XX ғасыр 20-жылдары халықаралық қатынастар салыстырмалы түрде тұрақтанып, әлем бір сәт тынышталған еді. Алайда бұл күрдтер қоныстанған аймаққа қатысты болмады. Лозанна конференциясынан кейін қалыптасқан жағдай Таяу Шығыс халықтары мен елдеріне еркіндік, тұрақтылық және қауіпсіздікті алып келмеді. Бұл кезеңге дейін орын алған халықаралық қақтығыстар әрі қарай жалғасын тауып, өршіп отырды. Оның бірі - Күрдістан болатын. Күрд халқы соғыстан кейінгі жағдаймен келісе алмады. І дүниежүзілік соғысы кезінде, Севр келісімі уақытысында күрдтер тәуелсіздік алуға бір қадам жақын еді, бірақ төрт бөлікке бөлініп кетті. Лозаннадан кейінгі жаңа кезеңде күрд мәселесі (ұлттық тәуелсіздік үшін күресі) Түркия, Иран, Ирак пен Сирияның саяси тарихының тұрақты факторына айналды.
Күрдістанның көп аймағы мен халқының басым бөлігі Түркияның қол астына өтті. Күрдтер, негізінен, Түркияның шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарында қоныстанды. Бұл аймақ шартты түрде «Түрік Күрдістаны» деп аталып, ауданы шамамен 225 мың шаршы километрге дейін жетті. Түрік Күрдістаны Түркияның 30% аймағы мен Күрдістанның 47%-ын алып жатыр [1].
1921 жылы 21 ақпанда бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін экономикалық дағдарыстың нәтижесінде Иранда саяси төңкеріс орын алды. Елде дезинтеграциялық үрдістер күрт күшейді. Күрд, араб, түрікмен халықтарының сепаратистік қозғалыстары Ирандағы тұрақтылыққа кері әсер етті. 1920 жылдары күрдтер бірнеше ұлт-азаттық қозғалысқа шықты. 1924 жылы күрдтердің көрнекті билеушісі Симко көтеріліс бастады. Алайда Иран билеушісі Реза-шах бұл көтерілісті күшпен басады. 1926 жылы Иран Күрдістанында Салар-од-Доуле көтеріледі, мақсаты - қажарлардың билігін қайта орнату. Бірақ Салар сәтсіздікке ұшырап, Иракқа қоныс аударады.
Түркия, Иран және Ирак Күрдістанындағы көтерілістердің жеңіліс табуы, күрд көшбасшыларын бүкілхалықтық азаттық күреске итермеледі. Шейх Сайд, Симко мен шейх Махмуд Барзанджи бастаған аймақтық көтерілістер өзінің тиімсіздігін көрсетті. Бытыраңқы ұлттық қозғалыстардың басын біріктіретін және күрд мемлекеттігін құру үшін күресетін жалпыкүрдтік саяси ұйым құру қажеттігі туды. Бұл іске Түркияның күрдұлтшыл ұйымдарының көшбасшылары белсене кірісті. Нәтижесінде, 1927 жылы Сирия мен Ливан аймағында «Хойбун» («Тәуелсіздік») атты бүкіл күрд халқының ұлттық комитеті құрылды [2].
Түркияның «Күрдістан Таали», «Күрд Тешкиляти Ичтимайи джемиети», «Күрд миллет фыркасы», «Күрд тәуелсіздігінің комитеті» атты күрдтердің ұлттық ұйымдары комитет құрамына енді [3]. 1927 жылы 28 қазан айында «Хойбун» номиналды түрде Күрдістанның тәуелсіздігін жариялап, Түркияға қарсы соғыс жариялайды. Персия, Ирак және Сириямен достық қатынас орнатамыз деп хабарлады. Астанасы Диярбакыр болып жарияланды.
«Хойбунның» атқарушы комитетіне Сүрейя, Джеладет Бадрхан мен Камран Бадрхан, Мемдух Селим-бей, Шахин-бей және басқа да көрнекті басшылары кірді. Атқарушы комитет болашақ дербес Күрдістанның үкіметі болуы тиіс деп санады. Күрд армиясының бас қолбасшысы Ихсан Нури-паша «Хойбунның» нақты лидеріне айналады және өздерінің ұлттық туын көтереді.
Ұлттық комитет жақын уақытқа арналған әрекеттер жоспарын белгілейтін саяси платформаны қабылдайды. Біріншіден, күрд партиялары мен қоғамдық ұйымдарын таратып, «Хойбунға» кіргізу, екіншіден, күрдтердің тәуелсіздігі үшін Түркиямен күресу, үшіншіден, жалпыұлттық көтеріліс ұйымдастыру, төртіншіден, Иран, Ирак және Сирия үкіметтерімен тығыз қарым-қатынас орнату.
«Хойбун» комитеті құрылғаннан кейін тәуелсіз Күрдістан құру барысында белсенді жұмыс жасайды. Алайда комитеттің қызметі Түркияның шеңберінде ғана болады.
«Хойбунның» құрылуы күрд ұлтшылдығының жаңа кезеңін бастап, халықаралық сахнаға шығарды. «Хавар» («Шақыру») атты журнал жарық көре бастады. Осы журнал арқылы Батыс елдері күрдтердің экономикалық, әлеуметтік және саяси жағдайымен танысады. Комитет күрд мәселесінің интернационализациялауына көп еңбек етті. «Хойбун» мүшелері күрд алфавитін құрастырып, латын графикасын енгізді. Күрд тілінде газет, журнал, оқулық, ағартушылық және көркем әдебиеттер шығарылды. Нәтижесінде, күрд қоғамы мәдениетінің дамуына алып келді.
1925 жылдан бастап түрік күрдтерінің ұлт-азаттық қозғалыстары жаңа кезеңге аяқ басты. Діни ұрандардың орнына ұлттық нышандар алдыңғы орынға шықты. Тәуелсіз Күрдістан құру идеясы Иран, Ирак және Сирия бөліктерінде белсенді үгіттелді. Негізінен, «Хойбун» комитетінің мүшелері айналысты. 1927 жылы көктемде күрд көтерілісшілері мен түрік үкіметтік әскерінің арасында жаңа қақтығыстар орын алды. Алайда екі жақта жеңіске жете алмады. Тек 1929 жылдың басында түрік әскері көтерілісшілерді ішкі аудандарға ығыстырды.
1930 жылы Арарат көтерілісіне дейін ұлттық комитет белсенді қызмет атқарғанымен, одан кейінгі кезеңде сәтсіздіктерге ұшырай бастайды. Біріншіден, «Хойбунның» штаб пәтері Күрдістаннан тыс жерде орналасып, қызметі күрдтердің жерінде әлсіз болды. Екіншіден, комитет ішінде алауыздықтар пайда болып, жұмысына зиян келтірді. Яғни, біртұтас, жоспарлы саясат жүргізе алмады. 1930 жылдар басында «Хойбун» ұлттық комитетінің қызметі тоқтайды.
Шейх Сайд көтерілісінің басылуының салдары үлкен болды. Авторитарлы кемалист режимі күшейіп, елдің саяси құрылымында әскерилердің позициясы нығайып, шовинистік тенденциялар күшейе түсті. Билеуші топ «бір мемлекет – бір ұлт» ұранын көтерді. Күрдтерге келетін болсақ, олар үлкен адами және материалды шығынға ұшырады. Әлеуметтік-экономикалық жағдайы сын көтермейтін деңгейге дейін төмендеді. 8 мың ауыл қиратылып, 15 мың бейбіт тұрғын өлді. Күрдтерді ассимиляциялық мақсатында батыс вилайеттеріне жарты миллионға жуық күрд көшіріліп, босқындардың саны миллиондап саналды.
Жоғарыдағы жағдайға қарсы күрдтер 1927-1932 жж. Арарат көтерілісіне шықты. Бұл көтеріліс күрдтердің екінші революциялық соғысы деген атқа да ие. Ағылшын күрдтанушысы полковник Эльфинстонның пікірінше: «1927-1930 жылдардағы Арарат көтерілісі 1925 жылғы шейх Сайд көтерілісімен салыстырғанда ауқымы кең болып, таза саяси сипаттағы ұлт-азаттық қозғалыс болды. Түрік билігінің ассимиляциялық саясатына қарсы жауабы еді». Кейбір авторлар Арарат көтерілісіне шейх Сайд көтерілісінің тікелей жалғасы деген баға берді. Көтеріліс Арарат тауларында басталып, Ван, Битлис, Баязитпен қатар, оңтүстіктегі Диярбакыр мен Бохтан аудандарын қамтыды.
Көтерілісшілер мен үкімет әскері арасындағы ұрыстар КСРО мен Персия шекарасына жақын аймақтарда орын алып, осы мемлекеттердегі күрдтердің көтерілуі қаупін тудырды. Алғашында көтерілісшілер саны 3 мыңнан 5 мыңға дейін жетіп, оның басында Халис есімді шейх Абдул- Меджидтің баласы болатын. Көтерілісті басуға түріктер 15 мың әскер жібергенімен, жорық сәтсіз аяқталды.
1927 жылдың басында түрік-парсы шекарасында қақтығыстар орын алып, күрдтердің көші-қоны ұлғайды. Түрік және парсы шекаралық аймақтарындағы күрдтердің ынтымақтастығы күшейіп, парсы күрдтері де түріктерге қарсы соғыса бастады. Бұл жағдайды Иран өз пайдасына қолдануға тырысып, Түрік Күрдістанында ықпалын орнатқысы келді. Тегеран күрдтерге көмек көрсетіп те отырды. Шекарадағы ретсіздіктер Түркия мен Персия қатынастарын нашарлатты. Оның үстіне Түркия Сирия мен Ирактан да күмәнді еді. Кемалистер аталған мемлекеттер Түркиядағы күрд мәселесінің ушығуын өз пайдаларына шешуге ұмтылып отыр деп айыптады. Өйткені Сирия мен Ирак тиісінше Франция мен Ұлыбританияның империалистік саясатының құралы болатын. Алайда Иран, Сирия және Ирак үкіметтері қол астындағы күрдтердің көтерілу қаупінен қорқып, түрік үкіметін қолдауға мәжбүр болды.
1929-1930 жж. салыстырмалы түрде тыныш өтіп, қарсыласушы жақтар жаңа күш жинау үшін үзіліс алды. Британ барлаушыларының деректері бойынша күрд ұлтшылдары Анкара үкіметіне күрд мемлекетін, Түркияның шығыс және оңтүстік-шығысында, құруды талап етті. Кейіннен Анкара құрамында кең автономияны сұрап, мынадай талаптар қойды:
- күрд мемлекеті Түркияның тұрақты одақтасы болады;
- бұл мемлекет түрік үкіметімен тағайындалатын күрд губернаторымен басқарылуы керек;
- оның жеке парламенті мен министрліктері болуы тиіс;
- екі парламенттің (Түркия мен Күрдістан) келісімінсіз ешқандай мемлекетке соғыс ашылмауы қажет;
- күрд мемлекетінің кірістері ішкі қажеттіліктерге жұмсалып, артығы орталық үкіметке тиесілі болады [4].
Әрине, бұл талаптар Түркияның мүддесіне қайшы келді. 1930 жылы көктемде Түрік Күрдістанын тыныштандыру бағыты сәтсіздікпен аяқталды. Аймақтағы экономикалық дағдарыс саяси дағдарыстың күшеюіне алып келді. Әлемдік экономикалық дағдарыс Түркия экономикасына кері әсер етіп, шығыстағы күрд аудандарының әлеуметтік жағдайын күрт нашарлатып жіберді.
1930 жылы мамыр-маусым айларында Арарат көтерілісі өзінің шыңына жетті. Бірінші түрік- парсы шекарасының екі жағында да өмір сүретін джелали тайпалық конфедерациясы көтерілді. Алғашында Ван, Битлис, Баязид аудандарын қамтыған көтеріліс ауқымы тез кеңейді. Түркияда Үлкен және Кіші Арарат аудандарымен қатар Диярбакыр мен Бохтанға дейін қамтып, парсы жағында Маку және оның шеткі аудандарын қамтыды. Көтерілісшілердің басшылары арасында Кёр Хусейн-паша, Демир-паша, Абдул Қадыр есімдері аталып, бүкіл көтерілісті Ихсан Нури басқарды. Арарат көтерілісіне парсы күрдтерінің көп бөлігі қатысты. Түрік және парсы Күрдістаны аумағы базасында біртұтас күрд мемлекетін құру жоспарлары айтылды. Бұл жағдай Түркия мен Иранның жақындасуына себеп болды.
Дегенмен, 1931-1932 жылдары көтеріліс қарқыны төмендеп, басылды. Күштер теңсіздігі айқын еді. Арарат көтерілісі басылуының тағы бір себебі, күрд тайпалары арасындағы алауыздық еді. Күрд мәселесінде Түркия мен Иранның ортақ саясат ұстануы көтерілістің толық басып жаншылуына алып келді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін күрд халқының тағдыры 1946 жылы КСРО-ның көмегімен Мехабадта Күрд (Мехабад) республикасының жариялануымен сипатталады. Астанасы Мехабад қаласы болып, Кази Мохаммад басшылық қызмет атқарды. Бұл мемлекет ұзақ уақыт өмір сүрмеді, 11 ай (1946 жылдың желтоқсанына дейін) ғана өмір сүрді. Бұл көтерілісті аяусыз басып тастағаннан кейін, ұлт-азаттық көтеріліс орталығы Оңтүстік Күрдістанға ауысты [5].
Қырғи-қабақ соғыс дәуіріндегі күрдтік қозғалыстарға тоқталсақ. Күрд өзінің жағрафиялық жағдайы жағынан КСРО-ға жақын болғандықтан, батыс елі оны антикеңестік плацдарм ретінде қарастырса, ал оның негізгі тұрғылықты тұрғындары, яғни күрдтер империализм және отаршылдыққа мүлдем қарсы күресті күшейтті. Сондықтан сол уақыттағы батыста ұлттық күрд қозғалыстарына күдікті немесе қарсы жау ретінде, ал таяу шығыстағы елдер аумағында басқарылатын антикүрдтік шовинистік саясатқа НАТО елдерінің кеңесшілері және оның таяу шығысындағы Бағдаттық Пактісіне (кейін СЕНТО) түзу ниетпен қатынасқан.
Мехабадта күрд автонономиясы құлағаннан кейін (1943-1945 жылдардағы алдымен күрд автономиясын, содан Мехабад автономиясының қарулы күштердің басқарушысы және жалпы күрдтік көтерілістің басты тұлғасы Мұстафа Барзанидің басшылығымен Ирактағы күрдтердің көтерілісінің жеңілісі) біраз уақыт бойы күрдтік қозғалыстардың төмендеуі байқалған, дегенмен бірнеше ірі көтерілістердің болғаны белгілі болды, әсіресе Мехабадтағы және Боканедегі (Иран Күрдістаны) шаруалардың көтерілісін атасақ болады. Тек қана шетелде 1950–1960 жылдар аралығында күрдтердің жаңа ұлттық қозғалысы үшін арнайы шарттар пайда болды.
Толқынды жаңарудың басты себебі - 1950 жылдардың екінші жартысында болған барлық Таяу Шығыс елдерінде орын алған дағдарыстың өрістенуі болатын, ол өз кезегінде араб әлемі (сонымен қатар көпшілік мұсылман елдері) мен Израиль елдерінің арасындағы бір-біріне деген тайталастың өрістенуі және дүние жүзінде осы екі елдің бір-біріне қарсылықты өршітуге тырысуына деген әскери- саяси блоктарын, яғни екеуінің біреуін әлсірету үшін өз қажеттеріне жұмсату болатын. Сонымен қатар, егер батыс осы аймақта өзінің империялық бағыттарын сақтауға және бекітуге (бірінші кезекте мұнайды бақылауға алу жағынан) күш жігерін салса, ал КСРО және оның жақтастары нақты батысқа қарсы бағытты ұстанған жергілікті ұлтшыл белсенділерін қолдады.
Иранда күрдтердің проблемасы айтарлықтай асқынбаған болатын, бірақ ол 1960 жылдардың басында «ақ революцияның кіруі себебінен елде пайда болған әлеуметтік-саяси көтерілістердің салдарынан және көршілес Ирактық Күрдістандағы жаңалықтар салдарынан жиі көтеріліп отыратын. 1967-1968 жылдары ИКДП басшылығымен Мехабада, Бане және Сердешта аудандарында жарты жылға созылған және аяғында қатаң түрде басылған көтеріліс өтті [6].
Жеңіліс тапқандарына қарамастан, ИКДП бәсеңсімеді, керісінше өздерінің белсенді жұмыстарын партияның жаңа жоспарларын және жарғыларын қайта өңдеу бойынша жандандырды.
«Иранға - демократия, Күрдістанға - автономия» атты негізіндегі лозунг тағайындалды, ал партия тактикасы күштің барлық оппозициялы диктаторлық режимінің біріктірілген фронтын құруға көзделген болатын, саяси әдістемеге ие қарулы күштер тіркемесін жорамалдаған еді.
Ирандық күрдтер 1970 жылдардың аяғында болған жалпы халықтық антишахтық қозғалысқа қарсы көтеріліске белсенді түрде қатысқан болатын. Аталған көтеріліс шах деспотының құлауымен және 1979 жылдың басында тоталитарлы диктаторлы шииттік «муллакратияның» негізінде «Иран Ислам республикасы» болып аталуымен «Исламдық революциясы» аяқталды [7]. Олар өздерінің саяси жағынан күштіліктерін, өздерінің ұлттық талаптарына тұрақты екендіктерін көрсете алмаған күрдтер үшін және жалпы Иран халқы үшін бұл аталған «революция» имам Хомейни және оның ұстанымын ұстанушылар мен қабылдаушылардың диктаторлығымен контрреволюцияға айналды. Хомейни Иранда ұлттық, сонымен қатар күрдтік сұрақтарды «Исламдық үммет» аумағында алдын ала шешілген талаптарға сай қарастырылған сұрақтарды қоя отырып теріске шығарды. Жаңа билік күрдтерге арналған автономиясының әкімшілікті және мәдениеті туралы ИКДП-ның жобасын жоққа шығарды.
1979 жылдың көктемінде арадағы келіспеушілік өршеленіп, нәтижесінде екі жақтың, күрдтік көтерілісшілер күші (ИКДП топтары, «Комала» күрдтік теріс ұйымы және оларға көмекке келген ирактық пешмерга, қалыптасқан парсылардың федаиндері және муджахиттер) мен үкімет әскері, қарумен толық қамтамасыз етілген жандарменилер мен полиция топтары, Исламдық революцияның қарауылды корпусынан алынған ислам шабуылшылары арасында қарулы соқтығыс басталды. 1979 жылдың жазында күрдтік көтерілісшілер мен жазалаушылардың арасындағы соғыс барлық дерлік Ирандық Күрдістан аймағын қамтыды. ИКДП Ирандық Күрдістанның үлкен бөлігін өз бақылауына (ондағы ірі қалаларды қосқанда) алды. Олардың көпшілігінде күрдтің революциялық кеңесшілердің билігі орнатылған болатын. Күрдтің діни көсемі Эззедин Хосейни Орталық Үкіметке джихадты жариялады. Бір уақытта Тегеран ирандық күрдтердің басшыларымен көтерілісті бейбіт түрде реттеуге және күрдтер орнықтырылған аудандарда әлеуметтік-экономикалық және саяси- административті реформаларды өткізу туралы келіссөздерге шақырды. Үкімет олармен келіссөзге келісуге даяр екендіктей сыңай танытқанмен, олар негізі күрдтерді жазалауға дайындалған болатын. 1979 жылдың күзінде үкімет әуе қарулы күштерін, артиллерияны, бронотехниканы қолдана отырып күрдтік көтерілісшілермен шешуші соғысты бастады, нәтижесінде күрдтік көтерілісшілерді тауға қарай ығыстырды, мұнда олар партизандық соғысты бастады. Исламдық режим өздерінің бақылауларын орнықтырғанша, Күрдістанның сондай аудандарында қатал жазалауды бастады. Жазалаушылардың айуандығы шах кезіндегі жағдайға тап болды.
Ирандық күрдтердің жеңілісі исламдық режимнің өмір сүруінің басында көпшілігінде дәстүрлі күрдтік партикуляризммен күрдтік қозғалыстардың бірлігінің қалыс қалуына алып келді. Әсіресе, күрдтік жұмыстардың көпшілік зиянды партиядағы «Комала», «Рызгарлар» және басқа да теріс экстремистік ұйымдар алып келді. Уақыт өте келе ИКДП-ның өзі де бөліне бастады, осыны пайдаланып 1980 жылдардың ортасында ирандық билік басындағылар Ирандық Күрдістанның барлық аймағын өз бақылауына алумен аяқталды.
1980 жылдары Иракта және Иранда күрдтік қозғалыстар қиын саяси жағдайларды өткізді. Ал 1980-1988 жж. аралығындағы Иран-Ирак соғысы олар үшін қолайсыз жағдайды құрды. Соғыс әрекеті Күрдістанның территориясында да жиі-жиі орын алды. Нәтижесінде күрдтер адам және материалдық шығындарға ұшырады. Сонымен қатар екі соғысушы ел бір-біріне қарсы жақтағы күрд халқын өз мақсатына пайдалануға тырысты. Бұл Тегеран мен Бағдатқа антикүрдтік жазалаушы шара ретінде қызмет атқарды. 1990 жылдардың басында Күрдістандағы жағдай күрт қиындап кетті.
Иранда Хомейннің тірі кезінде және ол қайтыс болғаннан кейін 1989 жылы күрдтің автономды қозғалысы қатал түрде басып жаншылды; олар астыртын жұмыспен және эмиграциямен функцияланатын болған. Алайда террордың қармалауыштары оларды қандай жерде қоныстанбасын қолдарын жеткізіп отырған.
Әдебиеттер
- Лазарев М.С. Курдистан и курдский вопрос (1923–1945). - М., 2005. - 9-10.
- Сонда.
- Сонда.
- Сонда.
- Гасратян М.А. Курдское движение в новое и новейшее время. - М., 1987. -
- Аширян Ш.Ч. Национально–демократическое движение в Иранском Курдистане (1961–1968). - М., 1975. - 97 б.
- Новейшая история стран Азии и Африки ХХ век (1945–2000). Часть III. - М., 2004. - 23 б.