Қазіргі уақытта қылмыстылықтың әртүрлі нысандары мемлекеттердің дамуына кері әсер ететін теріс құбылыс болып отырғандығы баршаға аян. Осындай жағдайда жан-жақты ойластырылған кешенді (қаржылық-материалдық, ғылыми, кадрлық, идеологиялық, нормативтік-құқықтық және т.б. қамтамасыз етілген) бағдарламаның қажеттігі айдан анық. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі қылмыстылық тарихи мол және халықаралық бай тәжірибені ескерген біртұтас, салиқалы қылмыстық саясатты ұйымдастырудың жаңа жолдарын зерттеуді талап етеді. Қашан да құбылыстардың себептерін анықтау қажеттілігі айтылса да, іс жүзінде қылмыстылықтың негізгі себептері «жабулы қазан» сипатында қала береді де, көбіне қылмыстық саясат жазалау жүйесіне «сүйенеді». Салдарымен (қылмыстық сот өндірісі «машинасын» іске қосу, қылмыстық іс-әрекеттерден зардап шеккен қайғырған жәбірленушілер, сотталушылары «аузы-мұрнынан шыққан» түрмелер, рецидив, кәсіби қылмыскерлермен) күрескеннен гөрі, қылмыстылықтың себептерінің ерте алдын алу (превенция) қашан да маңызды. Қылмыстылықпен күресу оның алдын алу мен ескертуге негізделсе ғана ерекше тиімді болар еді. Себебі, қылмыстылықпен күресу жүйесінде репрессивтік, сазайын тарттыру тәсілдерін қолдану негізгі амал емес. Демократиялық, құқықтық мемлекетте түрмелерге жабу – бұл мемлекеттің амалсыз жасаған соңғы шарасы ретінде қолданылуы тиіс.
Қоғамға жат, құқыққа қайшы құбылыстардың ішінде қылмыстылық адам құқықтары, олардың заңды мүдделері мен мемлекеттегі қауіпсіздік, тұрақтылық пен қалыпты дамуға қол сұғатын іс- әрекеттердің ең қауіптісі болып табылады. Ал трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтар мен қылмыстық қауымдастықтардың қылмыстық әрекеттерінен (есірткі заттарының, қару-жарақтардың заңсыз айналымы, адам саудасы, шаруашылық және лауазымдық қылмыстар, салық, жекешелендіру салаларындағы ұйымдасқан қылмыстылық, ақша-несие саласындағы алаяқтық операциялар, контрабанда, қылмыстық жолмен табылған ақшаларды заңдастыру, жалған ақша жасау және т.б.), қылмыстардан мемлекет, ұйымдар мен жекелеген азаматтар ондаған, жүздеген миллиардтармен есептелетін орасан зор зардап шегеді. Осы жерден экономика және басқа да салалардағы ұйымдасқан қылмыстық топтардың қылмыстық әрекеттерінің қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлықпен ұштасуы әрі олардың түп тамырлары КСРО уақытынан жалғасып келе жатқандығы, қалыптасқан нарықтық қатынастарға байланысты экономикалық қылмыстарды жасаудың жаңа тәсілдерін ойлап табулары оның қоғамға қауіптілік деңгейінің тіпті жоғары екендігін көрсетеді.
Мұндай жағдайда қылмыстық саясаттың бағыттарын дұрыс анықтау, тез арада өте ұтымды шешімдер қолдану, құқық қорғау органдарының қызметін жақсарту, яғни қылмыстылықтың алдын алуды тиімді басқару қашан да кезек күттірмейтін ерекше өзекті мәселеге айналады. Ал кез келген саналы басқарудың негізін шынайы да толық ақпараттар құрайды.
Қылмыстылықпен байланысты қылмыстың оқиғасы да, оны жасағандар да, оның себептері мен жағдайлары да, алдын алу шараларының тиімділігі де оның алдын алуға шақырылған субъектілерге «ақпарат» түрінде жетіп, сол нысанда сақталып, пайдаланылатындығы анық.
Қылмыстықпен күресуде қазіргі кезде қылмыстылықтың алдын алу алдыңғы орынға қойылып, негізгі «генерациялық» бағытты құрайды. Бұл жайында ҚР Президенті 20.09.2002 жылы мақұлдаған
№ 949 Қазақстан Республикасының Құқықтық саясаты Тұжырымдамасында: “Қылмыстық заңнамада қылмыстылықтың алдын алу және оны болдырмау, онымен күрестегі табандылық, жедел-іздестіру қызметін жетілдіру, нақты қалыптасқан оперативтік ахуалға тиісінше көңіл аудару, ақпараттық қамтамасыз ету мен талдау жұмысының деңгейін көтеру басым бағыттар болуы тиіс” деп нақты белгіленген.
Қылмыстылық феноменіне әлеуметтік-құқықтық бақылау жасауды күшейту үшін мемлекеттік билік пен құқық қорғау органдарынан ақпараттармен жұмыс жасаудың шынайылылығы мен оны алуды барынша жеңілдетуді қамтамасыз етуге бағытталған бүкіл ақпараттық жүйесінің қызметін тиімді ұйымдастыру, онымен жұмыс жасаудың нысандары мен әдістемелерін жан-жақты дамытуды талап етеді. Бұл орайда құқық қорғау органдарының жариялылық, ақпараттардың ашықтығы қағидаларына негізделген бұқаралық ақпараттар құралдары мен қоғаммен байланысты одан әрі ұлғайту мәселесі ерекше маңызды.
Әрі ғылыми прогрестің «жемістерін» (ғылыми-техникалық құралдарды) құқық қорғау органдары мен жалпы қылмыстардың алдын алуға жұмылдырылған субъектілердің қызметіне енгізу де кезек күттірмейтін шараларды құрап отыр. Бұл орайда қылмыстық әділет органдарының қызметінің көрсеткіштерін сипаттайтын статистикалық ақпараттарды жариялау кез келген мекемелерге қоғам өкілдерінің еркін кіруін, олардың қызметін бостандық қағидаларына негізделе отырып талқылап, баспасөзде жариялауды қамтамасыз еткенде ғана қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік болады [1]. Сондықтан қазіргі уақыттағы қылмыстық саясаттың негізгі мақсаты - қоғамдағы рөлі артып келе жатқан адами фактордың басымдылығын кешенді қамтамасыз ету.
Сонымен қатар Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың биылғы 2009 жылғы «Дағдарыстан - дамуға» деп аталатын кезекті Жолдауында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне: «Қылмыспен, сыбайлас жемқорлықпен, алаяқтықпен, заңдардың бұзылуымен табанды да қатал күрес жүргізу керек. Осы қиын кезде біздің азаматтардың, бүкіл қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бәрін де істеу керек. Мен бұқаралық ақпараттар құралдарын белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырамын! Сіздерді «төртінші билік» деп кездейсоқ атамайды!
Қазір БАҚ адамдар үшін қиындықты қалай еңсеруге болады, мынандай қиын кезде қалай аман қаламыз, қалай төтеп береміз деген мәселелерде «кеңесші» ретінде көрінуге тиіс. Азаматтарды басқа адамдардың оң тәжірибесі арқылы үйрету керек. Біздің ғылыми және шығармашылық интеллигенцияға да осындай рөл жүктеледі. Сенімділік, жеке белсенділік, төзімділік, патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік секілді көңіл күйлерді орнықтыратын материалдарды жиі беру керек», - деген болатын [2]. Ел Президентімен аталған осы бағыттар біздің ойымызша, дер кезінде аталған маңызды да орынды жайттар, себебі әлеуметтік ыңғайсыздық (күйзелу, абыржу, жабырқау сезімдерін) сезініп жүрген адамдар әртүрлі қоғамға жат стимулдар мен идеяларға, әртүрлі заңсыз насихаттауларға ерекше иланғыш келеді.
Қазақстан мүшесі болып табылатын көптеген халықаралық шарттар ақпараттардың ашықтығын, тұнықтығын, транспаренттілігін талап етеді. Осы орайда қылмыстылық сияқты қоғамға жат феноменді жалпы жұртқа жариялау қаншалықты қажет деген сұрақ туындайды. Жалпы, БАҚ халықтың құқықтық мәдениетіне, құқықтық санасына қалай әсер етеді?
Бұл үдерістің теріс салдары ретінде қылмыстылық және онымен байланысты қоғамға жат, маргинал жүріс-тұрыс (жезөкшелік, нашақорлық, алкоголизм, порнографиялық азғындату мен азаптау-зорлық әрекеттерін насихаттайтын материалдар) туралы, оның кейбір көріністері туралы БАҚ беттерінде жариялау мен көрсетудің қоғам мүшелеріне теріс әсер беретіндігі белгілі. Сондықтан БАҚ материалдарының қоғамдағы әсері екіұшты. Себебі, бір жағынан, арнайы мамандардың зерттеулері бойынша «маньяктардың іс-әрекеттері, олардың қылмыстарды жасау тәсілдері туралы көптеп көрсеткен сайын қоғамда олардың саны да арта түседі екен» [3]. Екінші жағынан, мысалы АҚШ-та жекелеген штаттарда сексуалды азғындаған сотталушылардың бостандыққа шығып, қандай да бір ауданға қоныс тепкендігі жөнінде жергілікті радиодан, теледидардан, басқа да байланыс құралдарынан үздіксіз беріледі, яғни халық олардың өмірі мен денсаулығына, басқа да құндылық- тарына қауіп төнуі ықтимал екендігі жөнінде хабарланады.
Баспасөз құралдарының басқару жүйесімен тығыз байланысты екендігі белгілі. Бұл орайда, жалпы ақпарат – бұл белгісіздікті, анықталмағандықты жоятын мәліметтердің жиынтығы ретінде анықталады. Ақпарат – бұл таным мен бейнелену теорияларының ең негізгі категорияларының бірі.
Елбасы атап өткендей, тіпті БАҚ-ты «төртінші билікке» жатқызатындар да бар, өйткені теледидардың жанұяның тағы бір қосымша «мүшесіне» айналғанына бірталай жылдар өтті. Сонымен қатар «ақпарат кімде болса, сол әлемді басқарады» (Наполеон Бонапарт) деген де сөз бар, яғни басқару саласының негізін толық та шынайы ақпараттар құрайды. Сондықтан халықпен ақпараттық жұмыс жасау қылмыстық саясаттың маңызды саласы болып табылады, (қылмыстылықтың алдын алудағы құқық қорғау органдарының жетістіктерін насихаттау, құқықтық тәрбиені қамтамасыз етуде БАҚ-ты қолдану және т.б.) өте тиімді бағыт болып саналады.
Яғни, БАҚ нені көп көрсетсе, қоғам мүшелері басым көпшілігінде айна іспеттес соны қайталайды. Бұл мәселеге қатысты шетелдік қорқыныш тудыратын арзан фильмдер де аса зор алаңдатушылық тудырып отыр. Бұл фильмдер әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында өз салдары ретінде қоғамдағы агрессияны күшейтіп, болашаққа күмәнмен қарау, өз-өзіне сенбеушілік және үрей сезімдерін туғызатыны белгілі. Сондай-ақ ұлтымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық санасына орасан зор теріс әсер етіп, ұнамдылық ережелерін жоюы да ғажап емес. Өйткені елімізде көрсетілетін АҚШ-тың комедиялық жанрдағы және т.б. сипаттағы фильмдерінде денесі ашық адамдар (екі жынысты да, әсіресе жартылай немесе толық жалаңаш әйелдер), интимді әрекеттерге бару фильмнің бейне бір міндетті компоненті сияқты, сондықтан ол фильмдер терең мән-мағына мен эстетикалық талаптардан «жұрдай», соның нәтижесі ретінде көрермендердің басым көпшілігі фильмдерде болуы тиіс маңызды мазмұнды, бастапқы әрі түпкілікті (егер ол болса) идеяны емес, жоғарыда аталған сәттерді күтетіндей әсер қалдырады.
70 жылдық тарихы бар Кеңес үкіметінің дәуірінде коммунистік идеологияның әсерінен қылмыстылық туралы мәліметтер ұзақ жылдар бойы мемлекеттік құпияны құрап, қалың жұртқа жария етілмеді. Ол туралы мәліметтер тек 1987-1989 жылдары ғана жариялана бастады. Олай дейтініміз, профессор В.В. Лунеевтің келтірген дәйектеріне сәйкес, 1987 жылы КСРО-дағы сотталғандар туралы статистикалық мәліметтер, ал 1989 жылы жалпы қылмыстылық туралы ақпараттар жариялана бастады [4]. Соның салдарынан КСРО-дағы қылмыстылықты тануға байланысты криминологиялық зерттеулер эмпирикалық, статистикалық және әлеуметтік талданған дәйекті (фактілі) мәліметтерге емес, логикалық-құқықтық, догматикалық ойларға ғана негізделді. Мемлекет «қылмыстылықтың картинасын» шын мәнісіндегідей емес, өзіне қажет етіп қалыптастырып отырды.
Қазіргі уақытта қылмыстылық туралы ақпараттар мемлекеттік құпияны құрамайды. Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 15 наурызындағы № 349-1 «Мемлекеттік құпиялар туралы» Заңының 17-бабының 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, қылмыстылық туралы ақпараттар мемлекеттік құпияландыруға жатпайды. Яғни, олар қалың жұрт үшін ашық, жариялы болуы тиіс. Көбіне қылмыстылық туралы ақпараттар «Предупреждение преступности», «Правовая реформа», «Право и государство» журналдарында, «Заң» газетінде, жекелеген мақалаларда жарияланып отырады.
Біздің ойымызша, қоғамдағы құқықтық мәдениет пен құқықтық сананы құрайтын белгілердің жиынтығын құқық қорғау органдарындағы құқықтық ақпарат жүйесі мен жаппай коммуникация жүйесі де сипаттайды. Бұқаралық ақпарат құралдарының осындай каналдары бойынша қоғамға құқықтық тәртіп пен заңдылықты сипаттайтын ақпараттар «жеткізіледі».
Бұқаралық ақпарат құралдары – бұл қоғамдағы өзекті мәселелерді көрсетудің, жаңғыртудың, зерттеудің, шешудің алаңы. Әлеуметтік-экономикалық, саяси және демографиялық мәселелердің ішінде заң саласындағы ауытқушылықтар ретінде көрініс табатын қылмыстылық мәселесі де маңызды орынды алады. Қазіргі уақытта БАҚ құқық қорғау органдарының қылмыстылық алдындағы қауқарсыздық сезімдерін тудыратын, олардың кәсіби құзыретті еместігін, сыбайлас жемқорлыққа байланысы барлығын сипаттайтын мәліметтерге толы. Сенсациялық түрде жаппай санаға мұндай криминогенді әсер ету қылмыстылықтың жалпы деңгейі мен елдің криминогенді ахуалына теріс әсерін туғызады. Сондықтан БАҚ-та берілетін материалдар қылмыстар мен қылмыскер тұлғасын сынауға, олардың іс-әрекетімен келіспеушілік сезімдерін тудырып, белгілі бір құқықтық кеңес беретін идеяға негізделуі тиіс.
Сондай-ақ қылмыстылық туралы ақпараттар тек статистикалық көрсеткіштер түрінде «шикі» материалдарды ғана көрсетпей, оның орын алу себептерін, қылмыскер тұлғасын сипаттайтын әрі қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуды қамтитын ақпараттармен де толығуы тиіс. Кеңестік дәуірмен салыстырғанда қылмыстылық туралы ақпараттарды жариялау аясындағы Қазақстанда қазіргі уақытта қалыптасқан оң өзгерістерді атап өту қажет. Себебі, қазіргі уақытта кез келген құқық қорғау органдарының баспасөз қызметтері қоғаммен ақпарат алмасуға байланысты тығыз қарым-қатынас орнатқан, олар өз қызметінің негізгі бағыттары туралы, үлкен қоғамдық маңызы бар қылмыстық істердің «тағдыры» туралы қоғамға мәлім етіп отырады.
Заң ғылымдарының докторы, профессор М.С. Нәрікбаевтың ойынша, «арсыздық пен қылмыстық әрекетке бейім, икем тұратын адам үшін ақпарат құралдарында егжей-тегжейлі баяндалған заңсыз әрекет сызып берілген жоспардай, бағдарламадай әсер етеді. Сондықтан қандай да қылмыстық оқиға ақпарат құралдарында жалаң көрсетілмей, оқырман мен көрермен көңіліне ой саларлықтай түсінікпен, авторлық пайымдаумен берілгені жөн» [5].
Мақала соңында АҚШ Президенті Ричард Никсонның келесі әділетті айтылған сөздерін келтіру орынды деп ойлаймыз, оның пайымдауынша: «Шынтуайтында, заңдарымызды ретке келтіріп, қазіргі уақытқа қарағанда заңдарды бұзу өте тиімсіз және ерекше тәуекелділікті қажет ететіндей ғана жағдайда біз қылмыстар мен зорлық-зомбылықтарды азайта аламыз» (1968 жыл) [6].
Сондықтан А.С. Макаренконың сөзіне (тәрбиесіз берілген білім – қасіретке апарады) ұқсатып айтсақ, «тәрбиесіз берілген ақпарат - қоғамның азғынданып, онда қылмыстылықтың кең етек алуына апарады». Бұл орайда қазіргі уақытта заң шығарушы орган - Парламентпен интернет желісінде зұлымдық пен жауыздықты, порнографияны насихаттайтын сайттарға шек қою жөнінде біршама ұсыныстар айтылып, оны заң жүзінде бекіту қолға алынуда.
Әдебиеттер
- Бородин С.В. Борьба с преступностью: теоретическая модель комплексной программы. – М.: Наука. – 1990. - С.11.
- Назарбаев Н.Ә. «Дағдарыстан - дамуға» ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа жолдауы/ Егемен Қазақстан № 91 (25488), 6 наурыз 2009 жыл. - 1-3 бб.
- Минкин А. Под властью маньяков // Московский комсомолец в Казахстане. №16 (461) 23-30 апреля 2008 г. - С. 8-9.
- Лунеев В.В. Преступность ХХ века. Мировые, региональные и российские тенденции. - М.: НОРМА, 1999. - С.18.
- Нәрікбаев М.С. Құқықтық тәрбие мен құқық қорғау // Заң және заман, 1996, №1, мамыр – маусым. - 5-8 бб.
- Геворгян В.М. Организованная преступность в США. – Москва: Наука, 1980. - С.7.