Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы коллаборационизм туралы

Мақалада әлі күнге дейін толыққанды зерттелмей келе жатқан Ұлы Отан соғысы кезінде орын алған коллаборационистік қозғалыстың басты оқиғалары көрсетілген. Көптеген тың деректер негізінде автор коллаборационизмнің пайда болу себептерін, оның негізгі бағыттары және саяси сипаты туралы кең түрде баяндайды. Бірқатар кеңес азаматтарының жаумен ынтымақтастыққа көшуі КСРО басшылығының ішкі саясаттағы және ұлттық мәселелердегі қателіктері, Ұлы Отан соғысының бастапқы кезеңіндегі Қызыл Армияның ірі жеңілістері және жаудың саяси-идеологиялық жұмысының белгілі әсер еткені күмән тудырмайды. Соғыс кезінде тұтқынға түсіп лагерьлерде орналасқан кеңес жауынгерлерінен; Украина, Белоруссия, Прибалтика, Кавказ және Қырым халықтарынан немістер құрған бірқатар әскери күштер пайда болып, олар басқыншыларға қызмет етті. Осы құрамалар қатарында ең басынан сатқындық жолына түскендермен қатар, немістердің көмегімен кеңестік тоталитарлық жүйеден құтылғысы келген немесе өздерінің ұлттық тәуелсіздігін алғысы келген адамдар басым көпшілік болды. Сондықтан Ұлы Отан соғысында пайда болған коллаборационизмді ерекше құбылыс ретінде қарап, онымен байланысты оқиғаларды объективтік түрде көрсету ұсынылып отырған мақалада басты мақсат ретінде қаралған.

Кіріспе

Екінші Дүниежүзілік соғыс (1939–1945 жж.) кезінде көптеген мемлекеттерде коллаборационизм деген құбылыс кең түрде орын алды. Дүниежүзілік соғыстың бір бөлігі боп есептелетін 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдарында да коллаборационистік үрдіс пайда болды. Ол өзінің ерекшелігімен айқындалды және оның әртүрлі сипаты мен бағыттары анық байқалды.

Соғыстан кейінгі уақытта оның оқиғаларына арналған ірі тарихи еңбектер жазыла бастады. Бірақ, бұл еңбектерде коллаборационизм тақырыбы жалпылама және біржақты кеңестік көзқараста берілді [1].

Сонымен бірге, соңғы кезеңде соғыс жылдарындағы коллаборационизм тақырыбына арнап еңбектер жазған кейбір тарихшыларды атап кету керек, олар: М.И. Семиряга, К. Семенов, О. Романько, С. Дробязко, О. Будницкий, А. Мартынов және т.б. [2]. Олардың тарихи еңбектерінде коллаборационизмнің соғыс кезінде пайда болуы, оның себептері, бағыттары идеологиялық негіздері бірқатар деректер арқылы қарастырылады. Аталған жұмыстардың құндылығын атап кеткен жөн, өйткені осы көрсетілген еңбектерде Ресейдің батыс аймақтарындағы, Украинадағы, Белоруссиядағы, Прибалтика мен Қырымдағы коллаборационистік қозғалыстың қалыптасуы және ерекшеліктері кең түрде берілген. Бірақ, бұл еңбектерде бірқатар шындықты ашып берсе де коллаборационизм қозғалысы бұрынғыша тек сатқындар қозғалысы ретінде көрсетіледі.

Коллаборационизм проблемасы объективті түрде қазіргі тарихи көзқараспен көрсетуге бағыттап, еңбектер жазған авторларды атап кетуге болады. Олар: кеңестік зерттеуші Л.К. Шкаренков, француз тарихшысы Н. Верт, неміс ғалымы И. Гофман, қазақ тарихшысы Б.К. Адамбек және т.б. [3].

Коллаборационизм проблемасы әлі күнге дейін толық түрде зерттелмей келе жатқан тақырыптың бірі болып есептеледі. Сондықтан, осы тақырыпты зерттеу кезінде Отан соғысы жылдары коллаборационистік қозғалыстың басталу себептері, оның бағыттары, идеологиялық негіздері және тарихта алатын орны көпжақты қарастырылып дәлелденуі керек. Әлі ашылмай жатқан архив материалдары және басқа тың деректерді пайдалану арқылы бұрын қалыптасқан көзқарастан толық бас тартып, коллаборационизм деген үрдісті объектвиті түрде зерттеп, оны ғылыми түрде көрсету тарихшылардың алдағы мақсаттары болуы керек сияқты. Ұсынылып отырған мақаланы зерттеліп отырған тақырыпты тереңірек көрсетуге бағытталған талпыныстың бірі деп есептеуге болады.

Зерттеу әдістері

Мақаланың ғылыми-әдістемелік негізі ретінде осы тақырып бойынша бұрын шыққан еңбектер алынды. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы коллаборационизм мәселесімен шұғылданған зерттеушілердің еңбектерін қарастыру барысында және оларды сараптап отырып, талдау жасау кезінде: тарихи-объективтік, логикалық, жүйелілік, салыстырмалы талдау т.б. әдістері пайдаланылды. Сонымен қатар, соңғы кезде пайда болған көптеген тың деректерді қосу негізінде коллаборационистік қозғалыстың әртүрлі бағыттары, олардың ерекшеліктері тарихи-объективтік принцип негізінде көрсетілді. Осыған байланысты, зерттеліп отырған тақырыпты дәлелдеу үшін, сараптамалық талдаулар және әртүрлі бақылау әдістері кең түрде қолданылды. Қарастырылып отырған маңызды тақырыпты зерттеу кезінде пайдаланылған ғылыми-әдістемелік принциптерден жаңа бағыт пайда болуы мүмкін екенін атап кетсек болады.

Пікірталас

Қай заманнан бері болған көптеген соғыстардың өздерінің ерекшелігі, неше түрлі оқиғалары мен құбылыстары болады. Сол оқиғаларды уақыт әртүрлі етіп көрсетіп бағалайды, бірақ сол ерекшеліктер толығымен дәлелденіп, өздерінің тарихтағы рөлін және орнын ала алмайды. Осындай ерекше тарихи оқиғалардың және құбылыстардың ішінде, коллаборационизм өзіндік ерекшелігімен және әрқилы қиыншылығымен көзге түседі. Коллаборационизм француздың (collaboranion) деген сөзінен шыққан, ол «жаумен өз еркімен немесе мәжбүрлі түрде тіл табысу, ынтымақтасу немесе қарым-қатынас орнату» деген ұғымды көрсетеді [4: 600].

Кеңес Одағы кезінде коллаборационизм жабық тақырыпқа айналды, тек кейбір еңбектерде коллаборационистерге біржақты қарап, сатқындар ретінде көрсетілді. Бірақ, Ұлы Отан соғысы кезінде пайда болған коллаборационизм өзінің ерекшеліктерімен анықталады және тарихи құбылыс ретінде әртүрлі бағытта айқындалады.

Ақиқатқа сүйенсек, коллаборационизмнің негіздері Кеңес Одағында соғысқа дейін қалыптаса бастады, оған әртүрлі себептер де болды. Атап айтсақ, большевиктердің жасаған төңкерісінен кейін тәуелсіздіктерін жариялаған Армения, Әзірбайжан мен Грузияны Қызыл Армияның көмегімен Кеңес мемлекетінің құрамына қосуы; көптеген халықтардың саяси ұсыныстарын қабылдамай 1922 ж. Кеңес Одағын құруы, ауылшаруашылығын коллективтендіру уақытындағы қылмыстық саясат, «қызыл террор» кезінде миллиондаған жазықсыз адамдардың репрессияға ұшырауы, соғыс қарсаңында кеңес әскерлерінің: Латвия, Литва, Эстонияны оккупациялауы, Коммунистік партияның саяси диктатурасы т.б. себептерді атап айтуға болады. Коллаборационистік саясатты қолдауға дайын тағы да мыңдаған адам шетелде тұрды, олар 1918–1920 жылдары Азамат соғысында жеңіліп, эмиграцияға кеткен ақ гвардияшылардың көптеген топтары болды. Сондықтан кеңес және қазіргі ресей тарихшыларының коллаборационизм аяқ астында пайда болған, оған Кеңес Одағында ешқандай негіз болған жоқ деген дәлелсіз біржақты тұжырымдамаларымен келісуге болмайтындығы қазіргі уақытта анық байқалады.

XX ғасырдың 30 жылдарының аяғында халықаралық жағдай шиеленісе түсті. Милитаристік Жапония осы кезде Азияның көпшілік жерін бағындырды, ал Еуразияның Батыс жағында екі тоталитарлық мемлекет фашистік Германия мен Кеңес Одағы өздерінің агрессиялық саясаттарын іске асыра бастады. Бір-бірімен тез түсініскен КСРО мен Германия 1939 ж. 23 тамызында «Бір-біріне шабуыл жасаспау туралы пактіге қолдарын қойды, кейін бұл «Молотов–Риббентроп» пактісі деп аталып кетті [5: 371]. Осы пактінің «құпия хаттамаларын» іске асыра отырып, 1939–1940 жылдары Германия Еуропаның басым көпшілігін бағындырды. Ал Кеңес Одағы: Латвия, Литва, Эстония мемлекеттерін, Финляндияның, Румынияның кейбір территориясын оккупациялады. Сонымен қатар 1939 жылы тәуелсіз Польша мемлекетіне КСРО мен Германия келісім бойынша шабуыл жасап, оны бөліп алды. Бірақ, екі тоталитарлық мемлекет өздерінің агрессиялық саясатын жалғастыра бергісі келді, өйткені фашистік Германия жер жүзінде «үшінші Рейхтін» тәртібін орнатқысы келсе, ал КСРО басшылары әлемде социализм орнатқысы келді. Бұл кезде Екінші дүниежүзілік соғыс басталып жүріп жатқан уақыт болатын, соған қарамастан, Германия мен КСРО басшылары екі елдің арасында болатын соғысты өздерінің саясаттарымен тездетіп жіберді.

1941 жылдың 22 маусымында өздерінің «Барбаросса» жоспарын іске асыру үшін Германия Кеңес Одағына шабуыл жасады. Осылай тарихқа белгілі Ұлы Отан соғысы басталды [6: 272]. Фашистік Германияның жойқын шабуылы негізінде 1941 жылдың маусым-қараша айларында неміс армиялары: Литва, Латвия, Эстония, Белоруссия, Молдавия, Украина, Солтүстік Кавказды және РСФСР-дың батыс аймақтарын басып алып, Ленинград мен Мәскеуге қауіп төндірді. Осы кезеңдегі шайқастарда Қызыл Армия көптеген жеңілістерге ұшырап, миллиондаған солдаты мен офицерлерінен айырылды, осының нәтижесінде 23 миллион халық оккупацияланды, ал 3,9 млн. адам тұтқынға түсті [7: 639].

Осындай қиын жағдайда оккупацияланған территорияларда, Германияға айдалып кеткен 5 миллионнан астамдардың ішінен, миллиондаған кеңестік тұтқындардың және эмигранттардың арасында коллаборационизм кең етек алды. Бұл құбылыстың пайда болуына соғыс жағдайында жүргізген КСРО басшыларының көп қателіктері де айтарлықтай көп әсер етті. Мысалы, 1941 жылдың 16 тамызында Мемлекеттік Қорғаныс комитеті № 270 бұйрық шығарып, ол бойынша жаудың қолына тұтқынға түскен кеңес азаматтары «сатқындар» деп жарияланды, сонымен қатар 12 қыркүйекте шыққан бұйрықта оккупацияда қалып қойған азаматтар «жауды қолдаушылар» деп танылды [8: 507]. Осындай бұйрықтармен тығырыққа тірелген миллиондаған кеңес азаматтары жау жағына шығып, олармен тіл табысуға, ынтымақтастыққа баруға мәжбүр болды. Сонымен қатар кеңес азаматтарының коллаборационист болуларына соғыс басталғандағы фашистік Германияның жүргізген үгіт-насихат және ұйымдастырушылық жұмысы көп әсер еткен. Соғыс басталысымен герман басшылары Кеңес Одағын көп ұлттан тұратын «балшық аяқты алпауыт» деп көрсетіп, бұл мемлекет тез арада ыдырап кетуі мүмкін деген мәлімдемелер жасады. Мұндай саясат кеңес халықтарының арасына жік салуға әкеледі деп жарияланды. 1941 жылдың 17 шілдесінде Германияның Шығыс істері жөніндегі министрі А. Розенберг Гитлерге өзінің әйгілі «Шығыс саясатындағы» жоспарын ұсынды. Ол бойынша КСРО талқандалғаннан соң, оның территориясында тәуелсіз Украина, Кавказ Федерациясы және Түркістан мемлекеттері құрылатын болды, тіпті XIII ғасырдағы территориясында үшінші дәрежелі орыс мемлекетін сақтап қалу белгіленді [9: 311]. Сондай-ақ, немістер үгіт-насихат жұмысына көп мән берді, олар орыс, украин, белорус тілдерінде 128 газет шығарып, оларды халықтың арасында таратып тұрды. Мысалы, 1942–1944 жылдары А. Авторханов, кейін Батыста белгілі советолог кавказдағы антибольшевиктік орган «Газават» және т.б. газеттерді шығарып тұрды.

1941–1943 жылдары герман басқыншылары өздері оккупацияланған территорияларда ондаған кәсіпорындарды іске қосып, сондағы жұмысқа бұрынғы кеңес азаматтарын мәжбүрлеп қатыстырды. Сонымен қатар немістердің билігін мойындаған Украина және Белоруссияда 100 астам колхоздар өздерінің жұмыстарын жалғастырып жатты, олар келісім бойынша оккупанттарға салық төлеп тұрғанын атап кету керек. Тағы бір айтатын жай, немістер оккупацияланған территорияларда партизан болмаса, онда өзінше «жұмсақтау» саясат жүргізгені көптеген деректерден белгілі. Оккупанттар шығарған газет-журналдарда, листовкаларда Германия соғысты кеңес халықтарына емес, қайта КСРО-ны билеп отырған большевизм системасына қарсы бағытталып отырғанын даурығып жазатын болды. Неміс баспасөзінде және бірқатар кеңес халықтарының тілінде шығатын газеттерде А. Гитлердің 1941 жылы «Қай заманнан бері неміс халқының ресей халықтарына қарсы жаулық көзқарасы болған жоқ... Ресейге өзінің ұлтшыл идеологиясын таратқысы келген Германия емес, қайта Мәскеудің еврей-большевиктік билеушілері біздің және басқа еуропалық халықтарға өздерінің билігін орнатқысы келді...» деген сөздерін кең түрде насихаттап тұрды [10: 146]. Мұның өзі көптеген кеңес азаматтарында Германияның қол астында да өмір суруге болады деген алдамшы идеологияны қалыптастырды. Осындай көзқарасты кейбір батысшыл кеңестік интеллигенция өкілдері де қолдап шықты.

Осыдан, жоғары көрсетілгендей 1941 жылдың аяғына дейін Қызыл Армияның ірі жеңілістерінің салдарынан 4 миллионға жуық қызыл әскерлер, офицерлер және генералдар әртүрлі жағдаймен жаудың қолына түсті. Олардың көпшілігі немістердің құрған лагерьлеріне түсіп, неше түрлі қиын жағдайға душар болды. Мыңдаған адам лагерь жағдайына шыдамай, екінші жағынан аштыққа шыдамай қырыла бастады, ол жерлерде кейін тұтқыннан құтылған кейбір адамдардың айтуы бойынша «каннибализм деген сұмдық оқиғалар да болған деседі. Көптеген лагерьдегі тұтқындар тығырыққа тірелді, оларды КСРО басшылары «сатқындар» қатарына қосып қойғаны белгілі болды.

Міне, осындай жағдайға концлагерь ажалынан құтылғысы келген тұтқындар немістердің үгітіне, ақпарат құралдарына сенген, сонымен қатар өздерінің саяси мақсаттары болған бірқатар әскери тұтқындар басқыншылар жағына шығып, олардың қарулы күштерінің қатарына қосылды.

1941 жылдың аяғында Белоруссиядағы Ошнторф қалашығында бұрынғы кеңестік кавалерия, әуе-десант корпустарының әскери тұтқындары кіргізіліп, Орыс ұлттық халық армиясы (РННА) құрылды. Сегіз мың адамнан тұратын бұл армияны бұрынғы кеңестік дивизия командиры полковник Боярский басқарды, дәл осы кезде Польша жерінде Бірінші орыс ұлттық СС бригадасы құрылды. Ал, эмигранттардан қарулы күштер құруды Ресей, Украина және Беларуссияда қызмет атқарған Ұлттық еңбек одағы (НТС) өз қолына алды, бұл одақ өзінің жұмысын немістердің басқаруымен жүргізді.

1942 жылдың басында немістер еріктілерден құрылған әскери құрамаларды ұйымдастыра бастады, олардың ішінде көп Ресей эмигранттары болды. Және олардың басқарушылары бір кезде шетелге кеткен орыс генералдары болды. Олар шетелде Жалпы орыс әскери одағын (РОВС) қалыптастырды, бұл одақтың басқаруымен 1941 жылдың қыркүйек айында Бөлек орыс корпусын (ОРК) құрып, оны басқаруға бұрынғы патша генералы Стародумовты тағайындады. 1941 жылдың аяғында неміс әскерлері Дон Кубань аймақтарына жақындағанда орыс казактары ерекше белсенділік көрсетті, бұлардан шыққан коллаборационистерді басқару үшін эмигрант генералдар Краснов, Шкуро басқарған Казак станы құрылды. Осы ұйымның жұмысы арқылы әрқайсында 11 полкі бар казактар дивизиялары құрылды. Кейін 1943 жылы фон Паннвиц басқарған жақсы қаруланған казак дивизиясы құрылды, осы орыс казактарынан құрылған коллаборационистік әскерлері Қызыл Армияға қарсы соғыстарға қатысты, осылардың бір бөлігі француз, югослав партизандарына қарсы соғыс қимылдарына қатысты [11].

Немістер оккупациялаған Украина жерінде көптеген коллаборационистік әскери құрамалар құрылды. Олар «Украиндық азаттық армия» (УОА), «Украин көтерілісшілер армиясы» (УПА), «Украин ұлт–азаттық армиясы» (УНСО) деп аталды. Осы әскери құрамаларды полковник Мельник және «Украин ұлтшылдар ұйымының» (ОУН) көсемі Степан Бандера басқарды. УПА-ның қатарында 200 мыңдай жауынгер болды, сонымен қатар украиндардан құрылған «Галичина» сияқты бірнеше СС дивизиялары Қызыл Армияға қарсы қарсы бағытталған ұрыстарға қатысты [12]. Украин коллаборационистерінің көпшілігі өздерінің әскери күштері: КСРО-ғы большевистік басшылыққа қарсы бағытталған және тәуелсіз Украин мемлекетін құру үшін жүргізілгенін ресми түрде жариялап тұрды.

Басқыншылардың қол астында қалған Белоруссия жерінде, әсіресе, Новогрудск, Барановичи, Белосток қалаларында әртүрлі ұлттық ұйымдар белсенді қызмет атқарды. Олар немістердің көмегімен «Өзін-өзі қорғау» («Самааховы») ұйымын құрып, соның басқаруымен партизандарға қарсы күресетін әскери күштерді құрды. Осылармен қатар Ф. Кушель басқарған «Беларус өлкелік қорғаны» (БКА) атты белорус коллаборационистерінен тұратын ірі әскери құрамалар пайда болды. Оның ішінде 3 дивизияға кірген «Белорус самааховы корпусы» болды. Басқыншылар осы кезде коллаборационистерден «Белорус» СС бригадасын және «Белорус» СС дивизиясын құрды. 1942 жылы Минскіде партизандарға қарсы күресетін 20 батальон жасақталды. Барлық коллаборационистердің әскери құрамалары ұлттық ұрандарға сүйеніп, Қызыл Армия мен партизандарға қарсы күресті.

Соғыс басталысымен оккупацияланған Литва, Латвия және Эстонияда коллаборационизм кең етек алды. Мысалы, Шығыс Пруссия жерінде «Литван легионы» кейін 25 полицейлік батальондар және «Литван территориялық корпусы» құрылды. Латвияда коллаборационистер қатарына 100 мыңнан астам адам жазылып, оларда 45 полицейлік батальондар «Латвиялық еріктілер корпусына» кірген екі СС дивизиялары жасақталды, сонымен қатар, соғыс кезінде Эстонияда 34 полицейлік және 14 атқыштар батальондары ұйымдастырылыпты. Прибалтикада құрылған СС дивизиялары полицейлік жұмыспен қатар Украина және Белоруссиядағы партизандарға қарсы күрес жүргізді, деректер бойынша олардың қолдарынан мыңдаған кеңестік жауынгерлер, партизандар және кеңестік партия қызметкерлері қаза тапты.

Басқыншылар осы аталған құрамалардан басқа коллаборационистер қатарына КСРО-ның көптеген басқа халықтарының өкілдерін қатыстырды. Мысалы, соғыс кезінде: әзірбайжанда ― 10, грузинде ― 13, армянда ― 12, солтүстік кавказдықтарда ― 9, қырым татарларында ― 8, Еділ және Орал бойындағы халықтарда ― 7 батальон құрылды. Осылармен қатар, немістер Орта Азия халықтарынан құрылған 26 батальондарды жасақтады, бұл құраманы тарихта «Түркістан легионы» деп атап кетті [13: 165]. Осы легион туралы тақырыпқа келсек, ол тарихта әртүрлі пікірде көрсетіледі. КСРО басшылары және идеологтары «Түркістан легионын» құрған адамдардың көсемі ретінде әйгілі ортаазиялық қайраткер Мұстапа Шоқайды көрсетіп, оны КСРО ыдырағанша сатқын деп, дәлелдеп келді. Әрине, Кеңес мемлекетінен қуылып эмиграцияда Түркістан проблемасын көтеріп жүрген М. Шоқай КСРО-ны басқарып отырған большевиктердің саясатына қарсылығын ашық көрсеткен. Ол 1930 жылдары шетелде құрылған «Түркістан ұлттық бірлігі (ТУБ) ұйымының жетекшісі ретінде алда тұрған ең маңызды міндетті былай айқындап еді: 1) Түркістанды орыс пролетариаты үстемдігінен құтқару; 2) Түркістанда орыстың кез келген үстемдігінің орнауына жол бермеу; 3) Бәрінен бұрын ұлттық, тәуелсіз Түркістан мемлекетін құру» деп ашық көрсетіп, осы идеяларын халықаралық аренада кең түрде насихаттап жүрді [14]. Осылай, соғыс басталып, немістердің жеңісінен кейін Украина, Кавказбен қатар Түркістан мемлекетін құру туралы жоспарымен белгілі қайраткер жақсы таныс болғанына ешкімнің күмәні жоқ. Сонымен қатар соғысты сәтті бастаған Гитлер және оның сыбайластары атақты қайраткер М. Шоқайды өз мақсаттарына пайдаланбақ болғаны тарихи шындық. Осыған байланысты, немістер М. Шоқайға лагерьлердегі түркістандық әскери тұтқындармен кездесуге мүмкіншілік жасағаны белгілі. Осы кездесулерде лагерьлерде неше түрлі қиыншылықтарды көріп, аурудан аштан қырылып жатқан жерлестерін көрген М. Шоқай олардың өмірлерін сақтап қалу үшін жаңа құрылып жатқан түркістандықтардың құрамаларына кіруге ұсыныс жасауы да мүмкін еді. Бұрыңғы кеңестік көзқарастан арыла алмай келе жатқан қазіргі қазақ тарихшылары М. Шоқайдың легиондағы түркістандықтарға ешқандай қатысы жоқ деп тырысады. Ақиқатқа сүйенсек М. Шоқай немістер құрып жатқан ортаазиялық халықтардың өкілдерін сатқындар деп есептемей, қайта, ол оларды болашақ тәуелсіз Түркістан мемлекетінің қарулы күштерінің негізі деп есептеген болу керек. Сондықтан, тарихты алдын ала болжай білген ұлы қайраткер М. Шоқайдың немістердің көмегімен болса да тәуелсіздікке жету үшін Түркістан легионының құрылуына ықпал еткенін ашық айтып, дәлелдейтін уақыт жеткен сияқты. Қаралып отырған тақырыпқа байланысты атап кететін бір жай бар — ол, түркістандық құрамаларды немістер Қызыл Армияға қарсы соғыста пайдаланбай, оларды Франция, Голландия, Бельгия Италия және Балқандағы партизандарға қарсы қолданды. Тоталитаризмге қарсы шығып, тәуелсіздікке ұмтылған Түркістан легионының бірқатар жауынгерлерін кеңес басшылығы кейін қатаң жазалады. Бірақ, қазіргі тәуелсіздік уақытта оларды сатқындар деп қаралағанымыз бұрынғы кеңестік және қазіргі Ресей идеалогиясын қолдағанымыз деп есептеуге болады.

Соғыс кезіндегі коллаборационистердің көбеюіне сол кездегі КСРО басшылығының кейбір халықтарға жала жабу арқылы қабылданған шешімдер болды. Коллаборационистер өз халықтарының азшылығы болса да 1941–1944 жылдары бірқатар халықтар депортацияға ұшырады, олардың ішінде: Еділ бойындағы немістер, шешендер, ингуштар, қалмақтар, қарашайлар, гректер және армяндар болды. Олар: Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және т.б шығыс аймақтарға жер аударылды. Ресми деректер бойынша, барлығы бір жарым миллионнан асқан, ал батыс деректері бойынша бұл сан екі есе көп болды деп көрсетеді [15: 457].

Ұлы Отан соғысы жылдардағы коллаборационизм туралы мәселені қозғағанда, ондағы ерекше оқиға ретінде қаралып келе жатқан тақырып, ол кеңестік генерал А.А. Власов және «власовшылардың» қозғалысы болды. Шаруа отбасынан шығып, әскери қызметте болған генерал Власов 1939 жылы 99-дивизияны, 1941 жылы 37–армияны басқарды; ал Мәскеу түбіндегі шайқаста ол 20–армияны басқарып, өзінің қабілеттілігімен Сталинның және Ставканың көзіне түседі, осы кезде оған генерал-лейтенант атағы беріліп, Қызыл Ту орденімен марапатталады. 20–армияның Солнечногорск түбіндегі жеңісін бағалап, Ставка «оның тәжірибесін майданда насихаттау туралы» шешім қабылдайды. 1942 жылдың 15 сәуірінде Власов Волхов майданында қоршауда қалған 2–Екпінді армияның қолбасшысы болып тағайындалады, осы ұсынысты кейбір тарихшылардың айтуы бойынша Г. Жуков жасаған дейді, өйткені ол Сталиннің сеніміне кірген генерал Власовты өзінің бәсекелесі ретінде қарай бастаған [16]. Бірақ, сәуір-шілде айларындағы кескілескен шайқастарда 2–Екпінді армия талқандалып, оның көптеген жауынгерлері қаза тауып, қалғандары қоршаудан шығу әрекетіне кіріседі, солардың бірі, армияның әскери кеңестік мүшесі комиссар И. Зуев жараланған түрінде бір станцияға шығады, бірақ оны жергілікті адамдар жауға ұстап беріп, немістер комиссарды атып өлтіреді. Осы келеңсіз оқиғаның өзі сол кезде әскерилер тұрмақ, жергілікті халықтың арасында да коллаборационистік пиғылдың аз болмағанын дәлелдейді. Соғыстан кейін, үкіметтің шешімімен армия комиссары атылған станция Зуево деп аталыпты. Бұл оқиғаға байланысты, қосымша дерек ретінде айтатын жайт — 1975 жылы осы мақаланың авторы Новгород қаласына бара жатып, аталған станцияда болып, оның вокзалының сыртқы қабырғасында: «Осы жерде фашистер комиссар И. Зуевты атып өлтірді» деген мемориалдық жазуды көргенін атап кеткен жөн сияқты.

Ал, талқандалған 2-Екпінді армияның қолбасшысы генерал А. Власовтың тағдыры басқаша болды, 1942 жылдың 12 шілдесінде ол немістерге тұтқынға түсіп, Германияға қызмет етуге келісім береді. Оның осындай қадамға баруында бірнеше себебі де болды, оның пайымдауынша Ставка оны қоршауда қалған армияға қолбасшы ретінде әдейі тағайындады, ал армия талқандалғаннан кейін оны кінәлі ғып жазалау мүмкін еді және құпия шифровкада майдан қолбасшысы К. Мерецковтың Власовты тұтқындау туралы берген бұйрығы да әсер еткені белгілі.

1942 жылдың тамыз айында генерал Власов арнайы дайындалған өзінің меморандумын ресми түрде жариялады, оны «халыққа соғыс керек емес және оны әрі қарай жүргізуге перспектива жоқ... Сондықтан, кеңес өкіметін құлатып, «Жаңа Ресей» құру үшін оккупациядағы халықтан және әскери тұтқындардан «Орыс армиясын» жасақтау керек және ол қадамдарға сатқындық емес, қайта заңды оппозициялық қозғалыс деп қараған дұрыс болады», – деп көрсетті [17: 299]. Осыдан кейін немістердің көмегімен өз жағына шыққан әскерилермен Власов 1944 жылы «Орыс азаттық армиясын» (РОА) құрды. Бұл армияға, өз еркімен КСРО-ның 300-ден астам жоғарғы және орта дәрежелі әскери адамдары қосылды, солардың ішінде: армия қолбасшысы, екі атқыштар корпусының, 5 атқыштар дивизиясының, төрт дивизиялық артиллерияның, он атқыштар полктарының командирлері, бір майдан штабы басшысының орынбасары, армия және корпус штабтарының, үш дивизия штабының басшылары болды [18].

Немістердің тұтқынында болған кезде генералдар: Понедельник, Артеменко, Егоров, Лизутин, Зыбин және т.б. ашықтан ашық КСРО-ғы коллективизацияға, ВКП (б) мен Кеңес үкіметіне, әскери қайраткерлердің репрессияға ұшырауына қарсы наразылықтарын айқын білдірді. «Орыс азаттық армиясында Власов пен бірге басшылықта генералдар: Ф. Трухин, В. Малышкин, Г. Жиленков, С. Буняченко, Д. Засушный т.б. жоғарғы шенді әскери адамдар болды [19: 206]. Сонымен бірге армияның әскер әуе-күштерін генерал В. Мальцев және Кеңес Одағының батырлары С. Бычков пен Б. Антилевский басқарғандарын атап кету керек [20]. Орыс азаттық армиясының әскерлері 1945 жылдың ақпан-мамыр айларында Шығыс-Пруссия және Чехословакия территорияларында Қызыл Армияға қарсы соғыстарға қатысты.

Қортындылай келгенде, көптеген оқиғалар мен деректерден байқағанымыз, Ұлы Отан соғысы кезіндегі коллаборационистік қозғалысқа кеңес халықтарының миллиондаған адамдары қатысқаны белгілі болып отыр. Ал коллаборационистердің саны аз болды және олардың барлығын сатқындар деп дәлелдеген КСРО басшыларының тұжырымдарын қазіргі көзқараспен қараса, ешқандай сын көтермейтін жағдайға айналды. Соғыстан кейін, коллаборационистердің әскери басшылары: А. Власов, Краснов, Боярский, С. Мельник және тағы басқаларын кеңес үкіметі қолға түсіріп, өлім жазасына кесті. Ал, Түркістан халықтарының көсемі М. Шоқай, украин және белорус халықтарының ұлттық қозғалысының басшылары С. Бандера, Ф. Кушелев т.б. ресми түрде сатқындар және Кеңес Одағының жаулары ретінде көрсетілді.

Қазіргі уақытта, КСРО кезеңінде бір сипатта және бір көзқараста зерттелген коллаборационизм проблемасын тарихи объективизм принципіне сүйене отырып зерттеуге және сараптауға мүмкіншілік туып отыр. Соғыс кезендегі коллаборационизм қозғалысын терең зерттейтін болсақ, оның әртүрлі жақтары мен бағыттары және басқа да ерекшеліктері болғанын байқаймыз. Атап айтсақ, олар: Қазан төңкерісінен бастап кеңес үкіметіне қарсы болған эмигранттық ұйымдардың адамдары, ең басынан қара басының пайдасын ойлап немістерге әртүрлі қызмет атқарған бірқатар бұрынғы кеңес азаматтары және жаудың қолына түсіп, концлагерьлерде неше түрлі азап көріп, өмірін сақтап қалу үшін коллаборационистер қатарына қосылуға мәжбүр болған адамдарды атауға болады. Осымен бірге, Коммунистік партия мен кеңес өкіметінің билігіне әртүрлі себептермен қарсы болған мыңдаған адамдарды есептеп кетуіміз керек. Ал, герман басшылығының тәуелсіздік береміз деген уәдесіне сеніп, коллаборационизм қозғалысына қатысқан кеңес азаматтарын саяси бағыттағы адамдар деп есептегеніміз дұрыс болады. Тарихта, кейбір халықтардың басқа мемлекеттердің көмегімен тәуелсіздік алғанын көптеп атап кетуге болады, мысалы Ресейдің көмегімен Осман империясынан бөлініп шыққан кейбір балқан халықтары, Батыс елдерінің қолдауымен Ресейдегі азамат соғысы кезінде егемендікке жеткен: Латвия, Эстония және Литва, кеңес мелекетінің көмегімен тәуелсіздікке жеткен Моңғолия, Иран және т.б айтуға болады. Сондықтан, немістердің көмегімен болса да тәуелсіздік алуға ұмтылған: Украин, Прибалтика, Кавказ және Түркістан халықтарынан шыққан коллаборационистерді қазіргі көзқараспен қарасақ, тарихи мүмкіншілікті пайдаланып кеңестік тоталитаризм жүйесінен арылғысы келген ұлттық патриоттар деп атауға толық негіз бар.

Әрине, Отан соғысы кезіндегі коллаборационистер қозғалысын терең зерттеу өте күрделі проблема екені белгілі жағдай. Сондықтан, оны көп жылдар бойы қалыптасып қалған көзқарастардан бас тартып, қазіргі тарихи кезеңнің позициясынан көрсетіп, объективтік тұжырымдама жасау саясаткерлер мен тарихшылардың алдарында тұрған мақсат деп есептеуге толық болады.

Қорытынды

Ұлы Отан соғысы жылдары орын алған коллаборационизм қозғалысы өзінің тарихта болған және ерекше сипаты бар құбылыс болғаны анық байқалып отыр. Соғыс кезінде коллаборационизм Кеңес Одағы басшыларына ойламаған жерде пайда болған проблемаға айналды, бұл құбылыс КСРО- ны басқарушы партияның саясатында және идеологиясында жіберілген көптеген қателіктердің нәтижесі деп есептеуге болады. Аталып отырған қозғалыстың пайда болып дамуына, фашистік Германияның идеологиялық және ақпарат органдарының соғыстың алдында және соғыс жүріп жатқан кездегі атқарған белсенді жұмыстарын атап кетуіміз керек. Осыған байланысты, мақаламызда қарастырылып отырған Ұлы Отан соғысы кезіндегі миллиондаған адам қатысқан коллаборационизм қозғалысының басталу себептерін, оның әртүрлі бағыттарын, саяси және идеологиялық негіздерін бұрынғы қалыптасқан концепциялардан бас тартып, дәлелді көрсету және айшықтау алдымыздағы негізгі мақсат болып отырғанын атап кету жөн сияқты. Сондықтан, коллаборационизм қозғалысының пайда болуы және оның бағыттары мынандай факторларға байланысты болды:

  1. Коллаборационизмнің идеологиялық негізі Ресейдегі Қазан төңкерісі және Азамат соғысынан кейін қалыптаса бастады деп айтуға болады.
  2. КСРО-ғы коллаборационистік идеологияның пайда болуын тездеткен оқиғаларды атасақ, ол кеңес мемлекетіндегі қалыптасқан тоталитарлық жүйе, коллективизация кезіндегі зорлық-зомбылық және қылмыстық саясат, 1920–30 жылдары орын алған жаппай саяси репрессиялар т.б. болды.
  3. Соғыстың алдында және басталған кезде фашистік Германияның КСРО халықтарына таратқан үндеулері және әртүрлі жоспарлары кеңес азаматтарының бір бөлігін жаумен тіл табысуға итермелегенін шын мәнінде болған үрдіс ретінде қарау керек.
  4. Соғыс басталысымен және КСРО-ның батыс аймақтарының оккупациялануына байланысты бұрыннан бері кеңес өкіметіне қарсы болған кеңес азаматтары, шетелдегі эмиграция өкілдері және қара басының қамын ойлап немістерге өз еркімен қызмет ете бастаған сатқындар басқыншылармен тіл табысып, ынтымақтастық білдіргендерін атаған жөн.
  5. Сонымен қатар, Қызыл Армияның соғыстың бастапқы кезеңіндегі ірі жеңілістері миллиондаған кеңес жауынгерлерінің тұтқынға түсіп, лагерьлерде көрген азаптары, КСРО басшылығының тұтқынға түскен кеңес азаматтарын сатқындар деп жариялауы және бірқатар халықтарды депортациялау саясаты соғыс кезіндегі коллаборационизмнің негізгі легін қалыптастырды.
  6. Соғыс жылдары немістердің көмегімен: Украинада, Белоруссияда, Прибалтикада, Кавказда және Қырымда мыңдаған адамдар кірген қарулы күштер құрылды және соңғы кезге дейін оларды сатқындар деп көрсетіліп келгені бәрімізге мәлім. Бірақ, қазіргі объективистік позициядан қарасақ, жоғарыда аталған территорияларда құрылған ұлттық құрамаларды фашистердің берген уәделеріне сеніп, болашақта өздерінің ұлттық мемлекеттерін құруға ұмтылған адамдар деп есептеу керек.
  7. Сонымен қатар, әйгілі Түркістан легионы мәселесіне тоқталсақ, оның құрамында болған түркітілдес халықтардың азаматтары өздерін сатқын емес, қайта болашақ тәуелсіз Түркістан мемлекетінің сарбаздары ретінде болғысы келгенін атаған жөн сияқты.

Қорытындылай келгенде, Ұлы Отан соғысында орын алған коллаборационизм проблемасы әлі жан-жақты және объективті түрде аз зерттеліп келе жатқан тақырып ретінде қаралуы керек. Сондықтан алдағы уақытта көптеген архив материалдары, басқа да көптеген тың деректер шыққан кезде қарастырылып отырған өте маңызды және күрделі тақырыпты тарихи-объективистік көзқараспен терең зерттеу ғалымдардың алдындағы, яғни күн тәртібінде тұрған мақсаты деп есептеуге болады.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. История Второй мировой войны. — Т.5. — М.: Воениздат, 1975. — 512 с.; История Великой Отечественной войны. Т.3. — М.: Воениздат, 1961. — 652 с.; Советский Союз в годы Великой Отечественной войны. 1941–1945 / Отв. ред. А.М. Самсонов. — 2-е изд., испр. и доп. — М.: Наука, 1985. — 711 с.; Великая Отечественная война. 1941–1945. Военноисторические очерки. — М.: Наука, 1998. — 544 с.; Реабилитация народов и граждан. 1954–1994 гг.: Документы / отв. ред. И. Алиев. — М.: ИЭИА, 1994. — 304 с.
  2. Семиряга М.И. Коллаборационизм: природа, типология и проявления в годы Второй мировой войны / М.И. Семиряга. — М.: РОСПЭН, 2000. — 862 с.; Семенов К. Иностранные формирования Третьего Рейха / К. Семенов, О. Романько, С. Дробязко. — М.: Астрель, 2009. — 844 с.; Романько О. Крым в период оккупации. Национальные отношения, коллаборационизм и партизанское движение. 1941–1945 / О. Романько. — М.: Центрполиграф, 2014. — 413 с.; Будницкий О. «Свершилось. Пришли немцы!» Идейный коллаборационизм в СССР в период Великой Отечественной войны / О. Будницкий. — М.: Российская политическая энциклопедия, 2012. — 324 с.; Мартынов А. По обе стороны правды. Власовское движение и отечественная коллаборция / А. Мартынов. — М.: Вече, 2014. — 382 с.
  3. Шкаренков Л.К. Агония белой эмиграции / Л.К. Шкаренков. — М.: Мысль, 1986. — 270 с.; Верт Н. История Советского государства 1917–1991 / Н. Верт. — М.: Прогресс-Академия, 1995. — 544 с.; Гофман И. Власов против Сталина / И. Гофман. — М.: Весь мир, 2006. — 544 с.; Адамбек Б.К. Кеңес Одағының тарихы 1917–1991 / Б.К. Адамбек. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2018. — 244 б.
  4. Советский энциклопедический словарь. — М.: Сов. энцикл., 1985. — 1600 с.
  5. Берхин И.Б. История СССР (1917–1978) / И.Б. Берхин. — М.: Высш. шк., 1979. — 664 с.
  6. История СССР. Эпоха социализма. — М.: Высш. шк., 1985. — 479 с.
  7. История России. С начала XIX века до начала XXI века. — М.: Аст-Астрель, 2006. — 863 с.
  8. Зуев М.Н. История России: учеб. для вузов / М.Н. Зуев. — М.: «Приор-издат», 2005. — 688 с.
  9. Верт Н. История Советского государства. 1990–1991 / Н. Верт. — М.: Прогресс-Академия, 1995 — 544 с.
  10. Новейшая отечественная история. ХХ век. — М.: Владос, 2004. — 463 с.
  11. Гутионтов П.С. Товарищ походный атаман казачьего корпуса СС / П.С. Гутионтов // Новая газета. — 2020. — № 54(690). — С. 22, 23.
  12. Адамбеков Б.К. ХХ ғасырдағы Ресей империясы, Кеңес мемлекеті және ТМД тарихы: оқу құралы / Б.К. Адамбеков. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2005. – 344 б.
  13. Адамбек Б.К. Кеңес Одағының тарихы (1971–1991) / Б.К. Адамбек. — Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2018. – 244 б.
  14. Шоқай М. Түркістан ұлттық бірлігі / М. Шоқай // Егемен Қазақстан. — 2015. — 10 қазан. — 3 б.
  15. Орлов А.С. История России / А.С. Орлов, В.А. Георгиев, Н.Г. Георгиева, Т.А. Сивохина. — М.: Проспект, 1997. — 544 с.
  16. Гусейнов Р. Почему любимец Сталина встал под знамена Гитлера / Р. Гусейнов // Комсомольская правда. — 2020. — 20 мая. — 4 с.
  17. Островский В.П. История России XX век / В.П. Островский, А.И. Уткин. — М.: Дрофа, 1995. — 512 с.
  18. Александров К. За ложь никто умирать не будет / К. Александров // Новая газета. — 2018. — № 3. — С. 18, 19.
  19. Новейшая история Отечества. XX век: учеб. для вузов: [В 2-х т.]. — Т. 2. /под. ред. А.Ф. Киселева, Э.М. Щагина. — М.: Владос, 1998. — 448 с.
  20. Романько О. Крымские власовцы / О. Романько // Совершенно секретно. — 2015. — № 34 (329). — С. 3, 4.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.