Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Қиянатсыздық әдіс-тәсілдерінің жүзеге асырылу механизмдері (философиялық бағамдау)

Бүгін қиянатсыздық философиясының адамзат мәдениеті мен тарихында тиісті орнын анықтау өзектілігі артуда. Әлем тарихын зерделей отырып, назарға алынбай жүрген азаматтық күрес тақырыптары қазіргі таңда жаңаша бағамдалуы тиіс. Мақалада қиянатсыздық философиясының азаматтық институттар, мәдени және саяси дамуға әсер ету механизмдері зерделенген. Сонымен қатар, аталмыш ілімнің қоғам қайшылықтарын шешудегі әдіс-тәсілдерін бағамдау көзделіп отыр. Негізінен, қиянатсыздық әдіс-тәсілдері жалпы қоғамдық құбылыстар кешенімен тығыз байланысты. Сондықтан да, мақалада қиянатсыздық феноменіне философиялық тұрғыда талдау жасауға талпыныс жүзеге асырылған.

Кіріспе

Қазіргі таңда қоғамдық болмысымызда этикалық, әлеуметтік, мәдени, геосаяси үдерістердің жаңаша деңгейде түрленуі адамзат баласының сана деңгейінің жаңа сапалық деңгейде қалыптасуына ерекше зәру. Осы орайда қиянатсыздық феноменінің конструктісі, оның пәрменділігі жайлы жан- жақты дискурстардың орын алуы орынды құбылыс деген ойдамыз. Қиянатсыздық мәселесіне келгенде, әрине, бұл феноменнің заманауи болмыстағы өміршеңдігіне көпшілік сенім арта қоймайды. Себебі, қиянатсыздық мәселелері адам баласының санасын ерте заманнан толғандырғанымен, тәжірибе барысында тиісінше қолданыс таппай келген. Бірақ бүгінгі болмысымыз қиянатсыздық ілімін елемеудің кері салдарын барынша ашып беруде. Заманауи әлем субстанционалды деңгейінде жік-жікке бөлініп, бір негіз, бастамасынан жұрдай болып қалғандай. Сондықтан да жаһандық қайшылықтар, қоғам санасын манипуляциялау, терроризм, ядролық қару қолдану қаупі, діни және этникалық шиеленістер, жаңа ағымдар мен топтар, ілімдер сияқты әртүрлі пиғылды және әртүрлі бағыттағы идеологиялық бағдарламалар мен іс-әрекеттер қиянатсыздық мәні мен мағынасын заман үрдістеріне сәйкес зерделеуді қажет етеді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Н.Ә. Нзарбаевтың 2017 жылы жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды» екендігі айтылады. Мақалада «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек» деп айтылған [1]. Бұдан біз жаңа сапалық деңгейдегі дүниетаным техногенді өркениет салдарын алмастыра алатын көріністе қиянатсыздық, өзара келісушілік, өзара сұхбаттастықта тұжырымдалғанын талап ететінін түсінеміз.

Қиянат, агрессия сынды құбылыстар, олардың генезисі мен себептері философтар мен әртүрлі ғылым, дін өкілдерінің назарында барлық заманда өз орнын тауып келген. ХХ ғасыр қиянат атаулының барынша көрініс берген ғасыры десек қателеспейміз. Бір ғана жүзжылдықта екі дүниежүзілік соғыстың өтуі, сан алуан локальді қақтығыстар мен әлемнің екі лагерьге бөлінуінің нәтижесіндегі «суық соғыс» адамзаттың ары қарай даму мүмкіндігін күн тәртібіне қойды десек қателеспейміз. Бірақ сонымен қатар ХХ ғасырда қиянатсыздық қағидасы тұлғаның жеке таңдауы, рухани тәжірибе деңгейінен әртүрлі әлеуметтік-саяси қозғалыстар шеңберінде моральдік өлшем ретінде нақты нәтиже берерлік бағдарламаға айнала бастады.

ХХІ ғасырда қиянатсыздық ұстанымы кең қолданыс тауып, жетекші идеяға айналатын дәуір болуы тиіс еді. Алайда, адамзат баласы бүгінгі күндері де кешегі тәжірибесінен сабақ алмағандай дәрежеде қадам басып келеді. Яғни, адамзат үшін іргелі қағидалар әлі де тиісті деңгейде бағамдалмай келетіндігін аңғарудамыз. Ілім ретінде қиянатсыздық мәселелері ХХ ғасырда Ганди, Кинг, Толстой шығармашылығында, төл философиямызда Абай мен Шәкәрім ізденістерінде зерделенгенімен, қиянатсыздық феномені күні бүгін де енжарлық, төзімділік, мойынұсынушылық деген тұрғыда таза этикалық қағида ретінде ғана қабылдануда. Бірақ қиянатсыздық феноменін идеалды құндылық ретінде ғана мойындау жеткіліксіз деп ойлаймыз. Бұл тұрғыда ол қазіргі заманымызда әлеуметтік және мәдени мінез-құлық өлшемі ретінде көрініс таппайды, философиялық білімге интенция бере алмайды.

Бұл зерттеу мақаламызда қиянатсыздық ілімінің өмірлік тәжірибеде жүзеге асырылу механизмдері зерделеніп, пәрменді нәтижеге жеткізе алатын әдіс-тәсілдерді талқылауға талпыныс жүзеге асырылады.

Зерттеу әдіснамасы

Бүгінгі заман қиянатсыздық ілімін теориялық зерделеумен шектемей, тәжірибе барысында барынша кең қолданыс табуын қажет ететін дәуір деп білеміз. Демек, тәжірибе барысында қолданылатын әдіс-тәсілдерді жіктеу, механизмдер ерекшеліктерін бағамдау жолдары қалыптасады. Мақалада анализ және синтез әдістеріне тиісті деңгейде жүгіну орын алады.

Зерттеудің әдіснамалық негізінде заманауи ізденістерде орын алатын жіктеулерге компаративистикалық талдау жүзеге асырылды. Аксиологиялық тұрғыда қиянатсыздық философиясының құндылықтық мәні зерттеледі. Әлеуметтік-мәдени зерттеу әдісі қиянатсыздық философиясының қоғамдық болмыс өзгерістері мен дамуына ықпал ету механизмдерін қарастыруға мүмкіндік туғызды. Бұл тұрғыда оның бүгінгі қазақстандық өмірдегі орны мен ролі пайымдалады.

Негізгі бөлім. Талқылау

Қоғам жүйе ретінде әртүрлі институттардан құралатыны белгілі. Әлеуметтік болмысты азаматтық, құқықтық, діни, этикалық, этникалық, ғылыми, шығармашылық, т.б. институттар қалыптастыратынын білеміз. Олардың өздеріне тән ережелері мен санкциялары жүйеленеді. Қоғамның даму үдерісі аталмыш институттардың жүйелі қызметіне байланысты болады.

Сонымен қатар, қоғам болмысында түрлі шиеленістер орын алатыны орынды жайт. Әдетте тарих баяны шиеленістер баяны болып табылады. Көп жағдайда біздер бұл екі түсінікті синонимдес мағынада қолдана отырып, айырмашылықтарын ескермей де қаламыз. Шиеленістердің шешімін табуға әртүрлі қоғам институттары әртүрлі деңгейде қатысып отырады. Пайда болған қайшылықты күш қолдана отырып шешуге тырысуға болады. Ол дегеніміз қарсыласты физикалық не моральдік тұрғыда жоюға бағытталғандықтан, шиеленісті шын мәнінде шешпей, оны басып тастауға негізделеді. Ал, егер аталмыш қоғамдық институттардың «жарғыларында» ресми және бейресми тұрғыда қиянатсыздық қағидалары бекітілсе, қоғамда пайда болатын, өрбитін шиеленістерді күш қолданбай реттеп отыруға мүмкіндіктер қалыптасар еді.

Қиянатсыздық философиясына қатысты жұмыстарымен танымал зерттеуші Жак Семлен «қиянатты – құрал, ал шиеленісті күй» деп түсінуді ұсынады. Оның пікірінше, тарихи дамуда шиеленістер азаматтар мүдделерінің әртүрлі көріністерінде тоғысып отырады. Өзінің зерттеу мақаласында Ж.Семлен тұлғаның шиеленіске қатысты реакциясын бес топқа бөліп жіктейді. Оларға ғалым нейтралитет, қақтығысу, қашу, капитуляция және қиянатсыздық сияқты реакцияларды жатқызады [2; 83]. Жак Семлен ұсынысын талдай келе, қоғамдық болмыста пайда болған, орын алып келетін шиеленістерді қиянатсыз жолмен шешу дегенде бірнеше әдіс үлгілері бар екендігін түсінуге болады. Сондай-ақ, керісінше, зорлық-зомбылық әрекеттерін жүзеге асыруға тікелей қатыспағандық адамның қиянатсыз жолда екендігін білдірмейді.

Енді азаматтық институттар табиғатына келсек, оның біржақты емес екендігін әуел бастан білеміз. Саясат болмысы болса, күреске негізделетіні көпшілікке мәлім. Билік үшін күрес көптеген жаулаушылық, өз мүддесін орнату қақтығыстарына да себеп болып келеді.

Германияның Бірінші дүниежүзілік соғыстағы жеңілісі мен германдық революцияның шырқап тұрған кезеңінде либералды неміс студенттерінің алдында Макс Вебер өзінің әсерлі «Саясат дегенді бейімделу жолы ретінде түсіну» деген тақырыпта дәрісін оқыған болатын. Сол кездегі бюрократиялық мемлекеттермен кеңінен құпталған Н. Макиавеллидің еңбегіне және индуистік, мұсылмандық, христиандық діни дәстүрлеріне қатысты біліміне сүйене келе, Макс Вебер «қиянат саясаттың шешуші құралы болып табылады» деген пікірін ортаға салған екен [3; 90-92]. Оның ойынша саясат деген өмірдің өзге салаларында заңды тұрғыда қолдануға болмайтын әдістерді жүзеге асыру кеңістігі болып табылады. Онымен қоса, егер кімде-кім жан тыныштығы мен амандығын аңсаса, оған саясатқа жоламаған дұрыс деп есептеген. Себебі, саясат алаңында қиянатқа жүгінбесе болмайды. Яғни, М. Вебердің пайымдауынша, барлық діни дәстүрлерде саясат этикасының орны бөлек. Мысалы, Христостың абсолютті этикасы саяси өмірге мүлдем лайық емес. Саясатта болса, керісінше: кез келген күшке барынша қарсыласу керек, бәсекеге қабілетті бола білу қажет.

Бұл пайымдауларға қатысты заманауи зерттеуші Дастин Эл Хаус М. Вебердің заманауи саяси өмірдегі негізгі даму жолын ашық айтқанын мақұлдайды. Оның пайымдауынша, Джон Локктан Жан Поль Сартрға дейінгі батыстық ойшылдар шығармашылығында кей кезде кереғар инструменттер игі мұраттарға жеткізе алады деген ойларды кездестіруге болады [4]. Осыған бола, Д. Хаус физикалық мағынадағы қиянат кей кезде белгілі бір мөлшерде қажет деген пікірге жақтасатынын байқаймыз. Қазіргі заман шындығына келсек, мәселе қиянаттың қашан және қаншалықты қажет екендігіне негізделеді.

Ал, зерттеуші Ж. Госс саяси биліктің жағымды және жағымсыз деп екі сипатын ажыратады. Ғалымның пікірінше билік дегеннің өзі «бір азаматтың немесе институттың басқа біреу үшін жауапкершілікті мойындауымен» көрініс табады. Саяси биліктің жағымды сипатына Ж.Госс қол астындағы халықтың дамуына қолайлы жағдай қалыптастыра отырып, жауапкершілікті бөлісуді ұйғарады. Ал, саяси биліктің жағымсыз сипаты авторитарлық, диктаторлық, эксплуататорлық қырларымен белгілі деп есептейді [5; 8]. Зерттеуші пікірімен келісе отырып, қоғамдық болмыста саяси билік біржақты емес, әртүрлі қырларымен көрініс беретіндігін ескеріп кеткенді жөн көріп отырмыз.

Бүгінгі жаһандық болмысызда барлық үрдістер ілгері жүріп, жаңа сипаттарға бөлінуде. Соңғы кездері демократиялық құндылықтардың жан-жақты дәріптелу тәжірибесі агрессияның барлық формаларына қарсыласуды қоғамдық санаға сіңімді етуге бағытталады. Негізінен, қиянатсыздық ұстанымдары моральдік-этикалық нормалармен үндесетіндіктен саяси процестердің негізіне айналуы абзал.

Қазіргі әлемде демократия жолы көпшіліктің ықыласына бөленеді. Мемлекеттердің дамуында демократиялық модель артықшылықтары әртүрлі ғылым салалары тарапынан қолдау табуда. Таза теориясында демократиялық даму жолы күш қолданбау ережелеріне жүгінуі тиіс. Сонау өткен тарихқа үңілсек, Ежелгі Грекияда әлеуметтік маңыздылығы өзекті мәселелер форумдарда, яғни, азаматтардың бас қосып, аталмыш мәселелерді талдап, талқылауында шешімін тауып отырғандығы туралы әртүрлі мәліметтер сақталған. Тіпті ауыр қылмыс жасағанға тағайындылатын жазада өлімнен гөрі, азаматты полистен қуып шығуды қолдаған жайттар көбірек кездеседі [6].

Академик Ж.М. Абдильдин бұл ойлардың теориялық негізделуі еуропалық философияда Жаңа дәуір деп аталатын кезеңде Т. Гоббс еңбектерінде жүйеленгенін айтады. Т. Гоббс бойынша азаматтар өздерінің белгілі бір еркіндіктерінен мемлекет пайдасына саналы түрде бас тартып, бір-бірінің табиғи құқықтарын қамтамасыз етуге байланысты міндеттерді мойындарына алады. Мұны Т.Гоббс құқықтық мемлекеттің механизмі деп ұйғарады [7; 144-147]. Қиянатсыздық координаталары шеңберінде әрекет етуші жеке тұлға адам құқықтарын қорғау қажеттілігіне негізделіп, олардың бұзылмауына ат салысады. Қиянатсыздық әрекеттерінің белсенді мүшелері ретінде индивидтердің мұндай әрекеттері қиянатсыздық алаңын кеңейтуге мүмкіндік туғызады. Бұл арада әділеттілік үшін күрестің өзі қиянатсыздық жолымен жүзеге асырылатындығын ескеру керек. Аталмыш шарттар қалыптасқанда әділеттілік деген қиянатсыздықтың құндылығы ғана емес, оның даму жолына айналады. Қиянатсыздықтың мұндай түсіндірмесі либералдық көзқарастарға жақын келетіндігімен келісеміз.

Жалпы алғанда, демократиялық жол сұхбат құруға, мәмілеге келуді мақұлдайды, шешім қабылдауда гуманистік, яғни, қиянатсыз әдіс-тәсілдерге жүгінуге басымдылық беруге негізделетін жол болуы тиіс. Қоғамдық қатынастар тәжірибесінде шиеленістермен байланысты мәселелерді шешудің бірталай әдістемелері қалыптасқан. Әлеуметтік күштеуді жеңу жолындағы бірінші маңызды қадам деп оған деген негативті позицияны қалыптастыруды айтуға болады. Бұл әдісті қолданудағы қиындық біріншіден күш қолданудың әртүрлі формада көрініс беруімен байланысты. Мысалы, революция феномені де біржақты бағаланбайды. Бастапқы мағынасында революциялар қоғамға бір жаңа сарын, леп әкелетін бастама деген ұрандар қоғамдық пікірде қалыптасқанымен, әр заманда олар халық болмысында трагедиямен көрініс табады. Өйткені революцияда күш қолданады, қысым көрсетіледі, қантөгіс болады. Әлбетте, революцияның ғылым дамуына қатысты қолданылуы әлеуметтік мағынада емес, ғылыми-техникалық салада бір парадигманың екінші парадигмаға ауысуымен байланысты. Мұнда қантөгіс орын алмаса да, белгілі бір интеллектуалды күрес жүреді.

Академик Ғарифолла Есімнің ойынша революцияның екі сипаты бар. Бірі – наразылық, ескіге қарсы шығушылық, екіншісі – бүлікшілдік, қиратушылық [8; 37-38]. Ғалымның пікірінше, көптеген зиялы қауым революциялық жолға оның бірінші сипаты үшін түседі. Ол наразылық философиясын мағыналы деп бағалайды, оның құштарлықтан келіп туындайтынын жазады, тіпті оның табиғатын ағын суға теңестіреді. Наразылық ұстанымы үнемі жаңалықты талап етеді. «Өмірге құштар жандарға тоқырау, барға мәз болу жат. Олар ізденіс үстінде, әрекет үстінде, мұндай күй наразылық туғызбай әсте тұрмайды. Егер революцияны тек осы мәнде қарастырсақ, ешқандай жағымсыз сөздер айтылмас еді. Мәселе сонда. Революция да ұстараның жүзі секілді, оның екінші сипаты қырып-жою, қирату арқылы анықталады. Нағыз революционерлер оны осы екінші мәнде түсінгендер. Революция идеясына құмарланып, оны қолдаған зиялы қауымның «нағыз революционерлермен» кетіскен тұсы да осында. Революцияны жаңалықты тұрмысқа енгізуге қажетті наразылық деп ойлағандар, оның екінші сипатына жанталаса қарсы шыққан», – деп жазады Ғ. Есім [8; 38-42]. Ал, енді наразылық бірте-бірте зорлыққа, күштеуге айналғанда, революция адамзатқа, оның гуманистік табиғатына жат нәрсеге айналатыны ғажап емес. Себебі зорлық үстемдік еткен жағдайда демократияның үні өшеді. Революция демократиялық мазмұнға ие болса, ол эволюцияға айналып салады. Қоғам эволюциялық жолмен жүріп отырғанда, адамзат баласының өркені өсіп, кеңейеді, даму процесі игі нәтижелермен толығады.

Ал, біз жалпы қоғамдық гуманизация тұрғысына оралсақ, ХХ ғасырда революциялар жасауда жаңа тәжірибелер орын таба бастады. Саяси ғылымдарда оларды «барқыт революциялары» деп атайды. Саясаттанушылар өткен жүзжылдықта Шығыс Еуропа елдерінде орын алған революцияларды осындай сипатта деп бағалайды. Барқыт революциялары бұған дейінгі классикалық революциялардан салыстырмалы тұрғыда бейбіт жолмен жүзеге асырылғандығымен сипатталады [7].

Қиянатсыздық философиясын зерттеушілер пікірінше мұндай күрес түрін таңдағандар алдында әртүрлі әдіс-тәсілдер таңдауы бар. Бірақ қиянатсыздық ілімінің белсенділері үшін әрдайым күштеу мен күш қолданбай әсер ету критерийлерінен шығып кетпеу міндеті маңызды болып қала бермек. Айталық, қазіргі заманғы әлемдік практикада қылмыстық қастандықтан қоғамдық қорғау арқылы белгілі бір шектеулердің бар екендігі анық байқалады. Мысал үшін, есірткі тарату бойынша нақты әрі қатаң тосқауылдар бар екендігін білеміз. Олар көптеген мемлекеттердің қылмыстық заңнамаларында анық бекітілген. Заңның ондай баптары адам әрекеттерін белгілі бір дәрежеде шектегенімен, қауіпсіздік мақсатында қызмет қабылданатыны, қолданылатыны белгілі. Сондықтан да мұндай шаралар бір жағынан қиянатқа жатпағанымен, оларды қиянатсыздық әдіс-тәсілдеріне жатқызу ойландыратын жайт болып табылады.

Заманауи зерттеуші Авраам Альберт еңбектерінде адам қиянатсыздық жолын ұстанатын болса, қарсыластарының күштеу әдістеріне белгілі реакция танытуы керек пе деген орынды мәселені көтереді. Ол Француз революциясының куәгері болған И.Канттың демократиялық құндылықтарды қолдай отырып, революционерлердің узурпациялық әдістерді қолдануына келіспеушілік танытады [9; 55]. Аталмыш ғалым 1859 жылғы Америкада орын алған оқиғаға жүгінеді: қоғам белсендісі Джон Браунның Вирджинияда Харперс-Ферри әскери арсеналына құлдықты жоюға қарсы шабуылын мысалға келтіреді. Бұл оқиғаның куәгері болған қиянатсыздық ілімінің теориялық іргетасын қалағандардың бірі Д.Торо күш қолдануға қарсы ұстанымына беріктігін сақтай отырып, Браун әрекеттерінің негізінде жатқан ұмтылысты жақтауға мәжбүр болды [9; 57]. Байқауымызша, кейін Мартин Лютер Кинг сияқты белсенділер және олардың ізбасарлары бүгінгі күні де қиянатсыздық ұстанымына беріктікті сақтай отырып, тура сондай идеяларды қорғау жолында күштеу әдістеріне жүгінетіндерге қатысты қандай пікірде болу керектігі туралы диллеманы өз мүмкіндіктерінше шешуге тырысқан.

Қиянатсыздық ұстанымды құптай отырып, күш қолдану әдістеріне жол беру екіжүзділік деп бағалануы мүмкін. А.Альберт өзінің мақаласында бұл көзқарастарды терістеуге бел буған. Оның ойынша адам өзі үшін қиянатсыздық ұстанымына берік бола тұрып, басқа біреулердің күштеу әдістерін қолдануының куәгері болуы әбден мүмкін. Бұны А. Альберт «революцияшыл «көрерменнің» қиянатсыздық дәстүрі» деп атайды [9; 60]. Бұл «дәстүрді» зорлық-зомбылық әдістерінен бас тарту арқылы ғана емес, қиянатсыз «көрермендер» қауымдастығын құру негізінде оңтайлы нәтиже бере алады деп түсінуге болады.

Зерттеушінің пайымдауынша саяси қайраткерлер мақсат пен құрал арасындағы айырмашылыққа мән бермеуі мүмкін. Егер зорлық-зомбылықты (физикалық және басқа) тоқтату мақсатқа айналса, бұл арада күштеу әдістерін қолдануға мүлдем болмайды. Оның орнына А. Альберт өтініш жасау, шеруге шығу сияқты «бейбіт әрекеттерін» жүзеге асырған орынды деп санайды. А. Альберттің ойынша француз революционерлері мен жоғарыда мысалға алынған Браун шабуылындағы оқиғалардағы секілді отарлау, құлдық, эксплуатацияның т.б. түрлерімен күрес жолында бастамашылардың өздері күштеу әдістеріне жүгінуі мәселені айтарлықтай ушықтырады [9; 55-60].

Ал, тағы бір зерттеуші А.Гжегорчик өзінің еңбектерінде қиянатсыздық іс-шараларының жүйесін келтіреді. Оның біріншісіне ғалым кеңес беруді, екіншісіне ұсыныс жасауды, үшіншісіне ықпал етудің белгілі бір түрлерін жатқызады [10; 49]. Ұсынылған бұл жүйені талдап көрсек, кеңес беруде ешқандай күштеу жоқ, себебі, бұл арада шиеленіс қатысушыларына мәселені шешуге қатысты ой- пікірлерімен бөлісу ғана ұйғарылады. Олай болса, кеңес беру конструктивті сұхбат құрудың алғышарты немесе қиянатсыздық әдіс-тәсілдерінің бірі болып анықталуға лайық деген ойдамыз.

Кеңес беру мен ұсыныс жасау арасында ұқсастық көп, бірақ ұсыныс жасалу барысында шиеленіс қатысушыларына жаңа альтернативаны қабылдауға, сол арқылы алға жаңа мақсат қойып, нәтижесінде жаңа нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндіктері көзделеді. Осылайша, кеңес беру және ұсыныс жасау белгілі бір мәселені шешуде жаңа бір деңгейге көтерілудің мүмкіндіктері деп анықталуға лайық деген ойдамыз.

А.Гжегорчик ұсынған жүйеде белгілі бір дәрежеде ықпал ету деп нені ұйғаратынын зерделесек, ол шиеленіс барысында оппоненттің оған кеңес беріп, ұсыныстың қабылдануына мүдделі екендігіне көзін жеткізуге бағытталады деп түсінеміз. Мұнда оппонентті тәуелді етіп қылу мақсаты көзделмейді, оны сұхбаттасуға ынталандыру қарастырылады. Егер оппонент тек өзінің көзқарасын ғана дұрыс деп бет бұрмай тұрса, шиеленіс ары қарай өршіп, келеңсіз нәтижелерге әкеліп соғатыны анық. Сондықтан да алдыңғы келтірілген шарттардың (кеңес беру, ұсыныс жасау) логикалық жүйеленуі үшін белгілі бір дәрежеде ықпал етудің маңыздылығы зор. Сонымен қатар, ықпал ету арқылы кеңес пен ұсыныс теориядан практикаға айналуына жол ашыла бастайды. Осы элементтердің дұрыс қолданылуы қиянатсыздық философиясын миф немесе утопия деп санайтындардың ойлау жүйесінде өзгерістер әкелуі ықтимал деген пікірдеміз.

Қиянатсыздық ілімінің өмірде жүзеге асырылу әдіс-тәсілдерін жүйелей келе, А.Гжегорчик, сонымен қатар, бұл жолды ұстанушыларға ережелер тізбегін ұсынады. Біріншіден, қиянатсыздық әдіс-тәсілдерін жүзеге асырушы жеке мүддені қанағаттандыруға бағытталған әрекеттерден бас тартуы қажет. Әділетті күрестің мазмұны ұжымдық мүддені қорғауға бағытталғаны дұрыс. Сондай- ақ, қарсыластың да мүдделері белгілі бір дәрежеде ескерілген орынды. Екіншіден, қиянатсыздық әдістеріне арқа сүйенген жан өзін ғана қысымнан, күштеуден, жеккөрушіліктен, тәкаппарлықтан аулақ етпей, өзінің қарсыласын да қорғауына алады деп түсіну керек. Үшіншіден, қиянатсыздық әдіс- тәсіліне жүгіну дегенді болуы ықтимал және орын алып отырған сәтсіздіктер мен мәселелердің қайнар көзін, себебін бірінші кезекте өзінен іздеуге негізделеді. Ол үшін жағдайды объективті бағалап, онда адам өзінің орнын нақты анықтауы тиіс. Содан әрі жағдайды жақсы жаққа қарай өзгерту үшін қандай потенциал бар екенін анықтаған дұрыс. Бұл арада қарсыластың абыройын төкпей, оған қастандық жасамай оның қай тұста қателесетіндігін байыппен түсіндіре білу де үлкен өнер және шеберлік десек те болады. Төртіншіден, жағдай адамның өзі ойлап, болжағанына сәйкес келмей жатса, басқа жандарды басып, қысып, жоққа шығармау қажет [10; 50-52].

Сондықтан да қиянатсыздық жолы адамның намысына тимейді, адамның тұлға ретінде абыройын төгуден қашық жол болып табылады. Ол шиеленістен шыға білген оның қатысушылары бір-біріне қарсылас емес, әділеттілік үшін ортақтаса отырып күресетіндер деген деңгейге жеткізуге бағытталған жол деп қабылдануы тиіс. Бұл арада әділеттілік үшін күрес жолында қарсыласпен тек адамгершілік негіздеріне жүгіне алу қабілеті рухани, моральдік жеңіске жеткізе алады деген ойымызды қосуды жөн көріп отырмыз. Тіпті, қарсыластың келісімге келуден түбегейлі бас тартқан жағдайында оның егемендігін, еркіндігін мойындау қажет. Қиянатсыздық әрекеттерге деген дайындық келісімге келудің жаңа альтернативті жолдарын іздестірумен қалыптасуы тиіс.

Қорытынды

Бүгінгі таңда қиянатсыздық ұстанымы қалыптасып қалған қатынастарға интеграцияланып, адамзаттың жаңаша сатыға көтерілуінің негізі мен бастамасына айналуы заман талабы деп қабылдайтын кез келді. Адамзаттың жаңаша сатыға көтерілуінде әрбір жеке адам да, барша адамзат та құнды әрі маңызды субъект болып табылады. Біздің қоғамдық болмысымызда әртүрлі ережелер қалыптасып, заңдар қабылданып жатады. Өз кезегінде олар қоғамның тарихи тәжірибесіне сіңісіп, өмір сүру үрдістерін белгілі бір реттілікке келтіруге септігін тигізеді. Әлбетте, ережелер мен заңдарда бекітіліп, қоғамдық санада нық орныққан құндылықтар бүгінгі болмысымызда маңыздылығын жоғалту жайттары жиі кездеседі. Сондықтан қоғам үшін оның рухани болмысының тазалығын сақтауда қиянатсыздық әдіс-тәсілдерін қолдану қажеттілігін өзекті деп түсінеміз.

Қорытындылай келе, қиянатсыздық ілімінің әлеуметтік-философиялық ойлау жүйесінде орны ерекше әрі тарихы зор екендігін түйіндеуге болады. Ежелгі заманнан бері көптеген қақтығыстар мен соғыстар әлеуметтік тәжірибе ретінде зардап әкеліп, адамдарды одан шығу жолын іздестіруге себепші болған. Бұрынғы кезде жеке ойшылдардың қиянатсыздық туралы ой-пікірлері халық арасында жаппай қолдау таппағанымен, кейіннен шашыраңқы ойлардың теориялық білімге жүйеленуі қиянатсыздық қағидасының жеке концепцияға айналуына жол ашты. Әрине, қиянатсыздық идеясының жеке концепцияға айналуына діни ілімдердің әсері зор болды. Адамзат өркениет жолымен дамуының арқасында қиянатсыздық мәселесі пайымдау деңгейінен әлеуметтік- саяси практикаға трансформацияланды. Бұл үдеріс этика ілімі мен пацифистік ілімнің жүйеленуі, дамуымен қатар жүрді.

Сонымен қатар, қиянатсыздық мәселелерімен айналысқан кейбір мектептер логикалық әдістерді өз үлесіне пайдаланып, қиянатсыздықты басқа біреулерді басқару құралы ретінде қолданған. Дегенмен, қиянатсыздықты осылайша өз мүддесіне пайдалану тәжірибелеріне қарамастан, ХІХ-ХХ ғғ. бұл ілім барынша кең ауқымда дамып, Л. Толстой, М. Ганди, М. Кинг есімдерімен байланысты. Олардың арқасында қиянатсыздық мәселесі жеке ой-толғамдар деңгейінен жоғары көтеріліп, белгілі бір жүйеге ұласты. Нәтижесінде қиянатсыздық философиясы мен саясаты жаңа сапалық белеске көтерілді. Бұнымен қоса, нақты күш ретінде қиянатсыздық белгілі бір әлеуметтік мәселелерді шешуде пәрменділігін байқатты. Қиянатсыздық концепциясы аясында қолданылатын бейстандартты әдістер әлемдік өркениет сценарийіне рационалды даму жолын көрсетуде. Сондай-ақ бұл ілім үнемі жаңартылып, толықтырылып, өз потенциалын кеңейтіп келеді.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Назарбаев Н.А. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру / Н.А. Назарбаев / [Электронды ресурс] — Кіру режимі: https://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/press_conferences/memleket-basshysynyn-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru-atty- makalasy.
  2. Semelin J. Pour sortir de la violence. –Paris: Editions ouvrieres, 1983. — 202 p.
  3. Вебер М. Хозяйство и общество: очерки понимающей социологии: [В 4-х т.]. — Т. 1. / М. Вебер / сост., общ. ред. и предисл. Л.Г. Ионина. — М.: Изд. дом ВШЭ, 2016. — 85 с.
  4. Dustin Ells Howes Towards a Credible Pacifism: Violence and the Possibilities of Politics. Retrieved from https://www.academia.edu/39694755/Peace_as_a_Minor_Grounded_Utopia_On_Prefigurative_and_Testimonial_Pacifism_Perspecti ves_on_Politics.
  5. Госс Ж. Ключевые представления гуманистического и христианского ненасилия / Ж. Госс / Этика ненасилия: материалы Междунар. конф. / отв. ред. Р.Г. Апресян. — М., 1991. — С. 6-14.
  6. Капто А.С. Мир = Peace = Paz = Paix: энцикл. / А.С. Капто. — М.: Академия, 2008.
  7. Абдильдин Ж.М. Логика теории современной демократии и проблемы ее реализации: моногр. / Ж.М. Абдильдин, Р.Ж. Абдильдина. — Астана: Фолиант, 2014. — 342 с.
  8. Есім Ғ. Сана болмысы (саясат пен мәдениет туралы ойлар). Екінші кітап. / Ғ. Есім. — Алматы, «Ғылым», 1996. — 211 б.
  9. Avram Alpert Philosophy against and in Praise of Violence: Kant, Thoreau and the Revolutionary Spectator / Avram Alpert / Rutgers University, Theory, Culture & Society 2016, Vol. 33(6). Retrieved from sagepub.co.uk/journalsPermissions.nav.
  10. Гжегорчик А. Социальные мотивации и воздействия. (К вопросу о психологическом анализе ненасильственных действий) / А. Гжегорчик / Этика ненасилия: материалы Междунар. конф. / отв. ред. Р.Г. Апресян. — М., 1991. — С. 44–53.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.