Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Ирак күрділерінің сецессионистік қозғалысының ерекшеліктері мен шектеулігі: мемлекеттік және аймақтық деңгей негізінде

Зерттеу Ирак күрділерінің егемендік мемлекет құруға арналған сецессионистік қозғалысының шығу себептерін табуды және сецессионистік қозғалысының қандай ерекшелікке ие болғандығын, оның аймақтық деңгейде қандай шектеуліктері болғандығын табуды қарастырған. Ирак күрділері Ұлттар Лигасы мен Ұлыбританияның қолдауымен өз ұлттық бірегейлігін, болмысын сақтап қалуға мүмкіндік алды. Ал, БҰҰ мен АҚШ-тың қолдауы арқылы саяси субъект ретінде қалыптаса алды. Бұл жағдаяттар Ирак күрділерінің мемлекет құрудағы мақсатына бір табан жақындауын қамтамасыз етті. Ирак мемлекеті тарапынан мемлекеттік біртұтастықты сақтау және оған төнген қауіп-қатердің алдын алу мақсатында күрділерге жасалған экономикалық, саяси-әлеуметтік дискриминациялық және ассимиляциялық саясаты керісінше, күрді сецессионистік қозғалысын қайта жандандырды. Ирак күрділерінің тәуелсіздік жайлы референдумы Ирак федералды үкіметінің келісімінсіз, анти-конституциялық негізде тек қана ИКАА шеңберінде ғана өткенін ескерсек, Ирак күрділерінің сецессионистік қозғалысын бір жақты сецессия деп айтуға негіз бар. Бұл Ирак күрді қозғалысының ерекшелігін көрсетеді. Аймақтық деңгейде Түркия да, Иран да ИКАА-ның сецессионистік қозғалысын ең маңызды сәтте қолдамауы Ирак күрділерінің сецессионистік қозғалысының нәтижесіз болып аяқталуына алып келді. Екі мемлекетте жаңа күрді мемлекетінің пайда болуын өз аумағында қоныстанған күрді ұлтының ұлттық қозғалысын қозғаушы факторы ретінде қабылдайды.

Кіріспе

Халықаралық қатынастардың негізгі субъектісі — егеменді мемлекет болып табылады. 1816 жылы халықаралық қауымдастықты құрайтын егеменді мемлекеттер саны 25 болса [1], 1945 жылы Екінші Дүниежүзілік соғысы аяқталып Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) құрылған соң оған мүше болған егеменді мемлекеттер саны 45-ке жетті. Ал, күні бүгінде БҰҰ-ға толық мүше егеменді мемлекеттер саны 195-ті құрайды [2]. Бұл соңғы екі ғасыр бойы егеменді мемлекеттердің үздіксіз қалыптасу үдерісінде екендігін көрсетеді. Осылайша уақыт пен кеңістіктің дамуына қарай халықаралық аренада жаңа тәуелсіз, һәм егеменді мемлекеттердің қалыптасуы мен пайда болуы немен байланысты? Британдық саясаттанушы ғалым Б. Коггинс осыған қатысты 4 факторды атап өтеді: біріншіден, XIX ғасырдың екінші жартысынан Еуропа құрлығында кең дамыған национализм идеологиясы мен осы идеология негізінде өрбіген XX ғасыр басындағы Бірінші Дүниежүзілік соғысы. Екінші фактор ретінде Коггинс национализм идеясы өз шыңына жеткен Екінші Дүниежүзілік соғысты меңзейді. Ал, үшінші фактор — Екінші Дүниежүзілік соғысынан кейінгі 1960–70 жылдары пайда болған деколонизация үдерісімен байланысады. Коггинс бойынша егеменді мемлекеттердің көптеп пайда болуына мұрындық болған төртінші фактор — коммунистік блоктың (КСРО, Чехословакия, Югославия) ыдырауына байланысты болды [3].

Коггинстің позициясын толықтыратын болсақ, осы 4 факторға да мұрындық болған национализм идеясы болғанымен, тағы да тереңірек үңілсек оның негізінде «ұлттық өзін-өзін айқындау» идеясы екендігіне көз жеткізуге болады. Оған сәйкес, кез келген өзін-өзі ұлт деп санайтын топ немесе қауымдастық өз тобы-қауымдастығы шеңберінде өзгенің ықпалынсыз өз тағдырын шеше алады. Бұл идея 1919 жылы АҚШ Президенті В. Вильсон тарапынан ұсынылды [4]. Өзін-өзі айқындау құқығы мен идеясы күні бүгінге дейін көптеген егеменді мемлекеті жоқ ұлттық топтар мен қауымдастықтар қозғалысының негізі болып келеді.

Ал, өзін-өзі айқындау құқығы мен идеясы соңғы бір ғасыр бойы көптеген сепаратистік (бөліну), сецессинонистік (бөліну және тәуелсіз болу) қозғалысының басты идеологиясына, қозғаушы күшіне болды. Бұл әсіресе, ғасырлар бойы әртүрлі тарихи себептермен өз егеменді мемлекетін құра алмаған ұлт өкілдерінің басты идеологиялық қаруына айналды.

Өз егеменді мемлекетін құра алмаған, соңғы бір ғасыр бойы осы өзін-өзі айқындау идеясы негізінде үздіксіз күрес жүргізіп келген ұлттың бірі — Таяу Шығыстағы күрді ұлты болып табылады. Күрділер қазіргі таңда жалпы саны 40 миллионнан асатын, тарихи және қазіргі негізгі қоныстану орны Түркия, Иран, Ирак, Сирияның территорияларының қиылысында орналасқан және халқының саны көптігіне қарамастан әлі күнге дейін өз тәуелсіз егеменді мемлекетін құра алмаған ең ірі ұлт болып табылады. Аталмыш 4 мемлекет те егемен мемлекет болып қалыптасқан соң ұзақ жылдар бойы күрділерді жеке ұлт ретіндегі статусын мойындамай, үздіксіз дискриминация мен ассимиляция саясатын жүргізе отырып, күрді ұлт-азаттық қозғалысын үздіксіз басумен болды. Соның ішінде, тек Ирак күрділерінде ғана басқа 3 мемлекетте (Түркия, Иран, Сирия) қоныстанған күрділерден бөлек егеменді мемлекет құру мүмкіндігі жоғарылады, Бұл әрине 2003 жылы АҚШ және оның одақтастарының Ирак территориясын басып кіруімен, Ирактағы Саддам Хусейн үкіметінің құлауымен және АҚШ-Ирак соғысы қорытындысы бойынша Ирактың унитарлы мемлекеттен федеративті мемлекет формасына ауысуына орай Ирактағы Күрді Автономиялық Аймақтың (ИКАА) құрылуымен тығыз байланысты болды. ИКАА-ның құрылуы Ирак күрділеріне ғасырлар бойы жүргізіліп келген мақсаттың біршама орындалғанын көрсетті. Әйтсе де, 2014 жылы Иракта пайда болған Ирак және Шам Ислам мемлекеті (ИШИМ/ДАИШ) мен елде орын алған хаос жағдайы және Ирактың мемлекет ретіндегі өз функциясын орындай алмауы Ирак күрділерінің егемендік мемлекет құрудағы сецессионистік қозғалысын қайта жандандыруына әкеліп соқты. Осыған байланысты 2017 жылы 25 қыркүйекте ИКАА аумағында жаңа күрді мемлекетін құруға қатысты ирак күрділерінің ұлттық референдумы болып өтті. Референдум нәтижесі бойынша ирак күрділерінің 92,73 пайызы жаңа егеменді мемлекет құруды қолдайтындығын білдіріп дауыс берді [5]. Дегенмен Ирак күрділерінің жаңа мемлекет құру жобасы жүзеге аспады. Ирак мемлекеттік қорғаныс күштері мен Иранның ерікті қарулы күші «Аш-Шабаб» біріге отырып, 2 күнде ИКАА аумағын қарусыздандырып, автономиялық аумақты өз бақылауына алды. Соның нәтижесінде Ирак күрділерінің жаңа мемлекет құру қозғалысы сәтсіздікпен аяқталды. Осылайша Ирак күрділерінің тәуелсіз егеменді мемлекет құрудағы сецессионистік қозғалысы неліктен сәтсіздікпен аяқталды? Ары қарай, Ирак күрділерінің сецессионистік қозғалысы қандай бағытта жүзеге асты? Ирак күрділерінің сецессионистік қозғалысы мемлекеттік және Таяу Шығыс аймағы деңгейінде қалай жүзеге асты? Бұл зерттеудің мақсаты осы жоғарыда аталған сұрақтар негізінде Ирак күрділерінің егемендік мемлекет құруға арналған сецессионистік қозғалысының сәтсіздікке ұшырау себептерін табуды және сецессионистік қозғалысының қандай ерекшелікке ие болғандығын, оның шектеуліктері қалай болғандығын табуды көздейді.

Тұжырымдамалық негіз

Ілгерідегі зерттеуге шолу

Күрділерге қатысты ілгерідегі зерттеулер XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап жүзеге аса бастады. Колониялық жүйенің кең дамуына қарай алпауыт державалар колониалды территорияларды барлау және игеру мақсатында көптеген этнографтар мен географтардан ғылыми экспедицияларды ұйымдастырып, «жаңа аймақтарға» қатысты ақпараттар мен жергілікті халықтардың тұрмыс-тіршілігін, дәстүрін, болмысын зерттеуге ат салысты. Бір жағынан бұл потенциалды отарлау аймақтарын игеруге септігін тигізді. А.Д. Джаба, В.П. Никитин, Э.Б. Суон, С.Дж. Эдмонс, Р. Леско сияқты ғалымдар осы Британ Империясы, Ресей Империясы, Францияның отарлау мақсатында Таяу Шығысқа, соның ішінде күрділерді зерттеуге бағыттаған ғалымдар санатына кіреді [6].

Күрділерге қатысты зерттеулер XX ғасырдың екінші жартысынан бастап белсенді түрде жүзеге аса бастады. Париж, Лондон ғылым академияларында Таяу Шығыс институттары құрылып, соның ішінде Ирантану және Күрдітану бөлімшелері ашыла бастады. Бұл кезеңдегі зерттеулер XX ғасырдың бірінші жартысына дейін трендте болған классикалық этнографиялық антропологиялық зерттеу шеңберінен шыққандығымен ерекшелінеді. Осы кезеңдегі зерттеулер негізінен саяси қозғалыстар, соның ішінде азшыл ұлттардың әлеуметтік-саяси-мәдени теңдік мәселелеріне негізделді. Осы тұста күрділердің саяси-әлеуметтік-мәдени қозғалысына қатысты зерттеу жүргізген ғалымдар ретінде К.А. Бедирхан, И.Ч. Ванли, Дж. Блау, Н.А. Халфин, М.С. Лазарев, М. ван Брюйнессен, А.Р. Гассемлоуды мысал ретінде келтіруге болады. Бұл топтағы ғалымдар күрді ұлтының болмысын қалыптасқан этнографиялық зерттеу әдістерімен емес, керісінше, «күрді ұлтының мәселелері» деген термин астында қарастырды. Бұл сол кезеңдегі күрді ұлтының өзі қоныстанған мемлекеттермен саяси-әлеуметтік-мәдени құқықтары жолындағы күресіне қатысты мәселелерді жан-жақты қарастыруға бағытталғандығын көрсетеді.

Күрділерге қатысты зерттеу жүргізген үшінші буындағы ғалымдар тобы XX ғасырдың 80–90 жылдарында жатады. Бұл кезеңдегі ғалымдардың зерттеу еңбектері негізінен ілгерідегі зерттеулерден өзінің жаңашыл тәсілдерімен ерекшеленеді. XX ғасырдың 80 жылдары «ұлт (этнос)», «ұлт (нация)» ғылыми ұғымдары жаңа конструктивистік және структуралистік, функционалистік бағыттағы жаңаша ойлар мен көзқарастар, ғылыми-тәсілдермен толықтырылды. Осыған орай, күрділерге қатысты зерттеулер бағыты да жаңаша көзқарастар мен позициялармен байытылды. Енді «күрді» деп Таяу Шығысты мекендейтін жалпы бір ұлт қарастырылады ма, әлде «түркиялық күрдтер», «ирандық күрдтер», «ирактық күрдтер» және «сириялық күрдтер» деп жеке бөліп қарастырылуы керек па дейтін ғылыми сұрақтар кең айналымда болды. Жаңа конструктивтік бағыт бойынша кез-келген ұлттың болмысы уақыт пен кеңістіктің дамуына қарай ұлтаралық үздіксіз өзара қарым-қатынастар негізінде үздіксіз жаңара өзгеретіндігін ескерсек, «түркиялық күрдтер», «ирандық күрдтер», «ирактық күрдтер» және «сириялық күрдтерге» қатысты жалпылама ұғым беріп сипаттау негізсіз екендігін көрсетеді [7].

ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап әлеуметтік ғылымдарда жаңа үрдіс пайда болды. Бұл әлеуметтік, саяси, мәдени құбылыстарды түсіндіруде, сипаттауда пәнаралық тәсілдің (interdisciplinary approach) енгізілуі мен кеңінен қолданылуымен тығыз байланысты болды. Күрділер мәселесі де жаңа тәсіл бойынша зерттеле басталды. Түркия, Иран, Ирак, Сирия күрдтеріне қатысты «азшыл ұлттар құқығы», «әлеуметтік-саяси теңдік және әділдік», «геноцидке қатысты моральдық позиция», «феминистік көзқарас», «дискриминация мен ассимиляция» сияқты мәселелер 4 мемлекетті мекендейтін күрді ұлтының жағдаятымен ұштастырыла зерттеле басталды. Дж. Хилтерманн, Дж. Мелла, К. Маккиернан,

Н. Энтессар, Дж. Нериа, Х. Бабакр, С. Рой, М. Чарунтаки сынды бір топ ғалымдардың еңбектері мен зерттеулері Түркия, Иран, Ирак, Сирия территорияларын қоныстанған күрділердің әр мемлекеттегі әлеуметтік, саяси, мәдени әлеуетіне бағытталды [6].

Жоғарыдан қорытындылай келе, сецессионистік қозғалысқа қатысты, соның ішінде күрді сецессионистік қозғалысын тікелей зерттеу нысаны ретінде бекітіп, тереңірек, жан-жақты қарастырып, сараптайтын зерттеу қазіргі таңда жоқтың қасы екені байқалады. Бұл «сецессионистік қозғалыс» ұғымының әлеуметтік ғылымдар саласында әлі толық ғылыми айналымдағы қалыптаспағандығын көрсетеді. «Сецессионистік қозғалыс» ұғымына қатысты қазірге дейінгі қалыптасқан тұжырымдар мен ғылыми анықтамалар негізінде күрді ұлтының, соның ішінде ирак күрді ұлтының егеменді мемлекет құру қозғалысын жан-жақты талдап-түсіндіру бұл зерттеудің ілгерідегі зерттеулерден ерекшелігін көрсетеді.

«Сецессия» тұжырымы

Тарихи кезеңдік тұрғыдан «сецессия», «сецессионизм» құбылысы күні кеше пайда болған ұғым емес. «Сецессия» ұғымы латынның «secessio — бөліну, шығу» деген сөзінен шығады. Сецессияға қатысты толық дерек сонау 1734 жылы Шотландия Шіркеуінің Англикандық Шіркеуден бөлінуінен шығады [8]. Ал, саяси-әлеуметтік ғылымдағы сецессияның анықтамасы бертінде қалыптасты. Сецессия дегеніміз — ұлтаралық жанжалды шешудің радикалды тәсілін білдіреді. Сецессия нәтижесінде белгілі бір халық пен территория белгілі бір мемлекеттің аумағынан бөлінеді де тәуелсіз субъектке (саяси субъект) айналады [9]. Ал, «сецессионистік қозғалыс» — сецессияны мақсат етіп, осы мақсатты жүзеге асыруға бағытталған әрекетті білдіреді. Сецессиялық қозғалысты жүзеге асырушы топ немесе ұлт — «сецессионистік топ» немесе «сецессионистік ұлт» деп аталады [10]. Қазіргі дейін сәтті аяқталған сецессионистік қозғалысқа мысал ретінде Норвегияның Даниядан бөлінуі, Бангладештің Пакистаннан бөлінуі, КСРО-дан 15 республиканың бөлінуі, Югославиядан 7 мемлекеттің (Хорватия, Босния және Герцеговина, Словения, Черногория, Сербия, Косово, Македония) бөліну сияқты кэйстерді көрсетуге болады.

Сецессионистік қозғалыстың негізінде жоғарыда айтып кеткендей «ұлтшылдық (национализм) және «ұлттық өзін-өзі айқындау» принциптері жатады. Ұлтшылдық идеясы белгілі бір ұлттың болмысы мен мүддесін, біртұтастығының сақталуы мен дамуын меңзесе, «ұлттық өзін-өзі айқындау» принципі белгілі бір ұлттың тағдырына қатысты өзге субъекттің қатысынсыз өздері шешім қабылдайтын құқықты меңзейді.

Андерсонға сүйенсек, сецессияның екі түрі бар. Біріншісі келісілген сецессия (consensual secession), ал, екіншісі — бір жақты сецессия (unilateral secession). Келісілген сецессия бөлінуші топ пен тиісті мемлекет арасындағы өзара келісіммен жүзеге асатын сецессия құбылысын білдіреді [11]. Келісілген сецессия ішінара конституциялық сецессия (constitutional secession) және саяси келісілген сецессия (politically negotiated secession) болып екіге бөлінеді. Конституциялық сецессия деп белгілі бір мемлекеттің конституциясында сол мемлекетті құрайтын ұлттарға арнайы сецессиялық құқығы бекітіледі. Яғни, егер мемлекет өзін құрайтын ұлттардың саяси, әлеуметтік, мәдени, экономикалық қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз ете алмаған жағдайда сол мемлекетті құрайтын кез-келген ұлттық топ сецессиялық құқығын алға тартып, мемлекеттен бөліне алады. Бұл жағдайда екі тарапқа да күш қолдануға немесе шиеленіскен жанжал мен қақтығысты жүзеге асыруға орын қалмайды. Оған мысал ретінде КСРО-ны алуға болады. КСРО-ның 1977 жылғы Конституциясының 72-бабында «КСРОны құрайтын әр Кеңестік Республикалар өз еркімен КСРО құрамынан шығуға құқығы бар» деп көрсетілген [12]. Саяси келісілген сецессия — мемлекет мен бөлінуші топ арасындағы өзара келісім арқылы жүзеге асатын, екі тарапқа да күш қолдануды қажет етпейтін сецессияны білдіреді [13].

Андерсон ұсынған сецессияның екінші түрі — бір жақты сецессия деп аталады. Бір жақты сецессия деп — бөлінуші топ тиісті мемлекеттің келісуінсіз өз еркімен бөлінетін тәуелсіз саяси субъект болатын құбылысты білдіреді [11]. Бір жақты сецессия — көбіне екі тараптан да шиеленіскен жанжал мен қарулы қақтығыстарды келтіріп шығады. Белгілі бір мемлекет пен бөлінуші топ арасындағы жанжал келісімін таппағанда, немесе ұлттық топтың сецессияға қатысты арнайы құқығы мемлекеттік Конституцияда бекітілмегенде пайда болады [14]. Тіпті, бір жақты сецессия қозғалысы белгілі бір мемлекеттің конституциясында сецессияға қатысты тармақтары болғанына қарамастан пайда болуы мүмкін. Сецессия шарттары конституцияда бекітілгеніне қарамастан, бұл шарттар бөлінуші топ тарапынан әділетсіздік және орындалуы қиын жұмыс деп қабылданады да, бөлінуші топ мемлекеттің рұқсатынсызақ, өз еркімен, бөлініп, тәуелсіз саяси субъект болуға әрекет жасайды. Канаданың Квебек провинциясы, Испаниядағы Каталония автономиялық аймақ бұған мысал бола алады.

«Сецессионистік қозғалыстың» пайда болуы.

Сонымен, сецессия деп белгілі бір мемлекетте қоныстанған ұлттық топ және сол ұлттық қоныстанған территорияның сол мемлекеттен бөлініп шығуын атасақ, ал, сецессионистік қозғалыс деп — бөлінуші ұлттық топтың сол сецессия процесін жүзеге асыруға бағытталған қимыл-әрекеті деп анықтама беруге болады. Вудқа сүйенсек, сецессионистік қозғалыс үдерісі 5 кезеңнен тұрады. Біріншіден, Вудтың ойынша, сецессия құбылысы кенеттен пайда болмайды. Оның туындауына көп ұлтты мемлекеттегі саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, географиялық, психологиялық факторлары әсер етеді. Вуд осы орайда сецессияны туғызатын 5 алғышарттарды ұсынады. 1) белгілі бір ұлттық топ тығыз орналасқан территорияның болуы; 2) сол ұлттық топқа тән мәдениет пен дәстүр, тарихи жад және діни сияқты элементтерден тұратын бірегейліктің қатаң сақталуы; 3) ұлттық топ қоныстанған аймаққа қатысты мемлекет тарапынан көрсетілетін экономикалық қолдаудағы диспропорциясы; 4) ұлттық топтың мемлекеттік саясатқа қатысуының шектелуі мен оқшаулануы — жан-жақты дискриминацияға ұшырауы; 5) ұлттық топтың бірегейлігі мен қауіпсіздігінің сақталуына мемлекет тарапынан қауіптің төнуі. Вудқа сүйенсек, аталмыш осы алғышарттар сецессионистік қозғалыстың бастамасы бола алады.

Екіншіден, осы 5 алғышарттар негізінде сецессия қозғалысы туады. Сецессионистік қозғалысы жүзеге асуы үшін сецессионистік топтың ішінара белгілі бір идеологиясы, лидерлік элитасы, ұйымдасу қабілеті (ұйымдар, қауымдастықтар) болу керек. Вуд бұл жерде сецессионистік топтың басты идеологиясы ретінде ұлтшылдықты (национализм) алға тартады. Сецессионистік топ өз ұлтына негізделе құрылған мемлекет олардың мүдделері мен қауіпсіздігін, еркін дамуын қамтамасыз ете алады деп сенеді. Сецессионистік топтың лидерлік элитасы функциясы өте маңызды болып табылады. Сецессионистік топтың лидерлік элитасы — сецессия үдерісін ұйымдастыру, стратегиясын құру, құрылатын жаңа мемлекеттің имиджін қалыптастыру, құрылатын мемлекеттің халықаралық аренадағы легитимділігін қамтамасыз ету, бөлініп тәуелсіздік алуға қатысты тиісті мемлекетпен келіссөз жүргізу қызметтерін өз мойнына алады. Идеология мен лидерлік элита қалыптасқан жағдайда сецессионистік топ белгілі бір ұйымға (партия, қозғалыс) біріге алады. Жүйелі түрде қалыптасқан сецессионистік топтың ұйымы сецессионистік қозғалыстың жүйелі әрі жемісті әрекет етуіне позитивті әсер етеді.

Үшіншіден, сецессионистік қозғалысқа қатысты тиісті мемлекеттің реакциялық әрекеті маңызды рөл ойнайды. Тиісті мемлекет өз территориясында пайда болған сецессионистік қозғалысқа қатысты реакциясы сецессионистік қозғалыстың нәтижелі/нәтижесіз жүзеге асуының негізгі кепілі болады. Халықаралық сецессионистік жағдайлардың тәжірибесіне сүйенсек, тиісті мемлекетке сецессионистік қозғалысқа қатысты туындаған жанжалды шешуге қатысты екі түрлі жол бар. Бірінші жолы — ассимиляциялық саяси стратегияға негізделген қысым көрсету және күш қолдану арқылы сецессионистік қозғалысты басып-жаншу әрекеті болып табылады. Екінші жолы — мемлекеттік конституция мен мемлекеттің басқару формасын реформа жасау арқылы сецессионистік топ немесе ұлтқа қатысты кеңейтілген құзыреттер мен статустар беру (автономия) арқылы жанжалды тоқтату арқылы жүзеге асады. Тиісті мемлекет бірінші жолды жүзеге асырғанда мемлекет пен сецессионистік топ арасындағы қарымқатынас ушығып, қақтығыстар күшейе түседі. Сецессионистік қозғалыс мемлекет күшімен басып-жаншылғанымен, бұл жанжал және қақтығыстарды түбегейлі тоқтата алмайды. Ал, екінші жол — қазіргі таңда халықаралық қауымдастық тарапынан қолдауға ие бола алатын «ең тиімді» жол болып табылады.

Төртіншіден, сецессионистік қозғалысты алға тарту және халықаралық қауымдастыққа білдіру стратегиясы болып табылады. Сецессионистік топ бөліну — тәуелсіздік алу ниетін ресми түрде жариялап, тиісті мемлекет тарапынан жасалынып жатқан күштеп ассимилияция саясаты мен құқық бұзушылықтарды халықаралық қауымдастық алдында көрсетуге тырысады. Сол арқылы халықаралық қауымдастықтың — үшінші тараптың сецессионистік жанжалға араласуын, жанжалдың шешімін өздерінің мүддесіне сай шешілуіне ықпал жасауға әрекет етеді.

Бесінші этап — қарулы қақтығыс жасау арқылы сецессионистік қозғалысты жүзеге асыруға ұмтылу болып табылады. Вуд бұл этапты — «жаппай соғыс (all-out war)», — деп атады. Сецессионистік қозғалыс тиісті мемлекет пен өзара келіссөз барысында, немесе қарулы қақтығыс барысында өзінің күшін және позициясын әлсіретіп алса, сецессионистік топ үшін жағдаяттың нәтижесі жағымсыз көрсеткішпен аяқталады. Сондықтан сецессионистік топ үшін жағдаятты өз мүддесіне сай бақылауда ұстау өте маңызды. Қарулы қақтығыс немесе соғыс арқылы жүргізілген сецессионистік қозғалыстың нәтижелі/нәтижесіз аяқталуына қатысты әсер ететін екі түрлі элемент ең маңыздысы болып табылады. Біріншіден, тиісті мемлекеттің әскери күші және саяси стратегиясының жүйелілігі үлкен рөл ойнайды. Тиісті мемлекеттің әскери әлеуеті мемлекеттің ішкі тұрақтылығы мен біртұстастығын қамтамасыз етуге жететін болса, бұл сецессионистік қозғалыстың көп жағдайда сәтсіз жүзеге асуының кепілі болып табылады. Екіншіден, сыртқы күштердің — үшінші тараптың қақтығысқа араласуы/араласпауы сецессионистік қозғалыстың сәтті/сәтсіз аяқталуына әсер етеді. Сецессионистік қозғалыс қарулы қақтығыс арқылы жүзеге асатын жағдайда мемлекетке сецессияға бағытталған аумақтың бүкіл тұрғындарымен соғысуға тура келеді. Бұл аймақтағы тұрақсыздық пен ойран, хаос, босқындардың ағылуы, геноцид сияқты үлкен апаттарға алып келеді. Бұл жағдайда осы жанжалға сыртқы күштерінің араласуына алып келеді. Егер тиісті мемлекет сецессионистік қозғалысты басу барысында осында өрескел құқық бұзушылықтарға жол берсе, бұл халықаралық қауымдастық тарапынан үлкен сынға ұшырап, сецессионистік қозғалыстың нәтижесі сецессионистік топтың пайдасына шешілу мүмкіндігін жоғарылатады. Сецессионистік қозғалыс ішкі деңгейде сәтті аяқталғанымен бұл сецессияның толығымын аяқталғанын білдірмейді. Сецессия нәтижесінде пайда болған жаңа мемлекет халықаралық қауымдастықтың жаңа пайда болған мемлекеттің дербес саяси субъект ретіндегі статусын мойындап, легитимділігін қамтамасыз етуі қажет. Сонда ғана сецессионистік қозғалыс түбегейлі толық сәтті жүзеге асты деп айта аламыз.

Демек, «сецессия», «сецессия түрі», «сецессионистік қозғалыс» ғылыми ұғымдары негізінде осы «зерттеудің қаңқасын (research framework)» қалыптастырып көрелік. Вудқа сүйене отырып, сецессияны туындататын 5 түрлі фактор: ұлттық топтың бірегейлігінің берік болуы, территориясының болуы, тиісті мемлекет тарапынан экономикалық дискриминацияның болуы, саяси-әлеуметтік дискриминацияның болуы және соңғысы мемлекет тарапынан жасалатын қатаң ассимиляциялық ұлт саясаты. Бұл сецессионистік қозғалыстың пайда болуына алып келетін негізгі факторлар болып табылады. Бұған сецессияның түрін қосалық. Яғни, келісілген сецессия ма, әлде бір жақты сецессия ма? Үшіншіден, сецессияның сәтті аяқталуына үшінші тараптың — халықаралық қауымдастықтың, немесе аймақтық кез-келген мемлекеттің араласуы мен сецессия арқылы құрылғалы жатқан жаңа мемлекеттің тәуелсіз саяси субъект ретіндегі статусын мойындау арқылы легитимділігін қамтамасыз етуі өте маңызды болып саналады.

Ал, осы айтылған элементтерді ирак күрділерінің сецессионистік қозғалысына қалай қолдана аламыз? Алдымен, аталған сецессионистік қозғалыстың қалыптасуының 5 факторы арқылы күрді сецессионистік қозғалысының шығу себептерін айқындап көрелік. Сосын, сецессионистік қозғалысының жүру үдерісіндегі жағдаяттарға қарай ол бір жақты болды ма әлде келісілген сецессия болды ма соны айқындаймыз. Ал үшіншіден аймақтық деңгейдегі мемлекеттер күрді сецессионистік қозғалысына араласты ма жоқ па соны тауып көрелік. Аймақтық мемлекеттердің күрді сецессионистік қозғалысына қатысты позициясы негізінде қозғалыстың нәтижелі/нәтижесіз аяқталатынына түбегейлі әсер ететін болғандықтан, бұл жағдай өте маңызды. Төмендегі 1-суретте осы зерттеудің қаңқасы бейнеленген.

Сараптау

1. Ирак күрділерінің сецессионистік қозғалысының қалыптасуы

1) Ирак күрділерінің ұлттық бірегейлігінің қалыптасуы мен сақталуы

Күрді ұлты халқының саны 40 миллиондай болатын, Таяу Шығыстағы Түркия, Иран, Ирак, Сирия мемлекеттерінің территориясын мекендейтін, әлемдегі өзінің тәуелсіз мемлекеті жоқ ең ірі ұлт болып табылады. Күрді ұлты сан ғасырлар бойы алдымен, Араб халифатының, сосын Осман Империясының, Бірінші Дүниежүзілік соғысы аяқталған соң Осман Империясының ыдырауына байланысты құрылған Түркия, Ирак, Сирия мемлекеттерінің және Иран мемлекеттерінің территорияларын қоныстанып келеді. Күрділердің қоныстанған аймағы «Күрдістан» деп аталады. Тарихи «Күрдістан» жері қазіргі Түркияның Шығыс бөлігі, Иранның Оңтүстік-Батыс бөлігін, Ирактың Солтүстік, Солтүстік-Шығыс, Солтүстік-Батыс бөлігін, Сирияның Солтүстік бөлігін, қамтиды (2-сурет) [15].

2-сурет. Күрділердің қоныстану аумағы [16]

XVIII ғасырдың екінші жартысында Еуропа құрлығында таралған ұлтшылдық идеясы Осман Империясы аумағына да тарады. Бұған дейін ислам және мұсылмандық идеямен өмір сүріп келген Осман Империясы халықтары арасында алғаш рет «ұлт» деген түсінікке назар аударушылық басталды. Осыған орай, күрділер де өздерінің діни аспекттен қарағанда мұсылман болғанымен, тіл, мәдени салт-дәстүрі жағынан түріктер мен арабтардан, парсылардан айырмашылығы бар екендігін аңғаруға болады.

Күрділердің тарихи қоныстану аймағы болып табылатын «Күрдістан» аумағының бөлінуі сонау 1639 жылы Осман империясы мен Иран Сефевидтер империясы арасында болған Зохаб келісім-шартынан басталады. Зохаб келісіміне орай қазіргі Иран аумағына кіретін күрді қоныстану аймағы 1639 жылдан бері Иранның аумағында қалып қойды. Ал, Осман империясы құрамында қалған Күрдістан

аумағы 1918 жылы Осман империясы құлағанға дейін Осман империясы құрамында болды. Осман империясы құлаған соң, империя аумағындағы күрді иеліктері Ұлыбритания мен Францияның, бертін келе қалыптасқан Түркияның бақылауына өтті [17]. Түркия, Иран, Ирак, Сирия да дербес мемлекет болып қалыптасқан соң, өз аумағындағы ұлттық-көпшілік (ethnic majority) негізінде ұлттық идеологияны қалыптастырды. Ал, мемлекет аумағындағы азшылық-ұлттардың (ethnic minority) болмысын мойындаудан бас тартты. Бір мысал ретінде, Түркияның алғаш президенті Мұстафа Кемал Ататүрікті алуға болады. Ататүрік жүргізген ұлт саясаты мұсылмандық негізіндегі арабшылықтан бас тартып, «түрікшілікке» бағытталды. Түркия аумағындағы саны жағынан ең ірі ұлт болып табылатын күрділер «басқа ұлт» ретінде қарастырылмай, «таулық түріктер» деп аталды. Яғни, күрді ұлтының болмысы мен ұлт ретіндегі статусы мойындалмады. Бұл жағдай күні бүгінге дейін жалғасып келуде. Иран да тәуелсіздік мемлекет болып қалыптасқан соң, орнаған Шах режимі Түркияның позициясын іле-шала қолдап, өз қарамағындағы күрділерді «таулық парсылар» деп атады. Сириядағы жағдай да, Түркия мен Ирандағыдай қайталанды. Сирияда да араб режимі орнап, мемлекеттегі азшылық-ұлттарды ассимиляция жасау саясаты белсенді жүзеге асырылды [18].

Тек, Ирактағы күрділердің жағдайы қалған үш мемлекетпен салыстырғанда өзгеше болды. Ирак мемлекеті тәуелсіздік алған соң мемлекет билігі бірден Ирактағы арабтық саяси элитаның қолына өткен жоқ. Ирактағы мемлекет билік негізінен Ұлыбритания мен Ұлттар Лигасының қарамағында болды. Ал, Ұлттар Лигасы Ұлыбританиядан Ирактағы азшылық-ұлттардың бірегейлігін сақтап қалуға, өз тілдерінде білім беру, БАҚ құралдарын дамытуға мүмкіндік беруді талап етті. Соның нәтижесінде Ирактағы күрділер өз мәдени салт-дәстүрлері мен тілін, мәдениетін дамытуға мүмкіндік алды [18]. Бұл бертін келе Ирак күрділердің арасында ағартушы-интеллигенцияның қалыптасуына алып келді. 1946 жылы Ирак ағартушы-интеллигенция өкілдері Мустафа Барзани басшылығымен Күрді Демократиялық Партиясын (КДП) құрды. КДП — құрылғаннан бастап Ирак күрділерінің негізгі саяси орталығы мен идеологиялық қозғаушы күші болды. КДП саяси-ағарту ісімен бір қатарда күрділер ішінен арнаулы халық жасақтарын құрумен айналысты. Бұл арнаулы жасақ — Пешмерга деп аталды. Пешмерга 1946 жылдан бастап Ирак күрділерінің мүддесі мен қауіпсіздігін қорғайтын негізгі күшке айналды. КДП Ирактағы алдымен Араб монархиялық режимімен, 1957 жылы мемлекет төңкеріс арқылы билікке келген әскери үкіметпен, және 1979 жылдан бастап 2003 жыл аралығында Саддам Хуссейн режимімен тәуелсіздік үшін күресте негізгі рөл атқарды. 1988 жылы Саддам Хуссейн режимі Ирак күрділері ИранИрак соғысында (1980–1988) Иран тарапын қолдады деген себеппен Ирак Күрдістан аумағына басып кіріп, химиялық қаруды қолдану арқылы 5000-нан астам күрді халқын жойып жіберді. Бұл жағдай алғаш рет халықаралық қауымдастыққа белгілі болып, күрді мәселесі алғаш халықаралық мәселе ретінде қаралды. Нәтижесінде, Парсы шығанағы соғысы кезінде БҰҰ-мен АҚШ және олардың коалициялық күштері Саддам Хуссейн режимінің әрекетін анти-гуманизм мен геноцид деп жариялап, Ирак күрділерін өз қорғауына алды. 1992 жылы 19-мамырда Ирактың солтүстігінде де-факто Ирак Күрді Автономиясын (ИКАА) құрылуына ықпал жасады. Де-факто ИКАА 1992–2003 жылдар аралығында административтік құрылымдар қалыптастыру, дамыту, жүйелеуде үлкен табыстарға қол жеткізді. ИКАА 2005 жылы Саддам Хуссейн режимі құлап, Ирак мемлекеті унитарлы мемлекеттен федеративті мемлекет болып өзгергенде өзінің автономдық статусын конституция деңгейінде бекітті [19].

Түйіндесек, 1920 жылдардағы Ұлттар Лигасы мен Ұлыбританияның Ирак күрділерін қолдауы мен 1992 жылы БҰҰ мен АҚШ-тың Ирак күрділерінің автономиясын құрудағы көрсеткен қолдауы Ирак күрділерінің өзіндік дербес ұлтшылығын сақтап қалуда шешуші рөл атқарды.

Территориясының болуы: ИКАА

Ирак күрділерінің қоныстанған аумағы 1918 жылы Осман империясы ыдырағанда Ұлыбританияның бақылауына өтті. 1920 жылы Ирактың аумағымен бір қатарда Ирак Күрдістаннан да мұнай қоры табылуы Ұлыбританияның бұл аймаққа деген қызығушылығы арта түсті. Ұлыбритания бір жағынан жаңадан көтеріліп келе жатқан Түркияның бұл аймаққа қатысты ықпалын төмендету үшін, екінші жағынан Ирак аумағын толық бақылауда ұстау мақсатында араб және күрді басшыларына өз басқару аумағындағы билігін мойындай отырып Ұлыбританияға бодандығын мойындатқызуға әрекет жасады. Ұлттар Лигасы Вильсонның «14 тармағы» принципіне сәйкес, Ұлыбританиядан өз басқару аумағында, соның ішінде Ирактағы күрділердің территориясын, мәдениетін, тілін, БАҚ-дарын дербес дамытуға кепілдік беруін талап етті. Ирак Күрдістандағы мұнайды еркін игеруді көздеген Ұлыбритания Ұлттар Лигасы қойған талаппен келісуге мәжбүр болды [20]. Оның үстіне, Ирак Күрдістан аумағы бірнеше тайпалардан тұрды. Тайпа басшыларының өз билік аймақтағы ықпалдарын ескере отырып, олардың билігін мойындай отырып, өздеріне бейілділігін мойындатқызу Ұлыбританияның негізгі мақсаты болды. Сонымен қатар, Ұлыбритания Ирак Күрдістаны аумағына Ирак араб билігінің ықпалын төмендетті. Күрділер мен араб элиталарының қақтығысы мемлекеттегі мұнай өндірісінің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін еді. Сондықтан Ұлыбританияға күрділер мен арабтар арасындағы территориялық балансты сақтау маңызды болды.

Ирактағы монархия режимі кезінде, одан қала берсе әскери диктатуралық режим кезінде, бертін келе Саддам Хуссейн режимі кезінде де Ирак Күрдістанның аумағы түбегейлі өзгеріске ұшыраған жоқ. Тек, мұнайға бай Киркук, Дияла, Саладдин аймақтары ғана күрділер мен Ирак үкіметі тарапынан өзара иемдену құқығына, тартыс аймақтарға айналды. Оның үстіне, Ирак үкіметі 1960 жылдардан бастап осы аймақтарды қоныстанған күрділерді күштеп қоныс аудару, орнына арабтарды қоныстандыру арқылы «аймақты арабтандыру» саясатын белсенді жүзеге асырды. Бұл аймақтар әлі күнге дейін Ирак үкіметі мен ИКАА арасындағы тартысты аймақ (disputed territory) болып келеді [21].

Қазіргі таңда ИКАА-ның негізгі аумағы 4 аймақтан тұрады. Олар — Дохук, Эрбиль, Сулаймания және Халабджа (3-сурет).

ИКАА-ның Ирак Конституциясында бекітілген заңды түрдегі аумағының болуы Ирак күрділерінің құрғалы жатқан дербес тәуелсіз мемлекеттің негізі бола алды.

Экономикалық дискриминация

2005 жылы Ирак унитарлы мемлекеттен федеративтік мемлекетке айналған ИКАА-ның статусы Конституцияға сәйкес бекітілді. Осыған орай Ирак федералды бюджетінің 17 % ИКАА-ның еншісіне берілуі тиіс болды. Сонымен қоса, Ирак федералды Конституциясының 112-бабы ИКАА территориясындағы мұнай және табиғи қазба-байлықтарды игеру жергілікті басқару органдарына тапсырылатындығын нұсқайды. Ал, Ирак Үкіметі ИКАА Ирактың субъекті болғандықтан жергілікті қазба-байлықтарды игеру мен одан түскен пайда Ирак мемлекетіне тиесілі деп талап етті. Бағдад режимі де, ИКАА да Ирак Күрдістандағы мұнайды біржақты игеру, өндіру және экспорттау ИКАА-ның экономикалық қуаттылығы мен дербестігін күшейтетіндігін жақсы білді. Нәтижесінде екі тарап өз позицияларын күшейтуге ұмтылды, осыған сәйкес екі жақта да табиғи ресурстарға қатысты келіспеушіліктер мен қайшылықтарды кеңейтті. Бұл қайшылық Ирак конституциясының жергілікті билік органдарының мұнай мен табиғи газды дамытудағы рөлі туралы түсініксіздігімен күрделене түседі.

2007 жылы Ирак Үкімет мұнай мен газ туралы ұлттық заң қабылдауға тырысты, бірақ бұл ұсыныс ИКАА тарапынан қарсылыққа ұшырап, сәтсіз аяқталды. Керісінше, сол жылы ИКАА жергілікті парламент арқылы өз аумағында табиғи ресурстарды дербес игеруге қатысты қаулы қабылдады. Қаулы қабылданғаннан кейін көп ұзамай ИКАА беделді көптеген халықаралық мұнай компанияларын дербес түрде келіссөздер жүргізетіндігін мәлімдеді. Нәтижесінде ИКАА аумағында мұнай кен орындарына шағын және орта мұнай өңдеу зауыттарының жобалары қарала бастады. 2012 жылы ExxonMobil, Газпром Нефть, Тотал және Шеврон сияқты ірі мұнай компаниялары Ирактың орталық үкіметінің келісімінсіз ИКАА-мен тәуелсіз келісім жасасты [23].

Керісінше Ирак үкіметі ИКАА-ға қатысты федералды бюджет бөлуді тоқтатты және ИКАА-ның Үкіметтің келісімінсіз табиғи қазбаларды игеріп жатқандығын қатаң сынға алып, ИКАА-ға қатысты мемлекеттік қаржылық операцияларды тоқтатып тастады. Бұл жағдай ИКАА-ның экономикасына, қаржылық әлеуетіне үлкен соққы болды және ИКАА-ның жағдайдан шығу үшін дербес түрде шетелдік компаниялар мен кәсіпорындармен бір жақты қарым-қатынас орнатуын күшейтті.

Саяси-әлеуметтік дискриминация

Саддам Хуссейн режимі құлаған соң Ирактың қоғамы үлкен 3 топқа бөлінді. Олар — Ирак халқының 60 пайызын құрайтын араб-шииттер, 20 пайызын құрайтын араб-сунниттер және 18 пайызын құрайтын күрділер. Саддам Хуссейн режимі кезінде билік негізінен араб-сунниттерден құралған элитадан тұрды. Ал, күрділер мен араб-шииттер қоғамды басқарушы барлық саладан оқшауландырылды. Саддам Хуссейн үкіметі ыдыраған соң билік басына негізінен араб-шииттер келді. Парламент пен жергілікті басқарушы, атқарушы, заң шығарушы органдардың басым көпшілігін араб-шииттер иемденді. Араб-сунниттер мүлде саяси-әлеуметтік үдеріске қатысудан мақрұм қалды. Бұл жағдай Ирак қоғамының бөлінуі мен ұлттық-діни қақтығыстар мен қарама-қайшылықтардың шиеленісуіне алып келді.

Араб-шииттер тарапынан ИКАА-ның күшеюі мен Ирак Конституциясына сай қамтамасыз етілген құзыреттері мен құқықтары Ирактың мемлекет ретіндегі біртұтастығына үлкен қауіп төндіреді деп есептелді. Сондықтан ИКАА-ның әр қадамы араб-шииттер тарапынан қатаң бақылаумен сарапталды.

Ирактың мемлекеттің басқару формасы унитарлы жүйеден федеративті жүйеге ауысқанда мемлекеттің тұрақтылығы мен біртұтастылығын қамтамасыз ететін «ирактілік (Iraqness)» идеологиясы дефакто өз күшін жойды. «Ирактілік» идеологиясы Саддам Хуссейн режимінің негізгі идеологиясы болатын. Енді Ирак қоғамы аймақтық ерекшелігіне, ұлттық-діни ерекшеліктеріне қарай бірнеше топтарға бөлінді. Ал бұл жағдай мемлекеттегі тұрақтылықты шайқалтты. Саяси-әлеуметтік тұрғыдан түбегейлі оқшауланған араб-сунниттер 2014 жылы ИШИМ-нің бас көтеруін алып келді. ИШИМ-нің таралуы және аз уақыт аралығында Ирак аумағының басым бөлігін жаулап алуы Ирактың мемлекет ретіндегі статусы мен әлеуетін төмендетті. Керісінше, ИКАА аумағында күрді жалық жасағы — Пешмерганың болуы ИКАА-ның Ирак аумағындағы жалғыз қауіпсіз аймаққа айналуына алып келді. ИКАА-ның өз аумағын қорғай ИШИМ-нен қорғай алуы Ирак күрділеріне тәуелсіз жағдайда өздерін қорғай алатындай сенімділік орнатты Бұл жағдай Ирак күрділерінің бөліну немесе сецессионистік қозғалысы идеясын оятуына алып келді.

Ирак үкіметінің ассимиляция саясаты

Ирак монархия жүйесінде басталған арабтандыру саясаты 1957 жылы Ирактағы монархия жүйесі құлап, әскери төңкерістің нәтижесінде билікке келген генерал Абд-аль Карим Касем билігі кезеңінде де, одан кейін Саддам Хуссейн режимі кезінде белсенді түрде жүзеге асырылды. Ирактағы монархия жүйесінің құлауы да күрділердің көмегімен жүзеге асты. Касем М. Барзани бастаған КДП мен Пешмерганың көмегімен мемлекеттік төңкерісті жүзеге асыра алды. Касем тарапынан күрділерге көмектескен жағдайда Ирак аумағында күрді автономиялық аумақтың құрылуына уәде берілді. Бірақ КДП-ның Касем бастаған Ирак Компартиясынан кейінгі екінші ірі партия болуы Касем билігін ойландырды. Және Касем режимі КДП мен күрділердің батыл әрекеттері мен елдегі сепаратистік қозғалыстың шығуынан қауіптенді. Осыған орай 1960 жылы Касем билігі Ирак күрділеріне берген уәдесін орындаудан бас тартты. Нәтижесінде М. Барзани бастаған КДП 1961–1975 жыл аралығында Иракта бірнеше дүркін көтеріліс ұйымдастырылды. Ирак Күрдістан аумағы мен көршілес аумақтардағы арабтардың санын жаппай қоныстандыру Касем мен оның жақтастары ұлт саясатының негізгі бағыттары болды. Ирак Күрдістан аумағында күрді тілінде іс-жүргізу, білім беруге тыйым салынды. Күрді мектептерінің жаппай жабылуы басталды.

Саддам Хуссейн үкіметі тұсында да Ирак аумағын арабтандыру саясаты белсенді жүргізілді. 1977–1979 жыл аралығында Солтүстік Ирактағы 600-ға жуық күрді ауылдары жағып жіберілді және 200 мыңға жуық күрділер қоныстану аумағынан тастап кетуге мәжбүр болды. Арабтандыру негізінен Ирак Күрдістанның өндірістік аймақтарында белсенді түрде жүргізілді.

1988 жылы Саддам Хуссейн биілігі тарапынан жүргізілген «Аль-Анфаль» — әскери жазалау операциясы «ұлттық тазалаумен (ethnic cleansing)» бара-бар болды. 3000–4000 күрді ауылдарын жағып жіберді. 100000-ға жуық күрді босқындары пайда болды. Арабтандыру үдерісі 2003 жылы Саддам Хуссейн билігі құлағанға дейін жалғасты.

Ирак үкіметінің ассимиляциялық саясаты Ирак қоғамының «біз — олар» деп бөліну диллемасын келтіріп шығарды. Бұл Ирак күрділерінің Ирак қоғамында сіңіп кетуі мен интеграциясына үлкен кедергі болды. Керісінше, оқшаулануына алып келді. Ирак үкіметімен толассыз қақтығыстар мен ұзақ уақыт бойы созылып келе жатқан келісе алмаушылықтар Ирак үкіметі мен күрділер арасындағы өзара сенім мен біртұтастықты жойылуына алып келді. Бұл жағдай Ирак күрділерінің сецессионистік қозғалысын жүзеге асыруына өз үлесін қосты.

Түйіндесек, Ирак күрділерінің бір ғасырға жуық уақыт бойы өз ұлттық болмысы мен бірегейлігін сақтау жолында үздіксіз күрес жүргізуі олардың күрділік бірегейлігінің сақталуына алып келді. Ұлттар Лигасы мен Ұлыбританияның Ирак күрділеріне өз ұлттылығын сақтап қалуға мүмкіндік беруі мен БҰҰ мен АҚШ-тың Ирак күрділерінің саяси субъект ретінде қалыптасуына ат салысуы түбінде Ирак күрділері саяси институтының пісіп жетілуіне алып келді. Бұл Ирак күрділерінің мемлекет құрудағы мақсатына бір табан жақындауын қамтамасыз етті. Ирак мемлекеті тарапынан мемлекеттік біртұтастықты сақтау және оған төнген қауіп-қатердің алдын алу мақсатында күрділерге жасалған экономикалық, саяси-әлеуметтік дискриминациялық және ассимиляциялық саясаты керісінше мемлекеттің дезинтеграциясына алып келді. Сонымен қатар, күрді сецессионистік қозғалысының қайта жандануына әкеліп соқты.

«Келісілген сецессия vs бір жақты сецессия»

2014 жылы Иракта пайда болған ИШИМ мен ИШИМ-не қатысты орын алған елдегі хаос, тұрақсыз жағдай, Ирактың мемлекет ретіндегі функциясының әлсіреуі ИКАА-ның Ирактан бөлініп тәуелсіз болу әрекетін жылдамдатты. Керісінше, ИШИМ туғызған хаосқа қатысты ИКАА Пешмергасының төтеп беруі Ирак күрділерінің дербес мемлекет құра алатындығына қатысты сенімін арттырды. Осыған орай, ИКАА басшысы Масуд Барзани 2015 жылы 1 шілдеде ИКАА референдум арқылы Ирактан бөлінуіне қатысты мәлімдеме жасады. ИКАА аймақтық парламентін құрайтын КДП, Күрдістан Патриоттар Одағы (КПО), Горран қозғалысы сияқты беделді партиялар референдумды өткізуге ат салысатынын мәлімдеді. Ирак Премьер-министрі аль-Малики ИКАА-ның бөлінуін негізсіз, ИКАА-ның Ирак аумағынан бөлінуі Ирак Конституциясына тікелей қарсы шығу деп айыптады. Дегенмен, ол сәтте Ирак Үкіметі ИШИМ-мен күресу барысында ИКАА-ның бір жақтама шешіміне нақты қарарлар қабылдай алмады. Келіссөздер барысында күштер тең болмады. ИКАА басшылары мұнайға бай Мосул аймағының ИШИМ қарулы топтарынан босаған жағдайда дереу референдум өткізілетіндігін мәлімдеді.

2017 жылы сәуір айында Мосул аймағын ИШИМ бақылауынан босату үдерісінде прогресс байқалған соң КДП, КПО, Горран қозғалысы басшылары ИКАА тәуелсіздігіне қатысты референдум 2017 жылы өткізілетінін жеткізді. Сол жылдың 7 шілдесінде ИКАА басшысы Масуд Барзани ИКАА тәуелсіздігіне қатысты референдум 2017 жылдың 25 қыркүйегінде өтеді деп жариялады. Көп ұзамай 14 тамызда Масуд Барзани бастаған күрді делегациясы Бағдадта Ирак Премьер-министрі Х. Аль-Абадимен ИКАА-ның тәуелсіздігі жайлы референдумге қатысты келіссөз жүргізді. Ирак Премьер-министрі референдумды «конституцияға қарсы іс-әрекет», — деп бағалады. Абади күрділердің референдумын бір жақты референдум деп атады. Келіссөз барысында тараптар ортақ шешімге келе алмады.

2017 жыл 25-қыркүйекте ИКАА аумағында және күрділер мен Ирак Үкіметі арасында тартыс аймақтар болып саналатын Киркук, Дияла, Саладдин, Ханакин аймақтарында да референдум жүргізілді. Референдум қорытындысын төмендегі кестеден көруге болады.

1-кесте Ирак күрді тәуелсіздігіне қатысты референдум нәтижесі [24]

Мазмұны

Жалпы сайлаушы саны

Пайыздық көрсеткіш

ИКАА ішінде/сыртындағы сайлаушылар саны

4,581,255

100 %

Референдумға қатысушылар саны

3,305,935

72,16 %

Жарамды дауыстар саны

3,085,935

100 %

Тәуелсіздікті жақтаушылар саны

2,861,471

92,73 %

Тәуелсіздікке қарсылар саны

224,464

7,27 %

Жарамсыз дауыстар саны

40,011

Сайлау комитеті дерегімен сәйкес келмейтін дауыс саны

170,611

Бос бюллетень саны

9,368

ИКАА-ның тәуелсіздігі жайлы референдум бір жақты өтті. Референдумға Ирактың бүкіл халқы қатыспады. Демек, Ирак күрділерінің тәуелсіздік жайлы референдумы федералды Үкіметінің келісімінсіз, анти-конституциялық негізде тек қана ИКАА шеңберінде ғана өткенін ескерсек, Ирак күрділерінің сецессионистік қозғалысы бір жақты сецессия деп айтуға негіз бар. Халықаралық тарихи тәжірибеге сүйенсек, бір жақты сецессия қозғалысы сәтті аяқталуы үшін қажетті элементтің бірі жанжалға үшінші тараптың қосылуы болып табылады. Ирак күрділерінің бір жақты қозғалысына аймақтық деңгейдегі мемлекеттер, анығында Түркия және Иранның позициясы қалай болғанын талдап көрелік.

Аймақтық деңгейдегі Ирак күрді сецессионистік қозғалысының дамуы

  1. Түркияның рөлі.

Жоғарыда атап өткендей Түркия кез-келген күрділерге қатысты мәселені айналып өте алмайды. Себебі Түркияның Шығыс бөлігі негізінен күрділерден тұрады. Түрік Республикасы құрылған сәттен бастап өз территориясындағы күрдтер қозғалысымен күресіп келгеніне қарамастан, соңғы онжылдықта ИКАА-мен тамаша қарым-қатынаста болып келді. Анкара Ирак Күрдістанының нағыз саяси қорғаушысы, сонымен бірге стратегиялық экономикалық серіктес және әскери одақтас болды. Өз кезегінде, ИКАА-да Түркияның аймақтағы ең маңызды серіктесі болды. Әсіресе, Түркия ИКАА-ны Иранның аймақтағы ықпалына тосқауыл және Иракқа қысым жасау құралы ретінде көрді.

ИКАА сонымен бірге маңызды экономикалық серіктес болып табылады. Бір ғана 2016 жылы ИКАА-ның Түркияға экспортының құны 5,4 млрд долларға, импорт құны 7,6 млрд долларды құрады. ИКАА, сонымен қатар, Түркияға мұнай мен газ жеткізілімін әртараптандырудың әлеуетті көзі болып табылады. Тек Күрд тәуелсіздігінің референдумы бұл ынтымақтастық үшін үлкен проблема тудырды.

ИКАА-дағы референдум Анкараның ИКАА-на деген қарым-қатынасын өзгеруіне себепші болды. Ирак Күрдістан тәуелсіз мемлекет болған жағдайда бұл Түркия үшін бірқатар күрделі проблемалар туғызады. Біріншіден, бұл Түркия шекарасында жаңа қақтығыстың пайда болу қаупін едәуір арттырады. Мемлекет аумағы маңында жаңа күрді мемлекеті пайда болды дегені Түркия аумағындағы күрділердің сепаратистік, сецессионистік қозғалысының қалыптасу мүмкіндігін жоғарылатады. Оның үстіне, соңғы кездері Түркиядағы күрділердің саяси партияларының ұлттық сайлауда кең қолдауға ие болып, ел парламенттегі белді күшке айналуы Анкараның күрділерге қатысты қаупінің тегін емес екенін растайды.

Сонымен қатар, Түркия қазіргі таңда Сирия азамат соғысынан туындаған Сирия күрдтерін де бақылауда ұстауға тырысып келеді. Сириядағы тұрақсыздық пен де-факто Роджава күрді автономиялық аймақтың пайда болуы және ИКАА-ның тәуелсіздік алған жағдайда «пан-курдизм» қозғалысының басталып кету мүмкіндігін жоғарылауы мүмкін деген реалистік көзқарас Түркия Үкіметінің ИКАА-ның сецессионистік қозғалысын қолдаудан бас тартуына себеп болып отыр.

2. Иранның рөлі.

Иран да Түркия сияқты өз аумағындағы 8 миллионға жуық күрді ұлтының барлығынан ИКААның сецессионистік қозғалысын қолдамады. Иран күрдтері Иран аумағындағы саны жөнінен әзербайжандықтардан кейінгі екінші ең үлкен азшылық-ұлт болып саналады. Иранның Түркиядан айырмашылығы оның көп ұлттылығында. Оның үстіне әр азшылық-ұлт Иранның белгілі бір аймағында тығыз қоныстанған. Бұл жағдаят Иранның ұлтқа қатысты әрқашан қауіптене қарауға мәжбүр етеді. Сондықтан ИКАА-ның тәуелсіз саяси субъект болып қалыптасуы Иранның егемендігі мен территориялық біртұстастығына үлкен қауіп бола алады. Екіншіден, Иранның жалпы мемлекеттік идеологиясы ұлттық бөлінушілікті тыйым салады. Яғни, Ислам бойынша қандай да қауым ұлттық топтарға бөлінбеуі тиіс. «Умма» түсінігі интеграциялық маңызы өте үлкен болып тұрған Иранға ұлтшылдық идеяны алға тартатын сецессия құбылысы мүлде қарама-қайшы ұғым болып табылады. Үшіншіден, Иранға қазіргі шииттік үстемділік басым болып тұрған Ирак мемлекетінің фрагментациясы тиімсіз болып табылады. Таяу Шығыстағы аймақтық держава болып табылатын Иранға одақтас, әрі ұқсас идеологиялы мемлекеттің болуы аймақтық держава статусын сақтауда маңызды рөл ойнайды.

Түйіндесек, Түркия да, Иран да ИКАА-ның сецессионистік қозғалысын ең маңызды сәтте қолдамауы Ирак күрділерінің сецессионистік қозғалысының нәтижесіз болып аяқталуына алып келді. Екі мемлекет те жаңа күрді мемлекетінің пайда болуын өз аумағында қоныстанға күрді ұлтының ұлттық қозғалысын қозғаушы факторы ретінде қабылдайды.

Қорытынды

Бұл зерттеу Ирак күрділерінің егемендік мемлекет құруға арналған сецессионистік қозғалысының шығу себептерін табуды және сецессионистік қозғалысының қандай ерекшелікке ие болғандығын, оның шектеуліктері қалай болғандығын табуды қарастырды. Ирак күрділерінің бір ғасырға жуық уақыт бойы өз ұлттық болмысы мен бірегейлігін сақтау жолында үздіксіз күрес жүргізуі олардың күрділік бірегейлігінің сақталуына алып келді. Ұлттар Лигасы мен Ұлыбританияның Ирак күрділеріне өз ұлттылығын сақтап қалуға мүмкіндік беруі мен БҰҰ мен АҚШ-тың Ирак күрділерінің саяси субъект ретінде қалыптасуына ат салысуы түбінде Ирак күрділері саяси институтының пісіп жетілуіне алып келді. Бұл Ирак күрділерінің мемлекет құрудағы мақсатына бір табан жақындауын қамтамасыз етті. Ирак мемлекеті тарапынан мемлекеттік біртұтастықты сақтау және оған төнген қауіп-қатердің алдын алу мақсатында күрділерге жасалған экономикалық, саяси-әлеуметтік дискриминациялық және ассимиляциялық саясаты керісінше мемлекеттің дезинтеграциясына алып келді. Сонымен қатар, күрді сецессионистік қозғалысының қайта жандануына әкеліп соқты. Ирак күрділерінің тәуелсіздік жайлы референдумы федералды Үкіметінің келісімінсіз, анти-конституциялық негізде тек қана ИКАА шеңберінде ғана өткенін ескерсек, Ирак күрділерінің сецессионистік қозғалысы бір жақты сецессия деп айтуға негіз бар. Бұл Ирак күрді қозғалысының ерекшелігін көрсетеді. Аймақтық деңгейде Түркия да, Иран да ИКАА-ның сецессионистік қозғалысын ең маңызды сәтте қолдамауы Ирак күрділерінің сецессионистік қозғалысының нәтижесіз болып аяқталуына алып келді. Екі мемлекет те жаңа күрді мемлекетінің пайда болуын өз аумағында қоныстанған күрді ұлтының ұлттық қозғалысын қозғаушы факторы ретінде қабылдайды.

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Barkin J. S. The State and the Nation: Changing Norms and the Rules of Sovereignty in International Relations / J. S. Barkin, B. Cronin // International Organization. — 1994. — Vol. 48, No. 1. — P. 110.
  2. Muro D. Secession and Counter-secession: An International Relations Perspective, Collection Monografias / D. Muro, E. Woertz. — CIDOB: Barcelona Centre for International Affairs, 2017. — P. 11.
  3. Coggins B. Friends in High Places: International Politics and the Emergence of States from Secessionism / B. Coggins // International Organization. — 2011. — Vol. 65. — P. 437.
  4. Eastwood S.J. Jr. Secession: State Practice and International Law after the Dissolution of the Soviet Union and Yugoslavia / S.J. Eastwood Jr. // Duke Journal of Comparative International Law. — 1993. — Vol. 3, No. 2. — P. 17.
  5. Independent News., McKernnan, B., «Kurdistan Referendum Results: 93 % of Iraqi Kurds Vote for Independence, Say Reports», 2017.09.27. — URL: https://www.independent.co.uk/news/world/middle-east/kurdistan-referendum-results-vote-yes-iraqikurds-independence-iran-syria-a7970241.html
  6. Eccarius-Kelly V. Kurdish Studies in Europe / V. Eccarius-Kelly // Routledge Handbook on the Kurds. 2018. — P. 22.
  7. Chaliand G. A People without a Country: The Kurds and Kurdistan / G. Chaliand. — New York: Interlink Publishing Group, 1993. — P. 40–42.
  8. McGreal C. Rachel Dolezal: I wasn't identifying as black upset people. I was being me / C. McGreal // Guardian. — 2015. — 13 Dec.
  9. James C. State and International Law in Relation to Secession / C. James // British Yearbook of International Law. — 1999. — Vol. 69, No. 1. — P. 85.
  10. Wood J.R. Secession: A Comparative Analytical Framework, Canadian Journal of Political Science / J.R. Wood // Revue Canadienne De Science Politique. — 1981. — Vol. 14, No. 1. — P. 110.
  11. Anderson G. Secession in International Law and Relations: What Are We Talking About? / G. Anderson // Loyola of LosAngeles International Comparative Law Review. — 2013. — Vol. 35. — P. 350.
  12. Конституция СССР от 1977 г. [Электронный ресурс]. — Режим доступа http://www.constitution.garant.ru/history/ussrrsfsr/1977/red_1977/1549448/#sub_para_N_700
  13. Young R.A. How Do Peaceful Secession Happens? / R.A. Young // Canadian Journal of Political Science. — 1994. — Vol. 27, No. 4. — P. 773.
  14. Crowford J.R. The Creation of States in International Law. — 2nd Edition / J.R. Crowford. — Oxford University Press, 2006. — 375 p.
  15. Izady M.R. The Kurds: A Concise Handbook / M.R. Izady. — Washington: Taylor and Francis, 1992. — P. 1–8.
  16. Philips L.D. The Kurdish Spring: A New Map for the Middle East / L.D. Philips — New Jersey: Transaction Publishers, 2015. — P. 2.
  17. Heper M. The State and Kurds in Turkey: The Question of Assimilation / M. Heper. — Springer Publishing Company, 2007. — P. 55.
  18. Лазарев С.М. Курдистан и курдский вопрос (1923–1945) / С.М. Лазарев. — М.: Восточная литература РАН, 2005. — C. 45.
  19. Allawi A.A. The Occupation of Iraq: Winning the War, Losing the Peace / A.A. Allawi. — Yale University Press, 2008. — P. 221–222.
  20. Jwaideh W. The Kurdish National Movement: Its Origins and Development / W. Jwaideh. — Syracuse University Press, 2006. — P. 75–79.
  21. Crisis Group, «Iraq and the Kurds: Trouble Along the Trigger Line», Crisis Group Report No. 88, Middle East & North Africa, 2009.07.08. — Retrieved from https://www.crisisgroup.org/middle-east-north-africa/gulf-and-arabian-peninsula/iraq/i raq-and-kurdstrouble-along-trigger-line
  22. Mohammed H. The challenges impeding traffic safety improvements in the Kurdistan Region of Iraq / H. Mohammed, S. Schrock, D. Jaff // Transportation Research Interdisciplinary Perspectives, 2019.
  23. Hiltermann J. The Kurdistan Region of Iraq: Achieving stability in a time of Transition / J. Hiltermann // Austrian Institute for International Relations, 2012.
  24. The Independent High Elections and Referendum Commission of Iraqi Kurdistan. — Retrieved from http://www.khec.krd/pdf/173082892017_english%202.pdf

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.