Другие статьи

Цель нашей работы - изучение аминокислотного и минерального состава травы чертополоха поникшего
2010

Слово «этика» произошло от греческого «ethos», что в переводе означает обычай, нрав. Нравы и обычаи наших предков и составляли их нравственность, общепринятые нормы поведения.
2010

Артериальная гипертензия (АГ) является важнейшей медико-социальной проблемой. У 30% взрослого населения развитых стран мира определяется повышенный уровень артериального давления (АД) и у 12-15 % - наблюдается стойкая артериальная гипертензия
2010

Целью нашего исследования явилось определение эффективности применения препарата «Гинолакт» для лечения ВД у беременных.
2010

Целью нашего исследования явилось изучение эффективности и безопасности препарата лазолван 30мг у амбулаторных больных с ХОБЛ.
2010

Деформирующий остеоартроз (ДОА) в настоящее время является наиболее распространенным дегенеративно-дистрофическим заболеванием суставов, которым страдают не менее 20% населения земного шара.
2010

Целью работы явилась оценка анальгетической эффективности препарата Кетанов (кеторолак трометамин), у хирургических больных в послеоперационном периоде и возможности уменьшения использования наркотических анальгетиков.
2010

Для более объективного подтверждения мембранно-стабилизирующего влияния карбамезапина и ламиктала нами оценивались перекисная и механическая стойкости эритроцитов у больных эпилепсией
2010

Нами было проведено клинико-нейропсихологическое обследование 250 больных с ХИСФ (работающих в фосфорном производстве Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции)
2010


C использованием разработанных алгоритмов и моделей был произведен анализ ситуации в системе здравоохранения биогеохимической провинции. Рассчитаны интегрированные показатели здоровья
2010

Специфические особенности Каратау-Жамбылской биогеохимической провинции связаны с производством фосфорных минеральных удобрений.
2010

Заңсыз табыстарын легализациялау үшін жауаптылық орнататын шетел қылмыстық заңнамасы

Заңсыз (қылмыстық) табыстарын легализациялау үшін жауаптылық орнататын шет елдердің қылмыстық заңнамасын зерттеп, игеру отандық қылмыстық құқық ғылымы мен тəжірибесі үшін маңыздылығы зор, өйткені бұл бағыттағы қоғамдық қауіпті əрекеттерді шет мемлекеттердің криминализациялау бойынша заңнамалық тəжірибесі еліміздегі құқықтық жүйенің спецификасын ескере отырып, заңнаманы жетілдіру бағыттарын айқындауға көмектеседі. Сондықтан қазіргі таңда Қазақстан Республикасы экономикалық, саяси жəне мəдени салаларда ынтымақтасуды  көздейтін жəне айтарлықтай экономикалық, құқықтық салада жетістіктерге қол жеткізген шет елдердің заңсыз (қылмыстық) табыстарды легализациялауға қарсы қылмыстық құқықтық күрес негіздерін игеру жəне бағалау қажеттілігі туындап отыр. Сонымен бірге қарастырылып отырған қылмыс құрамы отандық қылмыстық құқық практикасы үшін айтарлықтай жаңа құбылыс, мұнда шетелдік тəжірибеге назар аудармастан, əрі қарай жетілу қиынға соғатыны анық.

Заңсыз табыстарын легализациялау түсінігі (ағылш. money laundering) АҚШ-та өткен ғасырдың 80-жылдарында есірткі бизнесінен түскен табыстарға қатысты қолданыла бастаған жəне заңсыз алынған қаражаттарға заңды түр-сипат беру процесін аңғартады. Қазіргі кезде осы қылмыстың анықтамасына қатысты ортақ консенсусқа қол жеткізілген жоқ дерлік. Бұл қылмыстың түсінігіне қатысты  алғашқы  анықтамалардың  бірін  1984  жылы  ұйымдасқан  қылмыстылық  бойынша   АҚШ Президенттік комиссиясы берген болатын: «...заңсыз ақшаларды заңдастыру — бұл табыстардың бар екендігін, олардың заңсыз тегі немесе заңсыз пайдаланылуы жасырылатын жəне артынан осы табыстардың шығу тегін заңды етіп көрсететін процесі».

Мұнда айта кететін жай, заңсыз табыстарын легализациялау іс-əрекетін криминализациялау процесі ең алдымен есірткі заттарының заңсыз айналымынан алынған табыстарға қатысты дамыған болатын. Осы тұрғыда аталмыш қылмыстың алғашқы белгілері Біріккен Ұлттар Ұйымының есірткі жəне психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күресу бойынша ұйымдастырылған Вена Конвенциясында (1988 жыл 19 желтоқсан) берілген болатын [1].

Сонымен, 1988 жылғы Вена Конвенциясында ресми түрде есірткі айналымынан алынған заңсыз ақша қаражаттарын легализациялау қылмыс деп жарияланды. Дегенмен, халықаралық қауымдастықтың бұл «жаңа» қылмыс түріне көзқарасы біржақты болғаны тез арада анықталған- тұғын. Мамандар заңсыз табыстарды легализациялау тек есірткі айналымынан түскен қаражаттарға қатысты бола бермейтіндігін түсініп, араға екі жыл салып, 1990 жылдың 8 қарашасында Еуропа Кеңесі «Қылмыстық əрекеттерден түскен табыстарды заңдастыру, анықтау, алу жəне тəркілеу туралы» № 141 Конвенциясында тек есірткінің заңсыз айналымынан алынған табыстарды ғана заңдастыруды қылмыс деп қоймай, бұл тектегі қылмыстық əрекеттерге өзге де криминалдық жолмен алынған табыстарды легализациялау жататындығын мəлімдеді. Сонымен қоса осы Конвенцияның 6- бабында заңсыз табыстарын заңдастыруға байланысты болатын құқық бұзушылықтардың тізімі де берілген болатын.

Шетелдік қылмыстық заңдардың аталмыш қылмысқа қатысты өзара өзгешеліктері ең алдымен ондағы легализацияланатын қаражаттардың шығу тегіне қатысты іс-əрекеттердің тізімін анықтауға байланысты. Əрбір елде заңсыз қаражаттардың шығу тектеріне төмендегілердің бірін жатқызады:

  • қылмыстар (қолданыстағы қылмыстық заңда қарастырылған қылмыстардың кез келгені бола алады);
  • тек қана ұйымдасқан қылмыстылық үшін тəн қылмыс түрлері;
  • құқықбұзушылықтар;
  • есірткілердің заңсыз айналымына қатысты құқықбұзушылықтар мен қылмыстар.

Егер заңсыз табыстарын легализациялауға байланысты қабылданған алғашқы халықаралық акттерге назар аударатын болсақ (аталмыш қылмыстың анықталуының бастамасы халықаралық акттер негізінде жүргізілген), онда берілген анықтамалар көбіне казуистикалық, яғни қылмыстық қудаланатын, іс-əрекеттердің шеңбері нақты анықталу негізінде болғанын байқаймыз. Атап айтсақ, Вена Конвенциясының 3-ші бабы əрбір қатысушы-мемлекеттен есірткінің заңсыз айналымынан алынған ақшаларды заңдастыруды қылмыс ретінде тануын талап ете отырып, бұл іс-əрекеттерге келесі түрде анықтама берген: ...b) (i) конверсия, немесе меншікті ауыстыру, егер мұндай меншік Конвенцияда қарастырылған құқықбұзушылықты немесе құқықбұзушылықтарды жасау нəтижесінде не болмаса мұндай құқықбұзушылыққа немесе құқықбұзушылықтарға қатысу нəтижесінде алынғаны белгілі болса, əрі бұл іс-əрекеттер меншіктің заңсыз көзін жасыру немесе мұндай құқықбұзушылыққа немесе құқықбұзушылықтарға қатысқан кез келген адамға ол өз іс-əрекеттері үшін жауапкершіліктен жалтаруы үшін көмек көрсету мақсаттарында жасалса; (ii) меншіктің немесе оған құқықтың шынайы шығу тегін, орналасқан жерін, əлде бір қозғалыстарын жасыру немесе бұрмалау, егер мұндай меншік осы Конвенцияда қарастырылған құқықбұзушылықты немесе құқықбұзушылықтарды жасау нəтижесінде не болмаса мұндай құқықбұзушылыққа не құқықбұзушылықтарға қатысу нəтижесінде алынғаны белгілі болса; с) өзінің конституциялық ережелері мен өзінің негізгі құқықтық жүйесінің негізгі қағидаларын ескере отырып; (i) меншікті сатып алу, иелену немесе пайдалану, егер оны алу мезетінде осы мүлік Конвенцияда қарастырылған құқықбұзушылықты немесе құқықбұзушылықтарды жасау нəтижесінде не болмаса мұндай құқықбұзушылықты не құқықбұзушылықтарды жасауға қатысу  нəтижесінде алынғаны белгілі болса... [2].

Вена Конвенциясындағы, одан кейін де қабылданған халықаралық нормативтік акттерде заңсыз табыстарын легализациялау қылмысына анықтама беруде осы акттердің авторларының қылмыстың объективтік белгілерін неғұрлым нақты анықтауға ұмтылу мақсатының болғанын байқауға болады, яғни аталмыш қылмыстың объективтік жағының белгілері, біздің қылмыстық құқықтық түсінігіміз тұрғысынан алатын болсақ, «кеңістікте» біраз шектелген сияқты болады. Сонымен қатар Біріккен Ұлттар  Ұйымы  мен  Еуропа  Кеңесінің  қабылдаған  Конвенцияларында  біз  қарастырып     отырған қылмысқа берілген анықтамалар өзара айқын ерекшелене қоймайтындығы байқалады. Сəйкесінше, осы кезеңге дейін бір де бір шет мемлекеттері заңсыз табыстарды легализациялау іс-əрекеттерін (əрине, АҚШ-тан басқалары) криминализацияламағандықтан, олар өздерінің қылмыстық заңдарында жоғарыда аталған халықаралық Конвенциялар негізінде заңсыз табыстарын «заңдастыруды» қылмыс ретінде анықтаған болатын.

Бұрынғы кеңестік кеңістіктегі елдердің арасынан заңсыз табыстарын легализациялауға қарсы күресте (ең алдымен оның заңдық негіздерін анықтауда) ресейлік тəжірибенің маңызы зор деуге болады.

Заңсыз жолмен алынған табыстарын легализациялау (заңдастыру) үшін қылмыстық жауапкершілік ҚР Қылмыстық кодексінің 193-бабында қарастырылған. Қазақстан Республикасының қылмыстық заңында заңсыз табыстарын легализациялау (заңдастыру) қылмысы шетелдік заңнамаларға қарағанда бірқанша жалпылаушы, яғни қылмыс құрамының негізіне қылмыстық іс- əрекеттердің біршама кең шеңберін қамтитын сөздермен анықталған. Мұны əсіресе қылмыстың объективтік жағының белгілерінен байқауға болады.

Страсбург конвенциясын ратификациялаған еуропа елдерінің біріншісі Ұлыбритания  болды. Осы конвенция талаптарын орындай отырып, ол заңсыз (қылмыстық) табыстарын легализациялау негізінде жасалатын бірқатар қоғамдық əрекеттерді криминализациялады. Қылмыстық табыстарды легализациялауға қарсы қылмыстық құқықтық күрес негізін 1986 жылы қабылданған есірткі айналымы туралы заң құрайды. Осы мезеттен бастап Ұлыбританияда есірткі заттары мен жүйкеге əсер ететін заттардың заңсыз айналымынан алынған табыстарды легализациялауға қатысы бар адамдарды қылмыстық-құқықтық қудалауға заңды негіз пайда болады. 1993 жылы аталған заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, қылмыстық табыстарды легализациялау үшін жауаптылық орнататын норманың əрекет ету аясы айтарлықтай кеңейген болатын.

Шетелдік заңнама, əсіресе жалпы құқық жүйесіндегі елдердің заңнамасы өзінің шектен тыс казуистикалық үлгісімен ерекшеленеді. Жалпы белгілерін ажырату арқылы əрекетті саралауға талпынатын отандық заң шығарушы үшін ол тылсым жағдай болғанымен, мұндай анықтамалар заң қолданушының саралау бойынша əрекеттерін қадағалауға үлкен мүмкіндіктер береді. Атап айтсақ, Ұлыбританияның қылмыстық табыстарды «тазалауға» байланысты қылмыстарға жауаптылық орнататын   нормалары   бұл   əрекеттерді   бірнеше   топтарға   ажыратады.   Қылмыстық табыстарды «тазалауға» байланысты қылмыстардың бірінші тобын басқа адамдарға қылмыстық жолмен алынған табыстарын иеленуде көмек көрсететін əрекеттер құрайды. Мысалы, 1993 жылы заңды күшіне енген қылмыстық əділет туралы заңның 93 (А) бабында кінəлі мұндай адамның қылмыстық істерге қатыстылығын немесе бұрын ондай əрекеттерге қатысқанын не болмаса басқа да жолмен қылмыстық табыстар алғанын біле немесе сезе тұра басқа адамның қылмыстық жолмен алған табыстарына бақылау жүргізуіне жағдай жасау (оның ішінде мұндай табыстарды жасыру, оларды мемлекет юрисдикциясынан тыс жерге ауыстыру немесе басқа адамдарға беру), сонымен қатар осы қаражаттарды аталған адамның міндеттемелерін қамтамасыз етуде пайдалану, сол сияқты капитал салымдарын жүргізу арқылы оның пайдасына материалдық құндылықтарды сатып алу үшін жауаптылық орнатылған.

Бұл қылмыс субъектісі өзінің қызмет бабы немесе кəсіби міндеттеріне бола басқа адамдардың мүлкін басқаруды жүзеге асыратын адамдар болады (несие мекемелерінің, брокерлік конторалардың, инвестициялық қорлардың жəне қаржы нарығының басқа да құрылымдарының қызметкерлері).

Заңсыз табыстарды легализациялауға қарсы күрес негізін құрайтын кешенді заңнамасының болуы Ұлыбританияда қаржы-несие жүйесінің мекемелеріне шығу тегі күдік туғызатын мүліктер мен ақша қаражаттарына қатысты жүзеге асырылатын клиенттік операциялар туралы құзырлы мемлекеттік органдарға дер кезінде хабарлау міндеттемесін жүктейді. Ұлыбританиядағы қылмыстық жолмен алынған мүлікке иемдену жəне оған билік жүргізу айғақтарын анықтауға қаржы-несие жүйесінің мекемелерін қатысуға міндеттейтін қылмыстық табыстарды заңдастыруға қарсы күрес мəселелері   бойынша   негізгі   нормативтік-құқықтық   акт   1993   жылы   қабылданған «Ақшаларды «тазалауға» қарсы күрес туралы ереже» болып табылады [3, 699].

Осы секілді заң Еуропа Одағының барша дерлік елдерінде, сол сияқты экономикалық жағынан айтарлықтай дамыған елдерде де əрекет етеді, мұнда ол қылмыстылыққа қарсы күрес жүргізетін мемлекеттік органдардың заңды иелерінің мүдделеріне бола тəркіленуге немесе өндірілуіне жататын қылмыстық жолмен алынған материалдық құндылықтарды иелену айғақтарын анықтаудағы басты құрал жəне қылмыстық табыстарды легализациялауға қарсы күрестегі негізгі заңнамалық акт болып табылады.

Британдық қылмыстық заңнама бойынша қылмыстық табыстарды  «тазалау» негізінде жасалатын қылмыстардың екінші тобын қылмыстық əрекеттерден түскен табыстарды құрайтын мүліктерді иемдену, иелену немесе пайдалану секілді қоғамдық қауіпті əрекеттер құрайды. Осы əрекеттер үшін жауаптылыққа тарту шарттары аталған заңның 93-бабында көзделген: кінəлі иемденіп жатқан, иелегінде болған немесе пайдаланып жүрген мүліктің басқа адамның қылмыстық əрекетінің тура немесе жанама, толық немесе ішінара табысы болып табылатынын білуге тиіс.

Мұнда атап өтетін тағы да бір маңызды жағдай — аталған нормада əрекеттің қылмыстылығын жоққа шығаратын мəн-жай көзделген (əрине, оның британдық ұғымында): басқа  адамның қылмыстық əрекеттерінің табысы болып табылатын мүлікті қайтымды сатып алу, иемдену немесе пайдалану. Мұндағы орнын өтеуге берілетін ақы мүліктің шынайы құнына немесе оны уақытша пайдалануға алған жағдайда көрсетілетін қызметтің құнына пара-пар болуы керек.

Британдық заңнаманың аталған қылмыстық құқықтық нормаларының басты міндеті басқа адамдардың қылмыстық істерінің табыстарын үшінші тараптың пайдалануына жол бермеу болып табылады. Қылмыстық істердің табыстарын мұндай ретте пайдалануға жол бермеу қажеттілігін британдық заңнамашы осы жағдай қылмыстық табыстарды өндіріп алуды немесе тəркілеуді елеулі қиындататындығымен түсіндіреді, себебі қазіргі кездегі құқық қорғау практикасында қылмыстық істерінің арқасында едəуір табыстарға иеленетін қылмыстық қауымдастықтардың белсенді қатысушылары мұндай жолмен алынған мүліктердің шынайы иесі бола тұра, оны иелену құқығын өз туыстары мен жақындарына, сол сияқты қылмыстық əрекеттеріне тура қатысы жоқ үшінші бір тарапқа беретін жағдайлар аз емес.

Мұндай əрекеттерде айрықша субъективтік белгі ретінде кінəлі адамның иемденген, иеленуінде болған немесе пайдаланып жүрген мүлігінің толық немесе ішінара, тура немесе жанама қылмыстық əрекет табысы болып табылатындығы туралы хабардар болуы орын алады. Егер ол аталған мəн- жайлар туралы күдіктенетін болса, онда қылмыстық жауаптылық орын алмайды.

Британдық қылмыстық заңнама бойынша қылмыстық табыстарды  «тазалау» негізінде жасалатын қылмыстардың үшінші тобын қылмыстық əрекеттердің табыстары болып табылатын мүлікті жасырудан, бұрмалаудан (маскировка), өңдеуден, айырбастаудан немесе орнын ауыстырудан тұратын əрекеттер құрайды. Бұл қылмыстардағы белгілер жүйесінің ерекшелігі —  олардың субъектісі ретінде негізгі (предикатты) қылмыстық жасаған адам танылады. Бұл əрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық «Есірткі айналымы туралы» заңның (1994) 49-бабында жəне «Қылмыстық əділет туралы» заңның (1988) 93 (С)-бабында көзделген.

«Қылмыстық əділет туралы» заңның (1988) 93 (С)-бабына сəйкес қылмыстық жауаптылық толық немесе ішінара, тура немесе жанама қылмыстық əрекеттерге қатысы бар кез келген мүлікті жасыру немесе бұрмалау үшін, сонымен бірге істеген қылмысы үшін жауаптылықтан жалтару мақсатында не болмаса осы мүлікті тəркілеу туралы қаулының шығарылуына негіз болатын жағдайларды жою мақсатында, сол сияқты осы қаулының орындалуын қиындату мақсатында мүлікті өзгерту немесе айырбастау, мемлекет юрисдикциясынан тыс жерге ауыстыру үшін бекітілген. Осы баптың екінші бөлімінде кінəлі мүліктің қылмыстық əрекет табысы екендігі жайлы біле тұра немесе жеткілікті күдіктері бола тұра иемденуі үшін қатаңдатылған жауаптылық орнатылған, ал үшінші бөлімінде қылмыстық əрекет табысы болып табылатын мүлікті жасыру немесе бұрмалау түсінігі берілген: мүліктің шығу тегін, көзін, орналасқан жерін немесе оған билік ететін тұлғаны, оның құқықтарын не болмаса оны өзгерту жағдайларын жасыру.

Аталған баптар бойынша негізгі қылмыс ретінде соттың айыптау актісі бойынша қудаланатын санаттарға жататын кез келген қоғамдық қауіпті əрекеттер бола алады, олар, əдетте, ауыр санаттағы қылмыстар саналады. Сонымен бірге негізгі қылмыстық əрекеттер ретінде қоғамдық қауіптілігі айтарлықтай төмен болатын жинақтала қудаланатын қылмыстар да бола алады.

Бұл топтағы қылмыстар ұйымдасқан қылмыстылық саласындағы əрекеттерді қамтиды. Қылмыстық əділет туралы заңнамада мұндай əрекеттер ретінде əдетте интимдік қызмет көрсетумен айналысатын мекемелер ұстауға, сонымен қатар бейне өнім нарқындағы адал емес əрекеттерге байланысты əрекеттер (таратылатын бейне өнімге құқықтардың заңды иелерінің мүдделеріне қайшы оларды тарату, тарату мақсатында сақтау, не болмаса жұртшылыққа көрсету) танылады [3, 645].

Негізгі қылмыстар қатарында Англия немесе Уэльс, қылмыстық қудалану жеріне қарай Шотландияда да жасалғанында қылмыс деп танылатын əрекеттер жатқызылады.

Демек, Ұлыбритания аумағында қылмыс деп танылмайтын əрекеттер қарастырылған қылмыс əрекеттерге қатысты негізгі деп танылмауы мүмкін, осыған бола бұл əрекеттердің өзі де, егер оны заты Ұлыбританияда қылмыс деп танылмайтын əрекет нəтижесінде алынған болса, қылмыстық заңға қайшы деп таныла алмайды.

Қылмыстық табыстарды легализациялауға байланысты қылмыстар үшін жауаптылық орнататын британдық заңнамаға шолуды қорытындылай келе, оның ауқымдылығын атауға болады, өйткені ол қылмыстық əрекеттер табыстарын иемдену немесе оларға билік жүргізу барысында орын алуы мүмкін қоғамдық қауіпті əрекеттердің басым көпшілігін қамти алады дерлік.

Германия Федеративтік Республикасы экономикалық қылмыстылықтың барша элементтеріне ықпал етудің құқықтық механизмдері неғұрлым жақсы дамыған мемлекеттер қатарына жатады. Қылмыстық табыстарды заңдастыруға қарсы күрес саласындағы ГФР құқығы əлемдік деңгейдегі сəйкес нормалардың да, сол сияқты Еуропа қауымдастығы əзірлеген жолдардың да ықпалында қалыптасқан. Германия 1988 жылғы «Есірткі заттар мен жүйкеге əсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес туралы» Вена Конвенциясына қол қойған соң, 1990 жылы аталған Конвенцияның ережелерін орындау туралы арнайы заң қабылдаған болатын. Сонымен бірге бұл мемлекет 1991 жылғы Еуропа Кеңесінің Директивасын дайындауға жəне Ақшаны  заңдастыруға қарсы күрес бойынша халықаралық комиссияның (ФАТФ) қылмыстық табыстарды легализациялауға қарсы күрес концепциясын дайындауға белсене қатысқан. Аталған құжаттарда бекітілген қағидаттар неміс антилегализациялық заңнамасының мазмұнын анықтаған.

Сонымен бірге герман құқығында оны аталмыш саладағы заңнамалық мəселелері халықаралық құқықтық акттерге қарағанда неғұрлым қатаң шешілген ұлттық заңнамасы бар елдер қатарына жатқызатындай бірқатар ерекшеліктері де бар.

Германиядағы заңсыз табыстарды легализациялауға байланысты əрекеттер үшін жауаптылық орнататын нормалар елдің кодификацияланған қылмыстық заңына 1992 жылы «Есірткінің заңсыз саудасына жəне ұйымдасқан қылмыстық əрекеттердің басқа да нысандарына қарсы күрес туралы» заңның қабылдануына байланысты енгізілген болатын. Сол сияқты 1993 ж. 25 қазанында Германия бундестагы «Ауыр қылмыстық əрекеттердің алынған табыстарды анықтау туралы» заң қабылдады, оның мақсаты, бір жағынан, 1991 ж. 10 маусымындағы Еуропа Кеңесі Директивасын жүзеге асыру болса, тағы бір мақсаты қылмыстық табыстарды заңдастыруға байланысты қылмыстық əрекеттер айғақтарын анықтаудың бірқатар процессуалдық мəселелерін айқындау болды.

Қарастырылып отырған қылмыстар үшін жауаптылық Германия Қылмыстық кодексінің 261- бабында көзделген («Ақшаны заңдастыру»). Бұл бап ережелері материалдық-құқықтық тұрғысынан БҰҰ Вена Конвенциясы мен Еуропа Кеңесі Конвенциясындағы қылмыстық табыстарды заңдастыру анықтамасын толық дерлік қайталайды. Алайда қылмыс құрамының объективтік белгілерін (легализациялау əрекеттерін) сипаттағанда герман заңнамашысы БҰҰ Конвенциясының ережелерін пайдаланған болса, кінə нысанын анықтауға қатысты мəселеде Еуропа Конвенциясында ұсынылған жолды ұстанады.

ГФР Қылмыстық кодексінің аталған нормасының 5-ші бөлімінде оның 1-ші жəне 2-ші бөлімдеріндегі қылмыс құрамының субъективтік жағын менмендікпен жасалатындығы пайымдалады. Нақты осы қылмыс құрамының субъективтік жағының белгісі ретінде кінəнің абайсыздық нысаны туралы норма экономикалық қызмет саласындағы «мүліктік деликттер» деп аталатын əрекеттерге қатысты абайсыздықты криминализациялауда жол бермеуге тырысуды ұстанатын кінəнің германдық теориясының дəстүрлі ережелеріне қайшы келеді. Мұның бəрі кəсіпкерлік қызмет бостандығына нұқсан    келтірмеу    үшін    пайымдалған.    Сонымен    бірге    қылмыстық    табыстарды   абайсызда заңдастыру» үшін жауаптылықтың орнатылуы əлемдік заңнамалық тəжірибеде орын алған сирек құбылыстардың бірі екендігін атап өту керек.

ГФР Қылмыстық кодексінің 261-бабының 1-ші бөлімінде артынан легализациялануға жататын табыстардың алынуының көзі болған қылмыстық жазаланатын əрекеттердің тізімі берілген. Есірткі заттарының заңсыз айналымы саласындағы əр алуан қылмыстық құқықбұзушылықтармен қатар мұнда герман құқығында қылмыс деп аталатын əрекеттердің барлығы орын алған. Жалпы алғанда есірткі саудасынан, əр алуан алаяқтықтан, сыбайлас жемқорлықтан, бөтеннің мүлкін иемденіп алу мен ысырап етуден, қорқытып алудан жəне басқа да ауыр қылмыстардан алынған табыстарды легализациялау қылмыстық жазаланатын іс екендігінде күмəн жоқ. Қылмыстық табыстарды заңдастырудың қылмыстық жазаланушылығын осылайша кең талқылау батыс елдерінде кездесетін сирек жағдай.

Шетелдік қылмыстық капиталдардың легализациялануына қарсы күрес тиімділігін арттыру мақсатында ГФР Қылмыстық кодексінің 261-бабының 8-бөлімінде ГФР аумағынан тыс орын алған криминалдық əрекеттерден алынған табыстарды заңдастыру, егер осы табыстар алынған ел заңнамасы да оны қылмысты деп танитын болса, криминализацияланады.

Қылмыстық табыстарды легализациялауға қарсы күрес саласындағы қазіргі заманғы герман заңнамасын талдай келе, оның жүйелілігін, ішкі өзара байланыстылығын жəне логикалы ұйқастығын атауға болады.

Швейцарияға саяси тұрақтылық жəне бүкіл əлемге танымал банктерінің көрсететін қаржылық қызметтерінің спектрі, сол сияқты олардың сенімділігі жəне клиенттерімен қарым-қатынастарындағы ішкі мемлекеттік заңнамада кепілдендірілген конфиденциалдылық тəн. Мұның бəрі елдің экономикалық əл-ауқаттылығының артуына себепкер болғанымен, ел аумағында шет мемлекеттерден аударылған криминалдық капиталдың ағымының етек алуына барынша қолайлы жағдайлар жасады. Сондықтан Швейцария мемлекетінен қылмыстық табыстарды легализациялауға қарсы күрес туралы кешенді заңнама қабылдап, оның маңызды құраушысы ретінде сəйкес əрекеттерге қылмыстық- құқықтық тыйым салуды талап етті.

1990 жылы Швейцария өз қылмыстық заңнамасына қаржылық құқық бұзушылықтар бойынша елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізген болатын. Атап айтсақ, Швейцария Қылмыстық кодексінің 17 тарауына 1990 ж. 1 шілдесінде заңды күшіне енген 305-бис бабы енгізілді. Онда шығу тегі қылмыстық болған мүліктік құндылықтарды заңдастыру криминализацияланған.

305-бис бабында Швейцарияға легализацияланатын табыстың əкелінуіне себепші болған негізгі (предикаттық) қылмыс ретінде шетелде жасалған қылмыс (тек есірткі заттарының заңсыз айналымы ғана емес), егер ол жасалу елінде де қылмыс деп танылатын болса, танылады делінген.

Мұнда кінəнің швейцариялық теориясының қарастырылып отырған қылмыс құрамының субъективтік жағына қатысты концепциясына назар аудару қажет. Атап айтсақ, 305-бис бабы бойынша қылмыс құрамының субъективтік жағы қасақаналықпен сипатталады. Оның тура не жанама болатындығы заң бойынша маңызды емес. Бастапқысында Швейцария қылмыстық құқығында легализациялауда жанама қасақаналылықтың танылуы (қылмыстың жасалуына саналы түрде жол беру) заңнамашының кінəнің абайсыздықтағы нысанын осы қылмысқа қатысты криминализациялаудан бастартуынан туындаған болатын. Осылайша олар əлемдік қауымдастықпен əлдебір компромиске келген секілді болды. Дегенмен, артынша, швейцариялықтар да АҚШ қыспағымен қылмыстық капиталдардың легализациялануына абайсыздықта жол беруді де криминализациялады.

Нəтижесінде 1992 ж. Швейцария қылмыстық заңына 305-тер бабы енгізілді, ол өз қызмет бабын атқару барысында қылмыстық табыстардың легализациялануына абайсызда жол берген əрекеттерді қылмыс қатарына жатқызды.

Аталған абайсыздағы қылмыс субъектісі ретінде банк жəне басқа да қаржы институттарының қызметкерлерімен қатар сенімді уəкілдер, капитал салымдары бойынша кеңесшілер, қаржылық басқарушылар, валюта айырбастаумен, бағалы металдарды сатумен  айналысатын адамдар, адвокаттар танылады.

Бұл нормада кəсіби мəмлелердің заты болатын мүліктік құндылықтардың алдын ала қылмыстық шығу тегі жайлы айтылмайтынын ескеру керек, мұнда клиенттерді идентификациялау міндеттерін тиісінше орындамау, оған жол беру туралы айтылады, мұндай абайсыздық нақты қылмыстың жасалуына жол беретіндігі немесе бермейтіндігі маңызды емес.

Алайда Қылмыстық кодекстің 305-тер бабында клиентті идентификацияламау үшін ғана жауаптылық орнатылған, егер клиент жеткілікті түрде идентификацияланған болса, ал уəкілетті тұлғалардың артынша орын алған абайсыздықтағы əрекеттері криминалды мүліктік құндылықтардың легализациялануына əкеп соғатын болса, онда бұл тұлғалар қылмыстық табыстарды абайсызда легализациялау үшін қылмыстық жауапқа тартылмайды. Осынысы арқылы швейцариялық қылмыстық заңнама қарастырылып отырған қылмыс құрамының субъективтік кінəсіне қатысты бөлігінде герман заңнамасынан ерекшеленеді.

Аталған заңнамалық нұсқамалармен қоса Швейцарияда ішкі қаржылық бақылау саласындағы іс- шараларды унификациялауға байланысты көптеген банкаралық келісімдер əрекет етеді. Мысалы, 1991 ж. 18 желтоқсанында Швейцария конфедеративтік банктік комиссиясы Ақшаның заңдастырылуына қарсы күрес туралы Директива қабылдады. Бұл құжат шетелдердегі швейцариялық банктердің филиалдары мен компаниялардың еншілерін қоса ел аумағындағы барлық банктердің орындауына міндетті болып табылады. Бұл Директиваның нұсқаулары Ақшаны заңдастыруға қарсы күрес бойынша халықаралық комиссияның (ФАТФ) ұсыныстарына негізделе отырып, қабылданған. Мұнда банктердегі номерлік жəне анонимдік есеп-шоттардың иелерін анықтау бойынша,  мəмлелерді есепке алу жəне банктік мəліметтерді жүйелендіру туралы, сонымен қатар  несие-қаржы мекемелерінің қызметкерлерінің Швейцария жəне шетелдердің мемлекеттік құқық қорғау органдарына қажет ақпаратты беруі жайлы айтылған.

Австрияның банктік заңнамасы бірқанша ерекшеліктерімен көзге түседі. Ең алдымен Австрия — абсолюттік банктік құпияны əлі күнге дейін алмаған бүгінгі таңдағы Еуропа қауымдастығындағы бірден-бір ел. Бұл қағида 1988 ж. бастап конституциялық үлгіде бекітілген. Банктік құпияның бұзылуы қылмыс саналады. Тек қылмыстық сипаттағы қаржылық құқықбұзушылықтардың тергелуіне байланысты сот қаулысы шығарылғанда ғана құқық қорғау органдарына есеп-шоттар, клиенттер мен операциялар туралы мəліметтерді хабарлауға болады. Бүкіл басқа жағдайларда (салық органдарының, банктік бақылау органдарының, ревизияның жəне т.с.с. тергеулері) австриялық банктер фискалдық мекемелерге өздерінің клиенттерімен қатынастары туралы ақпараттарды таратуға міндетті емес.

Екіншіден, Австрияда XIX ғасырдан бері анонимдік жəне номерлік банктік есеп-шот жүйесі əрекет етіп келеді. Мұндай есеп-шот ашылып, ол бойынша операциялар жүргізілгенде банк клиентін ешқандай формада идентификацияламайды. Банктік мекемедегі арнайы номерлік есеп-шот арқылы анонимді түрде бағалы қағаздармен сауда жасауға болады, акция пакетін анонимді басқару үшін кодталған қаржылы депозит ашуға болады. Австрия парламенті мен қоғамында көптеген жылдар бойында орын алып келетін шиеленіскен дауларға жəне банктік қызметтің аталған қағидаттарына шектеулер қоюға сансыз талпыныстардың орын алғанына қарамастан, бұл салада əлі күнге дейін айтарлықтай өзгерістер болған емес.

Əйтсе де Австрия 1989 ж. БҰҰ Вена Конвенциясына (1988) қосылды, 1991 ж. Еуропа Конвенциясына (1990) қол қойды, Ақшаны заңдастыруға қарсы күрес бойынша халықаралық комиссияның (ФАТФ) ұсыныстарын дайындауға белсене қатысады [4].

1993 ж. Австрия Қылмыстық кодексіне §§ 165 жəне 165а параграфтары енгізіліп, қылмыстық жолмен алынған мүліктік құндылықтарды легализациялау үшін қылмыстық жауаптылық орнатылды.

165 параграфта көзделген қылмыс құрамының анықтамасы ГФР Қылмыстық кодексінің 261- бабы 1- жəне 2-бөлімдеріндегі белгілерге толық дерлік ұқсас келеді. Мұнда қарастырылып отырған қылмыс түрлеріне қарсы күрес саласындағы бүкіл белгілі халықаралық конвенциялардың ұсыныстары ескеріліп, австриялық қылмыстық-құқықтық нормада орын алған. Осы параграфтың төртінші бөлімінде легализацияланатын мүліктің алынуының көзі болған «қылмыс» түсінігіне басқа көптеген елдердің қылмыстық заңнамаларына қарағанда неғұрлым толық сипаттама берілген: «Егер мүлікті қылмыскер осы əрекетті жасау нəтижесінде немесе оны жасау барысында алған болса, сол сияқты бастапқыда қылмыстық əрекеттерден алынған барша мүліктік құндылықтардың құны мүлік затында заттандырылған болса, мүлік заты қылмыстық əрекеттен алынған деп саналады». Демек, криминалды мүліктің материалдық өңделуі мен құқықтық титулының өзгеру санына қарамастан, оның заңдық шығу тегі, шығу тегінің қылмыстылығы өзгермейді [5].

Қасақаналық (тура немесе эвентуалдық) қылмыс құрамының субъективтік жағы бойынша əрекеттің қылмыстылығының бірден-бір алғы шарты болып табылады.

Егер герман жəне швейцариялық қылмыстық заңнамада аталған қылмыс түрі сот төрелігіне қарсы  қылмыстар  қатарында  қарастырылған  болса,  австриялық  қылмыстық  заңда  бұл        əрекет «жасырушы» қылмыс құрамдарының қатарында қарастырылады.

1993 жылы банктік операцияларды есепке алу бойынша негізгі талаптарды орнатқан, банктердің идентификациялау міндеттемелерін жүйеге келтірілген тізімін бекіткен, сол сияқты қаржы институттары мен құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің өзара ынтымақтастық қағидаттарын анықтаған «Қаржы нарығы туралы» заң қабылданған болатын.

Австриялық антилегализациялық заңнаманы қарастырғанда бұл саладағы халықаралық міндеттемелердің орындалуы мен ішкі құқықтық реттеудің тиімді механизмдерін құрудағы аталған қиыншылықтар күрделі экономикалық себептерге ие екендігін ескеру керек. Ел халқының əл- ауқатының өсуі, экономика мен тұтыну нарқының жоғары деңгейде дамуы Батыстан да, Шығыстан да келген ірі ақшалай капитал салымдарының арқасында болып отыр. Австриялық банктік құпияның жəне қаржы операцияларының құпиялылығының (конфиденциалдылығы) бұлжымас  қағидаттары елге инвестициялардың келуінің басты шарттарының бірі болып табылады. Сондықтан Австрия экономикасының банктік, қаржы секторындағы құқықтық өзгерістер үрдісі Еуропаның  басқа елдеріне қарағанда анағұрлым баяу жүріп келеді.

Америка Құрама Штаттары криминалды қаражаттардың заңдастырылуына қарсы күрестің көпжылдық тəжірибесінің жинақталуының негізінде қарастырылып отырған проблематика  бойынша неғұрлым мазмұндалған жəне барынша кеңінен жүйелендірілген заңнама қалыптасқан мемлекет болып табылады. Мұндағы заңнамалық жүйе федералды деңгейде де, штаттық деңгейде де əрдайым жаңа нормативтік акттермен толықтырылып келеді.

АҚШ-тағы антилегализациялық заңнамалық іс-шаралардың бастапқысы 1970 жылы «Банктік құпия туралы» Заңның қабылдануынан бастау алады. Бұл Заң талаптарына сəйкес қаржы мекемелері (оларға банктер, маклерлер, бағалы қағаз сатушылар, чекті кассирлер, телеграфтық компаниялар, жалпы жылдық табысы біл миллион доллардан асатын казинолар, пошталық қызмет жəне кейбір басқа да ұйымдар жатқызылды) қылмыстық, салықтық тергеулерде, сот үрдісінде жиі қолданылатын есеп құжаттарын (есеп-шоттар, қол үлгілерін, бухгалтерлік есеп карточкаларын жəне т.с.с.) кемінде бес жыл бойында сақтауға міндеттеме алды.

Қылмыстық    табыстардың   заңдастырылуына   қарсы   күрес   жүргізетін   бірқатар     нормалар «Есірткіні   теріс   пайдаланудың   алдын   алу   жəне   бақылау   туралы»   жалпы   заңда   (1970) жəне «Қорқытып алушы жəне сыбайлас жемқор ұйымдар туралы» заңда (1970) орын алған. Аталған заңдардың соңғысы АҚШ-тағы ұйымдасқан қылмыстылыққа қарсы күрестің негізгі қағидаларын анықтаған деп саналады.

RICO актісінің негізгі мақсаттарының бірі болып қылмысты жолмен алынған мүліктік құндылықтардың легальді экономикаға қандай болмасын нысанда енуінің алдын алу табылады. Осы Акт негізінде федералдық заңнамада қылмыс деп саналатын жəне кейбір жеке штаттардың ғана заңнамасына сəйкес қылмыс деп саналатын əрекеттердің бірсыпырасынан алынған табыстардың легальды айналымға инфильтрациялануына тыйым салынды.

Шығу тегі заңсыз болған ақша қаражаттарының легализациялануына қарсы күрес туралы көптеген белсенді іс-шаралар федералдық деңгейде, көріп отырғанымыздай, 1970 жылдан бастап қабылданғанымен, қылмыстық табыстарды заңдастыру бойынша қоғамдық қауіпті əрекеттің өзі нақты қылмыс ретінде 1986 жылы «Ақшаның заңдастырылуын бақылау туралы акттің» қабылдануына байланысты анықталған болатын. Ол сол жылы қабылданған «Есірткі саласындағы теріс пайдалану туралы» заңда орын алды. 1988 жылы бұл заң, сондай-ақ қылмыс құрамының анықтамасы (криминалды ақшаның легализациялануы) «Есірткі саласындағы теріс пайдалану туралы» екінші заңмен толықтырылды.

Аталған заңнамалық акттерге сəйкес қылмыстық заңдастыру ретінде екі қылмыстық əрекеттер танылады: несие-ақша құжаттарын легализациялау жəне нақты анықталған  заңсыз қызметтен алынған меншікке қатысты ақшалай операциялар жасау.

Бірінші нормада қаржы операцияларын рəсімдеу арқылы не болмаса несие-ақша құжаттарын тасымалдау, жіберу немесе аудару арқылы ақшаны заңдастыру үшін жауаптылық орнатылады. Қаржылық операциялар жасаудағы жауаптылық орын алу үшін тұлға ондағы мүліктің заңсыз жолмен алынғаны туралы хабардар болуы керек, бірақ оған қарамастан, ол осы құқық бұзушылықтың əрі қарай жалғасуын көздей отырып, операцияны жасайды, не болмаса операция табыстың алыну сипатын, орналасқан жерін, алыну көзін жасыру немесе табыс туралы есеп беру талабын орындамау мақсатында жасалғалы отырғанын біле тұра, оны жасайды. Несие-ақша құжаттарын тасымалдау, жіберу немесе аудару арқылы ақшаны заңдастыру үшін жауаптылық та осы тектес жағдайларда орын алады.

Екінші құқықбұзушылық субъектісі ретінде жалпы құны 10000 доллардан асатын сомадағы нақты анықталған заңсыз қызметтен алынған меншікке қатысты қаржы мекемесімен əдейі біле тұра ақша операциясын жасайтын тұлға танылады.

Американдық заңнама бойынша заңсыз қызмет деп есірткінің заңсыз айналымына, жалған ақша жасауға, контрабандаға, банктік жəне биржалық алаяқтық операцияларға, тонауға, ұрлауға, шпионажға, сыбайлас жемқорлыққа, қорқытып алушылыққа жəне т.с.с. байланысты қылмыстар танылады.

Мұнда назар аударатын жағдай, егер негізгі алғы шарттар орын алатын болса, яғни табыстың алынуының қылмыстылығы жəне қасақаналық кінəнің анықталуы орын алса,  идентификациялау жəне декларациялау міндетінен жалтарудың өзі де қылмыстық жауаптылықты пайда етеді. Сондай-ақ криминалды ақшаның ірі сомасын бір қаржы мекемесінің ішінде біршама кішігірім бөліктерге бір-ақ рет бөлудің өзі легализаторлар ниетінің дəлелдену-дəлелденбеуіне жəне нақты қылмыстық мақсатқа қол жеткізудің орын алғанына қарамастан, қылмыс құрамының орын алуына негіз болады.

АҚШ Қаржы министрлігінің нұсқамасы бойынша егер клиент шығу тегін куəландыратын жеткілікті құжаттар көрсете алмаса, онда қаржы жəне банк мекемелері 3000 доллардан асатын  ешбір мəмле жасамауға құқылы. Сонымен бірге қаржы институттары өз клиенттерінің жасап жатқан күдікті операциялары туралы құзырлы органдарға дер кезінде хабарлауға тиіс.

 

 

Əдебиеттер тізімі

 

  1. Никулина В.А. Отмывание «грязных» денег: уголовно-правовая характеристика и проблемы соучастия. — М.: Инфо, 2001. — С.3
  2. Панов В.П. Международное уголовное право. — М.: Наука,1997. — С.258
  3. Mitchell, Taylor on confiscation and the proceeds of crime. — London,
  4. Criminal Justice Act 1993 // The Public General Acts and General Synod Measures 1993. — Part II. — London: Her Majesty’s Stationary Office, 1994. — Р.
  5. Радзевановская Ю.В. Легализация (отмывание) денежных средств или иного имущества, приобретенных преступным путем (уголовно-правовая и криминологическая характеристика): Дис. ... канд. юрид. наук. — Уфа, 2005. — С. 88–90.

 

 

Разделы знаний

Биология

Биология бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  ғылыми және тәжірибелі биология бойынша көптеген мақалалар мен баяндамаларды таба аласыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында қазіргі билогияның негіздері, тарихы,  зерттеу бағыттары мен ғылыми зерттеулердің нәтжелері және биология ғылымының басқа да бөлімдері жайлы толық анықтама береді.

Медицина

Совокупность наук о болезнях, их лечении и предупреждении.

Педагогика

Бұл бөлімде сіздер педагогика пәні бойынша көптеген тақырыптарға арналған мақалалар мен баяндамаларды таба аласыз. Бұл мақалалар сіздерге түрлі педагогика жайлы ғылыми жұмыстарды жазуға бағыт-бағдар бере отырып, жаңа ғылыми ашылымдар мен тәжірибелік зерттеулердің нәтижелерін танып-білуге көмектеседі.

Психология

Психология бөлімінде психология пәні, міндеттері мен мақсаттары, психикалық құбылыстардың пайда болу заңдылықтары, психология бөлімінің тармақтары, психология ғылымының пайда болу тарихы, қалыптасуы және психологияның басқа да тақырыбындағы қызықты мақалаларды таба аласыздар. 

Социология

 Бұл бөлімде социология немесе әлеуметтану ғылымы жайлы, қоғамның қалыптасуы, жұмыс істеуі және даму заңдылықтары туралы мақалалар қарастырылған. 

Тарих

Бұл бөлімде сіздер тарих ғылымының түрлі тақырыбына жазылған көптеген ғылыми мақалаларды таба аласыздар. Бұл мақалалар сіздерге рефераттар мен баяндамаларды жазуға көмектеседі.

Техникалық ғылымдар

Мұнда келесідей ғылыми мақалалар жарияланады: физика-математикалық , химиялық, гелогия-минерология, техникалық және гуманитарлық ғылымдардың өзекті  мәселелері, ғылыми конференциялардың, семинарлардың материалдары, ғылыми-техникалық комиссияның қағидалары, техникалық білімнің мәселелері.

Филология

 Бұл бөлімде филология пәні жайлы, филологияның түрлі тақырыбына жазылған мақалалардың жиынтығы қарастырылған. 

Философия

Қазақстанның ғылыми журналдарында жарияланған  философия пәні бойынша ғылыми мақалалар. Бұл бөлімде қоғам тану жайлы көзқарастар, сонымен қатар қазақ халқының ұлы тұлғаларының философиялық көзқарастары келтірілген.

Халықаралық қатынастар

Халықаралық  қатынастар  бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында халықаралық қатынастарды дамытудың жолдары мен оларды дамытудағы негізгі алғышарттарды қарастырады. Халықаралық экономикалық қатынастардың мемлекетті дамытудағы ролі мен маңызын ашып көрсетеді.  Мұнда сіздер халықаралық қатынастар, сыртқы экономикалық саясат тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Экология

Экология

Экономика

Экономика бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну үрдісі кезінде адамдар арасында пайда болатын өндірістік қатынастарды дамытудың жолдарын қарастырады.  Мұнда сіздер экономика, экономикалық теория тақырыбы бойынша көптеген материалдарды таба аласыздар.  

Құқық

Құқық бөлімінде сіздер Қазақстанның ғылыми журналдары мен жиынтықтарында жарияланған, мақалалар мен баяндамаларды табасыздар.  Авторлар өздерінің жұмыстарында құқық туралы жалпы түсінікті ашады, құқықтық қоғамның қалыптасып дамуы жайлы және оның маңызын қарастырады. Мұнда сіздер құқық пәні тақырыбында жазылған көптеген материалдарды таба аласыздар.