Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Ұлттық тарихнамадағы Алаш зиялылары еңбектерінің маңызы

Мақалада ХХ ғасырдың басындағы Алаш зиялыларының еңбектерін Отандық тарихтың тарихнамасындағы тұжырымдамалық мәнін қарастырып, еңбектерге талдау жасалған және олардың методологиялық мәні туралы баяндалған. Бүгінгі таңда қоғамымыздың тарихи санасын жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Өз еліміздің тарихын тану арқылы ғана өткен ғасырдың соңында қол жеткізген тәуелсіздігіміздің қадіріне жете аламыз. Қазақ халқының тарихына үңіліп қарасақ, еліміздің азаттық пен тәуелсіздік жолындағы күресі ешқашан толастамағанын аңғарамыз. Осынау жүздеген жылдарға созылған күрес жолында ХІХ мен ХХ ғасыр тоғысындағы зиялылардың алатын орны ерекше. ХХ ғасырдың басы алып адамдарды қажет еткен әрі осыған орай өздерінің ойлау, болжау қасиеттері айырықша, энциклопедиялық білім, талғам-танымдары жан-жақты алыптарды дүниеге келтірген заман болды. ХХ ғасырдың басында өмір сүрген ұлт зиялыларының қоғам алдындағы жауапкершілігі, отансүйгіштігі мен биік мақсаттары — бүгінгі ұрпаққа үлкен өнеге. Олар біз үшін халық алдындағы адалдықтың, рухани кемелдіктің, ұлтжандылықтың үлгісі іспетті. Алаш зиялыларының алдыңғы толқыны болып есептелетін осынау тұлғалардың әрбірі мемлекет басқаруға қабілетті еді. Олар Қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін төңкерістік әдіспен күрт өзгертуді емес, қайта оларды өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі дамытуды, білім алып, көппен терезе теңестіруін көздеді. Ең алдымен, қазақтың өз атамекеніне ие болуын мақcат етті. Сол жолда күресті. Сонымен қатар елге демократия, білім-білік алып келу үдерісінің бастауында тұрғандар да — солар болды. Кеңестік кезеңде Қазан төңкерісіне дейінгі жалпы адамзат өркениетінің төрінен орын алған ірі тұлғаларымызға «ұлтшыл» деген жалған айдарлар тағылды. Кеңестік идеология қазақ халқының дарынды тұлғаларының бостандық пен ұлт тәуелсіздігі үшін аянбай атқарған еңбектерін біржақты бағалап, қажетсіз деп тапты. Тәуелсіздікке қол жеткен қазақ еліне есімдері тарихта беймәлім болып келген алаш азаматтарының қайта оралуы халқымыздың сана-сезімі оянып, рухани өмірдің өзгеруіне әсер етті. Міне, сондықтанда Алаш зиялыларының тарихи мұрасының мәнін зерттеу, насихаттау, «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында өзекті мәселе болып табылады. Сонымен қатар, ХХ ғасырдың басындағы алаш зиялыларының еңбектерінде көтерген негізгі мәселелерінің қазіргі кездеде маңыздылығын талдап, тарихи сабақтастығын көрсету мақсатында осы мақала жазылды.

Кіріспе

Тарихымыздың отандық тарихнамасының қалыптасуы мен дамуын зерттеу барысында қазақ зиялыларының еңбектерін шартты түрде екі кезеңге бөліп қарастыруды жөн көрдік. Әрине, бұл пікір-талас тудыратыны сөзсіз. Солай болғанмен де, біздің пікірімізше, ұлттық тарихты зерделеу барысында Қазақстанның Ресей құрамында — отарлық жағдай кезеңінде жазылған қазақ зиялыларының тарихи мұраларына ерекше көңіл аудару қажет. Екіншіден, Қазан төңкерісінен кейінгі (1917–1940 жж.) жылдар аралығында тарихтың зерттелуі қазақ зиялыларын да толғандырғаны дау тудырмайтыны анық.

Мақаланың мақсаты ұлттық тарихнамадағы қазақ зиялыларының рөлін көрсету. Осы мақсатқа жету үшін мынандай міндеттерді шешу көзделді. Қазақ зиялыларының тарихи мұраларындағы мемлекет, жер, ұлт-азаттық күрес және тәуелсіздік мәселелеріне арналған еңбектерін талдау.

Қазақ интеллигенциясының туралы шыққан әдебиеттер нақты тарихи материалдарды баяндау әдісіне және хронологиялық бірізділікпен жазуына байланысты шартты түрде төрт топқа бөлуге болады: Бірінше топқа 1920–1930 жж. мерзімді басылымдардағы мақалалар;

Екінші топқа 1940–1985 жж. кеңестік және шетелдік тарихшылардың зерттеулерін жатқызуға болады;

1985–1990 жж. арасындағы отандық және шетелдік зерттеулер тарихнаманың үшінші тобын құрайды;

Төртінші топқа қазіргі кезеңдегі (1995–2017 жж.) қазақстандық және шетелдік ғалымдардың зерттеулері жатады.

Алаш зиялыларының қоғамдық-саяси қызметі тарихын зерттеуде 1920–1930 жж. кеңестік мерзімді басылым беттеріндегі әртүрлі мазмұндағы арнайы ресми тапсырыспен жазылған мақалаларды оқудан басталады.

ХХ ғ. 40-ж. бастап Алаш зиялылары саяси қуғындалып, атылып кеткеннен кейін кеңестік тарихнамада Алаш зиялылры туралы айтылуға тиым салынды.

Қазақ зиялыларының XX ғасырдың басында қоғамдық-саяси қызметін зерттеудегі шын мәніндегі жаңа кезең өткен ғасырдың 80-жылдарының соңына қарай басталды. Оған жол ашып берген бүкіл Кеңестер Одағын қамтыған қайта құру үдерісі, соған байланысты Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанынан тоталитарлық жүйенің құрбаны болған қазақ мәдениеті мен ғылымының көрнекті өкілдерінің шығармашылық мұрасын қайта қарау үшін құрылған комиссияның шешімдері болды. Осы кезеңнен бастап қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси қызметі «дөңгелек столдардың» такырыбына айнала бастайды. «Қазақстан коммунисі» журналы мен «Социалистік Қазақстан» газеті Алаш қозғалысына арналған мақалалар топтамасын жариялайды. Түрлі басылымдарда Алаш қозғалысы қайраткерлерінің қоғамдық қызметі мен саяси көзқарасын талдауға арналған мақалалар жарық көреді.

1990 жылдарының аяғына қарай Алаш зиялылары туралы әртүрлі зерттеулер, мақалалар шыға бастады. Мысалы: В.П. Осиповтың «Всматриваясь в 20–30 годы» деген 1991 жылы шыққан еңбегінде Қазақстан Компартиясының ұйымдық-саяси даму тарихына арналады. Ол өз еңбегінде Қазақстандағы Алаш қозғалысын буржуазиялық, ұлтшылдар, ұлтшыл уклонистер деген айыптауды жалғастырып, Алаш қозғалысының тарихына объективтік баға бере алмаған. Қазақстандағы тарих ғылымының зерттелуіне арналған И.М. Қозыбаевтың 1992 жылы шыққан «Историческая наука Казахстана» деген тарихнамалық еңбегіне ХХ ғ. 40–80 жж. арасындағы тарих ғылымының зерттелу мәселесі жан-жақты берілген.

Алаш қозғалысының тарихын зерттеудің жаңа кезеңі шартты түрде 1995 жылдан басталады деуге болады. Себебі осы жылы, Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы қабылданды. Осыған орай ұлттық тарихқа объективтік баға беріп, тарихи зерттеулер жазу үрдісі басталды.

Алаш қозғалысының ұлттық тарихтағы орнын зерттеудің методологиялық негіздемесі ретінде Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты еңбегін айтуға болады. Еңбектің «Алаш мұрасы және осы заман» деп аталған тарауында «... Жиырмасыншы ғасырдың тарихына зер салатын болсақ, оның алғашқы отыз жылында-ақ қазақ зиялыларының аса көрнекті қайраткерлерінің тұлға танытып үлгергенін байқаймыз.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал», — дей келе, Н. Назарбаев ойын әрі қарай былай деп жалғастырады: «Алаш» партиясының бағдарламасын жүзеге асыру барысында дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыру арқылы бұрынғы қазақ қоғамындағы белгілі қайшылықтардан арылуға мүмкіндік туды. Онда тұжырымдалған өтпелі кезең қағидалары жаңғырту қарекетін біршама жүйелі атқаруға жағдай жасады...».

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, тарихымыздың осы мәселесін зерттей бастаған тарихшы ғалымдардың бірі Кеңес Нүрпейісов болды.

К. Нүрпейісов «Алаш һәм Алашорда» деген еңбегінде Алаш қозғалысымен байланысты мәселелер жан-жақты зерттелді.

Белгілі тарих ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелдиев алғашқылардың бірі болып 1994 жылы «Әлихан Бөкейхан. Публицистика және ғылыми мақалалар» деген еңбегін құрастырды. Бұл еңбекте Ә. Бөкейханның өмірі, қызметі жайлы, оның біраз публицистикалық шығармаларын жинақтап енгізді. Ғалымның кешенді еңбектерінің бірі «Алаш қозғалысы» деп аталады.

Сәкен Өзбекұлының «Арыстары алаштың: тарихи очерктер» деп аталатын еңбегі 1998 жылы жарық көрді. Еңбекте Қазан төңкерісіне дейінгі мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған ұлт болашағы үшін күрескен Алаш зиялыларының азаматтық тұлғалары жан-жақты баяндалған.

Алаш тарихында әлі де зерттеуді қажет ететін проблемалардың бірі Алаш зиялыларының тарихи көзқарастары. Осы мәселеге арналған Т.Омарбековтің «Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас» деген еңбегі жарық көрген [1]. Осы еңбегінде Алаш зиялыларының еңбектеріндегі тарихнамалық мәселелерді және олардың патша үкіметінің отарлау саясатына көзқарастары туралы жанжақты айтылады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан тарихының тарихнамасына байланысты еңбектер шыға бастады. Соның бірі Н.А. Бейсенбекованың Р.Жумашевпен бірлесі жазған «Қазақстан тарихының тарихнамасы» атты зерттеуінде Алаш зиялылары туралы арнайы тараулар бар.

Бүгінде ұлттық тарихнамадағы өзекті мәселелердің бірі — тарихи тұлғалар, мемлекеттің құрылуы, жер мәселесі, ХХ ғасырдың басында Әлихан Бөкейхан, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Мұстафа Шоқай т.б. қазақ зиялыларының тарихи мұраларында қазақ халқының тәуелсіздігі, жерінің азаттығы, азаматтық құқығының жоқ болуы туралы ой-пікірлер, ұсыныстар, азаттыққа жету жолдары туралы терең тұжырымдамалар жасалған.

Зерттеу әдістері

Тарихнамалық зерттеулерде әртүрлі әдістер қолданылады. Соның бірі тарихи тұлғаны зерттеудегі жүйелеу, талдау, салыстыру әдістері. Бүгінгі отандық тарих ғылымы қоғамдық өзгерістердің басында тұрған халық санасын оятуда үлкен рухани сілкініс әкелген тарихи тұлғалардың тарихын жазуда жаңа теориялық және методологиялық тәсілдер әлі толық шешілмеген. Бірақ Ұлы Дала елінің тарихында тұлғалар мұралары арқылы тарихи оқиға мен тұлғаның рөлі туралы жазып қалдырған әдіс-тәсілі бүгінгі ұлттық тарихта тұлғаларға баға берудің тұжырымдасы ретінде қарауға болады. Мысалы, Орхон жазуындағы Күлтегін жырлары арқылы сол дәуірдің ірі оқиғалары, тұлғаның көзқарасы т.б. Сонымен қатар логикалық талдау және талдау мен синтез, тарихи-жүйелік әдістері қолданылып, Алаш зиялыларының ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының алдындағы ұлттық мақсаттары және оған жетудің жолдары жайлы практикалық танымдық маңызы ашылды. Тарихи тұлғалардың еңбектерін баяндаудағы сабақтастықтың Евразия даласында үзілмегендігі сонау VIII ғасырдан басталып ХХ ғасырдың басына дейінгі аралығындағы тарих танудың әртүрлі әдістерінен сабақ алып жазылған осы мақалада тұлғалар еңбектері талданды.

Нәтижелері мен оларды талқылау

Алаш зиялылары еңбектерінің талдауының бастауына Әлихан Бөкейханның еңбектеріне ерекше көңіл бөлдік. Өйткені, ол Алаш қозғалысының ірі қайраткері, көшбастаушысы, азаттық күрестің көсемі ретінде көптеген тарихи мақалалар жазып, басқаларға үлгі болған. Әлихан Бөкейханның еңбектерімен танысып және оларды сараптай келе, оның рухани мұрасын біздің пікірімізше, шартты түрде былайша топтастыруға болады:

Бірінші топқа қазақ тарихы; екінші — қазақ мемлекеттілігі, жер, құқық, сайлау, саяси, ел басқару мәселелері; үшінші — экономикалық және шаруашылық жүргізу мәселелер; төртінші — халық ауыз әдебиеті, бесінші — тұлғатанушылық; алтыншы — сын-пікір, аудармашылық; жетінші — публицистика және журналистика; сегізінші — халықаралық жағдай; тоғызыншы арнайы жазылған ғылыми зерттеулері, мақалалары мен хаттары.

Әлихан Бөкейхан өз еңбектерінде тарих мәселесіне көп көңіл бөлгенін байқауға болады. Оған оның «Қазақ» газетінің 1913 жылғы № 2, № 3, № 5 сандарында «Қазақтың тарихы» деген атпен жарық көрген мақалалар топтамасы дәлел.

«...Тарих — түзу жөнді үйретуші деп айтады. Тарих халықты түзу жөнге сілтеуші болса, оған дүниені де түзушіліктің кітабы. Тіршіліктің жол басшысы деуге де болады. Келешек күннің қандай болашағын білуге тарих анық құрал болады. Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел — қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп, не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады. Дүниеде өзге жұрттар қатарында кем, қор болмайтын, тұқымым құрып қалмасын деген халық өзінің шежіресін имани дәрежесінде ұғып білуге тиіс...

Егер тарих оқысақ, пайдасы бар істің қандай екенін біліп, соны істемекшіміз. Зарарлы істен қашпақшымыз. Бұрынғының оңды ісінен үлгі алмақшымыз. Осы күнде істеп жүрген ісіміз, қылған жұмысымыз, мінез-құлқымыз, сөздің бәрі кейінгілерге тарих болып қалады. Бұрынғының тарихы жазылмай қалушы еді, ендігі тарих күні-түнімен жазылып тұрылады. Кейінгілер ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп алғыс алармыз ба? Жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп қарғыс лағнет аламыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс. Тарих — түзу жөнді үйретуші. Тарих — түзушіліктің кітабы. Тарих тіршілікте жолбасшы дейтініміз осы...» [2, 113–114 б.].

Бүгінгі Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін төл тарихымызды объективті түрде зерттеуге мүмкіндік туды. Тарихы жоқ халық болмайды, біздің халқымыздың тарихы тереңде жатыр. Ұлы Дала елінің тарихы ұрпақтан-ұрпаққа құйма құлақ қариялар арқылы жеткізіліп, шежіре тарқату арқылы бүгінге жетті. Сондықтан да қазіргі заманды түсіну үшін және болашақты болжауда өткен тарихымызды білудің маңызы зор. Алаш арысы Ә. Бөкейханның өз еңбектерінде сол көне тарих туралы жазуы 1995 жылы «Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастырудың тұжырымдамасында» көрсетілгендей, тарихи білімнің іргелі принциптері бола алады. Сонымен қатар өткен тарихты оқып білудің маңыздылығына мемлекет тарапынан көңіл бөлінді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Жарлығымен 1998 жыл «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жарияланды. «Менің тарихқа ден қоюымның сыр-себебі де бүгінгі күннің оқиғаларынан тарихтың «табын» сезінгендігімде деп білемін, егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн» дей келе, тарихымызды бірнеше кезеңдерге бөліп қарастырады [3]. Олай болса, осы терең ойлар «Мәңгілік ел» болып қалу идеясының негізгі ұстанымы және отандық тарихтың тарихнамасын жазудың методологиясы болады деп санаймыз.

Қазақ халқының шығу тегі туралы да Әлихан Бөкейхан арнайы мақалалар жазған. Оның «Қазақтың тарихы» деген мақаласында осы мәселе былайша сипатталады: «...Азия картасының төрттен біріне ие болып тұрған қанша миллион қазақтың тарихы көмескі қалыпта тұрған жайы бар... Тарих жазушылардың ешбірі қазақ пен қырғызды айырмайды. Қазақ-қазақ, қырғыз өз алдына қырғыз, бұлардың арасында аслан ілігі жоқ. Түркімен менен башқұрт қандай басқа-басқа ел болса, қазақ пен қырғыз да сондай басқа-басқа ел... Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ. Осы ғасырдағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе, өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай, және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қылып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып қазақшылығын сақтамақшы» [2, 114–117 б.].

«Формы национального движения в современном государства» атты жинақпен 1910 жылы СанктПетербургте басылып шыққан еңбекте Ә. Бөкейханның «Киргизы» деген көлемді мақаласында қазақтардың шаруашылық жүргізудің мезгілдік түрлерінің (қыстау, көктеу жайлау, күзеу) ерекшеліктері оның тиімділігі және Щербина экспедициясы нәтижесінде қазақтың жер пайдалануының мөлшері туралы нақты деректерді талдай отырып, ХІХ ғ. екінші жартысы ХХ ғ. басындағы қазақ даласындағы патша үкіметінің отаршылдық, қоныстандыру саясатына деген көзқарасын көрсетіп, қазақтардың қоныстанушы орыс шаруаларымен қарым-қатынасы шиеленіскенін жазады. Осы еңбегінде патша үкіметінің Қазақстандағы мәдени-саяси бағыттағы жұмысына тоқтала келіп, қазақ даласындағы мектептердің ашылуы орыстандыру саясатына бағытталғандығын зерттей келе, бұл саясаттың бірте-бірте ұлтазаттық күреске әкелетіндігін көрсетеді [4, 575–600 б.].

Әлихан Бөкейхан қазақ мемлекетінің пайда болуының тарихи кезеңдерін, Кіші жүздің, Орта және Ұлы жүз халықтарының Ресейдің құрамына кіруінің себеп-салдарын көрсетуге арнап «Из переписки (писем) киргизских ханов, султанов и проч.», «Из переписки хана Средней Киргизской орды Букея и его потомков» және «Из бумаг султана Большой Киргизской орды Сюка Аблайханова» деп аталатын мақалалар жазған [5].

Қазақ тарихындағы маңызды мәселелердің бірі ХІХ ғасырдың басындағы Кенесары-Наурызбай бастаған ұлт-азаттық көтеріліс. Осыны зерттеуге арналған «Исторические судьбы Киргизского края» деген мақала жазған. Кейіннен бұл мәселені ол 1923 жылы Ташкентте басылып шыққан «Материалы к истории султана Кенесары Касымова» деген кітабында бұл ой-пікірін қайтадан толықтырып қарастырады [6].

Әлихан Бөкейханның еңбектерінде ұлттық тарихтың тарихнамасын зерттеуде қажетті деректердің бірі қазақ батырлары туралы жазылған мақалаларының маңызы өте жоғары. Оның «Ертарғын», «Ерсайын», «Мырза Едіге», «Қозы көрпеш Баян сұлу» сияқты мақалаларын талдау арқылы қазақ тарихының көне дәуірінің қалай зерттелгендігін В. Радловтың еңбектері арқылы баяндап, Алтын Ордадан бөлініп шыққан Қырым хандығы, Ноғай хандығы туралы жан-жақты талданған [7, 289 б.].

Тарихшы-ғалым ретінде Әлихан Бөкейхан қазақ халқының 1916 жылғы қарулы көтерілісінің тарихи маңызын түсінген. 1926 жылы тарихшы, профессор А.В. Шестаковпен бірігіп, көтерілістің 10 жылғы мерейтойына арнап, «1916–1926» атты еңбек жазып шығарды. Еңбекте қазақ халқының көтерілісі Ресей империясының қоластындағы басқа халықтардың да көтеріліске шығуы әсерінің болғандығын айтады. Қазақ халқының осы көтерілісі 1917 жылы ақ патшаны тақтан құлатуға ықпал еткендігін жазады. Сонымен қатар көтерілістің ұлт-азаттық сипаты болғандығын көрсетеді. Оның қазақ халқының 1916 жылғы көтерілісін Ташкент қаласында шығып тұрған «Сәуле» журналының 1924 жылғы № 5 санында «25 июнь 1916 жылы» деп аталған Нарымбет ақынның:

«...Сарыарқаны өрт алды, Мезгілінен ерте алды, Ата-анада зәре жоқ, Мұнан үлкен бәле жоқ Боздақтарым сандалды... Жасы қате жазылған Отыз бірден (бенен) артықтар Араласып кетті ғой Ауру кетіп сау қалды, Алды-артында дау қалды... Балам қайда кетті деп Кемпір, шеше жылайды...» [8, 347–349 б.] деген өлең жолдары арқылы, 1916 жылғы маусым жарлығының қазақ халқына әкелген зардабын майданға әділетсіз алынған қазақ жастары туралы айтады. Қарусыз бейбіт халыққа патша үкіметінің көрсеткен озбырлық іс-әрекеттерін сынайды.

Ол ұлттық тарихнамада ХХ ғасырдың басында алғашқылардың бірі болып билік мәселесіне арнап еңбек жазғандардың бірі Әлихан Бөкейхан. Оның 1913 жылғы «Қазақ» газетінің № 9, № 10, № 15, № 25 сандарында осы мәселелерге арнап бірнеше мақалалар топтамасы берілген. «Үшінші дума хәм қазақ», «Сайлау», «Төртінші дума һәм қазақ», «Би хәм билік» атты мақалаларында қазақ халқының сайлауға қатысуы, жетім жұрттың жағдайындай, қазақ заңнан тысқары қалып отыр және заң мен билік қазақтың мүддесін ойламайды дей келе, «...Дума қазақ пайдасын тағы жесір қалдырып өте шықты... «бюджет прениесі» болғанда қазақ деп сөйлеген депутат жоқ...» [9, 128–132 б.]. Әлихан Бөкейханның пікірінше, Ресей Мемлекеттік Думасында қазақ депутаттары болса, дума арқылы қазақ халқының құқығын қорғауға болады. Сонымен қатар Әлихан Бөкейхан қазақ даласына келген сайлау үрдісінің қазаққа әкелетін зияны туралы да жазған. Өзінің «Сайлау» деген мақаласында «Үш жылда бір сайлау сайын жұрт өрт шыққандай, жау шапқандай жанталасып әбігер болады. Әке баладан, аға ініден, туған туысқаннан айырылып, бірі атқа, бірі асқа сатылып сандалады. Өстіп бөлініп іздегендегісі не? — Болыстық, билік, ауылнайлық, елубасылық... Болыс, би, ауылнай һәм елубасы болып мал табам деген қулардың заманы кейін қалды. Болыс, би, ауылнай һәм елубасы, патшалық алымша салған, жұртқа қызметші — жұрт жалшысы. Жылқышы, қойшы жалдағанда, мынау жылқы, мынау қой баға біледі деп жалдамай ма?! Болыс, би, ауылнай, һәм елубасыларды әрқайсысын өз орнында халыққа пайдалы деп сайлау керек.

Жұртқа адал би пайдалы — көпке сүйенген, көп сөзін тыңдаған, билігін орнына қорықпай салатын, арам жемейтін, іс білетін, халық үшін жаумен айтысатын болыс пайдалы. Елубасылық пара алып, ант ішіп, бұ... жемесе бір құрметті орын; болыс, би қандай адам болуы оның қолында. Бұған ең құрметті ақсақал — әділ жұрт... сатылмайтын, жөн білетін жақсыны сайлау керек. Өстіп қазақ жұрт қызметшілерін түзетпесең, жұрт болып шаруаға айналып жарыспасаң, мұжыққа жер закон арқылы емес, тіршілік жарысы арқылы кетеді» [9, 172–174 б.]. Автордың осы еңбегінің негізгі идеясы ел басқаруға келетін қызметкерлерді сайлау барысында, олардың өз ісінің кәсіби шебері болуы және билік басындағылардың адал болуы қазақ халқының экономикалық-саяси дамуындағы басты ұстаным болу керектігі анық айтылған. Әлихан Бөкейхан мақаласындағы ХХ ғасырдың басындағы ел басқарудағы қажетті ұстанымды көрсетуі бүгінгі «халықты тыңдай білетін үкімет» деген ел Президентінің идеясымен сабақтасып жатыр. Осыдан отандық тарихнамада қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы саяси құқығы туралы тарихи еңбектерді жазу барысында қазақ зиялыларының еңбектерін жан-жақты талдаудың қажеттілігі туындайды.

Оның орыстың география қоғамының Батыс-Сібір бөлімі мүшесі ретінде де, сол қоғамының ғылыми мәжіліс-жиналыстарында қазақтың мәдениеті, тұрмыс салты, өнері жайында жасаған баяндамалары мен дәрістерінің де тарихнамалық мәні бар. Сол еңбектерінде өз ұлтының басқа ұлттармен қатар тәуелсіз өмір сүруге болатындығын дәлелдеген ой-тұжырымдары берілген.

Отандық тарихнамада Ресей мемлекеттік думасына қатысқан қазақ зиялылары туралы зерттеулерді толықтыратын Әлихан Бөкейханның бүгінгі күніде жүз жыл бұрын жазылған «Сайлау» [9, 123 б.] деген бірнеше мақалаларындағы танымдық, тәрбиелік мәні бар ойларды айтады. Бұл мақаласының негізгі мазмұны Қазақ даласында үш жылда бір өтетін сайлаудың барысы жайлы Әлихан Бөкейхан оны былай түсіндіреді: «... сайлау сайын жұрт өрт шыққандай, жау шапқандай жанталасып әбігер болады... өстіп жұрт бүлінгендегісі не? Болыстық, билік, ауылнайлық, елбасылық... ары қарай қазақ сайлауын Европа сайлауымен салыстырып, болашақта білімді, оқыған, білетін адамдардың сайлауға қатысып, ел басқару ісіне араласқаны дұрыс» — деген пікір айтып, сайлаудың мағынасын түсіндіріп: «Болыс, би, ауылнай һәм елу басы болмақ...» жұрт үшін қылатын қызметі, ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. «Дүниядағы жер билігі күннен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады...» [9, 127 б.]. Бұл мақаланың мазмұны бүгінгі ұлттық, Отандық тарихтың тарихнамасын зерттеп білуде үлкен мәні бар.

Тарихнамадағы күрделі сұрақтардың бірі қазақ жеріне орыс шаруаларының қоныстануы және қазаққа 15 десятинадан жер бөліп беру мәселесі. Осыған байланысты Әлихан Бөкейханның «Көшпелі Һәм отырықшы норма» деп аталатын еңбегіндегі патша үкіметінің қоныстандыру саясатының мәні жазылған. Сонымен қатар, оның, егер қазақ 15 десятинадан берілетін жерді алуға келіссе, қазақ жеріне келетін, қара шекпенділер саны өсе түседі, ал ол өз кезегінде қазақтың өз жерінде азшылыққа айналып, барлық құнарлы жерінен айырылатындығын түсіндіріп жазған. Осы мәселеге байланысты ол «Жауап хат» деген еңбегінде былай дейді... «сол 15 десятинадан жер алам десеңдер...» 1. Қазақтың бас адамдары! Әуелі сіздер адаспаңдар, ынтымақпен іс істеңдер. 2. Қазақтың байлары, күштілері! Жарлы-жақыбайлы нашарларды жермен теңгеріңіздер... 3. Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңізден адаспай, түзу істеңдер! Сіздер адассаңыздар, аттарыңнан адасады. Арттарыңан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар» [10]. Оның осы ой-пікірінде ел ішіндегі жақсы, беделді, ауқатты адамдарды ұлтының қамын ойласын, үлгі берсін деген үндеу бар.

Әлихан Бөкейхан еңбектерінің тағы бір ерекшелігі, тарихи тұлғалардың еңбектері арқылы қазақ өміріндегі кешеуілдеп жатқан ұлттық проблемаларды көтереді. Мысалы, оның М.Дулатовтың еңбегіне байланысты жазған ой-пікірі: «Бізде мұнан бұрын роман жазылған емес. «Мир Яқұб» романы, «Бақытсыз Жамал» кішкентай ғана кітап. Мен мұны «Қазақ»-қа сын жазбақ болып қолға алған едім. Екі жұма отырдым. Бұл менің бұрын қылмаған ісім еді. Сонан ба, жоқ сын өнері менде жоқтықтан ба, оны оқушылар білер».

Осы мақаласында Әлихан Бөкейхан қазақ даласында әдеби романдар жазудан артта қалғандығын, көркем шығармаларға сын-пікір жазатын мамандардың жоқтығына өкініш білдіреді. Оның ойынша М.Дулатұлы мен А.Байтұрсынұлы роман да, сын-пікір де жаза алатын оқымыстылар. Әттең, «Қазақ» газетіне мақала жазатын қазақ зиялыларының аздығынан, олар тек газетке мақала жазумен шектеліп тұрғандығына ренжиді. Әлихан Бөкейхан осы мақаласы арқылы алғашқы көркем әдеби шығармаларға сын жазатын ғалым ретінде көрінуі тарихнаманың жаңа бір өзекті мәселесін айқындайды.

Көзінің тірісінде тарихи тұлғаға айналған Әлихан Бөкейхан әр халық өзінің ұлттық ерекшелігін, озық салт-дәстүрін заман талабына сәйкестендіріп, әлемдік дамудың прогресіне қосылғаны дұрыс деп тұжырымдады. Ол үшін әлемдік тарихи тұлғалардың өмір жолдары мен қызметтерінің озық үлгілерін, ашқан ғылыми жаңалықтарын оқып білу арқылы ғана әлемдік қауымдастықтан өз орнын алатынын болжады. Біздің пікірімізше, Әлихан Бөкейханның тарихи тұлғаларға арналған мақалаларының тарихнамалық маңызы да осында болды.

Отандық тарихнаманың қалыптасуындағы тарихи тұлға, зиялылар деген мәселелер Алаш зиялыларының еңбектерінен де көрінеді. Осы тақырыпқа арнап еңбек жазғандардың бірі Мұстафа Шоқай. Оның тарихи мұрасы «Яш Түркістан» (1929–1939 жж.) журналында жарияланған еңбектері 1998 жылы жеке жинақ болып шықты. Осы жинақта 230-дан аса мақалалары басылған. Олар Қазақстан тарихнамасының қалыптасуына қосылған елеулі үлес болып саналады. Оның «Түркі елі» идеясы қазақ елінің тәуелсіздігі деген ұғыммен сабақтасып жатса, «Ұлттық зиялы» деген мақаласында тұжырымдамалық мәні бар үлкен мәселе айтылған. Ол: «... оқыған, тәрбие көрген адамның бәрін ұлттық зиялы қатарына қоса беруге болмайды. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады. Оқыған жастар халықты ұлт деңгейіне көтеру үшін халық бұқарасын біріктіріп, олардың санасын біртұтас саяси-әлеуметтік санаға жеткізуде үлкен міндет атқаруы керек» дей келе, Мұстафа Шоқай дүние жүзінде зиялыларсыз ұлтқа айналған саяси-әлеуметтік халық бұқарасының бірлігі ешқашан болған емес деп көрсетеді. Сонымен қатар автор өзінің мақаласында батыс тәрбиесін алған зиялылардың өз халқына өгей болуынан сақтандырады. Батыс тәрбиесі жастарымызды жан дүниесіне сіңген шығыс зердесінен айырады деп қауіптенеді. «Батыс тәрбиесін алған жастар басқа жақтан жинаған білімдерін өз халқының өмірімен бірлестіре алмайды» дей келе, Шоқан Уалихановтың трагедиясы деп мына пікірді айтады. Шоқан туралы естелік жазған бір орыс жазушысы: «осы бір бұратана өкілі көз талдырар биікке көтерілгеннен кейін, кенет өз халқының тағдыры хақында үрейленіп, іркіліп қалуы, өз халқына жат адамға айналып қалудан қорыққаны оның өзін-өзі қорғау түйсігінің әсерінен болғанын көрсетеді», — деген еді [6]. Мұстафа Шоқай осыған байланысты батыс тәрбиесін алған Шоқанның өмір сабақтарын ұмытпаған дұрыс дейді.

«Еліміздің болашақ иесі жастарымыздың көпшілігі ұлттық бағыттың бастауында бола алмай, Мәскеулік диктатураның зұлымдығын көріп, өсіп келеді. Соған қарамастан Түркістан жастарының басым көпшілігінің ұлттық рухы жоғары».

Мұстафа Шоқайдың «Біздің жол» атты мақаласының негізгі ойы халқымыздың ұлттық тәуелсіздік жолындағы талаптарын және ұлт-азаттық қозғалыстың үнін бүкіл әлемге таратып, ұлт-азаттық қозғалыстың жақын арадағы және стратегиялық міндеттерін көрсетеді. Мақаланың тағы бір басты ойы тәуелсіздікті жоқтау болғандықтан, «құлдықтан құтылу үшін күресуден басқа жол жоқ» деген идеяны баса көрсеткен. Бүгінгі күні Отандық тарихнамада осы мәселеде терең зерттеуді қажет етеді.

Отандық тарихнамада Ұлы Дала еліндегі құқықтық мәселелері әлі де объективті тұрғыдан аз зерттелген. Осы тұрғыдан алғанда қазақ зиялыларының бірі Барлыбек Сыртанов қазақтың дәстүрлі құқық нормаларының ел тарихымен сабақтастырып, жетілдіріп «Қазақ уставы» деп аталатын еңбегі Ата заңымызда жалғасын тапты.

Ол бүкіл түркі тілдес халықтарға есімі әйгілі болып, тәуелсіздікке жетудің жолдарын іздеп тарихи мәнді еңбек жазып қалдырды. Б. Сыртанов ХІХ аяғы ХХ ғасырдың басында өмір сүрген зиялылар арасында өзі туралы замандастарының оның артықшылығы туралы айтқандарын көзі тірісінде естіген замандастары мойындаған Ұлы Даланың тұлғаларының бірі болды. Ол ХХ ғасырдың басындағы оқыған қазақ азаматтарының ішіндегі ең білімдісі, беделдісі, білгір заңгер халқының болашағы үшін еңбек жасады.

Ол ХХ ғ. басындағы қазақ даласындағы саяси-құқықтық жағдайды терең білген. Оның білімінің тереңдеуіне Бақытжан Қаратаев, Райымжан Марсеков, Жиһанша Сейдалин, жол көрсетуші аға-буын өкілі Алаштың Әлиханы т.б. сияқты ұлттың болашағын ойлап, өмірлерінің соңына дейін қазаққа қызмет еткен замандастары оған өмір мектебі болды.

Б. Сыртанов Санкт-Петербург университетінің шығыстану факультетін бітірген. Кәсіби тарихшы емес, алайда оның жазып қалдырған мұраларынан оны тарихшы, заңгер, жер жағдайын білетін агроном, даланың әр гүлімен, шөптерінің дәрілік қасиетін, білген дәрігер бір сөзбен айтқандай әмбебап ғалым болғаны оның мұраларынан көрінеді.

Қазақ даласындағы Ресей патшалығының жүргізіп отырған саясатының түпкі мақсатын, оның салдарын, ХХ ғасырдың басындағы қазақ өлкесінде басталған ұлт-азаттық күрестің негізгі талаптары жер, тіл, дін, оқу-ағарту, тәуелсіз ел болу екенін терең түсінген ол ел ішіндегі тозығы жеткен дәстүрдің зардаптары т.б. саяси-әлеуметтік, ұлттық мәселелерді түсініп, оны шешу жолдарындағы іс-әрекеттерін сол кездегі мерзімді басылымдарда мақала ретінде жазған [11].

Бірінші орыс революциясынан кейінгі уақытта қалыптасқан саяси жағдайларға байланысты жалпы қазақ съезін шақырып, отарлық саясаттың әлеуметтік, рухани өмірге тигізген кері әсерін, ел болашағы туралы мәселелерді талқылауды қолдағандар қатарында Б.Сыртанов та болды. Оның «Жерді қорғау» деген мақаласында Жетісу жеріндегі патша үкіметінің жүргізіп отырған саясатын, халықтың жағдайын айтып талқылап, пікірлесу үшін съезд шақырудың қажеттігі айтылады [12, 113 б.]. Съезде қазақ халқының өміріндегі жер, құқық, сайлау, дін сияқты өзекті мәселелерді талқылауды ұсынды.

Мерзімді басылым беттерінде Б.Сыртанов көшпелі қазақ елінде патшалықтың жүргізіп отырған отаршылдық саясатының салдары жайлы ой-пікірін білдіріп отырды. 1905 жылғы бірінші орыс буржуазиялық революцияның ықпалымен Ресей империясының отар аймағы қазақ жерінде басталған демократиялық қозғалыстың ұлттық мәселені шешуге бағытталуында Б.Сыртановтың еңбегі бар. Жетісу жеріндегі қазақтардың құқығын қорғау ісін жүзеге асыруда үлкен еңбек жасаған тұлға. Оның ұлт үшін атқарған ерен еңбегінің бірі — Ресей отары болған қазақ жерінің (Алматы облысының Қытаймен шектескен) шекара мәселесін белгілеп картаға түсіру болды.

Б. Сыртанов қазақ халқының болашақ тәуелсіз мемлекетінің болғанын армандап, 1905 жылы «Қарқаралы петициясында» жазылған ұлттық мүдделерден басқа Қазақстанның саяси билігі өзінде бар ел болуын ойлайды. Осы мақсатқа жету үшін Қазақ Елінің Уставын жазды. Яғни ол бірінші рет қазақ елінің тәуелсіздігі тек «Қарқаралы петициясының» көлемінде ғана емес заңдық тұрғыдан болуының жобасын жасады. Қазақ елінің Конституциясы деп аталған құжат 28 баптан тұрады [13].

Барлыбек Сыртановтың «Ынтымақ Ережесі», «Қазақ елінің Уставы» деген еңбектерінде қазақтың дәстүрлі құқықтарын негізге алып жазғандығы байқалады. Қазіргі Ата заң терминдік сөзінің баламасы қазақ қоғамында қолданған «Жарғы, әділдік» деген ұғымды білдірсе, ал Барлыбек Сыртановтың «Ынтымақ Ережесі», «Қазақ елінің Уставы» сол атаулармен үндес. Сондықтан да оның еңбегіндегі ерекше көрсетілген мәселе қазақ қоғамында даму сатысына қарай салт-дәстүр, жол-жора, салт-сана, үкім, ережелер нормативтік мәнге ие болды. Осы еңбегінің негізінде тек қана даланың дәстүрлі құқығы ғана емес, соның жалғасы болып саналатын азаттықтың алғашқы манифессі «Қарқаралы петициясының» негізгі ойлары да алынған. Уставта «Қазақ жері халықтың меншігінде болады. Қазақ елінің жері саудаға түспейді». Яғни Б. Сыртанов дайындаған тарихи еңбекте жер мәселесі қазақ ұлтының мүддесіне қарай шешілуі керектігі айтылады. Жер мемлекеттің билігінде болу керек. Ал бүгінгі Қазақстан Республикасының Конституциясындағы көрсетілген жердің иесі халық, жер байлығы халықтікі деп саналса, Б. Сыртановтын Уставының 19 бабында жердің бар байлығы қазақ халқының иесінде делінген. ХХ ғасырдың басында өмір сүріп ұлтының болашағындағы жер мәселесінің маңызды екендігін түсінген тұлғаның арманы, ХХІ ғасырда өз шешімін тапты. Сол қазақ халқы үшін өте маңызды жер мәселесін алғашқылардың бірі болып көтерген тарихи тұлға Барлыбек Сыртанов болғандығын құжаттардан көреміз. Стратегиялық маңызы бар жерлер қазіргі Қазақстан заңдары бойынша жеке меншікке беруге тыйым салынған (ҚР Конституциясының І бөлім, 6-тың І-2 тармағы). Осы мәселе Б. Сыртановтың Уставында ұлттық мүдде тұрғысында қорғалып жерді сатуға болмайды деп көрсетілген.

Тарихымызда халқымыздың азаттығы үшін белсенді күрескен (қазақ халқы үшін арнайы Конституция жазуда күрестің бір түрі), алайда тарихи деректердің жеткіліксіздігінен аймақтық қайраткерлер деңгейінде қалып қойған тарихи тұлғаларда бар. Тарихымызды қайта қарауды және толықтыруды сондай тұлғалардың қаһармандық қызметін ашып көрсету аса маңызды әрі өте қажет. Азаттық күрестің тарихы сонда ғана толық ашылады. Алашорда үкіметінің 100 жылдығы аясында ұлы тұлға Әлиханның қазақ елі үшін атқарған қызметі оның серіктестерінің бірегейі Б.Сыртановтың азаттық алу жолындағы қызметін зерделеген кезде толық ашыла түседі. Өйткені Б.Сыртанов пен Әлихан Бөкейханов алаш қозғалысындағы ірі тұлғалар.

Б. Сыртановтың тарихи көзқарасы қазақ ұлтының мүддесімен үйлескендігі, оның осы Конституциясында көрініп тұр. Оның озық елдердің бірі сол кездегі Франция Конституциясының мазмұнымен жете таныс болғаны анық, өйткені көптеген идеялары ұқсас. Алайда біздің ойымызша ол өзінің Уставын (конституциясын) Франция Конституциясының негізінде емес, Ұлы Даланың демократиялық заңдарын терең біліп, қазақтардың шынайы өміріндегі заңдарды талдап, жазғаны даусыз.

Б. Сыртановтың еңбегіне талдау жасау арқылы бүгінде тарихнамадағы Ұлы Дала еліндегі құқық, салт-дәстүр, тәрбие туралы ұрпақтың тарихи дүние танымын кеңейтуге, тарихи білімін толықтыра түсуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Конституцияның өн бойында өтетін негізгі идея ол Тәуелсіз Қазақстан Республикасы.

ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ зиялыларының ірі тарихи тұлғасы Мұхамеджан Тынышбаев отандық тарихты зерттеуде ұлттық ұстаным принципін негізге алған. Оның рухани мұрасының ерекшелігі төл тарихымызды зерттеудегі шежірені тұжырымдама ретінде пайдалануы.

Сонымен қатар ол қазақ ертеден халық ретінде қалыптасқандығын алғашқы болып жазған. М. Тынышбаев А.П. Чулошниковпен бірігіп жазған еңбегіне «қазақ» сөзінің мағынасын түсіндіруі оның тарихнамада осы мәселенің зерттелуінің бастаушысы болғанын көрсетеді.

М. Тынышбаев еңбектерінде қазақтардың ұлт-азаттық көтерілісі туралы да баяндалады. Мысалы қалмақтарға қарсы күрестің барысында Бұланты шайқасындағы, Белеуті өзендері жағалауларында Кіші Орда батырларының қол жеткізген жеңістері туралы айтылады.

Жер — қазақ халқы үшін ерекше мәселе. Осыған орай М.Тынышбаев еңбектерінде патша үкіметінің қазақ жерін отарлау саясатының жабайы әдістері және оның экономикалық, саяси, рухани салдары деректерді жан-жақты талдау негізінде ашылған. Оның жер мәселесі туралы көзқарасы 1905 жылдың 19 қарашасында автономистердің 1 съезінде жасаған «Қырғыздар және азаттық қозғалысы» атты баяндамасында патша үкіметінің қоныстандыру саясатының қазақтарды қиын жағдайларға ұшыратқанын «жер үшін жанжалдар, төбелестер және кісі өлтірулер орын алып отырғанын, қазақтарды мал шаруашылығынан диханшылыққа ауыспайды деп айыптайтынын, алайда олардың қарауына берілген жалаңаш далада және құмдарда адамдар тұрмақ, аңдар да өмір сүре алмайтынын» атап көрсеткен еді [10, 74 б.]. Сонымен қатар жер мәселесінің қазақ халқы үшін стратегиялық маңыздылығын түсіне білген ол, егер жерді орыс шаруаларының пайдасына тартып ала берсе, ел арасында әлеуметтік қақтығыстың болатындығы заңды екендігін атап көрсетеді.

Мұхамеджан Тынышбаев қазақ тарихнамасында отандық тарихты кезеңдеуді және қазақ қоғамындағы әлеуметтік құрылымды зерттеудің ғылыми объектісі ретінде көрсеткен алғашқы зерттеушілердің бірі. М.Тынышбаев еңбектерінің тарихнамалық маңыздылығының тағы бір жағы, тарихи тақырыптағы еңбектерге объективті пікір білдіруге талпынуында. Мысалы, Әбілғазы Баһадур шежіресі мен Шәкәрім Құдайбердіұлының шежіресін талдаумен қатар В.В. Вельяминов-Зернов пен А.П. Чулошниковтың еңбектеріне пікір жазған.

Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстанда саяси-құқықтық, қоғамдық және тарихи ой-пікірдің дамуына өзінің өлшеусіз үлесін қосқан ірі тұлғалардың бірі — Ғұмар Қараш. 1910 жылы Уфа қаласында оның «Ойға келетін пікірлерім» деген кітабы жарық көрген. Бұл еңбегінде ол қазақ халқының арасында насихатты жақсартып, тәлім-тәрбие санасын көтеру туралы пікірлерін жазады. Оның «Қазақстан» газетінде жарияланған мақалаларының бағыт-бағдары — халықты білімге шақыру, көшпенділік салтынан арылу, өнер мен ғылымға бет бұру мәселелері төңірегінде болған.

Ғұмар Қарашев (1910–1913 жылдары) Орынбор, Уфа, Қазан қалаларында «Қазақстан» газетінде жұмыс атқарған кезде, «Ойға келген пікірлерім», «Өрнек», «Қарлығаш», «Бедел қажы», «Тұрмыш», «Бала тұлпар» сияқты еңбектерін және 1914 жылы Орынборда «Аға тұлпар» деп аталатын өлең кітабын шығарды. Оның тарихқа деген көзқарасын мына ой-пікірлерінен көруге болады: «Ақ малтасын езіп ішіп, алаңсыз отырған біздің қазақ жұртын революция тасқыны келіп, басқа еш нәрсеге әзірленбеген, қартаң тарихтың қалай аяқ салатынын болжамаған сорлы қалай етерін, қайда кетерін білмей сасып қалуы. Саяси топтардың күресі «граждан соғысына» айналғанда, көбі қосақ арасында бос кетіп, құр далаға құрбан болуы. Ескі патшалық режимнен бізге жиіркеніш мирасы болып қалған бұзықтықтар, белгілі кейіпсіз пысықтар атқа мініп қалған әдеттері бойынша: «Құдай жаңа берді, шалу жоқ, қағу жоқ, момынның не бары менікі!» деген бағытқа түсілуі» [14].

Алаш зиялыларының азаматтық және саяси ұстанымына сай Ғұмар да Қазан төңкерісінің жалпы адамзаттық гуманизмге қарсы бағытталған саясатын қабылдағаны жоқ. «Тұрымтай» жинағындағы «Неден қорқам?», «Жұртым саған не болды?» өлеңдерінде бір ғана қазаққа емес, тұтастай ұлттарға жасалып отырған қияс тәжірибенің қиямет зобалаңын, қасіретті алапат зардабын болжай білді.

Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам, Жауынсыз құр желдеткен шаңнан қорқам. «Таң туды, мезгіл жетті» деп адасып, Құрылған қараңғыда заңнан қорқам. Істері адамдыққа жанаспаған, Жануар — екі аяқты аңнан қорқам. Көлеңке елестеген бойдан қорқам, Түс көріп, өң деп ұққан ойдан қорқам, «Алаш» атты орда құрып шалқығанын, Бақ дәулеті туып өсіп балқығанын, Әрбір істе қазақ исі аңқығанын, Тірілікте көзімізбен көреміз бе?!. [15].

Ол кеңес өкіметінің теңдікті жариялағанына, азаттық туралы алдамшы идеяларына сеніп, ұлттық езгіден көзін аша алмай жүрген қазақ халқының жаңа өмір жолына түсіп, өркениеттің биік шыңынан көрінуін армандады.

Оның еңбектерінде Ресей империясының саяси-құқықтық басқару жүйесі енгізілгенге дейінгі Қазақстанда бостандық өмірде молшылықты ғұмыр кешіп, төрт түлік малы мол болып, ел билеген хандары мен билері әділ болғанын ерекше бағалап, әдеттік-құқықтық нормалармен реттелегенін жазады. Ол қазақ халқының дамыған мемлекеті болып, тарихын жазған. Автордың «Аға тұлпар» — деп аталатын еңбегінде патша үкіметінің отаршылдық саясаты мен жер-су мәселесіндегі әділетсіздіктер және отарлық саясатының салдарынан қазақ халқының әлеуметтік саяси жағдайының қиындағанын көрсетеді.

Жеткен емей немене: Мынау қазақ деген жұрт Кең далаға жайылып, Аңғырт өскен ел едік, Кезінде елмен тең едік. Күні бүгін болғанда Ол қоныстан айырылып Қанатымыз қайрылып Қажып тұрған ел едік [14].

Ол патша үкіметінің ХХ ғасырдың басында ұлы дала елінің қазақ халқының құнарлы жерлерін 45 миллион десятина жерін тартып алғандығын суреттеген. Осы өлеңінде «Аға тұлпарда» Ресей үкіметінің қазақ халқының арасына «бөліп ал да, билей бер» тудырған саясатының нәтижесінде, қазақ даласында өтетін сайлаудың барысында елде партияшылдыққа бөлініп, атақ-дәреже, билік жүргізу, пара алу, лауазым үшін елін, жұртын, халқын сатқан болыстар жайлы былай дейді:

Замана азған шағында,

Мұндай да мұндай хал болды.

Ел ағасы паң болды.

Адалдық, ақтық білмейді,

Ары, діні мал болды.

Елге намыс келтірді, Ерді шағып өлтірді. Алым, пара ақы үшін, Жетім, жесір жылатты. Аз ғана күндік бақ үшін, Халқын сатты құл етті [14].

Қорытынды

Қорыта айтқанда ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Алаш зиялыларының барлығы дерлік осы мақала тақырыбына сәйкес — бірінші болып тарих жазудың методологиясын, тарихи тұлғалар, Ұлы Дала елінің дәстүрлі құқығының ерекшелігі және бүгінгі күні өзінің концептуалдық мәнін жоймаған билік және сайлау мәселелері туралы еңбектер жазып қалдырған. ХХ ғасыр басында қоғамдық-саяси және құқықтық ой-пікірді толықтыратын тарихи еңбектер жазған. Олардың ар-ождан, моральдық қасиеттерді санаға сіңіріп, жеке адамды қалыптастыру арқылы мемлекетті нығайту, оны өркениетті деңгейге көтеру идеяларының мазмұны мен мағынасы бүгін де өзекті мәселе.

Отандық тарихтың ұлттық тарихнамасын жазу барысында, өз заманында Алаш зиялылары көтерген: рухани байлық: тіл, жер, ар-ождан, жайлы еңбектерді жинақтап, талдап, отандық тарихтың тарихнамасындағы маңыздылығын жан-жақты зерттеп, бүгінгі күн тұрғысынан объективті баға беріп, ғылыми айналысқа енгізу, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихшыларының алдында тұрған міндеттердің бірі.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Омарбеков Т. Қазақстан тарихына және тарихнамасына ұлттық көзқарас / Т. Омарбеков, Ш. Омарбеков. — Алматы: Қазақ ун-ті, 2004. — 388 б.
  2. Бөкейхан А. Шығармалары: ХV т. — Т. VIII / А. Бөкейхан. — Астана: Сарыарқа, 2016. — 600 б.
  3. Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында / Н.Ә. Назарбаев. — Алматы: Атамұра, 2003. — 288 б.
  4. Формы национального движения в современных государствах / под ред. А.И. Кастелянского. — СПб., 1910. — 824 с.
  5. Қойгелдиев М. Әлихан Бөкейхановтың таңдамалы шығармалары / М. Қойгелдиев. — Алматы: Қазақстан, 1994. — 384 б.
  6. Бейсенбекова Н.А. Әлихан Бөкейхан — ұлт мақтанышы / Н.А. Бейсенбекова, Г.М. Смағұлова, Л.К. Шотбакова. — Қарағанды: Гласир, 2016. — 198 б.
  7. Бөкейхан А. Шығармалары: ХV т. — Т. Х / А. Бөкейхан. — Астана: Сарыарқа, 2016. — 576 б.
  8. Бөкейхан А. Шығармалары: ХV т. — Т. ХІ / А. Бөкейхан. — Астана: Сарыарқа, 2016. — 576 б.
  9. Бейсенбекова Н.А. Сарыарқаның ұлы азаматтары (ХХ ғасырдың басы) / Н.А. Бейсенбекова, З.Ғ. Сақтағанова, Л.Қ. Шотбақова. — Қарағанды: ҚарМУ, 2008. — 438 б.
  10. Бейсенбекова Н.А. Қазақстан тарихының тарихнамасы / Н.А. Бейсенбекова. — Қарағанды: ҚарМУ, 2009. — 276 б.
  11. Сыртанов Б. Сүйікті Жоранша мырза / Б. Сыртанов // Айқап. — 1913. — № 16. — Б. 356.
  12. Өзбекұлы С. Арыстары Алаштың / С. Өзбекұлы. — Алматы: Жеті жарғы, 1998. — 186 б.
  13. Әділет министрлігінің хабаршысы. — 1992. — № 1.
  14. Ғұмар Қараш. [Электрондық ресурс]. — Кіру режимі: https://sbook.ucoz.ru/load/referaty/raznoe/mar_arash/13–1-0–542
  15. Ботпайұлы С. Ғұмар Қараш және Алаш идеясы [Электрондық ресурс]. — Кіру режимі: http://abai.kz/post/10216

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.