Тәуелсіздік алысымен Үндістан басшылары ядролық қаруды өндірмейтіндігін және атом энергиясы тек қана бейбіт мақсатта өндірілетіндігін айтты. Олар ядролық қаруды таратпау позициясын ұстанған болатын. Сонымен қатар Үндістандағы ядролық зерттеулер ішкі ресурстарды пайдалана отырып, әскери бағдарлама жасауға жол ашты. Бұл 1960 жж. бастап әлемдік қауымдастық ядролық зерттеулердің тек бейбіт мақсатта пайдалануын қатал қадағалап отырған уақытта аса маңызды еді.
«Қырғи-қабақ соғыс» кезінде Үндістанның ядролық бағдарламасын дамыту, ең алдымен қорғаныс мүмкіндіктерін арттыру мақсатында, негізінен Қытаймен арадағы қатынастағы шиеленісті жағдай есепке ала отырып жүргізілген еді. Ол шиеленіс - 1959 ж. болған Тибет оқиғасы, 1962 ж. Қытай мен Үндістан арасындағы болған соғыстағы жеңіліс, аумақтық қақтығыстардың болуы және Азияда алдыңғы қатарлы держава болу үшін жарыс. Бірақ мемлекеттің әскери бағдарламасын ядролық қарумен байланыстырудағы соңғы түрткі, әрине Қытайдың 1964 ж. «ядролық клубқа» мүше болуы.
Басқа бір негізгі фактор - ол Пәкістанмен арадағы жиі әскери қақтығыстарға әкеп соғатын текетірес. Екі мемлекеттің әрқайсысы бір-бірін әскери қарсылас ретінде бағалап, ядролық қару шықпай тұрып ядролық бағдарламасын іске асыруға асықты. Ең алғаш ядролық жарылысты 1974 ж. Үндістан іске асырды. Бұл оқиға «бейбіт жарылыс» деп аталғанымен, Пәкістанға және бүкіл әлемге көрсетілген мемлекеттің әскери әлеуеті еді. Пәкістан да көп күткізбей өзінің ядролық зерттеулерін тездетті. Ол туралы мәліметтер Үндістанда тек 1970 жылдардың соңында 1980 жылдардың басында ғана пайда болды.
Жалпы, әскер саны, халық саны, территория және экономикалық даму тұрғысынан алсақ, Пәкістанмен күресте Үндістанға ядролық қару керек емес болатын. Бірақ Пәкістанды қолдаушы АҚШ пен Қытай сияқты державалар болды. Ал Үндістан мен КСРО арасындағы қатынас тығыз болғанымен, бір-бірін қолдау мәселесі туындамаған. Мәскеу Үндістан АҚШ-пен немесе Қытаймен соғысатын жағдайда көмектесуге уәде бере алмады.
Аймақтағы жалпы саяси жағдай екі алып державаның арасындағы жағдайдың шиеленісуімен (1970 жылдар шеңберінде екі алып державаның ядролық қару күші жағынан бес есе өсті) және шекаралас елдердің ядролық қару мөлшерінің өсуімен сипатталады. Үндістанға жақын орналасқан Үнді аралдарында америкалық әскери базалары орын тепті, ал оның акваториясында ядролық қаруға толы АҚШ-тың әскери-теңіз базалары орналасты. Қытайдың ракета-ядролық әлеуетінің өсуімен қатар, Қытай-Пәкістан қарым-қатынастарының жақсаруы Үндістан үшін қауіпті жағдай туғызды.
Осы жағдайға орай, 1960 жылы Үндістан 40 МВт күші бар Канада салған «Цирус» атты ядролық реакторда ядролық қару жасауға кірісті. 1963 жылы «атмосферада, ғарышта, су астында ядролық жарылыстарға тыйым салу Келісіміне» қол қоюына қарамастан 1965 жылы Үндістан үкіметі жер асты жарылыстарына қолдау көрсетті [1]. Ал 1974 жылы қуаты 12-15 кт жер асты жарылысы ұйымдасты- рылды. 1990 жж. әлемдік қауымдастық Үндістанды ядролық қаруы бар мемлекеттер қатарына қосты.
Сонымен қатар Оңтүстік Азиядағы жағдай біртіндеп Үндістанның ұлттық қауіпсіздігіне қарай ауысты. 1971 ж. Пәкістанмен арадағы соғыста жеңген Үндістанның әскери әлеуеті елеулі өсті. Америка-Пәкістан қарым-қатынастары да әлсіреді. Өйткені АҚШ Конгресі Бенгалиядағы Пәкістан әскерінің әрекетін қатты сынға алды. Қытай да Пәкістанға тікелей әскери көмек көрсете алмады. Екі көршілес елдің арасындағы шиеленістің себебі бұрынғыдай Кашмир болатын [2].
1980 жылдардың соңынан бастап үнді-қытай қатынастары жақсарып, Үндістан Қытайды ең алғаш қауіп деп қарастырмады. Пекин «ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімді» ратификациялады, ядролық қаруды бірінші болып қолданбау қағидасын қабылдады, химиялық қаруға тыйым салу және жою туралы Конвенциясына қосылды, ал 1996 жылы «ядролық сынақтарға жалпылай тыйым салу туралы келісіміне» қол қойды. Екі ел арасындағы конфронтация тығыз қарым- қатынастарға және шекарадағы сенім әрекеттеріне жол берді. 1996 жылы екі жақ шекарадағы әскердің санын азайту туралы жобалы келісімге қол қойды [3].
Соған қарамастан, жалғасып жатқан Пәкістан-Қытай әскери-техникалық қатынастар Үндістан үшін келеңсіз фактор болып қала берді. Сонымен қатар ол алып қолдаушыдан және әскери техникамен қамтамасыз ететін КСРО-дан айырылды. Алып ядролық державаның құлауы «қырғи- қабақ» соғыстың аяқталуын білдірді, алайда ол Оңтүстік Азиядағы стратегиялық жағдайдың Үндістан мен ислам әлеміне қарай ауысуын сипаттады.
Биполярлы жүйенің күйреуінен кейін, негізгі аймақтық қарсылас Пәкістанның әлсіреуі және Қытаймен арадағы қатынастың қалпына келуі Үндістанның қауіпсіздігін аймақтық және жаһандық түрде күшейтті. Осыған қарамастан Үндістан ядролық бағдарламасын тоқтатпай, керісінше дамытты. Оның себебі - ең алдымен Үндістанның державалық, геосаяси мүдделері. Ол Оңтүстік Азиямен ғана шектелмей, бүкіл әлемде де беделге ие болғысы келді. Оған дәлел болып 2004 жылы 21 қыркүйекте Үндістан Бразилия, Жапония және Германиямен бірге БҰҰ-ның 1945 жылдан кейінгі болған әлемдегі өзгерістерді ескере отырып, Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің қатарына қосылғысы келетіндігін жариялады [4].
Әлемдік қауымдастықта елеулі беделге ие болу және өз қауіпсіздігі мен егемендігін сақтау үшін ең оңай жол – ол Үндістан басшылығы «ядролық клуб» мүшесі болу деп ұйғарды.
Осы орайда, КСРО-ның ыдырауы Үндістанның өз күшіне сенім артып, әскери бағдарламасын, соның ішінде ядролық бағдарламасын одан әрі күшейтуге негіз қалады. Соның көмегімен жиырма бірінші ғасырда бұл мемлекет әлемдік деңгейдегі алып держава саналды.
Негізінен, жер шарындағы ядролық қаруды жою туралы ұсыныстарды Үндістан қолдап, өзі де қарсы емес болатын. Бірақ «ядролық қаруды таратпау туралы Келісімді» тек 5 ядролық державаның мүдделерін қорғауға арналғанын көріп, оның айқын қарсыласына айналды. Бұл келісім «ядролық клуб» мүшелерінің мүдделерін қорғап, басқа мемлекеттерді шеттету екендігін айтты.
1993 жылы Дели «ядролық сынақтарды жаппай тоқтату туралы келісімнің» бастамашысы болды. Алайда бұл келісім қолдау таппағасын, 1996 жылы қыркүйектегі БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында келісімге қарсы позиция ұстанды.
Ядролық сынақтар алдында Үндістан Қытайдан төнген қауіпті себеп етіп, «ядролық табалдырықтан» аттады. Ол туралы жариялаған сол кездегі қорғаныс министрі Дж. Фернандес [5].
Қытайдан және Пәкістаннан төнген қауіп Үндістанда саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдарға ел ішінде саяси күрес үшін пайдаланылды. Ядролық сынақтар өткізу шешімін «Бхаратия джаната парти» бастаған коалициялық үкімет қабылдады. Бұл партия өзінің сайлаудағы манифестінде
«ядролық табалдырықтан» өтуге уәде берген. Ел парламентінде тұрақсыз азшылыққа ие болған және 1998 жылы қиын ішкі саяси жағдайда болған үкімет үшін аталмыш қадам маңызды еді. «Бхаратия джаната парти» берген уәдесін орындауы елдегі жағдайды қалыптастыру және басшы коалицияның позициясын күшейту үшін болатын. Бұл қадам өзін ақтады. Ядролық сынақтардан кейін, яғни 1998 жылдың 26-27 маусым айында өткен сұрау нәтижелері мынадай болды: респонденттердің 80%-ы үкіметтің ядролық сынақтар ұйымдастыру туралы шешімін қолдады, ал 65%-ы ядролық сынақтардың ел қауіпсіздігі үшін жасалғанына келісті. Етек алған ұлттық толқын үкімет тарапын күшейтті [6].
1998 жылы маусым айындағы ядролық сынақтардың себебі Пәкістанмен арадағы келіспеушілік болды. Үндістан-Пәкістан саяси диалогі тоқтатылды, екі ел бір-бірін ядролық амбиция және шекара бойына баллистикалық ракета орналастыруын айыптады. Бұл қарсы әрекеттер және халықаралық санкциялар салу қаупін туғызды. Шекаралы аудандарда қарулы қақтығыстар көбейді, жағдай шиеленісіп, террористік әрекеттер күшейді. Пәкістандағы орта қашықтық ракетаның пайда болуы қатынасты одан әрі нашарлатты [7].
Ашық жарияланған ядролық сынақтар 1974 жылы ядролық жарылыс болған Раджастхандағы Покхаран полигонында өтті. 1998 жылы 11 маусымда үш ядролық жарылыс орын алды: біріншісінің (термоядролық) 45 кт, екіншісінің 15 кт, үшіншісінің 1 кт күші болды. Осыдан кейін тез арада Пәкістан тарапынан да ядролық сынақтар болып өтті.
Эксперттердің бағалауы бойынша, қазіргі уақытта Үндістан 30-35 дайын ядролық заряд, сонымен қатар бірнеше күнде жиналатын дайын құрайтын компоненттер саны бар. Қару плутонийінің мөлшері - 225-370 кг. Ол 50-90 ядролық заряд жасауға жетеді. Сонымен қатар Үндістанда қару уранының да мөлшері жеткілікті [8]. Басқалары Үндістанда 45-тен 95-ке дейін, ал кейбіреулері 60-тан 100-ге дейін ядролық қару бірлігі бар екендігін айтады [9]. Жеткізу құралдары да мемлекеттің ядролық бағдарламасы шеңберінде сатып алынды немесе шығарылды [10].
Ядролық бомбалар тасымалдайтын әскери ұшақтардың көптеген түрлері бар (Миг-27, Су- 30МКИ, Мираж-2000, Ягуар) [11]. Ракета шығаруда да Үндістан алдыңғы қатарлы мемлекеттер санына кіреді. 1960 жж. басында Үндістан ғарыш кеңістігін зерттеуді бастады, ал 1980 жылы дамушы елдер арасында алғашқы болып жер орбитасына жасанды серік жіберді. Ракета-ядролық әлеуетінің өсуі қару арсеналының өсуімен қатар жүріп отыр. «Стэлс» технологиясы бойынша әскери ұшақ жасап шығару көзделуде. Әскери флот та әр түрлі кластағы әскери кемелермен толығуда. Оның жартысы сатып алынса, жартысы жасалып шығарылуда.
1983 жылы «ракета жасау бағдарламасы» дамытылды. Ол әр түрлі мақсаттағы ракеталарды жасатты, соның ішінде жер-жер класындағы «Притхви» қысқа қашықтықтағы ракета, «Наг» атты жаңа типтегі танкіге қарсы ракета, «Тришул» және «Акаш» атты жер-ауа ракеталары. Қысқа қашықтық «Притхви-1» (150 км) ракеталары үнді әскерінде одан бұрын болды. 250-350 қашықтыққа жететін «Сагарика» атты теңіз ракетасын жасап шығару жұмыстары қарқынды түрде жүруде. Ресеймен қосылып шығарылған «Брамос» атты кемелерге қарсы қолданылатын ракеталар сериялық шығарылуда. Олар теңіз және әуе ракеталары ретінде қолданыла алады. Ракеталық бағдарламасын ұйымдастыруда Үндістан КСРО/Ресей, ФРГ мен Францияның көмегін қолданды. Бірақ ракета жасап шығару, негізінен, өз ғылыми-өндірістік базасына негізделді [12].
1994 жылы «Агни» атты ракеталардың сынағы АҚШ-тың қысымымен тоқтатылды. Бірақ 1997 жылы Пәкістан қашықтығы 600 километрден астам «Хатф-3» баллистикалық ракеталардың сынағын бастаған соң, «Агни» ракеталарының сынақтары жалғасты. 2002 жылы күзде Үндістан орта қашықтықтағы (1500-2500 км) және жақын қашықтықтағы (700 км) «Агни» ракеталарының сынағын аяқтап, олар қаруға алынды. Бұл ракеталардың қашықтығын 5000 километрге дейін апару көзделді. Осы ракеталар Үндістанның ракета-ядролық бағдарламасының негізі деуге болады. Бұл бағдарламаның сәтті жалғасы болып «Сурья» атты 8-12 мың километр қашықтыққа жететін құрлықаралық ракеталар саналады.
Оңтүстік Азиядағы мемлекеттер қатарынан әскери әлеуеті бойынша Үндістанды бөліп қарастыруға болады. Өйткені аймақтағы мемлекеттер арасында Үндістан әскери немесе қорғаныс саласында едәуір дамып келе жатыр. Оны қойып, әлемдік қауымдастықта да өз орнын жоғары бағалап, бірден-бір алып ядролық қаруы бар державалар қатарына қосылмақ. Отандық патриотизм, әскери әлеует және көршілес елдермен арадағы шиеленіс ядролық бағдарламаны талап етті. Сондай- ақ, осы факторлар есебінен әлемде бөлек орын алып, өз ұстанымын күшейтуде десек те болады.
Әдебиеттер
- Сотников В. И. Ядерная проблема в индийско-пакистанских отношениях. — М., 2003. — С.
- Nuclear Power in India and Pakistan. — New Delhi, Sept. 2004. — (Nuclear Issues Briefing Paper; 45).
- Singh Swaran. Sino-Indian CBMs: Problems and Prospects // Strategic Analysis [New Delhi]. — 1997. — July. 4 india@online.ru, 23, 2004.
- Peace at N-Point // The Hindustan Times. — 1998. — May
- Kanthan Pradeep. India’s Nuclear Tests Reflect National Consensus // Nuclear Developments in South Asia and the Future of Global Arms Control / Ed. by R. Azizian; Centre for Strategic Studies. — Auckland, 2001. — P. 81—90.
- Sunday Times of India. — 1998. — May
- Cirincione , Wolfsthal J. B., Rajkumar M. Deadly Arsenals: Tracking Weapons of Mass Destruction / Carnegie Endowment for Intern. Peace. — Washington, 2002. — Р. 191.
- http://www.global security newswire. February 25,
- Cirincione J., Wolfsthal J. B., Rajkumar M. Op. cit. — Р.
- SIPRI Yearbook 2003: Armaments, Disarmament and International Security. — New York, 2003. — P.
- Белокреницкий В. Я., Москаленко В. Н., Шаумян Т. Л. / Южная Азия в мировой политике. — М., 2003. — С.