жоқ жағдайда ақпарат жеткізеді.
- Сондай-ақ электронды кітапхана дамуында кемшіліктер де жоқ емес:
- Компьютер бағдарламаларының тез ескіруі;
- Веб-сайттардың, веб-сайтта орналасқан электронды ресурстардың қысқа мерзімді жұмыс жасауы;
- Заманауи ақпарат тасымалдаушылардың қысқа мерзімді қызметі;
- Қымбат инфраструктура;
- Интернет желісіне тәуелділік;
- Авторлық құқық қорғау мәселесі;
- Электронды кітаптардың ортақ стандартының жоқтығы [5].
Талқылау
Қазіргі уақытта жоғары оқу орындары мен мемлекеттік мекемелер кітапханаларының басым бөлігі интернетті тарту арқылы өзінің ақпараттық ресурстарына ғана негізделеді, бұл қазіргі жағдайда ғалым библиографтарға ақпараттық-кітапханалық жұмыстарды қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болып отыр. Сондықтан, электронды кітапхана саласындағы зерттеушілерді ақпараттық-кітапханалық қамтамасыз етудің өнімділігін арттыру жолдарын іздестіру өзекті міндет болып табылады.
Кемшілік тізімін толықтыруды жалғастыра беруге болады. Алайда қазіргі таңда электронды кітапхана артықшылығы үстем. Кітапхана жобасында ақпараттық коммуникациялық технологиялардың енгізілуі және дамуы ақпаратты электронды формада сенімді және жинақы сақтауға, кең ауқымды, жылдам таратуға мүмкіндік береді. Баспа формасындағы ақпараттарға қарағанда электронды кітапхана мәліметтерін қашықтықтан көруге және телекоммуникациялық технологиялар көмегімен локальді электронды ресурстарға кіруді қамтамасыз етеді.
Электронды кітапхана ақпараттық қызмет аясын кеңейтеді, қызмет көрсету сапасын арттырады. Қолданушыға қажетті ақпаратты компьютер көмегімен жылдам іздеуге, басқа кітапхана басылымдарына кіруге мүмкіндік береді. Электронды кітапхана дамуы болашақта қарқынды түрде жалғасатыны анық. Ауқымды және қолжетімді электронды кітапхана құру ақпаратты тиімді пайдалануға, ғылым, техника, мәдениеттің қарқынды дамуына ықпал етеді [6].
Электронды кітапхананы құру үшін басты дәлел — бұл ақпаратты өткен жылмен салыстырғанда жақсы жеткізуге мүмкіндік береді деген сенім. Дәстүрлі кітапханалар маңызды, иә, қоғамның ең керемет бөлігі болып табылады. Олардың функцияларын жақсы орындауға бола ма? Электронды кітапхананың энтузиастары компьютерлер мен желілердің адамдардың өзара қарым-қатынас тәсілдерін өзгерткенін көрсетеді. Кейбір салаларда олар өз дербес компьютеріне отырған зерттеушіге немесе оқушыға кітапханаға баруға мәжбүрлеуден әлдеқайда ыңғайлы деп сендіреді. Бұрын тек кәсіпқойға қол жетімді ақпарат енді барлығына ашық. Өзінің дербес компьютерінен пайдаланушы әлемнің әртүрлі бөліктерінде түрлі компьютерлерде сақталатын материалдарға жүгіне алады. Екінші жағынан, Электронды кітапханалар ең иіссіз энтузиастарынан басқа, барлығы баспа құжаттарының өркениеттің маңызды бөлігі болып қалатыны және олардың ақпаратты сақтаудағы және жеткізудегі рөлі біртіндеп ғана өзгереді. Кейбір жағдайларда, әрине, электрондық формадағы ақпаратты пайдалану ыңғайлы болғанымен, техникалық, экономикалық және заңды түрде мүмкін болса да, электрондық ақпаратқа ауқымды көшу процесін қалаулы ретінде қарастырмайды [7].
Әдеттегі кітапхананы пайдалану үшін оған бару керек. Университетте бұл бірнеше минут алуы мүмкін, бірақ адамдардың көпшілігі кампустарда өмір сүреді және жақын кітапхана жоқ. Сондықтан да көптеген инженерлер мен тәжірибелі дәрігерлер жаңа ақпаратқа өте нашар қол жеткізе алады.
Электронды кітапханаларда ақпаратты үйде немесе жұмыста болсын, пайдаланушының жұмыс үстеліне тікелей жеткізеді. Оқырман ретінде кітапхана ғимаратына барудың қажеті жоқ. Интернетке қосылған дербес компьютер бар жерде кітапхана дайын тұр [7].
Иә, ХХІ ғасырдың кітапханасы дәстүрлі кітаптармен қатар, электронды кітаптардың, электронды басылымдардың жиынтығымен толықтырылуда және солай жүзеге асып жатыр. Қазір уақытта НұрСұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың базасында қазақстандық электрондық кітапхана 2007 жылдан бері құрылып өз жұмысын бастап, оқырмандарға құнды кітаптардың электронды нұсқасын ұсынуда. Ондағы кітаптар интернет арқылы барлық қазақстандықтарға қолжетімді және толық мәтінді болуымен ерекше әрі құнды. Бірақ толық мәтіннің барлығын алып, кітаптардың барлығын шетінен сандық форматқа түсіріп, оны интернетке қою негізі толықтай жүзеге аспауда. Себебі бұл жерде авторлық құқықты бұзу деген мәселе шығады. Сондықтан да 75 жылдан арғы әдебиеттердің барлығын сандық форматқа көшіріп, электронды кітапханаға енгізді. Оны заң көтереді. Жарық көрген мұралар 75 жылдан кейін ғана жалпыхалықтық болып танылады. Ал одан бергілерін автордың өзі болса өзімен, өзі жоқ болса соңында қалған ұрпағымен келісімшартқа отырып қана электронды форматқа көшіріледі.
Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2008 жылғы 24 шілдедегі № 213 бұйрығымен, сондай-ақ Байланыс және ақпарат агенттігінің 2008 жылғы 22 шілдедегі № 268 бұйрығымен бекітілген «2007–2009 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы ақпараттық теңсіздікті төмендету бағдарламасына» сәйкес әзірленген. «НұрСұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы» Республикалық мемлекеттік мекемесінің жұмыс тобы әзірлеген. Сонымен қатар 2014 жылы 19 наурызда Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасына бағдарламалық-технологиялық жағынан жаңартумен байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізген болатын [8].
Негізгі мақсаты ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы ұлттық жазба-құжаттық мұраларға қолжеткізумен, сақталуымен қамту және келешекке табыстау болса, оның негізгі міндеттері бірегей форматтағы әрі жоғары сапалы электронды көшірмелерді құрумен қамтуға және электронды құжаттарды мәңгілік сақтауға, сондай-ақ сол құжаттармен жұмыс жасауға барынша мүмкіндік беретін техникалық базаларды дамыту. Электронды құжаттардың ұлттық кітапханалық қорын қалыптастыру әрі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларында белгіленген шектеулерді есепке ала отырып, құжаттық қорларға кез келген пайдаланушының қолжеткізуімен қамту. Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасы қорының мазмұнын ашатын әрі қашықтағы пайдаланушының да жан-жақты іздестіру жүргізуіне мүмкіндік беретін бірегей анықтамалық және іздестіру аппаратын құру. Сонымен қатар, Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасының қорын кітапханалар, ұйымдар мен мәдени, ғылыми және білім беру мекемелерінің ведомстволық бағыныштылығына қарамастан серіктестік қатысуы есебінен, сондай-ақ авторлар/құқық иеленушілер есебінен ұлғайту болып табылуда [9; 11].
Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасы локальді желі бойынша электронды кітапханалар ресурстарына көп аспектілі іздестіруге әрі рет-ретімен көп қолданысты енуге, электронды кітапханалар қорында ұзақ мерзімге сақтауға, тез толымдауға, тіркеуге мүмкіндік беретін әрі іздестіру жүйесін тұрақты түрде іске қосуға қолдау көрсететін аппараттық-бағдарламалық құралдар кешені мен қолжетімді электронды ресурстар және қордағы каталогтер, пайдаланушылар ресурсы және мұрағаттық көшірмелер қоры кірістірілетін біріктірілген ақпараттық жүйеге айналады.
Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасы орталық ұйымдастыру-техникалық негіздеріне сүйенеді, бұл базаға «Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы» Республикалық мемлекеттік мекемесі жатады. Үйлестіруді ұйымдастыру міндеті Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты «Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы» Республикалық мемлекеттік мекемесіне жүктелген. Үйлестіруші ұйым жоба серіктестері алдында өздері қабыл алған міндеттерді атқаруға толығымен жауапты болады. Сан түрлі білім салаларынан сарапшы-кеңесшілерді тарта отырып, Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасындағы құжаттарды сараптау жөніндегі жұмыс комиссиясын құрады. Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасын құру жобасына серіктестік қатысуға арналған ашылымдар жатады. Жобаны басқару үйлестіруші ұйым ретіндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының мамандарынан құралған әкімшілік тобы тарапынан жүзеге асырылып отырады. Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасындағы толымдау жөніндегі үйлестіруді ұйымның міндетін аймақтарда облыстық әмбебап ғылыми кітапханалар атқарады.
Қорытынды
Жалпы, көп сала мамандарының ғылыми-зерттеу белсенділігі жаңа кітапханалық білім жинақтауға және оны нақты формалары мен жұмыс әдістерінде іс жүзінде жүзеге асыруға бағытталған, кітапхана мен ақпараттық орталықтардың жұмыс сапасын арттырудың қажетті шарты ретінде қарастырылады, ол адамның әлеуметтік мүмкіндіктері мен әлеуметтік даму қарқынына айтарлықтай әсер етеді.
Бірінші кезекте шешуді талап ететін ғылыми проблемалардың ауқымдылығы, көп қырлылығы және серпінділігі олардың тек қана электронды кітапханатанушы-зерттеушілердің, яғни ғылыми дәрежесі бар мамандардың күшімен ғана маневрлік және толыққанды әзірленуі мүмкін емес екендігін көрсетеді. Кітапханашылар-ізденушілерді зерттеу жүргізуге кеңінен тарту қажет, яғни кітапхана қоғамдастығының, атап айтқанда, үнемі күрделенетін ақпараттық технологиялардың ықпалымен ғылыми проблемаларды уақытында ұсыну және жедел шешу қажеттілігін сезінетін бөлігін беру қажет.
Қазіргі электронды кітапханалардың өз жұмыстарының сипаты мен мазмұны жағынан үлкен өзгерістер жолына түсіп отыр. Ақпараттық жұмыстардың жаңа тәсілдерін іздеу, кітапхана жұмыстарының жүйелеріне автоматтандыру мен жаңа ақпараттық технологияны енгізу білікті кадрларға жауапкершілік маңыздылығын күшейте түсті.
«XXI ғасырдағы Еуразиялық. Шығыс-Батыс: кітапханалардың электрондық ынтымақтастығы» тақырыбында халықаралық семинар 2002 жылы 6–7 желтоқсан күндері Петропавл қаласында өтті. Ресей мен Қазақстан арасында бірлескен электрондық кітапхана ашу.
Семинарда Р.А. Бердіғалиева (ҚР Ұлттық кітапханасы) «Ресей-Қазақстан — XXI ғасыр: ортақ ақпараттық кеңістікті қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде Ресей және Қазақстан арасындағы мәдени-рухани интеграцияның келешегі жалпы геоэтникалық, тарихи, демографиялық алғы шарттармен алдын-ала қамтамасыз етілгенін атап өтті. Бұл кітапханалардың Еуразиялық бірыңғай кеңістіктегі мәдениет алмасу аясында өз қызметтерін жүзеге асыруға жол ашады. Ресей–Қазақстан кітапханалары интеграциясының негізгі ойы Қазақстан Республикасы Президентінің еуразиялық бастамасына негізделеді. Онда «Халықпен кездесуде 10 қарапайым қадам» сияқты Еуразиялық экономикалық қауымдастық құру туралы құжатта көрсетілген. ТМД елдеріндегі кітапханалар кеңістігінде өзін-өзі қамтамасыз ететін институт — Еуразия Кітапханаларының Ассамблеясы.
Бірлескен сандық кітапхана жалпы кітапхана кеңістігіндегі инновациялық дамудың катализаторына айналады, демократиялық және гуманитарлық үрдістердің негізінде құрылып, мәдениеттердің толерантты орталығын қалыптастыруға ықпал етеді, екі мемлекеттің халқына ортақ, әмбебап, мәдени және тарихи ақпараттарды шапшаң, әрі жүйелі түрде жалпы қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Облыстық мәдениет департаменті мен облыс әкімшілігінің оң көзқарасын ескере отырып, Р.А. Бердіғалиева С. Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына Қазақстан тарапынан Ресей–Қазақстан ортақ қорларын жасақтаушы тұңғыш сандық кітапхана болуын ұсынды.
Халықаралық байланыс орталығының жетекшісі С.А. Казанцев «XXI ғасырдағы Еуразиялық. Ресей–Қазақстан: ортақ ақпараттық кеңістіктің қалыптасуы» мемлекетаралық жобасы аясында «Шекарадағы кездесулер» Ресей-Қазақстан электрондық кітапханасы тұжырымдамасын тарихи негіздеу жайында баяндады.
Еуразия экономикалық қауымдастығының интеграциялық комитетінің хатшылығы қауымдастыққа мүше мемлекеттердің кітапхана ісі саласындағы ынтымақтастығы туралы Келісімнің жобасын дайындады. Аталмыш құжат ЕурАЗЭҚ-на мүше мемлекеттердің кітапханалары, кітапхана ісін басқарушы тиісті органдар арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты қолдауға, ынталандыруға және жетілдіруге бағытталған. Келісімнің 5-бабына сәйкес ЕурАЗЭҚ-на мүше мемлекеттердің корпоративті технологияларды, кітапханалық-ақпараттық компьютерлік желілерді құру және дамыту жөніндегі ынтымақтастығы көзделген. Осыған орай Ресей-Қазақстан электрондық кітапханасын құру аса маңызды болып табылады.
Семинардың негізгі тақырыбы — өлкетану мәселесі. Семинарда айтылған негізгі идея кітапханалық-библиографиялық, ақпараттық өлкетанулық қорлар бірден-бір ерекше және мәдениет алмасу негізін құраушы ақпараттық өнім екендігіне келіп тірелді.
Қазақстан тарапынан Жоба менеджері Р.А. Бердіғалиеваның ұсынысымен Жобаның негізгі жұмыс құжаттарын дайындаушы топ құрылды. Оның құрамына РМК өкілдері С.А. Казанцев, Н.Л. Рожков, М.Е. Шварцман, ҚР ҰК-сы тарапынан С.А. Тасыбаева, Е.И. Исмаилов, Е.Б. Сапарғалиев, Солтүстік Қазақстан ОӘҒК-ның инженер-бағдарламашысы Ю.П. Кисинов кірді [6].
Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана өз еліміздің әдебиеті мен мәдениетін, ғылымын сақтап, ол еркін қолжетімді болуы үшін, әлемдік кітапханалық тәжірибе Ұлттық электронды кітапхананы құрудың қажеттілігін нақты мысалдармен көрсетті. Осындай ұлттық деңгейдегі электронды кітапханалық қорды құру туралы ойдың жемісі Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхана болып табылады.
Әдебиеттер тізімі
- Хасан С. Электронды кітап тиімді ме? [Электрондық ресурс] // Сайт «Айқын». Республикалық қоғамдық-саяси газет. 11.07.2016. Қолжетімдік тәртібі: http://old.aikyn.kz/ru/articles/show/26286-elektrondy_k_tap_ti_md_me: https://aikyn.kz/.
- Библиотечное дело в Казахстане. 1946–1975: сб. док. и матер. — Алма-Ата, 1991. — 344 с.
- Армс В. Электронные библиотеки / В. Армс. — М.: ПИК ВИНИТИ, 2001. — 274 с.
- Богданова И.Ф. Современные технологии поиска и хранения информации в научных исследованиях: курс лекций / И.Ф. Богданова, Н.Ф. Богданова. — Минск: Ин-т подготовки науч. кадров НАН Беларуси, 2015. — 170 с.
- Қазақстан Республикасы Ұлттық кiтапханасының тарихы = История Национальной библиотеки Республики Казахстан. 2-том: (1991–2011) / Ақпарат және мұрағат комитетi; «Әдебиеттiң әлеуметтiк маңызды түрлерiн басып шығару» бағдарламасы; құраст. К.Т. Қасымжанова, Е. Исмаилов; ғыл. ред. А.Ш. Алтаев; ауд. Қ. Жорабеков. — Алматы: Өнер, 2011. — 352 бет.
- Қазақстан Республикасы Ұлттық кiтапханасының тарихы = История Национальной библиотеки Республики Казахстан. 1-том: (1931–1990) / Ақпарат және мұрағат комитетi; «Әдебиеттiң әлеуметтiк маңызды түрлерiн басып шығару» бағдарламасы; құраст. К.Т. Қасымжанова, Е. Исмаилов; ғыл. ред. А.Ш. Алтаев; ауд. Қ. Жорабеков. — Алматы: Өнер, 2011. — 440 б.
- Кiтапхана қызметiндегi Паблик рилейшнз: iс-тәжiрбиелiк құрал // ҚР кiтапханасы; құраст. Ф.Қ. Бектұрбекова; ред.: К.К. Коштаева, К.Т. Қасымжанова. — Алматы: ҚРҰК, 2008. — 72 б.
- Кiтапхана iсiне арналған ғұмыр: Белгiлi кiтапханатанушы Нәзира Дәулетованың өмiр жолы мен қызметi / құраст.: Л.Д. Әбенова, С.Р. Рахымжанова, А.Е. Имова. — Алматы, 1998. — 126 б.
- Кiтапханатану, библиография, кiтаптану = Библиотековедение, библиография, книговедение: ғылыми мақалалар жинағы / редкол.: В.З. Галиев (жауапты ред.), М.М. Әуезов, А.Ш. Алтаев, С.А. Тасыбаева. — Алматы, 2004. — 400 б.