Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Қазіргі қазақ әңгімелеріндегі «періге ғашық болу» мотиві (Қ.Мүбарак әңгімелерінің негізінде)

Ғылымда «адамзат санасынан бөлек абстрактілі өмір бар» деген тұжырым бар. Мақалада дүниелік өлшемнің сыртында өмір сүретін мистикалық, мифологиялық бейнелер, оның ішінде «пері» образының қазіргі қазақ әңгімелеріндегі қолданысы адамзаттың таным-түсінігімен, наным-сенімімен мәдениетімен сабақтастыра отырып, мифтік, фольклорлық шығармада кездесетін сюжеттер желісімен салыстырмалы түрде талданған. Мифтік ойлау, мифтік сарындардың қазіргі қазақ жазушыларының көркемдік әлеміндегі алатын орны айқындалады. Көне мифтің қазіргі поэтикалық жүйедегі әдіс- тәсілдері Қ.Мүбарак әңгімелеріндегі қолданыстары негізінде нақтыланады. «Перінің қыздары» образына талдау жасай отырып, әдебиеттегі жеке авторлық бейнелер мен мотивтердің жасырын мифологиясын айқындауға, мифологиялық және фольклорлық көріністердің авторлық мәтіндегі өзара әрекеттесу процесін анықтауға ұмтылыс жасалады.

Кіріспе

Қазіргі таңда әдебиетте, оның мазмұнында елеулі құрылымдық өзгерістер орын алып келеді. Сөз өнеріндегі дәстүрлі реализммен, модернистік ағымдармен қатар постмодернистік ағымдар мен құбылыстар бірге дамып келе жатыр. Осы тұста қазіргі әдебиетіміздің тақырыптық өрісі айтарлықтай құлаш жайып, қоғамда орын алып жатқан әлеуметтік мәселелер мен қоғамдағы жаңалықтары, рухани-мәдени мәселелері қазіргі қазақ әдебиетінің, оның ішінде қазақ прозасында өзекті тақырыпқа айналды. Әдеби ағымдардың жаңарып, дамуына қарай әдеби кейіпкерлердің де жүйесі типологиялық тұрғыдан өзгеріске ұшырап немесе қайта жаңғырылып, жаңару үстінде. Олардың қатарында халық қаһармандары, нарық пен демократия дәуірінің кері әсерінен қалыптасқан қоғам өкілдерін (қылмыскер, жезөкше, нашақор т.б.), соның ішінде осы мақалаға арқау болатын мистикалық және діни-мифологиялық бейнелерді де кездестіруге болады.

Қазіргі қазақ прозасында, оның ішінде әңгіме жанрында рух-иелік мифология тудырған көптеген түсініктер, идеялар, сюжеттер мен кейіпкерлер өзгерген, дамыған түрде жаңғырып, жалғасын табуда. Миф — фольклорлық санамыздағы орны бөлек, қазіргі прозада ұлттық негізбен байланыстырылатын рухани байлығымыз. Мифтік кейіпкерлердің қазіргі қазақ әңгімелерінде образы әр түрлі ашылады. Ол қазақтың мифтік дүниетанымының негіз болуы, енді бір айқындауышы, ол — интеллектуалдылықтың артуынан деп түсінеміз. Ғалым Ж.Ж. Жарылғаповтың тілімен айтсақ: «Әдеби шығармашылықтың санадан тыс стихиялық элементтері мен саналы түрде жүзеге асатын элементтерінің қарым-қатынасы өзгере бастады. Шығармашылықтың стихиялығына мифтік сана мен фольклордан келе жатқан дәстүрлі элементтер... Әдебиеттің интеллектуалдануы әдебиет сыны мен кәсіби әдебиеттанудың пайда болуымен тығыз байланысты. Өткенге сыншылдық тұрғыдан қарау, өткеннің озық үлгілерін алудағы тарихилық принципі салтанат құрды. Тарихилық сана өнердегі интеллектуалдықтың үлкен жеңістерінің бірі» [1; 20].

Әдебиетте атаулы тақырыпқа бет бұру себебі де сол түпкі сананың жаңғыруымен байланысты деп айтуға болады. Себебі, құдайсыздықты орнатып, тылсым күштердің бар екенін жоққа шығарып, ол туралы жазбақ түгілі, ойлауға тыйым салынған коммунистік кезеңде мұндай күштердің барлығына күмән келтіріліп, сан ғасыр бойы халық тұрмысымен қатар келе жатқан мифологияға қатысты қандай да бір мәліметтер ескінің қалдығы, қараңғылықтың, білімсіздіктің нышаны ретінде танылды. Ол туралы Қазақ қоғамының әдеби, тарихи танымы басқа арнаға бұрылды. Халықпен бірге оның санасы мен наным-сенімі, таным-түсінігі, дәстүрі мен салты да боданға айналды. Тек еліміз тәуелсіздік алып, құдайсыздықтың боданынан босағаннан кейін халық санасы қайта жаңғырып, әдебиетте де көрініс бере бастады.

Зерттеу материалдары мен əдістері

Жалпы қазақ мифологиясында шамамен 42 кейіпкер бар, ол «Қазақтың мифтік кейіпкерлері» жинағында 6 түрге топтастырылған. Тотемдік (көк бөрі, көк өгіз; шамандық (самұрық, бәйтерек, бақсы); демонологиялық (пері, албасты, жалмауыз кемпір, шайтан, дию, жын, мыстан, жезтырнақ, марту, сөрел, үбіжай, көшірме, малғұн, т.б.); хтоникалық: дәулер (бір көзді дәу Шойынқұлақ, қара дәу, үш дәу, аю), алыптар (Толағай, арсалаң, Ұлтанқұл, алаңғасар, Ерсары) және ергежейлілер (бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс, жартықұлақ); ілкі қаһармандар: сиқырлы көмекшілер (желаяқ, саққұлақ, таусоғар, көлтаусар, епті) және пірлер (Қамбар ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба, Сексек ата, Шопан ата); трансформацияланған мифтік кейіпкерлер (Тазша бала мен Қаңбақ шал) [2]. Соның ішінде біздің қарастырғалы отырғанымыз — қазіргі қазақ әңгімелеріндегі пері қыздарының бейнесі.

Егер жоғарыдағы жіктеуге сүйенетін болсақ «перілер немесе пері қыздары» — қазақ мифтік әлеміндегі демонологиялық кейіпкерлерінің қатарына жатады. Демонология ілімі «демон» — рух, «логос» — ілім деген ұғымдардан тұратын тылсым күштерді зерттейтін ғылым дегенді білдіреді. Адам баласымен параллельді өмір сүретін мұндай тылсым күш иелері көне замандардағы шығармалардан бастап күні бүгінге дейін айтылып келе жатыр. Қазақ фольклоры, оның ішінде демонология туралы мәліметтер, материалдардың толықтығы мен алуан түрлілігі, зерттеушілердің «төменгі» мифологияның мәселелері мен проблемаларына деген қызығушылығын тудырады. Алайда, зерттеу барысында кеңестік және посткеңестік кезеңдегі көптеген еңбектердің негізінде иллюстрациялық материал ретінде келтірілген әр түрлі дереккөздерден алынған мәтіндердің біркелкілігін байқауға болады. Фольклорлық мәтіндерді уақыт пен кеңістікті ескермей бір жұмыс аясында біріктіру демонологияны зерттеу үшін маңызды проблема, нақтырақ үрдіс болып табылады. Мысалы, белгілі бір кейіпкерге қатысты қазіргі нанымдар туралы айта отырып, авторлар бұл материалдың қашан жиналғаны туралы хабарламай, ертеде жазылған мәтіндерді келтіреді. Нәтижесінде ғылыми әдебиеттерде функционалды-семантикалық белгілердің стандартты жиынтығын тізімдеу арқылы жеке мифологиялық кейіпкерлерді сипаттау дәстүрі қалыптасты. ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасыр қазақ әдебиетінде атаулы тақырыпта қалам тербеген қазақ жазушыларының қатарына Д. Рамазан, Р. Отарбаев, А. Алтай, Қ. Мүбарак т.б. жазушыларды жатқыза аламыз.

Мақалада қазіргі қазақ жазушыларының ішінде әдебиетімізден өз тақырыбын тапқан мистик- жазушыларының бірі — Қойшыбек Мүбарактың әлі күнге дейін әдебиеттанушылардың жеткілікті назарын аудара қоймаған әңгімелеріндегі мифтік кейіпкерлердің образын ашудағы қолданған мотивтерін, әдістері мен тәсілдерін қолдану шеберлігін талдап, зерттеуге тырысамыз.

Қойшыбек Мүбарак — қазақ әдебиетіндегі, оның ішінде қазіргі әдебиетіміздегі өз әлемін тапқан қаламгер, жазушы–мистик. Оның әңгімелері қазіргі заман тұрмысы мен проблемаларын, яғни ұлттық бірегейлілік пен мәдениет тұтастығын қалыптастыру сияқты өзекті мәселелерді халықтың көне аңыздарындағы киелі, тылсым дүниетанымымен астаса келіп, жаңаша өрілген, бастауын рухани асыл мұра саналатын мифологиядан бастайды. Бүгінгі күннің талабында тарихи сананы жаңғырту мен рухани-мәдени мұраларды игеру, оны заман дамуындағы үрдіске сай етіп жаңарта отырып байланыстыру басты мақсатқа айналғандықтан, өткенге көз жіберіп, тарихи беттерді қайта қараудың маңызы артып отыр. Осы тұрғыдан алғанда Қ. Мүбарак өткенге оралу немесе мифтік образдарды қайта жасау тұрғысында өз шеберлігін таныта алған қаламгерлердің қатарында.

Көне аңыздық хикаялардан бастап бүгінгі күнге дейін адамзатты тылсым дүниемен байланыстырып келген пері бейнесі қазіргі жазушылардың да назарынан тыс қалмақ емес. «Періге ғашық болу, перінің қызына үйлену» мотивтері Қойшыбек Мүбарактың «Перінің көші», «Ай толған түндегі ақ қыз», «Сайғақ», «Қол жаулық», «Ақ көйлекті қыз», «Тарғыл мысық», «Ескексіз қайық», «Пері қыз», «Балбал қыз», «Сайтан қыз», «Айна», «Аққыз», «Қырық бірінші бөлме», «Жат құшақ» т.б. әңгімелерінде көрініс тапқан. Жазушының аталған әңгімелері және осы сияқты басқа әңгімелерінің тақырыбы ғана емес, сонымен бірге образдар жүйесі, оқиға дамуы фольклорлық заңдылықтардың көркем әдебиеттегі жаңғыру заңдылығына құрылған.

Жоғарыда аталған әңгімелердегі пері бейнесі мен шығармадағы қызметін сөз етпес бұрын «пері» ұғымы мен оларға тән қасиеттер туралы тоқталып өтейік. Перілер — адамға қас та, дос та емес, әйел заты кейпіндегі аралық бейнелер болып келеді. Адамзаттың түсінігінде перілер орманда, суда, елсіз жерлерді мекен етеді. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «Пері» сөзіне: «Пері миф. 1. Діни сенім бойынша, аспанда, су ішінде тіршілік ететін жамандық пен зұлымдықтың күш иесі. 2. Ауыспалы. Сайтан, жынды, есерсоқ» деп анықтама береді де, мынандай мысалдармен нақтылап кетеді: Перінің салқыны тиді — жын ұрды, есуас болдыПері қақты (шалды, соқты, иеленді) — есі ауысты, жынданды [3; 675]. Пері туралы қазақ аңыздары мен мифтерінде көп сөз болады, қазақ ұғымында оларға діни сенімдік сипатта қарап, әрекетіне қарай мұсылман және кәпір деп бөледі. Перілермен қарым-қатынасқа түсудің қауіпті екендігі, абайсыздық танытса перілер ол адамның қас дұшпанына айналуы мүмкін. Ондай адамды «перінің кәріне ұшыраған», «пері соққан» деп жататын себебі де сондықтан.

Ежелгі мифтік аңыздарға сүйенсек, географиялық, климаттық, діни-танымдық және тағы да басқа факторларға қарай олардың өмір сүретін орындары әр түрлі болуы мүмкін. Орманда, құлан түзде, су астында немесе Қап тауының ұшар басы сияқты адам көп бола бермейтін, оңайлықпен жете алмайтын жерлерде мекен етеді [4; 80].

Е.М. Мелетинскийдің мифологиялық сөздігінде «Пери, пари, немесе пэри — иран мифологиясындағы рухтардың бірі. «Пери» термині — үнді-еуропалықтардың өңделген «пер — өмірге әкелу, туу» немесе «пеле — толықтыру» деген сөздерінен шығуы мүмкін... Парсы-тәжік поэзиясында перілер жағымды образдарға ие. Олар көзге көрінбейді, алайда көзге көрінген кезде «өте сұлу әрі сүйкімді» образға еніп, қаһармандарды есінен адастырады (бұл сипаттағы пері образы еуропалық әдебиетке енді), кейде қайырымшыл, кейде адамды есін жоғалтуына себепші болады. Бақсылар оларды көмекші ретінде шақырады немесе аластайды» деп берілген [5; 421]. Ал, Г.В. Щеглов пен В. Арчер құрастыруымен жарыққа шыққан мифологиялық сөздікте «Пари, пери (иран.) — түркі тілдес халықтардың мифологиясында — әйел затының рухы. Көзге көрінбеу, түрлі аңдар мен әйелдердің бейнесіне ене алады. Адам кейпіндегі перілер көбінесе ер адамдармен сүйіспеншілік қарым-қатынаста болады, қаһармандардың жары болады, некеге отырады... Ислам діні келгеннен кейін перілер «мұсылман» және «дінсіз» болып бөлінді» делінген [6; 114]. Қай жағынан алсақ та, мифтік.

Көрнекті зерттеуші, мифолог С. Қондыбай: «Қазақ фольклорындағы «пері қызы» деген парсылық-исламдық терминмен жалпылама аталып кеткен мифтік бейненің сипатын танудың аса қажеттілігі бар. Өйткені нақтыланбағанына қарамастан, осы бейне ертегілерде де, шежірелік аңыздар мен батырлық жырларда да, әулиелік, жын-пері хикаяларында да үнемі кездесіп отырады» дейді. Оның айтуы бойынша фольклорлық деректерде пері атауымен кездесетін кейіпкерлер іс жүзінде пері қызы болып суреттеледі деп түсіндіреді. Және де перінің қызы қандай да бір деңгейде болмасын ең алдымен суға қатысы бар болып шығады, сол себепті «пері» — «су перісі» болса, демек, «перінің қызы» — «су перісінің қызы» болып табылатындығын анықтауға болады деп түсіндіреді [7; 221].

Зерттеу нəтижелері жəне оларды талқылау

Көшпелі қазақ танымында перілер де көшпелі өмір салтын ұстанады. Олар да адамдар сияқты өмір сүреді, елмен бірге көшеді, қоныс тебеді, мал бағады деп санаған.

Перілердің көшпелі өмірі жазушы Қойшыбек Мүбарактың «Перінің көші» әңгімесінде шебер бейнеленген. Шығармада: « — Көке, «Торлысайға» біреулер келіп қонып жатыр екен.

… — Қай ауыл? [8; 60]

... — Ойбай, Көке, сізге өтірік маған шын... сол ауылдың төбеттері маңына жолатпайды екен. Ол ауылды... итін емес...малдары бірыңғай түсті мал... ірі қарасы да, ұсағы да аппақ... шетінен аң болып кеткен тағы... жақындап барып көрейін деп, қойына атпен жете алмай қойдым...» — деп, перілердің көшпелі сипатын суреттейді [8; 68]. Автор алғашқы бастағаннан-ақ оқырманды беймәлім тылсым әлемге жетелеп, әуелден-ақ оқырманды ынтықтырып, алаңдатып қояды.

« — Тәуірсің бе, жеңеше...

  • Тәуірмін, тәуірмін... сені келер деп күткем...
  • Иә, мына басжаққа бір ауыл келіп түсіп жатыр дейді...
  • Біліп жатырмын, біліп жатырмын... перінің көші... балаларды жіберме...
  • Ол не пәле тағы?..
  • Сендерге ешбір зәбірі жоқ...
  • Алысырақ барып қоныңдар деп айтайын деп едім...
  • Ойбой, Тентек-қара-ай... Ол жерге тек Бақбөр екеумізден басқаларың бара алмайсыңдар ғой...
  • Қанша отырады олар?
  • Мені ертіп алған күні көшеді...» [8; 70].

Мұндағы жеңешесі — ағасының кезінде көндіріп, өзіне жар еткен перінің қызы. Одан бес бала дүниеге келеді, алайда Бақбөрдің жөні бөлек. Ол Сәлім өмірден өткеннен кейін барып бойына бітеді, жыл асқанда дүниеге келеді. Демек Жәми Сәлім дүниеден өткен соң да онымен кездескен. Оны шығарманың соңына қарай Кәрімнің әйелінің «ағаекемнен аумай қалған екен...» деген сөзінен жұмбақтың шешуін меңзеп тұрғандай көрінеді.

Әңгіменің оқиға желісін әрі қарай өрбітпес бұрын С. Қондыбайдың «Арғықазақ мифологиясындағы» фольклордағы пері қыздарының негізгі қызметтерін атап өткен дұрыс сияқты:

  1. пері қыздары эпоста, ертегіде немесе аңыздарда бас қаһарманның шежіреде рудың түп атасының әйелі немесе шешесі болып шығады.
  2. ол фольклорлық қаһарманға әр түрлі көмек бере алады, әлдебір тылсым қасиетке (сиқыршылық, айналғырлық (бұл жерде құбылушылықты меңзеп отырған сияқты), сәуегейлік) ие кейіпкер ретінде суреттеледі.
  3. олардың қаһарманмен немесе оның әкесімен кездесу немесе ажырасу оқиғалары әр түрлі детальдық күрделіленуіне немесе ықшамдалуына қарамастан, біркелкі болады. Яғни ол туралы оқиға іс жүзінде бір архетиптік схема болып табылады [7; 222].

Демек, шығарманың бас қаһармандары Сәлім мен Кәрім. Сәлім өлер алдында інісі Кәрімге бар шындығын айтып, ағынан жарылады. Өзінің жары Жәмидің ғайыптан кезіккен перінің қызы екендігін, оны дуамен ұстап қалып, өзіне жар еткенін айтады. Яғни әңгіме желісі бойынша Сәлімнің перінің қызына ғайыптан кезігуі, ғашық болып, жар етуі, перінің қызының құрсақ көтеруі, балалы болуы, о дүниелік болып кеткен күйеуімен кездесіп, жүкті болуы, Сәлім өмірден өткеннен кейін Жәмиді алып кету үшін пері қыздарының көшіп келіп, ауыл маңына қоныс тебуі, олардың тылсым әрекеттері, Кәрімнің ұлы мен перінің кенже қызының арасындағы ғашықтық, серттесуі, шарт қоюы, қауырсынын жасырып қоюы, оны сақинаға алмастыруы, осының бәрі қазақтың көнеден келе жатқан наным-сенімдері, фольклорлық шығармаларындағы, аңыздарында айтылған мифтік сарындарды қазіргі проза тілімен бітістіре қайнатып, қарапайым тілде жеткізеді. Шығармадағы бастан аяқ өрілген сюжет жаңашаланғаны болмаса, көне аңыздардағы мифологиялық сюжеттік схемадан аса ауытқымағанын байқауға болады. Тіпті Жәмидің адамзат әлемінен перілер әлеміне өту кезін сипаттағанда да, автор тылсым жағдайды табиғаттың құбылуымен салыстыра отырып бейнелейді. Атап айтқанда перінің қызынан туу, перінің қызына үйлену мотивтері көне мифологиядан бүгінгі әдебиетке жеткен фольклорлық дәстүр. Мұндай дәстүр автордың «Ақ көйлекті қыз», «Қол жаулық» әңгімелерінде де көрініс береді.

Жоғарыда аталған, фольклордағы пері қыздарының қызметін негізге ала отырып, Қ.Мүбарак әңгімелеріндегі пері қыздарының қызметін салыстырмалы түрде талдау жүргізіп көрсек. Мұндағы мақсатымыз жазушының пері образын пайдалануда фольклорлық, мифологиялық сюжеттер мен мотивтерге қаншалықты жүгінгенін анықтау. Оның қаламынан шыққан шығармалардың мистика жанрына жататынын дәлелдеу.

Кесте-1

Қ. Мүбарак әңгімелеріндегі қайталанып келетін мотивтер мен сюжеттер

Көрсетілген сюжет пен мотивтер қайталанып келетін фольклорлық шығармалар

1

2

Бас қаһарманмен некесін қиып, жерде қалу

(«Перінің көші»)

Асан Қайғы мен перінің қызы туралы аңыздарда, Баба түкті-шашты әзіз туралы аңыздарда, Көрұғлы туралы аңыздарда

Перілер серттен таймайды («Перінің көші», «Ақ

көйлекті қыз»)

Асан Қайғы мен перінің қызы туралы аңыздарда, Баба түкті-шашты әзіз туралы аңыздарда,

Періден перзент көру («Перінің көші», «Жат құшақ»

Едіге батырдың перінің қызынан туғаны жайлы

Пері қыздарының апалы-сіңілілі болып кездесуі («Қол жаулық», «Перінің көші», «Қырық бірінші бөлме», «Тұмар»)

«Көрұғлы», «Баба түкті-шашты әзіз»

Пері қыздарының кебінін немесе қауырсынын алып қалып, әйелі болуға көндіру («Перінің көші»)

Баба түкті-шашты әзіз

Пері қыздарының шарт қоюы («Жат құшақ», «Қырық бірінші бөлме»

Барлық аңыздарда

Түсіне енуі, перінің қызына ғашық болу («Тарғыл мысық», «Жат құшақ», «Пері қыз»)

Баба түкті-шашты әзіз, «Мырза Едіге батыр»

Ғайыптан кезігу немесе көзден ғайып болу («Егіз тұмар», «Жат құшақ»)

Асан Қайғы мен перінің қызы туралы аңыздарда

1

2

Перілер патшалығын көру немесе перілердің адамды арбап алып кетуі («Ескексіз қайық», «Қырық бірінші бөлме», «Пері қыз», «Аққыз»)

«Сейфүлмәлік»

Перінің әкесімен кездесу, қолын сұрау, т.б. («Пері қыз»)

«Сейфүлмәлік», «Құламерген»,

Көшіп-қонып, бір қауым ел болып жүруі («Перінің көші», «Ақ көйлекті қыз»

«Еділ-Жайық»

Су перісі патшасының қызы («Ескексіз қайық», «Тарғыл мысық»)

Асан Қайғы мен перінің қызы туралы аңыздар, «Еңсегей бойлы ер Есім» дастанында қанатты ат түрінде.

Бірінші кестеде берілгендей, перілерге тән мотивтер мен сюжеттердің бастапқы тақырыбы халықтың ұлттық наным-сенімінен хабар беретін, фольклорлық мотивтерден құралған. Мәселен, «түс көру» мотиві, өзінің түсінде көрген аруға ғашық болып, онымен бас қосу, балалы болу оқиғасы арқау болған «Жат құшақ» әңгімесі. Әңгіме жігіттің түс көріп, түсіндегі елеске ғашық болуы, оны күнде көріп, бауыр басып қалып, бас қосқысы келеді, ақыры амалы қалмаған ол, малдың ақсөңке болған жауырынын оң қолына ұстап алған бақсы анаға барады. Оны перілермен, Қызылбастың елесімен тілдестіріп, онымен жолығу амалын сұрайды. Оның киімдерін отқа жағып, күліне аунаса ғана жолығатынын біледі. Сонымен, үйіне келіп ұйқыға жатқанда, түсіндегі елесі келеді. Көзін ашқанда, өзі ғашық болған елес әйелдің құшағында жатқанын көреді. Бөлме тас қараңғы. Жарық жақпау керек екендігін айтып шарт қойылған. Егер жарық жанса «өкінішке қалатынын» ескерткен. Ақыры ортада бала дүниеге келеді, кіндігін кеспек болғанда, кіндігі жоқтығын көреді. Баласы мен әйелін жарықпен көргісі келіп, шартты ұмытып, жағып қалғанда, әйел бу болып ауаға жайылып кетеді, бала болса ауада қалқып тұрады...» [8; 217]. Әңгімедегі сюжетпен қоса кейіпкерлердің өзі фольклордан алынған, мифологиялық сарынға толы. Бақсы әйел, Қызылбас елесі, елес әйел, елестен туған бала. Шығармада мифтік құбылушылықты да байқауға болады. Елестің өңіне айналуы, шарт бұзылған кезде буға айналуы, мұның бәрі мифологиялық қаһарманға тән құбылыс. Сонымен қоса, әйелдің құрсақ көтеруі, босану кезіндегі қиналғаны, шыр етіп баланың өмірге келуі, кеудесінің сыздағаны, баланы емізген кездегі ананың бүкіл әлемді ұмытқандай күйге енуі — «адамзатпен бірге параллель өмір сүреді, адамдық өмір салтын ұстанады» деген ұлттық дүниетанымдық көзқарасқа негізделген.

Фольклорда түс көру сарыны «Мырза Едіге батыр» туралы аңызда былай көрінеді: «Бұрынғы заманда өзі дәулетті, кемеңгер бай болыпты... Бір перзентке зар болған екен. Біреудің перзентін көрсе: «Шіркін, менде де осындай бір перзентім болса, арманым болмас еді!» — деп, жер жүзіндегі әулие, әнбиелерден, әуелі Құдайдан, екінші пайғамбардан тілеп жүреді екен. Күндердің бір күні түс көреді, түсінде: «Әй, балам, жатпа, тұр, құбыла жаққа жүре бер!» — деген үн естиді. Мұны ести сала, барлығын тастап сол жаққа бет алады. Бір бұлақтың басына келіп су ішіп жатқанда аққу құшы ұшып келеді... Адамды көрген соң олар ұшып кетеді. Бұлардың пері қыздары екенін білген ол жасырынып, қайта келгенін күтеді. Аққулар ұшып келіп, киімдерін шешіп, шомылуға кеткенде, бай олардың киімін жасырып қояды. Перілер киімін алып ұшып кеткісі келгенмен, мырза жібермей, ақыры Кенжекей қызды алып, жар етеді. Қыздар Кенжекейдің басына, өкпесіне, аяғына қарамау туралы шарт қояды. Күндердің күні пері жүкті болды, сол кезде бай шартты бұзып, басы мен өкпесіне қарап қояды. Шарт бұзылады, пері көзден ғайып болады, баланы тоғыз жолдың торабына тастап кететінін айтады...» [9; 44]. Перінің қыздары үшеу болып келіп адамзатпен тілдесуі, шарт қоюы сияқты сарындар жазушының «Қырық бірінші бөлме» әңгімесінде де орын алады. Періге ғашық болып, жерде ұстау үшін қауырсынын жасырып қою, періні көндіріп, жары ету, бала сүю сарыны «Перінің көші» әңгімесінде де кездеседі.

Жалпы «перінің қызына ғашық болу», «перінің қызына ғашық болу» мотивтері тек қазақ халқына ғана тән емес. Жазушының «Ескексіз қайық» әңгімесі өзгеше сюжетке негізделген. Жазушының бұл әңгімесіндегі су перісі бейнесі көбіне шығыс славян халықтарының мифологиясындағы «русалкаға» да жақын сияқты. Ондағы су перісінің жігітті өзімен алып кетуі, алапат толқындар шақыруы сияқты желілері ұқсас келеді. Бір айырмашылығы, шығыс славян мифологиясында су перілері «өзіне қол жұмсағандар» деп сенген. Бірақ ол түркі халықтарына тән емес деп айта алмаймыз. Себебі, кейбір деректерге сүйенсек, түркі халықтарында перілердің су тасқынымен байланысы туралы жазылады. Түркі тілдес халықтардың мифологиясында «су перілері» — су иесі ретінде кездеседі. Мысалы өзбек халқының мифологиясында «су пари», әзербайжандықтарда «су пярииси», түркмен халықтарында «сув–периси» ретінде кездеседі. Қазақ мифологиясында су перісі «Ежелгі Қазақ мифтері» энциклопедиясында — «күлдіргіш» деп берілген. Олардың мекен ететін жерлері далалы жерлердің өзендері, қамысты сай-салаларда, иірімді тұмарларда (кішірек бастау, бұлақ) болған. Су түбінде, саялы, тыныш, сарғыш қоңыр өзен балдырларында жасырынады. Жалаңаш келіп, суға түсіп жүрген жас жігіттерді қызықтырып, арбап, еліктіріп, қасына шақырады. Жақындай бергенде мойындарына оратылып, өлгенше қытықтап, су түбіне алып кетеді [10; 183]. Су перісі патшасының қызына үйлену мотиві Асан Қайғы туралы тарихи аңызда да кездеседі. Аңызда су перісі патшасының қызы деп айтылады және негізгі сюжеті жоғарыда аталған мифтік сюжеттік схема жүзінде құрылған. Нақты тоқтала кетсек, аңыздардағы сюжеттік схема С. Қондыбайда былай жіктеледі:

  1. Қаһарман бір судың (бұлақ, өзен, көл) жағасына келіп, суда шомылып жүрген қыздарды көреді. Олардың саны үш, алты, тоғыз, он екі болып келеді. Бір нұсқада: қыз су жағасында шомылып отырғанда бір тал шашы суға түсіп кетіп, оны ертегілік қаһарман тауып алады.
  2. Қыздар құс (кей жағдайда — аққу) кейпінде ұшып келіп, кептерін шешіп тастағанда қызға айналады екен.
  3. Қаһарман қыздардың (вариант: біреуінің, кенжесінің) кебінін ұрлап алып, олардың біреуін (кенжесін) әйелі болуға көндіреді.
  4. Қыздар (қыз) қаһарманға алдын-ала (үш) шарт қояды, осы шарт орындалса ғана әйелі болып қала алатынын ескертеді. Әр нұсқада шарт әр түрлі болып келеді.
  5. Қаһарман шартты бұзады, қыз құсқа айналып ұшып кетеді.
  6. Қыз қаһарманнан жүкті болып, туған баласын әкеп тастайды [7; 222–223].

Перілер адамдармен келісімге отырады, шарт қояды. Шартқа берік, алайда шарт бұзылған жағдайда олардың қаһарына ұшырауы мүмкін. Мысалы, мұның бәрі халық фольклорында бастапқы санада қалыптасқан түсінік. Адамдар перілердің параллель өмір сүретініне сенеді, олар туралы ақпарат болмаған күннің өзінде түпкі санада бір тылсым дүниенің бар екенін сезеді. Осы мазмұндағы сюжеттер мифтен бастау алып, кейіннен көлемді шығармаға айналуын Қ. Мүбарактың әңгімелерінен байқаймыз. Аталған сюжеттер толығымен кездеспесе де, осы схема маңайынан алыстамағанын байқауға болады. Бірақ, бір ерекшелігі аңыз-ертегілердегідей асыра сілтеу, қиял-ғажайып түрінде берілмейді. Кәдімгі өмірде болып жатқандай етіп, қарапайым, шынайы әрі саналы қолданады.

Қ. Мүбарак перілерді өз қалауынша құбылтады, адам немесе жануардың кейпіне енгізеді, қажет жерде отқа немесе топан суға айналдырады. Бұл мифологияда — мифтік құбылтушылық деп аталады және бұл әдісті жазушы шығармамен бірге дамыта қолданып отырады. Мифтік құбылтушылық — неомифологизм үрдісінде айрықша бөліп айтуға тұратын тәсілдердің бірі [1; 361]. Адамзаттың санасы толық жетілмеген кездегі туған архаикалық мифтердегі адамның заттың немесе жануардың кейпіне ене алатындығы туралы сенімі заманауи шығармаларда жаңа стилизацияға түскенін жоғарыда да айтып өттік. Бұл қазіргі қазақ прозасында архаикалық мифтік бейненің жандануына мұрындық болды. Жазушының мифтік ойлау шеңберінде құбылу желісі бейнелілік, тұспалдаушылық, ишаралылық сипаттармен ерекшеленіп, шығармашылығының көркемдік шеңберін кеңейте түседі. Оның «Балбал қыз», «Суретші», «Дода», «Аққыз» әңгімелерінде байқалады.

«Балбал қыз» әңгімесінде «кейіпкер көне кітаптан оқыған сиқыршы сақ ханшайымының қартайып, сұлулығын жоғалтудан қорыққандықтан балбал тасқа айналып кеткенін және сол жоғалып кеткендігі туралы оқиды. Ол тасты жыланның қанымен төбесіндегі тесікке тамызу арқылы тірілтуге болатыны туралы да жазылған екен. Көшіп келген үйінде сүйеулі тұрған әйел пошымды балбал тасқа бастапқыда мән беріп қарамағанмен, кейіннен сол сақ ханшайымы болуы мүмкін деген ойға келеді. Үйден шыға бере балбал тасқа көзі түсіп қасына жақындаса, шынымен төбесінде ойық бар екенін аңғарады, сонымен қоса тастың арт жағында ысылдаған дауыстың жылан екенін де аңғарады. Жазушының оқиғаны кітаптан бастап, әрі қарай дамытуы, оқырманды елеңдетіп, санасында тылсым сұрақ туғызады. Әрі қарай шындыққа көз жеткізу үшін жыланды қолына түскен күрекпен қақ бөліп, денесін тас төбесіндегі ойыққа салады да жүре береді. Оның сақ ханшайымына деген ынтызарлығы жұмыста отырған кезде арта бастады. Шынымен сол болса екен деп тіледі. Үйіне келсе, есік алдында балбал тас жоқ болып шықты... Үйге кіріп шырақты жағып қалғанда... ханшаға тән асыл жаһұттарға малынып отырған қызға жақындай бергенде:

— Жетесіз бейбақ, қанша ғасыр бойы күткен бақытымды ойрандадың–ау! Өлген жыланды жолдың екі шетіне бөліп көметінін білмейтін ба едің! – деген үн естілді. Қамзолдың етегін көтергенде, қыздың беліне оралған кер жылан жігітке қарай ысылдап атылды» [8; 231].

Балбал — адам бейнесіндегі тас мүсін [3; 105]. Ал «тас мүсін» бейнесі әдебиетте ғаламның мифологиялық бейнесі ретінде кездеседі. Әлемдік мифологияда мүсіндер қай түрде кездессе де (қуыршақ, манекен, мүсін, бақша «чучелосы», қалайы сарбаз), кез келген мүсін сияқты, ол тірі өмірді модельдеу және шындықтың белгісі ретінде қабылданады. Адамның тас мүсінге айналуы немесе керісінше тас мүсіндерді тірілтіп, жан бітіру фольклорлық шығармаларда жиі кездесетін мотив. «Балбал қыз» әңгімесіндегі балбал тастың төбесіндегі ойық пен сол ойыққа жыланның қанын тамызу арқылы тірілтіп алуға тырысу әрекеттері шумерліктердің аңыздарындағы әйелді жерлегендегі бас жағына қойып жерлейтін күміс тостағанды еске түсіреді. Шумерліктердің сенімінше «Өлген адамның қолына немесе басына жақын қайта тірілудің кепілдемесі ретінде іші толы тостаған қойылған. Ал тостаған сынса, ол адамның бір жылдық өмірі деген ырым. Ұйқыға кететін падишаның жасы қанша болса, көріне сонша қыш немесе ағаш ыдыс салады да, күлпәршесін шығарып сындырады. Сынбайтын металл ыдыс қайта тірілу идеясын бейнелейді. Еңкейтілген тостаған ұстаған қайта тірілу тәңірия Иштордың мүсіні зираттың басына орнатылады» [11; 13].

Қорытынды

Мифтік ойлау кезеңіндегі мифологиялық сана жаратылыстағы ой санаға ие — тірі рух бейнесінде танылғандығы белгілі. Поэтикалық ойлауда ұл түсінік трансформацияға ұшырап, түрлі көркемдік мақсаттарға жұмсалады. Туындыларына мистикалық жанрды арқау еткен жазушы шығармашылық әлемінде әйел затының тылсым бейнесіне көп орын береді. Ол туралы өзінің бір сұхбатында: «...Менің әр шығармамның артында бір әйел тұрады» — деп қысқа қайырғаны бар.

Қазір ғылым мен техника, адамзаттың ой өрісі дамыған заман. Десек те, он сегіз мың ғаламның жұмбағы ашылған жоқ. Бізге беймәлім, тылсым күштер бар, бола береді. Пері — адамзатқа параллель әлемде өмір сүріп жатқан жұмбақ тіршілік иесі. Дегенмен, қазақ әдебиетіндегі тылсым, жұмбақ әлем тақырыбындағы зерттеулеріміз бір ғана «перінің қыздары» бейнесінің айналасында қалып қоймайды, қазақтың рухани кеңістігінде жалғаса береді. Сыры ашылмаған, байыбына бара бермейтін бейнелер қазақ әдебиетінде алуан түрлі. Ол туралы кезекті жарияланымдарда айтатын боламыз.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Жарылғапов Ж.Ж. Қазақ прозасы: ағымдар мен әдістер / Ж.Ж. Жарылғапов. — Қарағанды, 2009. — 400 б.
  2. Қазақтың мифтік кейіпкерлері / құрас. С. Итеғұлова; ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Ш.Шаяхметов атынд. тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру -әдістемелік орталығы. — Астана, 2016. — 276 б.
  3. Жанұзақов Т. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі / Т. Жанұзақов. — Алматы: Дайк-Пресс, 2008. — 968 б.
  4. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлі жүйесі / Құраст. Н. Әлімбай. Энциклопедия, 5-том / Н. Әлімбай. — Алматы, 2014. — 840 б.
  5. Мелетинский Е.М. Мифологический словарь / Е.М. Мелетинский. — М.: Сов. энцикл., 1990. — 672 с.
  6. Щеглов Г.В. Мифологический словарь / Г.В. Щеглов, В. Арчер. — М.: Астрель; Транзиткнига; АСТ, 2006. — 368 с.
  7. Қондыбай С. Арғықазақ мифологиясы. Үшінші кітап / С. Қондыбай. — Алматы: Дайк-Пресс, 2004. — 488 б.
  8. Мүбарак Қ. Жат құшақ: әңгімелер жинағы / Қ. Мүбарак. — Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдасытығы «Атажұрт» баспа орталығы, 2012. — 272 б.
  9. Бабалар сөзі. 39 том. — Астана: «Фолиант», 2006. — 448 б.
  10. Ежелгі Қазақстан мифтері. Қазақстан балалар энциклопедиясы / Құраст.: О. Жанайдаров. — Алматы: Аруна, 2006. — 252 б.
  11. Қазақ философиясы тарихы. 1-том / З.К. Шәукенова және С.Е. Нұрмұратовтың жалпы редакциясымен. — Алматы: ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты, 2014. — 400 б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.