Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Қазақстан Республикасындағы діни сенім бостандығының конституциялық-құқықтық негіздері

Мақаланың мақсаты — жеке тұлғаның діни сенім бостандығының конституциялық-құқықтық негіздеріне талдау жасау, Қазақстан Республикасында қабылданған ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететін ұлттық құқықтық нормалар мен халықаралық құқықтық нормаларды салыстыра отырып, жеке тұлғаның құқықтарын қамтамасыз ету мəселелерін шешу жолдарын табу. Авторлар жеке тұлғаның сенім бостандығы мен ұлттық мүддені сақтаудың мəселесін зерттеу арқылы қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ететін нормаларды ұсынған. Зерттеудің тарихи, салыстырмалы тəсілдерін қолдана отырып көтерген мəселе бойынша адам құқықтарын сақтаудың жолдары жан-жақты талқыланды. Жалпы алғанда, дін өте күрделі құбылыс жəне ол қоғамның барлық саласына өз əсерін тигізеді, сондықтан дін мəселесін, əсіресе адамның жеке діни сенім мəселесін қарастырған кезде ұлттық мүдде, қауіпсіздік мəселелері назардан тыс қалмауы жəне қабылданатын нормалар осы мəселені ескеруі тиіс. Қазіргі уақытта жаһандау дəуірі жүріп жатыр жəне соған сəйкес халықаралық діни экстремизм мен терроризмнің қаупі артып келеді, осы тұста елімізге қауіпті діни ағымдардың келмеуін қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздіктің ең бір өзекті мəселесі болып қала бермек.

Кіріспе

Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырып, əлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылуға бағыт алғандықтан, мемлекет үшін өз азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуі ең өзекті мəселе болып отыр. Адамның еркін өмір сүруіне, оның материалдық жəне рухани қажеттіліктерін өтеуі үшін мемлекет барлық жағдайды жасауы қажет жəне бұл міндетті ол Қазақстан Республикасының Конституциясында өз мойнына алған болатын. Яғни Конституцияның 1-бабында былай делінген: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық жəне əлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам жəне адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» [1]. Осы бапта адам құқықтарын қамтамасыз етудің ең басты қағидалары бекітіліп, Қазақстанның ұстанған негізгі бағыты айқындалған болатын.

Діни сенім бостандығы — бұл демократиялық қоғамның тұрақтылығы мен дамуының басты шарты жəне адамның құқықтары мен бостандықтары жүйесінің негізгі элементтерінің бірі. Діни сенім бостандығы мəселесі көпконфессиялы мемлекет Қазақстан үшін қауіпсіздік пен дамудың ең бір қажетті алғышарты болып табылады. Сондықтан Қазақстан дін саласында демократиялық негіздерді бекіту жолында үнемі заңнамаларды дамытып, халықаралық құқықтық нормалардың стандарттарын енгізуде. Қазақстан Республикасы Конституциясының 22-бабында «Əркiмнiң ар-ождан бостандығына құқығы бар» [1] деп анық көрсетілген жəне ар-ождан бостандығы — бұл жеке адамның ажырамас абсолюттік құқығы болып табылады жəне ешбір жағдайларда шектеулерге жатпайдығын бекіткен. Діни сенім бостандығының маңыздылығы халықаралық тəжірибеде де танылған. 1948 жылы БҰҰ қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 18-бабында «Əркімнің ойлау, ар- ождан жəне дін бостандығына құқығы бар» деп көрсетілген. Ал декларацияның 29-бабында тек қана басқалардың құқықтары мен бостандықтарын тиісінше тануды жəне құрметтеуді қамтамасыз ету жəне демократиялық қоғамдағы адамгершілік, қоғамдық тəртіп пен жалпы əл-ауқат талаптарын қанағаттандыру мақсатында белгіленген адам құқықтары мен бостандықтарын шектеулерге ғана жол беріледі деп көрсеткен [2].

Қазақстанда тəулсіз алған уақыттан бері конфессияаралық тұрғыдағы келіспеушіліктердің болмауы еліміздің дін саласындағы ұстанып отырған саясатының бағыты дұрыс екендігін көрсетеді. Алайда, тəжірибе көрсеткендей, демократиялық діни заңнамада іске асырылған діни сенім бостандығы қағидатын дəріптеу — белгілі бір деңгейде елімізде дін атын жамылған экстремизм мен терроризмнің еніп кетуі, халықтың дəстүрлі құндылықтарының бұзылуы мен кейбір азаматтардың жат ағымдарға қосылып, террористік ұйымдарға ілесіп кетуі сияқты жағдайлардың себебіне айналды. Мұндай жағдай 2011 жылдың қазан айында «Діни қызмет жəне діни бірлестіктер туралы» жаңа Заңның қабылдануына себеп болды. Заңда [3] мемлекеттің зайырлы қоғам қағидаларын сақтай отырып, елдің тарихи-мəдени құндылықтарды сақтау жəне ұлт мүддесін қорғауға бағытталған нормалар қабылданды. Сондықтан да заңның преамбуласында Қазақстан тарихында ханафи бағытындағы исламның жəне православтық христиандықтың тарихи рөлі айрықша көрсетілген. Бұл Қазақстанның зайырлы мемлекет бола тұрса да, стратегиялық маңызды бұл саланың өзекті мəселелерін шешуден бойын аулақ ұстай алмайтын елдің діни саясатында белгілі бір басымдықтарды белгілеу мақсатында жасалды. Дінтанушылардың пікірінше, дəстүрлі болып саналатын ислам мен православ діндеріндегі догматизмдегі барлық айырмашылықтарға қарамастан, əлеуметтік-саяси аспектіде, олардың мемлекет институтына деген қарым-қатынаста ұқсастығы байланыстырады.

Біздің ойымызша, мемлекеттің дінге қатысты саясаты ар-ождан бостандығының конституциялық қағидаттарын жəне заң алдындағы барлық діни сенімдердің теңдігін іске асыруды қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етумен, ұлттың тарихи-мəдени мұрасын, оның дəстүрлі рухани құндылықтарын сақтау мен дамытумен тығыз байланыстыру қажет.

Əдістер мен материалдар

Зерттеу жұмысын жүргізу барысында дін саласындағы заңнамалардың дамуына тарихи теориялық əдіс қолдану арқылы түрлі ғылыми əдебиеттерге талдау жасалды. Діни сенім бостандығын қорғауға бағытталған құқықтық нормаларға түсінік беру тəсілдеріне тоқталып, тарихи деректер талданды. Діни сенім бостандығы мəселелерін зерттеп жүрген бірқатар ғалымдардың теориялық көзқарастары мен жалпыға танылған құқықтық теориялардағы тұжырымдар қарастырылды. Құқыққа түсінік беру тəсілдерін жеке-жеке талдау мақсатында дін саласын реттейтін құқықтың негізгі қайнар көзі — діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы заң мен адам құқықтары туралы халықаралық нормаларға сілтеме жасалды.

Нəтижелер

Мемлекет пен діни бірлестіктер жəне дін мен құқық адамзат тарихында өте күрделі қарым қатынастарды бастан кешірді. Дін мен құқық өзге де функцияларымен қатар адамның іс-əрекетін тəртіпке келтіретін қызмет атқарса, діни бірлестіктер мен мемлекет қоғамды ұйымдастырумен айналысады. Сондықтан мемлекет институттары мен діни институттардың жүйесі бір-біріне өте ұқсас болып келеді жəне көптеген елдердің құқықтық жүйесі діни негіздерде қалыптасқан. Қазіргі кезде əлемнің көптеген елдерінде секуляризация процесі қарқынды түрде жүруде. Ал кейбір елдерде, əсіресе посткеңестік мемлекеттерде ұзақ жылдар бойы жүргізілген мемлекетті діннен арылту, атеистік насихатқа қарамастан діннің қайтадан қоғам өміріне əсері ұлғаюда. Бұл кереғар екі процесс дін мəселесінің түбірі тереңде, əрі қоғам санасынан бұл ұғымды жоюдың мүмкін еместігін көрсетеді. Діни бірлестіктер заманауи қоғамның əлеуметтік құрылымының ажырамас бір бөлігі. Діни негізде құрылған ұйымдар барлық мемлекеттерде бар жəне олар сол мемлекеттің тарихына, мəдениетіне, қоғамдық құрылысына тікелей əсер етеді. Тіпті дінді қауіпті элемент ретінде қарастырып, оның мүшелерін қуғынға ұшыратқан мемлекеттердің өзінде діни ұйымдар қызмет етеді.

Діни сенім бостандығының теориялық-құқықтық негіздерін зерттеу осы бостандықты іске асыру тұрғысынан жеке тұлғаның конституциялық-құқықтық мəртебесінің негіздерін, оның басқа конституциялық құқықтар мен бостандықтармен, міндеттермен өзара əрекеттесу ерекшеліктерін, тұтастай алғанда құқық жүйесіне əсерін талдауды қамтиды. Құқықтық мəртебе — адамның қоғаммен, мемлекетпен, ұжыммен, айналасындағы адамдармен байланысының барлық кешенін көрсететін күрделі, жинақтық категория. Осы байланыстардың қалыптасуына дін өзіндік із қалдырады. У.К. Дьюремнің пікірі бойынша, ол «əлеуметтік құрылымдар мен құндылықтарға айтарлықтай əсер етеді» жəне «қоғамның бөліктері мен бүкіл қоғам арасындағы құрылымдық байланыстардың терең мəтінінде» [4] қарастырылады. Дін бостандығын жүзеге асыратын адам қоғаммен, мемлекетпен жəне басқа адамдармен қарым-қатынастың белсенді субъектісіне айналады.

Жеке тұлғаның құқықтық жағдайының құрылымдық элементтері құқықтық құбылыстар болып табылады, олардың көмегімен «заң шығарушы қоғамдық қатынастар жүйесіндегі жеке тұлғаның құқықтық жағдайын белгілейді». Жеке тұлғаның құқықтық мəртебесінің негізі конституцияда жəне басқа да маңызды заңнамалық актілерде бекітілген жеке тұлғаның құқықтары, бостандықтары, міндеттері мен заңды мүдделері болып табылады. Атап айтқанда, ҚР Конституциясының 2- тарауында қарастырылған адам мен азаматтың құқықтары, бостандықтары мен міндеттері жеке тұлғаның құқықтық мəртебесінің негізін құрайды деген ереже бар.

Жеке тұлғаның конституциялық-құқықтық мəртебесімен азаматтық, құқықтық субъектілік сияқты барлық басқа құқықтық құбылыстар байланысты. Діни сенім бостандығын жеке адамның конституциялық-құқықтық мəртебесінің құрылымдық элементтері тұрғысынан қарау діни сенім бостандығының маңызды ерекшеліктерін жəне оны іске асыру механизмін тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді.

Конституциялық-құқықтық қатынастардың ерекшелігі конституциялық нормалардың ерекшеліктерінен тұрады, олар əдетте жеке оқшауланып емес, байлам немесе блок құрамында, көп сатылы бөлік ретінде жүзеге асырылады. Осыған байланысты конституциялық жəне басқа да құқықтық қатынастардың күрделі араласуы орын алады. ҚР Конституциясының 22-бабына сəйкес мемлекет əркімнің діни сенім бостандығына кепілдік беру міндеттемесін қабылдаған кезде мемлекет пен азаматтар арасында конституциялық-құқықтық қатынастар қалыптасады. Азамат осы бостандыққа жəне оған енгізілген өкілеттіктерге иелік етуге құқылы. Алайда бірқатар құқықтарды жүзеге асыру үшін (мысалы, діни нанымдарды тарату жəне оларға сəйкес əрекет ету құқығы) салалық деңгейде конституциялық-құқықтық қатынастарды жалғастыру, дамыту қажет. Атап айтқанда, бұл діни тəрбие мен білім беру, діни бірлестіктерді құру, олардың құқықтары мен діни ұйымдар қызметінің жағдайларын регламенттеу мəселелеріне қатысты.

Құқықтық субъектілік адамның діни сенім бостандығын тасымалдаушысы болу қабілеті ретінде құқық қабілеттілігі, əрекет қабілеттілігі жəне деликтіге қабілеттілік сияқты заңды тұлғаның құрылымдық элементтері арқылы анықталады. Құқық қабілеттілігі жеке адамның құқыққа, бостандыққа ие болу жəне міндеттерді атқару қабілеті ретінде барлық азаматтарға тиесілі жəне ол туылған кезде пайда болып, қайтыс болғанда тоқтатылады.

Адамның өз іс-əрекеттерімен құқықтарға ие болу жəне оларды жүзеге асыру, өзі үшін міндеттер құру жəне оларды орындау қабілеті (əрекет қабілеттілігі), əдетте, белгілі бір жасқа байланысты болады. Мысалы, діни нанымдарды ұстану құқығы туғаннан бастап тиесілі, кəмелет жасына толғанға дейін «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заңға сəйкес ата-аналардың немесе олардың орнындағы адамдардың келісімінсіз дінді оқуға құқығы жоқ. Өзінің діни сенімдеріне сəйкес əрекет ете отырып, адам белгілі бір дəрежеде əрекетке қабілеттілік көлеміне əсер ете алады, мысалы, діни қызметкер болу немесе бірқатар құқықтардан бас тарту немесе заңмен белгіленген міндеттерді орындау. Адамның əрекет қабілеттілігі оның азаматтығына да байланысты. Діни сенім бостандығы əркімге дүниеге келген кезден кепілдендірілген, бірақ Қазақстан, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар үшін əрекет қабілеттіліктің мөлшері əр түрлі, бұл азаматтардың тиісті құқықтық мəртебелерін анықтауға негіз болады.

Құқықтық субъектілік құрамына құқық пен əрекет қабілеттілігінен басқа деликтіге қабілеттілік те кіреді, бұл адамның өз əрекеттері үшін немесе белгілі бір талаптарды бұзғаны үшін жауап беру қабілетін білдіреді. Діни сенім бостандығы саласында деликтіге қабілеттілік, əдетте, діни негізде туындайтын құқық бұзушылықтармен байланысты. Мұндай əрекеттер (бұзушылықтар) діни алауыздықты немесе араздықты қоздыру немесе тұтату, діни артықшылықты насихаттау, белгілі-бір дінге тиесілік белгісі бойынша еңбек құқықтарын кемсіту, қорлау, жала жабу, сол негіздер бойынша диффамация жəне т.б. болуы мүмкін. Дін белгілі — бір дінді оқыту, ғибадат негізінде əлеуметтік қауымдастықтың қайнар көзіне айналып, басқа діндер негізінде ұйымдастырылған қауымдастықтар арасындағы бəсекелестік пен күреске əкелуі мүмкін.

Көптеген ғалымдардың пікірінше, Қазақстан заңнамасында репрессивті қағидаттардың күшеюі жəне діни бостандық саласындағы заңсыз əрекеттер үшін жауапкершіліктің күшеюі байқалады. Діни экстремизм проблемасын тек нормативтік-құқықтық реттеу құралдарымен ғана шешу мүмкін емес, діни бірлестіктердің қызметін бақылау мен қадағалаудың бүкіл жүйесін, кінəлі адамдарды анықтау мен жауапкершілікке тарту механизмін дəйекті түрде жетілдіру талап етіледі. Сонымен бірге діни белсенділік феномені жайында ұмытпау керек: дінге қатысты қатаңдық тек стратегияда ғана емес, практикада да күмəнді нəтижелер береді, қудалаулар дінді нығайтуға ғана ықпал етеді.

Талқылаулар

Жеке тұлғаның конституциялық-құқықтық мəртебесінің маңызды құрылымдық элементі адамның жəне азаматтың конституциялық құқықтары, бостандықтары мен міндеттері институты болып табылады, оны жеке тұлғаның конституциялық-құқықтық мəртебесінің өзегі деп атайды. Кейде заңнамада құқықтық мəртебені реттеу жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтарымен тең дəрежеде жүзеге асырылатындығына байланысты осы құқықтық институттарды сəйкестендіру орын алады.

Діни сенім бостандығы жеке тұлғаның басқа конституциялық құқықтарымен, бостандықтарымен жəне міндеттерімен тығыз байланысты, барлық құқықтар өзара байланысты жəне шартталғандықтан, құқықтар мен бостандықтар кешені əмбебап, объективті, таңдамалы емес жəне бөлінбейді, бұл адам болмысының барлық жақтары бір жəне байланысты болғанмен бірдей.

Діни сенім бостандығының ар-ождан бостандығымен, ой мен сөз бостандығымен, жеке адамның қадір-қасиетіне, өз пікірін білдіру бостандығымен, оның ішінде ақпарат алу құқығымен, сондай-ақ білім алу құқығымен, бірігу құқығымен, еңбек құқығымен, мемлекеттің конституциясы мен заңдарын сақтау міндетімен өзара байланысы қадағаланады.

Заң əдебиетінде жеткіліксіз дамыған мəселе діни сенім бостандығының жеке тұлғаның қадір- қасиеті құқығымен өзара əрекеттесуі болып табылады. «Адамның қадір-қасиеті идеясы даралықтың күрделі тұжырымдамасымен байланысты. Ол жеке тəуелсіздік пен жауапкершілікті көрсететін бірегейлік пен қайталанбастықты мойындауды қамтиды» [4; 101]. Қадір-қасиет деп адамның өзінің жеке пікіріне жəне басқалардың бағалауына қарамастан, тұлғаны ең жоғары құндылық деп тану. Қадір-қасиет абыроймен бірдей емес, абырой адамның жағымды моральдық беделін, оның еңбегін мойындауды білдіреді, сондықтан қоғам оның қадір-қасиетін ғана емес, абыройын да қорғайды. «Əркімнің ешкім оның қадір-қасиетін төмендетпейтініне жəне оның абыройына нұқсан келтірмейтініне құқығы бар» [4; 105]. Діни сенім бостандығы мен жеке басының қадір-қасиетіне деген құқықтың арақатынасы адамға өзінің конфессиялық көзқарасы немесе діни наным-сенімдері негізінде қатыгез қарым-қатынас жасағанда жəне басқа ар-намысты қорлайтын іс-əрекеттер жасағанда анықталады. Сондай-ақ жеке тұлғаның қадір-қасиетін діни сенімі бойынша қол сұғушылықтан конституциялық қорғау жеке өмірге, жеке жəне отбасылық құпияларға құқықты қамтамасыз етумен тығыз байланыста болатынын ескеру қажет [5; 17].

Өзінің ұжымдық аспектідегі діни сенім бостандығын реттейтін нормалар конституциялық бірлестік құқығын жүзеге асырумен тығыз байланысты. Субъективті құқық ретінде бірігу құқығы əр түрлі бірлестіктерді, соның ішінде діни бірлестіктерді құруда өз нəтижесіне ие [6; 1993]. Егер діни бірлестіктер қызметінің бостандығы қамтамасыз етілмесе, онда ар-ождан бостандығы мен діни сенім бостандығы толық көлемде кепілдендірілмейді. Сондықтан діни бостандықты ұжымдық принциптер арқылы адамның рухани өзін-өзі жүзеге асыруын қамтамасыз ететін бірлестік құқығын іске асырудың өзіндік формасы деп атауға болады.

Нақты құқықтық қатынастар шеңберінде діни сенімнің конституциялық бостандығымен тығыз өзара іс-қимыл жасайтын конституциялық міндеттер іске асырылады. Мысалы, мемлекет конституциясы мен заңдарын сақтау міндеті оның дамуының барлық кезеңдерінде конституциялық заңдылықтың қажетті элементі болып табылатын заңдық нұсқауларды сақтаудың жалпы талабы болып табылады [7]. Қоғам мен мемлекет талаптарының жүйесі ретінде заңдылықты сақтау дінге сену бостандығын қорғаудың негізгі шарты болып табылады. Заңдылық принципіне сəйкес Қазақстан Республикасының Конституциясының мақсаттары мен іс-əрекеттері конституциялық құрылымның негіздерін күштеп өзгертуге жəне мемлекет тұтастығын бұзуға, қарулы құрылымдар құруға, əлеуметтік, нəсілдік, ұлттық жəне діни алауыздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктердің құрылуы мен қызметіне тыйым салады.

Осылайша, рухани-адамгершілік мұраттар мен құндылықтарға сену мəселелерінде жеке тұлғаның жеке бостандық аясын анықтай отырып, діни сенім бостандығы, бұл мəселелерде тұлғаның өзін-өзі анықтауға кепілдік береді, бұл бірқатар басқа конституциялық құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асырудың ерекшеліктерін жүктейді: жеке басының қадір-қасиеті, сөз бостандығы, ақпарат тарату құқығы, білім алу құқығы, еңбек ету жəне демалу құқығы, мемлекет конституциясы мен заңдарын сақтау міндеті, əскери борышы (əскери қызметтен бас тарту жəне оны баламалы азаматтық қызметке ауыстыру құқығы). Адамның конституциялық-құқықтық мəртебесінің құрылымдық элементтерін адамның діни сенім бостандығымен жүзеге асыруына байланысты қарастыруы осы бостандықты жүзеге асырудың конституциялық-құқықтық механизмін толығырақ ашуға жəне оны жүзеге асыру дəрежесіне əсер ететін жағдайларды анықтауға мүмкіндік берді.

Қорытынды

Өз ұлттық бірегейлігін қалыптастырып жатқан мемлекеттегі діни сенім бостандығы туралы сөз қозғай отырып, ұлттың тарихи-мəдени тұрғыда қалыптасқан дінін жəне ұлттың өз болмысын сақтап қалу мəселесі назардан тыс қалмауы тиіс. Жалпы қоғамымызда адамдардың дəстүрлі емес, тіпті ресми түрде тіркелген конфессияларды тұтынуына теріс көзқарас қалыптасқаны жасырын емес. Қоғамда адамның мемлекетке көзқарасы түзу болса жəне ол заңдарды сақтаса, оның діни ұстанымы мемлекет үшін маңызы жоқ деген пікірлер жиі айтылады. Біздің ойымызша бұл қате пікір. Қазірдің өзінде Қазақстанда прозелитизммен белсенді айналысатын діни ағымдардың ұстанушылары титулдық ұлт үшін қандай да бір діннің «дəстүрлігін» дəлелдеуге талаптанған жəне елдің тарихының балама нұсқаларын жасанды құрастырып, таратып жатқандығын көріп жүрміз. Осындай себептерден ұлттық ой-сананың қарама қайшылығы пайда болады. Басқаша айтқанда, мəселелер жиынтығы белгілі бір деңгейге жеткенде діни үдерістер дін шеңберінен шығып кетеді. Сондықтан, кез келген тіпті ең дамыған зайырлы мемлекеттің бұған селқос қарауына құқығы жоқ. Бірақ жоғарыда айтып өткеніміздей бұндай құбылысты тыйымдар мен шектеулермен ғана тыю мүмкін емес, керісінше елдің діни сауаттылығын арттыру, ұлттық, соның ішінде тарихи сана-сезімді нығайту, халықтың өз рухани дəстүрлері мен құндылықтарына деген көзқарасын қайта қалыптастыру керек.

Жалпы ол үшін, Қазақстанда «Діни қызмет жəне діни бірлестіктер туралы» Заңды жəне оған қосымша нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жəне бұл нормаларды барынша ұлттық болмысқа икемдеуіміз қажет. Яғни халықаралық стандарттарды енгізу барысында ең бірінші орында елдің тарихи, ұлттық ерекшелігі ескерілуі тиіс. Қазақстан зайырлы мемлекет, ол дегеніміз дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол — мемлекеттің діни емес, құқықтық қағидаттармен басқарылуы, мемлекеттің дінге деген ұстанымының демократиялық, құқықтық сипатта болуы жəне діни сенім бостандығының қамтамасыз етілуі. Гуманистік құндылықтар, ар-ождан бостандығы, дүниетанымдық еркіндік, рухани саладағы ой-сананың көптүрлілігі — осының бəрі «зайырлылық» ұғымының аясына кіреді. Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, қоғамнан, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. Сондықтан зайырлылық тұрғысынан алғанда дін — ішкі саясаттағы жəне қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мəдениетіндегі аса маңызды факторлардың бірі.

Жоғарыда айтылғандарды қорытындыласақ, бізде діни сенім бостандығына қатысты құқықтық нормаларды əлі болса жетілдірудің қажеттілігін көреміз. Атап айтқанда адамның конституциялық міндеттері мен оның жеке діни сенімінің арасында қайшылықтарды шешудің жолдары заңды нақты көрініс табуы қажет. Сонымен қатар заңда кəмелет жасына толмаған азаматтардың діни сенім бостандығын сақтаудың мəселелеріне айрықша назар аудару керек.

Əдебиеттер тізімі

  1. Қазақстан Республикасының Конституциясы. 1995 жылғы 30 тамыз (2019.23.03. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен) [Электрондық ресурс]. // Кіру режимі: https://online.zakon.kz/Document/? doc_id=51005029#pos=3;-44.
  2. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы. Декларация БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясымен 1948 жылғы 10 желтоқсанда № 217 А (III) қабылданған [Электрондық ресурс] // Кіру режиміhttp://adilet.zan.kz/kaz/docs/O4800000001.
  3. «Діни қызмет жəне діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы № 483-ІV Заңы (2020.15.11. берілген өзгерістер мен толықтырулармен) [Электрондық ресурс] // Кіру режимі: https://online.zakon.kz/Document/? doc_id=31067812.
  4. Дьюрем У.К. Свобода религии: модель США // Мировой опыт государственно-церковных отношений / У.К. Дьюрем / под ред. Н.А. Трофимчука. — М.: Изд-во РАГС, 1998. — 305 с.
  5. Rustembekova, Dinara. Functions of legal guarantees of the rights and freedoms of human and citizen // Bulletin of the Karaganda university. Law series. — 2018. — № 4(92). — P. 15–20.
  6. Ilyassov, Kainar; Bozhkarauly, Altay; and Rustembekova, Dinara. Constitutional and Legal Support of Religious Freedom // Journal of Advanced Research in Law and Economics. — 2018. — Volume IX. — Iss. 6(36). — P. 1986–1997. DOI: https://doi.org/10.14505/jarle.v9.6(36).00.
  7. Зайцев И.А. Особенности регламентации права на свободу совести и вероисповедания в Конституции Российской Федерации и конституциях ряда зарубежных стран / И.А. Зайцев. [Электрондық ресурс] // Кіру режиміhttps://cyberleninka.ru/article/n/osobennosti-reglamentatsii-prava-na-svobodu-sovesti-i-veroispovedaniya-v-konstitutsii-rossiyskoy- federatsii-i-konstitutsiyah-ryada.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.