Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Алашорда үкіметінің Батыс бөлігі жетекшілерінің бірі, көрнекті қоғам қайраткері Жаһанша Досмұхамедов

Кіріспе

Халқымызда «өшкені жанып, өлгені тірілді» дейтін қанатты сөз бар. Жетпіс жылдан астам уақыт аттарын атауға тыйым салынып, еңбектерін архивтің шаң басқан сөрелерінен шығартпай қойған солақай саясаттың заманы өтіп, бүгінгі тəуелсіздік тұсында Алаш арыстарының рухы халықпен қайта қауышты. Бүгінде Алаш қайраткерлерінің қайсыбірінің аты аталса да, өткен ғасырдағы зиялылардың тағылымды істері кісіні еріксіз толғандыратыны бар.

Қазақтың Ресей патшалығы құрсауынан босаған шақтағы өз жолын іздеу үдерісіне атсалысқан тұлғалар шоғыры қомақты. Солардың бірі — Батыс Алашорданы құруға белсене атсалысқан, Ресей империясы округінің орынбасар-прокуроры дəрежесіне дейін көтерілген, юстиция (əділет) генералы мəртебесіне жеткен Жанша (Жаhанша) Досмұхамедов.

Өкінішке орай, Алашорданың Батыс бөлімі туралы зерттеулер əзірге аз. Алашорда  үкіметі, соның ішінде оның Батыс бөлімі жайында құнды мəлімет беретін еңбектің бірі «Жизнь национальностей» деп аталған газеттің 1921 жылғы 3 қарашадағы № 20 (118) нөмірінде Тер-Погос Асетисовтың мақаласы жарияланған. Автор қазақ зиялы қауымының қалыптасу эволюциясына тоқтала келе: «1918–1920 жж. «Алашорда» атты ұлттық мемлекет құрылып, кейін оның екіге бөліну себебі бірін-бірі түсінбеушіліктен емес, қазақ жерінің кеңдігінен болды»,— дейді. Осы еңбекте Батыс Алашорда алғашқы күннен-ақ Орал мен Орынбор казактарымен, башқұрттарымен бірігіп, Кеңес үкіметіне қарсы жəне елде мобилизация жариялап, əскер құрғаны жайлы мəліметтер берді [1; 16].

Тоталитарлық жүйенің толық орнауы отандық тарихнамада 1930 жылдардың ортасынан 1980 жылдардың соңына дейін Алаш қозғалысы туралы зерттеулер жүргізуге мүмкіндіктер бермеді. Сондықтан да кейінгі жылдары ел тарихындағы ақтаңдақ беттердің бірі жəне бірегейі саналатын Алашорда үкіметінің Батыс бөлігін басқарған ұлт қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтің есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында Оралда Жаһанша Досмұхамедов атындағы «Қайраткер»  қоғамдық қоры құрылды. Қала орталығынан қайраткерге көше атауы берілсе, Оралдағы педагогикалық колледжге Жаһанша Досмұхамедовтің есімі берілді.

2012 жылы Астанадағы Күлəш Байсейітова атындағы Ұлттық опера жəне балет театрында Алашорда көсемдерінің бірі Жаhанша Досмұхамедовтің 125 жылдық мерейтойы аталып өтті. Салтанатты кешке Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне ақпарат министрі Дархан Мыңбай қатысып, сөз сөйледі. Министр өткен ғасырдың басында ұлт мұратына қызмет еткен Алаш қайраткерлерінің ел тарихындағы еңбегі мен олардың өскелең ұрпаққа берген тағылымы жайында айтып өтті.

Ол Алаш қайраткері Жаhанша Досмұхамедов қазақ халқының оқу-білімге ұмтылуына жол ашып, білім алып жатқан қазақ балаларына стипендия бергізіп, қазақ тіліндегі оқу құралдарының көптеп шығуына үлес қосқанын, тəуелді болудан құтылудың төте жолы оқу екенін жақсы түсінгенін жəне өз халқының алдыңғы қатарлы дамыған ұлттар тəрізді білімге ұмтылғанын, қалағанын тілге тиек етті. Қазақ сахарасындағы ең құнды құжат Тəуке ханның «Жеті жарғысын» қазақтың тұңғыш заңдар жинағы ретінде көрсетіп, түркі жұртшылығына дəлелдей білгенін де атады. Шешендігі жайында сөз еткенде, оның шын мəнінде алғыр ойлы болғанына тоқталды: «Жаhанша Досмұхамедов саясаткер ретінде Алашорданың Батыс бөлігін басқарып, қазақ сахарасында орныққан саяси жəне экономикалық ахуалды реттеп отыруға күш-жігерін салды. «Алаштың бірігуіне, Батыс өңіріндегі Алаш жұртын сақтап қалуға, дамытуға үлкен еңбек сіңірді. Орта Азияда, Қазақстанда түпкілікті ұлттар мен этностардың мекендейтінін ескере отырып, осы халықтарды бір-бірімен өзара біріктіру саясатын қолдады. Алаш арысы мемлекет құру үшін ең əуелі мемлекеттік аппарат қалыптастырудың маңызды екеніне баса назар аударды. Ол бұл жөнінде «мемлекеттік билік əзірге үстемдік құрған кезде қазақ халқы өзін сақтап қалу үшін мемлекеттік аппаратқа қол жеткізуі тиіс» деген ұстанымын жұртшылыққа жария етіп, сол аппараттың қалыптасуына үлкен еңбек етті», — деді министр [2].

Мерекелік жиында Жаhанша Досмұхамедовтің дербес мемлекет құрудағы сіңірген еңбегі, 1918 жылы мамырда «Ойыл уəлаяты» деп аталатын тұңғыш аймақтық автономияны жариялағаны, Үкімет төрағасына сайланып, Премьер-Министр жəне Əскери істері министрі қызметтерінде болғаны аталып өтілді.

Алаш қайраткерінің өмірбаянына қатысты жүргізілген зерттеулер

Бүкіл саналы ғұмырын ұлтының азаттығы жолына бағыштаған Жаhаншаның əкесі Досмұхамед Жайық өңіріне аты мəлім, дəулетті, көзі ашық, көшелі кісі болыпты. Ал анасы Рабиға атақты Сырым батырдың елінен шыққан көрегенді, ағайынға қолы ашық, қайырымды жан екен. Жаншаның асқан шешендігі осы нағашы жұртынан жұққан болуы мүмкін. Осындай əулетте дүниеге келген Ж.Досмұхамедұлы жастайынан зерек, алғыр болып өсті. Оның өмірбаянына қатысты соңғы жылдары жүргізілген кейбір зерттеулерге көңіл бөлген жөн.

Ұлттық энциклопедияның үшінші томында мынадай деректер келтірілген: «Досмұхамедов Жанша (Жаhанша) (1886, қазіргі Батыс Қазақстан облысы, 1932) — Алаш қозғалысының қайраткері, заңгер, 1912 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітіріп, Томск округтік сотында 1917 жылдың ақпанына дейін қызмет істеді» [3; 277].

М.Ескендірұлының «Алаш Орда» министрлері» атты кітабында мынадай мəліметтерді оқуға болады: «Ол 1887 жылы Орал облысы, Орал уезі, Жымпиты болысының № 1 ауылында дүниеге келген.

1899 жылы тамыз айында Орал əскери-реалдық училищесіне түсіп, онда 1905 жылы 31 мамырға шейін толық курсын оқып бітіріп, сол жылғы 27 қарашада № 991 аттестатпен 1906 жылы тамыз айында, Орал облысының стипендиаты ретінде Мəскеу университетінің заң факультетіне түсіп,   оны

№ 175 бітіру куəлігімен 1910 жылы 4 наурызда бітіріп шыққан. Осы жерде айта кететін бір нəрсе, энциклопедиялар мен əдебиеттерде Жаншаның «туған жылын жəне жоғары оқу орнында оқыған жері Санкт-Петербург университетін 1912 жылы бітірген» деп қате көрсетілген. Ол ауыз дерекке негізделсе керек.

Дұрысы: ұзақ жылғы ізденіс, көп машақатпен зорға дегенде алдырылған Жаншаның төңкеріске шейін толтырылған жеке ісінде жоғарыда келтірілген мəліметтер болып табылады» [4].

Зерттеуші Т.Қажыбай «Алаштың ардақты азаматы еді» мақаласында былай жазады: «Ол 1887 жылы Орал облысы Жəмбейіт болысына қарасты № 1 ауылда малмен күнін көрген Досмұхамедтің отбасында дүниеге келді. Жəмбейіттегі екі кластық ауылдың орыс-қазақ  мектебін тəмамдап, Оралдағы əскери училищенің даярлық класына, артынан, яғни 1899 жылы оның толық құқықты оқушысы болып қабылданды. Бұл училищені қалай тамамдағаны жөнінде материал табылған. Онда шəкірттің «сызу» мен «француз тілі» пəнінен, басқа он шақты пəнді «4» пен «5-ке» оқығандығын аңғарамыз. Сондай-ақ Мəскеудегі Император университетін бітіргендігі жөніндегі дипломы да сақталған. Жаншаға азаматтық құқық, қылмыстық құқық, мемлекеттік жəне əкімшілік құқық, сондай- ақ шығармадан кілең «5-ке» тапсырғандығы үшін І дəрежелі диплом табыс етілген. Осы құжатқа қарап, Жаншаның Санкт-Петербург университетін бітірген деген пікірдің жансақтығын аңғарамыз.

Қыр баласына Мəскеуде оқу, өзін асырау, пəтерақы төлеу, оқулықтар сатып алу оңайға түспегендігі өзінен өзі түсінікті. Əйтсе де білімге деген зор іңкəрлік оны алған бетінен қайтара алмаған. Оның сыдырғы ашқұрсақ болып жүрсе де оқуына Орал облыстық земствоның босатқан қаржысы өз септігін тигізді. Осы қаржының өтеуі үшін ол күні ертең Оралда қызмет етуге тиіс болатын. Бірақ үздік оқығандықтан, Жанша бұл міндеттен босатылды [5].

В.Ғайнуллина жоғарыда келтірілген мəліметтерді былай толықтырады: «Оның туған жылы жөнінде əр түрлі деректер айтылып келді. Ал негізгі құжатты дерек — Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан алынған № 424-інші Тергеу хаттамасы. Бұл хаттама 1930 жылдың желтоқсанында Ж.Досмұхамедовтің өз қолымен толтырылған. Онда Жаhанша: «Мне 43 года»,— деп жазған. Жылдармен салыстыра есептегенде, оның туылған жылы жоғарыда аталған жылға сəйкес келеді. Ал Халел Досмұхамедовтің қызы Қарашаш Халелқызының айтуына қарағанда, оның туған күні 28 маусым болса керек» [1; 16].

ХХ ғасыр басында еліміздің барлық өңірінде жаппай орын алған белсенді ұлт-азаттық қозғалыс легіне араласқанға дейін, Жаhанша Досмұхамедов патшалық сот органдарында қызмет атқарып, маңызды мемлекеттік іспен шұғылданған. 1910 жылы университет бітіріп, Орал облысына  келген соң, Орал аумақтық сотының жанындағы сот лауазымына үміткер ретінде қызмет атқарып, бітімгершілік соты жəне қылмыстық бөлім хатшысы көмекшісінің міндеттерін орындаған. 1912 жылдың жазында Барнаул уезінің 10-учаскесіндегі бітімгершілік сотының міндеттемелерін орындау үшін іссапарға шығып, кейін Омбы сот палатасына аға үміткер ретінде ауыстырылды. 1913 жылы аталған лауазым бойынша Змеиногорск уезінің 1-учаскесіне жəне осы жылдың күзінде Барнаул қалалық прокуратура органдарына шақырылып, 1914 жылдың наурыз айында Каин уезі бойынша Томск округтік сотында прокурордың орынбасары қызметіне тағайындалды. Осы міндетті атқарып жүріп, ол əділет генералы шенін иеленді [6; 5].

1915 жылғы «Памятная книга Томской губернии» («Томск губерниясының естелік кітабы») атты кітапқа Томск губернаторының нұсқауымен губернияның көрнекті қайраткерлерінің аты-жөні енгізілген. «Прокурорлық қадағалау» бөлімінде Ж.Досмұхамедұлының да есімі тұр.

Ресей заңдарын терең білуі, адалдығы мен шынайылығы арқасында қазақ заңгер өзі жүрген ортада өте танымал болды.

Жаhаншаның мықты заңгер екенін өз отандастары да жақсы білетін. Мысалы, Гурьевте (Атырау) атышулы сот процесі тағайындалған кезде танымал, белді заңгер Б.Қаратаев адвокат болуға өз келісімін беріп, прокурор ретінде заңдылықты қамтамасыз ету үшін Томск қаласына Ж.Досмұхамедұлы үшін арнайы хабарлама жолдаған [7; 20].

Жанша Досмұхамедов қазақ жұртынан шыққан тұңғыш прокурор болды. Көп зерттеулерде Жаhанша мен Халел Досмұхамедовтер есімдері қатар аталады. Олар бір-біріне ағайын адамдар емес. Өзара мүдделестер, бір мақсат-идея мен ой-пікірдегі адамдар болған.

Жаhаншаның саяси күреске бел байлауы

1917 жылдың атышулы Ақпан төңкерісінен бастап Ж.Досмұхамедов саяси іске батыл араласады. Сол жылдың сəуірінде Жанша Орал облыстық атқару комитетінің төрағасы Ғұбайдолла Əлібековтің шақыруымен осы өлкеге келеді.

19–22 сəуір аралығында Орал қаласында облыстық Қазақтардың бірінші съезі өтті. Съезге 800 делегат қатысты. Съезд өз жұмысына тыңғылықты дайындықпен келді. Атқарушы комитет пен Ұйымдастыру бюросы съезге дейін Уақытша облыстық қазақ комитетін құрды. Оның төрағасы болып Ғұбайдолла Əлібеков тағайындалды.

Съезді Ғ.Əлібеков құттықтау сөзбен ашып, съездің төрағасы жəне оның екі орынбасары мен үш хатшысын сайлауды ұсынды. Төраға болып Жаhанша Досмұхамедов, орынбасарлары болып Ғ.Əлібеков пен А.Қалменов, ал хатшылыққа Ғ.Жетпісов, Х.Ахметшин, Н.Арғыншиев сынды азаматтар сайланды.

Ғ.Əлібековтың ұсынысымен съезд жұмысы күн тəртібінің алғашқы үш мəселесін: мемлекетті басқару түрі; Уақытша үкіметке қарым-қатынас; соғысқа көзқарас туралы мəселелерді талқылады. Делегаттар монархияны түпкілікті құртуды қолдап, «демократиялық республика идеясы, ұлттық- территориялық федерация мəселесін басы ашық мəселе ретінде кейінге қалдыруды» ұсынды. Съезд Уақытша үкіметті «жарияланған бағдарламаны іске асыру жəне демократиялық мүдделерді қорғау бағытында қызмет атқарған жағдайда ғана қолдайтынын» ескертті. Уақытша үкіметтің соғыс жөніндегі көзқарасы көпшілік жағынан қолдау таппады [8; 179].

Съездің үшінші күнгі жұмысында Халел жəне Жаhанша Досмұхамедовтердің қазақ облыстарын басқаруды қайта құру жəне «Орал облысының далалық бөліктерін басқарудың уақытша ережесі» туралы баяндамасы талқыланды. Онда ауылдар мен болыстар, уездер, облысты басқару мен билік органдарының құрылуы жəне қызметі туралы нақты нұсқаулар 100-ден астам тармақтар мен ережелерде көрсетілді. Құрылым тармақтарын жан-жақты талқылау нəтижесі билік органдарының міндеттері  мен  басқарудың  ең  күрделі  мəселелерін  шешіп,  өзін-өзі  басқарудың  қажет     екендігі дəлелденген. Екінші жағынан, бұл автономия құруға дайындық жұмыстарының бастамасы болатын [8; 180].

Жаhаншаның ұсынысы бойынша, облыстық съезд мынадай шешімдер қабылдады [9]:

  1. Ресей халықтарын құлдықта, қараңғылықта ұстаған монархия жойылсын.
  2. Ресейде демократиялық республика орнату идеясын түгел қуаттай отырып, қазақ халқына ұлттық-территориялық автономия беруді талап ету.
  3. Қазақ жеріне келімсектерді жіберуді тоқтатып, жерді қазақтарға қайтару.
  4. Бұрынғы бюрократтық-əкімшілік жүйесі жойылып, оның орнына қазақ жерінде халық сайлаған өкілетті комитеттер құру.
  5. Халық ағарту ісін қанағаттанғысыз деп тауып, мұғалімдер съезін өткізу. Оралда гимназия бағдарламасы негізінде қазақ балаларына арнайы оқу орнын ұйымдастырып, оны қазақ қаражатына салынған бұрынғы кəсіптік мектептің үйіне орналастыру белгіленсін.
  6. Қазақ тілінде газет, кітапшалар шығару шаралары жүзеге асырылсын.

Съезде облыстың қазақ комитетінің құрамына мыналар сайланды: Ж.Досмұхамедов, И.Таңберменов, Х.Тасымов, Т.Сыпырболиев, И.Мұқанов, Д.Сəрсенбаев, Ғ.Əлібеков, Д.Күсіпқалиев, Б.Жанқадамов, Р.Қаржаубаев, Д.Жұлтызов, Х.Досмұхамедов, И.Топаев, И.Əбенов, К.Жəленов, Ғ.Есенғұлов, С.Қаратілеуов, Б.Жұмағалиев, С.Омаров, Б.Тілепов.

Съезд халық арасындағы беделі жоғары қайраткерлер — заңгер Ж.Досмұхамедов, дəрігер Х.Досмұхамедов жəне заңгер Ғ.Əлібеков сынды азаматтарды Жалпыресейлік Мұсылман съезіне Мəскеуге делегат ретінде жіберетін болып шешті.

Ж.Досмұхамедов Жалпыресейлік Мұсылмандар съезінде ерекше белсенділігімен көзге түсті. Ол мұсылман істерін басқаратын «Шуро-и-Ислам» комитеті төрағасының орынбасарлығына   сайланды.

«Шуро-и-Ислам» ісімен Мəскеуде біраз болды.

Жаhанша 1917 жылы жазда жəне желтоқсанда өткен І жəне ІІ Жалпықазақ съездеріне Орал қазақтары атынан делегат болып қатысып, соңғы съезде Алашорда үкіметіне мүше, «Шуро-и- Исламға» ІІ Жалпықазақ съезі атынан өкіл болып сайланды.

Тарихи деректер сыр шерткендей, ІІ Жалпықазақ съезінде автономияны жариялау төңірегінде болған қызу айтыстарда Халел жəне Жаhанша Досмұхамедовтер бірден қазақ автономиясын жариялауды талап еткен батыл ұстанымда болды. Ə.Бөкейханов Қазақстанды мекендейтін орыстардың еркін білмейінше автономияны жариялауды кідірте тұрудың қажеттігін айтады. Дегенмен, ұлттық, халықтық мүддені жеке басының саяси ұпай жинауынан жоғары қойған Ə.Бөкейханов басқарған съезд делегаттары «Алаш» автономиясын жариялауға байланысты ортақ келісімге келеді.

Алашорданың Батыс бөлімінің құрылуы

1918 жылы 1 сəуірде Халел жəне Жаhанша Досмұхамедовтер Мəскеуге барып, Орталық Кеңес үкіметінің басшысы В.И.Ленинмен жəне Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездеседі. «Алашорда» атты ұлттық автономиялық үкімет құрылғанын, «Алашорда» үкіметінің төрағасы Ə.Бөкейханов екенін мəлімдейді. Бірақ «Алашорда» мемлекетінің қойған талап-тілектерін Орталық Кеңес үкіметі толықтай мойындамайды.

Осынау аласапыран заманда Алаш арыстарының ішінде дербес мемлекет құру ісін барынша жедел қолға алып, қалған мəселелер сол мемлекет шеңберінде шешілуі тез болады деген пікір ұстанған азамат — ол кəсіби заңгер Жанша Досмұхамедов болатын. Сондықтан да Мəскеуден қайтып оралған бойында Жаhанша мен Халел қазақтың Батыс аймағын басқаратын үкімет құруға кірісті.

«Ойыл уəлаяты» Уақытша үкіметі — ХХ ғасырдың басында Жайық өңірінде орнаған мемлекеттік- автономиялық құрылым болды. Ол 1918 жылдың мамыр айының соңында Жымпитыда өткен IV Орал облыстық қазақ съезінің қарарымен құрылды.

Ешкімге бағынышты болмаған сол тұңғыш Қазақ үкіметінің құрамы төмендегідей болды:

  1. Үкімет төрағасы — Жанша Досмұхамедұлы, Премьер-министр жəне əскери істер министрі қызметін атқарды.
  2. Үкімет мүшелері: Халел Досмұхамедов — төрағаның орынбасары; Дəулетше Күсепқалиев — Үкімет кеңесін басқарды; Жанқожа Мергенов — Ішкі істер министрі; Салық Омарұлы (Сырым батырдың ұрпағы) — жер шаруашылығы министрі; Хазірет Сағидолла Ізтілеуов — Рухани істер министрі; Иса Қанжасаров Қаржы министрі қызметін атқарды [10].

Сөз жоқ, қазақ жеріндегі Алаш қозғалысының тарихында «Ойыл уəлаятының» Уақытша үкіметінің алатын орны ерекше. Мемлекеттіліктің алғашқы нышандарын белгілеп, оны қалыптастыруға ұмтылыс жасаған жас ұлттық үкіметтің жан-жақтан анталаған сыртқы жəне ішкі саяси қарсыластарына төтеп беруі оңайға түспеді. Бір жағынан, Кеңестік үкіметтің саяси қыспағы, екінші — казактардың ала шапқын шабуылы елдің бейбіт жолмен өз тағдырын айқындауына мүмкіндік бермеді. Бірақ ұстанған негізгі тұғырнамасы Əлихан Бөкейханұлы бастаған Алашорда үкіметінің идеясымен ұрандас болған Жанша Досмұхамедұлы, Халел Досмұхамедұлы, Дəулетше Күсіпқали сияқты жəне т.б. қазақ зиялылары ұлттық мемлекет ретінде автономиялық дербестік алу бағытындағы қажырлы күресін тоқтатпады. Олардың ұстанған саяси бағыты тұтастай сол Батыс өңірінде алаштық қозғалыстың толқуына түрткі болды. 1918 жылы мамыр айында құрылып, бар- жоғы төрт айдай ғана өмір сүрген Ойыл алашордалық Уақытша үкіметі алдына қойған мақсатын толықтай орындап шығуға мүмкіндігі жетпесе де, мемлекет ретіндегі құрылымдарын айқындады, шекарасын белгіледі, құрамына отыз қазақ болыстарын кіргізді, өзінің рəмізі — жасыл түсті, жарты ай белгісі бар туы болды. Жымпитыда земство банкін ашып, өз ақшасын шығаруға талпыныс жасады. Өз органы «Еркін қазақ» газетін шығаратын баспаханасы жұмыс істеді. Өзінің əскерін құрды.

Ж.Досмұхамедов қазақ офицерлерін дайындауға көп көңіл бөлді. Жымпиты мен Ойыл жерінде қазақ жастарына арнап орта білім беретін оқу орнын ашты. Оған Ресей əскері қатарындағы орыс офицерлерін оқытушы ретінде жұмысқа шақырды. Ресейлік үлгіде ашылған Ойыл юнкерлер мектебі, Жымпиты прапорщиктер мектебі болды.

1918 жылы 11–14 қыркүйекте тарихта «Уфа Директориясы» деген атпен қалған кеңес шақырылды. Ол Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелерінің, Уақытша Сібір үкіметі өкілдерінің, Орынбор, Орал, Сібір, Иркутск, Жетісу, Енисей, Астрахан казак əскерлерінің, Башқұрт, Алаш, Түркістан үкіметтерінің, бірқатар саяси партиялар өкілдерінің басын қосты. Жиында Уфа Директориясының құрылуына байланысты Ресейде бір орталықтан басқарылатын биліктің құрылатындығы жəне автономиялық басқаруды тоқтату жөнінде шешім қабылданды. 1918 жылы 4 қарашадағы осы органның арнайы грамотасында барлық облыстық үкіметтердің қызметтері тоқтатылатыны, оның ішінде «1-Алаш үкіметі — Алашорда өз қызметін тоқтатты» деген қаулы шығарылған. Осылайша Кеңес үкіметіне қарсы күштердің басын қосқан Уфа Директориясы өзінің шешімімен Алашорданың қызметін тоқтатты [8; 196].

Уфада өткен шұғыл мəжілістің шешімімен Алаш автономиясының Батыс  өлкелерін басқару үшін «Ойыл уəлаятының» орнына Алашорданың Батыс бөлімі құрылды. Оның жетекшісі Ж.Досмұхамедов болды. Бұл мəселе бойынша: «Əскери жағдай мен жол қатынасының нашар дамуына байланысты Алаш автономиясының Батыс бөлігін басқару үшін Алашорда бөлімі құрылады», — деп көрсетілді. Батыс бөлім құрамына: Орал облысы, Бөкей Ордасы, Маңғыстау уезі, Торғай облысының Ақтөбе, Ырғыз уездері кірді. Алашорданың Шығыс бөлімінің орталығы Семейде орналасты.

Алашорда үкіметінің кейінгі тағдыры бүкіл Ресей аумағын қамтыған азамат соғысының күрделі оқиғаларымен тығыз байланыста өрбіді. 1919 жылы олар Колчак үкіметінің (Бүкілресейлік Уақытша үкімет) ықпалында болды. Бірақ Колчак үкіметі де Алашорда жетекшілерінің автономия құру жөніндегі үмітін ақтамады. Керісінше, адмирал Колчак монархиялық билік орнату идеясын көтере бастаған еді. Осылайша қазақ зиялылары өте күрделі жағдайда қалды [8; 196].

Бұған қоса Кеңес басшылығының Алашорда мүшелеріне сенімсіздік танытатыны анық болды. Сөйтіп, Фрунзенің ұсынысымен Батыс Алашорда басшылары халықтан оқшауландырылып, Жанша бастаған бес адамнан тұратын топ Мəскеуге жөнелтілді. Алашорда бөлімшесі таратылып, оның жетекшілері біраз уақыт қазақ даласынан аластатылды.

Ж.Досмұхамедұлының 1920 жылдан бастап атқарған жұмыстары

Батыс Алашорда бөлімшесі таратылғаннан кейін, Жаһанша 1920 жылы жаз айларында Мəскеуде Бас тоқыма өнеркəсібі басқармасында инспектор болып, қыркүйек айында аталған мекеменің жолдамасымен Ташкентке жіберіліп, Түркістан Республикасы Халық шаруашылығы Орталық кеңесінің бөлім меңгерушісі болады.

1922–1925 жылдары ол Ташкентте қазақ зиялылары құрған мəдени-ағарту «Талап» қауымдастығына мүше болып, оның тапсыруымен қазақ тілінде алғашқы Қылмыстық кодекс жобасын əзірледі. РСФСР Қылмыстық кодексін 1924 жылы «РСФСР-дың жауыздық низамнамасы» деген атпен қазақ тіліне аударды. Бұл аударма 1000 данамен жарық көріп, оған Міржақып Дулатов сыни пікір жазды [3; 277].

1926  жылы  Ж.Досмұхамедұлының  басшылығымен  өзгерістер  мен  толықтырулар    енгізілген «РСФСР-дың Қылмыс заңы» мен «Қылмыс тексеру заңы» аудармалары жарияланды.

1927 жылдың қараша айы мен 1929 жылдың аралығында Ж.Досмұхамедов Қызылорда қаласында ауыл шаруашылығы банкінің заң кеңесшісі болып, 1928 жылы адвокат қызметін атқарды.

Қызылорда облысының мұрағат жəне құжаттама бөлімінен табылған құжаттарда Қызылорда округтік халық сотының қорынан 1927 жылдың желтоқсан айында Ж.Досмұхамедұлына сенімхат берілгендігі көрсетілген. Оған сəйкес Қазақ КСР халық шаруашылығының Орталық Кеңесі заң кеңесшісі Досмұхамедов Жаһанша Досмұхамедұлына келесідей өкілеттілік берілген: аталған ұйымның атынан барлық сот отырыстарында талапкер жəне жауапкер ретінде шығу, істерге үшінші тұлға ретінде қатысу жəне іске үшінші тұлғаларды тарту, талап арыз ұсынып, соттан қамтамасыз етуін сұрау, актілердің шынайылығына күмəн келтіру, жалғандығы туралы наразылық білдіру немесе дауласу жəне мұндай талаптар мен арыздарға жауап беру, айып тағу жəне мұндай істер бойынша жауап беру, сот отырыстарында Қазақ КСР халық шаруашылығының Орталық Кеңесінің істерін қорғау жəне т.б. [7; 20].

1929 жылы Жанша Алматыға келіп, мамандығы бойынша жұмыс жасайды. Ал 1930 жылдың ақпан айында жұмыс бабымен Мəскеуге ауыстырылып, бірінші қамауға алынғанға дейін жұбайы Ольга Константиновнамен сонда тұрады.

Жаһаншаның Кеңес үкіметі ұйымдастырған саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болуы

Қай заманда болмасын, бір халықты бағындыру, мойынсындыру үшін қолданылған ең тиімді тəсілі — оны бассыз қалдыру болатын. Ең бірінші кезекте оның көсемдерін, оқымысты білгірлерін құртуға тырысады. Қаймағын сыпырып алған сүттің тез ашып, іритіні белгілі.

Бұл туралы профессор Е.С.Қуандық «Қазақстан тарихы» атты құнды еңбегінде былай ой өрбітеді: «Қазақстанда осы бағытта жүргізілген саяси қуғын-сүргін үш толқын болып өтті. Бірінші толқын қазақ зиялыларының ең жетекші тобын, əсіресе, Алаш қозғалысының көсемдерін жалмады...

Қуғын-сүргіннің бірінші толқынының екінші иірімі 1930 жылдың күзінде болды. Бұл жолы тағы 40 қазақ зиялысы ең əуелі Абайдың немере інісі Кəкітайдың баласы Даниял Ысқақов, Уəлихан Омаров, Алдарбек Үмбетбаев, дəрігер Жұмағали Тілеулин, атақты қайраткер жол инженері Мұхаметжан Тынышбаев, əйгілі заңгер Жақып Ақбаев, Мұхтар Мурзин, Сейітқазы Қадырбаев, Əбдіхамит Ақбаев, Əшім Омаров, Батыс Алашорда басшылары Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов, қазақ əдебиетінің классигі Мұхтар Əуезов, Мұстафа Бұралқиев, биолог, ғалым Жұмахан Күдерин, жазушы Қошке Кемеңгеров, Нəзір Қожамқұлов, Білəл Сүлеев, Əбдірахман Мұңайтбаев, ең соңында қазақтың тұңғыш математика саласының профессоры Əлімхан Ермеков абақтыға қамалып, олардың 15-і түрлі мерзімге жер аударылды. Əлімхан Ермеков пен Мұхтар Əуезов үлкен көрегендік жасап, «Ашық хат» жазып құтылды» [11].

Ж.Досмұхамедов 1930 жылдың 30 қазанында Мəскеу қаласындағы «Мал шаруашылығы» басқармасында аға экономист қызметін атқарып жүргенде «Алаш» партиясы жəне  бұрынғы Алашорда үкіметінің мүшесі ретінде Қазақ КСР БСМБ (ОГПУ) органдарымен қамауға алынып, Бутырка түрмесіне жіберілді. Кейін Алматыға ауыстырылды.

Анықталған процессуалдық құжаттардың, алдын ала тергеу кезіндегі беттестіру, жауап алу хаттамалары негізінде, Ж.Досмұхамедов өзінен жауап алу барысында өзін кінəлі деп мойындамады жəне контрреволюциялық ұйымның мүшесі болмағанын, жəне ешқандай контрреволюциялық жұмыстармен шұғылданбағанын мəлімдеді. Контрреволюциялық ұйымның мүшелерімен өзінің байланысын жоққа шығарып, мұндай ұйым туралы естімегенін, Кеңеске қарсы үгіт насихат жүргізбегенін атап көрсетті.

1930 жылдың 5 қарашасындағы Ж.Досмұхамедовтен жауап алу хаттамасында ол: «Мен Мəскеуден Ташкентке 1920 жылдың қазан айында келдім. Бұл жылы жəне 1921 жылы да Ташкенттегі қазақ жиындары туралы білмеймін. 1922 жылдың көктемінде, кешкі мезетте «Ақ жол» газетінде жұмыс жасайтындардың бірі, кешкілікте «арқалық» қазақтары (яғни, солтүстіктің қазақтары) бір іс жөнінде əңгімелесу үшін жиналатынын айтты. Қандай іс туралы деген менің сауалыма барған соң білетіндігім туралы айтты. Сол күні менің үйіме 7–10 қазақ азаматтары келді, олардың кейбірі есімде, Х.Досмұхамедов, М.Дулатов, Бірімжанов секілді, ал қалғандары есімде жоқ. Келгендер «Алаш» қазақ қайраткерлерінің бұрынғы бағдарламасы ешкіммен қабылданбағанын, уақытылы жасалмағанын жəне жасау қажеттігін, саяси сауалдарға қатысты бұрынғы Алашорда қайраткерлерінің рəсімделген   саяси пікірі болғанын айтты. Мен ашық түрде мұндай қайта өңдеуге қарсылығымды білдіріп, біріншіден, біз, алашордалықтар, саясаттың жекелеген сауалдары бойынша əр түрлі саяси көзқараста екендігімізді, бұрын бізді тек ұлттық белгілеріміз біріктіргенін жəне қазір біздер саяси жағынан нөл, сондықтан да аталған мақсатсыз бағдарламаны жасау төтенше органдар тарапынан тек жағымсыз салдар алып келетінін жеткіздім.

Алайда, саяси келбеттің қажеттігі туралы қызу пікірлерден соң, бағдарлама жобасы жасалып, бұрынғы Алаш Орданың қайраткерлерімен келісуге Орынборға жолдау үшін оны «Ақ жол» газетінің жұмысшылары алып кетті.

Кейін, мен Түркөндіріскеңестің жұмыстарымен Пржевальскіге (Қаракөл) іссапармен кетіп қалдым, Ташкентке үш айдан соң, көктемде келдім. Іссапарда болған мезетте менің балдызым, Надежда Константиновна, Т.Рысқұловқа тұрмысқа шыққан. Т.Рысқұлов Ташкентке Түркістан Республикасы Халық Кеңесі комиссариатының төрағасы ретінде келген. Екеуміз жақсы араласып, жиі кездестік. Сол мезеттен бастап, жоғарыда аталған тұлғалардың қызметі, бағдарламамен не жасағандығы туралы білмеймін. Қызылордада мен олармен аталған бағдарлама туралы сөйлеспедім, олардан мүлдем алыстап, өзімнің кəсібіммен шұғылдандым. Бұл жəйттерді алғашқы жауап алу барысында хабарламау себебім, біріншіден, менің көзқарасым бойынша, аталған əрекетті «еріккен сарт... уқалайды» деген қазақ мəтелімен сипаттауға болады. Екіншіден, маған өзге фамилияларды атау қиын болды. Мен КСРО-да Кеңестік билікті төңкеретін күш бар екендігіне бұрын жəне қазір де жол бермегенмін, жəне бермеймін де, ешқашан Кеңес билігіне қарсы шыққан жоқпын, жəне казір он жыл бойы өзімнің кəсібім бойынша адал əрі шынайы жұмыс жасаудамын», деп айтқан [6; 5].

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан алынған құжат 1932 жылдың желтоқсанында Алаш ардагерлеріне (Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтерге) мынандай үкім шығарылғанын дəлелдейді:

  • бастапқыдағы ату жазасы Воронежге жер аударумен алмастырылады;
  • Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер Воронеж жеріне отбасыларымен жер аударылады.

Бұл туралы мына анықтамадан көз жеткізуге болады. Ж.Досмұхамедов туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша Департаментінен 24 шілде 2001 жылы алынған құжатта: «В Департаменте КНБ РК по г. Алматы и Алматинской области хранится архивное дело № 06610 производства 1930–1932 годов, по которому проходят бывшие члены партии «Алаш» и Алашордынского правительства, в том числе и Д.Досмухамедов. Все следственные материалы дела касаются «контрреволюционной» деятельности обвиняемых в 1918– 1920 годах...

... Проживая в г. Москве и работая в Центральном правлении «Скотовод» старшим экономистом, 30 октября 1930 года был арестован и Постановлением Тройки при ПП ОГПУ в Казахстане от 20 апреля 1932 года по ст. ст. 58–7-8–11 и 59–3 УК РСФСР осужден к заключению в концлагерь на 5 лет с заменой, высылкой в Центральную Черноземную область в г. Воронеж на тот же срок» [1; 16].

1935 жылы 17 тамыз күні Воронеж облыстық Ішкі істер басқармасының бөлім бастығы Булатов төмендегідей шешім шығарды:

«Мен, УВД УНКВД-нің І-бөлімінің Воронеж облысы бойынша бастығы Булатов, жер аударылып келген, 1887 жылы туған, бай семьядан шыққан, Досмұхамедов Жаһаншаның үстінен қозғалған № 3400 жеке істі қарап шықтым.

Ол:

  • 21-жылға дейін астыртын контрреволюциялық ұйымға қатысқаны жəне ұйым бағдарламасын жасап, оған жаңа мүше тартқаны үшін;
  • ұлтшыл ұйымның жетекшісі ретінде басмашылардың бастығымен байланыс жасағаны жəне 27-жылы Əділев басқарған бандыларға қолдау көрсеткені үшін;
  • 28-жылы Қазақстандағы жер саясатын бұрмалауға белсенді түрде қатысып, шаруашылығы тəркіге ұшыраған байларды қолдағаны үшін — ПП ОГПУ-дің қаулысымен РСФСР-дің ҚК-нің 58–10– 11, 53-баптары бойынша Қазақстанда ІV. — 32-жылы түрмеге қамалған.

Көрсетілген қылмыстары бойынша 5 жылға концлагерге жер аударылған, 30-жылдың 31- қазанынан бастап есептелетін концлагердегі кесімді мерзімі аякталды, бірақ та Қазақстанға қайтқысы келмейді. Мəскеуде жұмыс істейтін бауыры Макешевтің қасына орналасқысы келеді. Жаһанша Досмұхамедовтің жер аударылуға кесілген мерзімінің 35-жылы 31-қазанда аяқталатынын жəне осы уақыттың ішінде ешқандай қылмыстық əрекетінің байқалмағанын ескере отырып, мерзімі біткеннен кейін Жаһанша Досмұхамедовтің ссылкадан босатылатынын хабарлаймын» [12].

Бір қызығы, воронеждік тергеушінің мəліметіне қарағанда, Алаш азаматтарының үстінен қозғалған қылмысты істің мазмұны мүлдем өзгеріп, Ж.Досмұхамедов «басмашылардың бастығымен байланыс жасап», «бандының бастығы Əділевтің өзін» қолдаған болып шыға келген. Ал тергеу істерінде Ж.Досмұхамедовтің Д.Əділевке мүлдем қатысы жоқтығы көрсетілген еді.

Түйін

«Біздің мақсатымыз — ел билеуді халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты елдің тұрмысын, тілін, мінез-құлқын, əдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз», — дегенді айтқан Жаһанша айдау мерзімін өтеген соң, 1938 жылдың 1 маусымында Мəскеу облысы бойынша КСРО ПХК басқармасының (НКВД) органдарымен қайтадан қамауға алынды.

Сол жылдың 16 шілдесіндегі Мəскеу облысы бойынша ПХК басқармасының (НКВД) жанындағы Үштіктің шешімімен Жаһанша Досмұхамедовке жеке өзіне тиесілі мүлкі тəркіленіп, ату туралы үкім шығарылды. Үкім 1938 жылдың 3 тамызында орындалды [6; 5].

Осынау жазаның жоғарғы шарасы жайындағы үкім негіздемесінде Жанша Досмұхамедұлы «жер аударудан 1935 жылы Мəскеуге оралған бойда» «контрреволюциялық ұйым» мүшелерімен байланысын қалыпқа келтірді, «халық жауы Рысқұловпен тығыз байланыста болды» деп айыпталды.

«Үлкен террордан» жиырма жыл өткенде, Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмыстық істер бойынша арнайы комиссиясы 1958 жылғы 28 ақпандағы ұйғарымымен Жаһанша Досмұхамедовті өзге де алашордашылармен бірге ақтап шықты. Алайда оның адал есімі қоғам өміріне қайтарыла қоймады. Тағы отыз жылдан кейін, 1988 жылғы 4 қарашада, оны Қазақ КСР Жоғарғы Соты басқа алашордашылар қатарында тағы да ақтады.

Содан бері бұл қайраткердің күрескерлік жолына зерттеушілер едəуір мəн беріп келеді. Əсіресе бұған себепкер болған жайт — ол «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сəуірдегі № 2200 Заңының негізінде Жаһанша Досмұхамедовтің саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде толық ақталуы.

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Gaynullina V. Zhakhansh Dosmukhamedov // Gave Kal's exchanges, 2008, June, 13, р.
  2. Isayeva B. Solemn evening in honor of one of Alash's leaders // Anna түлү, 2012, № 48 (1149), November, 29-December, 5, р. 3.
  3. National encyclopedia: Vol. 3 / Editor-in-chief A.Nysanbayev. — Almaty: Kazakh encikl.: home edition, 2001, 720 p.
  4. Yeskendirula (Abdeshev) M. Ministers «Alash Ordy», Almaty: Altynbek Sarsenbayula's fund, 2008, р.
  5. Kajibai T. On was the prominent representative of the movement «Alash» // I ate, 2007, № 34 (110), August, 23, р.
  6. Mazhitov R. The prosecutor accused as «Enemy of the people» // Egemen Kazakhstan, 2012, July, 18, р.
  7. Mazhitov From the general of justice to «The enemy of the people» // Тhe Three-copecks piece the Horde, 2012, № 7, February, 16, р. 20.
  8. Cannes G.V., Shayakhmetov N.U. History of Kazakhstan: Textbook, Almaty: Almatykitap, 2007, 264
  9. Kurmanalina Sh. Zhakhansh // Akikat, 2009, № 2, р.
  10. Azizula M. Nice son Alasha // Kazakh, 2012, № 48 (614), November, 30, р.
  11. Kuandyk S. History of Kazakhstan. (Soviet period and years of Independence of Kazakhstan): Textbook, Almaty: Dauir, 2012, р. 310, 311.
  12. Jurtbai The ominous period of mass political repressions. (About Halel and Zhakhansh Dosmukhamedovs) // Zhalyn, 2011, № 8, р. 68.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.