Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Көркем мəтіндегі метафораның стильдік қызметі

Халық тілі тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін білдіретін, бейнелі ойды бедерлеп жеткізетін өрнекті сөз орамдарына аса бай. «Сөздің, немесе тілдің, көркемдігі» дегенде, ең алдымен, оның əсерлілігін ұғамыз. Əсерлі сөйлеу, яғни көркем тілмен сөйлеу, өз ойын өзгеге шама-шарқынша айқын түсіндіру — тек өнер адамдарына ғана емес, мəдениеттімін деген бар қауымға міндет əрі қажет.

Суретті бейнелі, көркем ойлау арқылы бір нəрсенің тікелей өзін емес оған ұқсас өзге затқа не құбылысқа балап, мағынасын, мазмұнын тереңдете, əсерін күшейту дейтін болсақ, онда бұл көркемдеу құралы болған метафораны əр түрлі етіп қиыстыру шығармада үлкен шеберлікті талап етеді.

Троптардың ішінде көркем əдебиетте, оның ішінде прозалық шығармаларда актив қолданылатыны метафора. Метафоралық қолданыстардың өнімділігін аталған жазушылардың повестерінен де көре аламыз.

Метафора жасау көптеген семантикалық процестердің нəтижесінде туады. Айталық, ол, ең алдымен, жаңа ұғымды жасаудағы троптың бір түрі; екіншіден, полисемия тудыру құралы; үшіншіден, метафора эмоционалды-экспрессивті лексика жасауға белсенді түрде қатысады; төртіншіден, синоним жасауда метафораның өзіндік орны бар; бесіншіден, метафора тілдің терминологиялық өрісінің кеңеюіне де ықпал жасайды; алтыншыдан, жаңа мағыналық тіркестердің дүниеге келуіне əсер етеді.

Қ.Жұмалиев өзінің еңбегінде: «Метафора — тіл табиғатында терең тамыр жайған сөйлеу өнеріміздің барлық саласынан бой көрсететін жалпы тілдік категория, сөзді астарлай қолдану» десе [1; 2], академик З.Қабдолов: «...метафора (гр. metaphora — көшіру) — сөз мəнін өңдендіре өзгертіп айту, суреттеліп отырған затты не құбылысты айқындай, ажарландыра түсу үшін оларды өздеріне ұқсас өзге затқа не құбылысқа балау, сөйтіп, суреттеліп отырған заттың не құбылыстың мағынасын үстеу, мазмұнын тереңдетіп, əсерін күшейту», — дейді [2; 201].

«Əдебиеттану терминдер сөздігінде»: «Метафора, ауыстыру (гр. сөзі — ауыстырып қою), екі нəрсені, құбылысты салыстыру жəне жанастырып-жақындату негізінде астарлы тың мағына беретін сөз немесе сөз тіркесі. Мысалы, Абай өлеңдерінде кездесетін жастықтың оты, жүректің көзі, дүние есігі, өмірдің өрі деген метафора үлгілерін атауға болады. Метафораның күнделікті сөйлеу тілінде кездесетін қарапайым түрлері: іші күйіп, бойы мұздап, орақ ауызды, от тілді деген секілді болып келеді.

Метафораның кейбір түрлері теңеуге жақын, мысалы, тас жүрек, ақ көңіл. Бірақ метафорада теңеудегідей екі нəрсені теңеп салыстырудан гөрі, олардың арасындағы ұқсастық жақындықты, сезім-əсер жалғастығын тірек ету басым болады. Көбінесе сондай екі нəрсенің бірі айтылып, екіншісін емеурін жасап, сездіреді [3; 227] деп түсініктеме берілген.

Қазақ тіл білімінде метафораны көркемдік тəсіл ретінде таныған жəне алғаш рет тұжырым жасаған А.Байтұрсынов.

Тілдік қолданыста сөз метафоралармен түрленеді, ажарланады жəне бейнелі құралға айналады. Бұны метафораға берілген анықтамалар мен теориялық пікірлер дəлелдейді. Лингвистикалық сөздіктерде метафораға берілген түсініктерге тоқталатын болсақ, «Тіл білімі сөздігінде»: «Метафора (гр. Metaphora — ауыстыру) — троптың бір түрі, ұқсастық, сəйкестік жəне т.б. негізінде сөздер мен сөз орамдарының ауыспалы мағынада қолданылуы» деп беріледі, ал метафоралану былайша түсіндіріледі: ауыспалы мағынаның пайда болуы мен оның экспрессивті қасиеттерінің күшеюі нəтижесінде сөздің мағыналық аумағының кеңеюі» [4].

Қазақ тіл білімі ғылымында да көркем əдебиеттің тілі мен стилін, сөз зергерлерінің шеберлігі сөз болғанда метафораға соқпай кетпейді, көптеген ақын-жазушының шығармашылық мəнерін сөз еткенде, метафораның түрлі тілдік қызметіндегі қасиеті мен ерекшеліктерін талдайды.

«Лингвистикалық түсіндірме сөздікте» метафораға былайша анықтама беріледі: «Метафора (гр. Metaphora — ауыстыру) — троп немесе сөйлеу механизмі. Метафора — сөздің басқа мағынада қолданылуы. Риторика мен лексикологияда метафора номинациялық құрал ретінде қарастырылады» [5].

Сонымен қазақ тіл білімінде метафораға А.Байтұрсынов, М.Балақаев, Б.Хасанов, Ə.Болғанбайұлы, Ғ.Қалиұлдарының анықтамалары бар. М.Балақаев «Метафора деп заттардың, құбылыстардың ішкі-сыртқы ұқсастығына қарай ауыс мағынада жұмсалуын айтамыз» [6] деп анықтама береді. Профессор Б.Хасанов «Қазақ тіліндегі сөздердің метафоралы қолданылуы» атты еңбегінде тілдік метафораларды арнайы қарастырып, тура мағынадан ауыспалы мағынаның туындауы көбінесе метафораның негізінде пайда болатынын айтады [7].

Ғалым қазақ тіліндегі метафоралардың лексикалық жəне грамматикалық басты ерекшеліктерін өзінің теориялық еңбегінде айқындады. «Метафоралы сөз саптауда таныс емес зат пен құбылыс міндетті түрде жақсы таныс нəрсемен салыстырылады» [7; 18].

«Белгілерінің ұқсастығына қарай бір заттың не құбылыстың атауымен аталуының негізінде сөз мағынасының ауысуы метафора деп аталады» [8].

Қазір тіл білімінде метафораның адамның ойлау үрдісін қалыптастырушылық қасиетін ескере отырып, оны басқа қырынан қарастырады. Когнитивистикамен айналысушы ғалымдар осы тақырыпқа қызығушылықтарын білдіреді. Метафора ұғымдарды қалыптастырып, дайын таңбалар арқылы оларды атайды. Мəселен, Б.Қасым өз еңбегінде когнитивтік феномен ретінде танылған метафораның аталым жасаудағы маңызына тоқталады: «Метафора — тілде əмбебап құбылыс. Оның əмбебаптығы тілдің құрылымында жəне қызметінде көрінеді. Ол тілдің түрлі аспектісі мен қолданыстық қызметін қамтиды». Б.Қасым метафораның тілдік сипаты туралы «Тілдік метафорлар — туынды сөздерде метафоралық қасиеттер күңгірттеніп, соның нəтижесінде жаңа лексемалардың пайда болуы. Метафора аталым тұрғысынан бейнелілік қасиетінен өтіп, тек ұғымға атау беру қызметіне көшеді» [9], — дейді.

Метафора заттар мен құбылыстардың белгілерінің ассоциациялануы, байланысуы арқылы жасалады, ойды дамытады. Əр түрлі салыстырулар шығарма тіліне көркемдік береді.

Метафора сөздердің мағына ауыстырып жұмсауы. Метафораны тілдік қолдану сипатына қарай түрлерге бөлушілік бұрыннан қалыптасқан. Ғалымдар метафораның құрылымын түрліше саралайды. Мысалы, Б.Хасанов қазақ метафораларын екіге бөледі: «Біріншісі — белгілі бір шешеннің сөз саптауынан пайда болған индивидуалдық метафора, екіншісі — халықтық сипат алған дəстүрлі метафоралар» [7;138].

А.Ысқақов былай дейді: «Метафораның ең басты стильдік ерекшелігі — бейнелілігі, ойды бейнелі түрде жеткізетіндігі. Ол сондықтан да көркем əдебиет стилінде жиі қолданылады. Ал, ғылыми, кеңсе, ресми іс қағаздары стильдерінде метафора дəл мұндай дəрежеде кездеспейді» [10]. Ғалым Т.Қоңыров метафораның жасалуына теңеудің негіз болатындығын айтады: «Əрбір теңеудің көлеңкесінен метафоралық мағына көрініп тұрады» [11].

Метафорамен теңеуді айыра білу мəселелерін ғалымдар көптеп қарастырған. Мысалы, Қ.Жұмалиев метафора мен теңеудің мынадай ұқсастықтары мен айырмашылықтарын көрсетеді:

«...теңеулердің жұрнағын қысқартсақ, метафора болып, метафораға теңеу жұрнақтарын жалғаса, теңеуге айналады. Екінші, теңеуде де, метафорада да екі нəрсе қатар алынады, əйтсе де, қазір бұл екеуінің арасындағы айырмасы да ашық нəрсе. Бірінші, теңеуде бір нəрсе екінші нəрсеге теңелсе, метафорада баланады. Теңеу: бұл — пəлендей, сол тəрізді секілді десе, метафора: бұл — соның өзі деп кесіп айтады. Мағына жағынан, əрине, екеуі бір емес. Екінші, теңеудің өзіне тəн жұрнағы бар да, метафораның өзіне тəн жалғау не басқа сөздері бар. Үшінші, теңеуде теңеу жұрнақтарының теңейтін сөзге жалғануы міндетті түрде болса, метафорада сөзге метафоралық мəн беретін сөздер, не жалғаудың үнемі бола беруі міндетті емес. Төртінші, теңеуде теңелетін нəрсе мен теңейтін нəрсенің екеуі де ұдайы қарама-қарсы тұрса, метафорада ұқсастығы бар нəрсенің бір жағы қалып қоюы мүмкін. Бірақ контекст бойынша ол нəрсені оқушы қиялы арқылы түсіне алады» [1; 215].

Метафораның мағына дамытудағы маңызы туралы А.Байтұрсынов, Ə.Болғанбайұлы, М.Балақаев, Ғ.Қалиұлының құнды пікірлері бар. Кейінгі зерттеулерде, мəселен, А.Сыбанбаева метафораны былай деп анықтайды: «Адамның ақыл-ойы салыстыруға келе бермейтін семантикалық концептерді (ұғымдарды) салыстырудың нəтижесінде метафора туындайды. Сондықтан метафораның жасалу механизмін зерттеу — адамның ойлау процесін зерттеу деген сөз» [12].

Тіл білімінде метафора семасиологиялық, ономасиологиялық, гносеологиялық, лингвистикалық тұрғыда зерттелді. Зерттеуші Г.Зайсанбаева метафораны когнитивтік бағытта қарастырып, былай түйіндейді: «Метафораның əр түрлі нысандар арасындағы ұқсастықтары солар туралы түсініктер арқылы қалыптасады. Сонымен қатар метафоралануға адамның эмоциялары, экстралингвистикалық білімі, тұрмыстық тəжірибесі кей жағдайда кездейсоқ түсініктер түрткі болып жатады. Адам тəжірибесі арқылы жинақталған білім қорындағы ақпараттардың өзара ауысуы танымдық үрдістермен байланысты. Аталым жасаудағы метафораның қызметі тілдің барлық салаларында қолданылады» [13].

Метафора тілде көркемдік қызметімен бірге жаңадан пайда болған ұғым, түсінікке неғұрлым дəл атау беріп бейнелейді. Метафора көңілге сыйымды, тіпті бір-біріне мүлдем сыйымсыз, қарама-қарсы ұғымдардың ассоциациялануы негізінде жасалып, үйлесімді, нанымды, көркем, жарқын бейне туғызады жəне ұқсату заңдылығына негізделеді. Ұқсату философиялық тұрғыда заттардың, құбылыстардың немесе процестердің бір қасиетіне қарай ұқсастығын тану əрекеті ретінде танылады. Метафорада ұқсастық тілдік бірліктердің тілден тыс сипатына байланысты. Аталымдардың қоршаған əлем заттары мен құбылыстары арасындағы əр түрлі ұқсастықты тануда, оны тілде белгілеуде адамның бай тəжірибелік қоры ескеріледі. Жаңа мағынаның тууына метафораның қызметі зор. Өзге тəсілдер сияқты метафора да тілдің дамуына қызмет етеді.

Негізінен алғанда, метафора тура мағынадағы сөзді қажет етпей-ақ, оны көркем мəтіндегі контекст арқылы айқындайды. Мысалы: Бұл тіршіліктің темір қамыты қашанға бұлғақтатар дейсің («Аққыз», 62-б.) деген жолдардағы зат есімнен жасалған аттылы жəне қамыты метафоралары — осындай ауыспалы мағынадағы сөздер. Қолдануда тура мағыналы сөзге қарағанда метафора көркем сурет, образды өрнек, орамды ой беруге икемді, өткірірек келеді. Осы сөйлемдегі метафоралы сөздердің орнына тура мағынасы қойылса, онда сөйлемнің көркемдігі төмендер еді.

Заттардың (құбылыстың) ішкі сыры мен сыртқы көрінісін, сыр сипатын оқырманның көз алдына елестететіндей етіп кескінін келтіріп, нақыштан беруде А.Сейдімбеков метафораны ұтымды қолданады: Əкеңнің азу тісін ақситып жүріп жиған аз дəулетін тиянақтай білмесең, ертең-ақ шолтаң етіп түбі көрініп қалмай ма, — деп емеурін білдірген («Аққыз», 62-б.).

«Метафора ауыстыру — екі нəрсені, құбылысты ауыстыру жəне таныстырып жақындату негізінде астарлы тың мағына беретін бейнелі сөз немесе сөз тіркесі. Ал метафораның алғашқы анықтамасы мен қызметін ұлы ойшыл Аристотель анықтап берген. Яғни мағыналық үйлесім қалыптастырудағы метафораның маңызды сипаттары — оның субъективтілігі мен ұғым тудыру қасиеті екендігін атап көрсетеді. Дүниені, болмысты танудың көзі — метафора. Кез келген метафора танымдық қызмет атқарады деуге болады. Оның бейнелілік, көркемдік сияқты қасиеттері мен қызметтерінен гөрі адам ойлауы мен тілінде танымдық қызметінің үлес салмағы басым. Белгілерінің ұқсастығына қарай бір заттың не құбылыстың басқа бір заттың не құбылыстың атауы мен аталуының негізінде сөз мағынасының ауысуы метафора деп аталады» [14].

Сонымен қатар когнитивтік бағытта метафора концепт тудыру құралы ретінде қарастырылуда. Зерттеушілер метафораның когнитивтік бағыттағы, яғни, таным нəтижесін беру құралы екендігі туралы мынадай қызметтерін атап көрсетеді:

болмыстағы бар заттармен теңестіру, ұқсату арқылы затқа атау беруі. Метафораның осы қызметі жазушылар шығармаларында мынадай мысалдар арқылы көрініс табады: Айналамыздың бəрінде уыз мұнар кілкейді («Қайдасың, қасқа құлыным», 100-б.). Тегі, шытынаған қызылшұнақ аяз олардың да тұмсығын қарып, сайлы, талды ықтасындарға қуған болуы керек («Тіршілік», 289-б.). Үзінділердегі уыз мұнар, қызылшұнақ сөздері болмыстағы бар заттар, қаламгерлер қызылшұнақ /шытынаған аяз/ сөзін аязбен тіркестертіріп, жаңа мағыналы образды сөз жасаған. Метафораның шектес емес ұғымдардың қасиеттері жаңа мағыналы сөздер жасауға, сол арқылы сөздік қорымызды байытуға өзіндік атсалысатындығын аңғаруымызға болады. Метафора танымының жемісі екендігіне осы сияқты мысалдар дəлел бола алады;

  • абстрактілі мағынаны білдіретін жаңа ұғымдарды қалыптастырады. Мұндай метафоралар ғылымда концептуалды метафора деп аталады. Зерттеуші Д.Əлкебаеваның пікірінше, концептуалды метафора «өзінің бейнелілігін сақтай отырып, жаңа лексикалық мағынаға ие бола алатын сөздер тобы» [15].

Жазушылар шығармаларында осы сынды метафоралар да өзіндік қолданыс тапқан. Мысалы: Біз Əулиекөлді жағалай жүріп, арғы бетке құлағанда, менің оқу мүжіп, ақ жемін шығарып тастаған миым жаңа бір қуатты нұрға шомылғандай, баяғыша, елдегіше жұмыс істей бастаған еді («Қайдасың, қасқа құлыным», 84-б.). Үйден шыққалы ешқайсымыз тіс жарып үндегеніміз жоқ, тек астымыздағы аттардың деміккен танау пырылы мен тағалы тұяқтың тасқа шақ-шұқ тиісі ғана осы жүрістің өсекшісіндей маңайға дабырлайды («Қайдасың, қасқа құлыным», 115-б.). Əйнектері де дағарадай-дағарадай, көзіммен өлшеп жібердім («Əжем мен Емші жəне Дəрігер», 290-б.). Осы асықпауымның ар жағынан ындыны құрыған құмарлық, бұйыртса енді қашпайтынына көзі жеткендіктен туындап жатқан қасақана жайбарақаттық байқалады («Тіршілік», 339-б.).

Оқу мүжіп, кірпігі құлап, көзімен жер шұқуы, көзімен өлшеуі, тіс жармауы, көзінің жеткендігі деген метафоралар — абстрактілі мағынаны білдіретін жаңа сөздер;

  • метафораның бағалауыш бейне тудыру қасиеті, бағаның кейіптелуі. Метафораның бағалауыштық мəнге ие болып, жаңа мағына тудыру қасиеті жазушылардың шығармаларында да кездеседі. Бейнелі сөздердің қаламгер туындыларында көбіне кейіпкерлер сөзінде орын алуына байланысты, құбылыстар мен заттардың бағалары, олардың бағалауыштық қасиеттері оқырман танымы нəтижесінде көрінеді.

Мүмкін жарты ғасыр саз балшықтай иленіп, санасын сасытып келген сары уайым, баяғы дəуренін, он мың жылқылы болыс болған заманын, көксеген көңіл шынымен-ақ алдаланғаны ма екен («Қайдасың, қасқа құлыным», 109-б.). Тірі болсақ, бір жерде кездесерміз, кездеспесек сыртыңнан тілеулес боп жүрермін, маңдайыңнан соры арылмаған бейшара («Сүйекші», 254-б.). Жұрттың бəрі қу боп кеткен бе, шаруақор пысық боп кеткен бе, əлде өзгелер ақылынан ақыл қосып, жалғыз бұл ғана шапанының етегі дəлектеп мағынасыз тіршіліктің соңына ессіз түскен бе, «осы көкнəр ішуші еді ғой» деп үмітпен барған көз таныстарының бірде-бірі ол пəтшаһарды əлдеқашан ұмытқан боп шықты («Тіршілік», 337-б.). Бал-бұл жанған өңінде үміт қуанышы көп тəтті сезімнің лебі есіп, аялы жанарына уайым ұялап, көпке дейін қиял құшағында отырды («Қыз ұзатқан», 54-б.). Сары уайым, өзегіңді тырналап, маңдайыңнан соры арылмаған, тіршіліктің соңына, үміт қуанышы, уайым ұялап, ит пəледен сияқты метафоралар бағалауыш, бейне тудырушы жаңа сөздер;

  • метафораның индивидуальды-авторлық дүниетануды, көркем сөз атрибуты екендігін жазушы шығармалары арқылы дəлелдуге болады. Мен болсам, мынау-іштей егесіп, сырттай ұғыспаймын деп, көзім көр, көңілім жер болып, қақпанға түскен арландай арсыл-гүрсіл жатқаным («Қайдасың, қасқа құлыным», 112-б.). «Көзін шел басыпты», — деген сөзіне алғашқыда жүрегім мұздап есімнен кетпей жүруші еді, кейінгі кезде оны ұмытып, көз ауруға əбден етім өліп алды («Əжем мен Емші жəне Дəрігер», 346-б.). Көмейге сөз тұншығып, кеседе шай суып қалды («Тіршілік», 346-б.).

Бұл мысалдардағы көзім көр, көңілім жер болып, жүрегім мұздап, етім өліп, сөз тұншығып сынды метафоралар — оқырман сезіміне бірден əсер ететін, экспрессивті-эмоционалды мəні жоғары метафоралар.

Метафора — көркем шығармаларда ойды астарлы түрде, əсірелеп жеткізу үшін, сонымен қатар шығарманың көркемділігін, бейнелілігін арттыру үшін қолданылатын əдебиеттегі тілдік құбылыс. Ол қандай да туындының мағыналық нақышының қасиетін, эстетикалық күшін арттырады. Метафораны ойлы, тəрбиелік мəні бар, жалпы өлең не прозалық туынды баламасындағы кез келген шығармадан кездестіруге болады. Əдебиетте көркемдеуіш құрал деген атау алған бұл құбылысқа берілген анықтамалар өте көп. Мысалы, «Метафора белгілі бір ұқсастықтарына қарай екі я одан да көп зат немесе құбылыстың бір атаумен аталуы. Бұл жерде ұқсастық дегеннің ұғымы кең: заттар мен құбылыстар түр-түсі жағынан əр түрлі болып келуі мүмкін: бір атаумен аталатын зат немесе құбылыстың бірі өмірде бар, нақты, ақиқат болуы, ал дəл сол атаумен беріліп, белгілі бір заттың өзі нақты болмауы мүмкін. Бірақ екеуіне де ортақ жайт — жалпы бір ұқсастық атаулы» [3; 144].

«Метафора — троптың бір түрі, ұқсастық, сəйкестік жəне т.б. негізінде сөздер мен сөз орамдарының ауыспалы мағынада қолданылуы».

«Метафора — көркем шығармадағы сөздерге қарағанда сапалы түр-бояу, бедерге тəн тəсіл болғандықтан, өз сөз зергерлерінің қолтаңбасын анықтайтын тілдік өрнек. Тілде сөз метафорамен түрленіп өңделеді, ажарланып бейнелі құралға айналып отырады. Кез келген шығармада метафораның екі түрі кездеседі: бүкіл халыққа түсінікті тұрақты ауыс мағынасындағы дəстүрлі қолданылып келе жатқан метафоралар жəне əлі халықтық сипат алмаған, жеке автордың тілдік қызметінде өзі шығарып қолданылатын метафоралар» [16].

«Тіршілік» повесінде адамның көңіл-күйін, табиғаттың көрінісін сипаттайтын метафоралар өте жиі кездеседі.

Қырсығына алса айлап соғатын Арыстанды-Қарабастың долы желі бүгін үшінші күн толастамай қақап тұр. Кейде ол наурызда басталып, сəуірде бір-ақ тыншу табады. Жер қарайып, үт кірген соң-ақ қыбыр-қыбыр етіп жапатармағай көктемгі егіс қамына кіріскен барша жұрттың апшысы бидайдай қуырылып, тоқшылықта ұмытқан жаратушыны күн сайын мың мəртебе еске алып, бұл қырсықтың көпке созылмай тез бітуін тілейді... («Тіршілік», 314-б.).

Повесть осындай көрініспен басталады. Мұнда жазушы табиғат пен адамзаттың ара-қатынасын, адамдардың табиғатқа бағыныштылығын жақсы бейнелейді. Əуелде табиғат көрінісін суреттей келе, одан халықтың күйбің тіршілігіне ауысады. Бұл үзінді де метафора, теңеу, эпитеттер де табылады. Айлап соғатын, үшінші күн толастамай қақап тұрған долы жел, өзегіңді тырналар мазасыз шуыл табиғат-ананың адамға ырық бермес долы күшін əсірелей, барынша жандандыра суреттейді. Арыстанды-Қарабастың суық желі етегін жұлқып, омырауын ашқанына да қарамай ентелеп, асығыс жүріп келе жатып ол өзінің дəл қазіргі мақсатсыз сарсылына, мағынасыз тіршілігіне ой жүгіртіп: «Рас-ау, мұным не осы?» деп өзіне-өзі сауал тастамайды, құдайға шүкір құмар кешіп отырған əлі таныстарының парасатты, тоқмейіл күйлерін өзінің кезбе халімен салыстырмайды да («Тіршілік», 315-б.). Сөйлемде желге тірі жанның қасиетін, əрекетін теңестіріп қойса, келесі мысалда табиғат емес адам баласының белгісіз, тылсым жан дүниесіндегі ауа райын оқырманына былайша жеткізеді:

Ашу-ызасы мен күйігі əлі бұрқырап, кеудесін көрікке қызған темірдей қарып бара жатса да, сол күйінішімен араласып мына дəрменсіз, момын кемпіріне жүрек түбінен бір жанашыр сезім шақпақ тастың ұшқынындай жылт ете қалды («Тіршілік», 341-б.). Автор Молдарəсілдің бойын ашу кернеп тұрған сол сəттегі көңіл-күйін сипаттауда шебер, ұтымды тəсіл — метафораны қолданған. Себебі ол кейіпкерінің жан дүниесін дөп басып айтып, психологиялық, эмоциялық жақтарын да айқын көрсетеді. Манадан бері қарқ-қарқ күлкіге қамшы боп жамбас соғып жатқан барша алақан сақал біткенді уыстап, бір сəтке тыныштала қалды.

Д.Исабеков синекдоха (жамбас соғып жатқан, сақал уыстап тыныштала қалған алақан) арқылы бай не айтса, соны құптап үйреніп қалған көп жағымпаздарды алақанға балап шебер суреттейді.

... Молдарəсілдің де «үйленсем» деген сабау ұшындағы түбіттей желбіреген нəзік үміті жоқшылық тұтқыны боп кеудесінде талай жыл булығып, бүгін ғана сыртқа жасқана сығалап еді, мына шалдардың қуаныш емес қайғылы хабар естігендей бастары кеуделеріне құлап, сырқаттай ыңырана қалулары оның жүрегін қоян тепкендей дір еткізіп, көкірегін удай ашытты («Тіршілік», 346-б.). Түрлі теңеулермен астарлана құралған бұл сөйлем авторлық метафораға негізделген. Жігіттің үміті кеудеде тұтқын болып жатуы, оның жасқана сығалауы, шалдардан адамгершілік қасиет көре алмағандығы көкірегін удай ашытуы оның бір ғана сабау ұшында желбіреген түбіттей нəзік үмітін бейнелеу, суреттеу үшін құрылған көрініс секілді.

Қыздың əке-шешесі бетімен жер басып, дəл бүгін өлік шығарғандай үнсіз отыр («Тіршілік», 351-б.). Əдетте, фразеологиялық сөздіктерде бетіне шіркеу түсті, бетіне күйе жағылды, бетін айдай қылды — ұятқа қалды, масқарасы шықты, қарабет болды; бетінің боздағы шықты — қатты тоңды; бетінен алды — көңілін қалдырды, қарсы келді деген мағыналарда дəстүрлі метафоралық тіркес болып қолданылса, жоғарыдағы сөйлемдегі бетімен жер басты тіркесі үнсіз, қайғы жамылып, төмен қарап отырды деген жаңа мағынада қолданылып тұр. «Автордың сөз ауыстыру, «метафораны жаңарту» байырғы дəстүрдің түрлерінен бөлек каналдарын табу мəнері тілдің стилистикалық ресурстарының қайнар көзі болып табылады» [17].

Яғни бұл жерде жазушы дəстүрлігін алмастырып, авторлық метафора жасады десе болады.

Қызымыз қашты; бетімізге салық екені рас, бірақ жат босағаны аттатпай жолдан қайырдық, онымыз əбүйір («Тіршілік», 330-б.). Бұл тіркес бетіне күйе жағылды, немесе бетіне кіреуке болды деген тіркестермен синонимдес, мағыналас. Яғни ұятқа қалдырды, намысқа тиді дегенді білдіретін тіркес.

Тіршіліктің əр күнге бөлінген ыстық-суығы мен ауыртпалығы қанша салмақты болса да, сол ауыртпалық жүрегін қанша тырмалап, көзін жас буса да ол меңіреу үйіне сүйретіліп кіріп, беймаза түнді жастық құшақтап өткізген соң-ақ көкірегіндегі кірбің сібірлеп атқан таңдай бірте-бірте сейіліп, орнынан тұрғанда бəрін ұмытушы еді, бірақ дəл осы жолғы қалжыңға қайып тігілген кемісту мен қорлық жілік басына үймелеген сарысудай ертеңгілік көзін ашқанда да көңілінен кетпей кіркілдеп тұрып алды. Оянған бетте аяққа мінген қанға сіңді қасиетін бүгін ұмытып, кірпігін бағана ашса да көрпесіне көміліп əлі жатыр. Қарақшылар сабап кеткен айдаушыдай бойы дел-сал («Тіршілік», 330-б.). Өзіне жақын дос, жанашыр ағайын-бауыр деп есептеп жүрген адамдарынан есіткен ащы мысқылдардан соң Молдарəсілдің күйі осылай суреттеледі. Бұл үзіндіде бір сөз артық не кем қолданылмаған. Жалпы, адамның көңіл-күйі — кейде өзге түгіл өзің де толық сипаттап бере алмайтын ғажайып құбылыс. Ал мына үзіндіден автордың кейіпкер көңілінің түкпірінде қандай сезім тығылып жатқанын дөп басып айтып, шебер сипаттап бергендігінен оның өзі де сол кейіпте болып, сондай сезімді бастан кешіргенін байқаймыз. Сол ауыртпалық жүрегін қанша тырмалап, көзін жас буса да... Қай заманда болсын кімнің басына түссе де əр түрлі аталып, бір мағына беретін, дəл солай əуре-сарсаңға салатын, тағдырдың адамға тарту еткен осындай «сыйлығын» қайғы-қасірет, жоқшылық, қорлық-зорлық т.б. толып жатқан синонимдермен алмастыруға болады. Бұл тіркесте нақты ауыртпалық деп аталған сөз зұлымдық бейнесіндегі бір тірі күштің адам жүрегін тырнап тұрғандығы байқалады.

Сояу-сояу қозапаяның сұйық жалыны дүрілдете сорған суық желдің жемі боп қара қазанның түбін жалап қана өтіп жатыр («Тіршілік», 332-б.). «Дəулетбайдың қызы қашып кетіпті» деген хабар күйген жүннің иісіндей төңірекке тез тарап, қойнау-қойнауда керенау жатқан жалқау елді бір сергітіп өтті. Тосын хабар қайдан шығар екен деп бір құлағын желге түріп жүретін əңгімешіл əйелдер осы төрт ауыз сөзді мың құбылтып бір тəуліктің ішінде екі тəулік тыңдасаң жалықпайтын сан түрлі хикаялар туғызды.

Метафора көбіне теңеумен астасып жатады. Жоғарыда келтірілген мысалдар — соның дəлелі. Алғашқы сөйлемде қазанның түбін жалап жатқан жалынды астарлап, суық желдің жеміне теңесе, кейінгісінде хабардың тез таралуын күйген жүннің иісіне ұқсатады. Ал бұл абзацта автор адамның қырық түрлі қырының тағы біреуі — əйелдердің өсекқұмар, сөзуар жағымсыз жағын бейнелейді. Олардың қылықтарын құлағын желге түріп жүретін əңгімешіл əйелдер деп дөп басып, əрі авторлық метафора жасайды. Дəулетбайдың шаңырағы омырылып ортасына түскен кез əйелдер үшін əңгіме құраудың жақсы сылтауы болды. Сол əңгіменің əрбірін, əр сөзін беруі, бергеннің өзінде нақ бір келіншектің аузынан шыққан сөздерді тізіп жазғандай сенімді, «өсек жанрына» келтіре отырып, баяндағаны тіпті таң қалдырады. Бұл үзінді əйел адамдарды сынаған болса, төмендегі мысал, керісінше, ер адамдарды, оның ішінде дəулеті тасқан байлардың ашуланшақ мінездерін көрсетеді:

«Он бесінде отау иесі» дегенді қанына бек сіңіріп басқа уəжге құлақ аспай үйренген кеудесіне нан пісіретін шырт етпе қазақтар Дəулетбайдың: «Қызым əлі жас, он сегізге толмай күйеуге бере алмаймын», — деген жауабын қорлады, менсінбедіге жорып қасқыр ішіктерін жүре киіп, томсырайып аттанған. Кейбіреулері көрінеу көзге жөнсіз жанжал шығарып, өзінен басқа дəулетті құда таба алмайтындықтарын айтып, төсін қызарғанша соғып, насыбайларын ер үстінде қақшып атып, атына кесірлене қамшы басқан («Тіршілік», 334-б.). Шын мəнінде, көптеген шығармаларда бейнеленетін сол қысыр замандағы қазақтың қыңыр, айтқанынан қайтпайтын, озбыр, кейде зұлым байлары үнемі өз дегендерін істететін. Ал терезесі өздерімен тең Дəулетбай секілді байға тістері батпағандықтан, төсін қызарғанша соғып, кеуделерінде нан піспегенде қайтсін.

Сонымен қатар мұнда белгілі бір күйде тұрған адамның бет-ажары, іс-əрекеті де метафора арқылы беріліп тұр. Мысалы:

Қыздың ағасы көзі ұясынан шығып, аузын ашқан бойы сілейіп қатты да қалды. Жирен жүзі отқа түскен ақ терідей қарайып, жылқы еріні жыбыр-жыбыр етті де, қолындағы қамшысын көтеріп, «о, шұбар жылан!» деп қарындасына тап берді. Осы кезде қыздың анасы құстай ұшып кеп қызы мен қамшысының ортасына тұра қалды («Тіршілік», 344-б.).

Қызын көргенде шешесі өзін-өзі ұстай алмай, «ботақаным-м» — деп тұрмақ боп ұмтыла беріп еді, күйеуі оған жеп жіберердей оқты көзімен ата қарап: «Отыр омалып!» дегенде зəрлі дауыс оны төбесінен басып, бөстегіне қайтадан сылқ еткізді. Оның аналық жүрегінің суға түскен кесектей езіліп, бауыры бордай үгітіліп бара жатқанын ешкім елеген жоқ, елеген сыңай да танытпады, бəрінің баққаны Дəулетбайдың аузы. Ол да ұзақ тостырған жоқ, қалың қабағын бір-екі рет түйістіріп алды да, қызына бір қарап қойды... («Тіршілік», 343-б.).

Қорыта келгенде, прозадағы тұтас көркем ойдың жасалып шығуын, З.Қабдоловтың сөзімен айтқанда, «мидың мың градустық домнасында құрыштай қорытылып шыққан сөздердің» үйлесімділікпен беретін ерекше əсері деп танимыз [2; 196].

Прозадағы əрбір сөз — көркем сөз, ал əрбір көркем сөз — көрікті ойдың көрінісі. Жазушылар шығарманы көркем түрде оқырманға жеткізу үшін метафораларды шеберлікпен қолданады. Қаламгерлер тіліндегі метафоралар көркемдігімен, бейнелілігімен, терең мазмұнымен ерекшеленеді. Көпшілікке таныс сөздер мен сөз тіркестерін өзге қырынан танытып, сөздерді ажарлып айшықтауда авторлар талғампаздық танытады. Автор қолданысындағы метафоралар тосындығымен, жаңалығымен қатар, бейнелілігімен ерекшеленеді.

Жоғарыда келтірілген мысалдардан метафораның көркем шығарма тілінде қаншалықты маңызды рөл атқаратыны анықталды. Ана тіліміздің дамуы, толысуы тіл қорымыздағы сөз санын молайтумен ғана емес, бұрыннан бар сөздердің мағынасын, мəндік иірімдерін кеңейту арқылы да байитыны белгілі. Бұл салада метафораның да үлесі зор. Оның өзі тілдің көркемдігін, əсерлілігін арттыра түседі.

 

 

Əдебиеттер тізімі

 

  1. Жұмалиев Қ.Ж. Қазақ əдебиеті тарихының мəселелері жəне Абай поэзиясының тілі. — 2-т. — Алматы: Қазақстан көркем-əдебиет баспасы,
  2. Қабдолов З. Сөз өнері. — Алматы, 1983.
  3. Əдебиеттану терминдер сөздігі. — Алматы: Ана тілі, 1999. — 227 б.
  4. Сүлейменова Э., Мадиева. Г. т.б. Тіл білімі сөздігі. — Алматы: Ғылым, 1988. — 220-б.
  5. Салқынбай А., Абақан Е. Лингвистикалық түсіндірме сөздік. — Алматы: Сөздік-Словарь, 1998. — 124-б.
  6. Балақаев М. Қазақ əдеби тілі. — Алматы, 1991. — 259-б.
  7. Хасанов Б. Қазақ тіліндегі сөздердің метафоралы қолданылуы. — Алматы, 1966. — 205 б.
  8. Аханов А. Тіл білімінің негіздері. –Алматы, 2002. — 158-б.
  9. Қасым Б. Қазақ тіліндегі заттың күрделі атауларының теориялық негіздері: Филол. ғыл. д-ры ...дис. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 2002. —255-б.
  10. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. — Алматы: Ана тілі, 1991. — 63-б.
  11. Қоңыров Т. Қазақ теңеулері. — Астана, 2005. — 119-б.
  12. Сыбанбаева А. Метафораның тілдік болмысы жəне концептуалды метафоралар. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 2002. — 22-б.
  13. Зайсанбаева Г. Метафоралы аталымдардың когнитивтік аспектісі: Филол. ғыл. канд. ... автореф. — Алматы, 2002. — 24-б.
  14. Серғалиев М. Стилистика негіздері. — Алматы, 2006. — 141-б.
  15. Əлкебаева Д. Қазақ тілі стилистикасының прагматикасы. Монография. — Алматы, 2005. — 116-б.
  16. Жұмалиев Қ. Қазақ əдебиеті мəселелері жəне Абай поэзиясының тілі. — Алматы, 1960. — 78-б.
  17. Саткенова Ж.Б. Б.Соқпақбаев шығармаларындағы метафораның танымдық сипаты / ҚазҰУ хабаршысы. Филол. сер.— 2005. — № 4.— 95-б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.