Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

БҰҰ бас ассамблеясы жұмысына қатысқан Қазақстан дипломаттарының тәжірибесі

Халықаралық бірден бір әмбебап ұйым – Біріккен Ұлттар Ұйымына 2015 жылдың 24 қазан күні құрылғанына 70 жыл толды. Бұл ұйымның негізін Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бүкіл әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға, тәуелсіз мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды дамыту мен бейбіт қатар өмір сүру, сонымен бірге адам құқығы саласындағы істің жағдайын жақсартуға арналған бағытты жақтаушы болып табылатын 51 елдің өкілдері қалаған болатын. Осы жылдар ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының қатары жаңа мүше-мемлекеттермен толығып отырды. Ұйымның қатарын толықтырған мемлекеттердің ішінде біздің еліміз де бар.

1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның 168-ші мүшесі болып қабылданды. Республикамыз үшін бұл дата тарихи күн саналады. Әлем мемлекеттері қазақ мемлекеті мен қазақ деген ұлтты ресми түрде таныды. Қазақстанның туы алғаш рет БҰҰ-ның алдында желбіреді.

Оған дейін Қазақстан КСРО құрамында бола отырып, оның бір одақтас мемлекеті ретінде ғана Біріккен Ұлттар Ұйымында танылып келді. Өйткені сыртқы саясат ведомствосы ретінде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы шектеулі функцияларды ғана атқарды. Соған қарамастан қазақ дипломаттары БҰҰ-да өздерін көрсете білді.

Өткен ғасырдың 1950-1960-шы жылдарында БҰҰ Бас Ассамблеясының сессия жұмыстарына қатысқан алғашқы қазақ дипломаттары Төлеген Тәжібаев, Балжан Бөлтірікова және Михаил Исиналиевтер болатын.

Төлеген Тәжібаев – 1944-1953 және 1955-1957 жылдары Сыртқы істер министрі болған алғашқы қазақ. Ал 1957-1961 жылдардың арасында сол кездегі КСРО-ның маңызды серіктес мемлекеттерінің бірі Үндістандағы елшілігінде қызмет атқарған дипломат. Ол – осы қызметі барысында өзін дипломатия саласында нағыз майталман екенін танытқан тұлғалардың бірі. 1950, 1955, 1956 жылдары БҰҰ Бас Ассамблеясының сессияларына қатысып, оның жұмысына белсене араласқан. Кейбір мәліметтер бойынша Т. Тәжібаев Бас Ассамблеяның Қамқорлық жөніндегі комитетіне төраға болған [1, 93]. Мұндай жоғары сенімге КСРО кезінде басқа ұлт өкілдері тарапынан қол жеткізу сирек кездесетін жайт. Ендеше бұл жерде Т. Тәжібаевтың дипломатия саласында тәжірибелі маман екенін бірден аңғаруға болады.

Балжан Бөлтірікова әлемдегі бірінші әйел Сыртқы істер министрі бола отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары мінбесіне көтерілген алғашқы қазақ қызы ретінде тарихқа енді. Дипломатия тарихында есімі ерекше аталатын КСРО-ның атақты Сыртқы істер министрі Андрей Громыко Балжан Бөлтірікованы ерекше сыйлап және үнемі Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы отырыстарына ертіп баруға тырысқан екен. Б. Бөлтірікова 1966 және 1970ші жылдары КСРО-ның ресми делегациясы құрамымен БҰҰ Бас Ассамблеясының XXI және XXV сессияларына қатысқан. Осында ол өзін нағыз майталман дипломат, келіссөздер жүргізу ісінің маманы ретінде таныта білген. Ол туралы тәуелсіз Қазақстанның сыртқы істер ведомствосының бірінші министрі болған Төлеутай Сүлейменов былай деп жазады: «Ол сол кездегі саясатқа сәйкес КСРО-ға жағымсыз БҰҰ-ның Адам құқықтары жөнінде Жоғарғы комиссары лауазымын енгізгісі келген батыс елдерінің ісәрекетін қолдайтын бір топ азиялық мемлекет өкілдерімен жеке кездесулер ұйымдастырып, олардың ойын өзгерткен. Нәтижесінде, аталған бастама қолдау таппай, бірнеше рет күн тәртібінен түсіп қалып отырған» [2].

Михаил Исиналиев – 1981-1989 жылдардың аралығында Сыртқы істер министрі болған қазақ азаматы. Ол БҰҰ Бас Ассамблеясының екі сессияның жұмысына қатысқан. 1976 жылы ХХХІ сессияда сөз сөйлеген. Бұл жөнінде өзінің «Дипломат жазбалары» атты еңбегінде тоқталған. Сонымен қатар 1982 жылғы Бас Ассамблеяның ХХХVII сессиясы туралы және осында сол кездегі  БҰҰ Бас хатшысы Перес де Куэльярмен кездесу барысында ел экономикасы, қазақ халқының тұрмысы мен салты жайлы әңгіме болғандығы туралы баяндайды. Осы сессия жұмысының барысында көтерілген өзекті мәселелер туралы көптеген қызықты мәліметтер берумен қатар, «БҰҰ Бас Ассамблеясы сессияларының, оның комитеттерінің жұмыстарына қатысу – бұл көпжақты дипломатия жұмысының үлкен мектебі» екендігін айтады [3, 65].

Т. Тәжібаев, Б. Бөлтірікова, М. Исиналивтерден кейін Біріккен Ұлттар Ұйымында қызмет атқарған қазақ дипломаты Ақмарал Хайдарқызы Арыстанбекова.

А.Х. Арыстанбекова КСРО тарамай тұрғанда әмбебап халықаралық ұйым БҰҰ жанындағы КСРО Тұрақты Өкілдігінің аға кеңесшісі және Қазақ КСР-ның өкілі ретінде тағайындалды. Ол өзінің «Объединенные Нации и Казахстан» деп аталатын еңбегінде осы ұйымға келген уақыты туралы былай деп еске алады: «С первых дней моей работы в ООН, постигая непростую науку многосторонней дипломатии, изучая в деталях сложнейший механизм этой уникальной Организации, я почувствовала уважение к ее роли     и миссии незаменимого инструмента диалога и солидарности между народами. Со временем, по мере углубления моих знаний и опыта, это уважение еще более окрепло» [4, 6].

Ал 1991 жылы 16 желтоқсанда жас тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасы пайда болған кезден бастап, А. Арыстанбекованың есімін тікелей БҰҰ-мен байланыстырады. Себебі, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев А.Х. Арыстанбекованы 1991 жылы 20 желтоқсанда Нью-Йоркке Қазақстанды Біріккен Ұлттар Ұйымына қабылдау мәселесімен айналысу үшін арнайы жібереді. «Біз үшін БҰҰ-мен байланыс орнату ауадай қажет. Сіз Бас Ассамблеяның сессияларында жақсы жұмыс істедіңіз және Сізді онда бәрі таниды», – деп тапсырады Президент [4, 13]. Таңдаудың А.Х. Арыстанбековаға түскен себебі, жоғарыда айтылып өткендей, ол екі жылдай Сыртқы істер министрлігін басқарған және 1990 жылы қыркүйек-қараша айларында БҰҰ Бас Ассамблеясының 45-ші сессиясында жұмыс істеп тәжірибе жинақтаған болатын. Сол кездері А.Х. Арыстанбекова БҰҰның қызметкерлерімен жақсы таныс болатын. Президент Н. Назарбаев осыны меңзеді.

Әрине, бұрын КСРО құрамында болып келген одақтас республикалардың тәуелсіздік алуы, енді олардың халықаралық субъект болып танылуына  жол  ашты.  Тәуелсіз  елдер бұрынғы «орталыққа» тәуелсіз сыртқы саясатын жүргізе алатын болды. Өздерін егеменді ел ретінде әлемдік қауымдастыққа таныта бастады және осы миссияны атқаруда А.Х. Арыстанбекова тәрізді танымал дипломаттардың еңбегі зор еді.

А.Х. Арыстанбекова 1992 жылы 15 сәуірде, Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы тұрақты өкілі болып тағайындалды және ол тәуелсіз Қазақстанның шетелдегі тұңғыш әйел-елшісі болды. Осы қызметте ол 1999 жылға дейін мүлтіксіз атқарды. БҰҰ-ға мүше бола отырып Қазақстан барлық халықаралық істерге толыққанды араласу құқығына ие болады. Бұдан басқа А.Х. Арыстанбекова 1999-2001 жылдары ЮНЕСКО жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі қызметін қоса атқарды.

А.Х. Арыстанбекова БҰҰ-дағы дипломатиялық қызметі жылдарында тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш елшісі бола отырып, ұйым шеңберінде қарастырылған халықаралық қатынастардың өзекті мәселелері бойынша біздің еліміздің беделін көтеруге, әлемдік саясаттағы орнын айқындауға тікелей ат салысқан дипломат ретінде танылды. Басқа да көптеген жаңа мемлекеттер сияқты Қазақстан үшін БҰҰ-ға мүше болу, оның сессияларының жұмыстарына белсене қатысу үлкен мәртебе, сонымен бірге тәжірибе жинақтайтын алаң.

А.Х. Арыстанбекованың дипломатия саласындағы қызметінің жемістерінің бірі Азиядағы өзара сенім мен іс-шаралары жөніндегі Кеңесті (АӨСШК) шақыру туралы Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша атқарылған іс-шаралар деп айтуға болады. БҰҰның үлкен трибунасында Қазақстан Президенті ЕҚЫҰ сияқты Азия құрылығына да қауіпсіздік құрылымының   қажеттілігін   айтқан   болатын:

«Біздің континентте Еуропадағы ЕҚЫҰ тұрпаттас, Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық құрылымын (АҚЫҚ) құру идеясы көптен бері ойдан шықпай жүр, бірақ әзірге кең қолдау таппай келеді. Америкадағы, Африкадағы, Еуропадағы континенттік ұйымдар қызметінің пайдалы тәжірибесі Азиядағы өзара ықпалдастық пен ынтымақтастықтың біртұтас органдарын құруға бір қарағанда, итермелеуге тиіс» [5, 472].

АӨСШК-ні шақыруға байланысты қажетті мәселелерді шешу жөніндегі жұмыс біраз уақытқа созылды. Оның бастапқы кезеңдерінің ұйымдастыру жұмысына да А.Х. Арыстанбекова қатысты.

БҰҰ-на кіргеннен кейін Қазақстанның алдында екі үлкен міндет тұрды. Біріншіден, біздің елдің Арал теңізі, Семей полигоны сияқты экологиялық мәселелерін, экономикалық, әлеуметтік мәселелерін шешуде БҰҰ тарабынан жәрдем алу мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымының бағдарламалары және түрлі қорларымен ынтымақтастық орнату керек болды.

Екіншіден, Қазақстан жаңа мемлекет ретінде Бас Ассамблея мен БҰҰ жүйесіндегі басқа  да органдарының жұмыстарына қатысу арқылы халықаралық мәселелерді шешуде өзінің үлесін қосу қажет болды. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болғаннан кейін, 1992 жылдың наурыз-қыркүйек айларында өткен Бас Ассамблеяның 46-шы сессиясында А.Х. Арыстанбековаға дипломат ретінде БҰҰ Бас Ассамблеясының күн тәртібінің біраз сұрақтары мен мәселелері бойынша Қазақстанның позициясын анықтап дайындау міндеттелді.

БҰҰ сияқты әмбебап ұйымға мүше болу Қазақстанға қазіргі халықаралық қатынастардың өзекті  мәселелерін  бірлесіп  шешуге, сондай-ақ мемлекеттің егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігін бекітуге мүмкіндік берді.

А.Х. Арыстанбекова Біріккен Ұлттар Ұйымына Қазақстан Республикасының елшісі ретінде барған уақытында төртінші әйел-елші болды және Азиядан шыққан жалғыз елші екендігі туралы да мәліметті оның еңбегінен кездестіреміз [2, 343]. Сондай-ақ кітапта мынадай қызық мәліметті де оқуға болады: «Посол Китая при ООН часто говорил мне: «Вы представляете всех женщин Азии, в том числе и Китая» [2, 343]. Осы мәліметтерден-ақ дипломатиялық қызметтегі әйел адамдардың санының аздығын байқаймыз. Соған қарамастан аз санның ішінде қазақстандық өкілдің болуы, ал оның А.Х. Арыстанбековаға бұйыруы Қазақстан Республикасы үшін, барша қазақстандықтар үшін үлкен мәртебе. Сондай-ақ Қытай елшісі айтқандай барлық Азия елдерінің әйелдері атынан құрметті де жауапты қызметті қазақ дипломаты А.Х. Арыстанбекованың атқаруы сол кездегі тәуелсіздігін енді ғана алған жас мемлекетіміз үшін үлкен абырой әрі мақтаныш.

Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі қызметін А.Х. Арыстанбековадан кейін 1999-2003 жж. аралығында Мәдина Бейнешқызы Жарбосынова, 2003-2007 жж. Ержан Хозеұлы Қазыханов, 2007-2013 жж. Әйтімова Бірғаным Сарықызы атқарса, ал 2013 жылдан бүгінгі күнге дейін бұл абыройлы қызметті Қайрат Құдайбергенұлы Әбдірахманов жалғастыруда. Бұлардың барлығы да кәсіби дипломат, сыртқы саясатта үлкен тәжірибе жинақтаған қызметкерлер. Олар Біріккен Ұлттар Ұйымында Қазақстанның бастамашылығымен іске асырылып жатқан шаралардың басы-қасында тұрды. Атқарылған шаралардың  ішінде ең маңыздыларының бірі – АӨСШК-ны шақыру туралы жоғарыда айтып өттік. Одан басқа Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ жасау, БҰҰ-ның Орталық Азия елдері үшін арнайы бағдарламасын (СПЕКА) тағайындау,  Арал  мен Семей өңірінде экологиялық апат аймағын сауықтыру, БҰҰ аясында Орталық Азия бітімгершілік батальонын құру сияқты ауқымды істер атқарылды және оң нәтижелерге қол жеткізілді. Мысалы, 29 тамызды Ядролық қаруға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау қазақстандық дипломатияның жемісі.

Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Қазақстан Республикасы арасындағы байланыстар туралы айтқанда тағы бір қазақ дипломатының есімін ерекше айту керек. Ол Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Қ.К. Тоқаев кәсіби әрі тәжірибелі  дипломат,әр жылдары Қазақстан Республикасының Сыртқы  істер  министрі,  Премьер-министрі, Мемлекеттік хатшысы қызметтерін атқарған саяси және қоғам қайраткері, ал қазіргі күні Сенат төрағасы ретінде барша қазақстандықтарға танымал тұлға. Сонымен бірге Қ.К. Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болып тағайындалған тарихта тұңғыш қазақ азаматы, біздің отандасымыз. Ол бұл қызметке 2011 жылы тағайындалды. Бұған қоса Қ.К. Тоқаев БҰҰның Женевадағы бөлімшесінің директоры және Қарусыздану бойынша конференцияның бас директоры қызметін атқарды. Қ.К. Тоқаевтың мұндай қызметке тағайындалуы қазақстандық өкілдің биік кәсіби және саяси деңгейін айғақтаумен қатар, қазақ елінің беделін де көрсетеді.

Қ.К. Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының бірнеше сессиясында сөз сөйледі және онда әлемдік саясат пен халықаралық қатынастардың өзекті мәселелері бойынша Қазақстанның пікірлерін жеткізді. Мысалы, 1995 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 50-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Қ. Тоқаев «барлық азиялық елдерді БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясының жоғары мінберінен Президент Н.Ә. Назарбаев айтқан идеяны іске асыруға өз үлестерін қосуға шақырса» [6, 545], сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау туралы көзқарасын білдірді: «...БҰҰ Жарғысы осы заманғы әлемде баламасы жоқ Ұйымның қызметінің негізі мен бағдары болып қалуы тиіс. БҰҰ құрылған кезден бері әлемде болған ірі өзгерістер Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын өзгертуге ықпал етуі керек. Қазақстан Кеңес мүшелерінің санын, оның ішінде тұрақты негізде жұмыс істейтіндердің санын принципінде ұлғайту керек деп санайды. Біздің көзқарасымызша халықаралық сот сияқты маңызды органды да бүгінгі күн талаптарына бейімдеу маңызды...» [6, 545-546]. Қазақ дипломаты өзінің осы ойлары мен көзқарастарын және жаһандық өткір мәселелер жөнінде БҰҰ Бас Ассамблеясының кейінгі сессияларында да айтты.

Біріккен Ұлттар Ұйымымен Қазақстан тығыз қарым-қатынас орната отырып, ондағы Қазақстанға байланысты және оның мүдделерін айқындайтын іс-шаралардағы дипломаттардың атқарған қызметтері де бірқатар. Бұған Б. Әйтімова келтірген мына мысалдар дәлел: «... Қазақстан делегациясының 1 жыл ішінде жасаған мәлімдемелерін келтірейік. Бас Ассамблеяның әрбір сессиясының күн тәртібінде орташа есеппен 170 тармақ болады десек (өткен 66-шы сессияда 174 тармақ болды), біздің делегация түрлі тақырыптар бойынша 100 шақты мәлімдеме жасайды. Бас Ассамблеяның әрбір сессиясында Қазақстан БҰҰ күн тәртібіндегі маңызды мәселелерге, оның ішінде, біздің еліміздің сыртқы саясатындағы басым бағыттарға қатысты бірқатар қарарлардың екінші авторы болатыны қазір ешкімге жаңалық емес. Бас Ассамблеяның өткен 65-ші сессиясында Қазақстан 39 қарардың екінші авторы болса, 66-шы сессияның БҰҰ жұмысының барлық салалары бойынша 42 қарардың осындай авторлығын атқарды.

Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдері Бас Ассамблеяның әртүрлі сессияларының Вице-президенттері болып 4 рет сайланды. Әсіресе, Тұрақты даму комиссиясының 20-шы сессиясына «Рио+20» конференциясына әзірлік қарсаңында төраға болып сайлануымыздың маңызы ерекше деп білеміз. 2012 жылдың басында Қазақстан ЮНИСЕФ-тің Атқарушы кеңесінің құрамына бір жыл мерзімге сайланғанын да айта кету ләзім. Сонымен қатар, 2012 жылдың 12 қаңтарында Адам құқықтары жөніндегі комитетке мүшелікке Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының мүшесі, белгілі заңгер Марат Сәрсембаевтың сайлануы үлкен табыстың бірі болғаны рас. Ал алда Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүше болып сайлану мүмкіндігі де біз үшін маңызды міндеттердің бірі» [7].

Кәсіби дипломат болмаса да БҰҰ Бас Ассамблеясының сессия жұмыстарына қатысып, онда өз пікірлерімен бөлісіп, ойлы ұсыныстарын айтқан еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Ол бірінші рет 1992 жылы БҰҰ мінбесінде тұрып тәуелсіз Қазақстан мемлекетін әлемдік қауымдастыққа таныстырған болатын. Сол уақыттан бері Н. Назарбаев БҰҰ отырыстарында сан мәрте халықаралық қатынастардың өзекті мәселелерін көтеріп келеді. 2015 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясының жалпы дебатында Н. Назарбаев бірқатар маңызды ұсыныстар жасады:

  • әлемдік қауымдастық ұйымының жүз жылдығына Жаһандық Стратегиялық бастама – 2045 жоспарын әзірлеу;
  • Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және Әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму Кеңесіне айналдыру;
  • 2016 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық құқықтың арқаулық қағидаттарын бекітуге арналған жоғары деңгейдегі халықаралық конференциясын шақыру;
  • Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесін ойластыру [8].

Біріншіден, бұл ұсыныстар көптеген пікірлер туғызды. Екіншіден, Н.Назарбаевтың айтқан ұсыныстары қазіргі күнгі халықаралық қатынастар жүйесінде жүріп жатқан өзгерістермен де тығыз байланысты. Айталық, БҰҰ штаб-пәтерін Азияға көшіру мәселесі, бұл аймақтың экономикалық  даму қарқынымен, осы өңірдегі мемлекеттердің экономикалық қуатының күшейе түсуі мен белсенділіктерінің әлемдік нарықта арта түсуімен, яғни Азияның әлемдегі рөлінің арта түсуімен байланысты. Ендеше болашақта ұйымның  штаб-пәтерінің ірі қаржы орталығы болып табылатын Сингапурде немесе Куала-Лумпурде, әйтпесе Еуразияның жүрегі, жас қала – Астанаға көшірілуі әбден мүмкін. Әлемнің бірқатар мемлекеттеріндегі БҰҰ өкілдіктерінің орталықтары – Женева, Вена, Найроби тәрізді қалаларында орналасқан. Келешекте Астана қаласы да осы орталықтардың қатарында көріне алатындығына күмән жоқ.

Сонымен, аға ұрпақ өкілдері Кеңестер Одағы кезінде Одақтас республиканың бірі ретінде БҰҰ Бас Ассамблеясы сессияларының жұмысына делегат ретінде ғана қатысқандығын, соған қарамастан әмбебап ұйымның үлкен мінбесінде халықаралық ахуал мен сыртқы саясаттың өзекті мәселелері бойынша сөз сөйлегенін жоғарыда айтып өттік. Өкінішке қарай, Кеңестер Одағы кезінде БҰҰ тәрізді халықаралық ұйымда қазақ дипломаттары болмаса, бүгінде жағдайдың мүлде басқаша екеніне біздің еліміз куә.

Қазақ дипломаттарының әлемдік саясатта Қазақстанның беделін көрсетуде, орнын анықтауда әр кездері өз үлестерін лайықты түрде қоса білгендігін байқауға болады. Қазақ ұлтынан шыққан дипломаттардың сыртқы саясат пен дипломатиядағы алғашқы қадамдарының өзі ерекше жағдайда жұмыс істеуге қажетті қасиеттерге ие екендігін көрсетеді. Қазір жас мемлекетімізбен бірге дипломатиялық қызметтің қатар дамып келе жатқандығын кәсіби дипломаттардың қызметі айқындай түседі.

Тәуелсіздікке қол жеткізгелі Біріккен Ұлттар Ұйымы тәрізді әмбебап ұйымның өкілдері бола отырып, осы жылдардан бері қазақстандық дипломаттар көпжақты дипломатияда өздерін көрсете алып жүр. Жоғарыда аттары аталған қазақ дипломаттары білімді кәсіби маман ретінде өздерін ғана танытып қоймай, Қазақстан дипломатиясының танылуына да үлес қосып отыр. Аз ғана уақыт ішінде «жас дипломаттардың» арқасында әлемнің алпауыт мемлекеттері біздің елімізбен санасатын болды. Бұл – қазақстандық дипломатияның жемісі. Олай болса қазақ дипломаттарының шығатын биіктері мен асатын асулары әлі алда.

 

 

 

Әдебиеттер

 

  1. Жақып М., Түрікпенұлы Ж. Төлеген Тәжібаев. – Алматы: «Қазақстан», 2008. – 248 б.
  2. Сүлейменов Т. Қазақстандық дипломатия: кеше және бүгін http://egemen.kz/2014/04/11/24618
  3. Исиналиев М. Таңдамалы. Избранное. Том ІІ: Записки дипломата. Хаким. Михаил Иванович. Маке. – Алматы:«Арыс баспасы», 2007. – 568 б.
  4. Арыстанбекова А.Х. Объединенные Нации и Казахстан. – Алматы: Дайк-Пресс, – 432 с.
  5. Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында сөйлеген сөзі. АӨСШК бастамасы (Нью-Йорк, 1992 жылғы 5 қазан)
  6. Тоқаев Қ. Беласу. Дипломатиялық очерктер. – Алматы: «Дәуір», 2003. – 656 б.
  7. Әйтімова Б. Бедел белестері // Егемен Қазақстан. – 2012. – №79 (80). – 1-2 бб.
  8. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың БҰҰ Бас ассамблеясының 70-ші сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзі. – 28 қыркүйек 2015 жыл /http://www.akorda.kz/kz/speeches/external_political_affairs/ext_speeches_and_addresses/kazakstan-prezidenti-nenazarbaevtyn-buu-bas-assambleyasynyn-70-sessiyasynyn-zhalpy-debatynda-soilegen-sozi

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.