Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Жамбыл облысы

Ұлы Отан соғысы — адамзат тарихындағы қанды қырғынның бірі. Соғыстың тірі куәгерлері — ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, майдангерлердің қатары жыл өткен сайын азаюда. Қан майданда от кешкен жауынгерлердің ерлігін келер ұрпақтың жадында сақтау үшін соғыс тақырыбын толыққанды зерттеп, қазақстандықтардың майданда көрсеткен ерліктерінің тарихи шынайы бағасын беру маңыздылығы арта түсуде. Соғыс тарихына қатысты өзекті мәселелер қайта қарауды талап етеді. Себебі бұл соғыста қаншама миллиондаған адамдар құрбан болды, тылда мыңдаған адам соғыс қажетіне аянбай еңбек етті. Міне, осындай қасіретті кезеңді басынан өткізген Қазақстан халқының тарихының ақтаңдақ беттерін қайта зерделеп, ерліктеріне шынайы баға беру — қазіргі уақыт талабы. Тәуелсіздігімізді алғалы бері, мұрағат қорындағы көптеген деректер ғылыми айналымға еніп, басылып шығып отыр, бірақ жарияланбаған тарихи деректердің ауқымды кешені қалыптасты. Алайда, соғыстағы жауынгерлерге қатысты сандық деректер әлі де нақтылауды қажет етеді. Соғысқа аттанған жамбылдық жауынгерлердің ішінде айқасқа қатысқан, жараланғандар, қаза тапқандар, ерлікпен көзге түскендер де, із-түзсіз жоғалғандар да бар. Қазақ жерінде жасақталған бірқатар әскери құрамалар соғысқа аттанды және олардың соғыс пен тылдағы ерліктері, шайқастары соғыс тарихының құрамдас бөлігі болды. Сондықтан да, соғыс тарихы мен адамдар тағдырын зерттеу, оның ішінде тақырыпқа сай жамбылдықтардың әскери өмір тарихын зерттеу өте қажет. Мақалада Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жамбылдықтардың әскери қимылдарға қатысуы туралы деректерге сүйене отырып, олардың ерліктері туралы зерттеу ұсынылған.

Кіріспе

1941–1945 жылдары болған Ұлы Отан соғысы мемлекет пен қоғамның, қарапайым адамдардың күнделікті өміріне, олардың жоспарына, жұмыс жағдайына күрт өзгерістер енгізді. 1941 жылы 22 маусымда Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты бүкіл кеңес қоғамының өмірі, елдің экономикасы, қоғамдық-саяси жағдайы, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері соғыс қажеттілігіне қарай бейімделген болатын. Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ Жамбыл облысының азаматтарына жаңа міндеттер жүктелді. Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына 40 000-ға жуық адам аттанған деген ақпарат бірнеше әдебиеттерде көрсетіледі. Осыған байланысты мұрағат қорларындағы нақты ақпараттармен жұмыс жасау керектігі айқындалады.

Кеңес Одағының жауға тойтарыс беруінде Жамбыл облысының барлық ішкі ресурстары тартылып, майданды жан-жақты қамтамасыз ету үшін көмек көрсететін мықты тыл қалыптастыру күн тәртібіне қойылды. Осылайша соғыс уақытындағы жағдай бүкіл елді бірыңғай әскери лагерге айналдырды. Соғыс жүргізу көптеген адами ресурстар мен ірі қаржылық-материалдық шығындарды талап етті. Ұлы Жеңіске жету үшін материалдық жағдаймен қоса орасан көп адамдарды құрбандыққа қиюмен келді. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Жамбыл облысының 30– дан астам жауынгерлері Кеңес Одағының Батыры атағын алған. Онымен қоса майданға аттанған жамбылдық қыз-келіншектердің ерлігін атап өтуіміз керек. Дегенмен де, соғыстағы әйелдер мәселесі толыққанды зерттеуді талап етеді. Себебі, бұл мәселені зерттеу екінші сатыда қалып қойған. Яғни, мұрағат құжаттарынан Ұлы Отан соғысына Жамбыл облысынан нақты әйел азаматтарының тартылуы жайлы деректерді зерттеу қажет. Сондықтан да Жамбыл облысынан аттанған әйелдердің майдан мен тылдағы еңбектері мен ерліктерін зерттеу мәселесі де осы тақырыпты өзекті етеді.

Методология және зерттеу әдістері

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстанның дамуы, қазақстандық жауынгерлердің майдандағы ерліктері, ел экономикасын әскери жағдайға бейімдеу, халық шаруашылығын дамыту, еңбек армиясы және басқа соғысқа қатысты тақырыптарды зерттеумен айналысатын ғалымдардың, зерттеушілердің еңбектерін қарастыру барысында және оларды сараптай отырып, талдау жасау кезінде, автор тарихи-салыстырмалық, тарихи объективтілік, жинақтау, жүйелеу, хронологиялық бірізділік және т.б. әдістерді пайдаланды. Мақалада пайдаланылған деректер сыни тұрғыда қарастырылды, олардың шынайылығы сараланды. Сонымен қатар тарих ғылымында өзіндік орны бар диалектикалық тарихи даму заңдылықтары мен әлем тарихында қалыптасқан өркениеттілік ұстанымдары негізге ала отырып жазылды.

Талқылау

Кеңес Одағының жауға тойтарыс беруінде Жамбыл облысының барлық ішкі ресурстары тартылып, майданды жан-жақты қамтамасыз ету үшін көмек көрсететін мықты тыл қалыптастыру күн тәртібіне қойылды. Осылайша соғыс уақытындағы жағдай бүкіл елді бірыңғай әскери лагерге айналдырды. Соғыс жүргізу көптеген адами ресурстар мен ірі қаржылық-материалдық шығындарды талап етті. Ұлы Жеңіске жету үшін материалдық жағдаймен қоса орасан көп адамдар құрбандыққа ұшырады. Бұл мәселеде ақтаңдақтардың бар екені баршамызға мәлім жағдай. Соңдықтан бұл тақырып өзектілігін жоғалтпайды.

2010 жылғы 26 ақпанда Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысы бойынша мынадай деректерді ұсынды: Жамбыл облысынан 41 453 адам Ұлы Отан соғысына қатысты. Оның ішінде Ұлы Отан соғысы жылдарында Жамбыл облысынан шақырылған 15 536 азамат майданда қаза тауып, 17 639 адам хабар-ошарсыз кеткен. Ресми мәліметтер бойынша, 1943 жылдың 1 ақпанына дейін Жамбыл облысынан 53 268 адам Қызыл Армия мен өнеркәсіп және көлік жұмысшыларының колониясына жеткізілген. Осы мәліметтер бойынша,1943–1945 жылдарда Қызыл Армия қатарына жыл сайын орта есеппен 1000 адам әкетілді, ал 1938–1940 жылдары Қызыл Армия қатарына шақырылушыларды қоса алғанда, соғысқа қатысқан жауынгерлердің 50 мыңға жуығы жамбылдықтар болды деп айтуға болады [1; 329].

Кейбір өңірлік әскери комиссиялардың ресми ақпараты бойынша, Ұлы Отан соғысы кезінде Шу өңірлік әскери комиссариатынан 5014 әскери қызметші қабылданған. Жуалы ауданынан майданға 1788 адам шақырылған. Ұлы Отан соғысы кезінде Меркі аудандық комиссариатынан 12 024 адам Меркі және Луговой аудандарынан майданға аттанды. Қаратау қаласы істері жөніндегі біріккен Қорғаныс министрлігі Ұлы Отан соғысы жылдары Сарысу және Талас облыстарынан 3 449 адам майданға аттанғанын хабарлаған. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Байзақ ауданынан Ұлы Отан соғысы жылдары Отан қорғауға 3341 адам тартылған және Қордай ауданынан 9195 адам соғысқа аттанған, ал бұрынғы Красногор ауданынан 1589 адам шақырылған [1; 341].

«Ұлы Отан соғысы кезінде Жамбыл облысынан соғыс майданында 100 мыңнан астам адам ерлік көрсеткен» деген ақпараттың нақты емес екендігін сол кездегі облыста тұратын халық саны теріске шығарады. 1940 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Жамбыл облысының халқы 321 мың адамнан аспады. Атап айтқанда, Жамбыл қаласында — 62,723, Жамбыл ауданында — 31 375, Меркі ауданында — 40 468, Сарысуда — 12 132, Таласта — 17 975, Свердловскде — 24 579, Луговойда — 23 304, Қордайда — 36 213, Шуда — 45389, Красногорскде — 14 166, Көктеректе — 24 975 адам тұрған. Демографтардың айтуынша, әрбір бесінші адам ғана майданға кете алған. 1938–1940 және 1943–1945 жылдары Жамбыл облысынан Ұлы Отан соғысына қатысқан адамдардың санын 50 мың деп мәлімдеуге болады [1].

Жалпы алғанда, еліміздегі әскери мекемелердің мәліметтері бойынша Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанда 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиялары, 7 атқыштар бригадалары, 50-ге жуық жеке полктар мен батальондар құрылған. Яғни, Қазақстаннан 1 млн. 200-ден 1 млн. 400 000 адам майданға алынғандығы айтылады. 1943 ж. 26 тамыздағы Жамбыл қалалық партия комитеті әскери бөлімінің берген мәліметі бойынша 1941 ж. маусымында 678-ші ерекше атқыштар батальоны, ал, шілдеде ерекше инженерлер құрылыс батальоны, тамыз айында 81-ші атты әскер дивизиясы, қарашада ерекше ұлттық атты әскер дивизиясы, газдан залалсыздандыру отряды, ал, 1942 ж. қараша- желтоқсан айларында бесінші теміржол ротасы, 1942 ж. ақпанында 1914 жұмысшы батальоны, 1919 жұмысшы батальондары жабдықталған деп көрсетіледі [2].

Белгілі болғандай, жамбылдықтар өз Отанын қорғау жөніндегі ұлы іске қатысты. Өзінің интернационалдық парызына адал жамбылдықтар Брест, Ленинград, Киев, Минск, Одесса, Севастополь, Мәскеу, Тула, Новороссийск, Керч сияқты батыр қалаларда көп ұлтты Отанды қорғау кезінде ерлікпен шайқасты. Олар Бухарест пен Белградта, Будапешт пен Варшавада, Вена мен Прага- да неміс фашистерін жеңді. Көптеген жамбылдық жауынгерлер «Будапештті азат еткені үшін», «Бел- градты азат еткені үшін», «Венаны азат еткені үшін», «Кенигсбергті азат еткені үшін» медальдары- мен марапатталды. Қазақ КСР-інің көптеген әскери құрамаларының даңқты есімдері ұлы шайқастардың жылнамасына жазылды. Атақты 316-шы (Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық), 238- шы (30-шы гвардиялық) және 312-ші атқыштар дивизияларының Мәскеу түбіндегі шайқаста, 29-шы (72-ші гвардиялық) дивизия Сталинградты қорғауда, 310-шы атқыштар және 314-ші дивизиялардың, Ленинград түбіндегі шайқастарда жамбылдықтарды елеулі еңбегі бағаланды.

Жамбылдағы алғашқы әскери құрамалар 1941 жылдың маусым айында жасақталған. Өңірде жасақталып, майданға аттанған әрбір батальон, полк, дивизиялардың өзіндік тарихы бар. Мысалы, 1941 жылдың маусым айында жасақталған 678 атқыштар батальоны, тамыз айында жасақталған 81- атты әскер дивизиясы. Осы жылдың қараша айында 105-ұлттық дербес атты әскер дивизиясы жасақталды. Шілде айында 253-инженер-құрылыс батальоны майданға аттанды. Аталған әскери құрылымдардан бөлек 1941 жылдың қарашасында газсыздандыру жасағы, 1942 жылдың қараша- желтоқсан айларында 5 темір жол ротасы, 1942 жылы ақпан айында 1913, 1914, 1919 жұмысшы батальондары, жеке 19-химия батальоны, Чугуев авиа-мектебінің түлектері майдан даласында ерлікпен шайқасты [3; 211].

Ұлы Отан соғысының Қазақстанға қатысты тарихында Жамбыл облысында екі атты әскер дивизиясының жасақталуы айтарлықтай оқиға еді. Ал оның бірі «дербес ұлттық атты әскер дивизиясы» деп аталды. Себебі, дивизия толықтай қазақ ұлтынан жасақталған еді. Осы жылдың 21- қарашасында еңбекшілер депутаттары Облыстық советінің атқару комитеті мен Облыстық партия комитетінің бюросының қаулысы негізінде Жамбыл қаласында 105-дербес ұлттық әскер дивизиясын жасақтау туралы шешім қабылданады. Осы шешім бойынша барлық аудандарға ұлттық дивизияны қажетті адаммен және өзге де жабдықтарды жедел түрде қамтамасыз ету тапсырылды. Осы маңызды міндетті орындау үшін облыста қауырт тірлік қолға алынған. Дивизияның 1-полкі Свердлов ауданы Буденовка селосының колхоз ғимаратында орналасқан. 2-полк осы ауданның «Қызылша» совхозының аумағында орын тепті. 3-полкке қазақ сыра зауытының аумағындағы кеңсе, қамбар, қойма мен мал базасы берілді.

81-ші кавалериялық дивизия 1941 жылы тамыз айында құрылып, 1943 жылы Далалық әскери округтің шешімімен таратылған. 1942 жылдың қазан айының 11-нен 1943 жылдың мамыр айына дейін тұрақты әрекет етуші әскердің құрамында болды. Бұл әскери құрам 1942–1943 жылдары миллионнан аса қызыл әскердің өмірін жалмаған әйгілі Сталинград шайқасына қатысқан. 81-ші кавалериялық дивизияның құрамында 216, 227, 232-ші полктер және 16-шы атты әскер болған [3; 213]. Дивизиядағы майдангерлер тапсырманы орындауда қабілеттілік пен жүректілік таныта отырып, ел есінде айбынды әскер ретінде танылған. Қандай қиыншылық болсын мойымай ерлерше соғыса білген.

Жамбыл облысынан танк колоннасын жасақтауға ерекше назар бөлінді. 1942 жылдан бастап елімізде «қазақстандық» деп аталатын әртүрлі әскери-техникалық құрамдар жасақтауға да белсене қатысты. Мәселен 1942 жылдың 28 желтоқсанында «Қазақстан колхозшысы» атты танк колоннасын жасақтауға барлық аудандардан қанша қаржы жіберілгені туралы дерек бар. Танк колоннасын жасақтауға облыс бойынша 14065000 сом жиналған. Мәселен Шу ауданынан жолданған хатта Кеңес селолық советінің аумағындағы мектеп директоры Мұқатаев танк колоннасын жасақтауға 1500 сом қосқан. Осы мектептің бүкіл ұжымы қорға 126767 сом берген. Бұл қорға жаңа жылдың қаңтар айында Шу ауданы 2602000 сом аударған. Сарысу ауданынан жолданған жеделхатта жаңа жылдың бірінші айында астық қабылдау пунктіне қор есебіне 3500 центнер астық құйылғанын айтқан. Сонымен бірге олар 1902000 сом жинаған, 138 қой, 12 жылқы, 2 түйе, 9 сиыр Қызыл Армияның құрылғанына 25 жыл толу күніне сыйлық ретінде жібергендерін айтады. Красногор ауданынан жолданған жеделхатта танк колоннасын жасақтауға аудан тұрғындарынан 1358566 сом қаржы жиналғаны жөнінде дерек бар. Мұндай жеделхаттарды барлық аудандардан, елді мекендерден көптеп келтіре беруге болады. Облыс тұрғандары займ облигацияларында көптеп сатып алғаны туралы да мәліметтер жеткілікті. 1943 жылдың 15 қаңтарында облыстық «Коммунист» газетінде «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын жасақтауға республика бойынша 305 миллион 17 мың сом қаржы жиналғаны жөнінде ҚазТАГ-тың хабары жарияланды. Осы хабарда танк колоннасын жасақтауға жамбылдықтардың үлесі 17922 мың сом болғандығы да айтылған [3; 148].

Ұлы Отан соғысы әлемге қазақ халқының атымен бірге оның ержүрек, батыр, батыл, қаһарман ұлдары бар екенін танытты. Кеңес жауынгерлерінің ерліктерін бүкіл әлемге танытқан Брест қамалын қорғау сәтінен бастап қазақ сарбаздары өздерінің ерліктерін Ұлы Отан соғысының тарихында алтын әріппен жазды. Қазір Брест қамалын қорғауда 60-қа жуық жамбылдық жауынгер болғаны белгілі. Олардың арасында Жуалы ауданының Бақалы ауылының түлегі Мәнтай Әбдірайымов та бар. Ол Брестті қорғап, қоршауды бұзып шығып, Москваға дейін шегініп келіп, 1941 жылдың 6 желтоқсанында кеңес әскерлерінің жауға қарсы шабуылына қатысты. 1942 жылдың ақпан айында отан үшін соғыста қаза тапқан [4].

Ұлы Отан соғысы жылдарында көптеген медицина қызметкерлері майданға қатысып, соғыс даласы мен әскери госпитальдарда жараланған әскерлер мен офицерлерге және жергілікті халыққа медициналық көмек көрсетті. Уақытында көрсетілген медициналық көмектің арқасында жарақат алған солдаттар мен офицерлердің басым көпшілігі қатарға қосылып, соғыс майданына қайта араласып, Ұлы Жеңіс үшін жауға қарсы соғысты. Ұлы Отан соғысы жылдары 200 мыңнан астам дәрігер, 1,5 миллион орта медицина қызметкерлері әскер қатарына шақырылып, жарақат алған және науқастанған жауынгерлерге медициналық көмек көрсетуге жұмылдырылды. Олардың қатарында қазақстандық медицина қызметкерлері де болды. Соғыс майданында жарақат алған 9 миллионнан астам жауынгерлер мен офицерлерге дәрігерлік көмек көрсеткен дәрігерлердің жанқиярлық еңбегі елеулі. Соғыста 85 мың медицина қызметкерлері оққа ұшып, қаза тапты немесе хабарсыз кетті. Олардың ішінде 5 мың дәрігерлер, 9 мың медбикелер мен фельдшерлер, 23 мың санитар- инструкторлар, 48 мың санитарлар болатын. Жарақаттанған солдаттар мен офицерлердің 72,3 пайызын, ауырғандардың 90,6 пайызын медицина қызметкерлері емдеп, майдан даласына қайта аттандырды [5; 6].

Ұлы Отан соғысының ардагері, медицина қызметінің генерал-полковнигі Ф.И. Комаровтың мәліметі бойынша, соғыста көрсеткен ерліктері үшін 116 мыңнан астам әскери медицина қызметкерлері және 30 мыңға жуық тылдағы азаматтық денсаулық сақтау қызметкерлері мемлекеттік наградаларға ие болды. Оның 42-не ең жоғары марапат — Кеңес Одағының батыры атағы берілді. 39 әскери госпитальдар мен 8 медициналық-санитарлық батальондар ордендермен наградталды.

1941 жылы Жамбыл облысынан 123 медицина қызметкері әскер қатарына алынды. Әскери госпитальдарда облыстан шақырылған 500-ге жуық медицина қызметкерлері қажырлы еңбек етті. Атын атап өтсек, олар көп жылдар бойы Жамбыл облыстық ауруханасында еңбек еткен хирург полковник Н.О. Мұқышев, майорлар Г. Әбдікәрімов пен А.В. Леонтьев, капитандар С.А. Александров пен Қ. Құлынбаев, терапевт-офицерлер Н.Е. Нұғыманов, Н.Ф. Голубев, Е.М. Исеналиева, Е.А. Понамаренко, Б.А. Баймұханов, Н.А. Фирсов, А.П. Капасакалис, медбикелер А.Д. Палий-Зеленцова, М.Л. Яременко, А.Н. Анисимова, В.А. Качерга, Е.П. Павличева, Т.А. Радченко, фельдшер Г.К. Ильченко және тағы басқалар [5; 7].

1941 жылы 19 қыркүйекте Жамбыл станциясының клубында алғашқы эвагоспиталь ашылып, поезбен жеткізілген майданда жарақаттанған әскери қызметкерлерді қабылдады. Кейінірек Жамбылдан басқа, Меркі және Шу станцияларында 360 төсектік әскери госпитальдар ұйымдастырылып, оған қоса соғыс жүріп жатқан аймақтардан барлығы 1500 төсектік 4 әскери госпитальдар көшіріліп әкелінді. Олар теміржол клубтарында, жергілікті қонақүйлер мен балалар шипажайларында, мектептер мен кеңселерге орналастырылды. Облыста жаралы жауынгерлер мен офицерлерге көмек көрсету жөніндегі комитет құрылып, госпитальдардағы науқастарға ерекше көңіл бөлінді. Госпитальдарда қызмет еткен медицина қызметкерлері майданда жарақаттанған әскерлердің тез айығып, қайта сапқа тұруына көп үлес қосты. Негізінен әскери госпитальдарда бірінші және екінші топтағы мүгедектер болатын. Медиктер майдан даласында дәрігерлік көмек қана көрсетіп қоймай, қауіп-қатерге қарамай, оларды жаулардан қорғай білді.

1946 жылдың 15 маусымында 1945–46 жылдардағы Жамбыл облысы партия ұйымдарының әскери бөлімдерінің меңгерушілері қатысқан жиналыста мынадай мәліметтер келтірген. «Майданнан 7721 адам оралған. Біздің облысымызда 6 308 асыраушысы майданда қаза тапқан отбасы және 33 477 әскери қызметкерлердің отбасы болды. 5 984 соғыс мүгедегі соғыстың әр жылында келді.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің әскери бөліміне жолданған ақпаратта 1946 жылдың 1 қазанына дейін майданнан 11423 майдангер оралғанын жазған. Оның 132-сі әйел, олардың 10 686-сы жұмысқа орналасқан». Бұл ақпаратта майданнан оралғандардың көпшілігі партия, совет қызметіне орналасқанын айта келіп, 29 майдангер колхозды басқаратындығын жазған. 25 майдангер ауылдық, селолық советтерді басқарған.

Жамбылдықтардың майданға бергені ұшан-теңіз. 1978 жылы «Қазақстан» баспасынан шыққан П.С. Беланның, А.Д. Тимишенконың, Н.С. Барковтың «Фронтовые дороги» кітабында 1943 жылы Жамбыл облысы майданға 77 вагон сыйлық жібергені айтылады. Оның 16 вагонын 391-ші дивизияға облыстық партия комитетінің хатшысы Кәрім Шорабеков бастаған делегация әкелген.

1941–1945 жылдары жамбылдық қанша жауынгер әскери тұтқын болғаны жөнінде нақты дерек жоқ. Жалпы Германия қолбасшылығы ресми деректерде 5,27 миллион адам тұтқын болғанын айтады. Ал Ресей Федерациясының Қарулы Күштерінің Бас штабы 4 миллион 590 мың адам тұтқында болғанын айғақтайды. 1941 жылы тұтқынға 2 миллионға жуық совет жауынгерлері түсті. Бұл барлық тұтқындардың 49 пайызы. 1942 жылы Қызыл Армияның 1 миллион 339 мың жауынгері фашистердің концлагерлерінің тұтқыны болды. 1943 жылы 487 мың жауынгер тұтқында азапты күндерді басынан өткізді. 1944 жылы 203 мың совет жауынгері фашистердің айдауында болды. 1945 жылы 40,6 мың жауынгер жау тұтқынында көз жұмды. Олардың арасында жамбылдықтар да болды [3; 169].

Майдандағы қыздардың ерлігі туралы мәселеге келсек, фашизмге қарсы күресте флот пен соғысушы майданға қызмет ету өтініші туралы сұраныстарда әйелдер ерлерден кем түспеген. Бұған мысал ретінде Алматы қаласы Фрунзе ауданының әскери комиссариатына 112 қыз, ал Қарағанды облысының тұрғындарынан 1941 жылы түскен 25 мыңнан астам өтініштің 10 мыңнан астамы әйелдерден түскен [6; 18]. КСРО бойынша Ұлы Отан соғысы жылдарында медициналық

қызметкерлердің еңбегі ерекше маңызды болды. Жалпы кеңес елі бойынша әйелдердің әскерге жұмылдырылуы екі рет жүргізілген: біріншісі — 1942 жылдың сәуірінен — 1945 жылдың мамыры аралығында, бұнда әскерге 300 мыңға жуық әйелдер алынған [7; 45].

Соғыс жылдары батырлық пен ерлік көрсеткен жамбылдық әйелдер де аз болмады. Олар Отанымыздың тәуелсіздігі мен азаттығын тек тылдағы ерен еңбектерімен ғана емес, Ұлы Отан соғысы майдандарында қолына қару алып қорғаған еді. 1943 жылдың ақпанына дейін Жамбыл облысынан шыққан 270 қыз-келіншектер Қызыл Армия қатарында соғысқан [8; 14].

Ұлы Отан соғысы біздің аналарымыздың қайтпас қайсарлығын дәлелдеген болатын. Соғыс жылдарында Жамбыл облысында бірнеше партия комитетінде әйелдер бөлімі ашылған. Бұл бөлім қыз-келіншектердің еңбек, саяси белсенділіктерін арттыруға ерекше назар аударған. 1943 жылдың қорытындысы бойынша Жамбыл облыстық партия комитеті хатшысының әйелдер арасындағы жұмыс жөніндегі орынбасары Исмагилованың Облыстық партия комитетіне жолдаған есебінде мынандай деректер келтірілген. Ауылдарда 123668 әйел тұратын болса, оның 88845-і колхозда еңбек етіпті. Әйелдер ауылда тұратын халықтың 54,4 пайызын құраған. Халық шаруашылығының барлық салаларында әйелдердің жұмысқа араласуы көбейген. Тек машина-трактор станцияларында еңбек ететіндер бір жарым есеге өсті. Барлық жұмысшылардың 42,2 пайызы әйелдер болды [9; 7]. Әйелдерді мемлекеттік жұмыстарға тарту бұрынғы жылдармен салыстырғанда өскен. Барлық аудандық партия комитеттерін де, аудандық совет атқару комитеттерін де, жергілікті советтер де жұмыс істейтін әйел саны артқан. Әсіресе олардың еңбек белсенділігі көтерілген. «Свердлов ауданының ферма меңгерушісі Зиягүл Тойлыбаеваға, Ленин атындағы колхоздың шопаны Ұлбала Сүгіроваға, «Трудовой Пахарь» колхозының шошқа өсірушісі Вера Янковскаяға, «Красный Звезда» колхозының қызылша өсірушілері Сындыбала Оңғарбаева мен Дариға Жантоқоваға, Мәрзия Ибрагимоваға тағы да басқа көптеген әйелдердің атына алғыс білдіруге болады» деп жазылған. Шулық Рахима Тазабекова, таластық Науат Егембердиева, луговойлық Теңгебала Көшекова, сарысулық Аманқұлова, жамбылдық Оразаева, билікөлдік Малыбаева, жамбылдық Степанова мен Шаплинаға, жуалылық Ділдаш Байғұтова өздеріне жүктелген міндеттердің бәрін абыроймен орындап, жоғары табыстарға қол жеткізді.

Еңбек озаттарын мемлекеттік және қоғамдық жұмыстарға тарту жақсара түскен. Мәселен облыстағы 121 селолық советтің 41-нің төрағасы әйел, олардың 36-сы қазақ болды. 349 колхоздың 28-ін әйелдер басқарған. 911 егін бригадаларының 235-не әйелдер жетекшілік еткен болса, оның 190- ы қазақ әйелі болғаны жазылған. Сол сияқты 1004 ферма меңгерушісінің 283 әйел, оның басым көпшілігін қазақ қыз-келіншектері басқарды. Луговой ауданындағы қазақ қызы Өмірзақова басқаратын «Көкарық» колхозы жоғары көрсеткішке жетіп, 1943 жылдың қорытындысы бойынша облыстық Құрмет тақтасына жазылды [9]. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандық жауынгерлердің ерліктері мен еңбектері елеулі. Жамбыл облысы Ұлы Отан соғыс жылдарындағы Ұлы Жеңіске жетуге өз үлесін қосқан аймақтардың бірі деген тұжырымға келеміз.

Жамбыл облысы мемлекеттік архивінде Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман оралған 122 ардагердің жеке тектік құжаттары 341-қорда сақталған. Бұл қор 1985 жылы жеңістің қырық жылдығына орай қалыптастырылып, майдангерлерден жеке құжаттары жинақталған. Соның ішінде 30 майдангер соғыс қасіреті туралы бүгінгі ұрпаққа өз естеліктерін жазып қалдырған. Олар қазақ және орыс тілінде майдангерлердің өз қолымен жазылған күйінде архив қорында сақтаулы.

Ұлы Отан соғысының ардагері Әмірқұлов Есенқұлдың соғыс туралы естелігі: «1940 жылдың 20 қыркүйегінде мені Кеңес Әскері қатарына Жамбыл аудандық әскери комиссариат шақыртып, міндетті әскери қызметтен өту үшін Красноярск қаласына жіберді. Мен Красноярск қаласынан 18 км қашықтықта әскери қалада атқыштар дивизиясының артиллериялық полкінде қызмет еттім (ескі атауы бойынша полк пен дивизия нөмірі есімде жоқ). 1941 жылы маусымда біздің полк Батыс майданға жіберілді. 1942 жылдың қаңтар немесе ақпан айларында біздің гвардиялық және соғыс бөлімдері 17-ші деп аталды. Гвардиялық атқыштар дивизиясы.

Ұрыстарға қатысқаным үшін 1942 жылы «Жауынгерлік еңбегі үшін», 1943 жылы «Ерлігі үшін» медалдарымен, 1944 жылы немесе 1943 жылы Отан соғысының 1-ші дәрежелі орденімен марапатталдым. 1942 жылы мен полкке қабылдандым. 1944 жылы 25 маусымда қатты жараланып, 1944 жылдың 15 желтоқсанына дейін емделіп, кейін госпитальдан шығарылдым. Жарақат алғаннан кейін далалық госпитальда болдым, Витебск қаласын басып алғаны үшін марапатталғаным белгілі болды» [10].

Ұлы Отан соғысының ардагері С.Рысбаевтың соғыс туралы өз қолымен жазған естелігінен: «1938 жылы көшіп орталыққа бардық. Біз Тегістік болып Сәмбет тоғанында қалдық. Қой көбейді. Жақсы жыл болды. Сөйтіп 1941 жылы 7-сыныпты бітірдік. Бір айдан кейін соғыс басталды. Мен 8- сыныптамын. 16 жасқа толған кезім. Бір апта ғана оқыдым. Әскерге алынып, жаяу әскер, одан атты әскер қатарында болдым. Күз айы еді. Қараша айында Қиыр Шығысқа алып кетті. Үлкендермен кішкентайларды араластырды. Әскери жаттығу өткізді. Сол кезде немістер келіп қалған. Бізді эшелонға мінгізіп Мәскеуге аттандырды. Липецкке жетейін деген кезде таңға жақын немістер поездің тас талқанын шығарды.

Ұшақтан бомба тастады. Командир орманға баруды бұйырды. Қар тізеге дейін. Палатка қойып таңды атқыздық. Тамақ жоқ. Қарды ерітіп талқан тастап іштік. Мылтықтан басқа ештеңе жоқ. Ертеңіне қосымша адамдар келді. Курскіде бес ай тұрдық. Шабуылға шықтық, адамдар қойлар құсап қырылып жатыр. Қан судай ақты. 1945 жылы көктемде контузия алдым. Мәскеу түбіндегі пионер лагерінде жаттым. Сонан соң Владивостокка алып келді. Ворошиловта орман ішінде болдық. 200 шақырым қалың орманның ішінде окопта 9 мамырды қарсы алдық. Қуандық. Бірақ тағы соғыс Жапо- нияда басталып кетті. Сталиннің телеграммасын оқу керек. Япония Кореяның жерін 20–30 жыл бұрын алып қойған. Таудың астын тескен. Үстіне ағаш өсіп тұр. Іші толған қару, нан. Шекарадан өте алмадық. Қалың орман, тас жол салып, Пхеньяннан Сеулге дейін жаяу бардық. Америкалықтар ақ жалау көтерді... Міне 60 жылдан кейін Киевтен 2 медаль, бір телеграмма келді» [11].

Жыл өткен сайын соғыс ардагерлерінің қатары сиреп келе жатқаны баршамызға аян жағдай. Жамбыл облысы Байзақ ауданында осыдан үш жыл бұрын 1941–1945 жылдардағы екінші дүниежүзілік соғыстың 7 ардагері бар еді. Биылғы Ұлы Жеңістің 76 жылдығын 2 майдангер, атап айтқанда, суханбайлық Өнербай Молдабаев, жетібайлық Рахымжан Мамыралиев қарсы алып отыр. Қан майданның куәсі болған ардагерлердің алды 97 жаста болса, кішісі 95 жаста. Жетібай ауылының тұрғыны, соғыс және еңбек ардагері Рахымжан Мамыралиев — ел басына күн туған шақта еліне қорған болған ерлердің бірі.

Рахымжан Мамыралиев 1925 жылы 25 қаңтарда Жамбыл облысының Жамбыл ауданы, Жамбыл колхозында дүниеге келген. 1943 жылы қаңтар айында Жамбыл аудандық әскери комиссариаттан соғысқа аттанған, Приморск өлкесі мен Ворошилов қаласын жаудан азат етуге, кейіннен жапон соғысына қатысып, Манчжурияда, 1951 жылы Корея Республикасының Сеул қаласында болып, елге сол жылы оралған. Соғыстан кейінгі 1953–1962 жылдары Талас ауданы, Ақкөл колхозында есеп бөлімінің басшысы, одан соң Жамбыл ауданына қарасты «Бірлесу еңбек» колхозында есепші, Аса ауылында, кейіннен Байзақ (бұрынғы Свердлов) ауданындағы Фрунзе колхозында май зауытының бастығы болып қызмет еткен. 1985 жылы зейнетке шыққан ардагер бүгінде ұл-қызынан тараған немере-шөберелерінің қызығын көруде. Ардагер атамыз өз естелігінде былай дейді: «Биыл Ұлы Отан соғысының Ұлы Жеңіспен аяқталғанына 76 жыл толады. 1941 жылдың 22 маусымында басталып, 1418 күн мен түн бойы созылған сұрапыл соғысқа қатысқандардың барлығы — нағыз батырлар. Олар кескілескен шайқастарда ерлік көрсетті, елін, жерін жаудан қорғады. Біз қиыншылықты көп көрдік, ашаршылық, соғыс, соғыстан кейінгі ауыр жылдарда ауыртпалықты көре жүріп, шынықтық. Содан да болар бейбіт күннің әрбір атқан таңына шүкіршілік етеміз. Жастарға айтарым және олардан тілейтінім, бір-бірін сыйласа, бір-біріне мейірімді болса, тек жақсылық ойласа екен». Атамыздың кеудесіндегі «Еңбек Қызыл Ту», ІІ-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен «Жеңістің 20, 30, 40, 50, 60 жылдығы», «Қарулы Күштерге 70 жыл», «Еңбек ардагері» медальдары жорық жолдарындағы ерлігінен хабар бергендей [1; 98].

Жастық өмірін майдан даласының өмір мен өлім арасындағы арпалысына арнаған соғыс ардагерінің бірі — жақаштық Өнербай Молдабаев. Ол 1926 жылдың 23 ақпанында Жамбыл облысының Байзақ ауданына қарасты Батырақ ауылында дүниеге келген. Тегістік ауылындағы орта мектептің 4 сыныбын бітірген. Облыс орталығындағы бір жылдық мал емдеу курсын тәмамдап, колхозшы болып жұмыс істеген. Бұрынғы Фрунзе ауылынан Свердлов ауданының әскери комиссариатынан майданға 1944 жылы шақырылған. 209-запастағы атқыштар полкінде қатардағы жауынгер, 1945 жылы пулеметшы болып, Кенигсберг қаласын алуға қатысқан. Аталған қаланы азат етудегі көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылған. Бұдан соң Берлин бағытындағы сұрапыл шайқаста арқасынан, тізесінен ауыр жарақат алып, № 12 Киров госпиталінде бес ай жатып емделген соң, 1946 жылы елге оралған. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендері және «Маршал Жуков» медалімен марапатталған [1; 103].

Қорытынды

Қорыта айтқанда, Жамбыл облысы Ұлы Жеңіске өз үлесін қосып, Ұлы Отан соғысында одақтық маңызға ие болған аймақтардың бірі. Отан үшін майданда от кешкен жауынгерлердің ерліктері мен тылда еңбек еткендердің қажыр-қайраты ұрпақтан-ұрпаққа жететін өшпес үлгі, өлмес өнеге. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан тарихына қатысты әлі де зерттеуді қажет ететін мәселелерді қарастыруға ат салысып, зерделеп, болашақ ұрпаққа өнеге ретінде жеткізу тарихшылардың алған қойған мақсаттарының бірі.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Тараз. Жамбыл облысы энциклопедиясы. — Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2003. — 576 б.
  2. Жамбыл облысының мемлекеттік архиві. Қ. 282. Т. 1. І. 453.
  3. Жамбыл облысы Ұлы Отан соғысы жылдарында (1941–1945 жж.) / бас ред. М.Қ. Қойгелдиев. — Алматы: «Арыс», 2015. — 584 б.
  4. Жамбыл облысының мемлекеттік архиві. Қ. 282. Т. 1. І. 339.
  5. Ордабеков С. Отан үшін отқа түскен жамбылдық медицина қызметкерлері / С. Ордабеков // Арай. — 2015. — № 19. — Б. 4–8.
  6. Басин В.Я. Тяжелая промышленность Казахстана в Великой Отечественной войне / В.Я. Басин. — Алма–Ата: Наука, 1965. — 164 с.
  7. Мурманцева В.С. Советские женщины в Великой Отечественной войне / В.С. Мурманцева. — М.: Знание, 1987. — 272 с.
  8. Жамбыл облысының мемлекеттік архиві. Қ. 282. Т. 1. І. 656.
  9. Рысдәулет М. Солдат жары / М. Рысдәулет. — Тараз: Формат-Принт баспасы, 2018. — 124 б.
  10. Жамбыл облысының мемлекеттік архиві. Қ. 341. Т.1. І. 146.
  11. Жамбыл облысының мемлекеттік архиві. Қ. 341. Т. 1. І. 197.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.