1979 жылы 11 ақпанда Иранда Ислам төңкерісінің жеңіске жетуі, Иран Ислам Республикасының орнығуы XX ғасырдағы ірі оқиғалардың қатарынан орын алатыны белгілі. Ислам төңкерісі десек жадымызға аятолла Хомейни түседі. Ол кісінің биыл 30 жылдығын атап өтіп отырған Ислам төңкерісінің алғышарттарын қалыптастыруға, исламдық мемлекеттің құрылымдарын жасақтап, Иран халқын ортақ мақсатқа жұмылдыра білуде сіңірген еңбегін тек ұшан-теңіз деп бағалауға болады. Егер ИИР талай сынақтардан сүрінбей өтіп, өзге мемлекеттер мен халықтардың назарын өзіне аударса, осы мемлекетті тануға деген құлшыныс артса, тіпті осы төңкерістің мәртебесінің өсе түсуі кейбір елдерді үрейге батырса бұл жерде аятолла Хомейнидің өзіндік орны бар.
Иран Ислам Республикасының ресми идеологиясының бір тірегі – «ислам төңкерісін экспорттау» тұжырымдамасы. Осы тұжырымдама Иран Ислам Республикасының Конституциясында көрініс тапқан. 1979 жылы желтоқсан айында қабылданған ИИР Конституциясының 3-бабында ИИР үкіметі мақсаттарының бірі – «ислам талаптарына сай елдің сыртқы саясатын жүргізу, барлық мұсылмандармен бауырластық одақ құру және әлемдегі қаналушыларға қолдау көрсету» делінген.
Иран Ислам Республикасының негізі қаланған сәтте-ақ «Ислам төңкерісін экспорттау» мәселесі қозғалды. Оған аятолла Хомейнидің мына сөзі дәлел: «کنیم صادر را اتقالبمان خواهیم می گفتیم اول از ما» - «Біз алғашқы сәтте-ақ төңкерісті экспорттауды қалайтынымызды айттық» [1, 19-том, 242]. «Ислам төңкерісін экспорттау» термині бүгінде көпшілікке таныс. Біз осы мәселенің мәні мен мазмұнын аятолла Хомейнидің көзқарасы арқылы ашып беруді мақсат етіп отырмыз. Екінші жағынан, Рухолла Мусави Хомейнидің діни-саяси көзқарасы елдің ішкі саясаты мен қатар сыртқы саяси бағытының қалыптасуына тікелей әсер еткені белгілі. Аятолла Хомейни билік басында 10 жыл отырды. Өзі негізін қалаған исламдық мемлекеттің қай бағытта дамып отырғанына, артықшылықтары мен кемшіліктеріне куә болды. Халықтың талап тілегінен хабардар еді.
Иран Ислам Республикасының негізін қалаушы ислам төңкерісін экспортау мәселесін талқылағанда ислам төңкерісін не үшін экспорттау қажеттілігін де назардан тыс қалдырмайды: ما
- انقالبمان را به تمام جهان صادر می کنیم چرا که انقالب ما اسالمی است و تا مبارزه در هر کجای جهان علیه مستکبرین هست ما هستیم.
«Біз ислам төңкерісін әлемге экспорттаймыз, себебі, біздің төңкерісіміз исламдық болмысқа ие, әлемнің қай жерінде қанаушыларға қарсы күрес туындаса, біз сол жерден табыламыз» [1, 11-том, 266].
Зерттеушілер тарапынан ИИР-дің барлық мемлекеттік құрылымдары мен азаматтық институттары ислам төңкерісін өзге елдерге экспорттау саясатын шартты түрде айтқанда үш жолмен
«бейбіт», «жартылай әскери» және «әскери» жолмен жүзеге асыруда деген пікірдің де айтылып жатқанын жоққа шығара алмаймыз.
Аятолла Хомейни төңкерісті экспорттау күшпен емес, исламдық мінез-құлықпен жүзеге асуы тиіс. Төңкерісті экспорттау дегеніміз - исламның шынайы болмысын таныстыру, адами құндылық- тарды дәріптеу, руханият мәселесіне жете мән беру дей келе, ислам төңкерісін бейбіт жолмен экспорттауды баса айтқан: «Төңкерісімізді барлық жерге экспорттауымыз керек деген сөзіміз біз елдің аумағын кеңейту ізіндеміз деген мағынаны білдірмейді», яғни بکشیم تفنگ و بکشیم شمشیر خواهیم نمی ما کنیم حمله و - «Біз семсер көтеріп, қолға қару алуды, шабуыл жасауды қаламаймыз» [1,12-том, 283]. Сонымен қатар ислам төңкерісін экспорттаудың бір бұтағы шииттерді қорғау бірінші орында тұрғанын ескеруге тиіспіз.
Ислам төңкерісін экспорттау мәселесінде аятолла Хомейни мемлекет қайраткерлеріне: ما مسئوالن نیست یران به محدود ما انقالب که بدانند باید - «Біздің қайраткерлеріміз біздің төңкерісіміздің Иранмен шектелмейтінін білуі тиіс» деп ескерту жасайды [1, 21-том, 108].
Оның көзқарасы бойынша, төңкерісті әлемге экспорттауға талпыныс тоқтамауы тиіс, төңкерісті экспорттамаймыз деген көзқарасты шетке ығыстырып қойған жөн.
Ислам төңкерісін экспорттаудың мақсаты жөнінде аятолла Хомейни былай дейді: «Әлемде исламның ықпалын нығайту және қанаушылардың үстемдігін азайту. Біз әлемде сионизм, капитализм және коммунизмнің тамырына балта шабуды қалаймыз».
Ислам төңкерісін экспорттау мәселесіне кім жауапты деген сауалға келсек:
صدور انقالب به لشکرکشی نیست بلکه می خواهیم حرفمان را به دنیا برسانیم که یکی از ان مراکز وزارت امور خارحه است که باید مسائل ایران واسالم و گرفتاری های که ایران و شرق و غرب داشته است، به دنیا برساند و به دنیا بگوید که می خواهیم این گونه عمل کنیم.
«Төңкерісті экспорттау жорыққа аттану емес, бәлкім біз сөзімізді әлемге жеткізуді қалаймыз, ондай орталықтардың бірі - сыртқы істер министрлігі. Министрлік Иран мен ислам мәселелерін, Иранның батыс пен шығыстан көрген бейнеттерін әлемге жеткізуі тиіс» [5, 19-том, 242].
«Ислам төңкерісін экспорттау» саясатын іске асыру үшін 1979 жылы мамырда «ислам төңкерісін қорғаушылар корпусы», «ислам бағыты министрлігі құрылды».
Иран сыртқы істер министрлігінің өкілдері – елшілер мен елшілік қызметкерлеріне жүктелген міндеттердің бірі сол елде біртіндеп төңкерісті экспорттауға ұмтылу. Олар Иран Ислам Республикасы қол жеткізген жетістіктерді дәріптеп, өзге ұлттарды оятуға күш салуы тиіс. Елшіліктерде бір исламдық басылым шығару, онда Иранда болып жатқан оқиғаларды жариялау аса маңызды. Көптеген елдер қозғалыс пен төңкеріс экспортталып, елдерінде де Иран секілді жағдай қалыптасады деп қорқады. Осы орайда Аятолла Хомейни сіздер олардың ықпалында емес, керісінше олар сіздердің ықпалдарыңызда қалуы тиіс деп баса айтқан. Исламды насихаттау міндеті ғалымдар мен шешендер, жазушылар мен өнер қайраткерлерінің жауапкершілігіне кіреді дейді аятолла Хомейни.
Ислам төңкерісінің шынайы болмысын әлем ұлттарына көрсетуді Ислам төңкерісін экспорттаудың бір ерекшелігіне жатқызған аятолла Хомейни былай дейді: و اسالمی اخالق و شایسنه رفتار با با را آنان وتوجه گذارید می جهان ملتهای نمایش به هست که گونه ان را اسالمی انقالب چهره و کرده جلب را همگان نظر خود انقالبی
برخوردهای برادرانه و محبت آمیز به انقالب بزرگ ایران جلب می نمایید.
- «Өнегелі, исламдық және төңкерістік мінез-құлықтарыңызбен көпшіліктің назарын өздеріңізге аударыңыздар. Исламдық төңкерістің келбетін шынайы үлгісінде әлем ұлттарына көрсетіңіздер. Туысқандық және махаббатқа толы көзқараспен олардың назарын Иранның ұлы төңкерісіне аударыңыздар» [1, 19-том, 45].
Ислам төңкерісін экспорттау қай деңгейде жүзеге асуда: «Біз бүгін әлемге ислам төңкерісін экспорттаудың келешегіне куә болып отырмыз, әлем қаналушыларының қанаушыларға қарсы күресі басталды әрі қанат жаю үстінде. Бүгін ирандық құдірет пен ислам құдіреті қаналушы барлық ұлттардың назарын өзіне аударды. Барлық жерде ислам нұрын шашуда. Демек, біздің төңкерісіміз экспортталды, ислам барлық жерде кәпірлерді жеңді»,
Ислам төңкерісінің әлем халқының бір бөлігіне ықпал еткені айқын, өйткені Aятола Хомейнидің сөзімен айтқанда: «Бүгінгі әлемде бір аймақта орын алған оқиғаның өзге аймақтарға ықпал етері сөзсіз, бірақ өзге аймақтардағы адамдардың ықпал алуы деңгейі олардың сана-сезімі мен таңдауына тәуелді». Ислам төңкерісі қандай жетістіктерге қол жеткізді: Имам Хомейнидің және оның жанындағы серіктерінің жанкешті қызметі арқасында ислам өзін қазіргі әлемдегі мықты идеология ретінде көрсете білді. Ислам діні талаптары мен әлеуметтік әділет идеясы біріктірілді. Исламды әлеуметтік өмірден шеттетудің жолы жабылды. Иран әлемдік саясат пен халықаралық байланыста өзіндік орынға ие екенін, өзге елдердің өзімен санасуы тиіс екенін дәлелдеп берді. Исламның мемлекетті басқару идеологиясы бола алатынын паш етті. Ислам мәртебесін өсіріп, исламдық қозғалыстардың қанат жаюына серпін берді. Қазіргі уақытты халықаралық қарым-қатынаста исламның рөлі артуда. Мұсылман елдерінде исламдық идеология мен қозғалыстардың әлеуметтік- саяси өмірдің құрамдас бөлігіне айналды. «Исламдық ояну» діни әлеуметтік қозғалыс ретінде барлық ислам елдерінде белең алуда. Қоғамдық өмірде ислам рөлінің артуы, ислам қозғалыстары белсенділігінің өсуі мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясаты басымдықтарына ықпал етуде. Осы факторларда ислам төңкерісі рөлінің бар екеніне көз жұма қарай алмайтынымыз белгілі. Ислам төңкерісін экспорттау мәселесі Ирак бастаған, 8 жылға созылған Ирак-Иран соғысында да назардан тыс қалған жоқ:.کردیم محکم را مان اسالمی بار پر انقالب های ریشه جنگ در ما .یم نموده صادر جنگ در را انقالبمان ما
- «Біз төңкерісімізді соғыста экспорттадық. Біз соғыста исламдық берекелі төңкерісіміздің тамырларын қатайттық» [1, 21-том, 94].
Аятолла Хомейнидің «Біз ислам, Ислам Республикасы ұранын көтергенімізбен ісіміз сөзімізге сәйкес келмесе бізге сенбейді» деген сөзінің терең мәні бар екенін айтуымыз керек.
Аятолла Хомейнидің көзқарасы бойынша «ислам ұлттары ислам республикасы мен иран халқынан үлгі алып, қанаушы үкіметтерге қарсы егер олар халықтың талабын қанағаттандыруды қаламаса бар күшімен көтерілуі тиіс, өйткені Шығыс не Батыс мемлекеттеріне тәуелділік мұсылмандар үшін бақытсыздық болып табылады» [3, 41].
Иран Ислам Республикасының негізін қалаушы исламға, еліне жаны ашитындар Иранда орын алған осы құдайшылық өзгеріс сол жерлерде де болуы үшін күресуі тиіс. Олар Иранның төңкеріс жасағанын, жетістіктерге жеткенін айтып, өз ұлттарын оятуға тырысуы керек дейді.
Аятолла Хомейнидің: «Егер төңкерісті экспорттағымыз келсе халықтың өз билігін қолына алуына тырысуымыз керек, исламдық төңкеріс қай жерде экспортталса, мәселе шешімін табады», - деген сөздері елдердің ішкі ісіне араласу болып табылады. Ислам төңкерісін экспорттаудың қандай кемшіліктері бар? Әрине, бар. «Ислам төңкерісін экспорттау» саясаты Иранның оқшаулануына себеп болды» [2, 154]. Иранның көрші мемлекеттері исламдық қозғалыстардың жандануына алаңдаушылық танытты. Батыс елдері ислам төңкерісінің қанат жаюы мәселесін ушықтырып, Иран көршілеріне қару-жарақтарын сатып, осы елдер де ықпалын арттырды.
Иран Ислам Республикасының Орталық Азияға ислам төңкерісін экспорттау мәселесіне келсек, Ирандағы ислам төңкерісінің алғашқы жылдары-ақ ислам төңкерісін КСРО-ның Орталық Азия республикаларына экспорттауға шақыру өте сирек көтерілді. Кеңес мұсылмандарына бағытталған осындай шақырулар орын алғанымен мұсылман араб елдеріне қарағанда жұмсақ формада айтылды. КСРО тараған соң Иран бірнеше рет осы республикаларда ислам төңкерісі идеяларын тарату мақсатын қоймайтынын жариялады. Тегеранның Орталық Азияда исламдық құндылықтарды таратуды қалайтыны анық. Бірақ Иран басшылығы осы елдермен қарым-қатынаста саясат пен идеология мәселелеріне жіті мән беруді қисынды деп есептемейді. 1992 жылы Иран Ислам Республикасының БҰҰ-дағы өкілі Камол Харрози Орталық Азия халықтары өз жолын таңдау құқығына ие, Иран өзінің достығын телуге ұмтылмайды, Иран жақсы көршілік байланысқа арқа сүйейді деп мәлімдеді. Иран Орталық Азияда өзінің идеологиялық ықпалын таратуды қалағанымен Иран үшін аймақтық тұрақтылық пен өзара тиімді екі жақты қарым-қатынас үлкен маңызға ие [4, 222]. 1993 жылы Тегеран басылымы «Кейхан-е хаваи» газеті былай деп жазды: «Сыртқы саясатта бағдардың өзгеруі ислам төңкерісінің қағидаларынан бас тарту дегенді білдірмейді, бәлкім бұл жаңа мүмкіндіктерді түсіну және оларды төңкеріс мүддесі үшін барынша тиімді пайдалануға ұмтылудың талпынысы». Иранның Орталық Азия жөнінде ұстанған саясаты, оның ішінде ислам төңкерісі идеясын тарату ісіне өте баяу талпыныс жасап отырғаны Иранның ішінде қатты сынға алынғанын да айта кетуге тиіспіз. 1980 жылдардың аяғында елдің саяси және мәдени өмірінде қатаң ислами идеологиялық курс бәсеңдеді. Иран Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасында бұрынғы мәдени- тарихи байланысқа жете мән беруде.
Қазіргі уақытта ирандық идеологтар мен саясаткерлердің «ислам төңкерісін экспорттауды» жүзеге асырудың жолдары мен әдістері туралы көзқарасының елеулі түрде өзгеруі де көп нәрсені аңғартады. Бүгінде ресми ортада исламды экспорттау мәселесі айтылмайды. 1997-2005 жылдары Иран Президенті болған С.М. Хатамидің «исламдық азаматтық қоғам» және «өркениеттер келіссөзі» тұжырымдамаларын ұсынғаны белгілі. Сеид Мохаммад Хатами президенттік қызметіне кірісу салтанатында сөйлеген сөзінде былай деген еді: «Өркениеттер арасындағы диалог қазіргі әлемдегі қажеттілік. Халықаралық жағдайды ұшықтыратын кез келген әрекеттен бас тартамыз. Біз тәуелсіздігімізді құрметтейтін әр мемлекетпен байланыс орнатамыз. Бірақ бізге өз көзқарасын қабылдатуға ұмтылатын державаларға қарсы шығамыз».
Сөз соңында қазіргі уақытта ислам төңкерісін экспорттау идеясының мәдени қырларына жете мән берілуде екенін айта кетуіміз керек. Аятолла Хомейниді Иран халқы ақын ретінде таниды. Оның өлеңдер жинағы бірнеше рет жарық көрді. Мақаланы аятолла Хомейнидің бір шумақ өлеңімен аяқтауды жөн көріп отырмыз:
جمهوری اسالمی ما جاوید است دشمن ز حیات خویشتن نومید است ان روز که عالم ز ستمگر خالی است ما را وهمه ستمکشان را عید است
Ислам Республикасы мәңгі жасайды
Үмітсіздік қамытын киді дұшпан.
Әлем қанаушылардан ада күн
Мереке болмақ біз және қаналушылар үшін [5, 193]. (жолма-жол аударма).
Әдебиеттер
- Базаркулова Б.К. Иран Ислам Республикасының сыртқы саясатындағы исламның орны / Аймақтық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері: тарих және қазіргі кезең. Халықаралық ғылыми- теориялық конференция материалдары. - Алматы, 2008.
- Имам Хомейни. Последнне послание. Политико-религиозное завещание. - Тегеран, 1991.
- Хуторская В.В. Взаимоотношения Исламской Республики Иран и стран Центральной Азии - Иран: ислам и власть. - Москва.: ИВ РАН-Крафт, 2001 .
- دیوان امام. تهران،چاپ هشتم 6731