Қазақстан Республикасында ұлттық саясат қалыптасуының теориялық-құқықтық аспектілері

Біздің тəуелсіз ел болғанымызға жиырма екі жыл толды. Тəуелсіздік — барша қазақстандықтардың арман-мұратының салтанат құруы. Осы кезең ішінде Елбасының сарабдал да көреген саясатының арқасында Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып, əлемге танылды. Қоғамның барлық салаларында азаматтардың мүддесі мен еркіндігі бірінші орынға қойылды.

Қазақстан Республикасында салиқалы ұлттық саясаттың жүргізілуіне ерекше көңіл бөледі. Ұлттық саясат елдің жалпыұлттық мүдделерін қамтамасыз ету мен қоғамдағы жалпымемлекеттік салалардың дамуын жорамалдайды. Ұлттық саясат мемлекет мүдделерін білдіреді. Ұлттық саясаттың мақсаты ұлттық бірігу, этносаралық ықпалдасу, ұлттық-мемлекеттік егемендікке қол жеткізу болып табылады.

Егемендіктің алғашқы жылдарында-ақ еліміздегі ұлтаралық қатынастар мəселесі бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев: «... ішкі саясаттың іргелі қағидасы ұлтаралық келісім принципі болуға тиіс. Міне, осының өзі демократиялық құқықтық мемлекет құрудағы қазақстандық жолдың ерекшелігін жəне біздің дүниежүзілік қауымдастыққа енуіміздің ерекшелігін айқындайды», — деп атап көрсеткен еді [1].

Қазақстан ұлттық саясатының даму динамикасын қарастыру барысында, оның мына қағидаларға:

  • егемендік пен тəуелсіздікке;
  • қоғамдық тұрақтылық, келісімдер мен конструкциялық шешімдерді іздеуге;
  • парасатты ұлттық-ерекше мүдделерді жүзеге асыруға;
  • барлық ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің экономикалық жəне мəдени дамуының тең дəрежелі мүмкіндіктері кешеніне;
  • ұлтаралық келісімге, адамгершілікке, өзара көмекке, достық жəне өзара жəрдемдесу;
  • ұлт құқығы мен адам құқығының үйлесіміне негізделетінін көруге болады.

Кез келген мемлекеттің ұлттық саясатының басты бағыттары мен ұлттық саясат қағидаларын бекітетін, сонымен қатар ұлтаралық қатынастарды реттейтін құқықтық негізін заңнамалық нормалар мен актілердің жиынтығы құрайды.

Біздің Елбасы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев еліміздің негізгі функцияларының бірі ретінде этносаралық қатынастарды реттеуді белгілейді. Бұл қатынастар аясында тұрақты жəне көпжоспарлы саясат белсенді түрде жүргізілуде. Оның өз алдына Қазақстан Республикасы Конституциясы [2] нормаларына сəйкес берік саяси-құқықтық негізі бар. Конституцияның Преамбуласы мынадай сөздерден басталады: «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып...», — деп айқындалған. Бұл Қазақстан Республикасы Президентінің жаңа қазақстандық мемлекеттілікті көпұлтты Қазақстанның барлық халқының мемлекеті ретінде сақтап қалуының салтанатты түрде жарияланған құжаттық дəлелі. Бүгінде Қазақстан 140 этнос пен 17 конфессия өкілдері, 3088 діни бірлестіктер үшін ортақ шаңырақ [3].

Ең қымбат қазынасы — адам жəне адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары бар Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық жəне əлеуметтiк мемлекет ретiнде бекіте отырып, кімді де болмасын тегіне, əлеуметтік, лауазымдық жəне мүліктік жағдайына, жынысына, нəсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге тыйым салды (Конституцияның 14-б. 2-т.). Ол теңқұқылықты адам мен азаматтың құқықтар мен бостандықтарға адамның табиғи қасиеті мен оның қоғамдық сипатына қарамастан тең ие болуын анықтайды. Адамның табиғи қасиетінде жынысы, нəсілі, ұлты көрсетілген. Адамның қоғамдық белгілері əлеуметтік шығу тегін, қызметтік жəне мүліктік жағдайын, тілін, дінге қатынасын, сенімін, тұрғылықты жерін жəне т.б. білдіреді.

Жеке бастың аталған қасиеттері кемсітуге тыйым салынатын түпкілікті себептер болып табылмайды, өйткені нормада туындауы мүмкін «басқа да мəн-жайлардың» тіркелу мүмкіндігі көрсетіледі.

Түсінік беріп отырған баптың мазмұны Адам құқығының жалпы декларациясының [4] 2-бабына сəйкес келеді. Адам құқығының жалпы декларациясының 2-бабында əрбір адам Адам құқығының жалпы декларациясында жария етілген барлық құқықтар мен барлық бостандықтарға нəсіліне, терісінің түсіне, жынысына, тіліне, дініне, саяси немесе өзге де сенімдеріне, ұлттық немесе əлеуметтік шығу тегіне, мүліктік, топтық-тектілігіне немесе өзге де жағдайының айырмашылығына қарамастан ие болуы керек екендігі туралы айтылады. Бұдан басқа, елдің немесе адамға тиесілі аумақтың тəуелсіз, тəуелді, өзін-өзі басқара алмайтын немесе өз егемендігіне қандай да болмасын шектеуінің бар екеніне қарамастан, саяси, құқықтық немесе халықаралық мəртебесі негізінде ешқандай айырмашылық болмауы керек.

Қазақстан Республикасы бекіткен Азаматтық жəне саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 2-бабының 1-тармағына сəйкес осы Пактiге қатысушы əрбiр мемлекет, осы Пактiде танылған құқықтарды өзiнiң аумағының шегiнде жəне юрисдикциясына қарасты аумақта тұратын барлық жұртты нəсiлiне, түр-түсiне, жынысына, тiлiне, дiнiне, саяси немесе басқа да наным-сенiмiне, ұлттық немесе əлеуметтiк тегiне, мүлiктiк жай-күйiне, туу немесе өзге де жағдаяттарына қарамастан, еш алаламай аталған құқықтарды құрметтеуге жəне қамтамасыз етуге мiндеттенедi.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 19-бабында: «Əркiм өзiнiң қай ұлтқа, қай партияға жəне қай дiнге жататынын өзi анықтауға жəне оны көрсету-көрсетпеуге хақылы. Əркiмнiң ана тiлi мен төл мəдениетiн пайдалануға, қарым-қатынас, тəрбие, оқу жəне шығармашылық тiлiн еркiн таңдап алуға құқығы бар», деп көрсетілген.

Конституцияға сəйкес Қазақстан Республикасында идеологиялық жəне саяси əралуандылық танылады (5-б. 1-т.), ұлтына, дінге көзқарасына қарап кемсітуге болмайды (14-б. 2-т.). Конституциямен жарияланған əралуандық, азаматтардың көпшілік қарым-қатынасқа ұжыммен қатысуы (5, 23-б.), тұлғаны ұлттық, дінге көзқарасына байланысты қорғау туралы конституциялық ереже бойынша адамның өзіндік еркін білдіруі, ұлттық, партиялық жəне дінге көзқарасын өзi анықтауы, оны көрсетуі не көрсетпеуі əркімнің құқығы. Демократиялық, құқықтық, əлеуметтік жəне зайырлы мемлекет құру конституциялық принципі көпұлттық жəне көппартиялық Қазақстанда дамыған діндік əралуандық жəне шыдамдылық дəстүрі адамға өзінің ұлттық, діндік, партиялық таңдауын анықтауға еркін мүмкіндік береді. Діни шыдамды жəне əралуанды салты дамыған көпмаманды, көпұлтты жəне көппартиялы Қазақстанда Конституцияның демократиялық, құқықтық, əлеуметтік жəне зайырлы мемлекет дамыту ұстанымы, адамға өзінің қай ұлтқа, діни нанымға жəне қай партияға жататынын айыруға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, Конституция азаматқа өзінің қай ұлтқа, қай партияға жəне қай дiнге жататынын жəне оны көрсету-көрсетпеу құқығын берді.

Əркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға жəне қай дiнге жататынын өзi анықтауға жəне оны көрсету- көрсетпеуге хақылы деген конституциялық құқығы Республикада қолданыстағы құқықпен реттелінеді. Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) жəне отбасы туралы» Кодексіне сəйкес баланың ұлты оның ата-анасының ұлтына байланысты айқындалады. Егер ата-анасының ұлты əр түрлі болса, ол баланың қалауы бойынша оған жеке басының куəлігі немесе паспорт берілген кезде əкесінің немесе шешесінің ұлтымен айқындалады. Одан əрі баланың ұлты оның өтініші бойынша басқа ата-анасының ұлтына өзгертілуі мүмкін (65-б.).

Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» Заңға [7] сəйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының саяси партияларға бірлесу бостандығына құқығы бар. Саяси партияға мүше болу Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын шектеуге негiз бола алмайды. Əркiм өзiнiң қандай партияға жататынын көрсетуге немесе көpceтпeyгe құқылы (3-б.). Азаматтардан кез келген нысанда, оның iшiнде ресми құжаттарда да, қандай партияға жататынын көрсетудi талап етуге тыйым салынады (4-б., 3-т.). Саяси партиялардың қызметi ерiктiлiк, тең құқықтылық, өзiн-өзi басқару, заңдылық жəне жариялылық ұстанымдарына негiзделедi. Осы Заңмен белгiленген шектеулердi қоспағанда, саяси партиялар iшкi құрылымын, мақсаттарын, қызмет нысандары мен əдiстерiн еркiн анықтайды (5-б., 1-т.).

Ар-ождан бостандығы құқығы (дін, діни наным) Конституцияда, көптеген дүниежүзі елдерінің заңнамаларында жəне халықаралық-құқықтық құжаттарда адамның ең басты құқықтарының бірі болып табылады. Əркiмнiң ар-ождан бостандығына құқығы бар екені Қазақстан Республикасы Конституциясы 22-бабының 1-тармағында да көрсетілген. Айта кететін жайт, ұлттық заңдар мен халықаралық-құқықтық актілер бостандық туралы айта отырып, əр түрлі терминологияны пайдаланады. Халықаралық-құқықтық актілер ой, ар-ождан, дін бостандығы құқығын бірдей марапаттайды. Кейбір елдердің заңнамаларында ар-ождан бостандығы құқығы туралы айтылса, басқа елдерде дін жəне діни наным туралы айтылады.

Қазақстан Республикасының «Діни қызмет жəне діни бірлестіктер туралы» Заңның [8] 3-бабының 11-тармағына сəйкес Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тəртiппен тiркелмеген дiни бiрлестiктердiң қызметiне, сол сияқты Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дiнге көзқарасын айқындауда, діни бірлестіктердің қызметіне, дiни жораларға жəне (немесе) дiндi оқып-үйренуге қатысуына немесе қатыспауына қандай да бiр мəжбүрлеуге жол берiлмейдi.

Конституцияның 19-бабы 1-тармақшасының қағидасы айтылған Заңмен бірге Қазақстан Республикасы азаматтарына, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар өздерінің дінге қарым- қатынасын таңдау құқығын береді жəне мемлекеттік органдар мен басқа бірлестіктерді адамның дінге көзқарасын таңдау, діни бірлестікке жататын немесе жатпайтын, дінді үгіттеу құқығын сақтауға шақырады.

Азаматтық жəне саяси құқықтар туралы халықаралық пактiнің 27-бабына сəйкес этникалық, дiни жəне тiл азшылығы бар елдерде, осындай азшылық құрамындағы адамдар өз мəдениетiн пайдалану, өз дiнiн тұтыну, дiнiнiң салт-жораларын ұстану жəне ана тiлiнде сөйлеу құқығынан айырылмауы тиiс. Халықаралық сарапшылардың өздері [9] Қазақстанда этностық тілдерді оқытудың ТМД-дағы ең дамыған жүйесі құрылған деген байлам жасап отыр. Бізде ассирийліктер, ирандар, ноғайлар, дұнғандар сияқты саны аз ұлыстар үшін де төл тілдері мен мəдениеттерін дамытуға барлық мүмкіндіктер  жасалған.       ЮНЕСКО-ның                             тілдер              атласының   соңғы       мəліметтері  бойынша, дүниежүзіндегі қолданыстағы 7 мың тілдің 2 мың 511-і жойылу қауіпі алдында тұрған жағдайда қазақтардың мұнысы игі іс, қайырымды қадамдар екендігі даусыз. ЕҚЫҰ құрылымдарының 2005- 2006 жылдары Қазақстандағы тілдік саясатты зерделеу қорытындылары бойынша, 2006 жылғы 12 желтоқсанда ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссарының офисінде Қазақстандағы тіл саясаты барлық посткеңестік кеңістіктегі ең əділі деп жариялады.

Конституцияның 19-бабы 2-тармағында көрсетілген əркімнің ана тілі мен төл мəдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тəрбие, оқу жəне шығармашылық тілін еркін таңдап алу құқығы Республикада қолданылып жүрген заңнамалармен реттеледі. «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына [10] сəйкес мемлекет тілге қамкорлық көрсетуге міндетті, тiлдердiң қолданылуына кедергi келтiруге жол бермейді. Қазақстан Республикасының азаматының ана тiлiн қолдануына, қарым-қатынас, тəрбие, оқу жəне шығармашылық тiлiн еркiн таңдауына құқығы бар. Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн оқып-үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызу жөнiнде қамқорлық жасайды. Ұлттық топтар жинақты тұратын жерлерде iс-шаралар өткiзiлген кезде олардың тiлдерi пайдаланылуы мүмкiн (6-б.).

Қазақстан Республикасында тiлдiк белгiсi бойынша азаматтардың құқықтарын кемсiтуге жол берiлмейдi. Қазақстанда мемлекеттiк тiлдiң жəне басқа да тiлдердiң қолданылуына жəне оларды үйренуге кедергi келтiретiн лауазымды адамдардың iс-əрекеттерi Қазақстан Республикасының заңдарына сəйкес жауаптылыққа əкеп соқтырады (7-б.). Білім алу жүйесінде мемлекеттiк тiлде, ал ұлт топтары жинақы тұратын жерлерде солардың тiлдерiнде жұмыс iстейтiн мектепке дейiнгi балалар ұйымдарын құру қамтамасыз етiледi. Балалар үйлерiнде жəне оларға теңестiрiлген ұйымдарда оқыту, тəрбие беру тiлiн жергiлiктi атқарушы органдар олардағы балалардың ұлттық құрамын ескере отырып белгiлейдi. Қазақстан Республикасы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық жəне кəсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары жəне жоғары оқу орнынан кейінгі бiлiмдi мемлекеттiк тiлде, орыс тiлiнде, ал қажетiне қарай жəне мүмкiндiгi болған жағдайда басқа да тiлдерде алуды қамтамасыз етедi (16-б.). Мəдени шаралар мемлекеттiк тiлде жəне қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жүргiзiледi (17-б.).

«Білім туралы» Заңға [11] сəйкес ана тілінде білім алу құқығы тиісті білім беру ұйымдарының мүмкіндіктері болған жағдайда сыныптар, топтар құрумен, сондай-ақ олардың жұмыс істеуіне жағдай жасаумен қамтамасыз етіледі (9-б. 3-т.).

Қазақстан Республикасында мəдениетті жасау, қайта түлету, сақтау, дамыту, тарату жəне пайдалану саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін жəне мəдениет саласындағы мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, əлеуметтік жəне ұйымдастырушылық негіздерін айқындайтын

«Мəдениет туралы» Заң [12]. Заң бойынша мəдениет — адамзат жасаған əрі жасайтын жəне жеке адамның жарасымды дамуына, Қазақстан Республикасы азаматтарының отаншылдығын тəрбиелеуге жəне эстетикалық қажеттері мен мүдделерін қанағаттандыруға бағытталған материалдық жəне рухани құндылықтар жиынтығы. Мемлекет қазақ халқының жəне этностық диаспоралардың тарихи мұрасын сақтау, қоғамның шығармашылық əлеуметін дамыту жəне молайту үшін құқықтық кепілдіктер жасайды.

Азаматтарды мəдени құндылықтарға баулу құқығы қамтамасыз етіледі. Осы құқықтың шектелуі ұлттық мəдени игілік объектілерінің айрықша режимімен ғана айқындалуы мүмкін (10-б. 2-т.). Азаматтар тарихи жəне мəдени мұраны сақтауға қамқорлық жасауға, тарих жəне мəдениет ескерткіштерін, табиғи құндылықтарды қастерлеуге, мəдениетті, мемлекеттік тілді жəне басқа да тілдерді, қазақ халқының жəне этностық диаспоралардың əдет-ғұрыптарын, салт-дəстүрлерін құрметтеуге міндетті (11-б.). Мəдени-демалыс ұйымдарының негізгі міндеті халықтың рухани жəне эстетикалық сұранысын қанағаттандыру болып табылады. Мəдени-демалыс ұйымдарының қызметі халық шығармашылығын, этномəдени дəстүрлер мен əдет-ғұрыптарды сақтауға, насихаттауға, оларды осы заманғы тарихи жəне əлеуметтік-экономикалық жағдайларға бейімдеуге бағытталған (27-б.).

Сонымен бірге Конституцияның бірқатар баптары ұлтаралық келісім мəселелерін реттеуге арналған. Оларды қорытындылайтын 39-баптың 2-тармағында: «Ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген əрекет конституциялық емес деп танылады». Республика қызметінің түбегейлі принциптері ретінде Конституция қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықты, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық дамуды, қазақстандық патриотизмді паш етеді. Қазақстан халқының құрамы көпұлтты болғандықтан, осы елді мекендейтін түрлі ұлттар мен ұлыстардың бейбіт қатар өмір сүруі негізіндегі ұлтаралық татулық ерекше маңызға ие.

Қоғамды саяси жаңғырту қазақстандық барлық этностардың теңдігін қамтамасыз етуге, олардың мəдениеті мен тілдерін өркендетуге мүмкіншілік жасады, ал бұл қоғамдағы төзімділікті нығайтып, этносаралық қатынастарды үйлестіруге септігін тигізеді. Осыған орай, Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығымен [13] бекітілген, Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында айтылғандай, «Қазақстанның көпұлтты халқының ұлтаралық татулығын сақтау мен нығайтуда, оның бірлігін қамтамасыз етуде құқықтық механизмдердің рөлі арта түседі». Мемлекеттің күш-жігері, біріншіден, заң үстемдігін жəне адамның жəне азаматтың нəсіліне, ұлтына, дінге көзқарасына, қай əлеуметтік топқа жататындығына қарамастан, құқықтары мен бостандықтарының теңдігін қамтамасыз етуге бағытталады. Екіншіден, əлеуметтік, нəсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық жəне рулық араздықты қоздыруға бағытталған іс-əрекеттің алдын алуға бағытталады.

Қазақстан қоғамындағы этносаралық қатынастарды, төзімділік пен сенімді нығайтуға ерекше мəн бере отырып, Республиканың Негізгі Заңы ұлтаралық татулықты бұза алатын кез келген іс- əрекетті конституциялық емес деп жариялайды.

Оның бірқатар нормаларында Республикадағы этносаралық қатынастарды тұрақсыздандыруға жол бермеуді басты мақсат тұтатын қағидалар баянды етілген. Атап айтқанда, мақсаты немесе іс- əрекеті əлеуметтік, нəсілдік, ұлттық, діни жəне рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға жəне олардың қызметіне (5-б. 3-т.), нəсіліне, ұлтына жəне тіліне байланысты кемсітуге (14-б. 2-т.), нəсілдік, ұлттық жəне рулық астамшылықты насихаттауға немесе үгіттеуге (20-б. 3-т.) тыйым салынады.

Бірақ мемлекетті демократиялық, зайырлы, құқықтық жəне əлеуметтік деп жариялағанның өзінде ұлтаралық мəселелер өз бетінше жоғалып кетпейді. Олар кез келген мемлекетте жəне оның кез келген даму сатысында əр түрлі мөлшерде көрініс табады. Бірақ мəселе басқада, белгілі аксиомаға сəйкес, мемлекеттегі ұлтаралық келісімнің тұрақты жəне берік болуы, оның барлық этнос өкілдерінің құқықтары мен бостандықтарының теңдігін қамтамасыз ететін құқықтық базасының бар болуына ғана тəуелді емес, сонымен бірге ол құқықтар мен бостандықтарды жүзеге асыратын тиімді институттардың болуына да тəуелді.

Тəуелсіз Қазақстанның ұлттық саясатының жүзеге асырылуы бірнеше кезеңді қамтиды. Алғашқы кезеңде еліміздегі тіл саясатына қатысты мəселелер шешімін тауып, одан кейін ұлттық- мəдени орталықтар құрыла бастады. Нəтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Қазақстан халықтарының І форумында (1992 ж.) Президент Н. Назарбаев алғаш рет республика халықтарын біріктіретін қоғамдық ұйым құру туралы идеясын жариялады. Осынау Алқалы жиында Елбасы:

«Бүгінгі талқылаудың нəтижесінде біз жаңа қоғамдық институт — Қазақстан халықтарының келісім жəне бірігу Ассамблеясын құра алар едік деп ойлаймын. Бұл Қазақстандағы ұлтаралық келісімді бүкілхалықтық нығайту міндетін шешетін саяси емес, үкіметтік емес ұйым болар еді» деген ойын сабақтай отырып, оның нақты жүзеге асатынына сенім білдірген болатын [14].

Осыған сəйкес Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы» Жарлығымен [15] елдегі қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында 1995 жылдың 1 наурызында республиканың қоғамдық-саяси аренасында ұлттық саясат саласында жаңа институт — Қазақстан халықтары Ассамблеясы пайда болды.

Өткен жылдар аралығында елдің ұлттық саясаты өзінің демократиялық, бейбіт жасампаздық жəне прогрессивті бағытымен сипатталды. Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақстандық қоғамның белсенді бөліктерінің бірі бола отырып, оған қажетті энергия мен қозғалыс береді. Ассамблеяның сессияларында туатын азаматтық-қоғамдық бастамашылықтардың саяси жүйеге қол жеткізуі қазақстандық қоғамның өмір сүру шартының бірі болып табылады. Ассамблеяның қолдауымен қоғамда тұрақтылық қамтамасыз етілді. Сонымен бірге көлемді реформаларға қуатты импульс берілді, ол Қазақстанның алдағы жылдардағы даму логикасын анықтады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының біріктіруші күші, еліміздегі барлық этностарды жұмылдырушы қасиеті мемлекеттік ұлттық саясаттың басты тұғырына айналды. Ассамблея этномəдени бірлестіктерді дамыта отырып, саяси, құқықтық жəне мəдени бағытта қазақстандық жаңа үлгіні тəжірибеге енгізді. Ассамблея тоталитарлық «біркелкілік» жүйесінен шыққан этностардың дəстүрі, тілі мен мəдениетін қалпына келтіруге, дамытуға толық жағдай жасалуына күш салып, халық ықыласына бөленді. «Саналуандық арқылы бірлікке» деген бағытта дамыған этносаралық қатынастың қазақстандық үлгісі қалыптасты [16].

Қазақстан халқы Ассамблеясының орны мен рөлін 2007 жылғы конституциялық реформа айқындап берді. Оның нəтижесінде Ассамблея конституциялық орган мəртебесін алды. 2008 жылы 20 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына [17] сəйкес, Ассамблея заңды тұлға құрылмай, Қазақстан Республикасының Президенті құратын, мемлекеттік ұлттық саясатты əзірлеуге жəне іске асыруға ықпал ететін мекеме ретінде заңнамамен бекітілді. Осы Заң Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, мемлекеттік жəне қоғамның азаматтық институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының мəртебесін, оны қалыптастыру мен жұмысын ұйымдастыру тəртібін айқындайды.

Ассамблея азаматтардың этноұлттық қатыстылығына, əлеуметтік жағдайына жəне саяси көзқарасына қарамастан, біріктіруші, мемлекет пен қоғамның дамуының өзекті мəселелері бойынша талқылау мен кең көлемді қоғамдық келісімді тұжырымдау үшін азаматтық сектордың топтастырушы алаңына айналды.

2011 жылы 7 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан халқы Ассамблеясының ережесі туралы» Жарлығы [18] Қазақстан халқы Ассамблеясының мəртебесі мен өкілеттіктерін, сондай-ақ оның мемлекеттік органдармен жəне қоғамдық бірлестіктермен өзара іс- қимылының ұйымдастырылу ерекшеліктерін, Қазақстан Республикасының этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатын əзірлеу мен іске асыруға қатысу тəртібін айқындайды.

Ел Президенті Н.Ə. Назарбаев өзінің жыл сайынғы дəстүрлі халыққа Жолдаулары мен еңбектерінде мемлекеттің ұлттық саясатының негізгі басымдықтарын айқындап отырады. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында [19]: «Біз 140 этнос пен 17 конфессияның өкілдері тұратын елде ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлікті сақтадық жəне нығайттық. Біздің саясатымыз табысты болды. Біз демократиялық даму үлгісі негізінде азаматтық қоғам институттарын дəйекті түрде қалыптастырдық. Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен институты құрылды. Бізде бұрын ешқашан көппартиялылық болмаса, қазір еліміздегі барлық саяси спектрді көрсететін партиялар жұмыс істейді. Бізде көппартиялы Парламент, парламенттік көпшілік қолдаған Үкімет бар. Азаматтық қоғам дамуда, тəуелсіз БАҚ жұмыс істеуде. Түрлі бағыттағы 18 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді. 2,5 мыңдай БАҚ бар, оның 90%-ы — жеке иелікте. Қазақстан бүгінде мəдениетаралық жəне конфессияаралық үнқатысудың халықаралық орталығына айналды. Əлемдік жəне дəстүрлі діндердің алғашқы төрт съезі нақ біздің елімізде өтті. ХХІ ғасырда Қазақстан Шығыс пен Батыстың үнқатысуы мен өзара іс-қимылының көпірі болуға тиіс. Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім — біздің басты құндылығымыз. Көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мəдениеттер мен діндердің үндесуі əлемдік эталон ретінде танылған. Қазақстан жаһандық конфессияаралық үнқатысу орталығына айналды. Қазақстан халқы Ассамблеясы мəдениеттер үндесуінің бірегей еуразиялық үлгісі болды», — деп көрсетті.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан халқы Ассамблеясының (2020 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасын бекіту туралы» Жарлығына [20] сəйкес, тұжырымдаманың мақсаты болып Ассамблея институтын бұдан əрі дамыту жəне оның елдің тəуелсіздігі мен мемлекеттігін нығайтудағы рөлін арттыру, патриотизм, қазақ халқы мен мемлекеттік тілдің топтастырушы рөлін арқау ете отырып, жалпы құндылықтар негізінде қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз ету болып табылады.

Тұжырымдаманың келесідей негізгі міндеттері айқындалған:

  • «Қазақстан – 2050» Стратегиясын іске асырудың, күшті мемлекет, дамыған экономика жəне Жалпыға Ортақ Еңбек мүмкіндіктері негізінде берекелі Қоғам қалыптастырудың тиімді ресурсы ретінде этносаралық қатынастарды үйлестіру жəне қоғамдық келісімді нығайту;
  • этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өзара тиімді іс-қимылын қамтамасыз ету арқылы ұлттық бірлікті қалыптастыру, этносаралық келісім мен қоғамдағы толеранттылықты нығайту үшін қолайлы жағдай жасау;
  • этностық мəдениеттерді, тілдер мен Қазақстан халқының дəстүрлерін одан əрі дамыту негізінде қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікке қол жеткізу үшін этномəдени жəне басқа да қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін біріктіру;
  • тарихи тəжірибеге жəне демократиялық нормаларға сүйенетін қазақстандық қоғамның негізгі құндылықтар жүйесін қалыптастыру, азаматтардың саяси-құқықтық, əлеуметтік-адамгершілік мəдениетін дамыту;
  • этностық мəдениеттерді, тілдер мен Қазақстан халқының дəстүрлерін дамыту;
  • шет елдерде тұратын қазақ диаспорасына ана тілі, мəдениеті мен ұлттық дəстүрлерін сақтау жəне дамыту, тарихи Отанымен байланысты нығайту мəселелеріне қатысты қолдау көрсету;
  • халықаралық ұйымдар жəне шетелдердің азаматтық қоғам институттарымен интеграциялық байланыстарды кеңейту болып табылады.

Кəмелетке толып, кемеліне келген Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясы 2013 жылы 24 сəуірде Астана қаласында Бейбітшілік жəне келісім сарайында өтті. Қазақстан Президенті, Ассамблея Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен өткен жиын «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: бір халық — бір ел — бір тағдыр» атты тақырыпты қамтыған болатын. Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының жүріп өткен жолдарына көз жүгіртті. «Ел тəуелсіздігінің ең жауапты кезеңінде бірлігіміздің бастауы болсын деп қолымызбен құрған Ассамблеяның дүниеге келгеніне 18 жылда өзінің өміршеңдігін көрсетіп, біздің бейбіт қоғамның ажырамас бөлігіне айналды. Ассамблеяның ең басты міндеті — еліміздегі қоғамдық келісім», — деп атап өтті Нұрсұлтан Əбішұлы [21].

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə. Назарбаев өз еңбектері мен халыққа Жолдауларында этносаралық қатынастар үйлесімділігі мен оларды талдау тақырыбына əрқашан көңіл бөледі. Бұл еңбектердің жиынтығы этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің теориялық жəне методологиялық базасын құрады.

Қазақстан тəуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап этносаралық қатынастар мəселесін шешудің өркениетті жолын таңдап алды жəне ол бұлжымай орындалып келе жатыр. Бұл өркениетті жол еліміздегі азаматтық қоғамды дамыту үдерісімен біте қайнасып жүргізіліп келеді. Оның мəні мынада: жалпыазаматтық бірегейлік этникалық қасиеттерді сақтауға негізделген, олар бір-біріне қайшыкелмейді. Керісінше, жалпы азаматтық бірегейлік жағдайында этникалық мазмұн күшейе береді жəне ол дамудың мүмкіндіктерін ашады, ал азаматтық қоғам бұл мүмкіндіктердің одан əрі өсуіне жағдай жасайды. Сонымен бірге, этникалық сана өзіндік дəстүрлерін жоғалтпайды [14].

Сонымен, қорыта келгенде, мақалада Қазақстан Республикасында ұлттық саясат қалыптасуының теориялық-құқықтық аспектілері қарастырылды. Мемлекеттің ұлттық саясатының басты бағыттары мен ұлттық саясат қағидаларын бекітетін, сонымен қатар ұлтаралық қатынастарды реттейтін құқықтық негізін құрайтын заңнамалық нормалар мен актілер жиынтығы көрсетілді. Республиканың қоғамдық-саяси аренасында ұлттық саясат саласында жаңа институт — Қазақстан халқы Ассамблеясының біріктіруші күші, еліміздегі барлық этностарды жұмылдырушы қасиеті мемлекеттік ұлттық саясаттың басты тұғырына айналды.

 

 

Əдебиеттер тізімі

  1. Назарбаев Н.Ə. Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы. — Алматы: Дəуір, 1992. — 9-б.
  2. Қазақстан Республикасының Конституциясы 08.1995 ж. // Егемен Қазақстан. — 1995. — 5 қырк.
  3. Смаилов А.А. Демографический ежегодник Казахстана: Стат. сб. — Астана: Агентство Республики Казахстан по статистике, 2012. — С.
  4. Universal Declaration of Human Rights (1948) by the United Nations General Assembly, [ER]. Access mode: http://en.wikisource.org
  5. Қазақстан Республикасының «Азаматтық жəне саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні ратификациялау туралы» 2005 жылғы 28 қарашадағы № 91 Заңы // Егемен Қазақстан. — 2005. — 3 желт.
  6. Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) жəне отбасы туралы» 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-ІV Кодексі // [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://online.zakon.kz
  7. Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар туралы» 2002 жылғы 15 шілдедегі № 344-II Заңы // [ЭР].Қолжетімділік тəртібі: http://online.zakon.kz
  8. Қазақстан Республикасының «Діни қызмет жəне діни бірлестіктер туралы» 2011 жылғы 11 қазандағы № 483-IV Заңы // [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://online.zakon.kz
  9. Əбішев Т., Тұрсынов С. 2009 жылы Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы. — Астана: Fortress, 2010. — 130 б.
  10. Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» 1997 жылғы 11 шілдедегі № 151-І Заңы // [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://online.zakon.kz
  11. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319-ІІІ Заңы // [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://online.zakon.kz
  12. Қазақстан Республикасының «Мəдениет туралы» 2006 жылғы 15 желтоқсандағы № 207-ІІІ Заңы // [ЭР].  Қолжетімділік тəртібі: http://online.zakon.kz
  13. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы» 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығы // Егемен Қазақстан. — 2009. — 28 тамыз.
  14. Назарбаев Н. Тəуелсіздігіміздің бес жылы. — Алматы: Қазақстан, 1996. — 83 б.
  15. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан халықтары Ассамблеясын құру туралы» 1995 жылғы 1 наурыздағы №2066 Жарлығы // [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://adilet.zan.kz
  16. Тоғжанов Е. Бірлік пен ынтымақтастықты нығайту — мемлекеттік саясаттың басты əрі басым бағыты // Егемен Қазақстан. — 2009. — 1 мамыр.
  17. Қазақстан Республикасының «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» 2008 жылғы 20 қазандағы № 70-IV Заңы // [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://assembly.kz
  18. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан халқы Ассамблеясының ережесі туралы» 2011 жылы 7 қыркүйектегі № 149 Жарлығы // [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://assembly.kz
  19. Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы (Астана қ., 2012 жыл 14 желтоқсан) // [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://strategy2050.kz
  20. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан халқы Ассамблеясының (2020 жылға дейінгі) даму тұжырымдамасын бекіту туралы» 2013 жылғы 18 сəуірдегі № 552 Жарлығы // [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://online.zakon.kz
  21. Назарбаев Н. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясы: «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: бір халық — бір ел бір тағдыр». (Астана қ., 2013 жыл 24 сəуір) // [ЭР]. Қолжетімділік тəртібі: http://www.assembly.kz
Жыл: 2014
Категория: Құқық