Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Мұхамеджан Тынышбаевтың отарбадай ағып өткен ғұмыры

Кіріспе

Қазақ даласына патша үкіметі тарапынан жүргізілген отарлау саясаты XX ғасыр басында өзінің ашқарақ, тағылық шегіне жетті. Біртіндеп, білтелеп жүргізілгені — жерді кесіп алу, елді бөлшектеу, ел мен жердің байлығын тонау саясаты ендігі кезекте қазақ халқын шоқындыру, орыстандыру сияқты зобалаң саясатпен астасты. Осылайша экономикалық жəне рухани отарлауға душар болған қазақ халқының шаруасы тұралап, рухани дүниесі тозғындай берді. Алмағайып осы бір сын кезекте туған халқы мен туған жерінің тағдырына араша түсіп, оның болашағы үшін қам-қарекет жасап, жол іздегендер халықтың өз ортасынан шыққан көкірек, көзі ашық, оқыған зиялы қауым өкілдері еді. Осы шоқ жұлдыздай озық ойлы ұрпақтың маңдай тобында жан-жақты білімпаз ғалым, қазақ жастары арасынан тұңғыш техникалық жоғарғы білім алған теміржол инженері Мұхамеджан Тынышбаев та болды.

М.Тынышбаев жөнінде қысқаша өмірбаяндық мəліметтер

Қазақтың көрнекті саяси жəне қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының негізін  салушылардың бірі, Алашорда үкіметінің мүшесі жəне оның төрағасының орынбасары, тарихшы-ғалым Мұхамеджан Тынышбайұлы 1879 жылы 12 мамырда Жетісу (қазіргі Алматы) облысы, Лепсі уезі Мақаншы-Садыр болысының Ешкіөлмес тауының маңайында (қазіргі Қабанбай ауданы) дүниеге келген.

Мұхамеджанның əкесі — Тынышбай кісілікті, ел-жұртына беделді отағасы екен. Көнекөз қарттардың айтуынша, Патша үкіметі зорлықпен шұрайлы жерлерді казак-орыстарға тартып алып бере бастағанда, намысқа шыдамай, соның соңынан дау айтып, ояз бастықтарының есігін тоздырып, қуынғандардың алдыңғы легінде Тынышбай да жүрген-ді. Анасы — Шаһизадабану (Шəпен) келбетті, ақжарқын жан болған. Тынышбай мен Шаһизадабанудан екі ұл, үш қыз туған, олар: Ахмеджан (Айнолда), Мұхамеджан, Салмақты, Қадиша, Қампаш. Мұхаң əулетінің атақонысы — Ешкіөлмес, жайлауы — Суық, қыстауы — Сарқарын (Лепсінің батыс жақ жағасы), Басқан. Заманның құйындай соққан зауалы мен зұлматында бүгежектеп, бұқпантайлауды білмеген, бар ғұмырын халқының болашағы үшін арнаған, сол жолда өмірдің бұралаң-бұлтарысына табаны таймай, алдына қойған мұрат-мақсатынан əсте танбаған, адал жүрек, нар тұлғаның балалық жас дəурені — осындай шөбі шүйгін, суы шəрбат, əсем табиғаттың аясында өтті.

Бірде Тынышбай үйіне қыдырып келген Лепсідегі медіреседе дəріс беретін Хамитмағзұм молдаға бес жасар Мұхамеджан көргеннен ұнап қалады. Бұл сырын ол отағасына бүкпесіз білдіріп, ұлын медресеге жіберуін қолқалап, көндіреді. Қабілетті бала, сөйтіп, жылға жетпей арабша хат танып шығады [1; 4].

Мұхамеджан 1889–1900 жылдары Верный ерлер гимназиясында оқып, оны үздік бітіріп шығады. 1900–1906 жылдары Санкт-Петербургтегі I Александр атындағы жол қатынасы инженерлерін даярлайтын институтта оқып, бітіреді.

Патша үкіметті 1905–1907 жылдардағы Бірінші орыс революциясын (төңкерісін) басып- жаншып, өзіне ұнамаған I Мемлекеттік думаны таратты да, II Думаға сайлау жүргізуді тағайындады.

Жаңа сайлау заңы депуттардың көпшілігінің помещиктер мен капиталистерден болуын қамтамасыз етуді көздеді. Сайлаушылардың жартысынан астамы дауыс беру құқығынан айырылды. 1907 жылы 3 маусымда үкімет II Думаны да таратып жіберді, социал-демократтардан сайланған депутаттар қамауға алынды, Сібірге айдалды. Мұндай озбырлық еңбекшілер қалың бұқарасының зығырданын қайнатты [2]. Тегеуріні жойқын соқыр саясаттан бой тасалап, Мұхамеджан алған мамандығы бойынша Орта Азия теміржол құрылысында өзінің еңбек жолын бастайды. Ол теміржол құрылысына айрықша өкілетті нұсқаушы-инженер болып тағайындалып, Əмудария өзені арқылы өтетін көпірді салуға қатысады.  1911  жылы  Урсатьевск-Əндіжан  теміржол  құрылысының  бастығы  əрі  бас      инженері болады.

М.Тынышбаев 1914 жылы Түркістан Əулие-Ата теміржол құрылысына бас инженер болып ауысады. Осы жылы 96 түтін Тасболат ұрпағы Суық жайлауында Қаракерей, Матай, Садыр елін жиып, демалысқа келген Мұхаңның жаңа қызметі құрметіне Шыңбұлақ түбінде Жалғасбайдың қонысында қырық жер ошақ қазып, үлкен той жасайды. Той өткеннен соң Тəуімбет руынан Жалғасбайды би сайлап, Тынышбай сайына əр түтін бір-бір ағаш тал отырғызады.

Түркістан өлкесінде отарба жолының салынуымен ұлттық жұмысшы мамандарының өсуіне мүмкіндік туды. Бұл салада мұсылманнан шыққан тұңғыш теміржолшы Мұхаңның сіңірген еңбегі, қосқан үлесі орасан зор. Ол қазақ пен қырғыз шаруаларына, өзбек, түрікмен, тəжік диқандарын бұрын-соңды жат болып көрінетін тың жұмысқа тартып, ұйымдастырушылық  қабілетінің нəтижесінде теміржол құрылысының қыр-сырын игерген, сан түрлі маман иелерін баулып, тəрбиелеп шығарды. Олар үшін киім-кешек, тамақ жағынан жəрдемдесіп, дүкен, наубайхана, асхана, үй-жай салынып, əлеуметтік тұрмысына көп көмек берді. Тілегі бір қандас ағайындарының арасында «Қазақ инженері» атанған ол қашанда ел-жұрты үшін қолынан келген жақсылығын аямайды [1; 4].

Мұхамеджан 1916 жылғы 25 маусым Жарлығына қарсы шыққан халық көтерілісінің салдарын күні бұрын болжап, көтерілісшілерді сабырлылыққа шақырды. Патша үкіметінің жергілікті билік орындарының көтеріліске шыққан қазақтар мен қырғыздарды жазалауда жасаған озбырлығын əшкерелеуде белсенділік танытты. Ресейдің қоғамдық-саяси, əлеуметтік құрылысына түбегейлі өзгерістер жасаған төңкерістер толқынынан империяның отар-шет аймақтары да тысқары қалмады. Төңкеріс уағында өлкенің жағдайын жетік білетін, жұрт алдында беделі зор, білімді Тынышбаев Жетісу облыстық Уақытша үкіметі комиссарының орынбасары болып тағайындалды. Мұнда істеген қысқа мерзімде ол 1916 жылғы жəне одан кейінгі дүрбелеңдер əсерінен зардап шеккен ел шаруашылығы мен халық ынтымағын қалпына келтіруге аянбай күш-жігер жұмсады. Алаш қозғалысына белсене араласты.

Азамат соғысы жылдары ол халықты еріксіз лаңға ұшыратудан жəне Алаш сарбаздарын бос қантөгістен аман сақтау жолында көп еңбек етеді. Осы бағытта кейін Кеңес үкіметімен келіссөз де жүргізеді. Жетісу аймағындағы қазақтарды ашаршылықтан, əр түрлі апаттардан құтқару үшін көмек те ұйымдастырады.

1918 жылдары Алашорда үкіметінің басшыларымен бірге сол кезде бірінен соң бірі құрылып жатқан көптеген əр түрлі үкіметтермен (Уақытша Сібір үкіметі, Уфа директориясы, Колчак үкіметтері сияқты) келіссөздер жүргізіп, хат-хабар жазысады. Мақсаты: Алашорда, қазақ елдігінің тағдыр-талайы туралы.

Кеңес кезеңінде əр түрлі деңгейдегі шаруашылық қызметтерде болады. 1925–1926 жылдары жаңа астана — Қызылорда қаласын көріктендіру жүйесінің бас инженері болып тұрғанда қаланы сумен қамтамасыз ету жолын жəне көптеген жаңа объектілер салу туралы ұсыныстар жасайды.

Ол əр түрлі қызмет атқарды. Бұл жылдардағы еткен еңбегінің екі басты бағытына баса көңіл аударуымыз қажет: біріншісі, қазақ халқының шынайы тарихына қосқан сүбелі үлесі; екіншісі, Түрксіб құрылысына сіңірген еңбегі [3].

Осы жігерлі еңбектеріне қарамастан сталиндік жеке билеп-төстеу саясатының нақақ құрбаны болған есіл азамат екі рет: əуелі 1932 жылы Воронежге айдалып, кейін 1937 жылы қайта тұтқындалып, қазаға ұшырады.

Жас Мұхамеджанның оқуға деген дарын-қабілеті

Жергілікті Патша əкімшілігі қазақ еліндегі басқару жүйесінде кейбір қызметтерін жеңілдету, тез жүзеге асыру мақсаттарын көздей отырып, бірлі-жарым қазақ жастарын орысша мектептерде оқытып, əр түрлі кеңсе жұмыстарына тиімді пайдаланып отырды. Осы орайда Лепсі уезі бастығының таңдауына  ілігіп,  он  жасар  Мұхамеджан  1889  жылы  Верный  (Алматы)  қаласындағы  ер  балалар оқитын гимназияның екі жылдық даярлық класына оқуға берілді. Жас Мұхамеджан гимназияға түскен күннен бастап бар ықылас-ынтасын, күш-жігерін білім алуға жұмсады. Он жыл бойы өз құрбыларының алды болып, кластан класқа бірінші дəрежелі мақтау грамотасымен көшіп, аталған гимназияны 1900 жылы алтын медальмен бітіріп шықты.

Мұхамеджанның окуға деген дарын-қабілетіне риза болған гимназия оқытушылар кеңесі оған берген мінездемесінде: «Ол алғашқы сəттен-ақ математика, ежелгі жəне жаңа тілдерді,  орыс əдебиетін тамаша игерді. Тынышбаевта басқа бұратаналарда кездесе бермейтін бір қасиет — барлық пəннен жоғары балл жинауға деген құштарлық.

Тынышбаев өзінің болашақ білімін көтеру үшін Санкт-Петербургтағы Жол қатынасы инженерлерін даярлайтын институтына барғысы келетінін білдірді» [4; 164], — деп жазды.

Гимназист Мұхамеджан тек үздік оқумен ғана шектелмей, қаланың мəдени өміріне етене жақын болды. Ол қалада болып тұратын əр түрлі кештер мен салтанаттарға үзбей қатысып тұрды. Бұрынғы Алматы тұрғындары 1899 жылы мамырдың 27 күні А.С.Пушкиннің 100-ге келген мерейтойын салтанатты түрде тойлап жатты. Осы салтанатқа гимназия шəкірттері дайындаған əдеби-музыкалық таңертеңгілікте Тынышбаев ұлы ақынның «Полтава» поэмасы бойынша «Ұлы Петр мен Мазепаның адамгершілік сипаттары» деген тақырыпта реферат оқыды. Гимназист қазақ баласының сахнада өзін ұстауы, орысша таза, əрі нақышына келтіре, ойлы сөйлеуі, құлаққа жағымды əдемі, сазды дауысы, тəрбиелі жүріс-тұрысы көрерменді баурап алды.

Гимназияны үздік бітірген Мұхамеджанға Жетісу облыстық əскери губернатор кеңсесінен қызмет ұсынылды. Бірақ əрі қарай білім алуды армандаған ол бұл қызметтен бас тартып, Империя астанасындағы Александр І атындағы Жол қатынасы инженерлерін даярлайтын институтында оқуға ниет білдірді.

Петербург кезеңінің Мұхамеджанның дүниетанымын түбегейлі өзгертуі

Қысқа жіп күрмеуге келген бе? Əкенің шағын дəулеті ұлының ұзақ оқуына мүмкіндік берер емес, төлеулі оқу біраз қаражат керек ететін еді. Осылайша қаражат тапшылығы жол кесіп, қолбайлау болып қиналып тұрған шақта Мұхамеджанға қол ұшын берген гимназия директоры Вахрущев болды. Он жыл бойы үздік оқып, гимназия мақтанышы болған шəкіртінің хал-жайын адамгершілікпен сезіне білген ұстаз дереу Жетісу облысының əскери губернаторына: «...Қай жағынан алсақ та, Тынышбаев тамаша шəкірт қана емес, нағыз талант иесі. Сондықтан да жоғары мəртебелім, Сізден өтінерім, қолыңыздағы қаражаттан Тынышбаевқа стипендия бөлсеңіз. Мұндай қаражатсыз оның жоғары оқу орнында білім алуға еш мүмкіндігі жоқ» [5; 614], — деп өтініш түсірді.

Парасатты ұстазының көмегімен облыстық земская стипендияға қолы жеткен талапты жас Петерборға келіп, қиын да ауыр конкурс емтихандарын кілең бестік бағаға тапсырып, өзі армандаған Жол қатынасы инженерлерін даярлайтын институтына 1900 жылы 21 жасында студент болып қабылданды.

Институт программасындағы сабақтарды өз құрбыларының алды болып, үздік оқыған Мұхамеджан, астананың мəдени тірлігіне жақын жүрді. Рухани дүниесін байыта түсті. Астанада жиі болып тұратын əр түрлі мəдени-əдеби кештерге, салтанат-жиындарға, саяси жиналыстарға қатысып, күннен күнге білімін толықтырып, шын мəніндегі зиялы азамат болып қалыптаса бастады. Əсіресе институттың соңғы курстарында оқып жүрген кезінде ол қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді кірісіп, туған халқының ауыр тұрмысы, мүшкіл халі туралы астана мінбелерінен мазмұнды баяндамалар жасады. Орыс баспасөзінде қандас бауырлары хақында проблемалы мақалалар жариялады. Патша үкіметінің жоғарғы басқару органдары мен əкімшілік басшыларына талап-тілек қойып, арыздар да жазды.

М.Тынышбайұлының 1905 жылдан бастап қоғамдық-саяси істерге қызу араласуы

М.Тынышбаев 1905–1907 жылдары Ресей империясының қоғамдық-саяси өміріне белсене араласа  бастайды.  Ол  Автономшылар  одағының  І  съезінде  1905  жылғы  19  қарашада      оқылған «Қазақтар жəне азаттық қозғалысы» деген баяндамасында Патша тарапынан жүргізіліп отырған отарлау саясатының тонаушылық сипатын ашып, соның салдарынан қазақ халқының тозғындап бара жатқанын ашына айтады: «Үкіметтің нені көздеп отырғаны түсінікті: біріншіден, жабайы жəне тағылық қуғын-сүргіндер жəне тілді, əдет-ғұрыпты, барлық өзіндік ерекшелікті қыспаққа алу арқылы қазақтарды дербес ұлт ретінде жою жəне бүкіл өлкені орыстандыру; екіншіден, түрлі əкімшілік шаралар,  пəрмендер  мен  ережелер   күшімен  қазақтарды  құқықсыз,  қауқарсыз,  заңсыз      тобырға

айналдыру; үшіншіден, оларды қаны төгіліп, сүйегі шашылған ежелгі өз атақоныс жерлерінен айыру, жəне құла дүз, қу далаға ажал аранына айдау. Қандай қанқұйлы зымиян мақсат?! Орыс бодандығын қантөгіссіз бейбіт қабылдағаны үшін, бұрынғы тəуелсіздігі мен бостандығының қарымына қазақтардың алған «сыйы», міне, осы! 1904 жылғы 12 желтоқсандағы Жарлық, Ішкі істер министрінің 19 ақпандағы Рескрипті жəне 17 сəуірдегі Жарлығы бойынша ата-бабалар дініне қайтадан кіруге толық бостандық беруге, діни сенімі үшін Сібірге айдалғандарды қайтаруға, жабылған мешіттер мен ғибадатханаларды ашуға, тағы басқа уəде етілді. Бірақ молдалар айдаудан қайтқан жоқ, мешіттер мен медреселер жабық тұр. Өз Патшаларының жарлығына мойынсұнбайтынын өкімет қасақана керсеткісі келгендей, дəл осы уақытта күшпен қолға түсірілген қазақ балалары православиені қабылдады деп жариялады... Барлық губернаторлардың бірауызды талабы бойынша Булыгин қазақтарды сайлау хұқынан айыруға тырысты; содан кейін сахарадағы қатты толқудың арқасында ғана үкімет қазақтармен санасуға мəжбүр болды, онда да əлдебір ерекше ережелер бүйірден қосақталды. Жеке адамдар мен ұлттардың теңдігі қайда қалды бұл жерде?

11 қарашада Семей жəне Павлодар уездері қазақтары мен татарлары өкілдерінің зорлық- зомбылыққа үзілді-кесілді қарсылығы мен үкімет уəделеріне сенімсіздігі білдірілген ұшқырхаты жарияланды. Түрлі қоқан-лоққыға қарамастан, Ақмола облысының қазақтары да табанды қимыл жасады... Семей облысындағы қозғалыс Жетісуға дейін жетті, мұнда Лепсі уезінің қазақтары 1000 адам қол қойған петиция жолдап, үкіметтің бүкіл екіжүзді саясатына қатты қарсылық білдіріп, өз талаптарын алға тартты... Бұл талаптар негізінен мыналарға саяды: халықтың өзін-өзі билеуі, ерекше заңдарды жəне əкімшілік пəрмендерді, генерал-губернаторлықты жою; крестьян бастықтары мен урядниктер институтын аластау; əскери басқаруды азаматтық басқарумен ауыстыру; сөз бен ар- ұжданның азаматтық бостандығы, Мемлекеттік думадағы өкілдіктің тепе-теңдігі; қазақтарға тиесілі жəне олардың пайдалануындағы жерлерді қазақтардың қауымдық меншігі деп тану т.б.

...Орыс бодандығындағы қазақтардың бастан кешкен жəне кешіріп отырған үздіксіз езгінің қысқаша тарихы осы...» [6].

Сол 1905 жылы Патша үкіметінің министрлер комитетіне жазған арызында Мұхамеджан Тынышбаев Патша үкіметінің қазақтарды билеу ережелерінің өмір талабына сай еместігін, қазақ халқының мүддесіне қайшы ережелер екендігін ғылыми тұрғыда дəлелдеп, елді əскери басқару жүйесінен азаматтық басқару жүйесіне көшіруді талап етті. Қазақ халқының ар-ұждан бостандығы, дін бостандығы, тең құқылығын күн тəртібіндегі басты мəселе деп түсіндірді. Ескірген ереже, таланған жер, күйзелген ел туралы министрлер комитетінің ойланар уақыты жеткендігін ескертті.

Студент қазақ жігіті нің батыл ой-пікірі, туған халқына деген ұлттық, патриоттық таза сезімі ізгі ниетті зиялы қауымды сүйсіндірсе де, отарлау саясатын іске асырып отырған Патша əкімшілігін сескендірді. Еркін ойлы, өр мінез дала перзентін Патша жандармериясының тыңшылары жасырын бақылауға алып, басқан ізіне аңду қойды.

Патша жандармериясының сақтығы сонша, Мұхамеджан алыстағы елінде демалыста болған кездерінде де тыңшылардың көзінен таса қалмады. Лепсі уезіндегі тыңшылардың оның елге азаттық пиғылдағы əдебиеттер мен баспасөздерді көптеп əкелетінін, орысша сауатты қазақтарға тарататындығын жоғарғы орындарға дер кезінде хабарлап отырғандығы тегін болмаса керек.

1906 жылы аталған институтты ойдағыдай бітіріп, елге оралған Мұхамеджан өлкедегі болып жатқан қоғамдық-əлеуметтік істерге батыл араласады. Ресей ІІ Мемлекеттік думасына Жетісу облысынан депутат болып сайланады. Қазақ депутаттарының Дума трибунасынан Столыпиннің аграрлық саясатын сынаған үндері естіледі. Əсіресе Бақытжан Қаратаевтың жасаған баяндамасы үлкен шу тудырады: «Дəл қазіргі Ресейдегі жер мəселесі ушығып тұрған жағдайда егіншілік жəне жерге қоныстандыру мекемесі тек шаруаларды қоныстандырып, Далалық облыстарға шақырып қана қойған жоқ, сонымен қатар қазақтарды топ-тобымен тұрған жерлерінен, үйлерінен қуып шығаруда, тіпті олардың көпшілік жағдайда ауыл, село болып отырықшылыққа үйреніп, егін салып отырған жерлерін тартып алып, қазақ халқының отырықшылыққа үйренген құнарлы жерлерінен ығыстырып тастады. Бұны мен ресми құжаттармен дəлелдей аламын. Əлі күнге дейін көпшіліктеріңізде қазақтар тек көшіп-қонып жүреді деген ұғым қалыптасқан. Жоқ, мырзалар, олай емес, көшіп жүретін қазақтар да, отырықшы қазақтар да бар. Ол Далалық облыстардың солтүстік уездеріндегі құнарлы жерлердегі қазақтар ондаған жылдар бойы отырықшылыққа үйреніп, егін егумен айналысады. Олардың бірі ағаштан үй салса, екіншісі саман кірпіштен салған, үшіншісі күйген кірпіштен, төртіншісі қарағайдан үй салған; бір сөзбен айтқанда, өз тұрмыс деңгейіне қарай əрбірінің тұрғын жəне шаруашылық үйлері бар. Егін егу — бұл отырықшы қазақтар тұрмысының негізгі көзі. Ал, мал бағумен айналысу егіншілікке қарағанда еңбекті аз талап етеді, ол қосымша шаруашылық түрі болып табылады. Сондықтан қазақтар отырықшылыққа үйренген соң, ондаған жылдар бұрын ең жақсы жерлерге орналасқан болатын: тұщы сулы көлдер мен суы тұщы өзендердің жағаларына қоныстанды. Жер мекемесі немесе жер бөлуші жəне жерге орналастырушы басқарма өкілдері шаруаларды Далалық облыстарға қоныстандырып, қазақтарды өздерінің жайлы орындарынан ығыстырып қуып шығумен айналысуда.

Мырзалар, мен шаруаларды Далалық облыстарға көшірудің сипаты туралы өз баяндамамды аяқтауға мүмкіншілігім жоқ, бірақ мен мынаны айтамын: Мемлекеттік дума əрқашан да есінде ұстасын, қазақтарды ығыстырып, олардың орнына Ресейдің ішкі жағындағы помещиктердің, 130 мың помещиктің мүддесі үшін шаруаларды қоныс аударуда. Қазақтар шаруалардың жерге деген сұранысын жеке меншіктегі жерлерді жою арқылы шешкісі келген оппозициялық фракцияларға əрдайым қолдау білдіретінін Дума түсінсін. Сіздер мынаны түсініңіздер, дəл қазіргі жағдайда қазақтарды жерінен қуып отырған жоқ, оларды тұрып жатқан үйлерінен қуып шығып,  олардың орнын шаруаларға босатып беріп, помещиктерді қорғап қалуда.

Орыс халқының еңбекші бұқарасы мен орыс интеллигенциясы бейшара қазақтардың жерлерін тартып алып қана қоймай, олардың тұрғын үйлерін, шаруашылық құрылыстарын тастап кетуге мəжбүр етуін тоқтатуға үн қосады деп сенемін. Осының барлығын дəлелдейтін менде көптеген статистикалық мəліметтер бар, бірақ, өкінішке орай, оны аяқтауға мүмкіндік жоқ [7].

1917 жылғы Ақпан төңкерісіне дейін Мұхамеджан өзінің темір жол инженері мамандығы бойынша біраз жыл қызмет етті. Инженерлік қызметін істей жүріп, ол ел өмірін жіті зерттеді. Өзінің байқаған, ой қорытқан кейбір мəселелері жөнінде əр түрлі тақырыпты қамтып, баспасөз бетінде мақалалар жариялап тұрды. Оның 1915 жылы «Қазақ» газетінде «Қазақ инженері» атты бүркеншік атпен жарық көрген «Соғысушы патшалар əскері», «Сүңгуір қайық», «Соғысушы патшалар қару- жарақтары» атты мақалалары қазақ оқырмандарына Бірінші дүниежүзілік соғыстың мəн-жайын кеңінен түсіндірсе, «Барлыбек Сырттанов», «Сəдуақас Шалымбеков» секілді мақалалары халқымыздың аяулы ұлдары туралы деректік мəні жоғары еңбектер болып табылады [4; 164–165].

Əсіресе Мұхамеджанның 1916 жылғы көтеріліс туралы Түркістан генерал-губернаторына берген түсініктеме нұсқасында оны кеңінен толғап, отаршылдық зорлық-зомбылық қимыл-əрекеттеріне қысқаша шолу жасауы — тобықтай түйіндеп айтылған зор ғылыми еңбек.

М.Тынышбаев — Алаш автономиясының бастау кезінде тұрған қайраткерлердің бірі

Мұхамеджан Тынышбаев Ə.Бөкейхановтың төңірегінде топтасқан қазақтың ұлттық- демократиялық көзқарастағы интеллигенциясы серкелерінің бірі ретінде 1907 жылдан 1917 жылдың жазына дейін қазақтың тұңғыш Алаш аталған партиясын құруға белсене араласты. Бірінші Жалпықазақ съезіне қатысып, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Түркістан өлкесінде Жұмысшы жəне солдат депутаттары кеңесінің билікті өз қолына алу жолындағы əрекетіне қарсылық танытты. Түркістан өлкесі мұсылмандарының Төртінші съезіне қатысып, онда құрылған Түркістан («Қоқан») автономиясының Уақытша үкіметінің төрағасы жəне Ішкі істер министрі болып сайланды. Көп ұзамай ол бұл қызметтерінен бас тартты. Оның орнына Мұстафа Шоқай тағайындалды [5; 614].

Алаш партиясының ұйымдастыруымен 1917 жылғы желтоқсанда Орынборда өткен Екінші Жалпықазақ съезінде ол ерекше белсенділік көрсетіп, сол съезде жарияланған Алаш автономиясының (Қазақ мемлекеттігінің) бастау көзінде тұрған қайраткерлердің бірі болды. Ол съезде сайланған Алашорда үкіметінің қатарына енді.

1919 жылдың соңы–1920 жылдың басына дейін М.Тынышбаев Кеңес үкіметінің озбырлық, зорлау саясаты мен іс-əрекеттеріне қарсы күреске қатысты: Жетісу облысында Алаш автономиясының қарулы күштері ретінде анықталған жəне «халықтық милиция» аталған жасақтарды қалыптастыруға, оларды мініс аттарымен, қару-жарақпен, киім-кешектермен қамтамасыз ету істерімен айналысты. Басқа алашшыл қайраткерлермен бірлесе отырып, Алашорда үкіметінің жетісулық бөлімшесін басқарды.

1919 жылдың көктемінде Қазақстандағы азамат соғысы майданындағы күштердің арасалмағы «қызылдардың» (Кеңес үкіметінің) пайдасына қарай ауыса бастады. Осындай жағдай ең алдымен өлкенің солтүстік өңірінде орын алды. Осындай хал-ахуал барысында Алашорданың Ахмет Байтұрсынов бастаған торғайлық тобы амалсыздан Кеңес үкіметін мойындап, В.И.Ленин    басқарған Ресей Кеңестік Социалистік Республикасының Үкіметі — Халық комиссарлар кеңесімен келіссөз жүргізуге мəжбүр болды. Кеңес үкіметінің басшысы, егер Алашорда жаңа билікті (пролетариат диктатурасы аталған жаңа саяси билікті) мойындайтын болса, Алашорда қозғалысына қатынасқандарға кешірім жасалады деп мəлімдеді.

Бұл кезде Жетісу майданындағы күштердің арасалмағы да шешуші түрде Кеңестік күштердің жағына ауысқан еді. Осындай жағдайда шетелдік эмиграцияға кетуден бас тартқан М.Тынышбаев 1919 жылдың соңына қарай өзінің жетісулық пікірлестері мен серіктестері Садық Аманжолов, Жұмахан Күдерин, Базарбай Мəметов, Мырзахан Төлебаев, Алдаберген Үмбетов, Білəл Сүлеев, тағы басқалармен бірге Ахмет Байтұрсынов басқарған Алашорданың торғайлық тобы сияқты Кеңес үкіметін амалсыздан мойындады [8].

1920 жылдан бастап М.Тынышбайұлы Кеңес үкіметінің жағына шығып, «буржуазиялық маман» ретінде Шымкентте, Қызылордада, Алматыда əр деңгейдегі шаруашылық мекемелерінде еңбек етті.

М.Тынышбайұлының жаңа заманға шын пейілімен қызмет етуі

Алашорда таратылып, Кеңес үкіметі тарапынан кешірім жасалғаннан кейін М.Тынышбаев өз халқына жаңа заманға адал ниет, шын пейілімен қызмет етті. Ол əуелі 1921–1922 жылдары Түркістан өлкелік жер-су министрлігінде су шаруашылығының бастығы болып істеді, ал 1923 жылы Шымкент қалалық су шаруашылығын басқарды, Түркістан каналының жобасын жасауға қатысты. 1925 жылы Қызылорда қаласының көркейту жүйесінің бастығы қызметін атқарды.

Мұхамеджан Тынышбаевтың есімін шартарапқа кеңінен əйгілеп, атын аңызға айналдырған, халық жадына ұялатқан əйгілі Түркістан-Сібір теміржолын салуға қосқан сүбелі үлесі, сіңірген ерен еңбегі еді. Мұхамеджан білікті инженер, ойлы экономист, іскер ұйымдастырушы, дарынды жобалаушы ретінде əр қырынан жарқырай көрінді.

Мұхаң 1926–1930 жылдары Түркістан-Сібір темір жолы құрылысында жобалаушы-инженер, учаске бастығы қызметін атқарды. Өйткені жаңа экономикалық саясаттың екпінімен 1926 жылдың желтоқсанында КСРО Еңбек жəне Қорғаныс Кеңесі Түрксіб темір жолын салу туралы Қаулы қабылдады. Оған «ұлы қоныстандыру идеясының кеңестік авторы» Алексей Иванович Рыков қол қойды. Үкімет тарапынан құрылған арнайы комитеттің төрағалығына РСФСР Халық комиссариаты кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов бекітілді. Ол дереу өзінің «өмірлік қамқоршысы» əрі «саяси дұшпаны» (өз сөзі) М.Тынышбаевты «жергілікті жағдай мен жер бедерінің білгірі, тəжірибелі инженер» ретінде қызметке шақырды. Шындығында да Орта Азия мен Қазақ даласының жер бедерін ондай білетін маман Ресейде жоқ еді. Өлкетанушы, жылы жүректі «тынышбаевшыл» Ф.Осадчийдің ғылыми айналымға түсірген хаттамасына жүгінсек, М.Тынышбаев Түрксіб құрылысында алғаш рет аэрофотосуреттерді қолданған. Соған сүйене отырып, ұзындығы 50–60 метрлік бірнеше жер асты жолдарын салуды, сондай-ақ бір составқа «біреуі алдынан тартып, екеуі — артынан итеріп жүруі» үшін үш паровоз тіркеуді қажет ететін Қордай асуының орнына Шоқпар жобасын ұсынады. Алматы – Қордай – Бішкек; Алматы – Шоқпар – Құланды – Бішкек жобасы талқыға түскенде М.Тынышбаев Шоқпар нұсқасын қолдап, «тескен таулардың» есебінен 26 миллион сом үнемдеуге əрі Қазақстанның 6 облысын өзара байланыстыруға ықпал етті. Оның бұл жобасы кейін «Березин жобасы» атанып кетті [9].

Бір қызығы, бұл жобаға қарсы шыққандар да болды. Олардың: «Сендер бес жылда да бітіре алмайсыңдар», — деген сəуегейлігіне қарамастан, 1930 жылы 28 сəуір күні жобаланған мерзімінен 540 күн бұрын ұлы жолдың соңғы шпалы төселді. 1931 жылы 1 қаңтар күні ресми түрде пайдаланылуға берілді» [10].

Өкінішке орай, үш күнге созылған бұл салтанатқа жалпы сомасы 26 миллион сомнан астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берген, соның нəтижесінде мерзімнен бір жыл бұрын пайдалануға берілген жобаның авторы Мұхамеджан Тынышбаев қатыса алмады. Оның қатысуға құқығы да жоқ болатын. Өйткені Мұхаңды «Түрксіб» теміржолының тағаны төселіп біткенше «қалпақ астында» ұстады да, тура салтанатты ашылу рəсімінің қарсаңыңда қақпайлап шетке шығарды. «Алашорданың», Уақытша үкіметтің қайраткері, Қоқан Республикасының Премьер-министрі, Кеңес үкіметіне теміржол салуға белсенді түрде қатысты дегізу — асқан «саяси сауатсыздық əрі арандатушылық, Кеңес үкіметінің беделін түсіретін идеологиялық қастандық əрекет» болып саналды [11].

Сөйтіп, «Алашорда» көсемінің Кеңестік құрылыстың авторы атануының өзі «саяси қылмысқа» жатқызылды. Кезінде жоғарыдағы жоба «халық жауының қастандық əрекеті» ретінде бағаланды. Ал, мұндай «қастандық əрекеті» үшін М.Тынышбаевтың тергеуге тартылмауы мүмкін емес еді. Сондықтан да 1930 жылы ол түрмеге қамалды.

Мұхамеджанның қазақ халқының арғы-бергі тарихына қалам тартуы

Халыққа азаттық əпермек болған істерінен нəтиже шықпай, кеше өзі қарсы болған «қызылдарға» қызмет етуге мəжбүр болған Мұхамеджан бар күшін халықтың тарихи санасын қалыптастыруға жұмсап, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысады. Қазақ халқының арғы-бергі тарихына қалам тартып, бүгінгі күндері де маңызын жоймаған зерттеу еңбектерін жариялайды. Қазақ шежіресін түзейді [12].

Ташкент қаласында қазақ педагогикалық институты ашылуына орай, 1924 жылы оқытушылық қызметке арнайы шақырылған Мұхамеджан математика пəндерінен дəріс оқыды, ғылыми əдістемелік оқулықтар дайындады. Педагогтік қызметін ғылыми жұмыстармен ұштастыра отырып, Қазақстанда зерттеу қоғамының жұмысын жандандыруға сүбелі үлес қосты. Əсіресе ғалымның Чулошниковтың қазақ халқының тарихы туралы жазған еңбегіне алғашқылардың бірі болып сын айтып, орнықты, дəлелді пікір ұсынып, рецензия жазуы ғалымдар тарапынан жоғары бағаланды. Атақты шығыс зерттеушісі В.В.Бартольдт қазақ инженерінің ерекше талантына таң қалды. Оған қазақ халқының тарихын кең көлемде зерттеуге бағалы кеңестер берді. Осыдан кейін М.Тынышбаев қазақ тарихына қатысты мол деректер жинап, қазақ шежірелерін ғылыми жүйеге түсіруге талпыныстар жасады.

М.Тынышбайұлының «Материалы к истории киргиз-казакского народа» [13]; «Киргиз-казаки   в XVII  и  XVIII  веках»  (Дополнение  к  «Материалам  к  истории  киргиз-казакского  народа»)     [14];

«Актабан-Шубырынды» (Великие бедствия и великие победы казаков») [15] секілді шежіре ғылыми еңбектері, ондаған мақалалары осындай талпыныстан туған еді. Ол бұл еңбектері арқылы Шəкəрім қажы Құдайбердиевтің шежірешіл үлгісін жаңа сатыға көтерді.

Қазақстанды зерттеу қоғамының құрметті мүшесі болып сайланған Мұхамеджан Сырдария бөлімшесінің мəжілістерінде тарих, археология, этнография салаларында мазмұнды дəрістер оқыды.

Ғалымның «Абылай», «Жошы ұлысы», «Түріктің ескі тарихы» (XIII ғасырға дейін), «Шыңғыс» хан һəм оның патшалығы» атты дəрістері кезінде жоғары бағаланған еңбектер. Өкінішке орай, бұлардың түп-нұсқасының тағдыры əзірге белгісіз болып отыр. Сол сияқты қазақ тілінде шығатын кітаптардың 1927–1928 жылдардағы тақырыптық жоспарына енген, көлемі 15 баспа табақ «Қазақ шежіресі» атты еңбегі де жоғалған. Ғалымның 1924 жылы «Сана» журналында жарық көрген «Мырза Едіге батыр» атты зерттеуі өзінің ғылыми тұжырымдарының дəлдігімен назар аударады [4; 167].

Тарихи мамандықты арнайы білімі болмаса да, жүрегі сүйіп таңдаған Мұхамеджан Тынышбаев қаламынан туған жоғарыда аталған еңбектердің көпшілігі қазіргі кезде де ғылыми  маңызын жоғалтқан жоқ.

М.Тынышбаевтың сталиндік репрессияның қанды пышағына ілігуі

1927–1930 жылдары ұлт басына төнген қауіпті жан-тəнімен сезінген Алаш көсемдері халықты төніп келе жатқан ашаршылық пен ұлттық ыдыраудан құтқарудың жолдарын барынша жанталаса қарастырды. Мұны қас қақпай бақылап отырған Кеңес орындары дереу «Кеңес өкіметін қарулы көтеріліс арқылы құлату мақсатында ұйымдасқан «Алашорда» қайраткерлерінің контрреволюциялық, террористік астыртын кұпия ұйымын əшкерелеу» туралы қылмыстық іс қозғады. Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Ғаббасов, Е.Омаров, М.Есполов, Х.Болғанбаев, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев басған бірінші топтағы 41 адамның тергеу ісі 1927–1930 жылдары арасында жүргізіліп, үкім шығарылған соң, Мұхамеджан Тынышбаев бастаған «ұлы құрбаңдықтың» екінші легі, 30 адам, түрменің торына түсті.

Осы тергеу ісіндегі басты нысаналы тұлға болып қарауылға алынған  М.Тынышбаев туралы Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары А.Тілеулиевтің 1972 жылы 18 ақпандағы    Партия    институтының    директоры    С.Б.Бейсембаевқа    жолдаған    кұпия     хатында:

«Тынышбаев Мұхамеджан... қазақ, партияда жоқ, мамандығы инженер. Қазақстандағы бұрынғы ОГПУ   мекемесі   оны   «Алаш»   партиясын   құрушылардың   бірі,   Мемлекеттік   думаның мүшесі, «Алашорда» үкіметінің мүшесі, Уақытша үкіметтің комиссары ретінде 1930 жылы 3 тамызда тұтқынға алған. 1932 жылы 20 көкекте сотталған» [16], — деп көрсеткен.

М.Тынышбаевтың «Таңдамалы» жинағындағы алғы сөзінде зерттеуші Гүлбану Жүгенбаева Алаш көсемінің тағдыры туралы: «М.Тынышбаев алдымен Воронеж қаласына жер  аударылды. Мұнда  ол  зайыбы  Əмина  Ибрагимқызы  Шейх-Əли  жəне  кенже  ұлы  Дəулетпен  келіп,   Москва– Донбасс темір жолы құрылысында жұмыс істеді. Жер аударылу мерзімі 1935 жылдың жазында аяқталған соң, М.Тынышбаев қуғын-сүргіннің мұнымен тоқтамайтынын жақсы түсініп, зайыбы мен баласын Уфа қаласындағы Əмина Ибрагимқызының туыстарына жібереді. Өзі Батыс Қазақстанның территориясы арқылы Ташкентке, үлкен қызы Фатанад-Бануге келеді. Ташкентте көп аялдамай, Қандыағаш–Гурьев темір жолы құрылысына жұмысқа орналасады. Бірақ денсаулығының нашарлауына байланысты ұзамай Ташкентке қайтып оралады. Сонда оны 1937 жылы 21 сəуір күні Өзбек ССР-і Ішкі істер халық комиссариаты тұтқынға алды» [17], — деген мағлұмат берген.

Сонымен, əмбебап ғалым, халқымыздың біртуар перзенті өзінің басқа тағдырластарымен бірге 1937–1938 жылдары жүзеге асырылған «үлкен террордың» құрбаны болып кете барды.  Ол 1938 жылы Ташкент түрмесінде атылды.

Түйін

Қатыгез қоғам жазықсыз көзін жойған азамат кейін екі рет — 1959 жылы жəне 1970 жылы ақталды. Амал нешік, өз арамыздан шыққан əсіреқырағы саясатшыларымыз М.Тынышбаев «саяси ақталған» жоқ деп, оның аяулы есімі мен айтулы еңбегін туған халқымен қайта табыстыруға жол бермеді [4; 167].

Тек еліміз Тəуелсіздік алғаннан кейін ғана оның асыл есімі мен ғылыми мұрасы қайтадан халқымен қауышты. Оның есімімен бұл күндері Алматы қаласы мен туған жерінде көшелер, ірі оқу орны аталады. Ол туралы ғылыми-зерттеу еңбектер, көркем шығармалар жазылуда.

Қорыта айтарымыз — туған халқының болашағы үшін соңғы демі біткенше аянбай еңбек етіп, артына үлгі боларлық тамаша іс, кəделі ғылыми еңбектер қалдырған Мұхамеджан Тынышбаев — халқымыздың тарихында өзіне лайық орны бар ірі тұлғалардың бірі.

 

 Әдебиеттер тізімі:

  1. Kultanulу A., Tahauly T.B. Muhamedzhan Tynyshbayuly //Ana tili. — 1992. — № 14 (107). — April, 9. — P. 4,5.
  2. Rysbay K. Istoriya of the Republic Kazakhsta. — Almaty: Publishing house of the accelerated release of literature, 2005. — Р. 151.
  3. Eskendirulу (Abdeshev) M. Ministers «Alash Ordy». — Almaty: Fund. Altynbek Sarsenbayuly, 2008. — Р. 42,
  4. Baygaliyev B. Mukhamedzhan Tynyshbayev // Zhuldyz. — 1991. — №
  5. National encyclopedia of — Vol. 8. / Editor-in-chief B.Ayagan. — Almaty: Main edition «Encyclopedia of Kazakhstan», 2006. — 704 p.
  6. Tynyshbayev M. Kazakhs and liberation movement // Zhuldyz. — 2003. — № 4. — P.
  7. Caen Century, Shayakhmetov N.U. History of Kazakhstan: Textbook. — Almaty: Almatykitap, 2007. — Р. 158,
  8. Nurpeis K. Figures Alash from Semirechya // Тhe Cossack tarihy. — 2006. — № 2. — P.
  9. Zhurtbay T. «To auls (villages) of Kazakhs civil war …» //Akikat is declared. — 2010. — № 12. — P. 82,
  10. Osadchy F. The first Kazakh engineer in the field of the railways // Orken. — 1989. — August, 12. — P.
  11. Zhurtbay T. A war-call — Alash!: Book the second // Zhuldyz. — 2011. — № 5. — P.
  12. Historic figures. Popular scientific series / Originators B.Togysbayev, A.Suzhikova. — Almaty: Almatykitap, 2006. — Р.
  13. Tynyshbayev M. Materials to history the Kirghiz — Kazakh People / M.Tynyshbayev. Great disasters... (Aktaban- Shubyrynda). — Alma-Ata: Zhalyn, 1991. — P. 5–81.
  14. Tynyshbayev M. Тhe Cossack Kirghiz in XVII and XVIII centuries (Addition to «Materials to history of the Kirghiz- kazaksky people») / M.Tynyshbayev. Great disasters... (Aktaban-Shubyrynda). — Alma-Ata: Zhalyn, 1991. — P. 83–96.
  15. Tynyshbayev Aktaban-Shubyrynda (Great disasters and great victories of Cossacks) / M.Tynyshbayev. Great disasters... (Aktaban-Shubyrynda). — Alma-Ata: Zhalyn, 1991. — P. 137–149.
  16. Zhurtbay T. Question about the earth and policy of punishment // Turkestan. — 2010. — August, 19. — P.
  17. Zhurtbay T. A war-call — Alash!: Book vory // Zhuldyz. — 2011. — № 7. — P.142

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.