Қазіргі халықаралық қатынастарда аймақтық деңгейдегі мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың алатын орны ерекше. Өйткені әрбір мемлекет алысқа кетпей-ақ, ең алдымен өз аймағында позициясын нығайтып, көрші мемлекеттермен ынтымақтастығын күшейтіп, әлемдік аренадағы өз орнын нақтылауды көздейді. Сонымен қатар ХХІ ғасырдың ерекшелігі сонда, әрбір мемлекетке қатысты мәселелердің ғаламданғаны соншалық, ешбір ел өз бетінше жеке дами алмайтын күйге жетті. Осы ретте Орта және Таяу Шығыс аймағында орналасқан аймақтық дәрежедегі мемлекеттер Түркия мен Иранның арасындағы қарым-қатынас мәселесі екі мемлекет үшін де, аймақтық даму үрдісі үшін де маңызды орын алатыны сөзсіз. Қазіргі кезде екі мемлекет те ешкімге тәуелсіз, дербес саясат жүргізуге ұмтылуымен қатар, әлемдік интеграциялық процестерден тыс қалмау мақсатындағы саясатымен ерекшеленеді.
Түркия мен Иран арасындағы қарым-қатынастардың тарихына үңілсек, екі мемлекеттің де кереметтей жақсы ынтымақтастық қатынастарда болмағанын көреміз. Оған себеп аймақтағы Европа державаларының жүргізген саясаты деуге болады. Екі елдің арасында соңғы қақтығыс ХІХ ғ. 20-шы жылдары орын алды, ал бірінші дүниежүзілік соғыстан соң, Осман империясы ыдырап, Түркия Европаға бағытталған саясат ұстағаннан кейін екі ел арасында табысты қарым-қатынас орын алмағанмен де, Түркиядағы европалық сипаттағы өзгерістер Иранға да әсер еткені сезіліп отырды. Өйткені Кемал Ататүріктің жүргізген қайта құрулары Иран жетекшісі Реза шахтың назарынан тыс қалмағанын оның жүргізген саясатынан көруге болады.
1925-1979 жылдарда екіжақты қатынастардың барысы бірінші рет тұрақтылығымен ерекшеленді. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң екі мемлекетте әскери блоктарға мүше болып, өз алдына дербес саясат жүргізіп, халықаралық қатынастардан өзінің лайықты орнын алуға тырысты [1]. 1979 жылы Ирандағы исламдық революцияның жеңісінен кейін екі елдің арасындағы қатынас біршама алаңдаушылық жағдайда болды, өйткені зайырлы даму бағытындағы Түркия көршісінің исламдық революция жеңістерін таратуға деген ұмтылысына аса сақтықпен қарады. Соған қарамастан екі мемлекет арасында сауда-экономикалық қарым-қатынастар өз деңгейінде даму үстінде болды.
Екі ел арасындағы байланыстардың жаңа бір кезеңі Иран президенті Мохаммад Хатами (19972004) тұсында орын алды, өйткені осы кезеңде қатынастар біршама тұрақты сипатта дамыды. Бұл жағдай Түркия мемлекетінің басына исламдық Әділдік және Даму партиясының келуімен түсіндіріледі. Осы кезде түрік қоғамында исламдық тенденциялардың күшеюі екі елдің сыртқы саясат мәселелері бойынша ұстанымдарының жақындасуына себеп болды. Әділдік және Даму партиясы өзінің бағдарламасында ең басты басымдықтар деп аймақтағы қауіпсіздік және ынтымақтастықты күшейтуді ұстанатынын білдірді. Сонымен қатар олар өз бағдарламаларында Түркия өзінің географиялық жақын аймағында өзара сенім мен тұрақтылық атмосферасы болуына, көрші елдермен қатынасын өзара диалог ретінде орнатып, аймақтық ынтымақтастықты дамытуға бар күшін салады деп атап көрсеткен [2].
Осындай өзгерістерге байланысты аймақтағы ірі елдер қатарына жататын Түркия мен Иран да бір-біріне айрықша назар аударып, көршілік қатынастарды тұрақты дамытуға мүдделі екендігін білдірісті. Екі елдің қазіргі кездегі сыртқы саяси бағыттарына келетін болсақ, Түркия әу бастан өзінің сыртқы саясатының басты бағыттарының бірі етіп европалық бағытты ұстанып, Европалық Одаққа кіруді басты мақсаты етті және аймақтағы көрші мемлекеттермен аса тығыз байланыс орнатпағанмен, саяси-экономикалық қатынастарды дамыту әрекетін сындарлы жүргізді. Алайда Европалық Одаққа өту мәселесінің кейінгі кезге қалдырылуы Түркияның сыртқы саясатындағы европалық бағытын әлсіретіп, аймақтағы саяси белді держава ретіндегі мақсаттарын бірінші орынға шығарды. Сонымен қатар Түркияның түркі тілдес елдерге қатысты саясатындағы түпкі мақсаттары да орындалмады.
Осыған байланысты Түркия сыртқы саясатындағы басқа да бағыттар бойынша өзінің мүддесіне сай қатынастарын жандандырып дамыта бастады. Ең алдымен, аймақтағы көрші мемлекеттердің бірі Иранға назар аударылғаны да тегін емес. Өйткені Европа елдерінің энергия көздеріне деген сұранысы артып отырған жағдайда Түркия Иранның энергия ресурстарын Европаға жеткізетін бірден-бір делдал ел ретінде саналады және осыны пайдаланып Түркия Европа елдеріне өзінің қаншалықты қажет екендігін көрсеткісі келгендей. Ал Иранға келсек, ол өзінің экономикалық, әскери-саяси күшін күшейтіп, аймақтың белді бір державасы дәрежесін ұстап тұруға ұмтылған саясатын дәйекті жүргізуде. Оны Иранның кейінгі кезде сыртқы саясаттағы белсенділігі мен ядролық энергияны өндіріп, пайдалану бағдарламасына қатысты ұстанымдарынан көруге болады.
Кейінгі кездегі Иранның ядролық энергияны өндіріп, өзінің мақсаттарына пайдалануға деген ұмтылысы АҚШ тарапынан сынға ұшырап, әлемдік деңгейде көпшіліктің назарын аударған ірі мәселеге айналып отыр. Бұл мәселе Иранның Израильді ядролық қаруы бар мемлекет ретінде аймақтық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін деген айыптауынан басталды. Оған жауап ретінде Израиль Иранды ядролық қаруды жасау дайындығында, мұның өзі әлемді ядролық дағдарысқа әкелуі мүмкін деген мәлімдемесін білдірді. Осыдан соң АҚШ және басқа да күштер Иранға қарсы айыптау компаниясын бастады. Алайда Иран өзінің ядролық энергияны тек бейбіт мақсатта қолдануға бағыт ұстап отырғанын айтып қарсы шығуда. Түркия бұл мәселеде Иранға қолдау көрсетуде.
Кейінгі кезде осы жағдайға байланысты Иран Түркияны АҚШ екеуінің арасындағы келіссөзге делдал болуына өтініш білдіріп отыр. Түркия бұған АҚШ қарсы болмаса өзінің қарсы еместігін, екі ел арасындағы қатынастарды жақсартуға бар күшін салатынын аңғартты. Сонымен қатар ол ядролық мәселеге қатысты «алтылықтың» талабына Иран тарапынан жағымды жауап болса ғана әрекет етуге дайын екенін білдірген болатын.
Иран мен Түркияның тағы да бір-біріне қолдау көрсеткен саясаты күрд халқының мәселесіне қатысты болды. Бұл мәселеде Иран Түркияны қолдау саясатын ұстанып отыр. Оның бұл реттегі шешуші әрекетін Күрд Жұмысшы Партиясының жетекшілерін ұстап беруінен және 2006 жылғы көктемде өз территориясындағы осы партияның белсенділеріне қарсы шығуынан байқауға болады. Саяси деңгейде ресми түрде Иран басшылығы күрдтердің Түркияға қарсы күресін қолдамайтындығын ашық жариялады.
Алайда Түркия мен Иранның кейінгі кездегі жақын ынтымақтастығы АҚШ-қа ұнамай отыр. Өзімізге белгілі АҚШ әрқашан да өзінің серіктерінің сыртқы саяси бағыттарын қадағалап отырады, егер олардың сыртқы саясаттағы қандай да бір бағыты, ұстанымдары АҚШ мүддесіне қайшы келсе, соған ол кедергі жасауы мүмкін. Осыған байланысты Таяу Шығыстың екі мемлекетінің де АҚШ-тың «Үлкен Таяу Шығыс» атты америкалық үлгісінде демократизациялау бағдарламасына қарсы шығуы оның наразылығын тудырып отырғаны сөзсіз. Түркияның Иранның газ кеніне инвестициясын салуы да АҚШ-қа ұнамай, оған қарсы өзінің пікірін білдірсе де, бұл мәселеде Түркия өзінің ұстанымын тұрақты дамытуда. Өйткені Түркия әрқашан АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ең сенімді серіктесі болып саналатын. Ендігі жерде бұл жағдайдың өзгергенін 2003 жылы наурыз айында Түркия парламенті АҚШ-тың Түркия территориясын Иракқа қарсы әскери операцияға пайдалануға деген ұсынысын өткізбей қойғанынан көруге болады. Сонымен қатар Түркияның өзі де АҚШ-тың Иракқа қарсы әскери әрекетін қолдамағаны белгілі.
Түркияның осы сияқты әрекеттерін шектеу мақсатында АҚШ әкімшілігінің өкілі Николас Бернс Анкараға арнайы сапары барысында Түркия және басқа елдер Тегеранмен саяси қатынастарын тоқтатып, оның ядролық қаруды иеленуіне қарсы шығуы керек деген пікірін білдірді. Николас Бернс өз сөзінде: «Иранның ядролық қару жасап жатқаны сошалықты маңызды мәселе, осыған байланысты оған қарсы әрбір ел өз мүддесінен бас тартуы керек. Иран өзінің ядролық қаруды жасауын жүргізіп жатқанда қандай да бір мұнай және газ келісімдері туралы сөз қозғау орынсыз деп білеміз», деп атап өтті [3]. Соған қарамастан екі мемлекеттің де сыртқы саясатында өзіндік мақсаттары болғанымен, аймақтық ірі мемлекеттер ретінде өз арасындағы қатынастар да екі жақ үшін маңызды орында. Осы ретте Түркия мен Иранның арасындағы саяси ынтымақтастық экономикалық маңызы бар мәселелермен ұштасып жатқанын көреміз.
2006 жылы мамырда Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымының Бакудегі саммиті шеңберінде, сонымен қатар Индонезиядағы D-8-дің саммитінде Түркия премьер-министрінің Иран президентімен кездесуінің тиімді өтуі түрік-иран қатынастарының жақсара бастағанының көрсеткіші болды. Осы әрекеттерімен Иран мен Түркия мемлекет басшылары өзара саяси диалогті жандандырып, аймақтағы проблемалық мәселелерді бірігіп шешіп, өздерінің де халықаралық қатынаста елеулі рөл атқаратынын танытып отыр.
Түркия мен Иран арасында қазіргі кезде екі маңызды мәселе бойынша іскерлік қатынас жүзеге асуда, оның бірі ирандық «Оңтүстік Парс» газ кен өндірісін игеруге қатысу, екіншісі газ құбырын салу жобасын келісу. Осы ұстанымның дәлелі ретінде Түркия мен Иран арасындағы газды өндіру және оны тасымалдау мәселесіндегі ынтымақтастық тұрақты түрде дамуда. 2007 жылғы шілде айында екі жақ «Меморандум о намерениях» атты құжатқа қол қойды. Ол құжатта Иран мен Түрікменияның газын Европаға Түркия территориясы арқылы тасымалдап жеткізу мәселесі келісілді. Осы Меморандумға сәйкес Түркияның мұнай корпорациясы Иранның Оңтүстік Парс ауданындағы газ кенін игеріп, одан 20 млрд куб газ шығаруды көздеп отыр [4].
2008 жылы 14 тамызда басталған Иран президенті Махмуд Ахмединежадтың Түркияға сапары екіжақты қарым-қатынасты жақсартудағы тағы бір маңызды қадам болды. Осы ресми сапарда Иран президенті Түркия үкіметінің президентімен, премьер-министрімен, кездесіп екіжақты қатынастардың өзекті мәселелерімен қатар аймақтық саясат мәселелерін де қарастырды. Алайда басты мақсат Түркияға Иран газын жеткізу және Европаға өткізу үшін газ құбырын салу мәселесі болатын. Осыған қатысты екіжақты құжаттарға қол қойылғанмен, Иран-ЕО газ құбырының жобасы (жоба 3,5 млрд. долл. құрайды) жөнінде арнайы құжаттарға қол қойылмады. Батыс баспасөздері мұны Вашингтонның қысымы себеп болды десе, кездесуші жақ мұны техникалық себептерге байланысты деп түсіндіреді [5]. Сонымен қатар Иранмен экономикалық қатынастар жандана дамуда. Өзінің географиялық қолайлы орналасуына байланысты Түркия Иран үшін оның тауарларын Еуропаның рыногына шығарудың бірден-бір жолы ретінде рөл атқаруда. Соңғы кезде екі ел арасында сауда қатынастары жоғарғы қарқынмен дамуда. 2006 жылы тауар айналымының жалпы көлемі 6,7 млрд доллар көлемінде болса, 2010 жылы 10 млрд долларға жеткізу көзделуде. Иранда 40-қа жуық түрік фирмалары жұмыс істейді. Иран Түркияға, ең алдымен мұнай шикізатын және табиғи газды экспорттаса, Түркиядан машиналар, өндіріс жабдықтарын, темекі, қара металлургия өнімдерін сатып алып отыр [6].
Екіжақты экономикалық қатынастардың негізгі көзі газ мәселесі. 1996 жылы арнайы келісімге қол қою арқылы Түркия мен Иран арасында 2005 жылдан бастап 22 жыл бойы Иран жағы 228 млрд куб текше метр газ жіберіп отыруға келіскен болатын. Алайда осы жоба басталғаннан бері екі жақ газдың бағасына келісе алмай, газ уақытында жеткізілмей әртүрлі кедергілерге кездесіп отыр. Осы ретте АҚШ-тың осы мәселеге қатысты саясаты да өз әсерін тигізіп отырғанын атап өтуге болады. Анкарадағы Америка елшілігінің өкілдері: Тегеранмен 20 млн долл. көлемінде келісімге қол қойып, Иран экономикасының мұнай-газ секторының мүмкіндігін кеңейтуге себеп болған кез келген шетел фирмасы АҚШ тарапынан санкцияға ұшырайды, яғни америкалық фирмаларымен сауда-экономикалық қатынасы шектеледі деген талаптарын білдірді [7].
Түркия осы себепті пайдаланып, Иранның газын арзан бағаға сатып алғысы келіп отыр ма деген ой келеді. Түркия тек Иранға ғана қарап отырған жоқ, өйткені әртүрлі жағдайларға байланысты Иран газы толық жетпей қалуы мүмкін, сондықтан Түркия «Көгілдір тасқын» бағдарламасы бойынша Ресейден келетін газды да сатып алу арқылы өзінің мұқтажын қанағаттандыруға тырысып отыр. Жылына осы жоба бойынша Түркия экономикасы 34 млн текше метр газбен қамтамасыз етіледі.
Қазіргі кезде Иранның энергетикалық дипломатиясы тек қана Түркияны емес, сонымен қатар көрші жатқан Үндістан, Пәкістан, Қытай, БАӘ елдерін де қамтып отыр. Көгілдір отын өндіруден әлемдегі бес ел қатарына кіретін Иран мұнайының мол қорын да алға ұстап, сыртқы саясатта өзіне қолайлы жағдай жасауға әрекеттеніп жатқаны сөзсіз. Қорыта келгенде, қазіргі кезде Иран мен Түркия арасындағы қатынастар аймақтық деңгейде бір қалыпқа түсіп, тұрақты сипатта дами бастағанын көреміз. АҚШ қанша қарсы болғанмен Түркия да, Иран да өз мүдделеріне сай бұл қатынастарды тұрақты ұстауға тырысып, әртүрлі дипломатиялық әдістерді қолдануда. Әлі де болса Иран өзінің ядролық бағдарламасынан бас тартпай отыр, ал Түркия болса бұл мәселеге сақтықпен қараса да, бұл Иранның өзінің ішкі мәселесі деген пікірде. Осындай ұстанымдары бар екі мемлекеттің де болашақта өзара ынтымақтастық қатынастарды одан әрі дамытуға мүдделі екені айқын.
Әдебиеттер
- iimes.ru/rus/stat/2008/29-07-08c.htm
- Синан Оган. Правящая партия и турецко-российские отношения// Азия и Африка сегодня. 2008. № 12. С.45-46.
- Турецко-иранский бизнес спутал карты Вашингтону// www.iimes.ru
- Турецко-иранские отношения и газовый вопрос// www.iimes.ru
- http://www.centrasia.ru/newsA.php?st=1238191140
- iimes.ru
- http://www.centrasia.ru/newsA.php?st=1238191140