Oтбасы тəрбиесінің педагогикалық аспектілері

 

Президенттің «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы — мемлекеттігімізді, экономикамызды, халықаралық беделімізді одан ары өркендетудің ұлттық бағдарламасы. Жолдаудың «Əлеуметтік саясаттың жаңа принциптері əлеуметтік кепілдіктер мен жеке жауапкершілік» туралы негізгі үшінші тармағында көрсетілген «Ананы қорғау», «Əйелдерге қамқорлық», «Баланы қорғау» тарауларының басты мақсаты да ана мен бала құндылықтарын қорғауға арналған. Онда: «Біз əйел затына — анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз. Ең алдымен, біз қыздарымыздың тəрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар — болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтағы шырақшылары» деп атап көрсетілген. Елбасының: «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім-жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады» деген сөзі отбасының Отан үшін құндылығын ерекше айқындағандай [1].

Отбасы дегеніміз — кішкентай ғана əлеуметтік-психологиялық топ, оның мүшелері некелік немесе туысқандық қатынастармен, ортақ тұрмыспен жəне өзара моральдық жауапкершілікпен байланысқан, ал ондағы əлеуметтік қажеттілік қоғамның халықты нақты жəне рухани өсіріп-өндіруге деген қажеттілігінен туындайды.

Үлкен энциклопедиялық сөздікте мынадай анықтама берілген: «Отбасы — некеге немесе туысқандыққа негізделген шағын топ, оның мүшелері өзара ортақ тұрмыспен, өзара көмекпен, моральдық жəне құқықтық жауапкершілікпен байланысқан» [2].

С.И.Ожеговтың «Орыс тілі сөздігінде» бұл ұғымға келесідей анықтама беріледі: «Отбасы —бірге тұратын жақын туысқандар тобы. Ортақ мүдделермен топтасқан адамдардың бірлестігі» [3].

Əлеуметтанушылық тұрғыда «отбасы» ұғымы, əдетте, ортақ өмір, ортақ мүдде, өзара қамқорлық сипатындағы адамдардың неке, туыстық, тəрбиелеуге балаларды отбасына қабылдауы арқылы құрылған одағы деп қабылданады [4].

И.В.Злобинаның «отбасы» ұғымына деген көзқарасы да назар аударарлық, ол: «Отбасы дегеніміз ерлі-зайыптылықты, туыстықты, туғандықты, бірге өмір сүруді, ортақ шаруашылық жүргізуді, бірлесіп тəрбиелеуді, асырап-сақтауды қамтитын күрделі құқықтық ахуал болып табылады», дейді [5].

Осылайша, отбасы келесідей төрт сипаттамасы бар күрделі құрылым болып табылады, ол қоғамның шағын əлеуметтік тобы; жеке тұрмысты ұйымдастырудың аса маңызды түрі; ерлі- зайыптылық одақ; ерлі-зайыптылардың туыстармен, яғни бірге тұратын жəне ортақ шаруашылық жүргізетін ата-аналармен, аға-інілермен, əпке-сіңлілермен, ата-əжелермен жəне басқа да туысқандармен, көптарапты қарым-қатынастары.

Отбасы «неке» ұғымымен тамырлас. Бұл ұғымдар ортақ болғанымен, олар синонимдер емес. Мысалы, орыс тіліндегі «брак» сөзі көне славяндарда «слюб» — салтанатты түрде уəде ету,«слюбитись» — яғни ортақ келісімге келу деген мағынаны білдіреді екен.

Неке (ерлі-зайыптылық) — ерлі-зайыптылардың арасында мүліктік жəне жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді туындататын, отбасын құру мақсатында Қазақстан Республикасының заңымен белгіленген тəртіппен тараптардың еркін жəне толық келісімімен құрылған əйел мен еркектің арасындағы тең құқылы одақ [6].

Отбасының атқаратын функциялары дегенде осы қатынастар жүйесіндегі (отбасындағы) қандай да бір субъектінің ерекшеліктерінің көрініс беруі, қажеттіліктерді іске асыру жөніндегі белгілі бір əрекеттер деп түсіну керек.

Функция отбасылық топтың қоғаммен байланысын, оның қызметінің бағытын білдіреді. Алайда, функциялардың бір бөлігі өзгерістерге ұшырай қоймайды, яғни тұрақты қалпын сақтайды, бұл ретте оларды қалыптасқан немесе дəстүрлі деп атауға да болады. Олардың қатарына мына функциялар жа- тады [7]:

  • репродуктивтік – өмірге бала əкелу, халықтың өсіп-өну функциясы;
  • шаруашылық-экономикалық функция отбасының өмірі мен тұрмысын ұйымдастыру, отбасылық бюджетті қалыптастыру мен жұмсау мəселелерін қамтиды;
  • генеративтік (латынша regeneratio — қайта түлеу, жаңару) функциясы белгілі бір мəртебені, ата-тегін, мүліктерді, əлеуметтік жағдайды мұрагерлікке алу дегенді білдіреді;
  • оқу-тəрбие (əлеуметтену) функциясы — əкелік немесе аналық қажеттіліктерді қанағаттандыру, балалармен тығыз байланыста болу, оларды тəрбиелеу, балалардың өмірдегі өз орнын табуы;
  • бастапқы əлеуметтік бақылау саласы — отбасы мүшелерінің өмірдегі əр түрлі салалардағы тəртібінің моральдық тұрғыдағы реттелуі, сонымен қатар ерлі-зайыптылардың, ата-ана мен баланың, аға жəне орта буын ұрпақтар арасындағы өзара қарым-қатынастардағы жауапкершілік пен міндеттердің реттелуі;
  • рекреативтік (латынша recreatio – қалпына келтіру, жаңғырту) функция демалысқа, бос уақыт өткізуді ұйымдастыруға, отбасы мүшелерінің денсаулығы мен амандығы туралы қамқорлыққа байланысты;
  • рухани қарым-қатынас функциясы отбасы мүшелерінің тұлға ретінде дамуын, рухани байлықты молайту дегенді білдіреді;
  • əлеуметтік-мəртебелік функция – отбасы мүшелеріне белгілі бір əлеуметтік мəртебенің берілуі, əлеуметтік құрылымның өсіп-өнуі;
  • психотерапевтік функция отбасы мүшелеріне өздерінің жақсы көру, құрметтеу, мойындау, эмоциялық қолдау, психологиялық көмек сияқты қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді;
  • қалпына келтіру функциясы жұмыс күнінен кейін адамның күш-қайратын, психологиялық, эмоциялық жəне рухани қуатын қалпына келтіруге бағытталады;
  • отбасының коммуникативтік функциялары – отбасының өз мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарымен (теледидар, радио, мерзімді баспасөз), əдебиетпен жəне өнермен байланыстарына делдалдық етуі, отбасы ішінде бірлестіктер ұйымдастыру;
  • бос уақытты өткізу функциясы бос уақыттың тиімді өткізілуін ұйымдастыруды жүзеге асырады жəне уақыт өткізу саласында бақылау жасайды, сонымен қатар жеке-дара тұлғаның бос уақытты өткізуге деген белгілі бір қажеттіліктерін қанағаттандырады;
  • эмоционалдық функция эмоциялық қолдауға ие болуды, психологиялық көмек алуды, сондай- ақ жеке-дара тұлғаның эмоциялық тұрғыдан тұрақтануы мен оның психологиялық терапиясын білдіреді.

Отбасының құрылымы — отбасылық өзара əрекеттерді сипаттау кезінде қолданылатын негізгі ұғымдардың бірі. Отбасы құрамының, немесе құрылымының көптеген нұсқалары бар:

  • «нуклеарлық отбасы» — күйеуі, əйелі жəне балаларынан тұрады;
  • «толықтырылған отбасы» — өзінің құрамы жағынан ұлғайған одақ: бірге немесе бір-бірімен тығыз жақындықта тұратын жəне отбасының құрылымын түзетін ерлі-зайыпты жұп жəне оларың балалары, оған қоса алдыңғы буын ата-аналар, мысалы, əжелер, аталар, нағашы аға-əпкелер;
  • «аралас отбасы» — ажырасқан адамдардан тұратын «қайта құрылған» отбасы болып табылады. Аралас отбасы бірге тумаған ата-аналар мен бірге тумаған балаларды қамтиды, өйткені бұрынғы некеден қалған балалар отбасының жаңа бірлігі болып енеді.

Ғалымдар түрлі көзқарастар мен ерекшеліктері бойынша отбасылардың 40-тан астам түрлері мен нысандарын анықтаған. Отбасының сипаттары келесідей.

Бірге тұратын жəне ортақ шаруашылық жүргізетін, балалар тəрбиелейтін отбасылық жұптардың саны мен сипаттамасы бойынша:

  • кеңейтілген (күрделі) отбасы — бірге тұратын отбасылық жұптардан жəне ересек балалардан құралады;
  • нуклеарлық (қарапайым) — бір ғана отбасылық жұптан тұрады, балалары болуы да мүмкін. Ата-аналарының болу-болмауына қарай:
  • толыққанды отбасы (отбасылық жұптың екеуі де бар);
  • толық емес (балаларды ата-аналардың біреуі ғана тəрбиелейді). Балалардың санына қарай:
  • баласыз;
  • бір балалы;
  • балалары аз (екі бала);
  • көпбалалы (үш немесе одан да көп бала). Жас ұзақтығына қарай:
  • жас жұбайлардың отбасы (жаңадан құрылған, ресімделген);
  • жас отбасы (күтпеген қиындықтарға алғаш тап болған отбасы). Билік иерархиясына қарай:
  • патриархалдық немесе патерналдық (ер адамның үстемдігі);
  • матриархалдық немесе материалдық (əйел үстемдігі);
  • еквалиталық (екеуінің тең болуы). Отбасындағы басшылыққа қарай:
  • эгалитарлық (демократиялық) — айрықша өміршеңдікпен, өмірге құштарлықпен, мықты достық пен отбасылық қарым-қатынаспен ерекшеленеді;
  • авторитарлық. Қатыгездік орнаған отбасы.

Өзара қарым-қатынастардың сапасы мен отбасындағы жағдайға қарай:

  • қолайлы;
  • тұрақты;
  • тұрақсыз;
  • берекесі кеткен.

Үй ішіндегі міндеттердің бөлінуіне қарай:

  • дəстүрлі (міндеттерді негізінен əйелі атқарады);
  • ұжымшылдық (міндеттерді біруақытта немесе кезектесіп атқарады). Бос уақытты қалай өткізуіне қарай:
  • ашық (ашық-жарқын араласуға жəне мəдени мекемелерге бағдарланған);
  • жабық (үйде көңіл көтеруге бағдарланған). Қоныстануына қарай:
  • қалалық;
  • ауылдық.

Отбасы — қоғамның ажырамас бөлігі əрі оның маңызын төмендету мүмкін емес. Отбасы болмайтын ешбір ұлт, ешбір сəл де болса өркениетті қоғам болған емес. Қоғамның алдағы келешегін де отбасысыз елестету мүмкін емес. Əр адам үшін отбасы дегеніміз — барлық бастаулардың бастауы. Адамдардың барлығы дерлік бақыт деген ұғымды, ең алдымен, отбасымен байланыстырады: бақытты адам – өз үйінде тұратын адам.

Тұлға отбасында қалыптасып дамиды, бала қоғамға қиындықсыз икемделуге қажетті əлеуметтік рольдерді меңгере бастайды. Отбасы алғашқы тəрбие институты ретінде көрініс береді, онымен байланысын адам өзінің бүкіл өмірінде сезініп өтеді, отбасында баланың қоршаған ортаға деген пікірі реттеледі, отбасында адамгершіліктің алғашқы сабақтарын алады.

Отбасы қоғамның даму барысына да ықпал ете алады. Қоғамның дамуындағы іргелі экономикалық, əлеуметтік, демографиялық процестер отбасының өмірінде анық байқалады.

«Отбасы өмірді неғұрлым толыққанды етеді, отбасы бақыт əкеледі, бірақ əрбір отбасы, əсіресе қоғам өмірінде орасан зор мемлекеттік маңызы бар үлкен іс болып табылады», — деген А.С.Макаренко [8].

Отбасы адамзаттың бүкіл тарихи болмысында құрған ең ұлы құндылықтарының бірі болып табылады. Ол өзіндік бір əлеуметтік институт, онда қоғамның немесе оның жекелеген мүшелерінің отбасының ролі мен мəнін білдіретін мүдделері біте қайнасып жатады.

Отбасы — мемлекеттің негізі, азаматтың моралі мен құқығы көрініс тапқан бастауыш ұйым.

Ең мықты жəне қалыптасқан деген мемлекеттің өзі, егер отбасылық өмір мен тəрбиенің берік орнаған тəртібі болмаса, дағдарысқа ұшырап, ақыр аяғында құрдымға кетеді, егер отбасы берік болып, тəрбие дұрыс жолға қойылған болса, онда мемлекеттік өмірдің сырттан күйреуі кездерінде де халық өмір сүруге қабілеттілігін сақтай отырып, мемлекеттің күш-қуаты мен бірлігін қалпына келтіре алады.

Мемлекет отбасының нығаюына, оның сақталуына, оң дамуына мүдделі.

Функциялары біршама өзгергеніне қарамастан, ата-ананың балаға деген махаббаты адаммен өмір бойы бірге болады. Өмірдің алғашқы жылдарында ол баланың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ата-ана махаббатына зəрулік — кішкентай адамның өміріне өте маңызды қажеттілік екені ақиқат. Бірақ есейген сайын ата-ана махаббаты баланың ішкі, эмоциялық жəне психологиялық əлеміне қолдау жасау мен сақтау функцияларын көбірек атқарады. Ғалымдар ата-ана махаббатына бірауыздан былай деп анықтама береді: ол — адамның эмоционалдық тұрақтылығының, денсаулығы мен рухани саулығының қайнар көзі мен кепілі.

Ата-ана махаббатында əр түрлі ауытқулар да болуы мүмкін, кейде ол тіпті қым-қиғаш түрге енеді. Мұндай жағдайларда оны ессіз, көзсіз махаббат деп атайды, ол табиғаты бөлек болғандықтан, мөлшерден тыс, асыра сілтеушілікке ұласады, бұл туралы чех психологы З.Матейчик бейнелі түрде «ата-ана эгоизмінің басымдығы» деп айтқан. Мұндай отбасыларда баланың құндылығы оның роліне қарай бағаланады («отбасының сəні», «қиқар бала» жəне т.с.с.).

Бақытты отбасы — баланың эмоциялық дамуына қолайлы жағдай тудырады. Бірақ сезімдерді тəрбиелеу өздігінен келмейді, қандай да бір тəрбие сияқты ол да қыруар күш жұмсауды қажет етеді.

«Сезінуді үйрету дегенің тəрбиедегі қиынның ең қиыны», — деп жазды В.А.Сухомлинский. Ол отбасында баланың сезімталдығын тəрбиелеудің мынадай жолдарын ұсынады:

  • балаларды игілікті істерге өзгеге деген құрмет, жанашырлық, сүйспеншілік арқылы тарту(жақын адамдарға деген қамқорлық, олар үшін толқу, алаңдау);
  • басқа адамдарға, əсіресе көңілге зəру адамдарға — кішкентайларға, қарияларға деген жүректің сезімталдығын дамыту («Ол бүгін көп жылады. Неге? Сен барып себебін білдің бе? Көмектестің бе?», «Бүгін əже сүйікті киносын неге көрмей жатыр? Мүмкін, ол өзін нашар сезініп отырған шығар?»);
  • баланың ішкі эмоциялық əлемін байыта түсу үшін өнер туындыларын, табиғатты пайдалану [9]. Сүйіспеншіліктің түпкі негізінде белгілі бір нысанға бағытталушылық жатыр: ата-аналар өз баласына деген сүйіспеншіліктің арқасында оның алаңсыз өсіп-өнуі турасындағы қамқорлықты күнделікті бағып-қағу, күтім жасау арқылы іске асырады (шомылдыру, тамақ əзірлеу, кітап оқып беру, серуенге шығару, ойнату жəне т.б.). Егер ата-ана баласына енжар қараса, ол, ең алдымен, олардың қимылсыздығынан мезі болады: бұнымен ешкім шұғылданбайды, күтім болмағандықтан, кейпі де сүйкімсіз. Əкенің немесе шешенің жүрегінде бола тұрса да ешқандай əрекет арқылы көрініс бермеген сезім ешкімді бақытты ете алмайды, керісінше, мұндайда бала өзін «ешкімге керек емеспін»деп сезініп, жаны қиналады.Баланың өмірінде болып жатқан əр нəрсеге болсын, баланың түкке тұрғысыз болса да проблемаларына ата-ана тарапынан шынайы алаңдаушылық сезіліп тұратын болса — міне, ата- ананың балаға деген махаббатының көрінісі осы болмақ. Осы махаббаттың негізінде адамгершілікке тəрбиелеуге болады. Сүйіспеншілік қана сүйіспеншілікке үйрете алады.

Отбасы да өзге əлеуметтік институттар сияқты дəстүрлерді сақтап, түлете отырып, қызметтің белгілі бір үлгілерін ұстана отырып сақталып келеді, онсыз отбасының дамуы да мүмкін емес.

Ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан дəстүрлер заман ағымына бейімделіп, өзгеріп отырады. Өзгермейтіні олардың адами қоғамдағы маңызы: олар адамның жеке əлеуметтік маңызы бар — жақын адамға деген махаббат, мейірім, қайғыны бөлісу, өзара түсіністік, көмек қолын созу сияқты қасиеттерін сіңіру тетігі ретінде əсер ететін отбасылық-туыстық байланыстар мен қарым- қатынастарды нығайтуға қызмет етеді.

Отбасылық дəстүрлер дегеніміз — отбасында əдеттегідей қалыптасқан, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын өлшемдер, тəртіп мəнерлері, салттар мен пікірлер. Бір жағынан, отбасылық дəстүрлер мен рəсімдер салауатты (В.Сатирдің айтуынша) немесе функционалдық (Э.Г.Эйдемиллердің айтуынша) отбасының белгілері болып табылады. Екінші жағынан, отбасылық дəстүрлердің болуы отбасының келер ұрпақтарына отбасылық өмірдің барлық салаларында рольдердің бөлінуі, отбасы шегіндегі араласу, оның ішінде кикілжіңдерді шешу, қиындықтарды еңсеру ережелері сияқты отбасының ішкі өзара əрекеттестіктерінің қағидаларын жеткізудің аса маңызды тетіктерінің бірі болып табылады.

Отбасылық дəстүрлер қоғамдық, діни жəне тарихи салт-дəстүрлерге негізделеді, сөйте тұрса да, олар түрленіп, толықтырылып отырады, сондықтан да əр отбасы үшін ерекше, бірегей болып келеді.

Отбасылық тəрбиенің проблемалары негізінде бала мен ата-ананың арасындағы түсініспеушіліктен құралады. Балалар (жасөспірімдер) қалауы барған сайын арта түседі, ал ата-ана оған рұқсат бере қоймайды, балалар бұған ашу шақырады, кикілжіңдер басталады. Отбасылық тəрбие балаға деген махаббаттан бастау алады. Егер бұл құбылыс анық байқалмаса немесе мүлдем сезілмейтін болса, онда бұл отбасында ерте ме кеш пе, проблемалар туындайтыны анық.

Отбасыларда бақылаусыздық, қадағалаусыздық жиі кездесіп жатады. Бұл ата-аналардың қолы жұмыстан босамай, балаларға көңіл аударарлық уақыт болмайтын кездерде орын алады. Ақырында балалар өздерімен өздері қалып, көше кезіп жүреді де, жағымсыз орталарға түседі.

Кейде, керісінше, бала шамадан тыс қорғаштауда болады, бұл гиперқорғаштау деп аталады. Мұндай баланың өмірі əрдайым бақылауда болады, ол өзінің қалауындағысын жасай алмай, əрқашан да əлденені күтумен жүреді, сөйте тұра бұйрықтан жасқанады. Нəтижесінде оның жүйкесі сыр беріп, өз-өзіне сенімсіздік пайда болады. Осының бəрі, ақыр аяғында, жүйке ауытқуларына апарып соғады. Баланың жан-дүниесінде реніш пен ыза жинақтала береді де, ақыр соңында, бала өз үйінен безіп кетуі де мүмкін. Мұндай балалар саналы түрде тыйым-шектеулерді қасақана бұзуға əуес бола бастайды.

Кейде бала ойына не келсе соны істеу үлгісінде тəрбиеленетін жағдайлар болады. Мұндай балаларға не істесе де рұқсат, оған маңайдағының барлығы дəн риза, ол əрдайым басты назарда болуға əдеттенеді, ол не қаласа да орындалады. Бұл бала есейгенде өз мүмкіндіктерін дұрыс бағамдай алмайтын болады. Мұндайларды, əдетте, ешкім ұнатпайды, онымен араласудан аулақ болуға тырысады, оны ешкім түсінбейді.

Кейбір ата-аналар балаларын эмоциялық алшақтық пен салқындық жағдайында тəрбиелейді. Бала өз ата-анасының (немесе олардың біреуі) бұны ұнатпайтынын сезінеді. Бұл оның жанын жегідей жейді. Ал, отбасындағылардың біреуін бұған қарағанда жақсырақ көретін болса (бала бұны да анық сезеді), бұл балаға анағұрлым ауыр əсер етеді. Мұндай отбасылардан шыққан балалар жүйкесі жұқа, ашушаң болып өсуі мүмкін.

Кез келген ұсақ-түйек үшін жазалайтын, баланы қатаң тəрбиелейтін отбасылар да болады.

Оларда өскен балалар əрқашан қорқынышпен өседі.

Баланы көтеріңкі моральдық жауапкершілік тұрғысынан тəрбиелейтін отбасылар да болады. Ата-аналары баланың санасына əке-шешенің артып отырған шексіз үміттерін ақтауға міндетті екендігі, сонымен қатар оған бала ретінде де көптеген ауыр міндеттер жүктелгенін құюмен болады. Осының салдарынан келе-келе баланың бойына қорқыныш ұялап, өзі мен жақын туыстарының денсаулығына алаңдаушылықтан арыла алмайтын болады. Дұрыс тəрбиелемеу баланың мінезін бүлдіреді, оның жүйкесінің сыр беруіне жетелейді, оның маңайындағылармен қарым-қатынасы қиындай түседі.

Көбіне отбасы тəрбиесінің проблемаларына ата-аналардың өздері себеп болып жатады. Мысалы, ата-ананың жеке басының проблемаларын бала арқылы шешу. Бұл жағдайда, тəрбиенің бұзылуының түп-тамырында қайсыбір, көбіне ақылға сыймайтын қажеттілік жатады. Нақ осы қажеттілікті ата-ана бала тəрбиесінің есебінен қанағаттандыруға ұмтылыс жасайды. Мұдайда ата-анаға оның дұрыс еместігін түсіндіру жəне тəрбиелеу мəнерін өзгертуге талпыныс жасау көбіне еш нəтиже бермейді. Бұл да бала мен ата-ананың арасындағы проблемаларды туындатады.

Қазіргі замандағы отбасылық тəрбие ойшылдық педагогика принциптеріне негізделген:

  • креативтілік – балалардың қабілеттерінің еркін дамуы;
  • гуманизм (ойшылдық) — жеке тұлғаны абсолютті құндылық ретінде тану;
  • демократизм — үлкендер мен балалардың арасындағы тең құқылы рухани қарым- қатынастарды орнату;
  • азаматтылық – қоғамдық-мемлекеттік жүйеде өз орныңды сезіну;
  • ретроспективтілік — тəрбиені халықтық педагогика негізінде жүзеге асыру;
  • жалпыадамшылық, адамгершілік нормалар мен құндылықтардың басымдылығы.

Отбасылық тəрбие проблемаларын зерттеушілер (Т.А.Куликова, В.В.Чечет жəне тағы басқалар) отбасылық тəрбиенің принциптерін анықтаған:

  • балаға гумандық тұрғысынан қарау;
  • балаға көмек көрсету, оның жан-жақты дамуы үшін жағдай жасауға əзір болу;
  • баланы отбасының өмір тіршілігіне тең құқылы қатысушы ретінде тарту;
  • отбасылық тəрбиенің əлеуметтік бағдарлануы;
  • келешекке деген сенімділік, отбасындағы қарым-қатынастардың ашықтығы мен сенімділігі;
  • ата-ананың балаға қоятын талаптарының кезеңділігі жəне келісімділігі;
  • баланы күшпен жазалауға, моральдық тұрғыдан намысын таптайтын жазалауға жол бермеушілік.

Қазіргі замандағы отбасылық тəрбиенің аса маңызды принциптеріне мыналарды жатқызуға болады:

  • белгілі бір мақсатқа ұмтылушылық принципі;
  • ғылыми принцип;
  • гумандылық (ойшылдық) принципі. Отбасылық тəрбиенің түрлері:
  • «детоцентризм» баланы басты назарға қоюшылық — əсіресе отбасында бір ғана бала болғанда, баланы шамадан тыс өбектеу. Мұндай баладан көбіне өзімшіл, іс жүзіндегі өмірге икемделмеген адам өсіп шығады;
  • кəсіпқойлық — ата-аналар бала тəрбиесі жөніндегі ауыртпашылықтың барлығын балабақшаларға, мектептерге, лицейлерге, колледждерге артып қояды. Келешекте ондай бала суық, ата-анаға, үлкендерге деген қайырымдылықтан ада болып өседі;
  • прагматизм — тəрбиенің бар мəні өмір сүре білу, материалдық пайда табу сияқты қасиеттерді қалыптастыруға бағытталады.

Баланы отбасында тəрбиелеу мəнерлерінің жіктемесі төмендегідей түрде болады.

Г.Крайг ата-аналық бақылау жəне ата-ананың жылуы сияқты отбасындағы балаға ықпал етудің екі факторына сүйене отырып, ата-аналардың мінез-құлықтарының толық жіктемесін жасап шыққан:

  • беделді үлгі;
  • либералдық үлгі (бақылау деңгейі төмен, жылы қарым-қатынастар);
  • индифферентті үлгі балалардың тəртібін бақылау деңгейінің төмендігімен жəне олармен қарым-қатынастардағы жүрек жылуының жоқтығымен ерекшеленеді.

Э.Г.Эйдемиллер мен В.Юстицкис отбасылық қатынастардың жекелеген үлгілерін зерттеген:

  • икемделушілік гиперпротекция;
  • басымдылық гиперпротекция;
  • қатал қараушылық;
  • эмоционалдық қабылдамаушылық;
  • көтеріңкі моральдық жауапкершілік;
  • қадағалаусыздық.

Педагогикада А.В.Петровский жасаған жіктеме кеңінен тараған [10]. Ол отбасылық тəрбиенің төрт тактикасын бөліп көрсетеді:

  1. Үстемдік (диктат).
  2. Қамқоршылық.
  3. Татулықта болу.
  4. Бірлесіп еңбек ету.

Қарым-қатынастың «Ана – бала» жіктемесін С.Броди ұсынады:

  • қолдаушылық, рұқсат етушілік тəртіптер;
  • баланың қажеттіліктеріне икемделу;
  • парызды сезіну жəне балаға деген қызығушылықтың болмауы.
  • ретсіз тəртіп.

Тəрбие практикасында үлкен адам мен баланың арасындағы өзара əрекеттесудің үлгілері анықталған: авторитарлық; демократиялық; либералдық (бетімен кетушілік).

Қазіргі ата-аналар көбіне баламен қарым-қатынастың демократиялық моделіне бейім болып келеді.

Адамдардың отбасындағы қарым-қатынастары түрлерін С.В.Ковалев қарастырған: бірлесе еңбек ету; ерлі-зайыптылардың тең əрекеттенушігі; ерлі-зайыптылардың жарыса əрекет етуі; ерлі- зайыптылардың бəсекелестігі; ерлі-зайыптылардың антагонизмі; агрессия [10].

М.И.Буянов отбасылық тəрбиенің мынадай кемшіліктерін бөліп көрсетеді: орыс ертегісіндегі «Золушканың» үлгісі бойынша тəрбиелеу, гиперқамқорлық (гиперпротекция), гипоқамқорлық (гипо-протекционизм), бетімен жіберу.

Л.Д.Столяренко «қате тəрбиенің» келесі түрлерін қарастырған: қадағалаусыздық, бақылаусыздық, гиперқамқорлық, орыс ертегісіндегі «Золушканың» үлгісі бойынша тəрбиелеу, қатал тəрбие — болмашы нəрсе үшін балаға қатал жаза қолдану жəне баланың үнемі үрейде өсуі.

Бала өмірдің алғашқы сабақтарын отбасында алады. Оның ең алғаш ұстаздары мен тəрбиешілері əке мен шеше. Бала үшін отбасындағы күнделікті қуанышты сəттер мен реніштер, сəттіліктер мен сəтсіздіктер — мейірімділік пен сезімталдықты, адамдарға деген қайырымдылық сезімдерін қалыптастыратын бастаулар болып табылатыны ежелден-ақ дəлелденген. Отбасында баланың бойында адалдық пен зұлымдық, адамгершілік өлшемдері, еңбекке бейімділіктің бастапқы сабақтары туралы алғашқы ұғымдар қалыптасады. Өмірлік жоспарлар мен адамның идеалдары да дəл осы отбасында қалыптасады.

Баланың тұлғасын қалыптастыруда мектепке дейінгі мекемелер мен мектеп, лагерь, еңбек отрядтары, кітаптар, театр, ғаламтор, кино жəне теледидар, өмірдің жалпы құрылымы белсенді роль атқарады.

Солай болғанымен, отбасының ықпалының орны бөлек, ол баланың алғаш басқан қадамдарынан бастау алады. Сондықтан да ата-ананың адамгершілік мəдениетінің деңгейі, олардың сенім-түйсігі, өмірлік жоспарлары мен мақсаттары, əлеуметтік қарым-қатынас тəжірибесі, отбасылық дəстүрлер мен мінез-құлық нормалары, бір сөзбен айтқанда, отбасындағы атмосфера баланың тəрбиесінде шешуші маңызға ие.

Білім мен тəрбие беру нəтижесінің қажеттігін педагогтар мен ата-аналардың бірдей түсінуі, ата- аналармен өзара əрекеттестікте болу келесі бағыттарда жүзеге асырылады: балалардың денсаулығы жəне тұлғаны қалыптастыру мəселелері бойынша ата-аналардың барлық санаттарымен профилактикалық, түсіндіру жұмыстары жəне жеке-жеке тəрбиелік жұмыстар. Проблемалық отбасыларды анықтау. Педагогикалық көмек көрсету. Балалардың құқықтарын қорғау.

Жалпы білім беретін мектептің негізгі бағыттары педагогтардың отбасыға көмек көрсетуін күшейтуге, отбасының жеткіншек ұрпақты тəрбиелеудегі жауапкершілігін арттыруға, ата-аналарды оқушылармен тəрбие жұмыстарын жүргізу ісіне кеңінен тартуға бағдарланған.

«Қазіргі замандағы мектеп пен отбасының байланысы бұрынғы замандағы сияқты бастама атаулының барлығы мектептен бастау алып, ата-аналар мен оқушыларға не істеу керектігін мектеп бұйырып отыратындай, бір ғана бағытты ұстанбау керек екенін жақсы түсінеді. Қазіргі мұғалімдер ата-аналардың көмегіне, əралуан деңгейлердегі өзара əрекеттістікке жүгінбей тұра алмайды» — бұл осы мəселе бойынша даниялық педагог Эйгил Кьяэргард пен литвалық педагог Рима Мартинененің айтқаны.

Бұл ойды ресейлік педагог И.П.Подласый былай өрбітеді: «Қазіргі мектептер отбасындағы жəне мектептегі тəрбиені қоян-қолтық жүргізуге көшті, «отбасы — мектеп» кешендері қалыптасуда». Мұндай кешендердің басты ұстанымы мектептің қызметіндегі барлық бағыттардың ата-аналар назарынан тыс қалмауын қамтамасыз ету болып табылады.

Мұғалім ата-аналармен жəне жұртшылықпен байланыс орната отырып, келесі мəселелерді шешеді:

  • Оқушының отбасын танып білу.
  • Оқушының тұлғасына əсер ететін əлеуметтік ортаны жүйелі түрде зерделеу.
  • Балаларды оқыту мен тəрбиелеудегі мектеп пен отбасының бірлескен педагогикалық қызметін ұйымдастыру.
  • Ата-аналарға баланы үйде тəрбиелеуге көмектесу.
  • Ата-аналардың педагогикалық сауаттылығын арттыруды ұйымдастыру.
  • Отбасының балаға кері əсерін болдырмау.

Мұғалімнің ата-аналармен жұмысының нысандары əрқилы болып келеді:

  • жеке: оқушылардың үйіне, отбасыларына бару, ата-аналармен мектепте əңгімелесу, ата- аналардың мектепке келіп кеңес алу күндері;
  • топтық: ата-аналар өздерінің білімдеріне, педагогикалық мəдениетіне, балаларының үлгерімі мен тəртібінің көрсеткіштеріне қарай топтарға біріге алады. Сабақ кездерінде мұғалім мен ата- аналардың бірлесе жұмыс істеуі, бұл ретте ата-аналар мұғалімнің сабақты өткізуіне көмектеседі; белсенділермен, ата-аналар комитетімен жұмыс жүргізу;
  • ұжымдық: сынып жиналыстары, жалпымектептік ата-аналар жиналысы, тəрбие тəжірибесімен алмасу жөніндегі ата-аналар конференциялары, кеңесу, сұрақ-жауап кештері, сыныптан тыс бірлесіп өткізетін шаралар т.с.с.;
  • мектептің отбасымен жүргізетін жұмыстарының барлық түрлерінің мазмұны белсенді түрде тəрбиелеу жəне бірлесіп жұмыс істеу болып табылады, бұл жұмыстардың барлығы да жеткіншек ұрпақты жан-жақты дамытуға бағытталады».

Педагогикалық ағартушылықтың келесі түрлерін ерекше бөліп атауға болады:

  • дəстүрлі: ата-аналар жиналысы, дəрістер, сұрақ-жауап кештері, диспуттар «ашық есіктер» күндері;
  • дəстүрлі емес: іскерлік ойындар, реттелген пікірталастар.

В.А.Сухомлинский: «Тəрбие сəтті болуы үшін отбасы мен мұғалімнің арасындағы қарым- қатынастар қандай негіздерге сəйкес болуы керек?» — деген сұраққа жауап бергенде, балаларды жөнге салу мақсатындағы ата-аналарды мектепке шақыртулар неғұрлым аз болуы керек, бала мен ата-ананың арасындағы рухани сырласу неғұрлым көп болуы тиіс, осының өзі əке мен шешеге қуаныш сыйлайды», — деген [7].

Ата-аналармен өзара байланыс келесі реттерде нығая түседі:

  • мұғалім ата-анаға олардың өзінен де талап етілетін жайларды жеткізге тырысады (олардың проблемаларын мұқият тыңдайды, бөліседі, түсіністік білдіріп, олардың балаларына жылышырай танытады);
  • мұғалім ата-аналар мектепке баланың көзімен қарауы керек екенін естен шығармайды(алдымен балалармен байланыс орнатады, кейін олардың ата-аналарымен);
  • бала тəрбиелеудің жекелеген тұстарында ата-ананың мүмкіндіктерін аша түсуге ұмтылыс жасайды;
  • мұғалім ата-анаға жөн сілтеуге, олардың балаларына дауыс көтеруге мүлдем болмайтын естен шығармайды;
  • мұғалім баланың жүрегіндегі мейірімділік жеңіп шығатынына үміт артады;
  • мұғалім өзінің жинақтаған педагогикалық тəжірибесімен бөліседі т.с.с.

1–2 сынып оқушыларының ата-аналары үшін тəрбиелеу белсенділігі жəне мектеппен өзара қарым-қатынастың анағұрлым жоғары деңгейі тəн болып келеді. Олар мектепке жиі-жиі келіп, баласының үлгерімін қадағалап жүреді. Осы алаңдаушылықты мұғалім де түсініп, оларға неғұрлым көбірек ақпарат беруге міндетті.

Мектеп пен ата-ана арасындағы қарым-қатынастың маңызды аспектілері:

  1. Əңгімені балаларға қатысты проблемалардан емес, ортақ жағымды мəселерлерден бастап, проблеманы шешуге асықпау керек.
  2. Ата-аналарға назар аударып, олардың жұмысы, үйдегі жағдайы туралы сұрастыру.
  3. Мектепке, мұғалімге, балаларға байланысты туындайтын эмоцияларды талқылау.
  4. Ата-аналардың айтқандарын мұқият тыңдау, олардың пікірін сынға алмай, керісінше, олардың бұлай ойлауының себебін түсінуге тырысу.
  1. Ортақ мақсат-мүдделер жөнінде келісімге келіп, ата-аналар жиналысында барлығы үшін маңызды мəселелер туралы сөз қозғау.
  2. Қанша қажет болса, сонша уақыт бөлу.
  3. Өз аргументтеріңізді негіздей біліңіз: айтып отырғаныңыз барлығымыз үшін маңызды, оны көпшілік қолдап отыр.
  4. Ата-аналарға хабар бергенде тікелей өзіңіз, хат-хабар арқылы немесе жеке əңгімелесу арқылы білдіріңіз. Ата-аналарға арналған ақпаратты балалар арқылы жолдамаңыз».

Педагогикалық əдебиеттерді талдау нəтижесінде келесі қорытындылар жасауға болады:

  • Отбасылық тəрбие баланың тұлғасын қалыптастыру мен тəрбиелеуде айтарлықтай рөл атқарады, сондықтан отбасылық тəрбиеге ата-аналар ғана емес, сонымен қатар осы ата- аналармен жұмыс істейін мұғалімдер де назар аударуы тиіс. Отбасылардың тұрмысындағы қиындықтар баланың мектептегі сабағы мен тəрбиесіне де ықпал етеді.
  • 6–8 жас аралығындағы балалардың бойында олардың өздеріне ғана тəн психологиялық жəне физиологиялық ерекшеліктер болады. Олар мектепке оңайлықпен үйренісе алмайды. Мұғалім мен ата-ананың міндеті — осы жағдайды барынша жеңілдету.
  • Мектеп пен отбасы баланы оқыту мен тəрбиелеуде бір ғана ортақ мақсатқа ұмтылады, сондықтан олар бірлесе жұмыс істеуі керек. Əр баланың қабілеттерін мектепте де одан тыс жерде де дамытқымыз келсе, онда мектеп пен ата-ананың арасындағы өзара байланыс міндетті түрде болуы шарт. Мұғалім мектеп пен отбасының арасындағы байланыстырушы буын болып табылады.
  • 1–2 сыныптарда ата-аналармен жұмыс жүргізгенде мұғалім балалардың жеке ерекшеліктеріне, əр отбасындағы ата-аналар мен балалардың қарым-қатынастарына, сыныптағы оқушылар мен мұғалімнің арасында, балалар мен ата-аналардың арасында қалыптасқан психологиялық ахуалға көңіл аударуы қажет. Бірінші сыныпта, бастапқы кезеңде қалыптасқан байланыстар мен қарым- қатынастарға алдағы бар жұмыстың нəтижесі байланысты болады.

 

 

Əдебиеттер тізімі

 

  1. Қазақстан Республикасының Президенті — Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://www.inform.kz/kaz/article/2518877
  2. Большой энциклопедический словарь / Под ред. А.М.Прохорова. — М.: Просвещение, 1997. — 1082 с.
  3. Ожегов С.И. Словарь русского языка. — М.: Изд-во «Азъ»,
  4. Мысли и высказывания знаменитых людей о семье и браке, матери и материнстве, отцах и отцовстве, о семейном воспитании. — [ЭР]. Режим доступа: http://vscolu.ru/articles/vyskazyvaniya-znamenityx-lyudej-o-seme.html
  5. Баймуканова М.Т. Социально-педагогическая работа с семьей: Учеб. пособие. — Қараганда: Изд-во КарГУ, 2004. — 115 с.
  6. Қазақстан Республикасының Конституциясы. — Алматы: Жеті жарғы, 1999. — 96 б.
  7. Сухомлинский В.А. Родительская педагогика. — Новосибирск: Зап.-Сиб. кн. изд-во, 1985. — 224 с.
  8. Лесгафт П.Ф. Семейное воспитание ребенка и его значение: Учеб. пособие. — М.: Просвещение, 1992. — 200 с.
  9. Сысенко В.А. Супружеские конфликты. — М.: Мысль, 1989. — 173 с.
  10. От Я до Мы: Азбука семейной жизни / Сост. С.В.Ковалев. — М.: Педагогика, 1989. — 336 с.

 

 

Жыл: 2015
Категория: Педагогика