Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

«Найман» этнонимі жəне найман тайпасының рулары жөнінде

Наймандардың қысқаша тарихы

Найманның түбі — Оғыз ханнан. V–VIII ғасырлар арасында Наймандар Байкал көлінің оңтүстігін мекендеген. Олар барлық уақытта монғолдың арасында Орхон-Ертіс аралығында хандық құрып жүрді, бір шеті Қарақорымға дейін жетті. Олардың батысында Арғындар болды.

Ежелгі Қытай деректерінде Найман хандығындағы ру-тайпаларды Төре найман, Бетеге найман, Ақсауыт найман, Көшеуіт найман, Дүрмен найман, Барлас найман, Найман керей, Найман қаңлы деп сегіз топқа бөлген. «Найман» этнонимі сегіз сөзін, яки санын, монғолдардың «нəмін» деп атауынан шыққан деген болжамдар бар. Осы сегіз рулы елдің ішінде Төре наймандар хандық тақты иеленіп келген. Еният хан, Инанг Білгі Бұқа хан, Таян хан, Күшілік хан, т.б. бəрі де сол Төре найман əулетінен [1; 17].

XІІ ғасырдың аяғына дейін Найман мемлекетін Инанг Білгі Бұқа хан басқарды. Инанг Білгі өлген соң, Найман ұлысы екіге бөлінді. Бірін Таян хан (шын аты — Бай-Бұқа, Таян деген қытайша «бір аймақтың бегінің ұлы» деген лауазым), ал екіншісін Бұйрық хан (ағайынды екі адам) биледі. Таян хан мен Бұйрық хан бір-бірімен араз болды. Бұл ішкі саяси дағдарыс Шыңғысханның əскер күшінің артуымен тұстас келді. Инанг Білгі өлгеннен кейін көп ұзамай керейіттердің ханы Ван-Хан Тоғрыл (Он-хан) жəне Шыңғысхан бастаған əскери қол 1199 жылы Бұйрық ханның ұлысына басып кірді. Қарсы тұруға шамасы келмеген Бұйрық хан Енисей қырғыздарына қашып құтылды.

Шыңғысханның қатерінен қауіптенген көптеген тайпалар 1201 жылы Құрылтайға жиналды. Құрылтайды басқаруға келген адамдардың ішінде Бұйрық хан да болды. Құрылтай Шыңғысханға қарсы жорыққа шығу жөнінде шешім қабылдады. Шыңғысхан көмекке Ван-Ханды  шақырды да, дереу жорыққа аттанды. Түрлі тайпалардың одақтас қолы Шыңғысхан мен Ван-Ханның сарбаздарымен Қойтан сайында шайқасты. Бұйрық хан бастаған одақтас күш ойсырай жеңіліске ұшырады. Одақ ыдырап, Бұйрық хан өз нөкерлерімен Алтайдың оңтүстік өңірін паналады. Жеңіс Шыңғысханға оңайға түспеді, оның қалың қолы сиреп қалды. Сондықтан ол одаққа біріккен əр тайпаны жеке-жеке қиратуды көздеді.

1202 жылы Шыңғысхан мен Ван-Хан Бұйрық ханға қарсы жорық ашты. Қыспаққа төтеп бере алмаған Бұйрық хан əскери қолбасшысы Жеті Тоғлұқ (жеті тулы) екеуі Оңтүстік Алтайда қолға түсті. Енді бүкіл Орталық Азияда Шыңғысханға бəсекелес тек Таян хан қалды. 1204 жылы   Шыңғысхан

Таян ханға қарсы жорыққа аттанды. Наймандар əскері күйрей жеңілді. Таян хан шайқас үстінде ауыр жарақаттан өлді. Таян ханның ұлы Күшлік хан аман қалған шағын топпен майданнан қашып үлгерді [2].

1204 жылы Найман хандығы Шыңғыс хан басқарған əскер шабуылынан күйрей женілгеннен кейін Күшлік хан қазіргі Қазақстанның Оңтүстік өңіріндегі Қидан (Қарақытай) хандығын паналайды. Көп өтпей сол хандықтың билік тізгінін ұстап, шашылған наймандарды төңірегіне топтап, 1218 жылға дейін дəурен сүргендігі жұртқа мəлім. Демек, 15 жылға таяу уақыт осы хандық Күшліктің билеуінде болған [1;17].

1218 жылы Шыңғысхан Жебеноян бастаған 20 мың əскерді Күшлікке қарсы аттандырды. Шыңғысханның  əскерінен  жеңілген  Күшлік  хан  Бадахшанға  қашты.  Жебеноян  Сарыққолда қуып жетіп, Күшлікті өлтірді. Сөйтіп, Найман елінің Шыңғысхан шапқыншылығына қарсы жүргізген жиырма жылдық қажырлы күресі жеңіліспен тынды [3].

Соңғы ханы Күшлік өлтірілгеннен кейін Найман бірнеше бөлікке бөлініп кетті. Алтай мен Ертіс бойын мекендеген Найман рулары моңғолдардың жаңа империясына кірді. Наймандардың біразы өздерінің атамекенін тастап Алакөл, Балқаш көлі, Жетісу, Есіл, Сырдария бойына жəне Ұлытау алқаптарына ауысты. Ал бір бөлігі кейін, Шьңғысхан əулеті мүлдем ыдыраған соң, өзбек, қарақалпақ, қырғыз, башқұрт, т.б. халықтардың құрамына енді.

Қазақ ішіндегі Наймандар XVII ғасырдың аяғында Қаратау, Əулиеата, Ташкент өңіріне келіп мекендеді.

Наймандардың ата жұрттан аууына жоңғар қалмақтарының, одан кейінгі тарихи кезеңдердің де əсері үлкен болды. Олардың Сыр бойын мекендеп, Орталық Қазақстан, Жетісу өңірін жайлағаны белгілі.

Найман тайпасының руларын анықтау жөнінде орындалған зерттеулер

Найман шежіресіне қатысты маңызды мəселенің бірі — бұл тайпа өз ішінде қанша рудан тұрады жəне олар қалай топтасады деген мəселе.

Ғылыми негіздегі шежіренің бір ерекшелігіне оның жүйелілігі жатса керек. Найман тайпасыньң ішкі ру- тайпалық құрылымын анықтап алмай, ондағы əр рудың құрылымдық жүйедегі орнын анықтамай, рудың таралымын көрсету толыққанды шежіре болып саналмайды.

«Қазақ ру-тайпаларының тарихы» ғылыми-зерттеу жобасы аясында жарық көрген «Найман» атты еңбекте (үшінші кітабында): «XVIII ғасырдың 40-шы жылдарында қағазға түсірілген Найман руларының саны жөніндегі дерек мəліметінен бастап қазіргі күнге дейін əр-əр жерде баспалардан шығьп жатқан шежірелерде Найман руларының саны əр түрлі айтылады...

М.Тевкелев өз материалдарында Найман тайпасы он бір рудан тұрады деп айтса, И.Г.Андреев — 9, А.И.Левшин — 9, В.В.Радлов — 10, Н.Н.Балкашин — 19, Н.А.Аристов — 13, Ш.Құдайбердіұлы — 10, М.Тынышбаев — 10, Н.Мыңжан — 9, Х.Арғынбаев, М.Мұқанов жəне В.Востровтар 11 рудан тұратындығын көрсетіп жазады, — делінген [4; 46, 47].

Өзінің жүйелілігімен, толықтылығымен ерекшеленетін шығарма — Мақсұт Қыдырханұлының өлең түрінде жазылған шежіресі [5]. Осы автордың бір-екі шумақтарына зер салайық:

Ер жетіп Төлегетай жігіт болды,

Бақ қонып баяғыдай, орта толды.

Амал не, малы өскенмен бастан ақсап,

Тек қана кіндігінен бір ұл көрді.

 Қытай деп, баласының атын қойған,

Кім білсін, мұндай атты тапты қайдан?! 

Ырым ғып өскен жұртты қойған шығар,

(Хабарым азырақ еді осы жайдан).

 Басынан Қытайдың да дəурен өтті,

Жігіт боп, кəмелетті жасқа жетті.

Қытайдың кіндігінен төрт ұл қалып,

Қайран ер жас күйінде өліп кетті.

Артында жетім қалды төрт баласы,

Көңілі қайғыменен болып дертті.

Сол күнде Төлегетай тірі екен,

Төрт бала тəрбиесі соған өтті.

Төртуыл, Қаракерей,

Садыр, Матай,

Төрт Төлегетай» деген сөз содан жетті...

Қазір Найман рулары арасында белгілісі — Қаракерей, Матай, Садыр жəне Төртуыл рулары. Найманнан — Белгібай (Өкіреш), одан — Сүйініш, одан — Төлегетай, одан — Қытай (Қынтай).

Қытайдан (Қынтайдан) тарайтын төрт руды (Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл) Ж.Бейсенбайұлы найманның басты, негізгі руларының қатарына жатқызады [6; 125, 126].

Ақиық ақын Н.Айтұлы өзінің «Төлегетай» деген дастанында былайша жырлайды [7]:

 Сүйініш туады екен Белгібайдан,

Тараймыз ол болмаса енді қайдан?

Рулы елге айналдық содан бастап,

Бұтағын бəйтеректей мəңгі жайған.

 Болған соң шеше дана, əке мықты,

Биікке шаңырақты көтеріпті.

Ұлғайған шағында Əлпеш Белгібайға

Сіңілісін Кішілікке əперіпті.

 Делел жоқ қолмен қойған, кімге сенем,

Тұнып тұр тарих қойны сырға терең.

Тыңдасаң ескі жырды деп айтады –

Тоқалдан Сүгірші мен туды Өтеген.

 Саралап бес саусақтай əр атаны,

Шежіре елді аузына қаратады.

Сарыжомарт, Балталы мен Бағаналы,

Көкжарлы, Бураны одан таратады.

 Анығын ажыратып кім біледі,

Түбіміз бір екені шындық еді.

Найманның тоғызының бесеуі — осы,

Төртеуі — Төлегетай, білдің оны.

 Ж.Бейсенбайұлы «Ергенекті наймандардың» шығуы жөнін былай баяндайды: «Найманнан — Сүгірші, одан — Төлеген, одан Ұлан батыр, одан — Қарабек. Қарабектен — Ергенекті.  Ергенектіен — Көкжарлы (Бақы), Бура (Бақанас), Сарыжомарт (Байдалы)» [6; 127].

Қалың қазақ ішінде, Орта жүз бен Найман арасында, Сарыжомарт, Бура, Көкжарлы руларын ортақ атаумен — «Ергенекті Найман» деп атаған [4; 52].

Найман руларының ішінде деректерде жиі кездесетін, көп айтылатын руларға Балталы, Бағаналы рулары жатады.

Белгілі шежіретанушы А.Сейдімбеков (Ақселеу Тарақты) Балталы мен Бағаналының шығу тегі жөнінде былайша ой өрбітеді: «Далалық ауызша тарихнама» дерегін салғастыра қарағанда Алтай, Тарбағатай өңірі мен Ұлытау төңірегінде айтылатын шежірелерде айырмашылық кездесіп қалады. Мəселен, шығыс өңір шежірелерінде Бағаналыны Сүгірші ұрпақтарынан таратады: Сүгірші — Төлеген — Ұлан батыр — Қарабек — Сарыжомарт — Бағаналы болып тарайды. Ал, Балталыны Елатадан таратады: Елата (Елтай) — Серікбай — Кетбұға — Балталы. Сонда Балталы мен Бағаналы бөлек- бөлек екі атадан тарағанымен, қоныстас болып, жұбын жазбаған дейді» [8; 92].

Бағаналы руы 1748 жылғы М.Тевкелев мəліметінде, В.В.Радлов шығармасында, Н.А.Аристов еңбегінде, сондай-ақ Ш.Құдайбердіұлы, М.Тынышбаев, С.Аманжолов, Н.Мыңжан еңбектерінде Найман руларының басты руы ретінде айтылып отырылса, Балталы руының деректерде кездесуі сиректеу. Н.Н.Балкашиннан бастап қана Балталы руының атауы Бағаналы руымен бірге Найман рулары қатарында айтыла бастайды [4; 53].

Бұл екі рудың атаулары олардың рулық таңбасына байланысты пайда болғандығын ешкім жоққа шығармайды. Балталы руынікі балта — түрінде болса, Бағаналы руының таңбасы шаңырақты көтеретін бағанның түрінде болған.

Барлық зертеушілердің мəліметтерінде, Найман руларының бірі ретінде кездесіп отыратын ру — Терістаңбалы руы.

Терістаңбалы руының атауы — оның таңбасына қарай пайда болғандығы көрініп тұр. Шежірелерде бұл руды Найманның ноқта ағасы деп атайды [4;56].

Қазақ шежірелерінде Сыршейіт (Шірсейіт, Шыршыт) — Келбұғадан, ол — Елатадан, ал Елата Найманнан тарқатылып көрсетіледі. Кетбұға да, Келбұға секілді Елатадан тарайтын екі ұлдың бірі.

Келбұға  мен  Кетбұғаның  екі  атасынан  (Ақтана  мен  Ақтоғастан)  Терістаңбалы  руы шығады [6;128].

«Найман» еңбегінде (үшінші кітап) мынандай қорытынды жасалған [4;60]: Найман тайпасының руларын туыстық белгісіне, орналасуына жəне таңбасының қойылуына қарай төрт топқа жіктейміз. Олар: Төлегетай, Ергенекті, Ұлытау жəне Терістаңбалы топтары. Бұл рулық топтарға мынадай рулар енеді:

  1. Телегетай тобына — Қаракерей, Матай, Садыр жəне Төртуыл.
  2. Ергенекті тобына — Сарыжомарт, Көкжарлы жəне Бура.
  3. Ұлытау тобына — Балталы жəне Бағаналы.
  4. Терістаңбалы руы.

Осылайша, Найман тайпасының шежіресіне қатысты жалпылама мəселелерді анықтап алғаннан кейін, енді шежіренің нақты мəселелеріне көшуге болады.

«Төрт Төлегетай» рулар бірлестігі

Төлегетай Сүйінішұлы (шамамен XV ғасырда өмір сүрген) — тарихи тұлға.  Найманның шөбересі (Найманнан — Белгібай, одан — Сүйініш, одан — Төлегетай). Төлегетай баба өз заманында қол бастаған батыр, елдің қамын жеп, бірлігін ойлаған қайраткер болған [9].

Төлегетай Сүйінішұлы туралы ең алғаш қалам тербеген адам — кезінде Орта Азия халықтарына танымал, Қазан төңкерісінің алғашқы жылдарында Түркістан автономиясының бас министрі болған Мұхамеджан Тынышбаев. Ол «История казахского народа» атты еңбегінде өзінің Төлегетай бабаның 16-шы ұрпағы екенін жариялаған: «По словам моего покойного отца, мой предок в 16 колене Толегетай был в свое время очень известным человеком и управлял своим родом: похоронен в Узгенте на фамильном кладбище Ходжей. Житель поселка Чаян Чимкентского уезда Мады Магзум подтвердил это и прибавил, что Толегетай был женат на дочери влиятельного Ходжи» [10].

Тарихта қатты қырғыннан кейін халықта қайта бір ояну, серпілу болып отырған. Шыңғыс хан заманында аянышты қырғын көріп, осынау Шығыстағы Алтай мен Тарбағатайдан Сыр бойына қоныс аударған наймандар ортаға ғасырлар салып қайтадан ес жиып, елдік санатын қалпына келтіре бастаған. Сондағы сол елге тұтқа болған тұлғалардың бірі — Төлегетай баба. Сол себепті қазақтың қазіргі белгілі ғалымдарының бірі Əділхан Байбатша «Қазақ Даласының ежелгі тарихы» деген кітабында: «Найман елін Қазақ даласына алғаш 1208 жылы Күшлік хан бастап келгені белгілі. Күшлік хан 1218 жылы мерт болғаннан кейін, Қазақ даласында жеке ұлыс болып қалыптасқан наймандарды Төлегетай батыр билегенін шамалаймыз» [11], — деп толғанады.

Жазушы, тарихшы-ғалым Қойшығара Салғараұлы: «Шежіреде Найман Орта жүздің түп аталығы Жанарыстың алты баласының бірі Аққожадан туған баланың аты. Одан — Кетбұға, Барыжомарт (Сарыжомарт), Төлегетай...

Төлегетайдан — Қаракерей, Матай, Садыр. Осының Матайынан туған Қаптағай есімі бүкіл найманның ұранына айналады. Бір қызығы жекелеп алғанда Төлегетай балаларының өз ұраны бар. Мысалы, Қаракерейдің ұраны — Қабанбай, Матайдікі — Бөрібай, Садырдікі — Алдияр. Ел ұранына айналған бұл үш есім де XVІІІ ғасырда өмір сүрген нақты тарихи тұлғалар» [12], — деп жазады өз шығармасында.

Белгілі қазақ ақыны Несіпбек Айтұлы «Төлегетай» атты ұзақ дастанында өз лебізін былай білдіреді [7; 67]:

Төртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай,

Атасы төртеуінің — Төлегетай.

Найманның тоғызының төртеуі осы,

Мекені — Жоңғар, Алтай, Тарбағатай.

Шежіре сыр шертеді неше бөлек,

Бір аңыз бір аңызды еселемек.

Бауырында өскеннен соң төрт немере,

Төлекті — Төлек атай десе керек.

 Қамқоры ұрпағының Төлек атай,

Атанған келе-келе Төлегетай

Қандырған қырық қабат сөздің иін

Икемді қызыл тілдің кереметі-ай!

 Төлектен Қытай жалғыз туған екен,

Ес жиып, белін ерте буған екен.

Əрі би, əрі шешен, əрі батыр,

Құс салып, саятшылық құрған екен.

 Ардақтап ата салтын бұрынғы адам,

Жолынан кісіліктің бұрылмаған.

Туғанда Аусар би деп атын қойып,

Қытайдай көп болсын деп ырымдаған.

 Төлектің бəйбішесі Қожа қызы,

Солай деп баяндайды ел аңызы.

Балаға ат қоярда Ұлы жүздің

Бүй депті дуалы ауыз кəрі абызы:

 «Уа, Төке, бата берем, қолыңды жай,

Бүрлесін жас бұтағың тобылғыдай.

Тұқымың қауласын деп Қытай қойдым,

Оңдасын жасы ұзақ боп, жолын құдай!»

 Дегендей тарихыңның түбін ізде,

Шежіре ескертеді мұны бізге:

Қытайдың алған жары Анар сұлу,

Үйсіннің қызы дейді Ұлы жүзде.

 Келесі бір деректе қырғыз дейді

Мəзбура деген текті бір қыз дейді.

Ұшығын ұстатпайтын көне заман,

Анығын анамыздың білгізбейді.

 Мың сөніп үміт оты, мың жанса да,

Үзілмей үні жеткен жыр қаншама!

Бəрінің аруағынан айналайық,

Солардан өсіп-өндік кім болса да...

 Бұл күнде Найман рулары ішінде ешқандай дау тудырмайтын, басы ашық мəселе, ол — «Төрт Төлегетай», немесе «Төлегетайдың төрт ұлы» деп аталатын рулар бірлестігі. Бұл бірлестікке Қаракерей, Матай, Садыр жəне Төртуыл руларының енетініне ешкім де дау туғызбайды [4; 52]:

  1. Қаракерей — Төлегетайдың төрт баласының ішіндегі ең үлкені жəне саны жағынан да ең көп тарағаны болып есептеледі. Қаракерей руы Байторы жəне Ерторы атты бөлікке жіктеледі [4; 74]:

Қаракерейлердің ішінде тек Байыс, Қожамбет, Байсиық ру бөлімінен тарайтын бөлімшелердегі адам саны рулық деңгейге жеткен. Сондықтан да олар жергілікті жерлерде өз алдыларына жеке руға теңеліп жүр.

Қаракерейлердің негізгі тобы ертеде Зайсан уезін, біразы Семей, Өскемен жəне Лепсі уездерін мекендеген. Негізгі кəсібі мал өсіру, аздап суармалы егіншілік болған. Ертіс өзені мен Зайсан көлінің жағасындағы жатақтар балық аулау кəсібімен айналысқан. Қабанбай батырдың есімі Қаракерей руының ұранына айналған. Рулық таңбасы — мүйіз [13; 479].

  1. Матай — рулары бірлестігі. Шежіре деректері бойынша, Матайдан — Аталық, Қаптағай, Кенже рулары тараған.

Аталық батыр (шежіреде көрсетілгендей) Ұлы жүз Бəйдібектің тоқалы Домалақ енеден туған Ейқызға құда түсіп, үлкен ұлы Шағырға алып береді. Бұдан тараған тұқым шеше есімімен Қызай аталып өткен. Қызайдан тараған үрім-бұтақтың атамекені — Қытай Халық Республикасының Шынжаң өлкесі [14; 75].

Қаптағайдан екеу: Қияс, Жолдас. Қиястан — Есенкелді, Теке. Жолдастан — Көлдей, Жұмай [4; 215]. Ертеде Қаптағайлар Лепсі, Қапал уездеріндегі Ақсу, Сарқант жəне Бүйен өзендерінің алқабын, Ешкіөлмес, Тамшыбұлақ, Көпірлі, Баян-Жүрек, Ордабай деген  жерлерді  мекендеген. Ұраны — Қаптағай. Рулық таңбасы Матай рулар бірлестігінің таңбасымен бірдей [13].

Кенже (Ізбасар) ұрпақтары — Мəмбет, Үмбет. Мəмбеттен — Бозтай, Ақтай, Сұртай. Үмбеттен — Бұланбай, Қартқұл [4; 217]. Бұл аталар Семей уезіндегі Шар, Қызылсу, Көкпекті, Былқылдақ өзендерінің алқабы мен Шыңғыстау,  Жуантөбе,  Салқынтөбе  тауларының  атырабын  мекендеген [14; 507].

  1. Садыр. Үш рулық бөлімге жіктеледі. Олар: Тоң, Шүйе, Шаржетім (Саржетім) [4; 182].

Садыр руында тайпалық жəне рулық ұран болған. Рулық ұраны — «Алдияр» болса, тайпалық ұраны (бүкіл Найман тайпасына ортақ ұран) «Қаптағай» болып саналған [4; 179].

  1. Төртуыл (Дөртуыл). Бұл рудан Ақбарақ, Андабарақ, Ақболат ұрпақтары тарайды [4; 225].

Төртуылдар кезінде Қаратал, Сарыбұлақ, Қарабұлақ, Ақарал, Қарған өзендерінің бойын; Жеменей, Көкжота, Маңырақтау аңғарларын, Бозайғыр, Құмтөбе құмдарын қыстап, Ақжайлау, Саналы, т.б. таулы жерлерді жайлаған [15].

Қазіргі Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Əбдіғаппар ауылында, Сырдарияның оңтүстік жағасында Төлегетай баба мен атақты дін иесі, шейх Қылыш датқаның (Қылышты атаның) қабір- кесенесі қатар жатыр [16].

2006 жылы «Қазақ əдебиеті» газетінде партизан-жазушы, Қазақстанның Халық Қаhарманы Қасым Қайсеновтің 86 жасында Төлегетай бабасының басына барғандығы жөніндегі мақаласы жарияланды.

Ергенекті Найман рулар бірлестігі

Қазақ халқының қос саңлағы Біржан сал мен Сара ақын бірі Арғынды (Біржан сал Керейден шыққан), бірі Найманды айтып сөйлегенде, Сара Тастанбекқызының Өр Найманды едəуір сөз еткені белгілі [17]:

Ақнайман, Қожамбетке Арғын жетпес,

Төртуыл, Қаратайдан қазақ өтпес.

Көкжарлы, Сарыжомарттай қайсысың бар,

Қызығы Мысыр шəрдай естен кетпес.

Есекей Ергенекті жатыр талай,

Ойласақ есің шығар санай-санай.

Бура жатыр көптігі толық дуан.

Атасы əулие өткен ер Қонақай.

 Өрдегі Наймандардың мекенінен көп қашықтықта, Жетісудың Алатауының бауырында, Матайда өскен Сара ақын Алтай мен Тарбағатай тауының бауырындағы ағайындарын түгелге жақын айтқан. Ергенектіден тараған Сарыжомарт пен Көкжарлыны, Бураны, Ақнайман мен Қожамбетті, «Жеті Көкжарлының» біреуі Қаратайды Сара Тастанбекқызы білген екен.

Ергенекті Найманды келесі үш ру құрайды:

  1. Көкжарлы. Шежіре бойынша, Көкжарлыдан екі бала: Ұлатемір, Қылыштықияқ. Көкжарлының үлкен ұлы Қылыштықияқтан — Андағұл, Жəрке. Екінші ұлы Ұлатемірден — Қаратай, Тілеуберді, Қайыпберді, Тəңірберді, Құдайсүгір [4; 243].

Ертеде Көкжарлы ұрпақтары Өскемен уезінің Сібе, Тарғын, Нарын жəне Күршім болыстарын мекендеді. Олар негізінен мал өсіріп, егін салды. Өзен бойындағы кедейлер балық аулау кəсібімен айналысты [13; 10].

  1. Бура — Ергенекті Наймандарды құрайтын үш рудың біреуі. Бурадан (Бура Найманнан) тарайтын негізгі ру бөлімдері Ж.Тілекенің еңбегінде берілген: Сарғалдақ, Сырмақ, Жарымбет, Алатау, Құлатау. Сарғалдақтан — Мəмбетқұл, Үмбет. Сырмақтан — Жарасқұл, Құлтуды. Алатаудан Алушы, одан — Ұмбетқұл, Солтанқұл. Құлатаудан — Достық, Сырдақ, Сұрша, Шеге [18].

Кейбір шежіре нұсқаларында Шеге, Алушы, Сырдақ Бураның өз кіндігінен тараған балалары ретінде берілген [19].

Ал «Найман» атты еңбектің үшінші томында Құлатаудан — Достық, Сырдақ, Сұрша, Шеге, Алушы деп аталатын бес ру тарайды деген қорытынды жасалған [4; 277].

Бура Наймандар бұрын Өскемен уезін мекендеген.

  1. Сарыжомарт — Ергенекті Найманның үшінші руы. Ж.Бейсенбайұлының «Ана тілі» апталығына келіп түскен шежіре нұсқаларын қорытып жариялаған «Қазақ шежіресі» атты еңбегінде Сарыжомарттан — Жаулыбай, одан — Теңізбай, Құлтай, Қанай, Құсты, Қалғұты, Асылбай, Амансиық, Алсиық атты сегіз ұл таратылған [6; 127]. Осы нұсқа Тарақты Ақселеудің кітабында қайталанады [8; 95]

Сондықтан да Сарыжомарт руынан негізінен сегіз ру бөлімі тармақталатынына көз жеткізуге болады.

Ұлытау наймандары

Орналасқан өңіріне қарай Ұлытау наймандары екіге бөлінеді: Бағаналы жəне Балталы рулары [4; 60]

  1. Балталы. Ж.Бейсенбайұлының «Қазақ шежіресі» атты еңбегінде Балталының шығу тегін Кетбұғадан таратып, онымен бірге Ақтана, Ақтоғас есімді екі бауыры болғандығын айтады. Балталыдан — Ақтай, одан — Жалайыр, одан — Жəрменбай. Жəрменбайдан — Мардан, Төбеқоңыр, Арғымақ, Қаншегір ру бөлімдерін таратады. Осы төртеуінің ішінде жалғыз Мардан бөлімінің шежіресін өрбіткен. Марданнан — Тəжі, Тəжіден жалғыз Ибас туылып, Ибастан — Таңатар, Қылы аталықтары таратылған [6; 128]. А.Сейдімбек те өзінің шежіресінде Балталылардың ата-тек таралымын осылайша өрбітеді [8; 98].
  2. Бағаналы. Бұл рудан өсіп-өнген ұрпақтардың шежіресін зерттеу жұмыстары Қазақстан тəуелсіздігін алғаннан кейін жаңаша қарқынмен дамыды. Атап айтар болсақ, Ж.Бейсембайұлы, А.Сейдімбек, З.Сəдібекұлы сынды шежіре зерттеушілердің еңбектерін ерекше атауға болады. З.Сəдібекұлы Бағаналыдан — Ақтаз, Қызылтаз, Шегелек деген үш ру бөлімін таратады [20].

Ж.Бейсенбайұлы болса, Бағаналыны — Шегедек, Шегелек, Шүрешек, Шəуешек деп төртке жіктейді [6; 127].

А.Сейдімбек нұсқасы, басқаларға қарағанда сəл өзгешелеу. Ол Бағаналыны бірнеше атаға дейін жалғыздап таратып келіп (Келбұға — Бағаналы — Ақтай — Сабыл — Бақтөс — Иманəлі), Иманəліден — Шегедек, Шегелек, Шүрешек, Шəуешек атты төрт руды таратады [8; 95].

Найманның Балталы, Бағаналы деген аталарының ұрпақтары, Ергенектінің екі баласы — Сарыжомарт пен Бура ұрпақтарының едəуір бөлігі қазіргі Қарағанды, Ақмола облыстарында, Кереку (Павлодар), Астана маңын мекендеп қалған.

Терістаңбалы руы

Ақселеу Тарақты (Ақселеу Сейдімбек) «Балталы, Бағаналы ел, аман бол» еңбегінде мынандай дерек келтіреді: «...Белгібайдың анасы, Қыз ене» атанған Гүлше бар емес пе, Найман өліп, асын берген соң ата жолымен Найманның ұлы атасы Сарымен бірге туысқан Шолмақтың немересі Елтайға Гүлшені қосады. Ұлытау төңірегінің шежіресінде Найманның інісі Наймантайдан Елтай туып еді дейді. Сол Елтайды Əлпеш: «Атамның орнына ата болды» деп, есімін «Елата» атап кетеді. Кейін Елата мен Гүлшенің арасынан бір ұл туады. Оны Белгібайға серік болсын деп, атын Серікбай қояды.

Кейбір шежіре бойынша, Серікбайдан — Келбұға, Кетбұға атты екі ұл туады [8; 91].

Ж.Бейсенбайұлының деректері бойынша, Келбұғадан — Шұршейіт, одан — Тілеуберді (Нарманбет). Тілеубердіден (Нарманбеттен) — Əлімбет, Жолымбет, Тетен. Əлімбеттен — Кешубай, Шерубай, Елғонды. Жолымбеттен — Өтеміс, Қазыбай. Тетеннен — Құттымбет [6; 128].

Келбұғаның ұрпақтары көп өспегендіктен, Кетбұғаның Ақтана жəне Ақтоғас ұрпақтарымен бірігіп, Терістаңбалы аталып қала берген. Тек өз іштерінде ғана олар Шұршейіт, Ақтана, Ақтоғас болып бөлінсе керек. Ал сырт көзге олардың бəрі Терістаңбалы болып қалған.

Найман тайпасынан шығып, бүкіл елге танымал болған тарихи тұлғалар

  1. Кетбұға күйші — қазақ ұлының тарихында болған адам. XІІІ ғасырдағы ірі тарихи тұлғалардың бірі ретінде танылған. Ол тарихи атақты тұлға — Шыңғысхан дəуіріндегі ірі күйші əрі домбырашы, музыкант.

Тарақты Ақселеу «Балталы, Бағаналы ел, аман бол» атты еңбегінде: «Сөз орайында Кетбұға жырау əйгілі Шыңғыс ханның оң тізесін басып отырған биі болғанын, «Ақсақ құлан» сияқты күйді тудырған ұлы күйші екенін айта кеткен жөн» [8; 91], — деп жазады.

«Алтын топшы» деп аталатын кітапта: «Кетбұға найман руынан шыққан нояндардың бірі еді. Құлағудың ең ірі əскери қолбасшысы болған. 1225 жылы он екі мың əскеді бастап, батысқа Қарақорым жерінен жорыққа аттанган. 1257 жылы оның əскерлері Парсы елін талқандады. Келесі жылы сəуір айында Арабтардың халифасын тақтан тайдырды. 1260 жылы Сурияға шабуыл жасап, Дамашық қаласын басып алады. Кетбұға Палестин елінің Аин-халут деген жерінде соғыста қаза болады», — деп жазады [21].

Кетбұға қазақтың ұлы күйшісі болып қалумен бірге, тарихи кезең өмірге əкелген, ірі тарихи дəуірлердің бірі болған Шыңғысхан кезеңі тудырған халықаралық, əлемдік деңгейдегі ірі  батыр, əлемдік деңгейдегі əскери қолбасшы, əлемдік деңгейдегі ер жүрек сардар екені де белгілі.

  1. Қабанбай батыр (1691–1769) — жоңғарларға қарсы азаттық күресті ұйымдастырушы көсемдердің бірі. Теңдесі жоқ батыр, аса ірі қолбасшы жəне мемлекет қайраткері.

Азан шақырып қойылған аты — Ерасыл. 1717 жылы Аякөз шайқасында ерекше көзге түсіп, Қабанбай батыр атанды. 1723 жылы Түркістан қорғанысына, 1726 жылы Бұланты шайқасына, кейін Шыңғыстау, Ертіс бойындағы шайқастарға қатысып, Абылай ханның бас батырларының бірі болды. 1741 жылы Шыңғыстаудағы Шаған шайқасында ақбоз атпен топ жарып, жауға шапқаны үшін Дарабоз атанды. 1751 жылы Арқадан Оңтүстік Қазақстанға Қабанбай — Ханбаба (Барақ сұлтанның үлкен ұлы) жорығы жасалды. Ұлы жүз жасағын өзіне қосып алған 2 түмен қазақ əскері, Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын жоңғарлардан тазартып, Ташкентте Төле бидің билікке келуіне көмектесті [22; 364].

Қабанбай  батырдың  есімі  бүкіл  Қаракерей  ұранына  айналған.  Шығу  тегі:  Төлегетай  — Қаракерей — Байторы — Мейрам — Байыс — Байжігіт — Мəмбет — Қожағұл — Қабанбай.

  1. Ақтамберді Сарыұлы (1675–1768) — жырау, қолбасы, қазақтың ежелгі жыраулық мектебінің белді өкілі, мəмлегер.

1738–1752 жылдардағы қазақ-қалмақтың қанды қақтығыстарының барлығына дерлік қатысқан. Ес білгеннен бастап 70 жыл бойы ат үстінен түспей, елі мен жерін қорғаған қас батыр, айтулы шешен, қабырғалы би, атақты жырау. Қазақ жауынгерлерінің азаттық құлдық жөніндегі түсініктері, болашаққа деген сенімі, адалдық-жауыздық, қиянат, əділетсіздік хақындағы таным-түсініктері Ақтамберді талғамынан өтіп жыр-толғауға айналған.

Əсіресе «Күлдір де күлдір кісінетіп...» деп басталатын шығармасы [23; 67, 68] — ақынның алдына қойған арманын танытатын патриоттық туынды:

Күлдір де күлдір кісінетіп,

Күреңді мінер ме екеміз?!

Күдеріден бау тағып,

Ақ кіреуке киер ме екеміз?!

Жағасы алтын, жеңі жез,

Шығыршығы торғай көз

Сауыт киер ме екеміз?!

Ор қояндай жүгінтіп,

Аш күзендей бүгілтіп,

Жолбарыстай шұбарды

Таңдап мінер ме екеміз?!

Сол шұбарға мінген соң,

Қоңыраулы найза қолға алып,

Қоңыр салқын төске алып,

Қол төңкерер ме екеміз?!

Жалаулы найза жанға алып,

Жау қашырар ма екеміз?!

 Жыраудың шыққан тегі:  Төлегетай — Қаракерей — Байторы — Мейрам — Байыс — Сыбан    —Бөрі — Бөлтірік — Сары — Ақтамберді.

  1. Құттыбай (Қу дауысты Құттыбай) Нарынбайұлы (шамамен 1700–1770) — би. Əкесі Нарынбай Жанбөбекұлы — би, батыр, қоғам қайраткері. Ол халыққа от ауызды, орақ тілді шешендігімен танылып, беделді болған. Сонымен бірге Тəуке ханның заманында сыртқы жауларға қарсы соғыстарда батырлығымен де танылған.

Құттыбай билік айтумен қатар, мемлекеттік саяси қызметтерді де атқарады. Ол 1760 жылы Абылай жəне Əбілмəмбет хандардың Цинь императоры Цяньлунге қазақ елшілігін басқарып барды. Елшіліктің сапары нəтижелі болып, Қытаймен шекарадағы аймақтарға қазақтардың қоныстануына жол ашылды. Қазақ саудагерлерінің Үрімжі, Құлжа, Шəуешек қалаларына келіп сауда жасауына рұқсат етілді [22; 538].

Құттыбайдың баласы Байғора, немересі Ақтайлақ билер де əйгілі адамдар болған. Мысалы, Ақтайлақ би 1773 жылы Əбілпейіз хан мен Болат сұлтанның атынан Ежен ханға елші болып барған.

Əсіресе Ақтайлақтың ақын ретінде, əрі халықтың ұстазы ретінде атқарған қызметі ерекше. Оның өлеңдері көбіне адам баласының жаратылысында кездесетін əр түрлі қасиеттердің сырын ашуға бағытталған.  «Қадірін  қашан  білерсің?»,  «Мақтаншақ»,  «Достық  жайында»,  «Жарасым  жайында»,

«Əлімдер жайында», «Жақсы мен жаман жайында», «Аласаны атқа санама», «Өзімшілдік жəне əдептілік» жайындағы өлеңдері əрбір адамды жаман қылықтардан аулақ болуға шақыратын ғибраты мол, тəлім-тəрбиелік маңызы зор өлеңдерге жатады. Бидің əр жылдары жазылған өлендерін оқи отырып, ақынның өлеңдері халықтың рухын көтеруге, адамдардың мінез-құлқын жөндеп, əдепті болуға шақыратынын аңғару қиын емес:

 Тасыма жігіт, тасыма,

Тасыған жетер басыңа.

Жаттан да жақын шығады,

Жатырқап жаттан шошыма.

Бəрін өзім білем деп,

Бекерге лағып жосыма.

Үй менікі дейсіңдер,

Үй артында кісі бар

Білгендерің осы ма?

Ителгідей томсарсаң, 

Кім жолайды қасыңа,

Күлме бекер досыңа.

Жақсылыққа қуанып,

Жамандыққа жасыма.

Жақсылық пен жамандық,

Өмірінше тұрмайды,

Бір кісінің басында.

 Ақтайлақ бидің артында қалдырған нақыл сөздерінің көбі адамды адал еңбек етуге шақырады:

 Еріншек болма, елгезек бол,

Еңбексіз босқа жатпа.

 Ерегескен ел азады,

Еңбек істеген ер озады.

Не айту керек бұдан басқа?

 Арамдықтан аулақ бол,

Адалдықты жақта.

 Алысты ойлайтын болжампаз бидің адалдық пен еңбек ұштасқанда ғана адамның бақытты өмір сүретіндігін, елдің арасындағы көптеген дау-дамайдың себебі жалқаулықтан шығатынын дөп басып айтқан. Ақтайлақ бидің шығу тегі: Төлегетай — Қаракерей — Байторы — Мейрам — Байыс — Сыбан — Жанкөбек — Нарынбай — Құттыбай (Қу дауысты Құттыбай) — Байғора — Ақтайлақ.

  1. Дулат Бабатайұлы (1802–1874) — атақты ақын, «Зар заман» мектебі өкілдерінің бірі. Дулат ақын шығармашылығы біз «Зар заман əдебиеті» деп бөліп қарастырып жүрген əдеби ағымның көш басында тұр. Ол жасы жағынан да, əдебиетке келуі жағынан да осы ағымның өкілдері Шортанбай Канайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Əбубəкір Кердері, Албан Асан, Нарманбет Орманбетұлы сияқты марғасқалардың алдында болып есептеледі. Сондықтан оны ең бірінші XIX ғасырдағы қазақ қоғамын өз билігінен айырған Ресей патшалығының отарлаушыларына қарсы, қазақ даласындағы əлі де болса дербес хандық биліктің жойылуына қарсы алғаш үн көтерген, патша билеушілерінің шылауындағы аға сұлтан, ұлықтарды оңдырмай сынаған, сол дəстүрді қалыптастырушы жаңашыл ақын ретінде тануымыз қажет [24].

 Сөзімізді түйіндесек,

Жыршының аты жыршы ма,

Əркімнен өлең жаттаса?

Сөз — жібек жіп, жыр — кесте,

Айшығы айқын көрінбес,

Өрнексіз қылып баттаса, —  деп өлеңге жоғары талап қоя білген, қазақ поэзиясының реформаторы Дулат Бабатайұлының жырлары қашанда келешек ұрпақтың рухани қажеттілігін өтей бермек.

Ақынның шығу тегі: Төлегетай — Қаракерей — Байторы — Мейрам — Байыс — Сыбан — Жарасқұл — Қойбас — Досым — Ескелді — Бабатай — Дулат.

  1. Жанкісі жырау əрі би (1772–1849) — Қоқан ханына арнап шығарған жырымен [23; 139, 140] кеңінен танылған адам.

Ақын өз жырларында езілген елді қан жылатып, ауыр салықтар жинап, ешнəрсемен санаспастан талан-таражға салушылардың жүгенсіздігін өткір сөздермен ашына айтып бетіне басады:

Өзіңіз қосқан зекетші,

Біздің елде Жұбай бар.

Жұбайдың жүрген жерінде,

Жылау менен ойбай бар.

Жəне оның жолдасы,

Қаратамыз Дадан бар.

Еріп жүрген соңында,

Қырық-отыз адам бар.

Шоңмұрын деген молдасы бар,

Төлеген деген жорғасы бар.

Аттарына жемді салуға

Алты еннен тіккен дорбасы бар...

«Келі түсім» деп алады,

«Кеусенім» деп алады.

«Орта зекет» деп алады,

«Құшақ зекет» деп алады...

 Жалынды жырау қазақ ішінен шыққан жалдаптардың да елді жауға қосыла тонап жатқанын зор күйінішпен баяндайды. Ол елдің арына тиіп, халықты ауыр азапқа душар етіп жатқан Қоқан ханының зұлымдық əрекетін ашына сынайды. Қойдан жуас момындарды бөрідей талап, елді  бүлдіріп жатқанын айтады [25]:

 Айтайын десе ұрады,

Ұрмақ түгел қырады.

Қаумалаған көп момын,

Қорлаушыдан құтылар.

Амал-айла таба алмай,

Қарайды да тұрады.

Алдына салып айдайды,

Ашулансаң, байлайды.

Əкімі жоқ қазаққа

Теңдік жоқ деп ойлайды...

Ел ішінде ажарлы

Қыз, қатынды қоймайды,

Жақсыларды сөгеді

Ат үстінен тебеді.

 Жанкісі жырау Қоқан жендеттерінің қолынан қаза тапқан. Ата-тегі: Бағаналы — Шөрешек — Тоңболат — Байкөнек — Игілік — Мұқыш — Сарыаталық — Жауғашты — Тілеке — Асқар — Бөрібай — Жанкісі.

  1. Мұхамеджан Тынышбаев (1879–1938) — Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, тарихшы- ғалым.

Теміржолшы, оқытушы қызметтерін ұштастырып, ұлтжанды азамат Кеңес өкіметінің шаруашылық саласында кəсіби шеберлігін шыңдады. Сонымен бірге Мұхамеджан Тынышбаев ғылыми жұмыспен де белсене айналасып, терең зерттеулер жүргізіп, бірқатар еңбектер жариялады.

«Материалы к истории киргиз-казахского народа», «Великие бедствия...», «История казахского народа» атты шығармаларында қазақ тарихының көне дəуірінен бастап қазіргі заманға  дейінгі күрделі мəселелерінің түйінін шешуге талпыныс жасаған. Еңбектердің бір ерекшелігі —  автор оларды жазуда ұлттық мүддені, шынайылық, тарихилық принциптерін ұстануға ұмтылған [9; 233].

Өмірінің соңғы жылдарында М.Тынышбаев Түркістан-Сібір темір жолы құрылысында қызмет етті. Осы құрылыстың жобалаушысы, негізгі маманы болды. Оның кəсіби шеберлігі Түрксіб құрылысын салу барысында айрықша танылды. Осы еңбектеріне қарамастан, ол кеңестік биліктің қуғын-сүргініне ұшырап, Түрксібті салып жатқан кезінде 1930 жылы 3 тамызда тұтқынға алынды. Оған «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Кейінгі жылдары да үнемі бақылауда болған ол, ақырында кеңестік саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.

Мұхамеджанның жеке шежіресі мынадай: Төлегетай — Садыр — Тоң — Түгелбай — Жанатай —  Жəдік  —  Діңгеліс  —  Тəуімбет  —  Жомарт  —  Тасболат  —  Бектау  —  Түйте  —  Əлдеке     — Тынышбай — Мұхамеджан.

  1. Ерден Сандыбаев (1808–1863) — Ұлытау өңіріндегі Бағаналы Найманнан шыққан белгілі қайраткер. Өз тұсында халыққа кең танымал болса, кейінгілерге де би, батыр, болыс, аға сұлтан атағымен аңыз болып қалған. 1840 жылдан бастап біраз жыл Көкшетау округіне қарасты (Атбасар округі ашылғанға дейін Бағаналылар Ұлытаудағы жер-сумен Көкшетау округіне кірген) Қызылтаз — Қоқан — Байназар болысын басқарған.

1846 жылдан прапорщик, кейін хорунжий шенін алған. Шоқан Уəлихановпен қатар дауысқа түсіп, соңында Атбасар округінің аға сұлтаны болған. Ол кісі — арнайы шақырумен Петерборда, патша сарайында болған құрметті қазақ деген дерек көзі де кездеседі.

1862 жылы 16 қарашада тіркелген деректе (345–1–1793) Е.Сандыбаевтың хорунжий шені, Анна лентасындағы Алтын медалі, «1853–1856 жылдар соғысы» ескерткіш қола медалі бар деп көрсетілген [26].

Ердекеңнің қадір-қасиетін, ақыл-парасатын сол заманда-ақ қазақтың үш жүзінің түкірігімен өрт сөндірген шешендері, аспандағы аққуды алдындағы айдынға қондырған күйшілері мен көмекейінен маржан тамған ақын-жыраулары бағалай да, саралай да білген. Солардың арттарында қалған асыл мұра арқылы Ерден тұлғасы сан алмасқан саясат ағымы қанша тұқыртып, тұншықтырса да, бүгінгі күнге өшпей жетіп отыр. Атығай-Қарауылдың тұяғы жерге тимеген тұлпары Орынбай ақын сыйлас замандасы Ерденнің тұлғасын мəңгі өшпестей, өшірілместей етіп өлеңмен сомдап кеткен [27; 222]:

 Ассалаумағалейкум, батыр Ерден,

Кетіпті бақ-дəулетің асып елден,

Ішінде көп қарғаның бір бүркіттей,

Көзіме көрінесің келген жерден.

 Сұңқардың екі мұртың жебесіндей,

Ақылың оман-дария кемесіндей.

Сұрасаң биіктігің мен айтайын,

Күн шалған Алатаудың төбесіндей.

 Иілмес қарағайдай терегімсің,

Ақылдың көз жеткісіз зерегісің.

Қазақтың қазақ иісі бар шағында,

Алаштың баласына керегімсің.

 Есілдің ұзын бойын келдің жайлап,

Жібектей шалғынына бие байлап.

Керек бай, керек жарлы келсе мейман,

Алдына шығушы едің қойың байлап.

 Елге кек, жұртқа намыс іс келгенде,

Жақұттай жанушы едің көзің жайнап.

Уа, Ерден, енді тумас сендей көзел,

Ішінен Бағаналы селдей қайнап.

 Сол заманның біртуар дарын иелері, асқан өнерпаздары — Сегіз сері, Ықылас, Сайдалы Сары Тоқа, Тəттімбет, Шөжелермен де Ерденнің сыйлас, сырлас-көңілдес болғандығы жайлы көл-көсір мəлімет бар.

Қылқобыздың Қорқыт, Қойлыбайлардан соңғы шашағына шаң жұқпаған жүйрігі Ықылас Дүкенұлы «Ерден» күйін оған жағынғандықтан, бағынғандықтан емес, оның  бейнесін сағынғандықтан, кемел ақыл-парасатына табынғандықтан шығарған. Аралас-құралас, қоныстас- жорықтас жатқан елдің азаматының алып тұлғасына деген қимастық, сыйластық сезімнің самалы еседі бұл күйден.

Сондай-ақ Тəттімбет Қазанғапұлының «Бес төре» күйі де осы тұста қарадан шыққан хандар атанған аға сұлтандар Жайықбайдың Ыбырайына, Шорманның Мұсасына, Өскенбайдың Құнанбайына, Естеместің Есенейіне, Сандыбайдың Ерденіне арналған [27; 223].

Ерден Сандыбайұлының ата-тек тарылымы: Бағаналы — Шəуешек — Қызылтаз — Иманəлі    —Қожас — Жырық — Сарыбай — Өтеп — Төлек батыр — Сандыбай батыр — Ерден.

  1. Əріп Тəңірбергенұлы (1856–1924) — ақын, ұлы Абайдың дарынды шəкірттерінің бірі. Бірнеше шет тілдерін меңгерудің арқасында мемлекеттік дəрежеде тілмаштық қызмет атқарған. 1882–1884 жылдарында Аягөз уезінде, 1884–1887 жылдарда Қытай Халық Республикасында Ресей консулы Николай Балкашиннің тілмашы міндетін атқарады. Сондай-ақ Верный, Пішпек қалаларында заң орындарында, байланыс саласында жұмыс істейді. Жəне жеткіншектерге жетекшілік жасайды.

Жетісу жерінде, қырғыз елінде қаншама қызықты оқиғаларды бастан кешіреді. Жамбылмен жүздесіп  дидарласады.  Əріп қолына  қалам алған  күннен  бастап  Абайдан  көз жазбаған,  Абай  дəстүрін бойына жастай сіңірген, аса ірі ақындардың бірі. Əрқашан Абайға ұқсауға талпынып, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, Абай ағасынша «екі жаққа бірдей үңіліп» батыс-шығыс əдебиетінің озық үлгілерінен көп үйренген [28].

Əріптің шығу тегі былайша тарқатылады: Төлегетай — Қаракерей — Байторы — Мейрам — Байыс — Сыбан — Жанкөбек — Нарынбай — Құттыбай — Байқара — Байсал — Əлі — Тəңірберген — Əріп.

  1. Ілияс Жансүгіров (1894–1938) — ХХ ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының қатарынан ойып тұрып орын алған тұлға.

Жансүгіров — жан-жақты дарын иесі. Ол ақын, прозашы, драматург жəне фельетоншы болды. Оның кеңінен белгілі «Дала», «Күй», «Күйші», «Кұлагер» поэмалары ұлттық əдебиеттің таңдаулы жетістіктеріне жатады. Оның алғашқы лирикалық өлеңдер жинағы «Беташар» деген атпен жарық көрді. Ақынның көзі тірісінде оның жиырмаға жуық жинақтары басылып шықты. Ілияс Жансүгіров өте қысқа мерзімде сөз шебері атанды.

Жансүгіров орыс классикалық туындыларын қазақ оқырмандары арасында насихаттауға көп еңбек сіңірді. Ол А.С.Пушкиннің, М.Ю.Лермонтовтың, И.А.Крыловтың, В.В.Маяковскийдің, əлемдік классикалық поэзиядан Гейненің, Гюгоның, Петефидің шығармаларын аударды [29].

Ағартушы, əдебиетші, ақын əрі қоғам қайраткері І.Жансүгіровтің ата-тегі: Төлегетай — Матай — Аталық (Келдəулет) — Қамбар — Сүттіболат — Қайнар — Тоқпан — Берсүгір — Жансүгір — Ілияс.

 

 Əдебиеттер тізімі

  1. Сəнік З. Қытай деректеріндегі наймандар // Қазақ тарихы. — 2007. — № 3. — 17–19-б.
  2. Қазақ Совет энциклопедиясы. — 8-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Сов. энцикл. бас ред., — 261-б.
  3. Қазақтың көне тарихы / Дайынд. М.Кани. — Алматы: Жалын, 1993. — 170-б.
  4. Қазақ ру-тайпаларының тарихы. Найман. — Х-т. — 3-кіт. — Алматы: «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы, — 430-б.
  5. Қыдырханұлы М. Шежіре // Жұлдыз. — 2008. — № 5. — 146–152-б.
  6. Бейсенбайұлы Ж. Қазақ шежіресі. — Алматы: «Ана тілі» апталығы - «Атамұра», 1991. — 160 б.
  7. Айтұлы Н. Төлегетай // Жұлдыз. — 2011. — № 5. — 72-б.
  8. Тарақты Ақселеу. Балталы, Бағаналы ел, аман бол. — Алматы: Қазақ ун-ті баспасы, 1993. — 224 б.
  9. Қазақ ру-тайпаларының тарихы. Найман. — Х-т. — 2-кіт. — Алматы: «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы, 2008. — 25-б.
  10. Тынышпаев М. История казахского народа / Сост. и авт. предисл. А.С.Такенов и Б.Байгалиев.— Алма-Ата: Қазақ ун- ті баспасы, 1993. — С. 88,
  11. Байбатша Ə. Қазақ даласының ежелгі тарихы. (Көмекші оқу құралы). — Алматы: Санат, 1998. — 133-б.
  12. Салғараұлы Қ. Қазақтың қилы тарихы: Роман — эссе. — Алматы: Жалын, 1992. — 253-б.
  13. Қазақ Совет энциклопедиясы. — 6-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Сов. энцикл. бас ред., — 460-б.
  14. Қазақ Совет энциклопедиясы. — 7-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Сов. энцикл. бас ред., — 648-б.
  15. Қазақ Совет энциклопедиясы. — 11-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Сов. энцикл. бас ред., — 130-б.
  16. Зəкенұлы Т. Бабалар кесенесі // Жұлдыз. — 2008. — № 11. — 187–197-б.
  17. Біржан сал Қожағұлұлы. Өлеңдері. — Алматы: Жазушы, 1967. — 139-б.
  18. Тілеке Ж. Шежіре: Ертіс-Баянаула өңірі. — 1-кіт. — Павлодар: Дауа; Қазақстан, 1995. — 292-б.
  19. Қазақ Совет энциклопедиясы. — 2-т. / Бас ред. М.Қ.Қаратаев. — Алматы: Қазақ Сов. энцикл. бас ред., — 491-б.
  20. Сəдібеков З. Қазақ шежіресі. — Ташкент: Өзбекстан, 1994. — 97-б.
  21. Оразбай М. Кетбұға күйшінің тарихи суреті табылды // Қазақ əдебиеті. — — № 45 (3040). — 9 қараша. — 6–7-б.
  22. Қазақстан тарихы: Энцикл. анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2006. — 768-б.
  23. Сөйле, тілім, жосылып. (Жыраулар мұрасы). — Алматы: «Олжас кітапханасы» баспа үйі, 2012. — 156-б.
  24. Дүйсенғазин С. Азаттық жырының Ақтаңгері // Қазақ. — 2011. — 18 наур. — № 11 (525). — 7-б.
  25. Сүйіншəлиев Х. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Алматы: Санат, 1997. — 415-б.
  26. Сəдуақас Т.Қ. Ел мен жер: Тарихи-танымдық жин. — Алматы: Дайк-Пресс, 2003. — 68-б.
  27. Ахметов Қ. Ұлытау. — Астана: Фолиант, 2006. — 344 б.
  28. Айтұлы Н. Ұмытпаңыздар мені // Егемен Қазақстан. — 2006. —13 маус. — 2-б.
  29. Умарова Г.С., Шарабасов С.Ғ. Қазақ əдебиетінің тарихы: Оқулық. — Астана: Фолиант, 2007. — 184-б.

 

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.