Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Қазіргі қазақ педагогика ғылымын дамытудың əдіснамалық негіздері

Тəуелсіз Қазақстандағы жаһандану үдерісі əлеуметтік жəне гуманитарлық ғылымдар алдына түбегейлі реформалау міндетін қойып отыр. Əлемдік өркениетке ену жағдайында түбірлі əлеуметтік- экономикалық жəне саяси өзгерістердің негізінде ұлттық мəдениет пен руханиятты жаңғыртудың мүмкіндіктерін толық жүзеге асыру қажеттілігі туындап, педагогика ғылымын əрбір халықтың ұлттық ерекшелігіне сай жетілдіру мəселесін қарастыру көзделуде.

Кеңес дəуірінде педагогика ғылымы шектен шыққан идеологиялану нəтижесінде үлкен дағдарысқа ұшырағанын жоққа шығаруға болмайды. Педагогиканың идеологиямен етене теңестіріліп, түгелінен мемлекеттік бола түсуі əлеуметтік шындықтың нақты қайшылықтарын сыни жəне объективті түрде талдау мүмкіндігін шектеді. Педагогика ғылымының тұжырымдамаларын қоғамдық өмірдің ағымын өзгертуге болатын əлеуметтік технология ретінде қолдану бұрынғы кеңес заманындағы педагогикалық білімнің тиісті деңгейде дами алмауына себепші болды.

Педагогика ғылымы саласындағы дағдарыстың себебі болатын тағы бір құбылыс рухани мəдениеттің бедерсізденуі болып табылады. Бұл үрдістер қазақ халқының ұлттық дүниетанымының өзіндік қайнар көздері мен түп-тамырларын елемеуге əкеліп соқтырды. Педагогикалық ілімдер тəрбиенің абстрактылы, қайшылықсыз сызбалары ретінде қарастырылды. Мұндай жағдайлар ресми мəдениеттің идеологияланған кеңістігінде ғана қалыптасуы мүмкін еді. Ал нақты өмірде, əсіресе қазақ халқының бай рухани əлемімен жəне ұлттық психологиясымен түйіскенде бұл теориялар əр түрлі қайшылыққа толы қорытындылар жасайтыны айғақталды. Сырт көзге дұрыс болып көрінетін абстрактылы қағидаттар халықтың тіршілік əлемінен, тəрбие ортасынан оқшау тұрғандықтан, өзінің дүниетанымдық маңыздылығы мен əлеуметтік құндылығын жоғалта бастады.

Педагогикалық теорияның мемлекеттік идеологияның ықпалында болуы, ұлттық рухани мəдениеттің ерекшеліктерін елемеушілігі отандық педагогикалық ілімнің əлемдік педагогикалық бірлестіктен оқшаулануын туындата бастады. Əлемдік педагогикалық мектептердің негізгі бағыттарымен идеялық текетірестік жағдайында болу өзара тиімді дүниетанымдық жəне əдіснамалық үнқатысуды жүргізу мүмкіндігін шектей түскен болатын. Біздің педагогиканың томаға-тұйықтығы тəрбие мен білім беру мəселелерінің практикалық шешімін іздеуде догматизм мен əдіснамалық əлсіздікке əкеліп соқтырды. Екінші жағынан, педагогика ғылымындағы осындай қайшылықтардың тамырлары əлеуметтік жаттану үдерістерімен астасады. Бұл адамның меншіктен жаттануы, өзінің ұлттық тарихы мен халықтық педагогикасынан жаттануы, тіпті адамның өз мəнін, тарихы мен мəдениетін, тілі мен дінін жатсынуы болып табылады. Соның салдарынан адамдар əлеуметтік үдерістердің қарапайым құралы мен объектісіне айналды. Сондықтан қазіргі тəуелсіз Қазақстан жағдайында халқымыздың рухани ахуалына сəйкес педагогика ғылымы өз мазмұнын əлеуметтік жаттануды еңсеру жолдары мен ерекшеліктерін анықтауға бағыттауы тиіс. Мұның өзі біздің ұлттық болмысымызға сай қазақ педагогикасының əдіснамасын жасауды қажет етеді. Қазақ педагогика ғылымы əлемдік педагогика тұрғысынан қазақтың ұлттық рухы, менталитеті мен тəрбие ерекшеліктерінің қалыптасуы мен даму тарихын тұжырымдай отырып, өз бойында əлемдік мəдениеттің жетістіктерін жинақтап, жалпыадамзаттық тəрбие тəжірибесін танытатын ғылым болуы тиіс.

Еліміз тəуелсіздік алып, өз алдына мəдениеті мен тарихын жаңғыртып жатса да, күні бүгінге дейін Қазақстанда педагогика ғылымы еуропоцентризмнің ықпалынан шыға алмай отырғанын жасыра алмаймыз. Ұлттың болашағын ойлаған ғалымдарымыз бұл мəселені жан айқайымен көтеріп жүрсе де, ол əлі шешімін таппай отыр. Сөзіміз дəлелді болуы үшін белгілі ғалым М.Мырзахметовтың мына пікірін келтіруді жөн көрдік: «Айрықша мəн беретiн мəселенiң бiрi – қазiргi еуропалықтардың мiнез-құлқы мен рухани болмысына елiктеу мен солықтау жағынан бiздiң қазақ жастары бəйгенiң алдын берер емес. Əсiресе ұлы Абай «Арсыз болмай мал қайда, айлакер болмай бақ қайда?» – деп таңбалап айтқанындай, ада қазақтар мен шала қазақтардың қоғам байлығын «заңды жолмен» талап алып, бойына сiңiрiп қалу үшiн азаматтық қоғам деген модельге бас ұрып, насихаттап жатуы жай нəрсе емес. Бұл танымға ұлтсызданған тоғышар пиғылдағы ұлттық буржуазия мен осы пиғылды iштей жақтаушы кейбiр саяси билiктегiлердiң мүддесi жақын тұрғандай сезiледi. Бiздегi ұлтсызданған буржуазияның американдық азаматтық қоғам үлгiсiне құлша табынып армандауына – бiздегi мəңгүрттенген көнбiс тобыр ғана көнедi. Бұл ниеттегiлердiң жəне олардың қолтығына су бүркейтiн сыртқы идеологтардың бəрi де ұлттық мемлекет дегеннен зəре-құты қалмайды. Осы құбылысты сырттан бақылап отырған ойшыл жазушы Ш.Айтматовтың Мұхтар Шахановқа жазған пiкiрiнде: «...В.В.Путин орыс тiлiн бiлмеген адамның Ресей азаматы бола алмайтынын кесiп айтты... Өздерiңде қойылып отырған «қазақстандық ұлт» идеясы, негiзiнен, американдық бағытқа жақындау, қателеспесем, тiкелей ұлтсыздануға бастайтын жол сияқты» деп қауiптенуiнiң негiзi бар жанды пiкiр. АҚШ-тың қоғамдық болмысы бiзге мүлде жат құбылыс. Еуропадан байлық көзiн iздеушiлер 12 млн. үндiстердiң көзiн жойып, солардың сүйегiнiң үстiне орнатқан азаматтық мемлекет – ұлтсызданған мемлекетке айналып, американдықпыз деген танымды орнықтырды. Бiздегi «қазақстандық ұлт» деген идея осы американдықпыз дегеннiң қазақстандық баламасы болып жүрмесiне кiм кепiлдiк бере алады. АҚШ мемлекетiнiң болмысы мүлде басқа космополиттiк қалыптағы өзгеше қоғам. Ал, бiздiң болмысымыз көшпелi өркениет негiзiнде рухани құндылықты ар тұтқан, өзiндiк қайталанбас ерекшелiгi бар мүлдем басқа қоғам.

Еуропоцентристiк қалыптан шыға алмау Қазақстандағы педагогика ғылымы саласында анық байқалады. Бiздер оқытып, тəрбие құралына айналған педагогика ғылымының моделi еуропалық халықтардың тұрмысы мен қоғамдық болмысы негiзiнде жасалған. Қазiргi барлық оқу орындарындағы тəлiм-тəрбие осы ғылымның негiзiнде жүргiзiлiп келедi. Ал, түрiк халықтарының көшпелi болмысы өзiне сай қайталанбас ерекшелiгi бар өркениеттi тудырды. Бiздiң халықтық педагогикалық танымымыз осы өркениет негiзiнде жасалып, ғасырлар бойы қолданыста болып толысқан едi» [1].

Қазақстанда педагогика ғылымының еуропоцентристік қалыптың шырмауында отырғанын педагог-ғалымдарымыз да мойындайды. Белгілі жазушы, педагогика ғылымдарының докторы С.Ғаббасов халық педагогикасының теориялық жəне əдіснамалық негіздерін зерттей отырып, ұрпақ тəрбиелеудің негізі болатын екі сатыдағы əдіснаманы жəне тəрбиенің жеті жүйесін ұсынады. Ғалымның пайымдауынша, ұсынып отырған əдіснамасының «еуропоцентристік əдіснамадан бір ерекшелігі, А.С.Макаренко секілді əйгілі педагогтардың «баланы туғаннан бастап тəрбиелеу керек» деген ұстанымына қарсы «баланы туғаннан бастап тəрбиелеу кеш» деген ұстаным болып табылады.. Туғаннан бастап тəрбиелесек – ол қисық біткен бұтақ. Осы қисық бұтақты түзеймін деумен не ата-ана сынады, не бала сынады. Бүгінгі трагедияның үлкені – осы. Жəне осы еуропоцентристік əдіснама баланы туа салып «тұлға» деп таныды. Қызылшақа шарана қайтіп тұлға болады? Міне, осыны əдіснаманың ең үлкен қателігі деп есептейміз. Сондықтан адам тəрбиесі əдіснамасын екіге бөлуге болады. Біріншісі – биологиялық индивид, екіншісі – сананы жетілдіру сатысы. Биологиялық индивид сатысынан өз-өзінен жүрек тəрбиесі жүйесі шығады. Сананы жетілдіру сатысынан ақыл тəрбиесі шығады. Бұл екі жүйе не береді? Екеуі де тəрбие тəсілін береді. Биологиялық индивид – ана құрсағындағы жүрек тəрбиесі арқылы жанның он екі арнасы ашылады. Жан жетіле түседі. Мысалы, біз сəбиді қырқынан шығарамыз. Ол не деген сөз? Бала қырық күнде ақ пен қараны ажыратып, жан- жағына таң-тамаша болып таңырқап қарайды. Санаға себезгіленіп сəуле түседі. Сана жетіле бастайды. Жүрек тəрбиесі мен сананың жетілуі қатар жүре бастайды. Осы екеуін үндестіру арқылы рух қуатын аламыз. Ол қалай? Оны біздің бесігіміз, бесік жыры үндестіреді. Бұл – əдіснамадағы жаңа сипат. Жан дегеннің не екенін түсіндік пе? Жан – бүкіл тіршіліктің формасы екенін білеміз де, оның үш түрлі сипатын түсіне бермейміз. Адам жанының он екі арнасы – түйсік, ұят, сүю, мінез, зерде, жігер, табиғи қабілет жəне ішкі бес сезім. Міне, осы он екі арна қазір түгелімен жабық. «Тіліңді сүй», «Отаныңды сүй» дейміз, бала тыңдап отырғанда сүйетін сияқты, сыртқа шыға бере ұмытылады. Неге? Арна жабық. Үгіт, насихат тыңдап отырғанда сүйетін сияқты, нақты жағдайға келгенде арнаның жабықтығы сүйгізе алмайды. Егер адам арналары ашық болмаса, адамзаттық, ұлттық санаға жете алмайды. Бүгінгі педагогикадағы ең үлкен кемшіндік – дұрыс əдіснама жоқ. Біз əдіснамаға ұсынып отырған жеті түрлі жүйе жалпы педагогикада жоқ.

  1. Отбасы құруға дайындық, немесе ұрық тазалығы.
  2. Ана құрсағындағы тəрбие.
  3. Нəресте кезеңі.
  4. Балбөбек кезеңі.
  5. Сəбилік кезеңі.
  6. Балиғат.
  7. Жасөспірім кезеңі. Осы кезеңдердің əрқайсының өз тəрбие-тəсілдері бар» [2].

«Жансыздан жандының сипатын танитын Шығыстың философиясының» ұлылығын мойындаған ғалымдар қазақ педагогика ғылымының өзіндік əдіснамасы болу керектігін тұжырымдауы өте құптарлық жайт.

Педагогика ғылымының жеткілікті жоғары деңгейде дамуы білім берудің дамуы мен болашағын болжауға мүмкіндік береді. Білім берудің қазіргі кездегі теориясы мен тəжірибесі əлеуметтік дамудың, қазақстандық білім беру жүйесін ізгілендірудің шынайы талаптарына толық жауап бермейтіні анық. Бұл, біз жоғарыда айтып өткеніміздей, педагогика ғылымының гуманитарлық ғылымдар саласы ретінде əміршілдік-əкімшілік жүйенің жағымсыз ықпалында болуы, мұның өзі оның дамуын тежеді. Кеңестік дəуірде педагогиканың дағдарысқа ұшырауының бірден-бір себебі оның əдіснамалық негіздерінің идеологиялануы болып табылады, оның негізін тəрбиеге таптық тұрғыдан қарау қағидасы құрады. Мұның өзі əрбір ұлттың педагогикасының дамуын əлемдік педагогикалық тəжірибеден жəне жалпыадамзаттық гуманитарлық мəдениеттен аластатты. Қазақстанның тəуелсіздік алуы, мемлекетiмiздiң ұлттық мəдени тұрғыдын кемелденуi жас ұрпақты өз халқының рухани қазынасымен, ұлттық мəдениетiмен, игi дəстүрлерiмен тереңiрек таныстырып, солардың негiзiнде тəрбие мен бiлiм беруге жол ашты. Соның нəтижесінде халықтық педагогика жəне қазақ этнопедагогикасы саласында тың ғылыми зерттеулер жүргізілді.

Ғылыми айналымға «этнопедагогика» терминін тұңғыш рет ендірген чуваш ғалымы, профессор Г.Н.Волков екені XX ғасырдың 60-жылдары ортасында белгілі болды [3]. Ал Қазақстанда этнопедагогика» терминін тұңғыш рет 1978 жылы профессор Қ.Жарықбаев өзінің «Революцияға дейінгі Қазақстанда педагогикалық ой-пікірдің даму тарихынан» атты əдістемелік ұсынысында берген еді. Ол «халықтық педагогиканы халықтың тəрбиелеу жəне оқыту туралы білімдерінің қосындысы; тəлім-тəрбиелік ой-пікірдің ілкі бастауы, халықтың рухани мұрасы», ал «этнопедагогиканы халықтық тəлім-тəрбиені, оның тəжірибесін қорытындылап, жүйелейтін теориялық сипаттағы ғылым саласы; ұлттар мен ұлыстардың атадан балаға мирас болған тəлім- тəрбиелік тəжірибесінің (дəстүр, салт-сана, əдет-ғұрып, т.б.) қыры мен сыры туралы ғылым» [4] деп анықтамалар беріп, қазақ этнопедагогикасының мазмұнын ашты.

Халықтық педагогика жəне қазақ этнопедагогикасы саласында тың зерттеулер жүргізіп, Қазақстанда өзінің дара ғылыми мектебінің қалыптасқанымен, биік тұғырдан орын алатын көрнекті ғалым С.А.Ұзақбаева «Қазақтың халықтық педагогикасындағы эстетикалық тəрбие» атты докторлық диссертациясында тарихи-педагогикалық зерттеулерде халықтық педагогикаға берілген анықтамаларды сараптай отырып, бұл ұғымның мəнін былай ашып көрсетеді: «Халықтық педагогика тəрбие мен оқыту саласындағы халық бұқарасы білімдерінің, іскерліктерінің, дағдыларының жиынтығы, солардың негізінде ұрпақтан ұрпаққа халық шығармашылығы арқылы (поэтикалық, музыкалық, сəндік-қолданбалы өнер) беріліп отыратын əдет-ғұрыптар мен дəстүрлер қалыптасқан. Халықтық педагогиканың мақсаты – жас ұрпақты ата-бабалар тəжірибесінің ең жақсы мұраттарына тəрбиелеу» [5]. Ғалымның жетекшілігімен орындалған кандидаттық жəне докторлық диссертацияларда қазақ этнопедагогикасы материалдарын жоғары, арнайы орта оқу орындары мен жалпы білім беретін мектептердің оқу-тəрбие процесінде пайдалану мəселелері қарастырылады. Бұл зерттеулерде қазақ этнопедагогикасы материалдары халықтың бала тəрбиесінде пайдаланған құралдары (тəрбие құралдары), яки салт-дəстүрлері мен əдет-ғұрыптары, халық шығармашылығы (поэтикалық, музыкалық, сəндік-қолданбалы өнер), ата-тек шежіресі, діни ілімдер, философиялық, этикалық, педагогикалық озық ой-пікірлер мен идеялар ретінде пайдаланылады.

Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тəрбие беруге дайындаудың теориясы мен практикасы мəселесімен айналысқан белгілі ғалым Қ.Бөлеев «халықтық педагогиканы халық бұқарасының тəрбиелеу мен оқыту туралы ғасырлар бойы жинақталған тəжірибелері мен білімдері, өйткені қазақ халқы «ғылым негізі – тəжірибе, даналық негізі — білім» деп, ал «этнопедагогиканы халықтық педагогиканы зерттейтін ғылым саласы» ретінде анықтайды [6]. Докторлық диссертация көлемінде жасалынған «Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тəрбие беруге дайындау» тұжырымдамасында жоғары оқу орындарында студенттерге этнопедагогикалық білім беру мақсатында «Қазақ этнопедагогикасы» жəне «Қазақ этнопедагогикасының тарихы» пəндерін оқыту көзделеді.

Қазақ этнопедагогикасының теориялық-əдiснамалық негiздерiн зерттеушi К.Ж.Қожахметова өзiнiң еңбегiнде «қазақ этнопедагогикасы» ұғымын былай анықтады: «Қазақ этнопедагогикасы — педагогика ғылымымен қазақ философиясы, этнопсихология, этнос теориясы, педагогика тарихы, қазақ тарихы, этнография, фольклористика нысанасы қазақ этностық тəрбие жүйесi болып табылатын мəдениеттану түйiсер тұста қалыптасқан бiртұтас жүйелi бiлiм беру болатын, адам өмiрiнiң өн бойында, отбасында жəне бiлiм беру мекемелерiнде жүзеге асырылатын дербес педагогикалық оқу пəнi» [7; 149].

Автор, басқа зерттеушiлер секiлдi, этнопедагогиканы педагогика ғылымдары жүйесiнiң табиғи бiр бөлiгi ретiнде қарастырып, өзiнiң таным объектiсiн зерттеуге педагогиканың қазiргi заманғы бүкiл жетiстiгiн пайдаланатындығын көрсетедi.

К.Д.Ушинскийдiң «ғылым тəрбиемен араластырылмауға тиiс. Ол барлық халыққа ортақ...» [8] деген қағидасына сүйене отырып, қазақ этнопедагогикасын зерттеуге деген өзiнiң бастапқы көзқарасын былай негiздейдi: 1) жалпы – педагогика ғылымы; 2) ерекше – этнопедагогика; 3) жеке – қазақ этнопедагогикасы.

Автордың пайымдауынша, ғылым, шынында да, ұлттық бола алмайды, ол зерттеу объектiсi, қолданылатын əдiстер, заңдар, заңдылықтар жəне т.б. тұрғысынан жалпыға ортақ. Бiрақ ғылым нысанасының өз ерекшелiгi, яғни əрбiр ғылымның өз нысанасы бар сияқты, бiр ұлттың этнопедагогикасы екiншi ұлттың этнопедагогикасынан өз нысанасымен жəне осыдан туындайтын өз салдарларымен ерекшеленедi, яғни қазақ этнопедагогикасының нысанасы қазақ этностық тəрбие ерекшелiктерi бола алады [7; 54].

Бiз автордың ой-тұжырымымен келiсемiз. Өйткенi К.Д.Ушинский айтқандай, əрбiр халықтың тəрбиелiк идеялары рухқа қаныққаны соншалық, оларды бөтен топыраққа, яғни басқа халықтың өзiндiк ерекшелiктерiн ескермей көшiре салу əсте мүмкiн емес. Бұл жеткiншiктердiң рухани қорын (бiлiмiн, ана тiлiн жеткiлiктi дəрежеде бiлуiн, мəдени деңгейiн, адамгершiлiк парасаттылығын, жеке танымдық ой-өрiсiн) шектейдi. Ал «рухани қордың негiздерi болса, ең алдымен өз халқының ұлттық əдет-ғұрыптары мен дəстүрлерiн игеру жəне оларға тiкелей iс жүзiнде қатысу процесiнде қалыптасуға тиiс. Ұлттық əдет-ғұрып ұлттық намыспен, патриотизм жəне интернационализммен байланысты ұлттық сезiмдердi дамытуға да, жəрдемдесуге тиiс [8; 21]. Демек əрбiр жас ұрпақ жалпыадамзаттық, əлемдiк деңгейге тек өз халқының асыл байлығын меңгергенде ғана көтерiле алады.

Жоғарыда айтылғандардың барлығы, бiзге этнопедагогика əлеуметтiк жəне қоғамдық жағдайлардың ықпалымен қалыптасқан ұлттың өзiне тəн тарихи жолын, сол жолда тəрбие саласында қалыптасып, жүзеге асқан өзiндiк ерекшелiктерiн зерттейдi, атап айтқанда, дiни iлiмдерде, халық шығармашылығында (поэтикалық, музыкалық, сəндiк-қолданбалы), отбасы өмiрiнде, тұрмыста, салт- дəстүрлерде орын алған халықтың балаларды тəрбиелеу мен үйрету (оқыту) туралы бiлiмiн, халықтың бүкiл даналығын, сондай-ақ жеке адамның əлеуметтiк жəне тарихи-мəдени тұрғыда қалыптасуына ықпал ететiн философиялық, этикалық, педагогикалық ой-пiкiрлерi мен көзқарастарын, яғни тəрбие барысында қалыптасқан педагогикалық қағидаларын, ережелерiн, заңдылықтары мен принциптерiн, құралдарын, əдiс-тəсiлдерi мен амал-жолдарын жинақтап, жүйеге келтiредi деп түйiндеуiмiзге себепшi болды. Мұның өзі күні бүгінге дейін біз тəрбие саласындағы барлық ұлттық құндылықтарымызды тек педагогика ғылымының бір саласы — этнопедагогика тұрғысынан алып қарастырып келе жатқанымыздың дəлелі болып табылады.

Қазақ педагогикасының өзіндік төл ерекшелігі оның ізгілендіру мен парасаттылықты, адамгершілік пен адами құндылықтарды жоғары қоятын бай халықтық педагогика мұраларымен айрықша орын алады. Егер де біз қазақ педагогика ғылымын дамыту барысында тағы да батыстық үлгімен кетсек, қателесетініміз анық. Біз түркілік төл дəстүрімізді сақтай отырып, ұлттық ойлау, ұлттық болмыс өзгешелік-ерекшеліктерімізді нығайта түсіп, қазақ педагогикасын шығыс педагогикасының үлкен бір саласы ретінде қалыптастыру деңгейіне қол жеткізуіміз керек.

Қазақтың болмысы түрлі мəдениеттің тоғысында қалыптасқан, ал қазақ педагогикасы рухани мəдениет дамуының қалыптасқан белгілі бір бағдары, деңгейі болып табылады. Қазақ педагогика ғылымының қалыптасуын зерттеу барысында мынадай екі талапты басшылыққа алу керек:

  • тарихи-педагогикалық танымның əдіснамасы;
  • тарихи-педагогикалық ілімнің құрылымы.

Осы уақытқа дейін қазақ педагогикасының əдіснамасының жасалмауы мен оның теориялық деңгейде толық зерделенбеуі қазақ этнопедагогикасы мен қазақ педагогикасын бір мағынада қабылдауға алып келгені ақиқат. Олай деуге қазақ педагогикасының объектісінің, мазмұндық құрылымы мен мақсатының анықталмауы себеп болып отыр. Қазақ этнопедагогикасы өзіндік ұлттық сипаты бар педагогиканың бір саласы болып табылса, қазақ педагогикасы адам тəрбиелеудің жалпыадамзаттық құндылықтарын қамтитын əлемдік педагогиканың құрамдас бөлігі болып саналады. Бүгінгі таңда қазақ педагогикасын бірден ұлттық тарихтың немесе ұлттық сананың, тəжірибенің үлгісі ретінде қараушылық айқын. Мұның өзі оның өз алдына дербес ғылым ретінде қалыптасуына, əрі дамуына кедергі жасап отыр. Сондықтан қазақ педагогика ғылымының əдіснамасын жасауда мынадай мəселелер өз шешімін табу керек деп есептейміз:

  1. Қазақ педагогика ғылымы қалыптасуының тарихи кезеңдерін, əлеуметтік тегін талдау, оның басқа ғылымдармен өзара ықпалдастығы мен байланысын ашып көрсету.
  2. Қазақ педагогикасының негізгі идеялары мен рухани бастауларын көркемдік-философиялық жəне əлеуметтік-психологиялық тұрғыдан талдау.
  3. Қазақ педагогикасының қайнар көздері көшпелілер мəдениеті мен түркі өркениетінен нəр алатынын ғылыми тұрғыдан негіздеу.
  4. Қазақ педагогикасы қазақ халқының тарихы мен мəдениетінің ұлттық деңгейі мен көрінісін қамти отырып, жалпыадамзаттың рухани мұқтажын өтеуге қызмет ететіндігін дəлелдеу.
  5. Қазақ педагогикасы ғылымының əдіснамасы мен оның мазмұндық құрылымын жасау.
  6. Қазақ педагогикасының келешегін айқындау, яғни болашаққа қызмет етуін қамтамасыз ету. Қазақ педагогикасы тарих пен мəдениеттің өткен кезеңдерінің мəселелерімен ғана шектелінбейді, ол халқымыздың ұрпақ тəрбиелеудегі бүгінгі тəжірибесін, тіпті оның болашаққа жету бағдарын да қамтып тұжырымдауға бейім болуы, тіпті соған қызмет етуі шарт. Жасыратыны жоқ, қазақ педагогикасы дегенде өткен тарихқа көңіл аудару, оның мəселелерін зерттеу айқын басым. Қазақ педагогикасы əзірге болашаққа қызмет ететін күйде емес екені рас. Сондықтан да қазіргі кезде қазақ педагогика ғылымын мойындамаушылар, оның табиғатына күмəндана қараушылар аз емес екені шындық. Ұлттық ұстаным – халқымыздың ұрпақ тəрбиелеудегі мол тəжірибесін, педагогикалық ілімін пайдалануға, оның өсіп-өркендеп дамуына еліміздің тəуелсіздігі мүмкіндік беретіні айдан анық. Мұның өзі қазақ педагогика ғылымын өз деңгейіне көтеру, оның əлемдік педагогикадағы өлшемін айқындау жəне ұлттық тұжырымдамасын жасауға күш салу міндеттерін алға қояды.

Қазақ педагогикасы, ең алдымен, түркі өркениетінен бастау алатын қазақ халқының ұрпақты тəрбиелеу, білім беру, оқыту мəселелерімен айналысады, қазақ ағартушыларының педагогикалық идеялары мен тұжырымдамалары негізінде педагогика ғылымының заңдары мен заңдылықтарын,бағыттары мен ағымдарын, іргелі педагогикалық теориялары мен қағидаларын айқындайды, сонымен бірге қазақ халқының ұлттық болмысына сай педагогика ғылымындағы барлық ғылыми жетістіктер мен педагогикалық мұраларды басқа қоғамдық құбылыстармен, ғылымдармен, идеологиямен, т.с.с. байланыста зерттейді. Басқа кез келген ғылымдар сияқты, қазақ педагогика ғылымы да фактілерді тек ашып қана қоймайды, оларды түсінуге мүмкіндік жасайды. Ғылымға да тəн нағыз шынайы ерекшелік оның табиғаттың, қоғамның жəне ойлаудың даму заңдарына қатысты болуы, оларды ашу жəне танып-білу болып табылады. Философияда заң, заңдылықтар деп объективті, мəнді, берік (тұрақты) жəне қайталанатын себеп-салдар байланысты айтатыны белгілі. Осыдан қазақ педагогикасы көшпелі мəдениет пен түркі өркениетінен рухани бастау алатын қазақ халқының ұлттық болмысына, халықтық тəжірибесіне сай балалар мен ересектерді тəрбиелеу, білім беру жəне оқыту заңдары мен заңдылықтарын зерттейтін ғылым деген қорытынды жасауға болады.

Қазақ педагогика ғылымының заңдары мен заңдылықтары əлемдік педагогикамен тығыз байланысты, мұнда тек ұлттық сана-сезім мен ұлттық ерекшеліктерге байланысты тəрбиенің болмысында өзіндік сипат болады. Əрбір заңдылықтардың арасында өзара мəнді байланыстар айқын көрінеді. Атап айтсақ:

  • мектеп пен педагогиканың арасындағы, бір жағынан, қоғамның экономикалық деңгейі, екінші жағынан, саяси даму деңгейі тұрғысынан;
  • қоғамның саяси жағдайы мен қоғамдық-педагогикалық қозғалыстар, педагогикалық теорияның даму қарқыны мен тəжірибе арасындағы;
  • қазақ педагогикасы мен басқа ғылымдар (əсіресе қазақ философиясы, қазақ психологиясы) арасындағы;
  • қоғамның əлеуметтік құрылымы мен қазақ халқының тəрбие жүйесі арасындағы;
  • мектеп, білім беру мен тəрбие мазмұны жəне қоғамдық сананың басқа формалары (мəдениеті,

дін жəне т.с.с.) арасындағы;

  • қазақ педагогика ғылымының жетістіктері мен білім беру міндеттері жəне мазмұнының арасындағы;
  • тұлғаны қалыптастыру мен дамытуға ықпал ететін факторлар арасындағы жəне т.с.с.

Осы заңдылықтардың барлығы өзара тығыз байланыста не себеп, не салдар, не байланыстырушы дəнекер ретінде əрекет етеді, жалпы алғанда, олар қазақ педагогика ғылымының тұтас бірлігін құрайды.

Қазақ педагогика ғылымы педагогика тарихымен тығыз байланысты, қазақ педагогикасының тарихы оның құрамдас бөлігі болып табылады. Себебі екеуінің де қарастыратын мəселесі — тəрбиенің теориясы мен тəжірибесі, олар өзара ықпалдастықта, бірін-бірі толықтырып отырады.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Мырзахметов М. Қазақ қалай мəңгүрттендi?! // turkestan.kz
  2. Ғаббасов С. Халық педагогикасының негіздері. — Алматы: Əл-Фараби, 1995. — 463-б.
  3. Волков Г.Н. Этнопедагогика. — Чебоксары: Чувашск. кн. изд-во, 1974. — 384 с.
  4. Жарикбаев К. Из истории развития педагогической мысли в дореволюционном Казахстане. — Алма-Ата: РУМК,— 82 с.
  5. Ұзақбаева С.А. Қазақтың халықтық педагогикасындағы эстетикалық тəрбие: Пед. ғыл. д-ры ...дис. — Алматы, 1993. — 235 б.
  6. Бөлеев Қ. Терең тəрбие тамыры // Қазақстан мектебі. — 1996. — № 6. — 44–46-б.
  7. Кожахметова К.Ж. Казахская этнопедагогика: методология, теория, практика. — Алматы: Ғылым, 1998. — 317 с.
  8. Ушинский К.Д. О народности в общественном воспитании: Собр.соч. — Т. 2. — М., 1965. — 492 с.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.