Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Жазушы т.əбдікұлының шығармаларындағы стильдік, тілдік ерекшеліктер сипаты

Жазушы, қоғам қайраткері Төлен Əбдікұлының əдебиеттегі қолтаңбасының ерекше екендігін, өзіндік жазу мəнері, сөз саптауы мен қолданысы, кейіпкерлерінің іс-əрекетін, мінез-құлқын сомдауы, оқшау образдар жасауы, тосын тұлғалар табуы, оны, тайға таңба басқандай, дəлелдеп-ақ тұр.

Жазушы шығармаларының бірден-бір ерекшелігі жеке адамның санасындағы, ойлау жүйесіндегі сан алуан сезімдік, психологиялық, философиялық құбылыстарды, сана қозғалысының пластикасын беру мен жан диалектикасын монологқа, ой ағымына, түс көруді талдауға жəне де психологиялық сыртқы детальдарға (ым мен ишараттарға, іс-əрекеттегі, дауыс ырғағындағы, портреті, физиологиялық, физиономиялық, сезімдік құбылыстарға) да көңіл бөлген. Мысалы, «Оң қол» əңгімесінде кейіпкер — Алманың түсі арқылы автор адам санасында үздіксіз жүріп жатқан процесті, үрей мен қорқынышты, өмір мен өлім арасындағы арпалысты, жан толғанысын көркемдікпен кестелей білген. Парктегі гүлді жұлдырып, дəрігер жігіттің сезімін сынайтын сұлу да, тəкаппар, адал да, ерке Алма ұйқыға ене бастаса-ақ алқымына ұмтылатын оң қолдың опасыздық əрекеті — тұқым қуалаған қауіпті сырқат; оны медицинада дененің екі жарылуы дейді, ал əдебиеттануда адам ішіндегі адам деген тəсілі. Бұл тəсілде жазушы тігісін жатқыза пайдалана білген. Шығарма сюжетін берудегі суреткер шеберлігі сондай, əңгімені оқып отырып, көз алдында өтіп жатқан кинолента куəгеріндей кейіпкерімен бірге қуанасың, бірге қайғырасың, бірге қорқасың. Жазушының кез келген туындысының кейіпкерлері сөз саптасынан бастап дүниетанымына дейін ерекшеленіп тұруымен оқшауланады.

Талантты жазушы Төлен Əбдікұлының қаламгерлік қасиеті туралы айтқанда оның екінің бірі батылы бара бермейтін өткір əлеуметтік мəселелерді қозғайтындығын жəне нені жазса да, биік парасаттылықпен терең зерттеп, жеріне жеткізе жазатындығын жете сезіне білуіміз керек. Қиялы ұшқыр суреткердің өзіндік қолтаңбасы аз жазса да саз жазатындығымен, сөйлемдер қысқа əрі нұсқа болып келетіндігімен ерекшеленеді. Бұл жайында құрдасы Дулат Исабеков: «Жалпы Төлен бұрқыратып жазған жігіт емес. Əлі күнге шейін сол ырғағын сақтап келеді», — деп өте орынды айтқан [1]. Ол қай мəселені қозғаса да, қай уақыттың шындығын жазса да, өмірлік, адами проблемаларды алға тартқандығымен көзге түседі.

Төлен Əбдікұлының шығармашылығы бүгінгі заман шындығын арқау еткен. Ішінде кеңес дəуірінің шындығын, əсіресе 30-шы жылдар аумағында өткен тарихи, əлеуметтік-саяси оқиғаларды («Əке» повесі, «Өліра» романы) т.б. суреттейтін туындылар бар. Бір ерекшелігі, жазушы қай кезеңнің оқиғаларын арқау етпесін, алдымен адам тағдырын соғады, оның тыныс-тіршілігін, өмірдегі күрес- тартысын, əлеуеттік ортадағы əрекетін, қоғамдағы алар орнын тереңнен аршып танытуға мақсат етеді.

Жазушы адам мен қоғам, адам мен əлеумет қатынасын əрдайым басты назарда ұстайды. Əрқилы тағдыр иелері өздерінің арман-мұңымен, қасірет-қайғысымен, қуаныш-ренішімен бой көрсетіп жатады. Осы қатардағы қарапайым жандардың қоңыр тіршілігінің өзінен заман шындығын, уақыт бедерін танып, таразылауға тырысады. Жалпы, жазушы күнделікті өмірдегі кейіпкерлерді көрсете отырып, заманымыздың ауқымды шиеленістерін философиялық тұрғыдан саралаған.

Жазушы Т.Əбдікұлының қаламгерлік даралығына оның шығармаларында өмірдің əр құбылысын, оқиғасын бірқалыпты, асқындатпай беруі, қаһармандардың диалогы, монолог арқылы олардың жан əлемін жарқырата аша отырып, болмыс-бітіміне үңілуі, ұлттық болмысқа тəн алуан түрлі қасиет-сипаттарды зерттеуі жатады дегіміз келеді. Қаламгер Т.Əбдікұлы барлық шығармаларында дерлік тарихи зердеге барлау жасап отырады, сол арқылы кешегіні бүгінгімен, бүгінгіні ертеңімен тығыз байланыста, бірлікте қарауға ұмтылады.

«Т.Əбдікұлы шығармаларының көркемдік ерекшеліктері, тақырып талдау, кейіпкер психологиясын ашу, сөз саптау, сюжет құрау, бір сөзбен, жазушылық стилі қандай? Өзге əріптестерінен озған не кемшін түскен тұстары бар ма?» деген мəселелерге тоқталмақпыз.

Əдебиеттану ғылымындағы стиль — аса кең мағынадағы ұғым. Сонау ХІХ ғасырдағы А.Потебня, А.Веселовскийлерден бастап, көтерілістен кейінгі, яғни, ХХ ғасырдың 20–30- жылдарында жазылған П.Сакулин, А.Белецкий, В.Жирмунский, В.Гофман, М.Рыбникова еңбектері, сондай-ақ 50-ші жылдардан бері дүниеге келген В.Виноградов, Д.Лихачев, М.Бахтин, А.Чичерин, В.Днепров, М.Храпченко, Г.Поспелов, А.Соколов, Р.Будагов, В.Ковалев, А.Тимофеевтердің зерттеулері бұл ойымызға дəлел бола алады. Орыс əдебиетінде ұзақ жылғы ізденістерді қорытындылап, тұжырымдаған іргелі еңбектер де жарыққа шыққаны хақ

Стиль — жазушының шеберлігін, талантын дəлелдейтін үлкен көрсеткіштің бірі. Сонымен бірге стильдің оқырманмен байланысты жағы да бар. Өзіндік стилі жоқ ақын мен жазушы шынайы шығарма бере алмайды, өзінің оқырманын да жаулай алмайды.

Жалпы, көркем əдебиеттегі стиль мəні, сипаты, ерекшеліктері жайлы зерттеулердің түп- төркініне үңілсек, олардың бастау алған уақыты сонау көне дəуірге, ерте грек мəдениетіне барып тірелетінін байқау қиын емес. Ерте замандардан бастап, бүгінге дейін зерттеу объектісіне арқау болып келе жатқан «стиль» ұғымы өзінің күрделілігін ғана емес, сонымен бірге оны зерттеуші- ғалымдардың да əр дəуірде, əр заманда əр қырынан алып зерттеп, үнемі өсу үстінде, даму, кемелдену үстінде болып келе жатқандығын да көрсетсе керек. Өмірдің бірқалыпта тұрмайтындығы сияқты зерттеу еңбектері де үнемі жаңғырып, жаңарып, жаңа ой, тың тұжырымдар жасауға бейім тұратыны белгілі.

Бұл арада төселген шеберлік пен жазушылық стильдік ерекшелігіне М.Əуезов талғамымен баға берген жөн. М.Əуезов стиль хақында: «Əдебиеттегі ұлттық түр мəселенің бір іргелі үлкен мəні — стиль. Теңеу тілі, əр алуан көркемдік шеберлікпен келетін сөз кестесі түгел келіп жазу стилін қалыптайды.

Əдебиеттің ұлттық ерекшеліктер жайын атағанда, тіл бұл стильдің өзі емес, құралы, қоры ғана. Екінші бір стиль — сөздік, ақындық теңеу кесте мағынасынан басқа екінші мағынаны жəне тудырады. Ол — ұлттық мінез бейне жасаудың стилі»,—деген екен [2].

Қазақ əдебиеттану ғылымындағы көрнекті ғалым З.Қабдолов: «Нағыз пейзаж — поэзия! Характер! Адам! Неге десеңіз, адамның қабылдауының, сезіну түйсінулерінен, көңіл-күйінен тыс табиғат суреті — пейзаж жоқ!

Пейзаж жазушының стилін де белгілейді. Ал, стиль — адам» [3;92] десе, профессор Р.Нұрғалиевтің пікірінше, «...əдеби ұғымдағы стиль — ең алдымен — эстетикалық категория...Стиль жазушының авторлық мұратымен, эстетикалық идеалымен жанды түрде байланысып жатыр. Өйткені көркемдік процесте механикалық сипат жоқ» [4].

Егер стиль дегеніміздің өзі кез келген қаламгердің ешкімге ұқсамас даралық қасиеті десек, Т.Əбдікұлына тəн стильдік сипаттар қандай?

Ең алдымен жазушы жақсылық пен жамандықты негізгі объект етіп ала отырып, адами, рухани құндылықтарды жоғары қойып, дəріптейді. Суреткерге тəн негізгі қасиет — шығармаларына психологиялық, лирикалық сарындармен қатар философиялық ой дарыту басым. Яғни оның қаламынан туған шығармалар философиялық астарларға бай. Сондай-ақ асқынған драматизм, трагедиялық тағдыр, жаратылысы қызық характерлер ұтымды көрініп отырады.

Мысалы, Т.Əбдікұлының ең алғашқы шығармаларының бірі «Оң қол» əңгімесін алайық. Шығарманың кезінде үлкен жаңалық ретінде қабылданғаны белгілі. Ендеше шығарма құнын асырған қасиеттер қандай десек, ол ең алдымен тақырып тосындығы болса, соған орай жазушы идеясының шығарма сюжетімен табиғи бірлік табуы дер едік. Əрине, бұл тек «Оң қол» əңгімесіне ғана қатысты ерекшелік емес. Т.Əбдікұлы шығармаларының барлығына дерлік тəн қасиет. Тіпті, Төлен Əбдікұлы шығармаларының өзін ана тақырып, болмаса мына бір шындық, болмаса шетел тақырыбы деп бөле- жарудың де қажеті жоқ. Өйткені қайсы бір туындасын алмайық, өмірдің ең өзекті, аса зəру, аса ділгір мəселелерін көтергені анық. Олар тек жанрлық тұрғыдан жəне шығарманың сюжеті мен композициялық құрылымына ғана бөлек. Ал, автордың философиялық ой түйіні, алдыға қойған ұлы гуманизм — барлық шығармаларының алтын арқауы.

«Стиль» ұғымының кең екендігін жоғарыда айттық. Ғалым З.Қабдолов: «Сонымен, біз жазушының күллі творчествосының өн бойынан идеялық-көркемдік негіздің (идея—тақырып тіл) тек сол жазушыға ғана тəн ерекшелігін аңғарамыз... Міне, стиль — əр суреткерге тəн осындай творчестволық ерекшелік» [3; 331], — деп жазады.

Ендеше Т.Əбдікұлын ерекшеленіп тұрған негізгі қасиеттер де дəл осы көркемдік үш негізде де анық көрінді дей аламыз. Тақырып, идея мəселелеріне біршама тоқталғандықтан, ендігі сөзді жазушының тіл өрнегі төңірегінде жалғастырсақ.

«Тіл — əдебиеттің бас мүшесі» (Горький), «сөз — шығарманың негізгі материалы» (Федин) екенін ескерсек, əдеби шығарманың көркемдік құны оның тілінде екен. Сондай-ақ тіл байлығы шығарма сюжетін баяндаудан ғана емес, кейіпкер психологиясын ашудағы монолог, диалог, ойлау, қиялдау, еске алу т.б. сияқты тəсілдерден де көрінеді.

Ал, 60–80-жылдардағы əдеби процесте қаламгерлердің көркемдік ізденістері көбінесе кейіпкердің жан дүниесіндеі тылсым сырлардың сырын ашуға ұмтылыстардан көрінгені белгілі. Ендеше сол ізденістер жазушы шығармаларында да өз жемісін көрсетті. Суреткер сомдаған кейіпкерлердің қай-қайсысы болмасын өзіндік мінез, сөз, ой қайшылықтарымен ерекшеленеді. Сонысымен де олар оқыған адамның есінен кетпестей жатталып қалады. Мысалы, жазушының

«Парасат майданы» повесі адам санасында жүріп жатқан тартыстардың желісіне құрылған. Қоғамдағы сан түрлі тартыстардың сана ағымында үздіксіз тайталасқа түсіп, ой ағымындағы майданды еске түсіреді. Зұлымдық пен ізгіліктің үнемі қарама-қайшылықпен арпаласуы, адам жанын азаптап, сананы сергелдеңге салуының көрінісі. Əдебиетке адамның екіұдай халдегі сезімі, ішкі менмен тартысы əсіресе ұлы М.Əуезовтің психологиялық əңгімелерінде кеңінен суреттелетін. М.Əуезов алып келген əдеби дəстүр қазіргі кезең əдебиетінде өз жалғасын табуда. Осы тұрғыдан келгенде Т.Əбдікұлының шығармаларын көптеген жазушылармен салыстыруға болады. Мəселен, жазушы О.Бөкейдің «Мұзтау» повесіндегі Ақтанның екіге жарылып, диалог түрінде тартысқа түсуі адам табиғатының ішкі тартысына құрылған. Ал Т.Əбдікұлының «Парасат майданы» повесінде бір адамның екіге жарылып, екіұдайы тартысқа түсуін өзіндік жазушылық жолмен — хат түрінде жүзеге асырған. Тартыстың хат түрінде жүзеге асуы, ойдың толық əрі терең, көркем жеткізілуі — жазушы шеберлігінің өзіндік бір қыры. Хат дегеннен шығады, сол хаттарда француз жазушысы Шарль Бодлердің ойларынан мысалдар келтіреді.

Бодлер поэзиясының ең əйгілісі — «Зұлымдық гүлі». Кейіпкер — ішкі дүниесінің үндестігінен айрылған, көңілсіз, жалғыз адам. «Зұлымдық гүлі» — сұрақтар мен толғаныстар кітабы.

Жазушының «Парасат майданы» повесінің басты кейіпкері де — жалғыз, ішкі дүниесінің қарама-қайшылығы мол, ой арпалысына, ой азабына түскен жан.

Ғалым Г.Пəрілиева «тағы бір тоқталар жай — Т.Əбдіковтің тілі. Оның қай туындысын алмаңыз, артық-ауыз əңгімеге, жалған сезім, жылтырауық теңеуге кездеспейсіз. Немесе ділмарсыған кейіпкер не автор жоқ. Мүмкіндігінше аз сөзге көп мағына сыйдыруға жəне əр сөзінің əйтеуір бір роль атқаруына аса жауапкершілікпен қарайтындығы — қаламгердің өзіндік қолтаңбасы, өзіндік əдіс- тəсілі» [5] десе, қазақ романдарының стилі мен типологиясын зерттеп, докторлық диссертация қорғаған ғалым М.Хамзин «асылы, Т.Əбдіковтың барлық ірілі-ұсақты шығармаларында байқалатын жайт — автордың стильдік бедеріндегі салмақтылық, орнықтылық. Көп ретте өзге шығармаларындағы сияқты авторлық баяндау мен кейіпкер монологы жарасымды үйлесім тауып жатады» [6] деген пікір ұсынады.

Сөз реті келген соң Т.Əбдікұлы шығармаларына қатысты айтылған сын-пікірлерді де келтіре кетсек дейміз. Мəселен, марқұм, белгілі сыншы С.Əшімбаев тақырыптары басқа болғанымен, ар тазалығы, шынайы сезім байлығы адам жанындағы тереңдік пен кеңдік, адамгершілік принциптерге адалдық, адам өміріндегі дұрыс-бұрыс құбылыстарға диалектикалық тұрғыдан ой жүгірту, байсалды баға беру қазақтың көптеген жазушыларына тəн қасиет екенін айтады. «Əсіресе Ə.Кекілбаев пен Т.Əбдіков, М.Мағауин творчествосындағы нақты да затты философиялық интелектуалдық өрелі интерпретациялар қазақ прозасындағы соны ізденістің куəсі дерлік» дей келіп, «cондай-ақ қайсыбір талантты деген жазушыларымыздың жекелеген шығармаларында суреткерлік интуиция болады да, ең басты нəрсе — концепция жетпей жатады. Осының салдарынан шығармадағы оқиғалардың мезгіл мен мекені беймəлім уақыт пен кеңістік ұғымы дерексіз, кейіпкерлері «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей абстрактылы ойлап, жер баспай салмақсыздық жағдайында ауа қармап жүрсе, олардың қым- қиғаш қисынсыз əрекеттерінде психологиялық-логикалық мотивировқа жете бермейді. Мəселен, Д.Исабековтың «Сүйекші», Т.Əбдіковтың «Тозақ оттары жымыңдайды» сияқты тілі, стилі, композициясы тəп-тəуір повестерінін басты кемшілігі осында» [7] деген сын айтады.

Дегенмен, сыншы пікірімен келісе қою қиын. Себебі бұл сынның Д.Исабековтың аталған шығармасында кездесетіні бар. Алайда «Тозақ оттары жымыңдайды» повесіне қатысты айтылған бұл сын-пікір қиянаттау сияқты. Өйткені жазушы сонау мұхиттың арғы жағындағы болып жатқан оқиғалардың дəл уақыты мен сыншы айтқан мезгіл-мекеннің дəл орнын белгілеуді мақсат етіп қоймаған. Суреткер үшін оның қажеті де болмаған. Одан шығарма сюжетіне пəлендей нұсқан келіп тұрған жоқ.

Зерттеу нысанымызды белгілі бір дəуірде, белгілі бір қоғамда қатар өмір сүріп, шығармаларын берген бірнеше жазушылармен салыстыра қарастырдық. Олардың бір-біріне ұқсамайтынын, тіпті бірін-бірі қайталамайтынын жоғарыда айтып өттік.

Айталық, М.Мағауин, С.Мұратбеков, Қ.Мұхамбетқалиев, Т.Əбдіков, Б.Нұржекеевтер кейіпкерлерін іс-əрекет, динамикалы оқиғаға үстінде ашып көрсетуге шебер болса, шығармалары философиялық астарға бай Ə.Кекілбаев персонаждарын өзді-өзімен арпалысқан ішкі психологиялық тартыстар үстінде көрсетуге ұста. Ал Д.Исабеков, Т.Нұрмағамбетов, Ж.Түменбаевтардың қаламдары өз замандастарының арасында юморға байлығымен, детальдарға құбылтқыштықтарымен мен мұңдалып тұрады. Соның өзінде де олар бəрібір бір-бірінен əйтеуір бір ерекшеліктерімен өзгешеленбей қала алмайды. Айталық, Т.Нұрмағамбетовтың юморы тапқыр, əжуашыл, Ж.Түменбаевтікі сыпайы, астарлы, Д.Исабековтікі ащы, ащылығы сондай, кейде ол бүтін бір жағымсыз əлеуметтік құбылысқа аяусыз үкім шығаратын сарказм дəрежесіне дейін жетіп барады. Мұндай ерекшеліктер олар өмірге əкелген шығармалардың бүкіл көркемдік əлемінен байқалып тұрады.

Теңеу, көркемдеу, бейнелеу тəсілі ретінде əр түрлі амалдар арқылы жүзеге асады. Ал мұны дүниеге келтіретін бұл амалдар шығарманың идеялық мазмұнына қаламгер шеберлігіне байланысты болады. Өйткені əр теңеудің өзінің стильдік жүгі көркемдік мұрат түрлі амалдар арқылы жүзеге асырылады. Осы топтағы теңеулер көркемдеу тəсілдерінің басқаларымен ұштаса, сабақтаса келіп, солармен жымдаса, аралас қосыла келіп, жаңа тұрпаттағы образ жасайды. Ол жаңа тұрпаттағы образға тірек болатын нəрсе, ең алдымен, теңеудегі бейнелік.

Осы теңеулік ой бірде метафоралық кейде эпитеттік, енді бірде метонимиялық жəне литоталық қызмет атқарады, соның нəтижесінде теңеу бейнелі сипатқа ие болып, көркемдік бояуы құлпыра түседі.

Сөз жоқ, Төлен Əбдікұлы — талант. Ол аксиома. Оған шығармаларын талдау барысында көз жеткіздік. Ендеше оның қаламынан туған «Оң қол», «Ақиқат», «Əке», «Оралу», «Қыз Бəтіш пен Ерсейіт», «Тозақ оттары жымыңдайды», «Парасат майданы», т.б. туындылары — қазақ əдебиетінің алтын қорына қосылған үлес.

Жоғарыда біз 60–80-ші жылдардағы əдеби процесте қаламгерлердің көркемдік ізденістері көбіне ой айту, концепция түюдің түрлі формаларын табуға əкелгенін айттық. Күретамыр конфликт тереңдеп, адамның жан дүниесіндегі арпалыс сырына үңілу белең алғаны белгілі. Осы тұрғыдан келгенде, Т.Əбдікұлының авторлық позициясы да айқындала түседі.

Ендеше ең əуелі суреткерге тəн негізгі қасиет кейіпкер психологиясын ашудағы сəтті ізденістері еді. Ол сомдаған кейіпкерлер шынайылығымен, ұлттық характерлерге тəн мінез-құлықтарымен, даралануымен де, сондай-ақ 60–80-ші жылдары көбіне үстем болған социализм əдісінің əдебиет таптық, партиялық болуы керек деген қатаң қағидаларын бұзғандығымен де құнды. Мəселен, жоғарыда аты аталған жазушылар сол жылдардағы белең алған шығарманың негізгі қаһармандары коммунистер мен олардың заңды мұрагері комсомолдар болуы керек деген партиялық нұсқаулардың күлін көкке ұшырды. Осы тұрғыдан келгенде Т.Əбдікұлының Сейсені мен Сайлауы, Болаты мен Қожабегі т.б. да кейіпкерлері бір қап, бір саптан шыққан кеңестік қоғамның қалпына сиятын жандар емес-ті.

Əйгілі жапон жазушысы Ясунари Кавабатаның: «Жазушы жер сілкінуін күн ілгері болжап білетін ерекше сейсмикалық аппарат сияқты, өз заманының əлеуметтік-психологиялық өзгерістерін қалт жібермеуге тиіс...» деген пікірі де сайып келгенде бүгінгі жазушының қоғамдық ролін, əдебиеттің маңызын дəл де нақты бағалағандық болса керек.

Бұл жазушының ұлт тағдырына немқұрайды қарай алмайтынын танытса, соған орай жоғарыда өзіміз сөз еткен «Қонақтардағы» Сапабек сияқты рухани азғындауға түскен шала қазақтарға ой айту жатыр. «Əкедегі» əке əңгімесін сарабдал ой-санасынан өткізген Сайлаудың өз өмір жолына, тіпті өз ішіне үңіле отырып жасаған топшылауларын кейінгі толқын жастарға үлгі етеді. Жазушының қайсы бір шығармасын алмайық, ой толғау, сөз саптау, оқиға өрбіту, сөйлем құрау мен сюжет түзетуге дейін бəрі мінсіз, тайпалған жорғадай жетелеп отырады. Соған орай желі тартқан автордың ұлы азаматтық, əлемдік гуманизмі мен мұндалап, атой салады. Жазушының өзіне тəн тағы бір ерекшелігі көптеген шығармаларының соңғы нүктелері қойылмаған.

Қандай халықтың, қандай ұлттың болмасын, рухани, мəдени, төлтума игіліктерін сол халық немесе сол ұлттың өзгеге бодан кіріптар болып тұрғанда талдап, зерделеу бар да, өз еркі өзіне тиіп, өз тізгініне өзі ие болғанда саралап, зерттеу бар. Халықтың, ұлттың рухани игіліктерін жасаушы тұлға — ақын-жазушы өзі ғұмыр кешіп отырған қоғамынан, сол қоғамның талап-тілегінен тыс тұра алмайды. Оған ұсынып, талап еткен міндеттерге сөзсіз мойынсыну, сол тілектерді құлшына, еш сөзге келмей білдіру, шыңғырған шындықты тұспалдап, ишаралап жеткізу бар. Əрине, міндеттің де міндеті болатыны белгілі. Тəуелсіздікті, сол тəуелсіздіктің маңызды талап-тілектері бар, сонымен бірге сананы улап, рухты жаныштауға, мəңгүрттендіруге шақыратын талап-міндеттер болғаны ешкімге де жасырын емес шығар. Қаламгер Т.Əбдікұлы өз шығармаларының шынайылығымен, тазалығымен, өміршеңдігімен ерекшелетіні хақ.

Əдебиет — өмір шындығының сəулесі. Өмір шындығы дегеніміз де — бірімен-бірі тұтасып жатқан ұшы-қиыры жоқ мол дүние. Жазушы сол мол дүниеден қанша алып, қалай пайдаланамын десе де, өз еркі. Жазушы жалпақ дүниені қалай алып, қалай пайдаланбасын өз суреттеп отырған өмір шындығын молынан қамти отырып, дəуір талабына сай көркемдікпен шешіп бере білуге тиісті. Жазушы, бұл жағынан алып қарағанда, өзі өмір сүріп тұрған дəуір тынысына тəуелді. Қаламгер Т.Əбдікұлы өз шығармаларында заман тынысын шебер бейнелей білген.

Жазушының құрылыс материалы — өмір шындығы. Ол өмір шындығындағы мол материалдан құрастырып күмбез жасап шығарады. Ол күмбездің сəулетті, сəнді болып шығуы сол күмбезді құрастырушы зергердің шеберлігіне байланысты. Күмбезді құрастырудағы жазушының құралы — сөз. Жазушы сөз арқылы шикі дүниені ширатып, тыңнан тұлғалар жасайды. Оларды да қуантып, қайғыртып бірімен-бірін тартысқа түсіріп, күреске араластырады. Сөйтіп, өмір шындығында болып жатқан күнделікті құбылысты көркем образдар арқылы оқырманның көз алдына елестетеді.

Төлен Əбдікұлының бүкіл шығармашылығы парасаттылықты пайымдап, адамгершілікті мадақтауға арналған. Өйткені қаламгердің қай жанрда жазылған туындысы да тек осы биік адамгершілік мұраттарды өмірлік өнеге ретінде ұсынуымен ұлағатты. Тəуелсіздік əдебиетке тың идеялар мен тақырыптар алып келді, «құпиялардың кілтін» берді, бұрын жетпіс жыл бойына айрықша əспеттеліп, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» ардақталып келген көптеген тақырыптар, идеялар мен идеалдар, замана қаһармандары делінген тұлғалар енді танымдық- көркемдік тұрғыдан мəнін жойды.

Жазушы Төлен Əбдіков тəуелсіздікті күтпей-ақ осынау ащы шындықты, бүгінгі жариялылықты, қайта құруды сары алтындай сабырлықпен күтіп жатпай-ақ біздің алдымызға жайып салды. Төлен Əбдіковтың прозалық шығармаларының жанрлық сипаты əр алуан болып келеді. Жазушының

«Қайырсыз жұма», «Қонақтар», «Бас сүйек», «Оң қол», «Жат перзент», «Бір күндік ашу», «Көктерек», «Сəби туралы сыр», «Қарасан», «Қойшығұл», «Таласбай» жəне тағы да басқа əңгімелері, «Парасат майданы», «Əке», «Оралу», «Ақиқат», «Қыз Бəтіш пен Ерсейіт», «Тозақ оттары жымыңдайды» аударма-повестері, «Өліара» романы бар.

Бүгінде қазақ прозасында көшбасшы буынының арасында шоқтықты биігін иеленген жазушы Т.Əбдікұлы алдыңғы буын ағаларының, тұрғыластарының шығармашылық ізденістерінен үйрене, дамыта жүре, қалыптаса келе, қаламгерлік шеберлігін шыңдауда өзгеге дара соқпақ салды. Кешегі дəстүрді өзінше жаңалығымен жаңартты. Жазушы шығармашылығында жаңалық тек тақырыптық- идеялық, көркем өлең сөзді қолдану аясында емес, жаңа ой, жаңа мазмұн туғызуымен, соған орай жаңа тұрпатты қаһармандар мен кейіпкерлер жасауымен де ерекше.

Ұлтын сүйген парасатты қаламгер əлемдік жəне ұлттық əдебиет жауһарларынан үлгі ала отырып, жеке халықтың ғана емес, жалпы адам баласының жан əлемін танытатын туындылар жазғаны бізге хақ. Идеология өнерге билік жүргізген кезеңнің өзінде өзгенің тірлік-тынысын суреттей отырып, өзі өмір сүрген қоғамдағы қайшылықтарды астарлай жеткізді, саналыға ой салды, қоғамдық құрылыс пен əлеуметтік ахуалға қарсы пікірін де танытты. Адам болмысының құпияларына көркемдікпен бойлауға, сол арқылы адамды сүюге үндеген үлкенді-кішілі шығармалары арқылы ұлттық прозамызға сардар мінезді, салиқалы парасат дарытты.

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Исабеков Д. Адами парасат, əлеуметтік тереңдік // Заман Қазақстан.— — № 36 (391). 6 қырк. — 14-б.
  2. Əуезов М. Шығармалар. — 12-т. — Алматы: Жазушы, 1958. — 230-б.
  3. Қабдолов З. Сөз өнері.— Алматы: Санат, 2002. — 290-б.
  4. Нұрғалиев Р. Телағыс.— Алматы: Жазушы, 1986. — 204, 205-б.
  5. Пірəлиева Г. Ізденіс өрнектері. Əдеби сын. Зерттеу. Сұхбаттар. — Алматы, 2001. — 78-б.
  6. Хамзин М. 60–80-жылдардағы қазақ романының стилі мен типологиясы: Филол. ғыл. д-ры дис. автореф. — Алматы, — 16-б.
  7. Əшімбаев С. Талантқа тағзым. — Алматы: Жазушы, 1982. — 124-б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.