Аңдатпа
Бул мақалада Алакөл өңірінде туристік іс-әрекет пен оны дамытудың қазіргі жағдайына талдау жасалып, емдік-сауықтыру туризмі мен демалысты тиімді пайдаланудың табиғи және әлеуметтік - экономикалық алғышарттарын саралау негізінде рекреациялық әлеуетін бағалау, табиғатын тиімді пайдалану мәселелерін қарастырылады.
КІРІСПЕ
Алакөл өңірінің туристік инфрақұрылымын дамытуда бірқатар өзекті мәселелер туып отыр. Туристік-рекреациялық ресурстар мүмкіншілігін дамыту мен пайдаланудан түсетін өңірлік жалпы ішкі өнімдегі табыстың үлес салмағының төмендігінің негізгі себебі туризм мен демалыс инфрақұрылымның нашар дамуы, қаржы көздерінің жетіспеуі, негізгі тұтыну нарқынан алыстығы, туристік өнімді құру кезінде көлік шығындарының жоғары болуы, рекреанттарды орналастыратын орташа сыныпты нысандар мен мәдени-сауықтық нысандардың жетіспеуі және олардың деңгейінің туристік нарық талабына сәйкес келмеуіне тығыз байланысты. Туристік бағыттар деңгейінің төмендігі өңірдегі бірегей табиғат ескерткіштері мен нысандарын толық деңгейде пайдалануға мүмкіндік бермейді. Туристік саланың өңір шегінде нашар дамуын инфрақұрылымның нашар дамуымен, туризм мен демалысты кешенді дамыту жоспарының болмауымен, құқықтық қамтамасыз етілмеуімен, салық жүйесінің күрделілігімен, инвестиция тартуға берілетін жеңілдіктердің болмауымен түсіндіруге болады. Туризм саласы өз қызметін ғылыми негіздеуді, басқаруды, үйлестіруді, барлық туристік-рекреациялық әлеуетті толық әрі тиімді пайдалануды және инвестиция тарту үшін жеңілдіктер беруді қажет етеді.
Алакөл өңірінде туризм мен демалыс енді қалыптасып келе жатқан бастапқы кезеңінде тұр. Туризм мен демалысты дамытуға қолайлы жағажайлардың, емдік батпақтардың, минералды су көздерінің және тартымдылығымен ерекшеленетін бірегей орындардың болуына қарамастан туризмді дамытудан жергілікті бюджетке түсетін табыстың үлес салмағы не бары 3-4 пайыздан аспай отыр. Географиялық орнының ерекшелігіне сәйкес Балқаш-Алакөл өңірі көлік қатынастарына жұмсалатын шығын жоғары аумақтардың бірі болып саналады. Балқаш пен Алакөлге басқа өңірлерден келген демалушылар арасында жүргізілген сауалнамаларға жасалған талдау нәтижелері сырттан келетін туристер жұмсайтын шығынның шамамен 60-65 пайызын жол шығыны құрайтынын көрсетті.
Өңір Қырғызстандағы Ыстықкөлмен бәсекелесе алатын қазақстандық демалушыларды тарту арқылы республика бюджетіне қомақты қаржы түсіруге мүмкіндік беретін болашағы зор демалыс орны болып табылатындықтан Елбасының 2005 жылғы жолдауына сәйкес туризмді кластерлік жүйемен дамытудың маңызы зор [1]. Жүргізілген зерттеулер арқылы Балқаш пен Алакөл жағалауларында, облыс және аудан орталықтарында туризмнің даму жағдайы біршама жақсарғанымен, оның дамуын шектейтін бірқатар жағдайлар мен шешуді қажет ететін түйінді мәселелер анықталды. Олардың қатарына емдік-сауықтыру рекреациясы мен жағажайлық демалысты, экологиялық туризмді дамытуға қолайлы жағдай жасалмауын, әлеуметтік-мәдени және туристік инфрақұрылымдардың толық қалыптаспауын, көрсетілетін қызмет сапасының төмендігін, туристерді орналастыратын демалыс орындары мен туристік мекемелердің, туризм мен демалысты үйлестіруші мемлекеттік құзырлы органдардың, өңірдегі қалаларда, ұйымдастырылатын іскерлік, ғылыми, мәдени, танымдық іс-шаралардың арасында біртұтас ақпараттық жүйенің болмауын жатқызуға болады. Өңірде көлік құралдарының, туризм мен демалыс саласын зерттеумен айналысатын арнайы ғылыми-зерттеу және жобалау институттарының аздығы, демалушылар талғамына жауап беретін қонақүйлер мен мәдени-сауықтық нысандардың жетіспеуі байқалуда. Жоғарыда аталған түйінді мәселелер туристік кластерлді қалыптастырудың біртұтас негізі жоқ екенін көрсетеді.
НЕПЗП БӨЛІМ
Туризм саласында жүргізілетін зерттеулер негізі статистикалық деректерге негізделген сандық көрсеткіштерді талдауды қажет етеді. Алматы облыстық статистика басқармасы ұсынған деректер туристік қызметтің барлық түрлерін толық қамти алмайды. Сондықтан статистикалық деректерді тіркеу туристік зерттеулерде жетекші орын алуы тиіс. Олардың біріншісі деректер базасын беттестіру. Ол өз кезегінде туризмнің даму жағдайын, үрдісі мен заңдылықтарын, кеңістік пен уақыт ішінде болып жатқан өзгерістерді анықтауға, бір мезгілдегі көрсеткіштердің ара салмағын бағалауға мүмкіндік береді. Туризмдегі статистиканың басқа түйінді мәселесі - толық әрі нақты статистакалық ақпараттың болмауы. Қазіргі кезде бірде- бір мемлекет туризмге кең көлемді толық бақылау жүргізбейді [2]. Туристер ағынының статис-тикасында қысқа мерзімді саяхаттық және іскерлік сапарға барып қайту мен туристік шығындар статистикасы жан жақты, толыққанды ақпарат бере алатындай сипатта жүргізілмейді. Нарыққа қатысушылардың іс-әрекеттері мен сату келісімдері нарықтық коньюнктура туралы статиста кал ық дерек түсуден бұрын жүргізілетіндіктен ақпаратты дер кезінде тіркеу маңызды мәселелердің бірі болып табылады.
Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан Алакөл өңірінде тиімді дамытуға Алматы облыстық және республикалық телеарналарда, басқа да отандық және шетелдік ақпарат құралдарында коммерциялық емес жарнамалар мен ғылыми-танымдық ақпараттардың, арнайы хабарлардың жоқтығы, демалыс орындары мен қонақ үй қызметі деңгейінің төмендігі, отандық және шетелдік туристер мен демалушыларға көрсетілетін қызмет сапасы деңгейінің төмендігі кедергі келтіруде. Қазіргі кезде өңірдегі туристік мекемелер мен кәсіпорындар қолайлы туристік имиджді қалыптастыруды көздейтін шараларды тиісті деңгейде жүргізе алмай отыр. Жарнамалық-ақпараттық қызмет газеттерге жарнама берумен ғана шектеліп, туристік-рекреациялық әлеуетті жарнамалайтын даңғылдар мен бейне- фильмдер шығаруға тиісті көңіл бөлмейді. Тіпті өңірдегі демалыс орындары, қонақ үйлер, туристік базалар, шипажайлар, маңызды туристік бағыттар туралы қарапайым деректер базасы да әлі толық жасалмаған. Туризм кластерін құру үшін өңір баға, қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде бәсекеге қабілетті ақпараттар беруі тиіс. Веб-сайттарды талдау барысында өңірдің туристік- рекреациялық ресурстарының жағдайы туралы ақпараттар жаңартылмайтыны анықталды. Шетелдік туристік фирмалардың порталдарында немесе сайдтарында «Алакөлге саяхат», «Барлық-Арасан» шипажайы туралы ақпараттар өте сирек кездеседі немесе мүлде жоқ десе де болады.
Алакөл өңірінде туризмді кластерлік жүйемен дамытып, демалыс аймақтарында демалыс орындары мен әлеуметтік-мәдени қызмет көрсету нысандарын жобалап, оларды салуды көздейтін инновациялық жобаларды қаржыландыру мәселелерін шешудің маңызы зор. Жоғарыда аталған мәселелерді жергілікті басқару органдары туристік қызмет көрсету мен жылжымайтын мүліктерді рәсімдеу саласында тәжірибесі бар білікті мамандарды, кеңесші мамандарды тарта отырып оңтайлы шешулері қажет. Өңірдегі туризм мен демалысты дамытуды инвестициялаудың түйінді мәселелерін қарастыратын болсақ, туристік нарықтың кәсіпкерлер қауымының басым бөлігі үшін толық ашық еместігі, инвестициялаудың бастапқы кезеңінде кездесетін тәуекелдің жоғарылығы Балқаш пен Алакөл жағалауындағы тартымды жағажайларда шағын және жеке кәсіпкерлер қаржысын тарта отырып туристік кешендер салуға тежеу болуда. Осы себепті де инвесторлар тұрғын үйлер мен сауда нысандарын жобалау және салуды қаржыландырғанды жөн көреді. Аталған нарық өзінің тиімділігімен, табыс деңгейінің жоғарылығымен ерекшеленеді. Жоғарыда аталған мәселелер, инвесторлар үшін ынталандыру мен қайта қаржыландырудың тиімді жүйесінің болмауы бұл салаға корпоративті және жеке қаржыларды салуды тежейді. Ал, бюджеттің жоқтығы аумақты басқарып, облыс қаржысы есебінен жаңа демалыс орындарын салуға мүмкіндік бермейді.
Өңірде туризмді кластерлік жүйемен дамытуға мүмкіндік беретін саланың маңызды құрылымдық тармағы - білікті мамандар даярлайтын жалпы білім беретін институттар. Бүгінгі таңда Алматыдағы бес, Талдықорғандағы бір жоғары оқу орны жоғары және орта арнайы білімді мамандар даярлаумен айналысады. Қолда бар деректерге қарағанда Қазақстан Республикасына жылына әр түрлі деңгейдегі 350 тарта маман қажет. Туристік өнімді өндірушілер тарапынан болатын сәйкессіздіктен даярланған жоғары білімді мамандардың басым көпшілігіне сұраныс болмай қалады. Сондықтан олардың басым бөлігі туристік қызмет көрсететін басқа салалардың қажеттілігін өтеуге тартылады. Өңірдің еліміздің экономикалық астанасы және білім мен ғылымның, қаржының ірі орталығы Алматыда туризм ісінің теориясы мен тәжірибесі жөнінде талапқа сай қажетті деңгейде жан-жақты білім алуға мүмкіндік береді [3].
Алакөл өңіріндегі туристік саланың бәсекелестікке қабілеттілігін зерттеу орасан зор туристік-рекреациялық әлеуеті мен бірінші жағынан халықтың сұранысы артып келе жатқан туризмді дамыту, аумақтық ұйымдастыру, ғылыми, материалдық-техникалық және нормативті-құқықтық қамтамасыз етудің нашар ұйымдастырылуы арасындағы қарама-қайшылықты анықтауды қажет етеді.
Алакөл өңірінде туристік кластерді қалыптастыру мен дамыту стратегиясын құру ішкі және сыртқы туристік нарықтағы өзгерістерден, туризм мен демалыстың экономика және әлеуметтік саладағы рөлінің артуынан, өңір аралық және халықаралық ынтымақтастықтың дамуынан, туристік үрдісте қазіргі инновациялық технолгияларды қолдану қажеттілігінен, сонымен қатар туризмнің аумақтық табиғат кешендеріне түсіретін экологиялық салмағы мен әсерінің артуынан туып отыр.
Туризмді дамыту өңірдің ерекшеліктері мен ондағы рекреациялық ресурстарға тікелей тәуелді болатындықтан кластердің дамуын ынталандыру мәселелері әр туристік өңір деңгейінде айқындалады. Сондықтан Балқаш-Алакөл өңірінде сала аралық құрамдасу мен ынтымақтастық үрдістерін, қазіргі кезең талаптарына сай инновациялық жобаларды қаржыландыру қорлары мен туризмді дамытуға мүмкіндік беретін басқа да қаржы тетіктерін құруды, өңірлік туристік өнімдерді ішкі және сыртқы нарыққа шығаратын, ұйымдасқан демалысты ұйымдастыруға қаржысы жетпейтін тұрғындар тобының мүддесін қолдайтын коммерциялық емес ұйымдар жұмысын ынталандыру қажет [4].
Қарастырылатын өңірдің кешенді дамуын қалыптастыру, бір жағынан, өңірлік өндірістің өркендеу үрдісін қоғамның өркендеуі жүйе тармағы арқылы, екінші жағынан, жеке өнім өндіру үрдісін кәсіпорындар мен ұйымдар деңгейінде біріктіру арқылы жүзеге асырылуда. Аталған аумақта орналасқан жеке кәсіпорындар мен ұйымдардағы өндірістік үрдістер өңірлік өнім өндіру үрдісін құрамдастыру, кластерлеу теориясына сәйкес өңірлік экономиканың барлық субъектлерінің қалыпты қызметін қамтамасыз ететін база болып табылатын өнім өндіру мен қызмет көрсету жүргізілетін және оған қажетті жағдай тудыратын "өңірлік өнім өндіру тізбектері" арқылы жүзеге асырылады.
Туризм кластерін құру мен оның дамуы Балқаш-Алакөл өңіріндегі өндірістік үрдістерде жетекші орын алып, материалдық-заттық, қаржы-несие, үйлесімді қоғамдық өнім мен ұлттық табысты бөлу, алмасу және тұтыну бойынша еңбек және ақпараттық байланыстардың нышандары мен сипатын анықтайтындықтан, ол өңірлік экономиканың негізі болып, тұтастай алғанда өндіріс үрдістерінің басты параметрлерін анықтайды. Туризмді дамыту барысында Алакөл өңірінің бәсекелестікке қабілеттілігі мен тартымдылығын арттыру мәселесін шешуге кешенді тұрғыдан қарау мемлекет пен кәсіпкерлер тарапынан белсенді іс-әрекеттерге көшуді қажет етеді [5].
ҚОРЫТЫНДЫ
Алакөл өңірінің экономикасы мен табиғатының тартымдылығына негізделеді. Экономиканың бұл саласын қалыптастыруға қажеттілік аталған өңірдің рекреациялық мүмкіншілігін тиімді пайдаланудан туып отыр. Туристік кластерлік саланың экономикалық тұғырын түбегейлі жетілдіру, туризм индустриясының бәсекелестікке қабілетін арттыру, тарихи-мәдени мұраларды сақтау, рухани даму, көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, туристік фирмалардың өнімділігін арттыру, шетелдік және Қазақстан Республикасы азаматтарының туристік қызметті тұтынуын қамтамасыз ету мақсатын көздейді.
Басқа қосалқы салаларға жататын компаниялар тобы ұлттың және өңірдің әлемдік нарықтағы бәсекелестікке қабілетін көтеруі мүмкін. Туристік кластер шетелден қаржы тарту мен кеңейтуге мүмкіндік береді. Балқаш-Алакөл өңірінің туристік-рекреациялық тартымдылығының бәсекелестікке қабілеттілігі мен туризмнің даму жағдайына жасалған экономикалық-статистикалық талдаулар аталған салада төмендегідей үрдістердің жүріп жатқан көрсетеді:
- артық қаржыларын көл жағалауындағы жағажайларға жақын маңнан жер телімдерін сатып алып кеңсе, демалыс үйлері, қонақжайлар мен қонақ үйлер, басқа да нысандар салуға жұмсайтын туристік фирмалар арасында іскерлік байланыс орнату сияқты өніммен қамтамасыз етушілермен "кері" және туристтік өнімдерді өткізетін желілерді кеңейту арқылы соңғы тұтынушыға қарай "алға ұмтылу" бағытында құрамдасу;
- «күшті» сала ішілік бәсекелестік пен өніммен қамтамасыз етушілердің "билігі" орташа болған жағажайдағы сатып алушылар "билігінің" әлсіз, жаңа бәсекелестер мен ауыстыратын тауарлармен қамтамасыз етушілер тарапынан бәсекелестіктің күшті болуы ;
- ұсынатын туристік өнімдердің "әлсіз" жіктелуі.
Жоғарыда атап өткен нарықтық ортадағы үрдістерге сәйкес Алакөл өңірінде туризм мен демалыстың өркендеуі әлеуметтік-экономикалық тиімділікке жеткізетіндігі себепті бұл сала жергілікті және облыстық басқару органдары тарапынан реттеуді қажет етеді. Өңірде туризм саласының жемісті дамып, одан әрі өркендеуін қамтамасыз етуге жергілікті басымдықтар негіз болады. Бұл тұрғыдан қарау жергілікті қауымдастықтар мен экономикалық қызмет субъектілерінің жергілікті табысты қалыптастырып, жаңа жұмыс орындарын ашуларына жағдай туғызады. Ол өз кезегінде жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға және көптеген адамдардың кедейлік шегінен шығуларына мүмкіндік береді.
Әдебиеттер тізімі:
- Егорова Л.И. Экология туризма и сервиса: учеб, пособие для студ. вузов по географии, экол. специальностям. -M.: Финансы и статистика, 2003. -203с.
- Ердавлетов С.Р. География туризма: история, теория, методы, практика. -Алматы: Былым, 2000.
- Мухина Д.И. Принципи и методы технологической оценки природных комплесов. - M.: Наука, 2003. -150 с.
- Александрова А.Ю. Международный туризм: Учебное пособие для вузов. - M.: Аспект-Пресс, 2009. - 464с.
- Социально-экономический паспорт Алматинской области за 2010 год. Управление экономики Акима Алматинской облает - 2011. -С.17-20.