Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Ұлт қайраткерлерінің Орталық Азияны ұлттық мемлекеттік межелеу саясатына көзқарастары

Мақалада XX ғасырдың 20-жылдары кеңес үкіметі тарапынан жүргізілген Орта Азияны ұлттық мемлекеттік тұрғыда межелеу саясатына байланысты қазақ зиялыларының пікірлері қарастырылған. Осы саяси науқан барысындағы большевиктік ұлт зиялыларымен қатар кеңестік саясатқа қарсы болған М. Шоқайдың көзқарасы талданған. Кеңес үкіметі Орта Азия республикаларындағы ұлт территориялық межелеу ісін толық өз бақылауына алып, Орта Азиядағы этникалық туыс халықтардың саяси тұрғыда бірігуіне қарсы болып, әр ұлтты жеке республикаға бөлуді дұрыс деп тапты. Дегенмен, осы науқанда большевиктер арасында межелеу саясатына қарсылық танытып, аймақта «федерациялық мемлекеттік құрылыс» құру дұрыс деп үкіметтің біржақты шешіміне қарсы болған С. Қожанов пен Түркістан АКСР-ін сақтап қалу дұрыс деп пікір білдірген Т. Рысқұловтың көзқарастары да назар аударуды қажет етеді. Орта Азияның саяси-экономикалық орталығы болған Ташкент қаласының Қазақ АКСР-інің аумағына өтуі заңдылық деп қаланы Қазақстан аумағына қосылуын жақтаған қазақ ұлттық комиссиясы өкілдерінің пікірлері кеңестік билік тарапынан қолдау таппады. Осылайша, ұлттық-территориялық межелеу саясаты қазақ зиялыларының пікірлерімен санаспай бір жақты кеңестік өктемдікпен шешілді. КСРО билігі Түркістан АКСР-ін тез арада жойып, ұлт республикаларына бөлу науқанын 1924 жылы толық аяқтады.

Кіріспе

1917 жылы орын алған ақпан, қазан төңкерістері Ресейде билеп төстеген монархиялық-отаршыл саяси жүйенің ыдырауына әкелді. Бұл оқиға Ресейдің аумақтарында өмір сүріп, отарлықтың азабын тартқан ұлттардың өзін-өзі билеуіне қол жеткізуге үміт сыйлады. Патша үкіметі құлағаннан соң Ресейде өмір сүріп жатқан халықтардың басты талаптарының бірі «Ұлттарға бостандық» еді. 1917 жылы 2 қарашада кеңес үкіметі «Ресей халықтары құқықтарының декларациясы» деп аталатын декрет қабылдады. Бұл декрет Ресей мен Шығыстың барлық мұсылман еңбекшілеріне деген үндеу болды. Бұл құжатта Ресейді мекендеген халықтардың теңдігі, олардың өздерінің мемлекеттік құрылысын өздері шешуге құқылы екендігі айтылып, ұлттық және этностық топтардың еркін дамуына, бұрынғы езілген ұлттардың өздерін-өздері билейтіндігіне кепілдік беріледі делінді. Аталған декрет бұрын езгіде болған кеңес халықтарының, соның ішінде Орталық Азия аймағында өмір сүретін халықтардың саяси санасын оятып, езгіден арылып қана қоймай, өзімізді өзіміз басқара алатын деңгейге жете аламыз деген көзқарастардың пісіп жетілуіне себепкер болды.

Орта Азия халықтарының аражігін ажыратып, ұлттық белгілері бойынша мемлекет құрып, шекарасын межелеу мәселесі 1921 жылы 11 сәуірде алғаш рет айтылды. Орталық Азияда өмір сүрген түбі бір түркі қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен халықтарының басын біріктірген Түркістан АКСР-і этникалық әртектілігімен большевиктердің мазасын кетірді, туысқан халықтардың бір шаңырақ астында өмір сүруі мен осы аймақта пантүркілік идеяның жандануынан қауіп ойлаған большевиктер «Орта Азияны межелеу В.И Ленинің ұлт мәселесіндегі өсиеттеріне толығымен жауап береді» деп ұрандатып, республика аумағында қарқынды түсіндіру жұмыстарын жүргізді [1: 155]. Осылай

ұлттық-мемлекеттік межелеу жұмыстары Мәскеудегі РК(б)П Орталық Комитетінің басшылығымен және мұқият бақылауымен жүзеге асырылды. Большевиктер өздерінің түпкі мақсатын көлегейлеу үшін Түркістан АКСР-інің аумағында мемлекеттік межелеу саясатын қолдайтын қарарлар қабылдаған ұлттар мен халықтар өкілдерінің және әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерінің жиындары мен митингілерін өткізіп, жүргізіліп жатқан саяси науқанның бұқара халықтың бастамасы екендігін көрсетуге тырысып, өз іс-әрекеттерін ел мүддесімен санаса отырып орындап, жатқандықтарын жергілікті үкіметтік басылымдарда дәлелдеп бақты.

Зерттеу әдістері мен материалдар

Зерттеудің негізгі дереккөзі ретінде кеңестік кезең және тәуелсіздік жылдары жазылған ғылыми еңбектер мен мақалалар және Түркістан комунистік партиясы Орталық Комитеті мен Түркіаткомның ресми баспасөз органы болып табылатын «Ақ жол» газетінің 1924–1925 жылдар аралығындағы жарияланымдары дереккөз ретінде қолданысқа ие болды. Зерттеу тақырыбының ерекшеліктерін, ғылыми жаңалығын қалыптастыруға мүмкіндік беретін, зерттеудің нақты нәтижелерін қалыптастыруға негіз болатын дереккөздер кешеніне сыни және салыстырмалы талдау жасалады. Бұл дереккөздерінің ерекшелігі аталған тақырыпты зерттеу мен ғылыми құндылығын анықтауда маңызы зор. Дереккөздер талданып, авторлар тарапынан тарихи оқиғаның маңыздылығы туралы қорытындылар жасалынады.

Нәтижелер және оларды талқылау

Орта Азияны ұлттық мемлекеттік межелеу науқанына алғашқылардың бірі болып ашық қарсылық білдірген зиялылардың бірегейі, саяси эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқай болды. «Түркістанды былайша жасанды түрде және күштеп бөлшектеу Кеңес үкіметіне біріншіден, кеңес туы астында болса да түркістандық түркілердің өздерінің ұлттық-саяси біртұтастығын нығайтуға ұмтылысына қарсы күресу үшін, екіншіден большевиктік, яғни сталиндік анықтама бойынша «аты жөнінен ғана ұлттық, ішкі мазмұны бойынша интернационалдық және социалистік ұлт саясатын» табысты енгізу үшін ғана керек болды. Іс жүзінде большевиктер өздерінің Түркістандағы ұлт саясатына ескі орыс отаршыл империализмі саясатын дәлелдеп, орыс билігін құруды көздеген» [2: 184] деп кеңес үкіметінің межелеуге қатысты саясатын әшкерелеп, сынға алды. Мұстафа Шоқайдың ойынша кеңес билігі Орта Азияда түркі халықтарының бірігуінен өлердей қорықты және «Тұтас Түркістан» идеясына қарсы тұрып, қандас, туысқан халықтардың күшеюіне жол бермеудің барлық әрекеттерін жасады. 1917 жылы Түркістан автономиясы құрылған шақта большевиктер бұған үреймен қарап, армяндық Дашнакцютцюн партиясын айдап салып, ыдыратып жіберді де оның орнына кеңестік үлгідегі тілалғыш Түркістан АКСР-ін құрды. Дегенмен, бұл большевиктік үлгідегі автономия қызметінде де пантүркішілік идеясы өз маңызын жоғалта қойған жоқ. «Түркістанның тұтастығы» идеясын қолдайтындар ішінде большевиктер де болды. Бұлар қазақ этноэлитасының көрнекті өкілдері Тұрар Рысқұлов мен Сұлтанбек Қожановтар еді.

Орталық Азия халықтарын ұлттық мемлекеттік межелеу науқанына қарсы болғандардың бірі Т. Рысқұлов. Рысқұлов өзі жанталасып құрған Түркістан АКСР-інің өміршеңдігін қалап, партия тарапынан жүргізілмек осы саяси науқанға наразылығын танытты. Кеңес билігі межелеу науқанына Т. Рысқұловтың кедергі жасамауы үшін оны Моңғолияға елшілік қызметке ауыстырды. Т. Рысқұлов Жетісу облысы туралы мәлімет жинап, 1923 жылы «Джетысуские вопросы» атты облыстың әлеуметтік құрамы, шаруашылығы мен экономикалық өндірістік әлеуетін сипаттайтын жинағын шығарды. Осы жинақтағы ақпараттарға көз салатын болсақ, 1915 жылы аймақта 1223 мың халық тұрса, оның 883 мыңы қазақтар, 200 мыңы орыстар, 86 мыңы ұйғырлар, 10 мыңы татарлар, 21 мыңы өзбектер болған. Статистикалық ақпарат көрсеткендей облыс тұрғындарының басым бөлігі қазақтар болғандығын анықтауға болады. «Бұл типтік түрдегі қазақ облысын бейнелейді» [3: 160]. Мұнда қазақ өмірінің тамыры басқа жерлерден басымырақ және қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің ерекшеліктері көзге айқын көрінеді», – деп жазады Т. Рысқұлов [4].

Мемлекет қайраткері 1922–1924 жылы Түркістан Орталық Атқару комитетінің басшысы болған С. Қожанұлының «Ақжол» газетінде берген сұқбатында Түркістан өңірінің болашағы жөніндегі таласта екі мәселе күн тәртібінде болды:

«Орта Азия мемлекеттері бірігіп, федерация бола ма, болмай ма?». «Барлық ұлттардың ортасындағы қазынасындай саналатын, мәдениеттің ордасы сауданың кені, шаруаның кіндігі, бүкіл Орта Азияға арналған байлықтың жиылған орны Ташкент қаласы кімге тиеді?».

«4 маусымда партия орталық комитетінің мәжілісінде Орталық Азия бюросының атынан Рудзутак баяндама жасап, кейін Түркістаннан барған барлық ұлттың уәкілдеріне сөз берілді. Аталған жиынға Түркістан өлкесінде тұратын қазақ және өзбек ұлты өкілдерінен келген делегация және Қазақ АКСР-інің орталығы Орынбор қаласынан келген өкілдер қатысқан. Түркістандық қазақ делегациясы «Орта Азия федерация болсын, федерация болса да Сырдария облысының бас қаласы, Жетісу мен Сырдарияны лебіне тартып тұрған шаруа орталығы Ташкент Қазақстанға беріліп, Ташкент Қазақстанның астанасы болсын», – деген пікірде болды. Түркістандық қандастарын Орынбор қаласынан келген қазақ делегациясы да қолдады. Жиынға қатысқан өзбек делегациясы Ташкент «өзбек қаласы» болғандықтан болашақта құрылатын «Өзбекстанға өтуі керек» деген тұжырымды ұстанды. Түрікпен делегациясы федерациялық құрылыстың қажеттілігі жоқ, әр халық жеке өз алдына туын тігіп, мемлекет құрсын деген ұстанымын білдіріп, Ташкент қаласына қатысты пікір білдірмеді», – деді С. Қожанов [5: 166]. Қырғыз делегациясынан Жүсіп Әбдірахманов, федерация туралы сөйлеп әуре болудың қажеті болмай қалды деп, қырғыз бен қазақтың айырмасы туралы сөйледі. Қырғыз бен қазақ бірінің тіліне бірі түсінбейтін, жазу оқытуы басқа болуын, тұрмысы бір-біріне ұйқаспайтын, шаруа жағынан қырғыз жұрты қазақтан көрі өзбекке көбірек байланысты екенін, мәдениет жағынан қырғыз-қазақтың бір-біріне жуысатын түгі жоқ һәм қырғызда хат танушылар қазақтан бір процент артық екенін айтып өтті. Сөзінің аяғында Әбдірахманов Ташкент қаласы қай жағынан қарасақта Қазақстанға берілуі керек, – деп сөз айтты [6: 205]. С. Қожановтың пікіріне көз салсақ, қазақ делегациясы осы жиында Ташкент қаласының қазақтардың аумағында қалуы үшін барын салған. Түркістан үшін федерациялық құрылыстың ауылы алыс екендігі айқындалды, себебі жиынға қатысқан барлық ұлттардың өкілдері өлкенің федерация жағдайында өмір сүруіне қарсылық танытып, жеке бөлініп шығуды дұрыс деген қорытындыға келді. Барлық уәкілдердің пікірлері тыңдалғаннан соң жиналыстың соңында қорытынды жасалып, Түркістандағы партия ұйымдарының көпшілігі һәм ұлттардың көпшілігі талап қылғанын мақұлдап, ұлт шекарасы ашылып, Өзбекстан һәм Түрікменстан өз алдына ешкімге бағынбаған республикалар болып, Кеңес мемлекеттері ынтымағына шартнамамен қосылатын болсын және бұрын Түркістан АКСР-і аумағында болған қазақтар қалың шоғырланған Жетісу мен Сырдария облыстары болашақта Қазақстанның аумағына берілуі жөніндегі шешім бірауыздан қабылданды. Жиынның қабылдаған осы шешімін Орталық Комитет қабыл алды. С. Қожановтың пікірінше Ташкент қаласының саяси статусы бұл жиында шешілмей қалды. Ташкент туралы талас көп болғандықтан тағы тексеріліп, анықталғанша мәселе уақытша ашық қалдырылды. С. Қожанов Орталық Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеу саясатының маңыздылығы жөнінде: «Бұл қаулы жақсылап орындалып айтылған сөз жөндеп жарыққа шығарылса, саудагер, атқамінер, манаптар ұлт айырмасынан пайдаланып, бұқараны өшіктіріп қойып, өздерінің бас қамын жеп жүрген сұмдар тиылып, ұлт теңдігімен өз еркі өзіне тиген еңбекшілер кеңес жолымен, шекарасын қонысына қарай бөліп алып, билеу тұрмысына, жұртшылық салтына қарай орнатып, кеңес жолымен, еңбек бірлігімен қанаттасып, ынтымақтас болуына жол ашылатыны анық», — деп баға берді [7: 255].

С. Қожанов Түркістан өлкесінің саяси құрылысы федерация түрінде болғанын жөн санап, Қазақстанды да қосу арқылы Орта Азия федерациясын құру жөнінде бастама көтерді. Ол өлкеде ту тіккен республикаларды алдымен экономикалық қауымдастыққа, содан соң Орта Азия федерациясына біріктіру, сосын экономикалық және саяси-әкімшілік тұрғыда қалыптасқан қуатты құрылым ретінде, республикалар одағына — КСРО-ға кіру бағытын ұстанды. Бірақ С. Қожановтың бұл идеясын РК(б)П ОК Орта Азиялық бюросы қолдамады. Кеңес үкіметі қандай да формада болмасын Орта Азияда түркі халықтарының бірігуін қаламады және оған кедергі келтіріп отырды. РК(б)П Орталық Азия бюросының хатшысы И. Варейкис Қазақстанның Орта Азия бірлестігіне кіруіне қарсы болды. Осылайша, қазақ зиялыларының бірігуге бастаған ұсыныстары қабылданбады. С. Қожановтың пікірлерін дұрыс көрмеген Н.И. Ежов, Бах секілді большевиктер оған қарсы шығып, «мемлекеттік межелеуді тым асығыс жүргізуге болмайды», — деді. Н.И. Ежов тіпті шабуылын үдетіп, «Қожановтың шыдамсыз қадамы қазақ ұлтының шабуылдаушы ұлт екендігін көрсетеді», – деп теріс баға берді. С. Қожановтың ерік жігері мен қайрауының арқасында ұлт қайраткерлері оянып, Ташкентті Қазақстанға беру және мемлекеттік-межелеу саясатын әділетті жүргізуді талап етуге түрткі болды. Қазақ зиялылары Орталық Азия бюросының мемлекеттік-межелеуде мына талаптарды орындауға шақырып, Қазақ республикасы өзінің жаңа шекарасы негізінде КСРО құрамына одақтас республика ретінде енуді, Ташкент қаласының қазақтарға өтіп, Қазақ КСР астанасы болып бекітілуін, Бұхара қазақтарының Өзбекстан құрамында автономиялық облыс статусына ие болуын және Қарақалпақ автономиялы облысының құрылып, Қазақстан құрамына қосылуын талап етті. Ташкент қаласының тағдыры шешіліп, Өзбекстанға өтетін болып шешілгенде С. Қожанов үлкен күйінішпен: «Біз екпінді әрекет еттік. Бәрібір Ташкентті ұстап қала алмадық», – деп өкінішін білдірді [8: 188]. Бұл талаптардың көпшілігі өз шешімін таба алмады, тек Қарақалпақ облысы құрылып, 1932 жылға дейін Қазақстан аумағында болды да, кейіннен Өзбекстанға өтті. Қазақстан тұтастығының қалыптасуы тақырыбында зерттеу жүргізген Ғ. Маймақов сол кездегі Қазақстан Компартия ұйымының басшылары ел мүдделері тұрғысында мәселені дұрыс қойғанымен, оны жүзеге асыру жолында табансыздық танытты деген тұжырым жасаған [9: 199].

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Садықбек Сапарбеков «Орыс колонизаторлығының, орыс ұлт үстемдігінің тамырын жойғанменен, жергілікті ұлттардың да шаруа қалпы туралы болғандықтан тіршілік жүзінде шаруа қамдарын бір-біріне қайшы келіп, бірі екіншісіне үстемдік жүргізетіні айқындалды. Бұл зорлықты жойып, әр ұлт өз бетімен ер жетіп, жұрт қатарына қосылуына жол ашу үшін ұлттардың шекарасын ашып, әрқайсына өзіне тиісті ақысын беріп қою керек», – деп ұлттық ерекшеліктеріне қарай мемлекеттік межелеу саясатының заман талабына орай қажетті іс екендігін айтады. Яғни Түркістан өлкесінде көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ қауымының шаруашылық жағдайы өзбек және тәжік халықтарының шаруашылығымен салыстыруға мүлдем келмейді, өндіргіш күштер артта қалған. Отырықшы өмір салтын ұстанып, егіншілік және саудамен айналысқан халықтармен бір мемлекет астында өмір сүргеннен гөрі бөлініп жеке мемлекет болғанымыз дұрыс. Бұны С.Садықбеков мына сөздерімен дәлелдей түседі: «Бұл мәселеде басқалардан гөрі қырғыз бен қазаққа қиындық көбірек душар болатыны анық. Жұртшылығы тайыз, шаруасы орнықсыз, халқы тозған, базарлы жерлері, отырықшы орталық орындары барлығы жат ұлттардың қолында. Қырғыз бен қазақ ұлттары мемлекет жасауға әзірлігі кем, ұлттығы нашар, ең артында қалған ұлттар екені анық» дей келе С. Сапарбеков қазақтар тұратын аудандардың көрші Қазақстанға қосылуы қажет екендігі кезек күттірмейтін мәселе екендігін жеткізді [10: 172].

Қырғыз (қазақ) Орталық атқару комитеті 1924 жылы 9-шы маусымда Түркістан аумағына қарасты қазақ аудандарын республикаға қосу мақсатында арнайы «Түркістаннан шығып, Қазақстанға кіретін қазақ аудандарын кіргізу һәм билеу тәртібі туралы» қаулы шығарып, ревком құрды. Оның құрамына С. Меңдешев, Ә. Әлібеков, С. Есқараев, А. Серғазиев, Т. Жүргеновтер еніп, төрағасы болып С. Меңдешев, орынбасарлары Ә. Әлібеков, С. Есқараев бекітілді. Сырдария мен Жетісу облыстарының басым бөлігінің Қазақстанға қосылуымен елдің әкімшілік-саяси орталығын ауыстыру мәселесі туындады. Орынбор қаласы Қазақ республикасының негізгі шаруашылық аудандарынан шалғайда орналасуы басқару ісінде біраз қиындықтарды туындататыны белгілі еді. «Ақ жол» газетінің 1924 жылдың 30 шілдесінде жарық көрген № 464 санында бұл туралы былай деп жазды: «Астананы жергілікті халыққа жақындатуды қажет деп, Қазақстан облыстарының осы кезде бір- біріне шалғайлығын еске алып, Қазақстан астанасын Орынбор губерниясынан көшіруді дұрыс тауып, оңтүстіктегі қазақ облыстарының шаруашылық саясаты жүзінде Қазақстанда зор мағыналы екендігін ескеріп, алдымызда Қазақстан Орта Азия шаруашылық ынтымақ бірлігіне кіруі мүмкіндігін һәм келесіде мемлекет құрамасына да қосылар деп обком мынадай қаулы қылды: Қазақстан астанасын Орынбордан көшіріп, қазағы бар жерге апаруға, осы мақсатпен Россия ортақшыл партиясының орталық комитетінен басқа бір қаланы астанаға жарарлықтай қылып алғанға дейін, пәтер ретінде болса да, Ташкентте тұруға рұқсат сұрауға». Ташкент қаласы кезінде 200 жылдай Қазақ хандығының аумағында болған, өзбектермен қатар қазақтар да басым тұрған мекен болғандықтан және көшпелі қазақтар өмір сүретін Қазақ АКСР-іне жақын болуы, экономикалық және саяси тұрғыда қазақ халқымен біте қайнасып жатқан шахар болғандықтан қазақ зиялылары бұл қаланың Қазақстан аумағында қалуы дұрыс деген ұстанымда болды.

Қазақ ұлттық мемлекеттілігін қалыптастыруға белсене араласқан Сейітқали Меңдешев 1924 жылы Орта Азия елдері мен Қазақстанның мемлекеттік шекарасын межелеу мәселесін шешуге белсене қатысты. 1924 жылы Жетісу және Сырдария облыстарын Қазақ АКСР-іне қосуда үлкен қажыр-қайрат көрсетті. Патша өкіметі кезінде қоныс аударушыларға тартып әперілген шұрайлы жерлерді қазақтарға қайтару керектігі жөнінде мәселе көтерді. С. Меңдешевтің ойынша Сырдария мен Жетісу облыстары сонау 1920 жылы Қазақ АКСР-і құрылған кезде республика аумағына қосылуы қажет еді, аймақтардың Қазақстан аумағына қосылмауы республиканың экономикалық- әлеуметтік жағдайына едәуір теріс әсер еткені белгілі. С. Меңдешев Жетісу мен Сырдария облыстарының қосылуына байланысты елдің орталығын қазақ қалың шоғырланған аумаққа көшіру кезек күттірмейтін мәселе екендігін айтып, қазіргі кезде астана үшін ең қолайлы жер бұл Ташкент қаласы екендігін айтты. Бұл жөнінде С. Меңдешев «Ақ жол» газетінің тілшісіне берген сұқбатында «Ташкенттен әбден күдерімізді үзбей тұрып, басқа жақтан кіндік қарастыралық деген тіпті, ойымыз жоқ. Орынбордан арылып шықтық. Омбы мен Семей қиыр шет. Қалың қазақты бір қиырға тастап, орданы барып шетке тігудің ешбір мағынасы жоқ» деді. Бұл сөзін С. Меңдешев мына сөздермен дәлелдей түседі:

1) Қазақстан бір ғана Семейдікі, яки, Ақмоланікі емес, жалпы қазақтікі.

2) Қазақстанның оңтүстігі Бұхара, Хиуа қазақтары мен Жетісу, Сырдария облысы, күншығысы Ақмола, Семей, күнбатысы Бөкей мен Орал облысы. Болашақ Қазақстанның кіндігі осы жайылған қалың қазаққа орталық жер болуға керек. Ол жер — Ташкент. Қысқасы, қазақтың нағыз көпшілік, орталық кіндігі болған Ташкенттен айырылып, Қазақстан болу — бастан айырылып, дене қалумен бірдей. Ташкент арқылы темір жолмен Семейге де Оралға да, Ақмолаға да тез жетудің мүмкіндігі бар екендігі. С. Меңдешевтің пікірінше Орталық Азияны ұлт шекараларына бөлу өте дұрыс, бұл арқылы Қазақстан болашақта өзінің ауылшаруашылық және өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік алады. Әр ұлт жеке дара өз мемлекеттілігін құруға мүмкіндік алатын кеңес үкіметі тарапынан жүргізіліп жатқан әділетті саяси шешім [11: 275–278]. С. Меңдешев 1924 жылы 26 тамызда РК(Б)П Киробком төралқасының мәжілісінде Түркістан АКСР-і мен арадағы шекараны межелеуге байланысты баяндама жасап, республикалар арасындағы шекараны анықтауға әр елден үш адамнан өкіл қатысқан комиссияның күрделі және келісімді жұмыс атқарып жатқандығын айтып, қарама-қайшылықтар тудырып жатқан мәселелерге тоқталды. Өз баяндамасында комиссияның ұлттық-территориялық межелеуге қатысты шешімдерінің қорытындысымен таныстырды. Меңдешевтің айтуынша Ташкент уезінің ұлттық құрамы төрт белдеуден тұрды:

  1. Ангрен өзені бойында орналасқан 8 болыстан құралған құрама руы мекендеген шығыс белдеу. Қазақ өкілдерінің ұстанымы бойынша бұл болыстарда негізінен қазақтар тұрады. Осыны дәлелге алсақ, бұл белдеу сөзсіз Қазақстанға өтуі қажет деп есептейміз. Өзбек делегациясының өкілдері бұған үзілді-кесілді қарсы болып, бұл белдеуде өзбектер тұрады деп дәлелдеуге тырысты.
  2. Шыршық өзенінің сол жағалауында қазақ халқы басым тұратын 8 болыстан құралған белдеу.
  3. 4-болыстан тұратын, халқының құрамы талас тудырып отырған белдеу. Өзбек өкілдердің пікірінше, 1922 жылғы халық санағы бойынша өзбек халқы басым, бұған қазақ делегациясы келіспей керісінше қазақтар тұратын орта белдеу деп санады.
  4. Төртінші белдеу. Тұтастай қазақ халқы мекендейтін Ташкен уезінің батыс бөлігі. Комиссия құрамында жұмыс істеген қазақ делегациялары осы айтылғандарды негізге ала отырып, бүкіл Ташкент қаласы (уезі) Қазақ АКСР-інің құрамына өту керек деп есептейді, – деді баяндамасында С. Меңдешев. Осы баяндама зер салып қарайтын болсақ, С. Меңдешевтің Ташкент қаласы тарихи тұрғыда және тұрғындарының басым бөлігі қазақтардың болуына байланысты қазақ мемлекетінің аумағына өтуі қажеттілігі үшін бар күш-жіберін жұмсағанын көруге болады. Комиссия шешімі бойынша Ташкент қаласы мен оның төңірегіндегі 30 верст аумақты Өзбекстанға беру жөніндегі шешімді шығарды. С. Меңдешев кеңестік партия қайраткері ретінде орталықтың бұл саяси науқанын бар жан-тәнімен қолдау танытып, қазақ жерлерінің біртұтастануы дұрыс деп есептеді [12: 45–48].

Мемлекет қайраткері Қазақ АКСР-інің Жер-су комиссары Әлібекұлы Әлиасқардың айтуынша Сырдария мен Жетісу сынды облыстардың 1920 жылы Қазақстан аумағына кірмей қалуы, қазақ халқының тең жартысының жат-жұртық болып кетуі онсыз да өндірісі мен шаруашылығы артта қалған републиканың дамуына үлкен кедергі болғандығын айтады. Сырдария мен Жетісу облыстары қосылған жағдайда республикаға 2 млн-нан астам Түркістанның қазақ тұрғындары қосылмақ. Артта қалған өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуда бұл орасан күш болмақ. Осыған байланысты қазақ республикасының орталығын Орынбордан Сырдарияға көшіру маңызды екендігін атап өтті.

Түркістан коммунистік партиясы Орталық атқару комитетінің хатшысы болған А. Рахымбаев Орталық комитет тарапынан жүргізілейін деп отырған Орта Азияны мемлекеттік межелеу науқанына қолдау танытып, ұлт шекарасына бөлудің шаруашылық тұрғысынан алып қарағанда маңызы зор екендігін атап өтіп, Орта Азияны мекендеген ұлттардың шаруасы бөлек-бөлек екендігін, әр ұлттың шаруасы бір қалыпты еместігін баса айтты. Өзбек ауданындағы ел тұрғылықты егін салады. Қазақ, түрікмен аудандарындағы елдер көшпелі мал бағады. Түркістан өзбектері мақта егеді. Диқаншылық қылады. Жібек тоқиды. «Бұхара, Хорезм өзбектерінің де тіршілігі осы. Сондықтан ұлт болып бөлінгеннен кейін ұлт республикаларының шаруашылық жүзіндегі бірлігі, әрине, үлкен мағыналы жұмыс шаруаның түрі бір болғандықтан өркендету, мәдениетті қылу оңай болмақ. Жалғыз ұлт бірлігі емес, шаруашылық бірлігінің өзі де табиғи керек істің бірі боып отыр», – деп іс–шараның заман талабы екендігін қоғамға түсіндірді. Ташкент қаласының кімде қалуы керек деген сұраққа А. Рахымбаев қаланың Өзбек республикасының аумағында қалғаны дұрыс, себебі Ташкент қаласы Түркістан, Ферғана, Самарқанның мәдени-саяси кіндігі. Шаруашылық тұрғысынан алсақ та Ташкент тұрғындары негізінен отырықшы шаруашылықты ұстанады. Осыны есепке алатын, болсақ көшпелі қазақтардан гөрі отырықшы өзбекке өтуі заңды, – деп ойын білдірді [13: 134].

Белгілі қазақ зиялысы С. Асфендияров та бұл саяси науқаннан алыс кетпей, өз пікірін білдірді. Оның ойынша, Орта Азия республикалары көп ұлттардың түйіскен жері. Мұнда ұлт болып құралу мәселесі әлі аяқталған емес. Түрлі мәдениет баспалдағында тұрған көшпелі мал өсіруден бастап, отырықшы өмір сүретін сауда мен егін шаруасына бейімделген түрлі халықтар бар. Ұлт шекарасын айырғанда, артта қалған нашар ұлттарға шаруа, мәдениет майданында өркендеуге қолдау көрсетудің қажеттілігін айтып, нашар ұлттар күшті ұлттың езуіне түсіп кетпеуі жағын қарастыруды қадап айтты. Орта Азия халықтары кеше ғана патша үкіметінің езгісінен құтылды, енді бұндай жағдай қайталанбауы керек, – деп өз пікірін білдірді. Қазақ мемлекетіне берілетін астана қазақтың шаруасына, мәдениетіне шын мағынасында орталық бола алатын болуы керек. Болашақ қазақ мемлекетінің шаруашылық, мәдениет салаларында дәуірлеп кетуіне ұйытқы болатын Ташкенттен басқа орталық табу қиын дей келе, Қазақ АКСР-інің орталығы Орынбордан Ташкент қаласына көшірілуін құптады. Болашақ құрылғалы тұрған ұлт республикалары өздерінің бұрынғы қатынастарын үзбей керісінше жандандыру керектігін, тап күресін жалғастырып, байларды жою арқылы жұмысшылар мен еңбекшілердің өсуіне мүмкіндік беруді қолдады.

Қазақ АКСР-інің Түркістан АКСР-і Орталық атқару комитеті жанындағы өкілі қызметін атқарған Темірбек Жүргенов межелеу мәселесінде Ташкент қаласының Қазақ республикасының аумағына өтуі қажет деген пікірді қолдады. Мемлекеттік межелеу кезінде қазақтар тарапына әділетсіздіктер жасалынып жатқандығын меңзеп, Ташкент уезінің 29 болысының тек екеуінде ғана өзбектердің саны басым, қалғандарында қазақтар тұрады. Мысалы Ташкент уезінің Шыршық болысында 100 мың қазақ болса, оның небәрі 7000-ы ғана өзбектер. Осыны негізге алатын болсақ, Ташкент уезі мен қаласы толықтай Қазақстанға өтуі керек екендігін атап көрсетті. Қазіргі Мақтаарал ауданына қатысты Мырзашөл жері кімге өтуі керек деген тартыста да бұл жер жердің тұрғындарының басым бөлігі қазақтар (80 %). Өзбектердің бұл ауданға таласатын еш негіздері жоқ, дей келе, Т. Жүргенов Орта Азиялық бюроны межелеу саясатын әділетті әрі дұрыс бағытта жүргізуге үндеді. Жүргенов сонау Бұхара қазақтарының да ауыр жәй-күйіне назар аударып, Өзбекстанның құрамындағы автономиялық облыс статусын иеленуі қажет екендігін білдірді. Қазақстанның болашағына тоқтала келе жаңадан біріккен Қазақ республикасы КСРО құрамына келісім-шарт негізіндегі одақтас республика болып қосылуы қажеттігін қадап айтқан Т. Жүргенов ұлттық мемлекеттік межелеу кезінде қазақ халқының мүддесін бар күш-қайратымен қорғай білді.

Сырдария облыстық партия комитетін басқарған Сүлеймен Есқараев партияға шын берілген адам ретінде ұлттық-межелеу саясатын дұрыс деп бағалап, шаруашылық тұрғыда маңызды іс-шара екендігін, әр ұлт жеке өз алдына бөлек шығып, шаруашылығын түзеуге мүмкіндік алмақ. Қазақстанға екі ірі қазақтар қалың шоғырланған облыстың қосылуы республиканың ауыл шаруашылық әлеуетінің түзелуіне мүмкіндік береді, – деп есептеді. Дегенмен ұлт республикалары бір-бірінен қол үзіп қалмауы қажет, себебі ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық байланысты бір сәтте үзе салу экономикалық тұрғыда қолайсыздық туғызады. Бұл жөнінде С. Есқараев былай дейді: «Орта Азия шаруалары бір-бірімен тығыз байланысқан. Мәселен, өзбек шаруасы қазақ шаруашысыз, қазақ шаруасы өзбек шаруашысыз күн көре алмайды. Ферғана Жетісу малы мен астығының арқасында тамақтанса, Жетісу Ферғананы базарлап, астық, мал, өнімін сатып, өзіне керегін алады. Бірі-бірінсіз жеке өмір сүре алмайды. Ұлттарды ұлт белгісіне қарай шекараға бөлгенімен бірге Сырдария суын (қазақ пен өзбекке, Әмудария суын өзбек пен түрікпенге) бөліп беруге болмайды. Сондықтан болашақ Орта Азия республикаларының арасында шаруашылық байланыс жасататын су мәселесі болып отыр».

Сонымен бірге Орталық Азияны Ресейдің орталық аудандарымен байланыстыратын темір жол жүйесі республикалар арасында бөліске түспей одақтық мүлік санатына жатқызылу керек, – деген пікірді білдіреді. С. Есқараевтың ойын талдай келе, «Орта Азия республикалары болашақта шаруашылық байланысты сақтап қалуы қажет, бұлай болмаған жағдайда Орта Азия шаруашылығы өркендей алмайды. Қазақстанның орталығы жөнінде де пікір білдіріп, орталық Сырдария облысына көшкені дұрыс» деген пікір білдірген [14: 77].

Бұхара облысындағы қазақ орталығының жетекшісі Мырза Науырызбайұлының «Ақ жол» газетіне берген сұқбатында өзге қазақ қайраткерлерінің пікірлерімен үндестігі байқалады. Оның айтуынша Қазақстан Орта Азиядағы республикалармен байланысын үзбеу керек. Қазақтың көпшілігі егіншілік, мал шаруашылығымен тіршілік етсе, өзбек сауда, тоқымашылық (бөз тоқиды), бау асырау, диқаншылықпен тіршілік етеді. Әрине, бұл екі түрлі кәсіптің бір-бірлеріне байланысы күшті. Сондықтан, Қазақстан өзінде жоқ нәрселерді шеттен алуға тиіс. Қазақстан кен орындарына бай болғандықтан Орталық Азияны шикізатпен қамтамасыз етуге қауқары бар, өз кезегінде өзінде жоқ өнімдерді көршілерден алуға болады. Орта Азия республикалары экономикалық-шаруашылық одаққа біріксе аймақтың дамуына үлкен түрткі болар еді. Мәдени тұрғыда да дала қазақтары мен Түркістан қазақтарының бірігуі арқылы қазақ әдебиетінің таралуына (Түркістан өлкесінің қазақтарына) мүмкіндік бар. Мырза Науырызбайұлының айтуынша, Түркістан шаңырағында өзге ұлттармен қатар өмір сүрген қазақтарда тілдің шұбарлануы мен салт-дәстүрдің араласуы орын алған. Сырдария облысының қазақтарының сөздік терминологиясында өзбек сөздері көп кезедседі. Оның пікірінше Бұхара қазақтары Өзбекстанның аумағында автономиялық статусқа ие болуы керек. Қазақстанның астанасы мәселесінде де Орта Азияға жақын жер таңдап алыну қажет, бұл арқылы бұрынғы Түркістанмен саяси байланысты жоғалтып алмаймыз, – деген пікірді ұсынды [15: 119].

Орталық Азия аймағын ұлттық-мемлекеттік межелеу кезінде осы өңірде тұратын саны ең аз халық қарақалпақтардың саяси статусы қандай болуы керек деген мәселе күн тәртібінде тұрды. Түркістан республикасының Амудария облысы мен Хиуа республикасының аумағында жалпы саны екі жүз қырық мыңдай қарақалпақ халқы өмір сүрді. Бұл тұста қарақалпақ халқының арасынан шыққан зиялылардың саны тым аз болды, басқа ұлттармен салыстырғанда қараңғылық құрсауында өмір сүріп, Хиуа хандығының құрамында болып келген бұл халық үшін өзге халықтармен теңдей өзін-өзі басқару құқығын иеленуге мүмкіндік туды. Комунистік партияның Орта Азиядағы бюросы автономиялы Қарақалпақ облысы түзуді керек тауып, қаулы қылды. Ендігі мәселе құрылғалы отырған Қарақалпақ Республикасы кімнің қарамағында болуы керек деген сұрақ болатын. Ұлттық мемлекеттік межелеу бойынша комиссия мүшесі қарақалпақ ұлтының өкілі Аллаяр Досназаров болашақта қарақалпақ халқының тағдыры қалай болмақ деген сұраққа өз пікірін білдіріп: «Қарақалпақ деген аты өзге болмаса, бұл халық тарихи дәстүрі және тілімен қазақтан өзгелігі жоқ. Кәсіп пен шаруашылық түрі, ғұрып–әдеті, тұрмыс заңы бәрі де қазақша. Қарақалпақтың өзбекпенен ешқандай байланысы болмауына байланысты Өзбекстанға қосылудың ешқандай реті келмейді. Сондықтан автономиялы Қарақалпақ облысы жаңадан түзілетін Қазақстан республикасына қарау керек және Қазақстан Республикасы үкіметі жанында қарақалпақ комиссиясы болуы керек», – деді. «Туркестанская правда» газетінің 187-санында Сұлтанқазы деген қарақалпақ зиялысы мақала жазып «Қарақалпақ облысы Өзбекстанға қосылсын» деп мәлімдеме жасаған. Қарақпалпақ зиялыларының ой пікірін сараласақ дұрыс деп толықтай есептеуге болады, себебі бұл халық қазақтар сынды көшпелі өмір сүрді, тілі де қазақтарға жақын, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарына жақындық көп. Тарихы да қазақтармен тағдырлас туысқан халық болғандықтан Қазақстан аумағына қосылуы дұрыс еді. 1925 жылы 12–19 ақпан күндері өткен диханшылар мен батырақтардың және қызыл армия депутаттарының құрылтай съезінде Қазақ АКСР-і құрамындағы Қарақалпақ автономиялық облысы ресми түрде жарияланды (16 ақпан).

1924 жылы 18 қарашада өткен Түркістан АКСР-і Орталық Атқару Комитетінің соңғы мәжілісі өткізіліп, Түркістан республикасының атқару комитеті, комиссарлар кеңесі, шаруа кеңесі тарқатылды. Бұл тарихи мәжіліс Түркістан кеңестік республикасының соңғы күні болып, өмір сүруін тоқтатты, оның аумағында ұлт республикалары қалыптасты [16: 263].

Ұлттық-территориялық межелеу барысында Орта Азияны мекендеген түркі халықтарының бірлігінің рәмізінде болған Түркістан атауы геосаяси, әкімшілік мәнінен айрылып, тарихтың еншісіне берілді.

Қорытынды

Ұлттық-территориялық межелеудің бастауында тұрған қазақ зиялылары С. Қожанов, Т. Жүргенов, С. Меңдешев сынды тұлғалардың көзқарастары науқанның барынша өткір саяси пікірталастарға негіз болғандығын аңғартады. Кеңес үкіметі 1924 жылы Орта Азиядағы ұлттарды мемлекеттік межелеу саясатын толық аяқтады. Түркістан Республикасының құрамында болған ұлттар науқан барысында өз алдына жеке республикаларға айналып, өзін-өзі басқару құқықтарына қол жеткізді. Кеңес Одағының құрамына дербес ұлттық мемлекеттілік құрылымдар болып енген ұлттар қысқа мерзімде саяси, әлеуметтік және экономикалық тұрғыда биік жетістіктерге жетті. Жас республикаларда кезек күттірмейтін мәселелер (сауатсыздықты жою, ауыл шаруашылығы, елді индустрияландыру, білім мен ғылымды дамыту) шешімін тапты. Ең бастысы апатты, секірмелі жолмен болса да тұтас аймақтың халықтары дәстүрлі қоғамдық құрылымдарын жаңа индустралды қоғамға модернизациялай алды. Еліміздің тәуелсіздік жылдары көрші мемлекеттермен шекараны делимитизация, демаркация жасауы ХХ ғасыр басындағы шекара мәселесін халықаралық нормаларға сай реттеді.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Маймақов Ғ. Қазақ жері тұтастығының қалыптасуы / Ғ. Маймақов. — Алматы: М.Х. Дулати атындағы қоғамдық қоры, 2005. — 205 б.
  2. Шоқай М. Түркістанның қилы тағдыры / М. Шоқай; Құраст. Б. Серікбайұлы Қошым Ноғай. — Алматы: Жалын. — 1992. — 184 б.
  3. Шокай М. Туркестан под властью Советов / М. Шокай. — Алматы: Айкап, 1993. — 245 c.
  4. Тастекова Г.Б. Қазақ жері шекарасының қалыптасуы мен анықталуы мәселесінің теориялық поблемалары / Г.Б. Тасбекова // Тарих ғылымының теориясы мен әдіснамасы. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары. — Қостанай: ҚМПИ. — 2015. — Б. 245-251.
  5. Ақ жол (газеті) [Мәтін]. Көптомдық. / Құраст. Х. Есенқарақызы. Нұр-Сұлтан: Алашорда, 2020. — № 471. — 487 б.
  6. Ақ жол (газеті) [Мәтін]. Көптомдық. / Құраст. Х. Есенқарақызы. Нұр-Сұлтан: Алашорда, 2020. — № 472. — 425 б.
  7. Ақ жол (газеті) [Мәтін]. Көптомдық. / Құраст. Х. Есенқарақызы. Нұр-Сұлтан: Алашорда, 2020. — № 473. — 465 б.
  8. Ақ жол (газеті) [Мәтін]. Көптомдық. / Құраст. Х. Есенқарақызы. Нұр-Сұлтан: Алашорда, 2020. — № 474. — 392 б.
  9. Ақ жол (газеті) [Мәтін]. Көптомдық. / Құраст. Х. Есенқарақызы. Нұр-Сұлтан: Алашорда, 2020. — № 478. — 385 б.
  10. Шоқай М. Таңдамалы / М. Шоқай. — Алматы, 1998. — 355 б.
  11. Рысқұлов Т. Шығармалар жинағы / Т. Рысқұлов. — Алматы, 1997. — 547 б.
  12. Шарафуддинов З. Қазақ жерін нақтылау жұмыстары / З. Шарафуддинов // Қазақ тарихы. — 2001. — № 4. — Б. 45-48.
  13. Рыскулов Т. Новый Туркестан / Т. Рыскулов. — Ташкент: Туркгосиздат, 1923. — 245 с.
  14. Ходжаев Ф.К. К истории революции в Бухаре и национального размежевания Средней Азии / Ф.К. Ходжаев. — Ташкент, 1926. — 195 с.
  15. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында / Н.Ә. Назарбаев. — Алматы, 1999. — 247 б.
  16. Сапаргалиев М.С. Возникновение казахской советской государственности / М.С. Сапаргалиев. — Алматы: Наука, 1951. — 401 с.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.