Мақалада революцияға дейінгі Ресей империясы Қазақстан суретшілерінің тарихи өлкетануына байланысты қосқан үлесі қарастырылған. Орынбор даласы, Ор қамалына, кейінірек Каспий теңізі жағалауы мен Маңғыстау түбегіндегі Новопетровск бекінісіне он жылдай (1847–1857) жер аударылған ұлы украин ақыны және драматург, суретші — Т.Г. Шевченконың (1814–1864 жж.) салған суреттері мен көркем туындыларында қазақ халқының Батыс, ішінара Оңтүстік Қазақстанның жерлері көрініс тапқан. Қазақ халқының тұрмысы мен өлкетануына тікелей қатынасы бар, ландшафттық пейзаж, графикалық жұмыстар мен көркемөнер суреттерінің туындауына Арал (1848–1849) және Қаратау экспедицияларына қатысуы себеп болған. Батыс Сібір және Солтүстік Қазақстанның материалдық мәдениеті мен сәулет өнері Ресейдегі Томск қаласының пейзажист-суретшісі П.М. Кошаровтың (1824–1902 жж.) альбомдарында суреттелген. 1852–1857 жылдары Жетісудағы П.П. Семенов-Тян-Шанскийдің экспедициясына қатысу барысында Қапал-Арасан және тағы басқа минералды көздерді, Верный қаласын көркемдеген. «Эсселер, эскиздер, естеліктер» (1883), «Түркістан. Этюд және натура» (1874) иллюстрациялық кітабы мен «Түркістан топтамалары» (1871– 1874) атты суреттің авторы В.В. Верещагиннің (1842–1904 жж.) көркемөнер туындыларында Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу бейнеленген. Орыс географиялық қоғамының Жетісудағы бөлімінің ұйымдастырушысы, Түркістан археология әуесқойларының мүшесі — Н.Г. Хлудов (1850–1935) қарастырылып отырған мәселелерге өзінің үлесін қосты. Жетісу, Іле Алатауына арналған көркемөнер туындыларын жарыққа шығарған. Сонымен, мақалада жоғарыда аталған суретшілердің революцияға дейінгі еңбектері, қосқан үлесі жан-жақты қарастырылған.
Кіріспе
Мақаланың өзектілігі бейнелеу өнері саласында ұлттық өлкетанудың дамуын зерттеудегі қазақстандық тарихнамадағы олқылықтардың орнын толықтыру қажеттілігімен байланысты.
Бұл ұсынылған көркемдік мәселелерге бет бұруымыз XIX-XX басындағы орыс суретшілерінің Қазақстан мен оның жекелеген аймақтарын бейнелейтін шығармаларына заманауи көзбен қарауға деген талпыныс тарихи өткенге деген қызығушылықтан ғана туындап отырған жоқ, осы тақырып аясында әлі жеткілікті зерттелмеген бұл мұраны тарихи және этномәдени тұрғыдан зерделеу бүгінде өте маңызды.
Қазақстан аумағында орыс және еуропа суретшілерінің шығармашылығын мәдени-тарихи процестер аясында зерттеу XIX–XX ғасырдың басындағы Қазақстан өлкетануының күрделі даму жолын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Оның қызықты қырларын айшықтап, көлеңкеде қалған жақтарын ашып, сол кезеңнің өнердегі орнын анықтауға септігін тигізеді. Жұмыс барысында ақпарат көзі ретінде баяндамаға құрылымдық және мазмұндық жағынан жақын ғылыми әдебиетпен қатар біз зерттеп отырған орыс және еуропа суретшілерінің шығармашылық өміріне арналған жазбалар да пайдаланылды. Өнертанушылардың мұндай ғылыми еңбектері көркемдік стилистикалық талдау жағынан терең және іргелі болғанымен, ол еңбектерде суретшілердің шығармашылығындағы қазақстандық кезеңге жіті көңіл бөлінбеген, сондықтан олардың көркемдік, эстетикалық және тарихи, мәдени маңыздылығына лайықты баға берілмегенінің көрсеткіші деп білеміз.
Зерттеу нысаны — біз қарастырып отырған суретшілердің бейнелеу өнеріндегі көркемдік тілдің коммуникативтік қызметі, ол өз кезегінде этносаралық мәдени байланыстардың генезисі мен даму аспектісінде зерделенеді.
Зерттеу пәні — аталмыш кезеңдегі бейнелеу өнерінің жағдайын ұлттық өлкетану тарихы аясында қарастыру.
Әдіснамалық тұрғыдан мақала өнер мен мәдениетті рухани және материалдық құндылықтардың жиынтығы ретінде ғана емес, өзіндік динамикасы мен диалектикасы бар үрдіс ретінде түсінуді көздейтін барлық гуманитарлық зерттеулерге ортақ тарихилық қағидасына негізделген. Классикалық өнертанудың әдіснамалық жетістіктеріне сүйене отырып, біз көркемдік-тарихи үрдісті суретшінің дарыны мен ол өмір сүрген кезеңдегі объективті әлеуметтік, экономикалық, идеологиялық және мәдени жағдайлардың өзара әрекеттесуінің нәтижесі деп түсінеміз. Бұл жұмыста қолданылған негізгі әдістер: хронологиялық әдіс, ол көркемдік-тарихи процесті дәйекті түрде қалпына келтіруге мүмкіндік береді; тарихи-салыстырмалы әдіс, оның міндеті белгілі бір аймақтардағы өнердің даму ерекшеліктерін көрсету және жалпы бейнелеу өнеріне тән белгілерді анықтауға бағытталған көркем шығармаларды сараптайтын көркемдік-стилистикалық әдіс. Осы мақала үшін экстраполяция принципі маңызды болып табылады, сонымен қатар зерттеу нысанын жалпы тарихи жағдайда қарастыруға мүмкіндік беретін жүйелік тәсіл де қажет.
Негізгі бөлім
Батыс Қазақстан аумағы мен халқы, сонымен бірге ішінара Оңтүстік Қазақстанның өмірі Т.Г. Шевченконың (1814–1864) шығармашылығында көрініс тапты. Көрнекті украин жазушысы және ақыны, дарынды суретшісі Украинаның, Ресейдің және Қазақстанның жаңа тарихында жарқын із қалдырды. Оның көркемдік мұрасында 1000-нан астам аяқталған шығармалар бар, олардың ішінде 1830–1861 жылдар аралығында әртүрлі тақырыптарға жазылған, тек 835 кескіндеме, портреттер, суреттер, эскиздер мен этюдтер сақталған. Олардың сюжеттерінде портреттер, тарихи, мифологиялық және тұрмыстық тақырыптар, жергілікті тарих пен қазақ халқының өмірімен тікелей байланысты сәулеттік және табиғи-ландшафттық көріністер бейнеленген. Тарас Григорьевич бар болғаны 47 жыл ғана өмір сүрді, оның 34 жылын тұтқында өткізді: 24 жыл басыбайлы болды, 10 жылдан астам жер аударылды және 13 жыл ғана азат адам ретінде өмір сүріп, оның өзінде 4 жыл жандармерияның күнделікті қатал бақылауында болды.
Т.Г. Шевченко 1814 жылы Украинада Киев губерниясының ауылында басыбайлы шаруаның отбасында дүниеге келді. 12 жасында басыбайлықта тұлдыр жетім қалып, помещик Павел Энгельхардқа қызметші болып алынды. 1829 жылы онымен бірге Вильноға, содан соң 1831 жылы Петерборға кетті. Мұнда 1835 жылы ол өзінің жерлесі, жас суретші И.М. Сошенкомен танысып, көп ұзамай ол арқылы Петербордың беделді мәдениет қайраткерлерімен кездесті. Олар Шевченконың бойындағы ерекше дарынды байқап, 1838 жылы 24 жасында оны 2500 рубльге құлдықтан босатып алды [1]. Азат болған Т.Г. Шевченко Өнер академиясына еркін тыңдаушы ретінде дәріс алуға мүмкіндік алды. Майлы және су бояумен, қарындашпен сурет салудан ерекше қабілеттерін көрсетіп, әйгілі К.П. Брюлловтың шәкірті болды. 1845 жылы Академияны тәмамдағаннан кейін ол отанына оралып, Киев археографиялық комиссиясының суретшісі болды. Алайда, 1847 жылы 5 сәуірде ол Ресей империясындағы крепостнойлық жүйені жою үшін күрескен құпия ұйым — Кирилл мен Мефодий қоғамына қатысты деген жаламен қамауға алынды. Тарас Григорьевич Ор бекінісінде орналасқан Бөлек Орынбор корпусының 23-атқыштар дивизиясының 5-батальонының қатардағы сарбазы ретінде 10 жылға жер аударылды, содан соң Маңғышлақтағы Новопетровский бекінісіне жіберілді [2]. Сондай қиын жағдайға да, Николай І патшаның үкіміне де қарамастан ол астыртын түрде шығармашылықпен айналысып, көркем шығармаларды дүниеге әкелді, өлеңдер жазды.
1848 жылдың сәуірінен 1849 жылдың қарашасына дейін Шевченко зерттеуші және штурман А.И. Бутаков басқарған «Константин» шхунасының экипаж құрамына күзетші-сарбаз болып енді. Бұл жағдай да оның дарынының толыққанды ашылуына оң әсерін тигізді. Осы уақыт аралығында ол 70- тен астам поэтикалық шығарма жазып, 160-тан астам түрлі-түсті суреттер мен акварельдер жасады. Қазақстанның тарихи өлкетануы бойынша олардың ішіндегі ең маңыздылары сол кезеңдегі форттар мен бекіністердің бейнелері: «Қарабұтақ форты», «Ырғыз қала бекінісі», «Райым бекінісі», оның ішкі, сыртқы көрінісі, «Сырдария айлағы», «Қос арал фортындағы шхуналар», «Қосаралдағы шамшырақ», «Қосарал бекінісінің қысқы көрінісі», «Арал жағасында», «Арал теңізінің тік жағалауы», «Көкарал», «Барсакелмес аралы», «Қосаралдағы қыстау», «Құландыдағы Дос молданың бейіті» сияқты жергілікті ландшафттың көрінісі өте тартымды, соның ішінде «Даладағы өрт» сияқты пейзаждар ерекше көзге түседі.
Т.Г. Шевченко (1814–1864)
Қара-Бұтақ форты
Атты қазақ
Райым бекінісі
Экспедиция аяқталысымен 1850 жылдың көктемінде патшаның шығармашылыққа тыйым салған үкімін бұзғаны үшін деген айыппен Т.Г. Шевченко қайтадан қатауға алынып, қиядағы бекініске — Маңғышлақ түбегіндегі Новопетровский фортына қатаң қадағалауға алынды. Ол сол жерде сыртқы әлеммен қатынассыз қиыншылыққа толы 7 жылын өткізді. Әйтсе де, 1851 жылы ол Қаратау мен Ақтауға жер қойнауындағы пайдалы қазбаларды зерттейтін геологиялық экспедицияға қатысып, оның ішінде Қаратау мен Ақтау көмір кен орындарын зерттеді. Маңғышлақтағы ежелгі ескерткіштердің, оның ішінде Қанға алқабындағы «Ханга баба», «Ханга баба құлпытасының» эскиздерін жасаған суретшілердің біріншісі және бірегейі болды. Осы жерде салынып және қазіргі кезде Қазақстанның Форт-Шевченко қаласындағы мемориалдық мұражайға, сонымен қатар Киевтегі Т.Г. Шевченконың Мемлекеттік мұражайында көрмеге қойылған көптеген суреттер ішінен «Новопетровский бекінісі маңындағы тұрғын үй», «Маңғышлақ түбегіндегі Түк қарағай мүйісі», «Маңғышлақ бағы», «Тақуа жартасы» сияқты туындыларын атап өтуге болады.
1855 жылы Николай І патша қайтыс болып, оның мұрагері Александр II билікке келген соң ғана Т.Г. Шевченко граф Ф.П. Толстойдың жанұясының ықпал етуінің арқасында 1857 жылы босатылып, Петерборға заңды түрде оралу құқығына жетті. Өмірінің соңғы жылдарында ол бейнелеу өнерінің мыс оюы саласында елеулі нәтижеге жетті. Сондықтан 1860 жылы Өнер академиясының жалпы жиналысы мен Ғылыми кеңесі суретшіге құрметті академик атағын берді [3].
Томск қаласының пейзаж суретшісі П.М. Кошаровтың да (1824–1902) Солтүстік және Шығыс Қазақстанның, сондай-ақ Жетісу өңірінің сәулетін, материалдық мәдениетін бейнелейтін альбомдары
мен эскиздері ерекше көрінеді. Ол 1840–1846 жылдары Императорлық өнер академиясында оқып, К.П. Брюллов, И.К. Айвазовский, М.Н. Воробьевтан дәріс алған [4; 9–10].
1854 жылдан өмірінің соңына дейін ол Сібірдегі Томск қаласымен байланысты болды, мұғалім және суретші, «Сибирский художественный листок» журналының баспагер-редакторы болып жұмыс істеді. Бұл жерде өзінің ойға алған «Художественно-этнографические рисунки Сибири» атты топтамасын жүзеге асырды [5].
Оның шығармашылығында Сібір, Алтай, Тянь-Шань, Ыстықкөл, Томск және оның маңайындағы көріністер елеулі орын алады. Сонымен қатар портреттер, этнографиялық нұсқалар, тұрмыстық суреттер оның графикалық және бейнелік жұмыстарында айқын сипатталған.
1856 жылы жазда П.М. Кошаров рудалы Алтайды зерттеу мақсатында Алтай тау экспедициясына іс-сапарға жіберілді. Ол қажет географиялық, геологиялық және археологиялық суреттерін дайындауы тиіс еді. Алтайдан суретші тау мен өзен алқабының табиғи пейзажын алып келді. Әсіресе, Қазақстанның Ресеймен шекарасы өтетін Алтайдың тамаша тауы — Белуханың бейнесі, сонымен бірге «Бұқтырма бекінісі мен Өскемен қаласы арасындағы Ертіс өзені» картинасы ерекше болды. Алтайдың жергілікті халықтарының тұрмысы, елді-мекендері, баспанасы, киім- кешектері, тұрмыстық бұйымдары жайлы әртүрлі суреттері жинақталған папкасы айтарлықтай қызығушылық тудырады. Суретші бұл папканы кейін бөлек этнографиялық альбом ретінде шығарған [6; 51–59].
Бұқтырма бекінісі мен Өскемен қаласы арасындағы Ертіс өзені
П.М. Кошаров (1824–1902)
1857 жылы танымал саяхатшы П.П. Семеновтың басшылығымен Тянь-Шаньның таулы жүйесін зерттеу бойынша Орыс географиялық қоғамының ғылыми экспедициясы құрамында суретші ретінде қатысты. Алтай, Тарбағатай, Семей қаласы, Жетісу мен Іле Алатауы, Шелек пен Меркі өзендеріне, Балқаш көліне барды [7]. Сапар нәтижесінде Хан-Тәңірі тауының шыңы, жергілікті тұрғындардың портреттері, тарихи ескерткіштер, тұрмыстық бұйымдар мен киім-кешектер суреттері секілді туындылар дүниеге келіп, олардың бір бөлігі болашақта суретшінің «Виды природы в Тянь-Шане. Его жителей Дико-Каменных и Большой Орды киргизов» атты этнографиялық альбомына енді [8; 33– 39; 9; 147–193].
1860 жылы суретші Томск қаласында өз картиналарының көркем көрмесін ұйымдастырып, онда жоғарыда көрсетілген екі экспедицияның барысында дүниеге келген туындыларын қойды [10; 147– 193].
Бүгінгі күні П.М. Кошаровтың Алтай және Тянь-Шань сериясына жататын шығармалары Томск музейінде, Томск мемлекеттік университетінің Ғылыми кітапханасында, Орыс географиялық қоғамының архивінде, Санкт-Петербордағы Ұлы Петр атындағы Ресей Ғылым академиясының Антропология және этнография музейінің алдыңғы және Орта Азия бөлімінде сақтаулы [11]. Ол шығармаларда жергілікті халықтардың этнографиялық бейнелері, киім-кешектері, бұйымдары, қару- жарақтары, елді-мекендердің пейзажы бейнеленіп, кейін Орта Азия, Қазақстан және Алтай жайлыжурналдар мен кітаптарда жарыққа шыққан. Олар «Киргизский край» [12] және «Туркестанский край» [13], «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты көптомдық серияларын қосқанда П.П. Семеновтың иллюстрациялық кітабында кеңінен пайдаланылды.
Оңтүстік Қазақстан және Жетісу бейнесі «Туркестан. Этюд с натуры», «Очерки, наброски, воспоминания» атты иллюстрациялық кітаптардың және «Туркестанские серии» картиналарының авторы, орыс суретшісі В.В. Верещагиннің (1850–1935) туындыларында орын алған.
Бай қырғыз (қазақ) аңшысы сұңқармен
В.В. Верещагин (1842–1904)
Мешіт есігінің алдында
Тау көрінісі
1873 жылы Василий Васильевич құрастырған «Туркестанские серии» атты жинақта 1867–1868, 1869–1870 жылдары және одан кейінгі уақытта Ресей империясы Түркістан аумағын жаулап алғаннан кейінгі кезеңде болған сапарлары барысында туындаған 230 шығармасы енген. Ол Түркістан генерал- губернаторлығына әскери қимылдармен офицер және К.П. Кауфман жанына хатшы-суретші ретінде жіберілген [14].
Суретшінің «Туркестанская серия» атты жинағы қалың көрерменге қираған қала маңындағы үйіліп жатқан бас сүйектер мен оған қонған өлім символы — қарға-құзғындар бейнелеген «Апофеоз войны» суретімен ғана танымал емес. Кейін Германиядағы мюнхен коллекциясына арқау болған картиналар, суреттер және табиғат көріністері, этюдтер осы аумақ халқының бейбіт өмірін, қазақ отбасының көшіп-қонуын, салтанатты киіз үй бейнелері суреттелді. Өлкетанушыларды қызықтыратын қала мен қоныстардың, бекіністер мен тарихи ескерткіштердің суреттері де осы қатарға кіреді. Генерал В.П. Перовский әскерлерінің атқылап, қиратқан Ақмешіт бекінісі суреті де жатқызылады [15; 79–81].
В.В. Верещагиннің «Туркестан. Этюды с натуры» альбомындағы 26 беттегі 106 сурет те өлкетанулық сипатқа ие [16]. Олардың ішінде «Старая крепость по дороге из Чимкента в Ташкент», Қ.А. Яссауиге арналып салынған «Мечеть в городе Туркестане», «Нищенствующие монахи ордена Накшбанди у входа в мечеть в Туркестане» суреттерін ерекше атап көрсетуге болады.
Түркістанға арналған көптеген картиналар мен суреттер 1869 жылы К.П. Кауфманның көмегімен Санкт-Петерборда, сондай-ақ 1873 жылы Лондонда және 1874 жылы Мәскеуде ұйымдастырылған В.В. Верещагиннің жеке көрмесінде қойылды. Аталған көрмелерде 13 картина, 81 этюд, 133 сурет ұсынылған. «Туркестанская серия» жинағын қазіргі күні Мәскеудегі атақты Ресей мемлекеттік Третьяков галереясы иеленген меценат және коллекционер П.М. Третьяков түгелімен сатып алады [17].
Суретшінің көптеген танымал шығармалары Жетісу мен Қырғызстанға арналған. Ол бұл аймақтарда және циньдік Қытаймен шекаралас қалалар мен елді-мекендерге 1869 жылдың жаз-күз айларында келіп, Алакөлде болып, Алатаудың таулы асуларына көтерілген. Осы саяхаты кейін «Богатый киргизский охотник с соколом», «Виды гор близ станции Лепсинской», «Окружающие Лепсинский край горы», «Виды гор в долине реки Чу» атты туындыларында өз көріністерін тапқан [18].
В.В. Верещагиннің жоғарыда аталған шығармаларының басым бөлігі Мемлекеттік Третьяков галереясында, Мәскеудегі этнография музейінде, АҚШ-тың Бостон өнер музейінде және т.б. қалалардағы музейлерде сақталған. Аталған шығармаларының көпшілігі Мемлекеттік Третьяков галереясында, Мәскеудегі этнография мұражайында, АҚШ-тың Бостон өнер мұражайында, сондай-ақ басқа да қалаларда орналасқан.
Ресей және Қазақстанның танымал суретшісі, этнограф және өлкетанушы Н.Г. Хлудов (1850– 1935) біз қарастырып отырған мәселеге қатысты үлкен үлес қосты. Ол алдымен Одесса сурет мектебін (1874), содан кейін Петербор қаласының көркем шеберханасын бітірген. 1879 жылы Қазақстанға келе салысымен Түркістан генерал-губернаторлығының Әскери халық басқармасында топограф қызметін, ал 1884 жылы Верный қаласында Жетісу облыстық басқармасының жер өлшеушісі қызметтерін атқарады [19; 10]. Бұл оған Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Қазақстан
халқының тұрмысы мен өмірін, табиғатын жақын тануға мүмкіндік берді.
1886 жылы Николай Гаврилович геолог И.В. Игнатьев пен ботаник А.Н. Красновтың Хан Тәңірі тау ландшафтын зерттеу бойынша экспедициясында топограф, суретші және фотограф ретінде қатысады. Біз үшін осы аталған экспедицияның қорытындысы бойынша дайындалған 13 акварельден тұратын альбом қызығушылық тудырады. Олардың арасында «Главный пик Тянь-Шаня — Хан- Тенгри» [19; 12] шығармасы кеңінен танылған.
1887 жылы 28 мамырда суретші И.В. Мушкетов басқарған Верный жер сілкінісінің мен салдарын зерттеу бойынша ұйымдастырылған экспедиция құрамына кірді. 1883–1887 жылдары осы екі экспедиция барысында Николай Гавриловичтің атқарған жемісті еңбегі мен кәсібилігі Орыс Императорлық Орыс географиялық қоғамының күміс медалімен [20; 138–148], сонымен қатар ІІІ дәрежелі Қасиетті Анна және Қасиетті Станислав ордендерімен марапатталды [21; 19].
Осы және кейінгі жылдары Н.Г. Хлудов Верный жоғары училищесінің сурет салу және сызу пәнінің оқытушысы; семинария, қыздар гимназиясы мен ауыл шаруашылық техникумының мұғалімі; археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің мүшесі; Орыс географиялық қоғамының Жетісу бөлімінің негізін салушысы болды. Ол Түркістан генерал-губернаторлығының көркем портреттері мен безендіру тапсырыстарын орындау бойынша тапсырыстар алды.
Экспедиция және қызметтік іс-сапарлар барысында кәсіби міндеттерін орындаумен қатар, суретшіні Жетісу табиғатының сұлулығы еліктіріп, нәтижесінде ол жергілікті жердің қайталанбас мұздықтары, алқаптары, өзендері мен көлдері бейнеленген эскиздер мен суреттер туындады. Аймақтың көшпелілер мен отырықшы халқының мәдениеті, тұрмысы мен шаруашылық өмірін барынша суреттеді. Олар, ең алдымен — қоныстар, стационарлық және тұрақты баспаналар, сонымен қатар жылжымалы баспаналар — киіз үйлер еді. Осы аталған баспаналардың алғашқысы Іле Алатауының баурайында алыстан және жақыннан бейнеленген. Ол қатарға 15 картина мен этюдтер жатады, олардың ішінде азамат соғысы жылдарындағы Қазақстанның жағдайы бейнеленген «Разгром аула», тұрақты баспана мен киіз үй көрініс тапқан «Домики на фоне горы» және «Зимовка» суреттері бар. «Юрта в горах», «В юрте», «Жайляу», «Внутренность казахской юрты» және т.с.с. суреттерді
қоса алғанда 30-ға жуық картиналар киіз үй және оның ішкі интерьеріне арналған. Аталған суреттер Жетісу қазақтарының көшпелі тұрмысын бейнелейтін картиналарды құрайды. Ең алдымен, көшпелілердің көшіп-қонуына арналған: «Кочевье в горах», «Богатое кочевье», «Перекочевка в бурю», «Траурное кочевье». Суретшінің туындыларының басым бөлігі аумақтың көшпелі және отырықшы тұрғындарының шаруашылық-мәдени өміріне арналып, төрт түлік мал түрлері мен оларды бағу ерекшеліктерін қамтыған.
Н.Г. Хлудов (1850–1935)
Жайлау
Бай көшпенді
Киіз үйде
Өткеннің мұрасымен, әсіресе ескі интеллигенция өкілдерімен қатаң күрескен тоталитарлық кеңестік билік тұсында да Н.Г. Хлудовтың кәсібилігі сұранысқа ие болды. Дегенмен, 1920 жылы ол Верный қаласында жеке көркем студияны ұйымдастырып, қаржыландырады. Ол студия 1930 жылға дейін қызмет еткен. Аталған студияда Ә.Қастеев, С.Чуйков, А.Бортников және т.б. қазақ бейнелеу өнерінің болашақ корифейлері алғашқы білімдерін алған. Тіпті 1925 жылы ол Жетісуда тұңғыш көркем көрме, 1930 жылға дейін өзінің жеке көрмесін ұйымдастырып, 1927, 1934 жылдары Мәскеу қаласында өткен көркем көрмелерге қатысқан [22; 227–228].
Атап өтетін жәйт, Г.Н Хлудовтың туындылары Алматы, Бішкек, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларының мұражайларында және басқа да жеке коллекцияларда бар. Оның шығармаларының ең үлкен бөлігі, яғни 214 суреті — Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінің қорында, оның ішінде 117 кескіндеме, 39 қарындаш суреті, 55 акварель мен этюд және сурет салынған 3 альбомы сақталған. Суретшінің 35 кескіндеме жұмыстары Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының коллекциясында да бар [21; 18–19].
Қорытынды
Қазақстан өлкесі өзінің бай тарихы мен мәдениеті арқылы ХІХ-ХХ ғасырдың басында көптеген орыс және европалық зерттеушілердің шығармашылық шабытының қайнаркөзіне айналды. Егер еуропалық шығыстану, сәйкесінше бейнелеу өнері Таяу Шығыс материалдарына негізделген болса, орыс өнері қалыптасқан тарихи жағдайда өзіндік ерекшелігі бар, әлі әлсіз танылған, жаңа және ерекше бастау — Қазақстан және Түркістанға бағытталды.
Орыс және европалық өнер Қазақстан мен Түркістан проблематикасы боялған сегменттерді осы аумақтың халқының өмірі жайлы өз замандастарына жеткізе алды ма деген сауалға жауап берер болсақ, көшпелілер мен отырықшы халықтардың тұрмысы көбіне үстірт сипатта болды. Ал, арнайы ресми тапсырыс бойынша дайындалған жұмыстарда тарихи шындық Ресейдің ресми ортасы ұстанған идеологиясы мен олардың эстетикалық талғамдарына сәйкес насихаттық стереотиптермен ығыстырылды. Алайда, осыған қарамастан, көптеген жекелеген орыс және еуропалық суретшілердің жұмыстарында ресми ұстанымдарға қарамастан жергілікті халықтың өміріне, мәдениетіне деген шынайы назар аударылып, тарихи оқиғалардың басты мәнін түсінуге талпыныстар жасалды.
Қорытындылай келе, Т.Г. Шевченко, П.М. Кошаров, В.В. Верещагин және Н.Г. Хлудовтың иллюстрациялық материалдарын талдай отырып, олар революцияға дейінгі Қазақстанның тарихы мен мәдениетін тану үшін ғылыми, тарихи-мәдени және танымдық қызығушылық тудырған тамаша туындыларды дүниеге әкелді. Суретшілердің туындыларында, тіпті жазба мәтіндерінде де «бөгде адамдардың» мәдениетіне деген немқұрайдылық немесе менсінбеушілік байқалмайды. Аталған авторлардың шығармалары тек қана танымдық қызығушылық емес, Қазақстан тарихы мен мәдениеті үшін ғылыми, тарихи-мәдени маңызға ие екені сөзсіз.
Мақала Мәдениет және спорт министрлігінің № BR08555285 «XIX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі Қазақстан тарихы мен мәдениеті туралы фотоқұжатты деректер (отандық музейлер коллекциясы бойынша). Ғылыми каталог» гранттық жобасы аясында орындалған.
Әдебиеттер тізімі
- Красицкий Д.Ф. Тарас — художник: рассказы о юности Т.Г. Шевченко / Д.Ф. Красицкий. — Киев: Радуга, 1973. — 140 с.
- Паламарчук Г.П. Тарас Шевченко / Г.П. Паламарчук. — Киев: Мистецтво, 1976. — 352 с.
- Чалый М.К. Жизнь и произведения Тараса Шевченко / М.К. Чалый. — Киев: Типогр. К.Н. Милевского, 1882. — 281 с.
- Снитко Л.И. Первые художники Алтая / Л.И. Снитко. — Л.: Художник РСФСР, 1986. — 155 с.
- Кошаров П.М. Художественно-этнографические рисунки Сибири / П.М. Кошаров. — Томск, 1889. — 48 л.
- Колосова Г.И. Алтайская тема в графических работах художника П. Кошарова / Г.И. Колосова // Вестн. Том. гос. унта. Культурология и искусствоведение. — 2014. — № 4 (16). — С. 51–59.
- Семенов-Тян-Шанский П.П. Путешествие в Тянь-Шань / П.П. Семенов-Тян-Шанский. — М.: Географгиз, 1958. — 278 с.
- Колосова Г.И. Этнографический альбом художника П.М. Кошарова «Виды природы в Тянь-Шане» в научной библиотеке Томского университета / Г.И. Колосова // Вестн. Том. гос. ун-та. Культурология и искусствоведение. — 2015. — № 4 (20). — С. 33–39.
- Абрамзон С.М. Этнографический альбом художника П.М. Кошарова 1857 г. / С.М. Абрамзон // Сб. Музея антропологии и этнографии. — М., 1953. — Т. 14. — С. 147–193.
- Кошаров Павел Михайлович // Томск от А до Я: Краткая энциклопедия города. — 1-е изд. — Томск: Изд-во НТЛ, 2004. — С. 168, 169.
- П.М. Кошаров: рисунок, живопись, литография: каталог-альбом / Сост., автор предисл. Г.И. Колосова. — Томск: Изд. дом Том. гос. ун-та, 2018. — 378 с.
- Россия. Полное географическое описание нашего отечества. — Т. XVIII. Киргизский край. — СПб.: Изд-во А.Ф. Девриена, 1903. — 517 с.
- Россия. Полное географическое описание нашего отечества. — Т. XIХ. Туркестанский край. — СПб.: Изд-во А.Ф. Девриена, 1905. — 428 с.
- Лебедев А.К. Василий Васильевич Верещагин / А.К. Лебедев, А.В. Солодовников. — Л.: Художник РСФСР, 1987. — 180 с.
- Жабцев В.М. Василий Васильевич Верещагин / В.М. Жабцев // Русская жанровая живопись. — Минск: Харвест, 2008. — С. 79–81.
- Туркестан. Этюды с натуры В.В. Верещагина. — СПб.: В магазине А. Беггрова, 1874. — 26 л. илл.
- Володарский В.М. Василий Верещагин / В.М. Володарский. — М.: Белый город, 2000. — 64 с.
- Василий Васильевич Верещагин: альбом. — М.: Изобразительное искусство, 1974. — 72 с.
- Чеботов Д.И. Николай Гаврилович Хлудов: жизнь и творчество / Д.И. Чеботов. — Алма-Ата, 1956. — 86 с.
- Болкоев Ф. Творчество Н.Г. Хлудова / Ф. Болкоев // Мәдени мұра = Культурное наследие. — 2015. — № 5 (62). — С. 138–148.
- Николай Гаврилович Хлудов. Каталог произведений: живопись и графика. — Алматы: Эффект, 2003. — 288 с.
- Мендешева Р.А. Творческий вклад русских художников в искусство Казахстана / Р.А. Мендешева // Cuadernos de Rusística Española. — 2011. — № 7. — Р. 227–231.