Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Диктор сөзі «Хабар» телеарнасының қорытынды жаңалықтары бойынша

 Телехабарлар өзіндік түр, мазмұн, мақсаты мен берілу формасына қарай ерекшеленіп, əр түрлі жанрда жүзеге асырылады. Ғалым И.Петру бұқаралық ақпарат құралдары туындыларын олардың «адресатқа əсер ету мақсатына, ақиқат өмірді кең түрде ашуына, талдау тереңдігіне, жалпылауына, мəнерлілік-бейнелілік құралдардың қолданылуына байланысты ақпараттық, аналитикалық жəне көркем-публицистикалық жанрларға» бөледі [1].

Барлық жанрдағы телехабарлар негізгі жəне көмекші қызмет атқарады.

Ғалым  Н.Уəли бұқаралық  ақпарат  құралдарының  «визуалды», «аудиалды»    жəне «аудиовизуалды» түрлерін ерекшелеп, олардың барлығына ортақ мынадай негізгі 5 қызметті бөліп көрсетеді [2]:

  • белгілі бір факт, уақиға, мəселе жөнінде жұртшылыққа ақпарат беру;
  • факт, уақиға жөнінде түсінік, баға беру;
  • танымдық, тəрбиелік, ағартушылық мазмұнда ақпарат бере отырып, жұртшылықтың білім қорын молайтуға ықпал жасау;
  • жұртшылықтың қоғамдық, əлеуметтік саяси көзқарасына əсер ету;
  • геоденистік ақпарат беру, яғни жұртшылықтың көңіл-күйін көтеретіндей ақпарат беру.

Ал зерттеуші Б.Момынова «Газет лексикасы (жүйесі мен құрылымы)» атты ғылыми еңбегінде бұқаралық ақпарат құралдарының үш түріне: оқылатын (визуалды), тыңдалатын (аудиалды) жəне əрі тыңдауға, əрі көруге болатын (аудиовизуалды) тоқталып, олардың ортақ қызметтерін көрсетеді:

  • ақпараттық;
  • ақпаратты жеткізудегі комментарийлық-бағалауыштық;
  • ақпараттың ағартушылық-танымдық;
  • ақпараттың қоғам мүшелерінің дүниетанымына əсер ету;
  • ақпаратты жеткізуде жағымды эффектілер тудыру үшін тиімді тəсілдерді пайдалану [3–5].

Біздің ойымызша, қандай да бір телехабардың негізгі мақсатына, олардың жанрлық, мазмұндық, тақырыптық ерекшелігіне қарай, жоғарыда көрсетілген қызметтердің біреуі сол телехабардың негізгі қызметі болып табылады, ал қалғандары көмекші болып есептеледі. Мəселен, «Хабар» телеарнасының ақпараттық жанрдағы қорытынды жаңалықтарының негізгі қызметі — «белгілі бір факт, уақиға, мəселе жөнінде жұртшылыққа ақпарат беру (осы негізгі қызметті атқаратын басты коммуникативтік тұлға — диктор); факт, уақиға жөнінде түсінік, баға беру». Өйткені «қоғамдық мəні бар жаңа фактілерді жылдам көре білу, оларды сұрыптау, бағалау, түсінік беру» — бұл ақпараттық жанрдағы хабарлардың маңызды белгісі [4]. Бұдан басқа «факт, уақиға жөнінде түсінік, баға беру», немесе «ақпаратты жеткізудегі комментарийлық-бағалауыштық функция»; «танымдық, тəрбиелік, ағартушылық мазмұнда ақпарат бере отырып, жұртшылықтың білім қорын молайтуға ықпал жасау», немесе «ақпараттың ағартушылық-танымдық функциясы», жəне «жұртшылықтың қоғамдық, əлеуметтік саяси көзқарасына əсер ету», немесе «ақпараттың қоғам мүшелерінің дүниетанымына əсер ету функциялары», «Хабар» телеарнасындағы қорытынды жаңалықтардың көмекші қызметін атқарады.

Ғалымдардың пікірінше, ақпараттық жанрдағы хабарларға «жаңалықтар, баяндама (заметка)сұхбат, əңгіме, ілікпе сөз (реплика), есеп жəне репортаж» жатады [5; 45].

Қоғамда болған не болып жатқан оқиғалар жөнінде берілетін журналистік ақпараттың теледидар, радио не баспасөз арқылы таралуына қарамастан, олар адам өмірінде маңызды орын алады. Өйткені ғалым Э.Багиров айтқандай: «Радио күні бойы басқа ақпараттық құралдардың бəрін оперативті əрі қысқа, əрі нұсқа жаңалықтармен артқа тастап, əлемде дəл қазіргі сəтте не болып жатқанын жедел хабарлайды. Кешкілік билік телевизияның қолына көшеді. Сөйтіп, ол көрнекі құралдар арқылы бұл оқиғалардың қалай болғанын көз алдыңызға əкеледі. Келесі күні таңертең газеттер бұл оқиғалардың не себепті болғандығына егжей-тегжейлі талдау жасайды» [6]. Бұл бұқаралық ақпарат құралдарының ақпаратты берудегі ара қатынасы өзара үйлесімділікте құрылғандығын көрсетеді.

Тəжірибеде «оқиғаға негізделген» журналистік ақпарат «жаңалықтар», «хабар»,  «телеақпарат»,«ақпарат», «хабарлама» жəне бұлармен синонимдік қатынаста қолданылатын басқа да терминдермен беріліп жүр.

Ғалым М.Барманқұлов: «Керемет саясаткер, ең күшті мемлекет, дүние жүзіндегі ең мықты халықтың өзі ақпаратсыз түкке тұрғысыз нəрсе болуы мүмкін. Кім-кімге де қызықты əрі керек дүниенің барлығы тек қана ақпараттан табылады. Ақпарат — адам санасындағы шындықтың болмысы. Ақпараттың қандай болатындығы ақпарат таратушыға, журналистке байланысты», — дейді. Бұл бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таралатын ақпараттың адам өміріндегі маңызы шексіз екендігін көрсетеді [7].

Қоғамда болған не болып жатқан оқиғалар жөнінде берілетін журналистік ақпарат «біздің сыртқы əлемге деген бейімделу процесінің көрінісі» болып табылады [8].

Зерттеу нысаны ретінде алынып отырған «Хабар» арнасының қорытынды жаңалықтары мен «Жеті күн» ақпараттық сараптама бағдарламасы ақпараттық жанрдағы телехабарлардың қатарына жатады жəне аталған хабарлар бұл телеарнаның негізгі бөлігін құрайды. Бұл жөнінде ғалым Қ.Ж.Тұрсын былай дейді: «Телеақпарат — ең басты жанр əрі ол экран кестесінің көп бөлігін  алатын «Таңғы», «Күндізгі», «Түскі», «Кешкі», «Қорытынды» жаңалықтардан тұрып, екі тілде көлемі 20–30 минуттан беріліп жатады. Бекзаттық, жанжалдық хроника, саяси, экономикалық, əлеуметтік, спорт хабарламалары жаңалықтардың көп бөлігін құрайды» [9].

«Хабар» телеарнасы — республикадағы мемлекеттік жəне тəуелсіз телеарналар арасындағы ресми арна. Осыған байланысты онда негізінен ресми сипаттағы жаңалықтар хабарланады. «Ресми оқиғалар дегеніміз — бүкіл үкімет басындағылардың қатысуымен болатын отырыстар, мейман күту, шығарып салу. Сондықтан мұндайда Президент, Парламент, Үкімет жүзеге асырып отырған іс- шаралар толық көрсетілуге тиісті» [10; 42].

сы төңіректегі ресми оқиғаларды құрайтын «бір күндегі елеулі ақпаратты мейлінше келесі күнге қалдырмай көрерменге жеткізу» «Хабар» телеарнасының қорытынды жаңалықтары мен «Жеті күн» ақпараттық сараптама бағдарламасының басты мақсаты болып табылады [10; 45]. Бұл телеарна өзекті ақпаратты жылдам хабарлау жəне тағы да басқа артықшылықтары арқылы басқалардан басым түсіп, «төртінші билік» құру жолында өзінің бəсекеге қабілеттілігін көрсетеді.

«Қазақстанда бəсекелестік орта болғанмен, хабар беру форматтарында айта қаларлықтай өзгешелікті аңғара алмайсыз. Телевизияның барлық арналары бір-біріне ұқсас» [11].   Дегенмен «Хабар» телеарнасының атап өтуге тұрарлық тағы бір ерекшелігі əрі артықшылығы — «халықаралық жаңалықтар» айдарының тұрақты түрде берілуі [10; 69].

«Хабар» телеарнасындағы қорытынды жаңалықтар диктор сөзі жəне тілші репортажы арқылы беріледі. Өйткені «Хабар» телеарнасындағы жаңалықтардың өзі ішкі құрылымының өзіндік ерекшеліктеріне сəйкес бірнеше жанрларға бөлінеді, олар: диктор сөзі, тілшінің арнаулы репортажы (оқиғалы), спорт жаңалықтары, күн райы туралы мəлімет. Қорытынды жаңалықтарда сұхбат арнаулы репортаждың құрамында беріледі.

Тікелей эфирдегі жаңалықтар легін жүргізетін тележурналист ең алымен төмендегілерді:

  • жалпы журналистің құқықтық негіздерін;
  • тележурналистиканың қоғамдағы орны мен рөлін;
  • тележурналистиканың шығармашылық ерекшеліктерін;
  • жаңалықтар мəтінін əзірлеуде тілдің барлық мүмкіндіктерін белсенді түрде пайдалану арқылы өз ойын стилистикалық тұрғыда дұрыс жеткізе білу жолдарын;
  • бұқаралық ақпарат құралдарының қызметін реттейтін заңды басшылыққа ала отырып, Ж.Əбдіжəділқызы жүйелеген тікелей эфирдегі жаңалықтар легіне қойылатын талаптарды орындауға тиісті [12]:
  1. Дəлдік. Əрбір фактіні, датаны, адамның аты-жөнін, қызметтерінің атауын міндетті түрде тексеріп, анық-қанығына көз жеткізу қажет. Мұндай дəлдіктің сақталмауы кəсіби деңгейдің нөлге тең екенін көрсетеді.
  2. Ізеттілік. Кез келген ақпаратты ұсынғанда аудиторияға құрметпен тіл қату — кəсіби парыз.
  3. Хабарламалық жаңалыққа талдау жасалмайды. Онда тек не, қайда, қашан, не себепті, кімдер қатысқаны, неліктен болғаны қысқа-нұсқа, нақты хабарлануы тиіс.
  4. Сезімталдық. Тікелей эфирдегі ақпараттар ағыны аясында қандай да бір жағдайлар болмасын тыңдарманмен арадағы тепе-теңдікті атқару қажет.
  5. Мəнерлілік. Дұрыс қойылған дауыс ырғағының сақталуын, артық демнің, қажетсіз дыбыстың естілмеуін қамтамасыз ету.
  6. Алдын ала кесіп пішпеу. Сыни пікір айтқанда жауап беруге құқылы адамдарды мейлінше анық айту жəне сол мəселеге қатысты барлық көзқарасты толығымен қамту — шарт.
  7. Айтылудағы анықтық.
  8. Түзете білушілік. Егер аяқ астынан қате жіберілсе, ізінше кешірім сұрап, жаңалықтарды қайтадан байсалды кейіпте жүрдек оқи беру керек. Кейде қатені түзету тыңдарманның назарын қосымша аударып, оның қызығушылығын арттырады.

Қорытынды жаңалықтарды хабарлау барысында диктор қызметін атқаратын жəне арнаулы репортаж жасайтын тележурналистер, яғни коммуникативтік тұлғалар, бұқарамен ерекше қарым- қатынасқа түседі. «Бұқаралық коммуникативтік субъектінің құрылымы өте күрделі. Хабар авторы — индивидуалды-ұжымдық субъекті, яғни автор белгілі бір хабарды жеке өзінің ғана емес, теле- радиохабар ұжымының, газет-журнал редакциясының да көзқарасын танытып, ұжымдық баға береді [5; 45].

«Хабар» телеарнасында тікелей эфир арқылы берілетін жаңалықтар студиясы диктор сөзімен ашылады. Кəсіби дикторлар: Ə.Байжанбаев, Л.Аймашева жəне тағы басқалар қазақ дикторлар мектебінің негізін қалады. Ə.Байжанбаев туралы естелік кітапта: «Əлемге аты əйгілі Юрий Борисович Левитаннан кейін 1945 жылғы Жеңіс бұйрығын қазақ тілінде тұңғыш рет мен оқыдым», — деп жазылған [13]. Ал елу жылдай тарихы бар «қазақ теледидарының қазіргі мүмкіндіктері қандай, тележүргізуші болып қызмет етіп жүрген бүгінгі ізбасарларыңыздың атқарып жатқан жұмыстарына айтар қандай талап-тілектеріңіз бар?» деген сұраққа 1958 жылғы наурыздың сегізінде жаңадан құрылып, жұмыс істей бастаған Алматы телестудиясының тұңғыш тележүргізушісі Лəзиза Аймашева: «Қазіргі телевизиядағы техникалық жарақтандыру дегеніңіз керемет! Біздің кезіміздегі камералар ұсқынсыз да қолапайсыз еді... Бұл күнде оның бірі де жоқ. Барлығын компьютерлік техника өзі реттеп отырады. Осындай неше түрлі ғажап студияда жұмыс істейтін ізбасарларым да алғыр, сүйкімді, жігерлі жастар. Мен оларға ылғи да қызыға қараймын. Тек бұл жас жігіттер мен қыздарға айтар тілегім: туған тіліміз теледидардан табиғи, жұмсақ, түсінікті оқылса деймін. Өйткені көгілдір экрандағы телерепортаждар мен жаңалықтар топтамасында тіл бұзылып барады. Мəтін сөйлемдері құлаққа қатқыл естіледі. Қағазда басылған əріптердей етіп айнытпай оқуға тырыспау керек. Үндестік заңына қарай бағыт алған дұрыс. Сонда бəрі де табиғи сипатқа ие болмақ. Тілегім — осы», — деп жауап береді [14].

Қазіргі кезде «Хабар» телеарнасының қорытынды жаңалықтары республиканың барлық аумағында кешкі уақытта сағат 20.00-де тікелей эфир арқылы үзбей көрсетіледі. Бұл телеарнаның 3 тұрақты дикторы: Қымбат Досжан, Арман Балтабайұлы, Нуриддин Бидосов алдынғы толқын ағалардың ізімен республика көрермендерін еліміздің жəне шетелдің ресми қорытынды жаңалықтарымен таныстырады.

В.Егоровтың «Терминологический словарь телевидения: основные понятия и комментарии» атты еңбегінде телевизия дикторларына мынадай анықтама берілген: «Дикторы телевидения знакомят зрителей с распорядком передач, с теми изменениями, которые произошли в программах дня, другими сообщениями. Диктор может быть также ведущим передачи, сказочником, чтецом и конферансье в концерте. Хорошая внешность и звучность голоса — важные, но не самые главные качества для диктора. Главное — в совершенстве владеть своей профессией, быть высокообразованным человеком, разбираться в вопросах политики, экономики, в музыке и литературе, верно и честно служить своей профессии» [15].

Кешкі қорытынды жаңалықтарды жүргізетін дикторлардың негізгі қызметі — белгілі бір факт, уақиға, мəселе жөнінде жұртшылыққа ақпарат беру. Диктор ақпарат беру барысында өзінің жеке субъективтік пікірін білдірмейді, оқиғаны талдамайды, ол тек нақты фактілер келтіру арқылы болған оқиғаны ғана баяндайды. Мысалы: Бүгін Астанада Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің басшылары кездесті. Олар, негізінен, кедендік заңдарды жетілдіру жəне шекара бойындағы тексеру-бақылау бекеттерінің санын азайту жайын талқылады (18.10.2005).

Диктор қызметінің осы белгісі оны арнаулы репортаж жасаушы тілші, комментатор, жүргізуші сияқты өзге коммуникативтік тұлғалардан ерекшелігін көрсетеді.

Тележүргізуші бүкіл кəсіби білім-парасатыңды, интеллектуалды бітім-болмысыңды мейлінше ашып көрсетуге зор мүмкіндік береді. Ал диктор тек болған оқиғаны хабарлайды. Осыған орай ғалым М.Барманқұлов: «Сөз-думанның қарапайым ақпараттан не айырмашылығы бар? Ақпараттық бағдарламаны диктор емес, журналистің жүргізуінде. Журналистің диктордан қандай өзгешелігі бар? Журналист біреу дайындаған мəтінді ғана емес, өзі де камера алдында ойын білдіре алатындығында»,— дейді [16].

Диктор біреудің алдын ала дайындап берген сөзін оқиды, ал тілші алдын ала дайындалған мəтін мазмұнына өз ойын, пікірін қоса алады.

Қазақ тележурналистикасын жүйелі зерттеген біртуар ғалым М.Барманқұлов былай дейді: «В отличие от диктора, который не может отойти от данного ему текста, комментатор может и должен импровизировать в кадре, во время передачи» [17; 24].

Бірақ диктор мамандығы оңай жұмыс емес. «Өкінішке орай, дикторлық өнерге кейбіреулер жеңіл-желпі қарайды. Олар «диктор онша қиын мамандық емес. Журналист дайындап берген тексті микрофон алдында анықтап оқыса болды» деген пікір айтады» [18; 31]. Диктор алдын ала дайындалған мəтінді жай ғана оқып шығумен шектелуге тиісті емес.

Бұл жөнінде қазақ халқына танымал диктор Ə.Байжанбаев былай дейді: «Дикторлық оқу дегеніміздің өзі — өзіндік ерекшелігі, өзіндік қыры мен сыры бар үлкен өнер. Бұл өнерді екінің бірі, егіздің сыңары емін-еркін меңгеріп кете алмайды. Себебі оған белгілі бір дарын мен бейім, табиғи қабілет пен терең білім керек. Қазақ тілінде күні бүгінге дейін дикторлық өнерге арналған не оқулық, не нақты еңбек жарық көрген емес. Тіпті дикторлық шеберлік жайында жазылған сүбелі мақалаларды да жиі кездестіре бермейміз. Студияда материал оқу — дауысты жеп қоятын жұмыс. Қалың екі есікті іштен тарс жауып алып, толассыз он-он бес минут хабар оқып шығу дикторды əжептəуір шаршатып тастайды» [18].

Ал қазіргі заманғы тікелей эфирде диктордың оқуын, журналист мамандардың пікірінше, журналистің жүргізуі алмастырады. Бұл жөнінде В.Л.Цвик: «Жүргізуші — журналистің тікелей эфирдегі табысы — кəсіби шеберліктің, айрықша қабілеттің, тамаша тапқырлықтың жемісі», — дейді [19].

М.Барманқұловтың айтуынша, «эфирдегі даралық келе-келе дикторды комментатордың ауыстыруына алып келді. Алайда комментатор диктордың функциясын атқаратын болса,   онда жаңалықты оқуды неге қайтадан диктор қолына бермеске. Ол техникалық-шығармашылық жағынан комментаторға қарағанда оны əлдеқайда əсерлі əрі мазмұнды етіп жеткізер еді» [20].

Шынында да, диктор қызметін кез келген журналист атқара алмайды, керісінше, диктор болу шеберлігін кəсіби тұрғыда меңгерген адам журналистика саласындағы басқа да бірнеше қызметті қатар атқара алады.

Диктор сөзі іштей бірнеше бөліктерден тұрады:

  1. Алдымен диктор көрерменмен амандасып, өзін таныстырады. Мұны ұйымдастыру бөлігі деп атауға болады. Бұл бөлімде диктор өз сөзін сөйлесудің диалогтік сипатына тəн ерекшеліктерге негіздеп, монологтік типте жеткізеді. Мұндайда диктор дауысы салтанатты түрде шығады. Осыған орай, ұйымдастыру бөлігінің мəтінін лепті сөйлемдер құрайды. Олар көтеріңкі дауыспен, ерекше интонациямен айтылады.

Экран алдындағы əрбір диктордың көрермен қауыммен амандасуында, сөз бастауында өзіндік ерекшелік байқалады:

Мəселен, Нуриддин Бидосов өз сөзін көбінесе былай бастайды: Ассалаумағалайкүм, ағайын! Тікелей эфирде «Хабар» арнасының қорытынды жаңалықтары. Алдымен, бүгінгі күннің басты оқиғаларына қысқаша тоқталып өтсек (тоқталсақ) (13; 15.10.2005), — деп, хабарды одан əрі жалғастырады. Кейбір кезде алдыңғыны қайта-қайта қайталай бермес үшін: Тікелей эфирде «Хабар» арнасының қорытынды жаңалықтары. Армысыздар! Əдеттегідей, алдымен, бүгінгі күннің маңызды деген тақырыптарына қысқаша тоқталып өтейік (15.10.2005), — деп өзгертеді.

Ал Арман Балтабайұлы қорытынды жаңалықтарды мынадай жолдармен ашады: Ассалаумағалайкүм, ағайын! Қазан айының жиырмасы, бейсенбі. «Хабар» агенттігі еліміз бен шет елдерде болған жаңалықтар топтамасын назарларыңызға ұсынады (20.10.2005). Кейде Ассалаумағалайкүм, ағайын! Бүгін қазан айының жиырма бірі, күн — жұма. «Хабар» агенттігі еліміз бен шет елдерде болған жаңалықтардың елеулі дегендерін назарларыңызға ұсынады (21.10.2005.) деп бастаса, енді бірде сəл өзгеріс енгізіп: Ассалаумағалайкүм, ағайын! Бүгін қазан айының жиырма екісі, сенбі. «Хабар» агенттігі еліміз бен шет елдерде болған жаңалықтардың елеулі дегендерін назарларыңызға ұсынады (22.10.2005.).

Қымбат Досжан сөзді Кеш жарық, құрметті көрермен! «Хабар» арнасының ақпараттар қызметі тікелей эфирде деп бастаса, Зейін Əліпбек Ассалаумағалайкүм, қадірлі əлеумет! Тікелей эфирде «Жеті күн» ақпараттық сараптама бағдарламасы. Біз бүгін мына жайттарға тоқталмақпыз деген жолдармен бағдарламаны жүргізуді бастайды.

Бұл — əр тележүргізушінің өзіндік сөз қолданысы, сөз саптау ерекшелігі.

  1. Диктор хабарланатын жаңалықтардың легімен, ретімен таныстырады. Мұны тележурналистика саласында «лид» деп атайды. Басқаша қорытынды жаңалықтардың кіріспе бөлімі деп атауға болады. Өйткені бұл бөлімде берілетін маңызды жаңалықтардың тақырыбы, реті жөнінде мəлімет беріледі. «Жаңалықтарды жүргізуші мəртебесі күнделікті экраннан өтіп жатқан актуалды хабарлама арқылы айқындалады» [21].

«Жаңалықтардың молдығынан көрермендердің көпшілігі бүгінде хабардың алдында берілетін ь«лидке» көңіл аударып, сол арқылы өзіне керекті деген тұстарға ғана назар салады. Іскерлік жəне саяси бағытты ұстанған телеарналар жаңалықты беру кезінде шыншыл, əділ, бейтарап бағдарды ұстанады» [10; 143]. Тележаңалықтардағы «лид» баспасөздегі жаңалықтардың «тақырыпатына» сəйкес келеді. Демек, егер газетте қандай да бір мəтін тақырыбының атауы «тақырыпат» түрінде жазылып берілсе, ал «Хабар» телеарнасының қорытынды жаңалықтарының тақырыбы «лид» түрінде хабардың басында хабарланады. Бұл теледидар арқылы таралатын қорытынды жаңалықтардың ерекшелігі болып саналады. Соған сəйкес «лид» мəтіні қысқа əрі нұсқа 1–2 ғана сөйлеммен тұрады. Мысалы, Нуриддин Бидосов көрермен қауыммен амандасып болғаннан кейін, кіріспе бөлімді бастайды:

Алдымен, бүгінгі күннің басты оқиғаларына қысқаша тоқталып өтсек.

Қазақстанға ресми сапармен АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кандолиза Райс келді. Еуразия университетінде өткен кездесуде ол елімізді аймақтағы əрі кепілі деп атады.

Ресейдің Кабардин-Балкар автономиялы республикасының орталығы Нальчикте бүгін мол тартыс болды. Астанаға жасырын енген қарулы топтар бірнеше мемлекеттік мекемелерге шабуыл жасап, адам шығыны бар.

Астрахань облысының Алтынжар ауылында күй атасы Құрманғазы атындағы мəдени орталық ашылды.

Елімізге екі күндік жұмыс сапарымен Кандолиза Райс келді. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауында болып, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кездесті (13.10.2005).

  1. Диктор сөзінің негізгі бөлігін жоспарлы рет бойынша хабарланатын негізгі жаңалықтар мəтіні құрайды. Олар 2–3 хабарлы сөйлемнен тұрады. Жаңалықтар ресми сипатта салқынқанды дауыспен оқылады. Диктор сөзін тілші өз репортажында толықтырады. Мысалы: Алматыда Еуропадағы қауіпсіздік жəне ынтымақтастық ұйымының басшылығымен бұқаралық ақпарат құралдары жайлы жетінші Орталық Азиялық конференция басталды. Онда БАҚ өкілдерінің жұмыс істеуіне жағдай жасау, бұқаралық ақпарат құралдарының сайлау барысында атқаратын рөлі əңгіме өзегіне айналды (13.10.2005).
  2. Диктор өз сөзін қорытындылап, көрерменмен қоштасады да, келесі сөз кезегін спорт жаңалықтарын жүргізуші дикторға береді. Мұны диктор сөзінің қорытынды бөлігі деп айтуға болады. Дикторлар амандасу кезінде де, қоштасу уақытында да аудиторияның кім екенін, олардың əлеуметтік мəртебесін ескере отырып, тіл қатады. Кешкі жаңалықтарды үзбей көріп отыратын адамдар жүргізушінің қалай қоштасатынын біледі. Солардың бірқатарына көңіл аударайық.

Бүгінге осы. Эфирде келесі жүздескенше аман-сау болыңыздар (19.10.2005). Көріскенше аман- сау болыңыздар (20.10.2005).

Бүгінге осы. Алда спорт жаңалықтары мен ауа райы туралы мəлімет (17.10.2005).

Жеңісті күндерде жүздескенше (17.10.2005). Амандықпен жүздескенше (18.10.2005). Эфирде келесі жүздескенше (13.10.2005).

Қорытынды жаңалықтар, жалпы алғанда, ұжымдық туынды болып табылатындықтан, оған əрбір тележурналист өз қызметінің ерекшелігіне қарай өз үлесін қосады. Жалпы, жаңалықтар тарату үдерісі үш кезеңнен тұрады. Алдымен, қоғамдық мəні бар маңызды оқиғаны хабарлау керектігі жоспарланады, оның ең негізгілері, маңыздылары ғана сұрыпталып, тікелей эфирге жіберілетін хабардың мəтіні дайындалады жəне аудиторияның сол жаңалықты қабылдауы үшінші кезең болып табылады. «Коммуникатордың сөзі əуелден нобайы əзірленген, алдын ала азды-көпті ой елегінен өткізілген сөз. Бұл жерде коммуникатор сөзді осы дайындаған формада аудитория алдында сөйлесе, сөзі тым кітаби, жасанды болып шығар еді. Біздіңше, коммуникатор мұндай қиын тұста дайындалған, алдын ала кесіп пішілген сөзін алдын ала дайындамаған, табан астынан айтылған, тіл ұшына келген сөз тəрізді етіп жеткізеді. Сөйтіп, екеуара айтылатын сөз бейресми сипатталады, яғни сөйлеу  тілінің «формасы» тəрізді болады. Бірақ сөз мазмұны ресми қатыста байланыс күшейе түседі. Аудитория коммуникаторды қарым-қатынастағы əріптесі ретінде қарайды, онымен ой жарыстырып отырады. Айтылған ақпаратқа бейжай қарай алмайды. Алайда сөйлеу тіліндегідей, табан астында мазмұнға қатысты сөзді редукциялау, сөз аяғын жұтып қою, сыбырлап сөйлеу, айғайлап айту т.б. элементтердің қолданысы шектеулі болады. Ауызша əдеби тілдің нормасы мен сөйлеу тілінің элементтері өзара үйлесімді қолданылуға тиіс. Коммуникатор ой айқындылығынан, сөздің ақпараттық мазмұнынан, қарым-қатынастың түп мақсатынан көз жазып қалмауға тырыса отырып, сөйлеу тілі элементтерін пайдаланады, яғни сөйлеу тілі сипатын беру, диалогтік сипат беру тəсілдері қолданылады [3; 237].

Телехабарлар тілін зерттеу барысында жаңалықтардың мəтіні алдын ала дайындалатындығы жəне оның тікелей эфирден берілу барысында диктор сөзімен бірдей болмайтындығы Internet жүйесінен алынған мəтін мен эфирден берілген жаңалықты бейнетаспа жазып алу арқылы салыстырудың нəтижесінде көз жеткіздік. Бұқаралық коммуникацияға дейінгі кезеңде алдын ала дайындалған мəтін тікелей эфирде диктор сөзі арқылы біршама өзгеріске ұшырайды, бірақ мазмұны сақталады. «Сөзге сөйлеу тілі сипатын беру тəсілі тілдік тəсілдерді үнемді пайдалану дегенге саяды. Құрылымы күрделі сөзден көрі қысқа, дəл, нақты айтылған сөз, теңеу, астарлы сөз т.б. əлдеқайда дəл, орынды сезіледі. Көптеген мəселе, фактінің ішінен маңызды дегенін айту, онда да жан-жақты емес, бір қырын айту, жаңа нəрсе туралы сөз ету, мəлім нəрсенің беймəлім тұстарына тоқталу, жаңаша пікір білдіру адресатпен арадағы диалогтің үзілмеуін қамтамасыз етеді. Сөзге диалогтік сипат беру тəсілі қолданыла отырып, өз пікірін ортаға салғанда, екі жақта ынталылық танытуға тиіс. Ынталылық болғанда диалог болады. Сөзге диалогтік сипат беру дегеніміз композициялық жақтан монологтік сөздің сөйлеу тілі құрылымына тəн элементтерді пайдаға асыру, кəдеге жарату болып табылады. Бұл тыңдаушы, көрерменнің жауапреакциясына қозғау салу үшін пайдаланылатын тəсіл, тілдік- стильдік құралға жатады» [3; 238].

Бұл мамандық зеректікті, ой алғырлығын талап етеді. Ол үшін диктор сөзі телехабарлардың тілдік табиғатына сəйкес болуы қажет, тілдің орфоэпиялық нормаларын сақталып, ауызша сөйлеу тілінің интонациялық ерекшеліктері назардан тыс қалмауға тиісті.

Нақтырақ айтқанда, телехабарлар тілінің қалыптасуына бірқатар экстралингвистикалық факторлар əсер ететіндіктен, диктор өз сөзінде ғалым М.Серғалиев көрсеткен «сөз анықтығы», «сөз дұрыстығы», «сөз тазалығы», «сөз дəлдігі», «сөз байлығы», «ой мен сөздің жарасымы» сияқты сөз сөйлеудің негізгі коммуникативтік сапаларының белгілері басшылыққа алынуы керек. Бұл жөнінде академик М.Серғалиев: «Орфография мен орфоэпияның заңдылықтарын сақтау сауатты жазу жəне дұрыс сөйлеу мəдениеттілігінің көрінісі болып табылады», — дей келіп, көпшілік алдында сөз нормалары мен тұрмыстық қатынастағы сөйлеу тіліне тəн дыбыстау нормаларын араластырмай, қалыпты межеден жөнсіз ауытқып кетпей, сауатты сөйлей білудің тілдік қарым-қатынас үшін аса маңызды екенін ескертеді [22]. Жалпы, қазақ тілі білімінде тіл мəдениеті, көпшілік алдында сөйлеу шеберлігі, телехабарлар тілі мəселелеріне қатысты зерттеу жұмыстары ғалым М.Серғалиевтің еңбектерінен басталады [23].

Диктор сөзі адресатқа түсінікті, ұғынықты болатындай, құлаққа жағымды естілетін дауыспен айтылуы қажет. Əрбір сөзді орфоэпиялық нормаға сəйкес айтып, əрбір сөйлемді өзіндік интонациямен дауыстап, бір-бірін шебер байланыстырып, тұтас мəтін етіп шығаруы керек. Дауыстағы əрбір екпін, əрбір кідіріс тыңдаушының қабылдауына əсер етеді. Бір ғана сөздің өзі дауыс ырғағына қарай əр түрлі əсер қалдыруы мүмкін [24]. Дегенмен К.Д.Кирия айтқандай, «дикторский талант заключается не только в неповторимом голосе, в неподражаемых интонациях, но и в глубоком знании языка, в бесконечном уважении к нему» [25].

Жаңалықтарды оқитын диктор өзінің не айтатынын жақсы білуі тиіс жəне де өз ойын тура, нақты, қарапайым əрі дəл жеткізуі шарт. Жаңалықтар легі жалаң фактілер тізбегінен құралмауы керек. Əрқашан хабарламаға өміршең сипат беретін сөйлем үлгілерін қолданған дұрыс. Айтып отырған əңгімесі журналистің өзін қызықтырмаса, ондай жаңалыққа аудиторияның назарын аудару да қиын.

Диктор жоғарыда көрсетілген талаптарды орындамаса, онда көрермен оның өзін де, ақпаратты да қабылдай алмайды. Ал егер диктор өз сөзіне қойылатын талаптарды орындап, берілген өлшемдерді ұстанса, аудитория оны дұрыс қабылдап, диктордың журналистік шеберлігіне, хабарланған жаңалыққа қатысты өзінің субъективтік пікірі қалыптасады. Ол айтылған жаңалықтың «ақпараттық нормасына» немесе «тілдік нормасына» келіспей, қарсы шығуы мүмкін. Не болмаса көрерменге диктор сөзі де, өзін-өзі ұстауы да, жаңалықтар легі де ұнауы мүмкін. В.Л.Цвиктің есептеуінше, индивид жаңалықты «жаңа жағдайдың бейнесі» ретінде қабылдайды, соған қатысты ол белгілі бір жаққа шығуы керек немесе қандай да бір шешімді қабылдауы қажет [26].

Диктордың адресатқа айтатын сөзінің де өзіне тəн белгілері болады. Бұл жөнінде К.Д.Кирия былай дейді: «Выпуск новостей включает в себя множество минитекстов. Их стилистика и выбор языковых средств, в первую очередь, зависят от того, в какой роли выступает ведущий или корреспондент. Так, устные сообщения ведущего в студии, не сопровождающиеся репортажами с места событий, близки к жанру заметки. Они строятся главным образом на сообщениях информагентств и содержат минимум авторского комментария» [25; 76]. Мысалы: Бүгін мемлекет басшысы Ақордада Қырғыз Республикасының премьер-министрі Феликс Куловты қабылдады. Кездесуде екіжақты қарым-қатынас, экономикалық ынтымақтастық жəне Орталық Азиядағы жағдай туралы сөз болды деп хабарлайды президенттік баспасөз қызметі (13.10.2005).

Тəжірибеде көрерменнің тікелей эфирден берілген жаңалықтар топтамасына қатысты өз пікірін əр түрлі жолдармен білдіріп отыратындығын ескерсек, телехабарларды көруші аудиторияның барлығына көз жеткізіп, соның негізінде бұқаралық коммуникация екіжақты процесс деген қорытындыға келеміз. Осы орайда диктор сөзі монологтік типте айтылғанмен, оған диалогтік сипат даритындығын, осылайша диктор көрерменмен аудиовизуалды диалогтік байланысқа түсетіндігін байқаймыз.

Осыған байланысты бұқаралық коммуникация сəтті өту үшін жəне адресант пен адресат коммуникативтік тұлға дəрежесіне жету үшін, диктор экран алдында ақпарат беруде тек тілдік бірліктерді ғана қолданбай, сонымен қатар көрерменге əсер ету үшін бейвербалды амалдарды да қолдануы керек. Мəселен, мимика, диктордың кей кезде басын қозғалтып отыруы көрерменге ақпаратты жеңіл қабылдауға көмектеседі. Демек, диктор өзін камера алдында емес, үлкен аудиторияның алдында сөз сөйлеп тұрғандай сезінуі керек. Өйткені «телевизия — бұл визуалдылық. Журналистің сыртқа көрінген мимикалық жəне пантомимикалық əрекеттері: үн, жылдамдық, ишара,дене қимылы ақпараттың дереккөзіне айналады. Мұндайда көрермен тек ақпарат қана алып қоймайды, ол журналистің психологиялық бейнесімен де таныс болады» [17; 27].

Көрерменнің ақпаратты қабылдауына, диктордың коммуникативтік тұлға дəрежесіне көтерілуіне «этикалық нормалардың» сақталуы да өз ықпалын тигізеді. «Амандық-саулық сұрасу, қоштасу, құттықтау т.б. ұлттық стереотиптің арнайы тілдік таңбалары жəне олардың «кімге», «қашан», «қай жерде» деген принципке бағынатын қолдану жүйесі бар. Тілдік дайын үлгілерді, яғни амандасу, қоштасу формулаларын, əркім өз қалауынша өзгерте алмайды. Этикеттік сөздер осы қасиетімен құнды. Алайда бірқатар тыңдаушы көрермен көріскенше деген нұсқаны жылы қабылдамайды, себебі олардың санасында көрісу сөзі өзгеше мазмұндағы ритуалмен ассоциацияланады. Сондықтан жұртшылық басқа ассоциация тудыратын тілдік таңбаны пайдалануды мақұл көреді. Телехабар бағдарламаларының спорт хабарында жеңісті күндерде жүздескенше деген нұсқасы тыңдармандар үшін жағымды əсер қалдыратын этикеттік формула деуге болады» [3; 239].

Көгілдір экрандағы бағдарламаларды көрерменге ұнамды етіп беру үшін, тележурналистердің төмендегідей қағидаттарды басшылыққа алғаны жөн:

  • хабарлардың тілін жақсарту, оларды ықшам, ақпараттық мəні жөнінен салмақтандыру керек;
  • редакция алқасы материалдардың стиліне, тақырып ауқымы мен сапасы мəселелерін тұрақты назарда ұстауы тиіс;
  • материалдар неғұрлым жаңа əрі өзіндік үні болуы шарт;
  • тележурналистердің стилі ерекше ықшамдылыққа, нақтылыққа, қисынға, анық əрі образды тілге құрылуы керек;
  • ескі дағдылар мен ойлау əдістеріне бой алдырмаған жас, жаңа кадрлар қажет [27].

Сонымен, диктор — түсінгенге жауапкершілігі мол, күрделі кəсіп. Олай дейтініміз, бұл мамандықтың кəсіби шеберіне айналу үшін тек сыртқы сұлулық аздық етеді. Көрерменге жеткізер жаңалығында тіл тазалығы сақталып, ой түсініктілігі алға шығуы үшін жылдар бойы жаттығу қажет. Көркем əдебиетке көбірек үңіліп, есте сақтау қабілетіңді арттыратын өлең жолдарын молырақ жаттау, ауыз-ерін артикуляциясын жетілдіретін арнайы жаттығулар арқылы ерінбей-жалықпай машықтану ғана жемісті нəтижесін бермек. Сондай-ақ бұл кез келген уақытта білім-білігіңді, өре- биігіңді сын тезіне салып отырар аса жауапты мамандық. Қолына тиген шұғыл ақпарат мəтінін тап сол сəтте көпшілікке ұғынықты жеткізе білуге қаншалықты ішкі сенімділік пен сауаттылық деңгейі қажет екендігі баршаға белгілі. Жалпы, орнымен пайдалана білсе, диктор қызметі қазақ эфирінің ажарын аша түсуге əлі талай үлес қоса береді.

 

 

Əдебиеттер тізімі

 

  1. Петру И. Лингвостилистические и риторические особенности спортивного репортажа как жанра СМИ (на материале футбольного репортажа): Автореф.... канд. филол. наук: 10.02.01. — М., 2006. — С.
  2. Уəли Н. Қазақ сөз мəдениетінің теориялық негіздері: Филол. ғыл. д-ры ... дис. ... 10.02.02. — Алматы, 2007. — 206-б.
  3. Момынова Б. Газет лексикасы (Жүйесі мен құрылымы). — Алматы: Арыс, 1999. — 228 б.
  4. Мельник Г.С., Тепляшина А.Н. Основы творческой деятельности журналиста. — Питер, 2008. — С.
  5. Ворошилов В. Интервью. Радиостанция «Эхо Москвы». — 2004. — 4 сент.
  6. Багиров Э., Кацев И. Телевидение. ХХ век. — М.: Искусство, 1968. — С.
  7. Барманкулов М. Телевидение: деньги или власть?: Учеб. пособие. — Алматы: Санат, — 1997. — С.
  8. Виннер Н. Кибернетика, немесе хайуанаттар əлемі мен машина саласындағы байланыспен басқару. — М., — 55-б.
  9. Тұрсынов Қ.Ж. Қазақ тележурналистикасының қалыптасу, даму проблемалары: Филол. ғыл. д-ры.... дис.: 01.10. —Алматы, 2006. — 290 б.
  10. Молдабеков Ə. «Хабар» ақпараттық агенттігі: даму проблемалары: Филол. ғыл. д-ры ... дис.: 10.01.10. — Алматы,
  11. Бейсенқұлов А.А. Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа технология негізінде даму проблемалары: Филол. ғыл. канд.... дис.: 10.01.10. — Алматы, 2001. — 115-б.
  12. Əбдіжəділқызы Ж. Тікелей эфир табиғаты жəне кəсіби шеберлікті шыңдаудың проблемалары. (Қазақ радиосының хабарлары негізінде): Филол. ғыл. канд. ... дис.: 10.01.10. — Алматы, 2002. — 44-б.
  13. Ақтаев С. Дауылпаз дауыс. — Алматы: Өнер, 1989. — 43-б.
  14. Əбдіжəділқызы Ж. Тағы да тіл мəдениеті туралы // Журналист. — 2005. — № 3 (28). — 3 қараша. — 8-б.
  15. Егоров В. Терминологический словарь телевидения: основные понятия и комментарии. — М.: Изд-во Ин-та повышения квалификации работников телевидения и радиовещания ФСТР, 1997. — С.
  16. Барманқұлов М. Телевизия: бизнес əлде билік?: Оқу құралы / Ауд. К.Қабылғазы. — Алматы: Қазақ ун-ті, 2007. — 210, 211-б.
  17. Барманкулов М. Жанры и формы событийной информации публицистики. Их общность и специфика в печати, телевидении, радиовещании: Автореф. ... канд. филол. наук: 10.01.10. — Алма-Ата,
  18. Есімов К., Ақтаев С. Таныс дауыс. — Алматы: Қазақстан, 1980. — 28-б.
  19. Цвик В.Л. Журналист с микрофоном. — М., 2002. — С.
  20. Барманкулов М. Весь мир у вас в квартире. — Алма-Ата: Казахстан, 1972. — С.
  21. Есенбекова Ұ.М. Қазақ телепублицистикасы: ұлттық сана, салт-дəстүр мəселелері: Филол. ғыл. канд. ... дис.: 01.10.— Алматы, 2003. — 82-б.
  22. Серғалиев М. Көгілдір экраннан айтылар сөз, немесе осы төңіректегі кейбір ойлар // Халық кеңесі. — — 5 наур.— 5-б.
  23. Балақаев М., Серғалиев М. Қазақ тілінің мəдениеті: Оқулық. — Алматы: Зият-пресс, — 140 б.; Серғалиев М.«Хабар» бағдарламасының стилі мен тілі туралы: Жин. (Мемлекеттік тіл: терминология іс қағаздары мен бұқаралық ақпарат құралдарының тілі). — Астана, 1999. — 464 б.; Серғалиев М. Ой мен сөздің жарасымы немесе телехабарлар тіліндегі кейбір кемшіліктер туралы // Егемен Қазақстан. — 1994. — 7 қырқ.; Серғалиев М. Радио жəне телехабарлар тілі туралы // Ана тілі. — 1994. — 18 қараша.
  24. Бараневич Ю.Д. Жанры радиовещания: проблемы становления, формирования, развития. — Киев–Одесса: Вица шк., 1978. — С.
  25. Кирия К.Д. Роль экстралингвистических факторов в создании телевизионных новостей // Вестн. Московского ун-та. —Сер. «Журналистика». — 2007. — № 1.
  26. Цвик В.Л., Назарова Я.В. Телевизионные новости России. — М., 2002. — С.
  27. Тұрсынов Қ.Ж. Қазақ теледидарындағы дəстүр жəне жаңашылдық: Филол. ғыл. канд. ... дис.: 10.01.10. — Алматы,— 55-б.

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.