Жыл сайынғы Президент Жолдаулары өз жаңалықтарымен, құнды ұсыныстарымен еліміздің өркендеуіне, жаңғыруына негіз болатын салмақты тұжырымдарымен ерекшеленеді. Өйткені, Елбасы жолдауы мемлеке тіміздің даму жолындағы бағыт берер басты құжаты. 2018 жылғы Президент Жолдауының негізгі мәні Қазақстан халқының әл- ауқатын арттыруға, мемлекетіміздің дамуына арналып отыр. Осыған орай бұл Жолдау бүкіл халықтың ойынан шығып, қазір мемлекетіміздің барлық аумақтарында басқару, оқу- өндірістік салаларында, мемлекеттік емес ұйымдарда кеңінен талқыланып, қолдау тауып отыр.
Биылғы жылғы Прездиент Жолдауында заң үстемдігін жетілдіруге, жемқорлықпен күрес жүргізуге тиісінше назар аударылған. Өйткені, Конституция бойынша, Қазақстан құқықтық мемлекет. Осыған орай мемлекеттің өркендеуі үшін заң үстемдігінің маңызы ерекше. Құқықтық мемлекеттің өркен жаюына өзіндік кедергі, зиян келтіріп жатқан құбылыс – жемқорлық. Жолдауда атап көрсетілгендей, соңғы 3 жылда республикада жемқорлық қылмыс үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталған. Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард тенге көлемінде залалы болған, бірақ, мемлекет бұл залалды өндіріп алған.
Біздің еліміз тәуелсіздік алғаннан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес үнемі жүргізіліп келеді. Мысалы, Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 22 сәуірде «Қазақстан Республикасындағы қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлығы жарияланды. Бұл Жарлықта сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді тосқауыл қоятын көптеген құқықт ықшаралар көрсетілген . Атап айтқанда, мемлекеттік органдардың, мемлекеттің ұйымдардың және мемлекеттің қатысу үлесі бар ұйымдардың басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы пәрменді іс-әрекет жасау жауаптылығы белгіленеді. Ендігі жерде өзіне белгілі болған сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жәйттері туралы әрбір басшы тиісті органдарға, лауазымды адамдарға дер кезінде хабарлауға міндетті. Яғни, ол осы міндетін орындамаса заңда белгіленген тәртіппен жауапқа тартылады . Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу қызметі көтермеленеді, мұндай ретте оларға ынталандыру шаралары қолданылады. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы бүкіл халықты жұмылдырудың нақты көрінісі болып отыр. Мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ, мемлекеттік қызметтен босаған адамдардың ресми табысынан асып түсетін мүліктің шығу тегі туралы ақпарат ұсынуы оларға міндеттеледі.
Мемлекеттік органдада сыбайлас жемқорық құқықбұзушылық жасау тәуекелі жоғары лауазымдарға қызметке орналасу, қызметті атқару кезінде айрықша жоғары талап қойылады. Олар арнайы тексеруден өткізіледі. Тексеруден өте алмағандар мемлекеттік қызметінен босатылады. Корпоративтік сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларының механизмдерін құру жолға қойылады, яғни жеке сектордағы, жеке компаниялар мен банктердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру шаралары белгіленеді.
ХХ ғасырдың аяғы сыбайлас жемқорлыққа байланысты проблемаға еркеше мән берумен бірге, осы тұрғыдағы құбылыспен күрес жүргізуге арналған сан қырлы ғылыми ізденістердің өсуімен де ерекшеленеді. Бұл мәселеге байланысты алғашқы ғылыми зерттеулерді Америка криминологы Э.Сатерланд және оның көмекшісі Кресси жолғақойды. Тұңғыш рет Э.Сатерланд «ақ жағалылардың қылмыстылығы» деген ұғымды енгізді, ал бұл ұғымнан Батыс елдерінің ғалымдары сыбайлас жемқорлықты қылмыстылықтың ерекше тобына жатқызып, жеке бөліп алды. Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық ұғымы азаматтық қоғамда үйреншікті құбылысқа айналса, ал екінші жағынан Қазақстанның қауіпсіздігіне, ел экономикасының дамуына керағар әсер ететін факторға айналуда. Статистикалық мәліметтерге көз салсақ, республикада сыбайлас жемқорлықтың нәтижесінде көлеңкелі бизнес дамып, жылына мемлекеттік қазынаға түсетін едәуір кіріс желге ұшқандай болады екен.
Сыбайлас жемқорлар өз мақсаттарына жетуде ұйымдасқан қылмыстық топтарды пайдаланады. Сыбайлас жемқорлық арқасында ұйымдасқан қылмыс экономиканың маңызды секторларына өз ықпалын жүргізеді, бұл тұрғыда олар шын мәнінде жаңа сапа мен түрге ие болды.
Осы айтылғандар және басқа да жағдайлар Қазақстанда да халықаралық деңгейде бұл құбылысқа соңғы кездері ерекше көңіл бөлініп отырғанын көрсетеді. Міне сол шаралардың бірі Қазақстан Респубикасының «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» заңы, бұл заң ТМД елдері ішінде бірінші рет бүкіл мемлекеттік деңгейде сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталған заңдылық нормаларды белгіледі. Бірақ бұл заңда сыбайлас жемқорлық субъектісінің нақты анықтамасының, ал ең бастысы, осы заңды қолданудың құқықтық механизмінің болмауы қиындық келтірді. Осыған орай «сыбайлас жемқорлықпен күрес» жайлы заң нормалары бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Әрине, осындай өкілеттіктерді теріс пайдаланушылық көп материалдық шығынға және басқа да ауыр жағдайға ұшыратуы мүмкін. Мұндай жағдайда «корпоративтік сыбайлас жемқорлыққа» қарсы іс- шаралар туралы сөз болуы шарт. Жалпы жергілікті өкілді және мемлекеттік басқару органдарына келетін болсақ, оларда сыбайлас жемқорлықтың орын алатын саласына қосу принципті түрде маңызды болып табылады.
Сыбайлас жемқорлықтың субъектілері мемлекеттік қызметті атқаруға уәкілетті адамдар не оған теңестірілген адамдар, лауазымды адамар, лауазым иелері болып табылмайтын мемлекеттік қызметкерлер танылады. Егер лауазым иелерінің сыбайлас жемқорлық субъектілеріне қатысы жайлы әдебиетте бірыңғай пікір қалыптасқан болса, лауазым иесі болып табылмайтын мемлекеттік қызметкерлердің осы санатқа жату мәселесі даулы болып табылады.
Алайда мемлекеттік билікпен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына қарсы кез келген қызметкер белгілі дәрежеде қауіп төндіре алады. Оларды қылмыстық жауапкершілікке тартудың міндетті шарты заң қорғайтын мүддені елеулі түрде бұзу болып табылады, ал мұндай әрекетті олар өздерінің қызмет бабына байланысты әдетте жүзеге асырады. Егер мемлекеттік қызметкер өзінің қызмет бабын жеке мақсатта пайдаланып, құқық қорғау мүддесіне орасан зор нұқсан келтірсе, онда оны жауапқа тарту керек.
Заң әдебиеттерінде сыбайлас жемқолықты қоғамға қауіпті іс- әрекеттерді үнемі жасау деген түсінік көзқарасы да бар. Бірақ бұл заңға сай емес, өйткені мұндай түсінік коррупциямен күресті өте қиындатып жібереді, себебі үнемі жасау ұғымын, сипатын дәлелдеу қажеттігі туады. Осы келтірілген зиянды қолсұғушылықтың санына қатысты қарап бағалау дұрыс емес. Сонымен біз сыбайлас жемқорлыққа тән негізгі белгілерді анықтадық. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлыққа төмендегідей қылмыстық құқықтық анықтама беруге болады.
Сыбайлас жемқорлық деп мемлекеттік қызметтер атқаруға уәкілетті адамды не оған теңестірілген адамның, лауазымды адамның қызметтік өкілеттігін өзі немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшін пайда мен артықшылық алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтіру мақсатында қызмет мүдделерін керағар пайдалану нәтижесінде жеке адамның заңды құқықтары мен мүдделеріне, қоғам, мемлекеттік заңмен қорғалатын мүдделерін елеулі түрде бұзуға әкеліп соққан заңсыз іс- әрекеттерін айтамыз. Бұл анықтама осы құбылыстың нақты құқықтық көріністерінің кең шеңберін қамтиды.
Сыбайлас жемқорлықтың қылмыстық-құқықтық көрінісі түрлері жайлы көптеген пікірлер бар. Бірақ олардың қылмыстық- құқтық дәлдігімен толық түсінігі жоқ
Сыбайлас жемқорлық көлемінің өсуі билік органдарын бұл құбылысқа қарсы күреске бағытталған көптеген нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға мәжбүр етеді. Бірақ, мұндай шаралардың тиімділігі, оны бірінші болып міндетті түрде орындауға тиісті лауазым иелерінің оны елемеуіне байланысты өте төмен. Бұны соңғы кездері жүргізілген көптеген зерттеулер дәлелдеп отыр. Декларация толтырудан бас тарту жұмыстан шығаруға негіз болады. Осыған қарамастан, бұл талап орындалмайды. Шенеуніктердің сыбайлас жемқорлық туралы заңды мүлде елемеуінің бұдан басқа да мысалдарын келтіруге болады. Оны бұзғаны үшін қолданылатын әкімшілік шаралар тиімділігінің төмендігі күмән тудырмаса керек. Осыған орай сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған заңдылықты әдейі орындамағаны үшін қылмыстық жауаптылықты белгілейтін арнаулы қылмыстық-құқықтық норманы белгілеу қажет.
Әрине сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталған шаралар деп нені түсінуге болады деген сұрақ тууы мүмкін. Мұны түсіндіру үшін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жаңа арнайы нормативтік қаулылары керек. Осы қаулыда сыбайлас жемқорлыққа байланысты заңды бұзушылық деп мемлекеттік міндеттерді атқаратын, сондай-ақ соларға теңестірілген адамдардың лауазымдық өкілеттігін және соған байланысты мүмкіндіктерін және басқа да өзінің өкілеттіктерін пайдалана отырып, жеке өзі немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды құқыққа қарсы беруі, сатылуы деп көрсетілуі тиіс.
Коррупциямен ұйымдасқан қылмыс бөлінбейтін, бөлшектенбейтін криминалды одақты құрады. Ұйымдасқан қылмыс қанатының кең жайылуына сыбайлас жемқорлық себепші. Осы тұрғыдан қарағанда Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық дегеніміз ұйымдасқан қылмыстың негізі.
Осылайша мемлекеттік билік органдарында сенімді және кең сыбайлас жемқорлық байланысы болмаса ұйымдасқан қылмыс өмір сүре алмайды.
Бұл біздің мемлекетімізде 2008 жылы 6 мусымда ратификацияланған Біріккен Ұлттар Ұйымының Транс ұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясына толық сәйкес келеді. Осыған байланысты өз өкілеттіктерін ұйымдасқан қылмыстық топ, ұйым, бірлестік мүддесі үшін пайдаланған субъектілердің қылмысын аса ауыр қылмыс санатына жатқызылып, олар үшін жаза мөлшері жоғары деңгейде белгіленгені дұрыс.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасады деп жалған мәлімет, хабар берген субъектілердің көпе- көрінеу жалған іс-әрекеттерге барғаны үшін жауаптылығын күшейту қажет. Мұндай іс- әрекеттер қылмыстың аса ауыр санатына жатқызылуы керек. Бұл тұрғыда арнайы заң нормасын қылмыстық кодексте көрсету керек.
Сыбайлас жемқорлық қылмысын сылтау етіп, кінәсіз адамдарды қылмыстық жауапқа тарту, өте ауыр қылмыс санатына жатқызылуы қажет. Мұндай кезде субъектілердің жауаптылығы үшін жазалануы да әділ болады. Көптеген мемлекеттерде қылмыс құрамы осылай көрсетілген.
Сыбайлас жемқорлық қылмысына байланысты келіп түскен арыз-шағымдарды, хабарлар мен мәліметтерді тексерудің, шешудің, шара қолданудың процессуалдық мерзімін қайта қарап, ҚР ҚЖК-іне тиісінше толықтырулар енгізілген жөн.
Аты-жөні жоқ арыз, шағымдар тексерілуі тиіс, аты-жөні жоқ арыз-шағымдарда жалған мәліметтер берілсе,ондай хабарлама берген субъектілер қылмыстық жауаптылыққа және жазаға тартылуы қажет. Заң нормаларымен осы айтылған ұсыныстар реттелсе сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойылар еді.
Бұл аталғандардан басқа сыбайлас жемқорлықпен табанды күрес жүргізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілген осындай іс-әрекеттерді құқық қорғау органдары дер кезінде тексеріп, оқырмандарды тиісінше хабардар етуі қажет.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған заңдардың әлі де өзара қайшылықтарын жойып, олардың нақты қолданылу механизмін жетілдіру қажет.
Мемлекеттік аппарат қызметін жетілдіру үшін олардың қызметкерлерінің жалақсын тиісінше арттырған жөн. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін арнайы орган құрып, оның қызметін дұрыс жүргізуге қабілетті кәсіби мамандарды іріктеп алу керек. Аталған қылмыспен күрес жүргізу оңай шаруа емес, ол ұзақ мерзімге бағыттадған мемлекеттік шара екені рас. Ең бастысы осы кеселге қатаң бағытталған мемлекеттік бағдарлама жоғары деңгейде жауаптылықпен іске асырылуы тиіс.
Әдебиеттер
- «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Қазақстан Республикасы Заңы 18 қарашадағы № 1406, 2015 жылғы.
- Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға апналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы.