Əлеуметтік жетімдік мəселесінің психологиялық-педагогикалық аспектілері

Бала психикасының дұрыс қалыптасуында жанұяның ерекше орын алатыны белгілі. Жанұяның мəні баланың тəжірибе жинақтауға жасалатын жағдайларымен анықталады. Адам ерте балалық шағынан бастап, ересектерден тек жүру, сөйлеу, заттарды дұрыс қолдану, ойлану, білім алу, еңбек етуге ғана емес, сезімдерге, ойлауға, күйзеліске, өзіне жəне өзге адамдармен қарым-қатынас жасауға үйренеді. Жанұяда бала табиғи жағдайда өмірге бейімделе алады, себебі күнделікті, таңертеңнен кешке дейін ата-аналары, аға-апайлары, апа-аталары баланың алдында мінез-құлық, жүріс-тұрыстың əр түрлі үлгілерін ұсынады: сөйлеу жəне ым-ишара мəселелері, еңбекке баулу, адамдармен қарым- қатынас жасау, саясатқа деген көзқарасын қалыптастыру т.б.

Бірақ қоғамда ата-ана қамқорлығынан айырылған, кəмелеттік жасқа толмаған балалардың өмірін сипаттайтын жағымсыз əлеуметтік құбылыс — жетімдік бар.

Жетім бала — ата-анасының екеуі де немесе жалғызбасты ата-анасы қайтыс болған бала.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала — ата-ана құқықтарының шектелуіне немесе олардан айрылуына, ата-анасы хабар-ошарсыз кетті деп танылуына, олардың қайтыс болды деп жариялануына, əрекетке қабілетсіз (əрекет қабілеті шектеулі) деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуіне, ата-анасының баласын тəрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерін қорғаудан жалтаруына, оның ішінде ата-анасының өз баласын тəрбиелеу немесе емдеу мекемелерінен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғызбасты ата-анасының немесе екеуінің де қамқорлығынсыз қалған бала [1].

Жетімдер санының жылдан жылға өсуі бұл мəселені өзекті мəселелердің қатарына қойып отыр. Осыған байланысты балалар үйлері көбейіп, оларды қамтамасыз етуге мемлекеттің қыруар қаржысы жұмсалып отыр. «Аманат» қорының жүргізген зерттеу нəтижелеріне сəйкес, балалар үйлерінен тəрбие алып шыққан тəрбиеленушілер 50 % тұлғалық, психологиялық қиындықтардың əсерінен қылмыстық ортаға түсетіндігі дəлелденді. Тəрбиеленушілердің қиындықтарын жеңу үшін, оларды қоғамдық ортаға психологиялық бейімдеу үшін сəйкес психологиялық-педагогикалық көмек қажет екендігін осы фактіден көруге болады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабында «Неке жəне отбасы, ана мен əке жəне бала мемлекеттің қарауында болады» жəне «Балаларына қамқорлық жасау жəне оларды тəрбиелеу ата-ананың етене құқығы əрі міндеті» деп жазылған. Яғни аталған бап кез келген жастағы азаматтардың қорғауға құқығын бекітеді. Аталған баптың 2-тармағы балалардың қамқорлыққа, тəрбиелену мен қорғалуға құқығын бекітеді, сондай-ақ бұл міндетті ата-аналарға жүктейді [2].

Алайда ата-аналар əр түрлі себептерге байланысты бұл міндеттерді орындай алмайды. Яғни балалардың əлеуметтік жетім болуы əке-шешелерінің ата-аналық құқықтарынан айырылуы, материалдық, тұрмыстық жағдайдын өте төмендігі, əйелдердің некесіз тууы, ата-аналардың түрмеде отыруы сияқты əлеуметтік себептерге байланысты. Ішімдікке салыну əлі күнге дейін жетімдіктің негізгі себебі болып келе жатыр. Ерекше топты тастанды балалар құрайды. Баладан бас тартудың басым себептерін — баланың жазылмас ауруға шалдығуы, сонымен қатар отбасындағы материалдық жəне тұрмыстық жағдайдың өте төмендігі құрайды.

Кез келген балаға ата-ана тарапынан берілетін махаббат пен сүйіспеншіліктің орны ерекше, осындай назардың жетіспеушілігі, олардың əлеуметтік ортада өз орындарын табуына, əлеуметтік байланыстарды орнатуына көп кедергісін келтіреді.

Ағылшын психологы Дж.Боулби жарты ғасырдан астам аналық қарым-қатынастан айырылған балалардың даму мəселесімен айналысты. Оның пікірінше, баланың жастайынан дұрыс дамуы үшін тек биологиялық анасымен байланыс қажет екендігін айтады.

Кеңес психиатры М.И.Буяновтың айтуынша, «жарты ғасырдан аса Боулби жазғандары ішінен тек бір нəрсені: бала мінінің үйлесімді дамуы үшін ана қамқорлығы қажеттігін мойындауға болады, бірақ бұл қандай қамқорлық, бұл неден байқалу қажет жəне т.с.с. — бұл əлі шешілмеген жəне нақтылауды қажет етеді» деп айтады [3].

Отбасының қолайсыз жағдайы мен өмірлік жағымсыз шарттары, сондай-ақ отбасындағы тəрбиенің қателігі баланың қоршаған əлемге деген көзқарасын бұзады, оның жеке тұлға ретінде қалыптасуына теріс ықпал етеді. Ата-анадан айырылған жəне интернат жағдайына түскен балалардың жалпы психикалық жағдайы төмендейді, өзін-өзі реттеп-бағыттауы бұзылады, көңіл-күйі жабырқау болады. Балалардың басым көпшілігінің өмірге құштарлығы жоғалады, өзіне-өзінің сенімсіздігі күшейіп, бойын үрей билей бастайды. Эмоционалдық-танымдық талпынысы төмендейді де, интеллектуалдық дамуы тежеледі.

Интеллектуалдық дамудың тежелуімен қоса, парааутизм аясында эмоционалдық дамудың кешенді күрделі бұзылыстары қалыптасады: эмоциялық көңіл-күйін білдіре алмау, қарым- қатынастағы қиыншылық, беріктестікке қабілетсіздік, самарқаулықтың күшеюі, қозғаушы түрткілерден тез айырылу, жасы өсе келе эмоциялық дамуда кенже қалушылық арта түседі. Көп жағдайда балалар үйі тəрбиеленушілері жалпы білім беру мектеп бағдарламасымен оқуға қабілеті жоқ.

Əлеуметтік жетім балалардың даму ерекшеліктерін атап өтсек:

  1. Мектепке дейінгі балаларды келесі мəселелер қинайды:
  • түнгі қорқыныштар;
  • қорқу сезімі;
  • олар өздерін кішкентай балалар сияқты сезінеді;
  • өздерімен, өзімен жасты балалармен немесе ойыншықтармен сексуалды ойындар ойнайды;
  • нервтік-психикалық күйзелістерге душар.
  1. Бастауыш мектеп балалары:
  • мектептеге қиындықтарды кешеді;
  • тұйық болады, үлкендерден жабық болады, əсіресе ата-анадан;
  • өзінің құрбыларымен қарым-қатынасы əлсірейді;
  • рөлдік іс-əрекеті өзгереді;
  • олар шектен тыс қиялға беріледі;
  • анда-санда өздерін сексуалды ұстайды;
  • белгісіз себептермен ішінің ауыруымен қиналады.
  1. Жоғарғы сынып оқушылары, жасөспірімдер:
  • балалық шаққа түседі;
  • үйден қашады;
  • оларда өз-өздерін бағалауы төмен;
  • жезөкшелікпен айналысады;
  • өзіне-өзі қол жұмсау іс-əрекетін жасайды;
  • алкоголь жəне нашақор қолданады;
  • келеңсіз, сексуалды іс-əрекетті жария етеді.
  1. Белгісіз себептермен оларда əр түрлі аурулар пайда болады:
  • аллергия;
  • іштің ауыруы;
  • бастын ауыруы.

Психикалық дамуында кідірістер бар, əр түрлі деңгейдегі олигофрения — қолайсыз отбасынан шыққан балалардың күнделікті диагноздары. Олардың барлығы педагогикалық артта қалған, сөздік қоры аз, себебі олармен ешкім жұмыс жасамайды. Он екі жəне он үш жастағы балалар арасында токсикомандар, нашақорлар кездеседі [4].

Əлеуметтік жетім балалардың осындай жағдайға жету себептерін атап өтсек:

  • ересектердің балалармен қарым-қатынасты дұрыс ұйымдастырмауы, жетімханаларда басым байқалатын осы мəселе төңірегіндегі қарым-қатынас түрлерінің тепе-тең еместігі;
  • ересектердің балалармен қарым-қатынасында сенімділік пен сырластықтың төмен болуы;
  • баланың белгілі бір ересек адаммен ұзақ уақыт берік өзара қатынас орнату мүмкіндігінің жетімсіздігі;
  • мінезі жағынан үйлеспейтін ересектердің бірін-бірі алмасуы жəне ересектердің ауысуының жиілігі;
  • тəрбиелік ықпалдасудың даралыққа емес, топқа бағытталуы, баланың əрекетін қатаң шектеушілік, əрекеттегі гиперопека — ересектердің баланың əрекетінінің əрбір қадамын жоспарлауы мен басқаруы;
  • жетімдер үйіндегі тəрбиешілер мен басқа да қызметкерлердің психологиялық дайындығының жетімсіздігі;
  • отбасының жоқтығынан туындаған, дамудың орны толмайтын жетімсіздік тұстары, тəрбие мен оқу бағдарламаларындағы кемшіліктер;
  • оларды қоршаған ортаның жəне дамудағы əлеуметтік жағдайлардың шектеулілігі, заттық кеңістіктің біртектілігі;
  • баланың үнемі ұжымдық ортада болуы.

Көрсетілген факторлар жетім үйлер жағдайында тəрбиеленіп жатқан балалардың тұлғалық даму құрылымының барлық деңгейінде өз ізін қалдырады [5].

Əлеуметтік жетім балалардың психологиясын жетілдіру жəне əлеуметтенуіне көмектің жəне қолдаудың мүмкін боларлық түрлері:

  • отбасы мəселесін жəне көмек пен қолдауды қабылдауға дайындықты түсінуін айқындау мақсатында ата-аналармен диагностикалық əңгімелесу;
  • баланы бақылау;
  • психологтың ата-аналар мен балаларға кеңес беруі, медициналық көмек;
  • баланы қосымша білім мен тəрбиелеу жүйесіне тарту;
  • қажет болған жағдайда мұғалімдер тарапынан балаға қосымша көмек көрсету;
  • əлеуметтік педагогтың əрқайсысымен отбасындағы қатынасты өзгерту бойынша жеке жұмыс жүргізу;
  • баланың бейəлеуметтік тəртібі кезінде (агрессивтік, депрессивтік, суицидалдық жəне т.б.) баланы балалар психиатрына қарату;
  • мектеп бағдарламасын игермеген жағдайда баланы медициналық-педагогикалық зерттеуге жіберу;
  • заң кеңесін беру;
  • мектеп мұғалімдері мен дəрігерлер тарапынан балаларға аса көңіл бөлу;
  • балаға бос уақытын жоспарлауға көмектесу жəне қызығатын іспен айналысуға тарту;
  • жақын туыстарды тəрбиелеуге тарту мүмкіндігін немесе қоғамдық ұйымдар ресурстарын іздеу;[6].
  • ата-анасының біреуі болмағанда балаларды тəрбиелеу дағдыларына бір ата-ананы үйрету;
  • мүдделі ұйымдар мен қоғамдық құрылымдар тарапынан көмек пен қолдауды ұйымдастыру

Балалардың сапалы өмір сүру керек екендігі де бəрімізге мəлім. Осы бағытта мемлекет тарапынан көрсетілетін нақты көмектердің бірі жетім жəне ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға кешенді көмек ретінде оларды түрлі мекемелерге орналастыру жұмыстары болып табылады. Солардың бірі отбасы типіндегі балалар үйі.

Отбасы типіндегі балалар үйі — бұл арнайы отбасы типінде құрылған балалар үйі. Оның интернаттық мекемелерден айырмашылығы, бала тұлға ретінде əлеуметтік қалыптасуы, тəрбиеленуі үшін қолайлы жағдайлар туғызатын отбасына түседі. Оның жетіспеушілігі қалыптасқан отбасы ортасы бұл бала үшін жеткілікті бейімделмеген болуы жəне қамқоршы ата-ана міндеттерін алған тəрбиелеушілер ата-ана міндеттерін орындауға жеткілікті дайын болмауы болып табылады.

Қазақстанда 1997 жылдан бастап өз қызметін атқарып келе жатқан осындай отбасы типтегі үйлердің бірі — SOS Балалар ауылдары. Балалар ауылдары (SOS–Киндердорф) — отбасына жақын түрінде жетім балаларды тəрбиелеу мекемесі. Алғаш рет 1949 жылы австриялық педагог Герман Гмайнермен құрылған, қазір дүние жүзінің 120 мемлекетінде жұмыс істейді. Қазіргі кезде елдің Алматы, Астана, Теміртау қалаларында жұмыс істеп келеді.

Отбасы типтегі балалар үйлерінде педагогтар ата-аналар функциясын атқарады, ал 6–8 бала — соларға бала, қыз, бір-біріне апа, сіңлі, аға, іні рөлдерін атқарады. Егер балада туған аға-інілері, қарындас жəне апа-сіңілілері болса, олар барлығы бір үйде тұрады. Жанұяның басында балаларды тəрбиелейтін, оларға қамқорлық пен махаббат сыйлайтын ана-тəрбиелеуші тұрады. Аналарда көмекшілер болады, оларды «тəтейлер» деп атайды. Қажет болған жағдайда тəте балалардың жанында ананың орнында бола алады (ананың ауырып қалуы, демалысқа шығуы жəне т.б. жағдайларында). Сондай-ақ ол шаруаны жүргізуге көмектеседі. Бұл топтарда ересек балалар кіші балаларға көмектеседі, əрі əрбір топта өз қолданыстарында бірнеше бөлмелер болады. Ол бөлмелер: жатын бөлме, ойын бөлмесі, демалыс жəне сабақ бөлмелері, санитарлы-гигиеналық блок, асхана. Демалыс күндері бұл асханада балалар өздеріне ұнайтын асты, өздері даярлауға, қажет кезде шəй ішуге, мереке жəне туған күндерге қонақтар-достарын шақыруға мүмкіндік алады. Балалар тұрмыстық, үй шаруашылығын ана-тəрбиешімен ақылдаса отырып, шешеді. Балалар оқудан тыс шығармашылық үйірмелерге, спорттық үйірмелерге қатысады. Балалар ауылында педагог, психолог жəне педагог-ұйымдастырушы сияқты мамандар жұмыс істейді.

Бұл жоғарыда аталған үлгілер балалар үйлері, интернаттардағы сақталған дəстүрлі өмір салтын бұзуға, автономды тұрмыс салтын құруға көмектеседі. Мұндай автономды дербес тұрмыс салты психологиялық комфортты сезінуге көмектеседі жəне балалардың бойында қажетті дəрежеде тұрмыстық дағды-іскерліктердің қалыптасуына себепші болады.

Сонымен, жетім жəне ата-ана қамқорлығынан айырылған балалардың қоғамда білімді, тəрбиелі, психологиялық-эмоционалдық дамыған азамат болып өсуі өте маңызды. Бұған ерекше түрде көмектесетін психолог, əлеуметтік педагог, əлеуметтік қызметкерлердің көмегі көп. Олардың жетім балаларға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетуінің негізгі міндеттері — тəрбиеленушілерді əлеуметтік қорғау жəне денсаулығын сақтау, білім алу, кəсіби бағдарының, əлеуметтік-тұрмыстық білік жəне дағдыларының қалыптасуы үшін қажетті көмек көрсетіп отыру; асоциалды орталарға төтеп бере алатын жəне қоғамда қабылданған заңдарға бағыну қабілеттерін қалыптастыра отырып, баланың өмір сүріп, дамуына қолайлы жағдай тудыру болып табылады.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  • «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345 Заңы. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: www.kk.convdocs.org/docs/index-94085
  • Қазақстан Республикасының Конституциясы. — [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: www.constitution.kz/kaz
  • Тынышбаева А.А., Закарьянова Ш.Н. Ата-ана қамқорлығынан айрылған балаларды əлеуметтендіру жəне бейімдеу: Монография. — Астана: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, 2009. — 150-б.
  • Джакупов С.М., Изакова А.Т., Абдрашитова Т.А., Оспанова Я.Н. Социологическое исследование по проблемам профилактики социального сиротства. — Астана, 2008. — С.
  • Закарьянова Ш.Н. Балалар үйіндегі тəрбиеленушілерді əлеуметтендірудің психологиялық аспектілері: Автореф. Алматы, 2009. — 10-б.
  • Отбасы тұрмысының қолайсыздығын қалай жеңуге болады? Мамандар мен ата-аналарға арналған қолайлы отбасы қатынастарын қалыптастыру бойынша əдіст.-оқу құралы. — Астана, 2012. — 169–181-б.
Жыл: 2015
Категория: Педагогика