Өлкетану пәнінде тарихи-мәдени туризмнің тарихын оқыту негіздемесі

Қазіргі таңда «тарихи өлкетану» пәні аймақтың ерекше қажеттіліктері мен мүдделерін көрсететін, білім беру стандарттарының негізгі құрамдас бөлігіне айналды. Осы негізде өлкетану пәнін университет деңгейінде оқыту, студенттердің кәсіби деңгейін көтеруде, жастардың туған өлке тарихын терең білуге насихаттауда және туған жерге деген патриоттық негізін қалыптастыруға, тұлға болып қалыптасуында өлкетану пәнінің маңыздылығы жоғары. Мақалада жоғары оқу орындарында патриоттық тәрбие берудің кейбір әдістемелік тәсілдері мен әдістері зерттелген. Соның ішінде оқу- тәрбие үрдісінде оқушыларды патриоттыққа тәрбиелеудің қарапайым да тиімді құралдарының бірі — өлкетану пәні арқылы туризм саласын оқыту негіздемесі қарастырылған. Авторлар мәдени-өлкетану тәжірибесін оқу үдерісіне енгізу және болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудағы олардың рөлін күшейту шараларын ұсынған. Сонымен қатар өлкетану терминіне анықтама бере отырып, мәдени-тарихи туризмді өлкетану пәні ретінде оқытудың әдіc-тәсілдері туралы айтылған. Туризм мен өлкетанудың өзара ұқсастықтары мен ерекше тұстарына ғылыми түрде талдау жасалынған. Сондай-ақ, өлкетану пәнін жоғары оқу орынында оқыту студент жастардың рухани дамуына оң ықпал тигізетіндігі, аймақтың тарихи, әлеуметтік және мәдени құрылымына әсері туралы нақты ақпарат берілген.

Кіріспе

Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алған жылдардан бастап, бүгінгі күнге дейінгі өзекті тақырыптардың бірі ― халықтың әл-ауқатын көтеретін, ел экономикасын дамытатын, ішкі-сыртқы байланысты тұрақтандыруға орасан зор үлес қосатын ішкі туризм саласын өркендету болып табылады.

Қазіргі таңда ішкі отандық туризм саласының қарқынды дамып келе жатқанына куә болып отырмыз, оған басты себеп әлемдік жағдайдың күрт өзгеру. Ішкі туризмді дамыту үшін, ең бірінші жастарды өз елінің тарихи-мәдени мұраларын құрметтеуге үйретуіміз керек. Осы тұрғыдан алғанда мектеп қабырғасынан бастап, жоғары оқу орындарында оқытылатын өлкетану пәнінің алар орны ерекше.

Қазақ тарихындағы мыңжылдық тарихы бар тарихи орындарды, археологиялық зерттеу барысында табылған жәдігерлерді насихаттап, туризм тарихын ғылыми әдіс-тәсілдер арқылы зерттеу, олардың бүгінгі тағдырына қорытынды жасау өте маңызды.

Заманауи білім берудің маңызды стратегиялық міндеті — жас ұрпақты жан-жақты дамыту болып табылады. Соның ішінде, студенттердің өлкетану пәні арқылы тарихи туризмді дамыту жастардың жеке тұлға болып қалыптасуына кешенді әсер етудің тиімді құралдарының бірі.

Өлкетану пәнінде тарихи туризмді оқыту негізінде педагогикалық құрылыммен тәрбиенің барлық негізгі аспектілері қалыптасады: саяси, адамгершілік, еңбек, эстетикалық, физикалық, студенттердің таным дәрежесі едәуір кеңейеді, әрі психикалық дамуына да ерекше әсер ететіні айқын [1; 14].

Туризм өте ауқымды, әрі бұл саланы тарих тұрғысынан зерттелмегенін ескерсек, оның ішінде өлкетану ғылымы арқылы зерттеу тақырыптың өзектілігін аша түседі.

Бүгінде қазақстандық туризм нысандарының тарихы мен қызметі, әлемдік маңызы бар мәдени- тарихи ескерткіштері туралы тың ақпараттар жүйелі түрде жинақталып, тарих тұрғысынан ғылыми айналымға түскен жоқ. Осы негізде туризм тарихы, оның ішінде аймақтық туризм тарихын, республикалық және жергілікті мұрағат қорларынан алынған тың деректерді ғылыми айналымға енгізу және осы нәтижелерді өлкетану пәнінде енгізу қажеттілігі туындап отыр.

Туризм елдің аумағы мен оның жеке аймақтарымен тікелей байланысты. Сондықтан да өлкетану туризммен тығыз байланыстағы ғылым саласы болып табылады. Қазақстан өңіріндегі мәдени-тарихи туризм тарихы — пәнаралық байланысты қамтитын тақырып.

Қазақстандағы аймақ туризмінің дамуы және қалыптасу тарихын зерттеу бүгінгі Отан тарихының өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Білім және тәрбие жағына да әсер ететін бұл пәннің мәні зор болғанымен, өлкетану пәнінде туризм бағыты аз қолданылады.

ХХІ ғасыр ғылым мен технология заманында тек бір жақты теориялық білім беру студент үшін жеткіліксіз екенін көруімізге болады. Cтуденттің танымдық іс-әрекетін арттыру мақсатында тәжірибелік бағытына да жеткілікті көңіл аударуымыз керек. Көру, қызығушылық таныту арқылы тыңдау, ынта негізінде қабылданған білім ғана жас жеткіншекті тұлғалық дамуға апаратын негізгі бір жол болып табылады. Егер өлкетану пәнін оқытуда алдыға мақсат қоя отырып, жүйелі ұйымдастыра білсе, оның білімдік, танымдық, дамытушылық және тәрбиелік маңызы ерекше. Әсіресе, ішкі туризмді дамытуда тарихи мәдени орындарға, мұражайларға бару, тарихи маңызы бар туристік нысандарға саяхат жасау арқылы, деректерді жинау, оны тиімді пайдалану білім алушылардың тарихты жаңа бағыт тұрғысынан пайымдауға, ғылыми негізде түсінуіне мүмкіндік тудырады.

Зерттеу әдістері

Зерттеуде әдістемелік негізі принциптер: объективтілік пен тарихи анализ, психология- педагогикалық ғылыми әдебиеттерді, интернет материалдарын теориялық талдау, синтездеу т.б әдістері басшылыққа алынды. Отандық және ресейлік ғалымдардың өлкетану, педагогикалық негізде оқыту жүйесіне қатысты әдістемелік-педагогикалық ғылыми еңбектеріне талдау жасау арқылы, тарихи зерттеу әдістері қолданылды.

Ғылыми әдебиеттерді талдау әдісі: бұл әдіс арқылы мынадай міндеттер шешілді: жоғары оқу орындарында туризм мен өлкетану жұмысының даму тарихын зерттеу, мәселенің зерттелу деңгейін ғылыми әдістемелік тұрғыдан талдау. Ақпаратты зерттеу және қорытындылау әдісі арқылы келесідей негізгі міндеттер шешілді: туризм мен өлкетану қызметінің тиімді түрлерін анықтау, студенттерді археологиялық және тарихи-мәдени маңызы бар туристік орындармен таныстыру негізінде пәнге деген қызығушылығын ояту.

Нәтижелері мен оларды талқылау

Қазақ жері бірнеше ғасырлық тарихы бар көне мекен, түркі халықтарының мәдени астанасы, сақ, ғұн тайпасынан бастап қанша ұлттың шығу бесігі болған тарихи орталығы екенін ескерсек, еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштерге бай болуы да негізгі бір артықшылықтарымыздың бірі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бөлімін іске асыру мақсатында білім беру жүйесінде, оқу- тәрбие ісінде тәжірибе тұрғысынан көңіл бөлуді, соның ішінде «Өлкетану» сияқты пәнді мектептерден жоғары оқу орындарына дейін оқытуды тапсырған болатын [2; 21].

Бүгінде Қазақстан Республикасының білім заңы аясында өлкетану пәні мектепте және мемлекеттік жоғары оқу орындарында тарих факультеттерінде арнайы «Тарихи өлкетану» курсы да оқытылады.

Осы тұрғыдан алғанда қазақ туризмінің дамуына өлкетану пәнінің қосар үлесі орасан зор екені айқын. Тақырыпқа тереңдей кіру мақсатында өлкетану терминіне ғылыми анықтама берсек:

Өлкетану — Отан тарихының құрамдас бөлімі ретінде көлемі бойынша шағын белгілі бір аумақтың (аудан, облыс, өлкелер т.б.) тарихи, әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени дамуын, табиғи жағдайларын зерттеумен шұғылданатын ғылым мен мәдениет саласы, жан-жақты сараланған зерттеу жұмыстарының жиынтығы [3; 14].

Пәнді оқыту әдістемесі де ерекше, өлке тарихын ғана зерттемей, қоғам мен қоршаған тарихи ортаның географиялық, топонимикалық, экологиялық жағымен байланыстыра зерттеу қажеттілігін көрсетеді. Қазақстан Республикасының «Білім және ғылым туралы» заңында «Өлкентану» пәніне ерекше басымдық берілгенін айқын байқауымызға болады. Атап айтсақта заңда:

«Өлкетану пәні туған өлкенің тарихын, табиғатын, мәдениетін оқуға ықпал етеді. Пәннің негізі мақсаты мен міндеттері — туған өлкенің қалыптасуы мен дамуын кешенді сипаттайтын географиялық, тарихи, мәдени, табиғи және басқа да факторлар туралы білім қалыптастыру;туған елге деген сүйіспеншілік сезімге, қоршаған табиғи ортаны аялауға тәрбиелеу болып табылады. Пәннің басты мақсаты: ежелгі дәуірден бастап қазіргі уақытқа дейінгі туған жер аумағында болып жатқан тарихи процестердің негізгі кезеңдері мен ерекшеліктері туралы білім қалыптастыру; туған өлкенің табиғи байлықтары, тарихи ескерткіштері және мәдени нысандары туралы білімдерін кеңейту; туған өлкенің дәстүрлі қолөнері, мәдени және әдеби мұралары мен өңір мақтанышына айналған адамдар туралы білімдерін кеңейту; туған өлкенің бірегей табиғаты, тарихы мен мәдениетіне деген құрмет сезімдеріне тәрбиелеу; оларды қорғауға жауапкершіліктерін арттыру» [4; 8] деп пәннің маңыздылығын ашып, айқындап көрсеткен болатын.

Туризм саласы мамандары арасында туризм мен өлкетанудың ұқсас тұстары өте көп болғандықтан бірге қарастыру керек деген пікір ұсынушылар да бар.

Алайда өлкетану өз алдына ғылыми зерттеу әдіс-тәсілдері мен формалары (өлкетану экспедициялары, ғылыми этнографиялық және археологиялық экспедициялар, мұражайлар жұмыстары) бар жеке ғылым саласы.

Туризмнің өлкетанудан бір ерекшелігі немесе артықшылығы қоғам өмірінде туризмнің алатын орны мен рөлі жоғары, көп векторлы болып табылады (кесте 1).

Туризмді экономиканың бір саласы, спорт түрі, демалыс сауықтыру құралы, оқу тәрбие, танымдық маңызды құрал ретінде де қарауға болады. Сонымен қатар, екі саланың өзара ұқсас жақтары біріншіден, екеуі де тәрбие білім беру құралы ретінде тануға болады, екіншіден жұмыс істеу формалары ұқсас болып келеді (экскурсия, жорықтар) [5; 67].

Кесте 1

Өлкетану мен туризм саласының өзара ерекшеліктері мен ұқсастықтары

Өлкетану:

Өлкетану – Отан тарихының
құрамдас бөлігі ретінде көлемі
бойынша шағын белгілі бір
аумақтың (аудан, облыс,
өлкелер т.б) тарихи,
әлеуметтік-экономикалық,
саяси, мәдени дамуын, табиғи
жағдайларын зерттеу

Туризм

Туризм көп векторлы, белгілі бір
елдің аумағы мен оның жеке
аймақтарымен байланысты
«кеңістікті тануды» білдіреді.

Өлкетанудан басты
айырмашылығы аумағы бойынша
және зерттеу ауқымы кең ғылым
саласы.

Туризм мен
өлкетанудың
ұқсастықтары:
- тәрбие мен білім беру
құралы;

- жұмыс жасау
формалары, экскурсия;
- жорықтар.

Ескерту: Кесте авторлардың басшылығымен құрастырылған.

Өлкетанудың ішкі туризмнің дамуына тигізер ықпалының зор екенін жоғарыда айтып өткеніміздей, тәрбиелік маңызы да ерекше қосымша пәндердің ішіндегі өзектісі болып табылады. Өлкетану бірнеше түрге бөлінеді. Соның бірі ― туристік өлкетану.

Туристік өлкетану — белгілі бір ауданның, облыстың, өлкенің тарихын, ондағы болған оқиғаларды, тарихи мемуарлық және тарихи архитектуралық ескерткіштер мен олардың ерекшеліктерін, археологиялық орындарды зерттеумен, оқып танумен айналысатын өлкетану түрі [1; 18]. Бұл аудиториядан тыс аймақта жүргізіледі. Бұндай туризм формасы жастарға туған жерінің тарихын танып білуге деген үлкен мүмкіндік, әрі ішкі туризмді кеңінен насихаттай алатын бірден бір тиімді жол болып табылады. Туризмнің осы түрі арқылы ғана студенттердің қызығушылығын арттыруға және өз өлкесіне экскурсия жасау барысында көптеген білмеген тың ақпараттарды игеретін болады. Осыны басты негізге ала отырып, жоғары оқу орындардағы өлкетану пәндік курсында осы туризм формаларының қолданысқа енгізілуі қай жағынан алып қарасақта, ең тиімді жол болып табылады.

Өлкетану пәні арқылы мәдени—тарихи туризмді оқыту негізінде студенттердің тарихи орындарға, қоршаған ортаға деген көзқарастарын оң бағытқа өзгерте аламыз. Осы бағыт арқылы төмендегідей нәтижеге қол жеткіземіз:

  • өз елді мекенінің табиғатымен, мәдениетімен, тарихымен және қазіргі кездегі өмірімен, экономикасымен танысуға мүмкіндік алады, осы арқылы студент жастардың бойында рухани байлыққа, ұлттық санаға, туған елге деген сүйіспеншілік артады;
  • тарихи маңызы бар мәдени орындарды көру арқылы туған өлкенің табиғиғатына деген қызығушылығы артады және қоршаған ортаны қорғауға, танып білуге ұмтылыс пайда болуы мүмкін, осы арқылы студенттің жеке дамуын жүзеге асыра аламыз;
  • тарихи орындарды, тарихи жәдігерлерді танып, зерттеу негізінде тарихпен іргелес ғылымдар археология, Отан тарихы пәндерінен алған теориялық білімдерін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік болады;
  • өлкетану мұражайларымен жақын танысу арқылы өлке тарихы туралы тың деректер ала алады;
  • студент жастардың денсаулығын жақсартуға және дене дайындығының деңгейін көтеруге ықпал ете аламыз;
  • студент экскурсия барысында алған білімін табиғатқа зиянын тигізбей, ұтымды пайдалануға қол жеткізіп ғана қоймай, ақпаратты сараптама жасай отыра, құнды материалдарды, коллекцияларды жинап, зерттеу жұмысын жасау арқылы біліктілігін арттыра алады [5; 13].

Жоғарыда артықшылықтарын атап өткеніміздей, туристік-өлкетану қызметі қазіргі кезде ерекше өзектілікке ие болып отыр. Ол қоршаған ортаның аймақтық ерекшеліктері арқылы туған өлкені зерттеуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, студенттің жеке тұлғалық дамуына, олардың өмірлік тәжірибесін қалыптасуына, алған білімдерін тәжірибеде пайдалануға мүмкіндік туғызады.

Туризм-өлкетану ісінің маңыздылығын одан әрі дамыту қажеттілігін тереңірек түсіну үшін біз осы қызмет түрінің әр компонентін жеке қарастыруымыз қажет (кесте 2).

Кесте 2

Туризм мен өлкетану компоненттері арасындағы байланыс

Ескерту: Кесте авторлардың басшылығымен құрастырылған

Өлкетану негізі арқылы туризмді оқыту екі бағытта жүзеге асады (аудиториялық және топтық немесе клубтық туризм). Аудиториялық оқыту жүйесі аты айтып тұрғандай, теориялық оқытуға көп басымдық беріледі, ал клубтық туризм ― географиялық алаңда немесе оқу экскурсиясы кезінде жүзеге асырылады. Аудиториялық оқытуға студенттің барлығы дерлік қатысу міндетті болса, ал аудиториядан тыс, топтық (клубтық) туризмде, экскурсиялық оқуға студенттер ерікті түрде қатысады (туристік саяхаттар, өлкетану экспедициялар). Топтық туризмді (клубтық туризм) саяхаттауды ұнататындар үшін, хобби сабағы ретінде қосымша да өткізуге болады [6; 8]. Бұл туризмнің екеуі де көптеген белгілер бойынша ерекшеленеді: саяхаттардың көлемі, қызмет түрлерінің жүйелілігі, күрделілігі т.с.с. Алайда, туризмді терең зерттеу үшін екінші тобы ең тиімдісі болып табылады, себебі аудиториядан тыс басқа іс-шаралар өлкені тануға мұндай мүмкіндік бермейді.

Өлкетану пәнінде осы әдістерді қолдана отырып, экскурсия барысында туристік іс-әрекеттің барлық түрін қолдануға тырысу керек, осы бағыт арқылы ғана студенттердің қызығушылықтары артып, олардың көп бөлігін өлке туризмін дамытуға бағыттай аламыз.

Өлкетану пәні арқылы мәдени тарихи туризмді оқыту үшін аймақ туралы толыққанды білім, таным түсінік болмаса зерттеу мүмкін емес. Туризм — өлкетану қызметін толық атқара алуы мүмкін, бірақ өлкетану — туризм саласын толық зерттей алмайтыны ақиқат. Осы түсініктен-ақ, туризм көп векторлы екенін көруімізге болады.

Студенттердің аудиториядан тыс, яғни далалық зерттеулерге қатысу туристік техникалар мен тактиканы игеруді қажет ететіндігін ұмытпаған жөн, сондықтан туризм өлкетанудың ажырамас бөлігіне айналуда.

Өлкетану студенттердің танымдық белсенділігі мен интеллектуалды дамуын арттырса, ал туризм — техникалық және тактикалық дайындықты, даладағы қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз етеді, алайда, білім беру процесінде туризм және өлкетану біртұтас бір бағытта қызмет етеді [8; 11]. Осы негізде жоғары оқу орындарында білім алушы студенттер үшін туризм мен өлкетану дайындығының тұтас тұжырымдамасын әзірлеуіміз қажет.

Қорытынды

Қорытындылай келе, өлкетану пәнінде мәдени–тарихи туризмді оқыту студент үшін бірнеше оң нәтиже беретіндігін көруімізге болады.

Бірінші ― тәрбиелік функциясы. Әр туристік саяхат жаңа тәжірибе береді, студенттің өзін сыртқы ортада дұрыс ұстай білуге, шыдамдылыққа, сапар барысында қандай да бір қиындықтарға жолыққан жағдайда, оны жеңе білуге, туған өлкеге сүйіспеншілік пен құрметпен қарауға, дәстүрлерді, наным-сенімдерді құрметтеуге тәрбиелейді.

Екінші ― даму функциясы. Саяхат жасау арқылы студенттің танымдық белсенділігі жоғарылайды, тарихи туристік орындарға, мұражайларға бару арқылы өлке тарихы туралы түсінігі молаяды.

Үшінші ― танымдық функциясы. Өлкені тану арқылы тәжірибе жинақтайды, дүниетанымы қалыптасады. Студенттер өздерінің туған жерлеріне экскурсия жасай отырып, географиялық, тарихи, экологиялық және т.б. қоршаған ортаның ерекшеліктерін танып ғана қоймай, оларды болашақ ұрпаққа сақтауды үйренеді. Бұл таным ғылымның, мәдениеттің, өнердің және адамзат қоғамының басқа салаларының дамуына ықпал етеді.

Төртінші ― әлеуметтендіру функциясы. Қоғаммен өзара дұрыс қарым-қатынас құру дағдылары қалыптасады, әрі студент топтық экскурсия барысында өзін-өзі қоғамдық ортада ұстау ережелерін үйренеді.

Бесінші ― рекреациялық функция. Туристік саяхат жаңа тәжірибе жинақтауға, жас зерттеушілердің физикалық және психологиялық денсаулығын жақсартуға оң септігін тигізеді.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Буканова Р.Г. Краеведение в вузе как средство воспитания патриотизма студентов / Р.Г. Буканова, А.И. Уразова, Ю.А. Иликеева, И.З.Шаяхметова // Журн. науч. ст. «Здоровье и образование в XXI веке». — 2017. — № 19. — С. 10.
  2. Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайты [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тәртібі: https://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/press_conferences/memleket-basshysynyn-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru-atty- makalasy
  3. Мазбаев О. Туризм және өлкетану негіздері. / О. Мазбаев, Б. Асубаев, Е. Тоқпанов. — Астана: Фолиант, 2013. — 152 б.
  4. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сайты [Электрондық ресурс]. — Қолжетімділік тәртібі: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2000020339
  5. Остапец А.А. Педагогика и психология туристско-краеведческой деятельности учащихся: метод. реком. / А.А. Остапец. — М.: РМАТ, 2001. — 87 с.
  6. Любин А.В. Туристско-краеведческая деятельность: анализ компонентного состава [Электронный ресурс] / А.В. Любин. — Режим доступа: http://jurnal.org/articles/2011/ped18.html
  7. Основы туризма: учеб. / под ред. Е.Л. Писаревского. — М.: Федеральное агентство по туризму, 2014. — 384 с
  8. Махов С.И. Учет возрастных и индивидуальных особенностей школьников в туристско-краеведческой деятельности / С.И. Махов, И.П. Махова // Материалы научно-теоретической межвузовской конференции «Геоэкология. Краеведение. Туризм». — СПб.: Экономика, 2000. — С. 83–86.
Жыл: 2022
Категория: Тарих