Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Академик В. В. Бартольдтің ғылыми мұрасындағы кейбір тарихи географиялық мәселелер

Мақалада тарихи география ғылымы саласының маңыздылығы Орта Азия тарихи географиясының негізін қалаушы академик В.В. Бартольдтің еңбектерінің негізінде көрсетілген. Авторлар ғалымның тарихи географиялық еңбектеріне талдау жасамас бұрын, тарихи географияның ерекшелігіне, оған әр саланың ғылым өкілдері берген анықтамаларына және бүгінгі күндегі ғылымдағы орнына талдау жасаған. Сонымен қатар, тарихи географияны зерттеудің әдіс-тәсілдері мен дерек көздеріне тоқталған. Сондай-ақ зерттеу жұмысының негізінде шығыстанушы-ғалым, академик В.В. Бартольдтің ғылыми мұрасындағы тарихи географиялық мәселелердің өзектілігі ашып көрсетілген. Оның ішінде ортағасырлық кезеңдегі Әмудария өзенінің Каспий теңізіне құюы, Түркістан аймағындағы суару жүйесінің дамуы және оған әсер еткен қоғам мен табиғат арасындағы қарым-қатынас сипатталған. Мақалада В.В. Бартольдтің түрлі тарихи жазба деректердің негізіндегі пайымдаулары қарастырылып, оның кейінгі уақыттардағы археологиялық жаңаша зерттеулермен толықтырылғандығы және ғалымның пайымдауларының дәлелденгендігі айтылған. Осылайша, авторлар мақалада тарихи географиялық зерттеулердің қазіргі ғылымдағы орнының маңызды екендігін көрсеткен.

Кіріспе

Владимир Владимирович Бартольд — көрнекті шығыстанушы, академик. Ғалымның араб, парсы, түрік тілдерін, мұсылман әлемі мен халықтарының тарихы мен мәдениетін білуі шығыстану саласында көптеген іргелі зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік берді. Зерттеушінің көп жылғы еңбектерінің негізінде Орта Азияның тарихи географиясы қалыптасты. Ғалым ортағасырлық тарихшылардың, саяхатшылар мен географтардың деректерін тауып, оларды зерттеп, өз еңбектерінде қолданды. Бұл туралы зерттеуші-ғалымдар Б.Е. Көмеков пен Т.И. Сұлтанов «В.В. Бартольдтің еңбектерінің ішінен Қазақстан тарихы бойынша арнайы очерк таппасақ та, оның жұмыстарының жалпы қорында қазақ халқының, Қазақстанның тарихы және тарихнамасынан сыр шертететін мәліметтер аз емес. В. В. Бартольд отандық және әлемдік шығыстануда алғашқы болып тарихты түпдеректердің негізінде жазды» [1: 18] — деп атап көрсеткен. Шығыстанушының тарихи

географиялық еңбектері ежелгі және ортағасырлық тарихпен, географиямен, топонимиямен шұғылданатын зерттеушілер үшін әлі де болса құндылығын жоймады. Осы мақалада академик В.В. Бартольдтің ғылыми мұраларындағы Орта Азия, Иран және Қазақстан тарихи географиясына қатысты зерттеулері және олардың қазіргі уақыттағы өзектілігі қозғалмақ. Ғалымның тарихи географиялық еңбектеріне тоқталмас бұрын, бірінші кезекте шығыстанушының тарихи зерттеу жұмыстарында үлкен орын алған тарихи география пәні туралы айтып өткенді жөн санап отырмыз.

Әдістер мен материалдар

Мақалада материал ретінде академик В.В. Бартольдтің әртүрлі ортағасырлық мұсылман тарихи деректері негізінде жазылған зерттеулері, сондай-ақ кеңестік және қазіргі кезеңдегі тарихи- географиялық зерттеулер пайдаланылды.

Зерттеудің әдіснамалық негізін тарихилық пен объективтілік, талдау мен синтездің әртүрлі әдістерін біріктіруге мүмкіндік беретін жүйелі көзқарас құрайды. Жұмыста ғылыми зерттеудің сипаттамалық, тарихи, салыстырмалы географиялық, статистикалық, диахрондық және басқа да әдістер қолданылды.

Нәтижелер мен талқылаулар

Тарихи география — тарих пен география ғылымдарының шекарасында қалыптасқан аралас ғылым. Оның тарих толқынындағы өткен кезеңдердің физикалық, әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени географиясын зерттейді деген көзқарас кең тараған.

Тарих және география ғылымдарының, сонымен қатар тарихи географиямен шұғылданатын түрлі мектеп өкілдерінің ғалымдары тарихи география пәніне әртүрлі анықтамалар береді. Физикалық географтар арасында тарихи географияға адам және адамзат қоғамы пайда болған кезден басталатын антропогендегі (төрттік кезең) табиғи ортаның өзгерістерін зерттейтін ғылым ретінде қарайтын көзқарас басым. Мұндай түсінік бойынша тарихи география палеографияның бір бөлігі ғана болып табылады. Ал оның зерттеу шеңберіне Жер табиғатының соңғы, «тарихи» даму кезеңі енеді. Аталған зерттеу бағытының негізінде ерекше субпән — ландшафтылардың тарихи географиясы атты пән қалыптасқан [2; 3]. Қазіргі таңда «ландшафтылардың тарихи географиясы» түсінігімен қатар «тарихи ландшафттану» деген ұғым да кең қолданылады. Ал, тарих ғылымында тарихи география көбінесе тарихи үрдістің кеңістіктік жағын зерттеуші пән ретінде немесе белгілі бір елдің, территорияның өткен кездердегі нақты географиясын зерттейді деп түсіндіріледі [4].

География және тарих ғылымдары өкілдерінің тарихи география пәніне деген көзқарастары мен олардың оған берген анықтамаларына тоқталдық. Егер де екі ғылым өкілдерінің көзқарастарын бір арнаға тоғыстыратын болсақ, тарихи география — адамзат баласы пайда болған кезден бергі географиялық ортаның адамға, адамның географиялық ортаға әсерін зерттейтін жараталыстану мен гуманитарлық ғылымдарына ортақ, екі ғылым саласын түйістерген пән деп атауға болады. Себебі, тарихи география пәні әр түрлі пәндердің аясында қолданылады. Мысалы, география, картография, топонимика, геосаясат, экономика, тарихи демография, тарихи статистика, тарихи топография, әскери өнер тарихы, қала құрылысы тарихы және т.б.

Тарихи география туралы орыс ғалымы В.К. Яцунский өзінің «Историческая география» еңбегінде: «Соңғы кездері кеңестік ғылымда бұл түсініктің аясында жалпы мойындалған түсінік қалыптасып келе жатқан сыңайлы. Біздің тарихшылар мен географтар тарихи география мен география тарихын жақсы ажырата біледі. География тарихы, немесе көбіне оны географиялық білімдер тарихы деп атайды, географиялық ашулар мен саяхаттар тарихын, сонымен қатар географиялық ойлар тарихы мен тіпті бұрынғы адамдардың географиялық түсініктерін зерттейді. Ал тарихи география пәнінің мәні басқаша. Тарихи география бұрынғы адамдардың географиялық түсініктерін, ойларын зерттемейді, нақты түрде тарихи дәуірлердің географиясын зертейді.

Осылайша, қазіргі география мен тарихи географияның зерттеу объектісі бір, бірақ екеуінің арасында кішкене ғана айырмашылық бар: қазіргі география бұл объектіні қазіргі жағдайда зерттесе, ал тарихи география болса оның тарихи кезеңдердегі өзгерістерін зерттейді» [5: 3] — деп жақсы атап көрсеткен.

Тарихи географияның методологиялық зерттеулері батысеуропалық, орыс және қазіргі тарихи географияда қалыптасқан, жалпыгеографиялық және жалпытарихи әдістер синтезіндегі теориялық жұмыстарға сүйенеді. Тарихи географиялық зерттеулерде жүйелі, тарихи-уақыт кесіндісі (срез), тарихи жергілікті, жалпыгеографиялық, центрографиктік және топонимикалық және т.б. негізгі зерттеу әдістері қолданылады [6: 25]. Әлеуметтік және гуманитарлық тарихи-географиялық пәндерде (халықтардың тарихи географиясы, әлеуметтік, экономикалық, мәдени және саяси география) дәстүрлі түрде «уақыттық кесінді» арқылы зерттеуге ерекше мән беріледі. Мұнда белгілі бір кезеңді сипаттайтын қоғамның географиялық ерекшеліктері зерттеледі. Сонымен қатар, қазіргі географиялық нысандардың тарихын, қалыптасқан халық, шаруашылық, мәдениет географиясының тарихи тамырын зерттеуді және түрлі иерархиялық деңгейлердің әлеуметтік-кеңістіктік құрылымдарының эволюциясын зерттеуді де тарихи географияға жатқызады [4].

Тарихи географиялық зерттеулердің деректеріне түрлі акт материалдары, жылнамалар, экономикалық географиялық сипаттаулар, тексерістердің материалдары, саяхатшылардың жазбалары, географиялық сөздіктер, іс-қағаздар мен статистикалық материалдар, карталар мен пландар, археологиялық ескерткіштер мен тұрмыстық заттар, фауна мен флораның сақталған бөлшектері, топонимика мен жаратылыстану ғылымдарының мәліметтері жатады [7: 392].

Сонымен қатар, тарихи географияны екі ғылымның түйісуінен пайда болуына орай отандық ғылыми ортада көмекші тарихи пән ретінде қарастырады.

Мұндай анықтама көбінесе өткеннің географиясын қайта қалпына келтіру үшін негізгі дерек ретінде қолданылған антикалық және ортағасырлық мәтіндерді талдау мен зерттеу тәжірибесімен тығыз байланысты болған алғашқы кездердегі тарихи географияның қалыптасу және даму тарихымен негізделеді. Одан кейін тарихи географияға көмекші тарихи пән дәрежесінің бекітілуі жаңа дәуірдегі саяси және әкімшілік шекара, ішкі отарлау тарихы және т.б. секілді сұрақтарға айрықша көңіл бөлген ұлттық тарихтың жетекші орынға шығуымен байланысты. Пәннің даму тарихының түрлі кезеңдерінде мазмұны мен міндеттерінде көптеген өзгерістер болып өтті. Бұл өзгерістер жақын ғылымдардың өкілдерін тиімді сұхбат жасай отырып жемісті зерттеу жасауға әкелді. Мәселен, ХХ ғасырдың 40–50 жылдарындағы КСРО ғалымдарының еңбектерін атай аламыз. Дегенмен, отандық тарихшылардың арасында тарихи география әлі де болса, көмекші тарихи пән ретінде қабылданып келеді. Қазіргі таңда тарихи географияны оқытуда да, тіпті академиялық ғылымда да, оның тарих ғылымының көмекші пәні ретінде қалып отырғандығы көрініс беруде [8: 22].

Тарихи географияға көмекші тарихи пән ретіндегі көзқарас болғанымен оның гуманитарлық ғылымдар аясындағы орны ерекше екендігі көптеген зерттеуші-ғалымдардың еңбектерінен байқалады. Бұл пәнге айрықша көңіл бөлген және көптеген ғылыми жұмыстарын арнаған ғалым ретінде академик В. В. Бартольдті атай аламыз. Шығыстанушы өзінің еңбектері арқылы Орта Азия, Қазақстан және Иран аймақтарының тарихи географиясының негізін қалады. Ғалым өмір сүрген кезеңдегі ресейлік ғылымда тарихи география салыстырмалы түрде жаңа пән болды және бұл пән ғалымды қызықтырды. Осы қызығушылықтың арқасында В. В. Бартольд «Ежелгі заманнан XVII ғасырға дейінгі Арал теңізі мен Әмударияның төменгі бойы туралы деректер» (1902), «Иранның тарихи географиялық шолуы» (1903), «Түркістанды суландыру тарихына» (1915) және «Ислам энциклопедиясына» арналған көптеген мақалаларын дайындады. Араб, парсы, грек және қытай тарихи жазба деректеріндегі географиялық мәліметтердің дәлдігіне көз жеткізу үшін шығыстанушы тарихи географиялық әдістерді көптеген археологиялық мақаларында қолданды. Ол деректердің қатарына әдеби шығармалар, тарихи шежірелер, географтар мен саяхатшылардың, сауда көпестерінің жазбалары, шариғат жарлықтары, шаруашылық бойынша жарлықтар, вакфтық құжаттар және т. б. жатты. Орта Азияның тарихи географиясына қатысты ғалымның еңбектері мен мақалалары шығармалар жинағының «Тарихи география бойынша еңбектер» атты III томында (1965) [9]

жинақталған. Мұнда ғалымның Орта Азияның тарихи географиясына арналған негізгі монографиялары, мақалалары, пікірлері мен жазбалары кірген. Жалпы алғанда бұл жинақта қарастырылып отырған аймақ пен оған жапсарлас территориялардағы табиғат пен қоғам арасындағы ғасырлар бойғы өзара байланыс туралы кешенді тұрғыдағы зерттеулер қамтылады. География, тарих, топонимика, ономастика, лингвистика, антропология, археология, этнография және т. б. ғылымдарды түйістерген бұл жинақ Орта Азияның тарихи географиясы бойынша іргелі жұмыс болып табылады.

В. В. Бартольдтің Арал теңізі мен Әмударияның төменгі бойы туралы еңбегі 1902 жылы Ташкент қаласында жарыққа шықты. Аталған еңбек ресейлік және шетелдік ғылыми ортада қызығушылық туғызып, 1910 жылы Лейден қаласында неміс тіліне аударылды. Ғалым нақты тарихи деректерді қолдана отырып ғасырлар бойғы өркениеттердің, мәдени аймақтар мен қалалардың, мемлекеттер мен империялардың гүлденуі мен құлдырауының, тайпалар мен халықтардың қозғалысының аймақтың табиғи — климаттық жағдаймен байланысын оқырмандарына көрсете алды. Ол тіпті, нақты деректер арқылы ортағасырлардың бір кезеңінде Әмудария өзенінің Сарықамыс көлі арқылы Үзбойдың көне арнасымен Каспий теңізіне құйғандығы жөніндегі фактіні сенімді түрде айтты. Осындай жаңалығы арқылы ғалым мұндай болуы мүмкін емес деген көзқараста болған геологтар мен географтардың, сонымен қатар атақты голландық шығыстанушы Михаэл Ян де Гуенің пікірлерін жоққа шығарды. Өзен мен оның салалары құмға сіңіп, одан қайта пайда болып, бағыттарын жиі ауыстырып отырған. Оған адамдардың суару жүйелерін жасауы немесе жауларын жеңу үшін су қоймаларын бұзуы секілді әрекеттері әсер етуі мүмкін. Мұның барлығы тарихи деректердің көмегі арқылы аталған еңбекте көрсетілген.

Академик В. В. Бартольд Әмудария Каспий теңізіне XIII—XVI ғасырлар аралығында құйған деп есептеген. Ғалымның бұл ойына өткен ғасырдың 50-ші жылдары Хорезм экспедициясы аясында Үзбой мен Сарықамыс аймақтарына жүргізілген археологиялық және географиялық зерттеулер өзгерістер енгізді. Каспий теңізіне құйған Әмудария суының В.В. Бартольд ойлағандай молынан және ұзақ уақыт құймағандығы анықталды. Өзен теңізге XIV ғасырдың соңғы бірнеше онжылдығынан XV ғасырдың басына дейін құйған екен. Жалпы алғанда сол кезде қолданылған соңғы ғылыми әдістер мен құралдар арқылы ғылыми факті дәлелденген [10: 23–25, 29–31]. Осылайша, ғалымның тарихи жазба деректерді талдау негізіндегі пайымдаулары уақыт сынағына төтеп берді. Зерттеуші жаратылыстану ғылымдары секілді тарих ғылымының да географияны зерттеуде мықты құрал бола алатындығын дәлелдеді. Оған дәлел Әмудария мәселесіндегі оның геологтармен, географтармен болған ғылыми дауы еді. Ол жөнінде В.В. Бартольд «...Нақты ғылым деп аталатын ғылымдардың мінсіз әдістеріне қарағанда, жиі күмәнға алынатын тарихи зерттеу әдістері арқылы ғылыми таным біршама алға жылжи алады. Оған Окс мәселесін мысал ретінде келтіре аламыз десек, артық айтқандық болмас» [11: 20], – деген екен. Енді бірде ғалым өзінің «тарихшы ретіндегі бірінші мақсатым — Әмударияның қайда құйғандығын білу емес, Әмударияның Каспий теңізіне құйған кезеңдегі Әмудария туралы және осы өлкеде болған оқиғалар туралы мәліметтерді көптеп жинау болды, себебі, сол кезеңдегі авторлардың еңбектерінен жергілікті жерде болып жатқан оқиғалар туралы дәл деректі табу қиын еді, ал Каспий теңізінің қайда құйғандығын жазудың олар үшін еш маңызы болған жоқ», – деп [12; 69], ғалым тарихшы үшін Әмударияның әр кезеңдердегі ағу бағытын білу сол кезеңдердегі шаруашылықты, әсіресе егінді суару жүйесінің тарихын білуге үлкен мүмкіндік беретіндігін жазған.

Жалпы алғанда Әмудария өзенінің Еуразия континентінде алатын орны ерекше болған. Бұл туралы А.Е. Снесарев: «Әмудария — қытайлар мен түріктерді, гректер мен арабтарды тең дәрежеде таңқалдырған «адамзаттың өзені» және үш мың жылдан астам уақыт бойы үзілместен пуран санскриптерінің, александрлық тарихшылар мен араб географтарының шығармашылығында көрсетілген, бір жағынан тарихи тұрғыда өте қызықты географиялық нысан. Ең болмағанда кезінде Әмударияның Каспий теңізіне құйғандығы мәселесін алсақ, егер оған құйса, қай уақыттан бастап ол Арал теңізіне бағытын ауыстырған, немесе, оның бастауы туралы мәселесін қарастырсақ та жеткілікті» [13], – деп аталған өзеннің тарихтағы орнын өте жақсы көрсетеді.

Сонымен қатар, ғалым «Ежелгі заманнан XVII ғасырға дейінгі Арал теңізі мен Әмударияның төменгі бойы туралы деректер» атты еңбегінде араб географы әл-Истахридің [14: 42], иран тарихшысы әрі географы Хамдаллах Казвинидің [14: 52–53] деректерінде, ресейлік шығыстанушы, академик Б. А. Дорнның [14: 71] жұмыстарында Арал теңізінің ортасында су иірімінің бар екендігі және сол иірім арқылы Арал мен Каспий теңіздерінің суларының жерастымен байланысатындығы туралы мәліметтер келтірілген. Әл-Истахридің жазба деректерінде Хорезм (Арал — Д.С.) теңізі туралы «...Оның суы тұзды; көлден өзен ағып шықпайды; оған Джейхун (Әмудария — Д.С.), Шаш (Сырдария — Д.С.) және басқа да бірнеше өзендер келіп құяды; дегенмен оның суының мөлшері не көбеймей, не тұщыланбай, сол бір деңгейде тұра береді. Жерастында бұл көлдің суын Хазар (Каспий) көлі суымен байланыстыратын өлкелдің болуы немесе болмауы бір Құдайға аян» [14: 42] — деп жазылған. Арал теңізінің ортасында кемелерге қауіп төндіретін су иірімінің бар екендігі жөнінде орыс ғалымы А. И. Левшин де өзінің «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-сайсақ далаларының сипаттамасы» атты еңбегінде айтып өтеді. Бірақ ғалым ол туралы жергілікті жердегі қырғыз- қайсақтардан (қазақтар — Д.С.) естігенін айтады [15: 51]. Аталған деректер өте қызықты әрі тылсым сырға толы. Зерттеушілер Арал мен Каспий теңіздері суларының жерасты арқылы байланысатындығы туралы мәліметтерді өз еңбектерінде айтып өткенімен, оның нақты ғылыми тұрғыда дәлдігіне куәлік ете алмайды. Зерттеушілердің бірі өзінен бұрынғы зерттеушілердің еңбектерін қолданса, енді бірі ел арасындағы аңыз деректерге сүйенген. Дегенмен қазіргі уақыттағы география және геология саласы мамандарының пікірлеріне сүйенсек, аталған зерттеушілердің деректерінің шындыққа жанасатындығын да байқауымызға болады. Мәселен, ресейлік геологиялық және минералогиялық ғылымдар кандидаты, зерттеуші–ғалым Б.Н. Голубов өзінің «Анамальный подъем уровня Каспийского моря и катастрофическое обмеление Аральского моря как результат дренирования Арала под плато Устюрт и в Каспий вследствие техногенных возмущений недр» атты мақаласында [16] апатты жағдайға ұшыраған Арал теңізі суының тартылуы мәселесін қарастырады. Ғалым мақалада Арал теңізі суының тартылуын 1960 жылдардың басынан бастап өте тез жылдамдықпен су түбіндегі клапан іске қосылып, су иірімі арқылы ағып кеткендей болды деп сипаттайды. Осы уақыттан бастап ғалымдар Арал теңізі суы тартылғанын байқаса, 1978 жылдан бастап Каспий теңізінің су деңгейінің көтерілгендігін тіркеген. Ғалым Еуразия континентіндегі осы екі ағынсыз көл суы мөлшеріндегі мұндай құбылыстың болуына жаңа құбылыстың іске қосылғандығы себепкер болуы мүмкін деп топшылайды. Көптеген уақыт бойы зерттеушілердің тарапынан Арал теңізінің апатына әдеттегідей тек қана оған келіп құятын өзендердің суларының есепсіз қолданылуы және соның салдарынан шөлді аймақтағы климаттың әсерінен су айдынының булануынан болды деп түсіндіріліп келді. Сонымен қатар, Арал мен Каспий көлдерінің жерасты гидросферасы арқылы өзара байланысуы мәселесі мүлдем қарастырылмады.

Б.Н. Голубов аталған мақаласында Әмудария суының жартысына жуығы шаруашылыққа қолданылмаған, Арал теңізіне жақындаған жерде жерастына еніп жоқ болып, көне Үзбой арнасының астымен Каспий теңізіне барып құяды деген қорытындыға келген Н.А. Шило, М.И. Кривошей секілді географ ғалымдардың есімдерін атайды. Ол ғалымдар судың жерастына жұтылуы мен жердің бетіне қайта шығуы фазаларының ауысып отыруын қамтамасыз ететін жер қыртысындағы кернеудің өзгерістері, Арал мен Каспий теңіздеріндегі су деңгейін реттеп отырған дейді. Бірақ бұл қызықты болжам Арал мен Каспий теңіздерінің жерасты арқылы байланысын дәл көрсете алмайды. Сонымен қатар, теңіз және жер беті, далалық қашықтықтан бақылау мәліметтерімен толыққанды бекітілмеген.

Дегенмен Б.Н. Голубов Арал мен Каспий теңіздері арасындағы жерасты гидросферасы туралы байланысты жоққа шығармайды және Арал теңізі өзінің жерасты бөлігімен қоса бұрыннан бері Каспий теңізінің қорек көздерінің бірі болуы мүмкін дейді. Ғалым сонымен қатар, екі теңіз су деңгейлерінің ХХ ғ. екінші жартысындағы өзгерісін Үстірт пен Маңғыстау аймағындағы пайдалы қазбаларды, әсіресе мұнай мен газды игеру барысында жерастында жүргізілген ядролық жарылыстардың әсерінен болды деген қорытындыға келеді. Жалпы кейінгі уақыттардағы теңіз және жер беті бақылаулары, қашықтықтан жүргізілетін жерсеріктік геологиялық зерттеулер көлдің тартылуына суару жүйесі мен климаттың құрғақшылыққа ұшырауы әсерінен деген тұжырымнан ғалымдардың бас тартуына әкеліп отырғандығын алға тартады және Арал мен Каспий теңізі мәселесін шешуде негізгі ұсыныстарды атайды. Оның біріншісі биологиялық және палеоантологиялық мәселе, екінші мәселе екі теңіз деңгейіндегі әртүрлі масштабтағы ауытқулардың күрделі спектрлерінің пайда болу себептері мен механизмдеріне, сондай-ақ олардың су мен тұз балансына қатысты және үшіншісі Арал—Каспий аймағының барлық географиялық қабығына антропогендік іс-әрекеттің жиынтық әсерін бағалау.

Аталған мәселені зерттеуші ғалым Б.Н. Голубовтың қорытындысы бойынша, Арал мен Каспий теңіздері арасындағы жерасты байланысы Үстірт үстірті астындағы карст қуыстары арқылы өте алады. Сонымен бірге, жерасты ядролық жарылыстары Арал—Каспий аймағындағы басқа да техногендік іс-әрекеттермен бірге Арал теңізі суының Үстірт үстірінің астымен Каспий теңізіне ағуына; Әмудария мен Сырдария өзендері суының Арал теңізі маңынан жерастына өтуіне; 1969 — 1995 жылдар аралығында екі көлдің су деңгейінің күрт өзгеруіне алып келді.

Б.Н. Голубовтың Арал мен Каспий теңізі мәселелеріне арналған ғылыми мақаласының қорытындылары академик В.В. Бартольдтың еңбектерінде кездескен мәліметтермен жанасады. Шынымен де, Арал теңізінің суының тартылуына тек қана КСРО кезеңіндегі суару жүйесінің есепсіз жүруі мен климаттың әсері ғана болмай, көне кезден келе жатқан екі теңіз суларының жерастымен байланысына мұнай мен газды игеру кезіндегі антропогендік іс-әрекеттер әсер етуі мүмкін. Егер де ХХ ғ. Арал мен Каспий теңіздері арасындағы пайдалы қазбаларды игеруді бастамас бұрын, В.В. Бартольд келтірген екі көл арасындағы жерасты байланысын зерттеп барып игерсе, мүмкін мұндай апаттық жағдайдың алдын алар ма едік деген ой туындайды.

Академик В.В. Бартольдтің келесі тарихи географиялық еңбегі «Түркістанды суландыру тарихына» атты монографиясы. Оның алғысөзіне зерттеуші: «Орыс жаулаушылары аймақта көп ғасырлық ауылшаруашылық мәдениетіне тап болғандығы белгілі. Ол жасанды суару жүйесіне негізделген еді. Және ол сонысымен археологтар мен шығыстанушылардың, қарапайым адамдардың арасында қызығушылық тудырмай қоймады. Басқа аймақтарға қарағанда бұл өлкенің өткен тарихын зерттеу мен оның болашағына арналған жұмыстардың арасында тығыз байланыстың бар екендігі анық байқалды; суару жұмыстарына сәйкес жобаларды талқылау барысында аймақтың тарихи мәдениетіне қатысты мәселелер бірнеше рет қозғалды; дегенмен Түркістанның тарихы, тарихи ескерткіштері туралы орыс археологтары мен шығыстанушылары еңбектерінің оқырмандар саны өте аз болды және бірен-сараңы болмаса, гидротехника мен физикалық география бойынша мамандарға белгілі болмады. Тіпті география ғылымының көрнекті өкілдерінің тарапынан нақты анықталған тарихи деректерге сәйкес келмейтін пайымдаулар айтылып, шындығында тарих ғылымы арқылы шешімін тапқан мәселелер қайта көтеріліп жатты; кейде гидротехника бойынша еңбектердің авторларының орыс шығыстанушыларына тарихи деректерге немқұрайлы қарайсыңдар деп айып таққан кездері де болды. Ал шын мәнінде бұл туралы орыс тілінде егжей-тегжейлі зерттеулер бар болатын» [17: 97] — деп жазған.

Осыған байланысты В.В. Бартольд ежелгі және ортағасырлар кезеңіндегі Орта Азиядағы суару мәселесі туралы сол кезеңдегі қолжетімді ақпараттарды талдай отырып іргелі еңбекті дайындады. Бұл еңбектерді қарастырмай қазіргі зерттеушілер де аталған аймақтағы ежелгі және ортағасырлардағы суару жүйесі тарихын, ортаазиялық халықтардың шаруашылық өмірін зерттей алмайды.

Әмудария мен Арал теңізін және Түркістандағы суару жүйесінің мәселелері туралы кешенді зерттеулерге арналған монографиялармен қатар, академик В.В. Бартольдтің «Шығармалар» жинағына «Ислам энциклопедиясынан» физикалық география бойынша 111 мақала енді. Оның ішінде Орта Азияны орыстардың игеруінің өзекті мәселелері бойынша маңызды пікірлер, мақалалар мен жазбалар бар. Мұның барлығы осы аймақтың табиғаты, рухани мәдениеті, шаруашылығы және тарихына қызығатын жандарға аса маңызды.

В.В. Бартольдтің зерттеулері Орта Азияның біртіндеп шөлге айналу туралы сол кезде кең тараған теорияны жоққа шығарды. Бұл теорияның жақтастары аталған аймақты мыңжылдықтар бойы шөлге айналуда деп мәлімдеді. Көлдердің деңгейінің төмендеуін, өзендердің тартылуын, құнарлы жерлердің азаюын тоқтату мүмкін емес деді. Керуен жолдарының және мәдени аудандардың жойылуы, гүлденген қалалардан тұрғындардың кетуі, халықтар мен тайпалардың жаппай көшуі — мұның барлығы аймақтағы табиғи–климаттық жағдайдың қарқынды құлдырауының нәтижесінде деп айтты. Аймақтың күйреуіне соғыстар мен саяси үрдістер емес, табиғи ортаның тозуы әсер етті делінді. Шөлдену үрдісін тоқтату мүмкін емес, сәйкесінше, ортаазиялық территорияларды Ресейге қосу, оның экономикалық және мәдени дамуына көп қор жұмсауда еш мән жоқ және үмітті ақтамайды деді.

Академик В.В. Бартольд көптеген араб деректеріне сүйене отырып, мұндай пікірлерге негізделген қарсы пікірлер білдірген. Ол Парсы мен Орта Азиядағы өңдеуге жарамды жерлер мен шөлдердің арақатынасы мың жыл бұрын да ХХ ғасырдың басындағыдай болды деген қорытындыға келген.

Шөлдену теориясының қате екендігін В.В. Бартольдтің замандасы, көрнекті Орта Азия зерттеушісі Л.С. Берг те дәлелдеді. Нақты физикалық—географиялық дәлелдердің негізінде ол тарихи кезеңдердегі Түркістан климатының маңызды өзгерістерге ұшырамағандығын растады. Ғалымның айтуы бойынша Түркістанда ұзақ уақытқа созылған су тапшылығы болмаған, кей жерлердегі судың жетіспеушілігі екінші бір жердегі судың артықшылығымен толықтырылып отырған. Осылайша су шаруашылығын табиғат өзі реттеп отырады дейді. Ғылымдардың әртүрлі бағыттарына сүйене отырып, екі академик мәдени территориялардың құлдырауы, керуен жолдары мен қалалардың жойылуы бірінші кезекте өзендердің, оның салаларының ағыстарының өзгеруінен деген қорытындыға келген. Ал олардың өзгеруіне адамдардың суару жүйелері үшін өзен суларын қолдануы, суару каналдары мен бөгендердің жойқын соғыстардың нәтижесінде жойылуы, тұрғын халықтың құлдыққа тұтқындалып әкетілуі мен соғыс кезінде қырылуы әсер етеді.

Жергілікті жойқын соғыстардың және көшпенділердің шапқыншылығының су артерияларына қаншалықты әсер еткендігі Әмудария мысалында анық көрінеді. Моңғол шапқыншығы кезіндегі Хорезмнің суару жүйесінің қиратылуы Әмудария суының бір бөлігінің Сарықамысқа қайта құюына әкелді. Ондағы су деңгейі теңіз деңгейінен 50 м-ге дейін көтерілді. Бірақ судың мұндай деңгейі Үзбойда су ағыны пайда болып, судың Каспий теңізіне құюына жеткіліксіз еді. Бұдан кейін көлдегі су деңгейі біртіндеп төмендей берді. XIV ғасырдың соңында Темірдің Хорезмді талқандауынан кейін, Әмудария ағысы қайта өзгеріп, Сарықамыстағы су деңгейі тарихи уақыттағы ең жоғары деңгейге — теңіз деңгейінен 53–54 м биіктікке жетті. Су Үзбойға құя бастады [10: 29–31]. Сәйкесінше, су Каспий теңізіне жетуі мүмкін еді. Оған академик В.В. Бартольд сүйенген жазба деректер мәлімет береді.

Ғалым Орта Азияның шөлдену теориясын жоққа шығара отырып, адамның іс әрекетінің бұл үрдістің тез жүруіне әсер ететіндігін аңғармады. Ол бірнеше ұрпақ ауысқанда да байқалмауы мүмкін еді. Әмударияның сол жақ жағалауында адамдардың еш ойсыз арша мен сексеуілдерді шабуы, жылжымалы Қарақұм құмдарының өзеннің жағалауын жабуына әсер еткен. Ал адам аз қоныстанған өзеннің оң жақ жағалауында шөлдің өзенге жақындауын ұстап тұратын жаңағы аталған өсімдіктер көп шабылмаған және Қызылқұмның құмдары бұл жерде аса қозғала қоймаған. Бұл жөнінде академик В.В. Бартольдтің мұрасын зерттеуші О.П. Жалменова 1996 жылы шыққан мақаласында айтып өтеді [18: 60]. Дегенмен, шығыстанушының еңбектеріндегі пайымдаулары соңғы уақыттардағы археологиялық жұмыстардың қорытындыларымен дәлелін тауып отырғандығы белгілі.

Қорытынды

Қорыта айтар болсақ, шығыстанушы-ғалым В.В. Бартольдтің ғылыми мұраларындағы тарихи географиялық мәселелер қазіргі уақытта да өзінің өзектілігін жоймады. Ғалымның зерттеу жұмыстарында еліміздің тарихына және тарихи географиясына қатысты мәліметтер мол. Оның ішіне көне кезеңдердегі өзен ағыстары, көлдердің, қалалардың орналасуы, сауда-керуен жолдарының бағыттары және т.б. кіреді. Мәселен, «Шығармалар» жинағының үшінші томына енген «Әулиеата», «Баласағұн», «Балқаш», «Іле», «Ертіс», «Тараз», «Шымкент», «Шу», т.с.с. мақалаларын атауға болады. Осы мол мұраны тарихи географиялық тұрғыда кешенді түрде саралап зерделеуде еліміздің тарихының жаңа қырлары ашылары анық. Сонымен қатар, В.В. Бартольдтің еңбектері тек қана өткенге көз жүгірту емес, ол қазіргі уақытқа да бағдарланған. Қоғам мен табиғат қарым- қатынасындағы заңдылықтардың қайталануы мүмкіндігіне сендіреді. Яғни, ғалым еңбектері арқылы қазіргі ғылымдағы тарихи географияның орнының маңызды екендігі анық байқалады.

Әдебиеттер тізімі

  1. Кумеков Б. Вклад русских и советских ученых-востоковедов Академии наук в изучение средневековой истории Казахстана / Б. Кумеков, Т. Султанов // Изв. АН КазССР. Сер. обществ. наук. — 1974. — № 2. — С. 14–23.
  2. Жекулин В.С. Историческая география ландшафтов / В.С. Жекулин. — Новгород, 1972.
  3. Жекулин В.C. Историческая география: предмет и методы / В.C. Жекулин. — Л.: Наука, 1982.
  4. Стрелецкий В.Н. Историческая география и регионалистика: пути и перспективы взаимодействия [Электронный ресурс] / В.Н. Стрелецкий. — Режим доступа: https://cyberleninka.ru/article/v/istoricheskaya-geografiya-i-regionalistika-puti-i- perspektivy-vzaimodeystviya.
  5. Яцунский В.К. Историческая география: История ее возникновения и развития в XIV–VIII вв. / В.К. Яцунский. — М.: Изд-во АН СССР, 1955. – 352 с.
  6. Сымағұлов Д.C. Тарихи география және оның маңызы / Д.C. Сымағұлов // Қазақ тарихы. — 2014. — № 5 (128).
  7. Самарина Н.Г. Историческая география в музееведческих исследованиях / Н.Г. Самарина // Историческая география: пространство человека vs человек в пространстве:.материалы XXIII Междунар. науч. конф. — М., 2011. — 499 с.
  8. Коновалова И.Г. Историческая география в исследовательском поле исторической науки / И.Г. Коновалова // Историческая география: пространство человека vs человек в пространстве. Материалы XXIII Международной науч. конф. — М., 2011. — 499 с.
  9. Бартольд В.В. Работы по исторической географии / В.В. Бартольд. — Т. III. — М.: Наука, 1965.— 713 с.
  10. Низовья Амударьи, Сарыкамыш, Узбой: История формирования и заселения [Электронный ресурс]. / ред. С.П. Толстов и А.С. Кесь. — М.: Изд-во АН СССР, 1960. — Режим доступа: https://www.twirpx.com/file/1353428/.
  11. Предисловие к немецкому изданию // В.В. Бартольд Работы по исторической географии. — М.: Наука, 1965. — Т. III. — 713 с.
  12. Лунин Б.В. Жизнь и деятельность академика В.В. Бартольда / Б.В. Лунин // В кн.: Средняя Азия в отечественном востоковедении. — Ташкент: ФАН, 1981, — 223 с.
  13. Снесарев А.Е. Афганистан [Электронный ресурс] / А.Е. Снесарев. — Режим доступа: http://www.snesarev.ru/trudi/afganistan.html.
  14. Сведения об Аральском море и низовьях Аму-Дарьи с древнейших времен до XVII века // В.В. Бартольд Работы по исторической географии. — Т. III. — М.: Наука, 1965. — 713 с.
  15. Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей / А.И. Левшин. — Алматы: Санат, 1996. — 656 с.
  16. Голубов Б.Н. Аномальный подъем уровня Каспийского моря и катастрофическое обмеление Аральского моря как результат дренирования Арала под плато Устюрт и в Каспий вследствие техногенных возмущений недр [Электронный ресурс] / Б.Н. Голубов. — Режим доступа: https://cyberleninka.ru/article/v/anomalnyy-podyom-urovnya-kaspiyskogo-morya-i- katastroficheskoe-obmelenie-aralskogo-morya-kak-rezultat-drenirovaniya-arala-pod-plato
  17. К истории орошения Туркестана. Предисловие // В.В. Бартольд. Работы по исторической географии. — Т. III. — М.: Наука, 1965. — 713 с.
  18. Жалменова О. П. Историко-географическая характеристика домонгольского Хорезма в творчестве В.В. Бартольда / О.П. Жалменова // Вестн. Тамбов. ун-та. Сер. Гуманитарные науки. — 1996. — № 1. — С. 58–66.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.