Андатпа
Бұл мақала Қ. Аманжолов шығармаларының ішіндегі шоқтығы биік туындысы «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы жөнінде. Дастанда қанды қырғыннан қаймыққан ездік те, от пен суға ойланбастан қойып кететін көзсіздік те жоқ, адамдық бақыттың әрбір қас қағым сәтін қадірлей білетін ойлы, парасатты, сезімтал жауынгердің өмір алдындағы үлкен рухани жауапкершілгі бар. Ақын ешуақытта ақындық нәзік сезімнен қол үзіп көрген емес. Сонымен қатар, шығармадан майданда қаза тапқан жауынгердің ерлік, батырлық бейнесін көреміз. Ал мақалада бас кейіпкердің қаһармандығы бейнеленіп, шығарма талданып, сараланады.
Қазақтың ұлы ақыны – Қасым Аманжолов туралы айтқанда ойымызға оның «Ақын өлімі туралы аңыз» дастаны түседі. Бұл дастан талантты, жас ақын Абдолла Жұмағалиевтің майдандағы ерлігіне арналған. Ақын 26 жасында жау оғынан қаза табады. Шығармадан майданда қаза тапқан жауынгердің ерлік, қаһармандық бейнесін көреміз.
Жазушы ағасы Сәбит Мұқановтың хатына Қасым мынадай жауап жазыпты: «Маған – неге өлең жазбайсың деп мүдіртуіңіз өте орынды. Жазу керек. Бірақ, менің ынта-зейінім Отан соғысының ұлы күйін тыңдауға аударылғандықтан, ұсақ-түйек шығармаға алаң болғым келмейді. Сұрапыл соғыстың концерті біткен соң, поэзия ұясына қайта қонып, Отан соғысының ұлы хикаясын шындап бір шертсем деймін. Болашақ игілікті шығармалардың желісі жанымда тартылып жатыр» (2,10).
Дастан жарияланған кезден-ақ оқырмандардың бағасына ие болды. Алғаш Ғабит Мүсірепов «Майданнан соққан жаңа леп» атты мақаласында: «Қазақ әдебиетінде Қасымның ағасы да бар, інісі де бар, құрдасы да бар. Солардың ішінен Отан соғысының тақырыбына жазамын деушілердің бәріне де «Абдолла» жаңа бір қырқаны меңзейді. Жаңа тақырыпты жақсылап жазайық дейді. Қасымның ең бір жете ұғынатын жақсы ойы осында. Қасым поэмасын жете ұғынғың келсе, мұнда көп нәрсенің дұрыс бейнесі көрсетілген. Сонымен бірге, сол бейнелерді қалай көрсету керектігін де анықтап кетеді», – деген еді [3,184].
Дастанда қанды қырғыннан қаймыққан ездік те, от пен суға ойланбастан қойып кететін көзсіздік те жоқ, адамдық бақыттың әрбір қас қағым сәтін қадірлей білетін ойлы, парасатты, сезімтал жауынгердің өмір алдындағы үлкен рухани жауапкершілгі бар. Ақын ешуақытта ақындық нәзік сезімнен қол үзіп көрген емес. Кек қазандай қайнаған осы дастанның өзінде нәзік сыр мол. «Қара толқын орман шашын, жұлды талдап снарядтар», – деп бейнелеуде орман тартқан зардап бір көрінсе, «жау шашынан сүйреген махабатты» да еске түсіріп, жанды тітіркендіреді. Ақын «ойшыл орманды», «ақырын ғана сырнай тартып, сыр шерткен ну қарағайды» сүйеді. Сол қарағайды сатыр-сұтыр от жалап жатыр. Бұл от ақынның қаһарманын қоса жалмағалы келеді. Кейіпкер автоматы ең соңғы рет атып, оғы бітіп тына қалады. Осыдан кейін лажы таусылған ер ұлан жау қолына түскенше, өртке орануды ойлайды. Өрт көзіне қызыл-жасыл киінген, сиқырлы ойын боп көзіне елестейді. Отқа омырауын ашып, жауына естіртіп сүйген әні «Қарғам-ауды» айтады.
Қаһарман есер жауды мазақтап, сақ-сақ күліп, өлім қойнына өлеңдете кіреді. Бұл – асқақ романтика.
Дастанда майдан суреті батырдың кекті жан ашуының шиыршық атқаны көрсетіледі. Өмір мен өлімнің ашық шайқасында сол қырғынның ортасында, «кекті зілін қорғасынға түйіп», жауға жай болып, от болып атылардай күйде тас бекініп, жолбарыстай жараланған жас ұлан жауға қасқая қарап тұрады. Жауға ол өз айбатын көрсетеді.
Құдірет күші жер-жаһанның!
Қанатын бер қыран құстың, Ашуын бер арыстанның, Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі әлемнің ашу-кегі, Орна менің кеудеме кеп! Жау жолына атам сені, Бомба бол да, жарыл жүрек! (1,9)
Осылайша батыр бойына күш қуат жинап, жаудан еш қорықпайтынын жариялаған.
Айдаһардай жаудың мақсаты жас ұланды жаншып таптау. Бірақ ер «Ала алмайсың!» деп кеудесін кере қарсы тұрады.
Бостандықтың алтын туын күлге айналдырып, тұтқынға айналғанша өлімнің өзін құдірет деп таныған ер ажал құшады.
Жер дүние күңіренгендей қаралы күйде болады. Құстар ер өлімін хабарлауға ұшады, күлін дауыл жауға таптатпай ұшырып алып кетеді. Мұнан ер өліміне қайғырумен бірге, ата жауымен алысып, кегін ала кеткен батырға деген ризашылық, сүйіспеншілік сезіледі.
Поэмада екі түрлі философиялық ойды аңғартады: ерлік өлмек емес, өлең өлмек емес [4, 245]. Поэманың қаһарманы – қыршын батыр, ер, сонымен бірге ел намысын жыртқан, ел кегін бойына жинаған ақын.
Майдангер ақындардың ішінде өзінің майдандық жылдарын қомақтырақ етіп жазған, майдан бейнесін шынайы бейнелеген ақын – Қ. Аманжолов еді. Ақынның бұл дастаны қазақ әдебиетінде майдан тақырыбындағы шығармаларының ішінде ерекше орын алады. Дастан романтикалық әдіспен жазылған. Себебі бас кейіпкер Абдолла қолдан келмес іске ұмтылған қаһарман ретінде өте биік дәрежеде көрсетілген. Дастан туралы талай әдебиет сыншылары өз пікірлерін білдірді. Бәрі де бұл шығарманы поэтикалық дастандардың ішіндегі үздігі екендігін көрсетті. Ал орыстың көрнекті ақыны Н. Тихонов «Қ. Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы қазақ поэзиясының інжу-маржаны» деп баға берді. Қасымның бұл поэмасы өзінің көркемдігімен ерекше көрінеді. Идеялық мәні және көркемдік шешімі шебер қойылғандықтан басқа ақындарға үлгілік қасиеті мол дастан деп есептейміз.
Әдебиеттер тізімі
- Аманжолов. Қ. Шығармалары. ІІІ том. –Астана: «Фолиант», 2013. – 275 б.
- Ергөбеков. Қ. Майданнан келген хат, Социалистік Қазақстан, 1945.№4 –б.
- Мүсірепов Ғ. Суреткер парызы. – Алматы: «Жазушы» , 1970. – 542 б
- 40-50 және 60 жылдардағы қазақ әдебиеті. Авторлар коллективі, Базарбаев М. Қасым Аманжолов// Алматы: Ғылым, 1998. 236-246 бб.