Жеке өмір, оның қол сұғылмаушылығы және құқық: ұғымдар арақатынасы

Жеке өмір (privacy) – БҰҰ-ның адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясында, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактiде сондай-ақ, көптеген өзге де халықаралық және аймақтық келісімдерде танылған адамның негізгі құқығы. Жеке өмір адам ар-ожданының және жиналыс бостандығы, ұждан бостандығы, бірлесу еркіндігі және сөз бостандығы сияқты өзге де қайнар көздерінің негізін құрайды. Жеке өмір қазіргі заманда адамның маңызды құқықтарының бірі ретінде танылады.

Бірқатар дүниежүзі елдерінің конституцияларында жеке өмір құқығы танылады. Ең аз дегенде бұл конституциялық нормалар тұрғын үйге қол сұқпаушылық құқығы мен хат-хабар құпиясын қамтиды. Кейбір жаңа Конституцияларда сондай-ақ дербес деректерге рұқсат құқығын шектеу туралы ескерілген.

Қазақстан Республикасымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактiнің 17-бабында «1. Әрбiр адам жеке және отбасылық өмiрiне өзгелердiң өз бетiнше, немесе заңсыз араласуынан, өз бетiнше немесе заңсыз озбырлық жасап, баспанасына, хат жазысып-алысу құпиясына қол сұғылуынан, ар-намысы мен абырой-беделiне нұқсан келтiрiлуiнен қорғалуы тиiс» деп бекітіліген.

Жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығы Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген адамның негізгі жеке құқықтарының бірі болып табылады. Осы жеке құқықтарды, оның ішінде жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығын жүзеге асырудың конституциялық кепілдіктерінің қаншалықты  тиімді  болатыны, көбінесе әрбір адамның жеке бостандығы сияқты демократиялық қоғамның міндетті белгісіне тәуелді.

Адамның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің жоғары құндылығы ретінде жариялай келе, Конституция құқықтық мемлекеттің басты принципі ізгіліктің демократиялық идеалын бекітеді. Қазіргі демократиялық мемлекетте адам құқықтары материалдық емес сипаттағы маңызды құндылық ретінде танылады.

Қазақстан Республикасының 1995 жылы қабылданған Конституцисында бірінші кезекте азаматтық (жеке) құқықтар мен бостандықтар, екінші саяси, ал одан кейін барып – экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар мен бостандықтар ұсынылған.

Жеке (азаматтық) құқықтардың мақсаты тұлғаға жеке қол сұқпаушылық пен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталаған. Тұлғаның жеке құқықтары мен бостандықтарының айрықша ерекшеліктерін келесілерден көруге болады:

  • бұл құқықтар мен бостандықтар адамға тумысынан берілетін, мемлекетпен берілмейтін, сыйға тартылмайтын, өзгертілуге жатпайтын, ешбір мемлекетке нақты қатысты емес табиғи құқықтар мен бостандықтар;
  • бұл құқықтар мен бостандықтар айырылмас және әркімге тумысынан жазылған;
  • бұл құқықтар мен бостандықтар адамның өмірін, бостандығын, оның жеке тұлғаның басқа да табиғи құқықтарын қорғауға бағытталған және де оның жеке өмірімен байланысты болып табылады.

Жеке құқықтар мен бостандықтар жүйесіндегі ерекше орын жеке өмірге қол сұқпаушылық, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абырой құқығының қорғалу құқығына, әркімнің өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, пошта, телеграф арқылы және басқа да жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталу құқығына берілген. (Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабы).

Алайда, біздің елімізде «прайвеси теориясы» әлі толық рәсімделмеген, сондықтан заң шығарушы тәжірибесі мол өзге елдердің заңнамасына немесе жеке өмір және оны қорғау тәсілдері туралы өзінің түсінігіне сүйенуге мәжбүр.

Жеке өмір деген не? Заң шығарушы еш нормативтік құқықтық актіде жеке өмір, отбасы құпиясы, жеке құпия ұғымдарының толық және нақты түсінігін бермейді. Бірақ, тәжірибеде қылмыстық қолсұғушылық объектісінің мұндай ерекше белгісіз жағдайлары қылмыстыққұқықтық тұрғыдан реттеуге қолайсыз болып келетін ықтиярлы түсіндірулерге, қисынсыз шектеуге, не болмаса оның мағынасын кеңейтуге ықпал етуі мүмкін. Бұл жағдайда азаматтардың жеке өмірін қылмыстыққұқықтық тұрғыдан қорғау мәселелерін құқықтық  реттеудегі   олқылықтардың   орнын толтыратын, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру шараларына және осы шаралардың қосалқы бөлігі ретінде орын алатын заңнаманы үйлестіру шеңберінде «азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық» ұғымына қатысты қолданылатын терминдердің бірыңғай тізімін қалыптастыруға ерекше назар аудару қажет. Осындай пайымдауларға жүгіне отырып, біз жоғарыда аталып кеткен мәселені шешу қажет деп ойлаймыз.

Осының негізінде «азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық» ұғымына кіретін әрбір терминдердің мазмұнына анықтама беріп, ашып алған жөн.

Әуелі «азамат» ұғымының мазмұнын ашатын   болсақ, қылмыстық-құқықтық   тұрғыдан «азамат» ұғымы – «адам», «жеке тұлға», «индивид» ұғымдарымен ұқсас. Яғни азаматтықты сипаттайтын мемлекеттік-құқықтық немесе әлеуметтанудың белгілі бір дәрежесін білдіретін философиялық-мәдениеттік санат  ретіндегі«азамат» ұғымынан ерекшеленеді. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Конституциясында «адам және азамат» деген ұғымдар қатар қолданылады. Ортақ мағынада қарастыратын болсақ,  «азамат»,  «жеке тұлға»  және «адам» ұғымдарын бір ғана «индивид» деген шартты түсінікке біріктіруге болады.

Жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығының түсінігін көбінесе құқық ғылымына қарағанда әлеуметтану ғылымына жатқыза келе, заңмен бекітілген жеке өмірді қорғау, жеке өмір санатын құқықтыққа өзгертпейді деген пікір бар [1, 13; 49 бб.]. Шындығында, жекеөміргеқұқықты өзге құқықтармен салыстырғанда туынды құқықтардың қатарына жатқызу жеңілірек және олардың қорғалуын жүзеге асыруды да сонымен байланыстыруға болады. Себебі, тәжірибеде жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығын бұзу, бұл қандай да бір нақты құқықтарды бұзу болып есептеледі, яғни жеке хат алмасу, жеке және отбасы құпиясы және т.б. Осылайша, жеке өмірдің шегін бұзу дегеніміз, индивидтердің қандай да бір нақты құқықтары мен бостандықтарын бұзу болып саналады. Алайда, азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық  құқығын  бұзу, бұл жеке тұлғаның өзі анықтайтын немесе оған туылған кезінен тиесілі құқықтардың бұзылуы емес, Конституциямен кепілдік берілген қандай да құқықтар мен бостандықтарға қысым  жасау болып табылады. Мысалға алатын болсақ, республикалық құрылыста мұрагерлік бойынша таққа отыру құқығына Республика заңдарымен кепілдік берілмейді.

Яғни, азаматтың жеке өмірінің шектерін анықтайтын құқықтар мен бостандықтар тек қана жеке құндылықтарды емес, ең алдымен әлеуметтік құндылықтарды ескеруі керек, басқаша айтқанда оларды анықтау және қорғау ретінде көрініс табатын мемлекет түріндегі нақты социумның қажеті болмайды. Осылайша, индивид тұрғысынан алғанда әлдеқайда маңыздысы болып, жеке қол сұғылмаушылық, жеке және отбасы өміріне ерікті қол сұғудан қорғау құқығы, кінәсіздік презумциясы және өзге де адамның табиғи құқықтары табылады. Бұл құқықтарға заңмен ескерілген жағдайларды қоспағанда, мемлекет, оның  органдары  немесе лауазымды тұлғалар  тарапынан  еш қысым жасалуға жол берілмейді. Осылайша, Қазақстан Республикасы Конституциясының 12-бабының 2-бөлігінде: «адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылған, олар абсолюттi деп танылады, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады», –  деп  бекітіле келе,  аталған  заңның  39-бабының  1-бөлігінде «адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажеттi шамада ғана және тек заңмен шектелуi мүмкiн»,деп айқындалған.

Осыдан нақты мемлекеттің құзырындағы азамат ретіндегі адамның жеке  өмірінің шектері азамат пен өзге азаматтың, азамат пен мемлекеттің арасындағы қарым-қатынастың негізін құрайды. Ал нақты индивидтің жеке өмірінің шектері жеке тұлға мен өзге жеке тұлғаның, индивид пен социумның арасындағы жалпы индивидтер қауымдастығы қарымқатынасының негізін қалайды. Себебі «жеке өмір» ұғымы адамның тұрмыс-тіршілігінің белгілі  аспектілерімен   айқындалатын   жалпы адами құндылықтардың кең спектрін қамтиды. Осыдан барып, «жеке өмір» ұғымы биологиялық мағынадағы «өмір» ұғымына қарағанда «тұрмыс» түсінігімен мәндес, ұқсас болып келеді. Осыған байланысты, жеке өмір санаты кең мағыналы ұғым бола отырып, өзіне көптеген өзге құқықтар мен бостандықтарды қосады. Сондықтан тәжірибеде, қарастырылып отырған құқықтың нақты ұғымын беру және оның шектерін анықтау өте қиын. Бұл жағдайда «жеке өмір» ұғымының мағынасын анықтау үшін индивидтің әлеуметтік мәнді және оған тікелей қатысы бар тұрмысының ерекшеліктерін қарастырып өту қажет.

Жеке   өмірдің   әлеуметтіктен   ерешелігі, ол мемлекет және социум тарапынан тікелей бақылауға алынбайды, оған өзінің келісімінсіз өзге индивидтер араласа алмайды, яғни жеке өмірдің мазмұны мен нысанын индивидтің өзі анықтайды – ол оның өзінің жеке ісі. Осылайша, индивидтің жеке өмірі әлеуметтікпен тығыз байланысты   және   осының   негізінде бірқатар «қарым-қатынас аймағын» [2, 17 б.], байланыс және қарым-қатынас құбылыстарын бөліп алуға болады. Сондықтан да социум да, мемлекет те оған киліге алмайды.

Осыған қатысты бірқатар әлеуметтанушылар мен философтардың ой-пікірлерін қарастырып көрейік. Ю.А. Замошкин талданып жатқан   осы   мәселеге   қатысты   келесі жақтарын бөліп көрсетеді. Біріншіден, ішкі рухани өмір. Оны жеке өмір  санатына  жатқызу адамның ойы мен сана сезімі дүниесінде оның еркіндігін тану тәсілі, мысалы ойлау еркіндігі, бір нәрсеге сену немесе сенбеуі, қандай да бір сезімге бөленуі және ең негізгісі өзінің шешім қабылдау құқығы, өзінің ой-пікірі, діни нанымы, эмоциясы жайында хабарлау немесе хабарламау, оны жариялы талқылаудың пәнін жасау немесе жасамауы, яғни қоғамдық өмірдің фактісі ретінде көрсету, көрсетпеуі жатады. Екіншіден, тікелей жеке тұлға аралық байланыс жатады. Мұнда тұлға аралық хат жазысу, телефонмен сөйлесу, пошта, телеграф хабарларының немесе өзге хабарлар құпиясын сақтау маңызды аспектілердің қатарына жатады. Сондай-ақ, кім оның сыйқұрметіне лайық немесе лайық емес екені, кімді жақсы көру немесе жақсы көрмеуі, кіммен сырластық немесе достық қарым-қатынасқа түсуі, бойын аулақ ұстауы, жоламауы сияқты адамның өзінің тұлға аралық қарым-қатынасқа түсу факторы да маңызды. Үшіншіден, жеке өмір – жеке және отбасылық тұтынуға қатысты әрекеттер мен  шешімдер.  Адам  қандай заттар мен қызмет көрсету түрлерін және оларды қашан, қандай шамада тұтыну қажеттігін, ал тауар-ақша және нарықтық қатынас жағдайында қайда, кімнен, сондай-ақ қандай жағдайда сатып алу керек екенін өзі таңдап, ол бойынша шешім қабылдайды. Бұған үй шаруашылығы, үй құрылысы сияқты оралымға байланыстының бәрі жатады. Осы салада  адамға  барлық нәрсені өз еркімен және ұғынуы бойынша жасау мүмкіндігі ұсынылады. Төртіншіден, жеке өмір ұғымы мүліктік қатынастарға таралады. Адам өзіне тікелей тиесілі барлық мүлкіне, яғни меншігіне толықтай билік ете алады [3].

Жеке өмір жайында атақты құқықтанушы, Париж университетінің конституциялық құқық саласының профессоры Франсуа Люшер өзінің «Құқықтар мен бостандықтарды конституциялық қорғау» атты оқулығында жеке өмір бостандығының келесідей аспектілерін бөліп көрсетеді:

а) өз еркімен өмір сүру бостандығы;

б) өз өмірінің сырластық қатынастар жағын құпияда сақтау құқығы;

в) жеке мәртебесін қорғау құқығы [4].

Криминолог ғалым Е.В. Калашников пікірі бойынша жеке өмір әлеуметтік құбылыс ретінде келесідей компоненттерден құралған:

  • Ішкі рухани сала бойынша:

а) адамның дүниетанымы, оның ойының негізі;

б) құдайға сенуі, өзге де шамадан тыс субстанцияның болуы немесе оның болмауы;

в) нақты бір мәселелер бойынша тұлғаның көзқарасы;

г)    ділдік   қабілеттілігі,   интеллектуалдық даму деңгейі;

д) мәдени жағы, яғни адамның мәдени жетістіктерді меңгеруімен көрініс табады;

е) тұлғаның сезімі құштарлығы, ықыластілегі, мұқтаждығы;

ж) мінез ерекшелігі;

з) саяси көзқарасы мен нанымы.

  • Тұлға аралық қатынас пен байланыс саласы: а) отбасы мүшесі, отбасындағы туыстық

қатынастары мен байланысы;

б) таныс, дос, жақын адамдарымен жеке байланыстары мен қатынастары;

в) сырластық сипаттағы, сексуалды қарымқатынастары;

  • Ұйымдастырушылық компонент бойынша: а) мерзімдер (дүниеге келу, жұмысқа орна-

ласу, некеге тұру және т. с. с.) б) кәсібі;

в) жұмысы, оқу орны;

г) тұрғылықты жері, телефоны;

д) клубтарда, партияларда, қоғамдық бірлестіктердегі және т.б мүшелігі;

е) тұрмыстық жағдайы.

  • Медико-физиологиялық сала бойынша: а) адамның сыртқы келбеті;

б) физиологиялық ерекшеліктері;

в) физикалық және психикалық ауытқулары, бұзылулары, түрлі сипаттағы сырқаттары;

г) адамның өз денсаулығына, түр келбетіне, санитарлық-гигиеналық жақтары, спортқа көзқарасы;

  • Мінез-құлық саласы бойынша:

а) экстремалды және қалыпты жағдайдағы тұлғаның мінез-құлық ерекшелктері;

б) жария салаға қатысы жоқ қарымқатынастар шегіндегі тұлғаның әрекеті мен мінез-құлқы;

  • Мүліктік сала бойынша:

а) тұлғаға тиесілі мүліктің болуы, тізімі және саны;

б) кіріс көздері (жалақысы, салымдары және т.б);

в) мүлікті сатып алу мерзімі мен тәсілерінің қайнар көздері;

г) ақша қаражатының, өзге де мүлкінің қозғалысы.

Ғалымның көзқарасы бойынша жеке өмірдің түрлі аспектілерін осылай бөліп қарастыру, оның әлеуметтік құбылыс ретіндегі мазмұнын толық ашады  [5,  20-21  б.].  Алайда,  А.А.   Тыныбаев

«Жеке өмірге мұндай сипаттағы анықтама беру, оның құқықтық сипатын толық қамтымайды. Себебі, мұнда адам тұрмысының, оның ішінде әлеуметтік тұрмысының барлық аспектілері қамтылғаныменен, бұл анықтама диспозиция ретінде орын ала алмайды. Керісінше, жеке өмірге қол сұғылмаушылық ұғымының қылмыс объектісі бола алмайтындығын көрсетеді», – деп түсіндіреді [6, 71 б.].

Сондықтан Е. В. Калашникова әлеуметтік құбылыс ретіндегі жеке өмір және жеке өмір туралы ақпарат түріндегі екі жағын атап көрсетеді. Осыған байланысты жеке өмірге қол сұғылмаушылықты жеке өмір туралы ақпаратқа қол сұғылмаушылық ретінде қарастыру керек деген қорытындыға келеді [5, 20-21 б.].

М. Петросян жеке өмірді әлеуметтік құндылық ретінде қарастыра келе, «индивидтің өзімен бақыланатын, яғни сыртқы бағыттаушы ықпалдан, оның ішінде құқықтық реттеуден бөлек физикалық және рухани сала» ретінде анықтайды [7, 49 б.]. Егер де ол құқықтық реттеуден бөлек болатын болса, онда құқықтық қорғауды да қажет етпейді. Олай болатын болса оның әлеуметтілігі неде?

Жеке өмірдің заңдық ұғымының неғұрлым дұрысы Н.Н. Волошкинамен берілген анықтамада ұсынылады: «жүріс-тұрысы заңды рұқсат етілген, оның өмір сүруі мен прогрессивті дамуын қамтамасыз ету қажеттіліктерін қанағаттындыру мақсатында игіліктерді ие болуға бағытталған адаммен конституциялық  және өзге де құқықтарын пайдалануы» [8, 7 б.]. Алайда, біздің көзқарасымыз бойынша жоғарыда көрсетілген анықтама да азаматтардың жеке өмірі туралы норманың диспозициясы ретінде ұсыныла алмайды.

Көріп отырғанымыздай, жеке өмір анықтамасын түрлі аспектілерге сүйене отырып беруге болады, бірақ талданып жатқан категорияның сипаттамасын толық қамтитын, бір мағыналы анықтама беру қиынға соғады. Осының негізінде, біздің пікірімізше жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығы – бұл тек қана нақты жеке тұлғаға тиесілі, әлеуметтік маңызды құқықтар мен бостандықтардың жиынтығынан құралған адам және азаматтың көпжақты субъективтік құқығы. Яғни, жеке өмір бұл әлеуметтік мәні бар құқықтар мен нақты индивидке тән спецификалық компоненттер кешені.

Сәйкесінше, оның қол сұғылмаушылығы жайлы әңгіме қозғағанда, аталған кешеннің қандай аспектісі немесе қандай компоненті жайлы айтылып жатқандығын нақтылап отырған жөн. Сондықтан қылмыстық-құқықтық қорғауды қажет ететін жеке өмірдің барлық аспектісін қамтитын нақты норманың болуы мүмкін емес деген тұжырымға келеміз.

 

 

 

Әдебиеттер

 

  1. Красавчикова Л.О. Личная жизнь граждан под охраной закона. – М.,
  2. Красавчикова Л. О. Личная жизнь граждан под охраной закона. – М.,
  3. Замошкин Ю.А. Частная жизнь, частный интерес, частная собственность // Вопросы философии. – 1991. – №1. – 5 б.
  4. Люшер Ф. Конституционная защита прав и свобод личности. – М., 1993. – С.
  5. Калашникова Е.В. Уголовно-правовое обеспечение неприкосновенности информации о частной жизни: дисс….канд. юр. наук: 12.00.08. – М., 2001. – 221 с.
  6. Тыныбаев А.А. Понятие неприкосновенности частной жизни граждан // Хабаршы Вестник. Унверситет имени Д.А. Кунаева. – 2008. – №4 (29). – С.
  7. Петросян М. Что такое неприкосновенность частной жизни // Правозащитник. – 1995. – №1.
  8. Волошкина Н. Н. Обеспечение конституционного права на неприкосновенность частной жизни при производстве предварительного следствия: автореф. дис. …. канд. юрид. наук. 
Тег: Отбасы
Жыл: 2014
Қала: Алматы
Категория: Құқық